Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 32 страница



– Бірақ ол әкемнің аты емес пе еді. Тәргіге ұшыраған соң, мемлекет қарамағына өткен. Ендеше, ешкімнің меншігі емес екенін заң иесі өзіңіз білетін де шығарсыз.

– Білетіндіктен де айтып отырмын. Демек, жоғары жақтан келген өкілдер мінетін мініскер көлік деген сөз.

– Рас-ау, – деп күлді Оспан. – Өкіл екеніңізді куаттайтын кепілдеме қағаз сұрауға батпай отырмыз... Жорта айтамын, Ереке, көңіліңізге ауыр алып қалмаңыз, сізге сенбегенде, бозжорғаны сіз мінбегенде Абылайдың асына сақтаймыз ба? Таңертең құйысқан-өмілдірігін сайлап, өз қолыммен мықтап тұрып ерттеп беремін.

– Е, бәсе, сондай да мәрттігің бар еді-ау. – Еркін риза болып қалды және Оспан жүрген маңайдан тезірек аттанып кету керектігін бағамдаған. Шай құйып отырған Гүлия ағасына жалтақ-жалтақ қараумен болды. Әңгімеге әлі де араласа қойғаң жоқ, көп жыл көрмеген жалғыз ағасын сағынып қалғандай еді. Бірақ Еркін соншалық суық көрінді. Алғашқы есендіктен соң, тіпті қарындасы жаққа кісі отыр-ау деп бұрылып та қарамады. Үнемі жалғыз жортып, саяқ болып кеткен шығарға жорыды. Анау төрде көзілдірігін бір алып, бір киіп отырған ағасын әлдекімге өте ұқсатты. Арықтау болғанымен жақ сүйегі, жанары, үлкен көзі, конқақтау мұрыны, әсіресе оқта-текте түйіле ойланып, бір нүктеге қадалып қалар қылығы өте жақын адамды елестетер еді. Ол кім? Есінде жоқ, бірақ дәл осы төрден көрген кісісі...


– Дәу шалдың бір ұлы мұнда қалғанымен бір ұлы іздеп...

– деп оспақтаған Оспан сөзінің ақырын бітіртпеген Еркін ақырып қалды:

– Жә жетті! Оспан, Оспан дегенге одыраңдай берме!

Дархан ешнәрсеге түсінген жоқ. Ал Гүлия «Құдай-ау, – деп ойлады. – Мынау дауысты да естігем. Осы үйден естігем».

– Ереке, менің айтқым келгені Дарханның әкесінің келгенін менен босқа жасырғаны, қай қазақ әкесі Қытай түгіл Жапоннан іздеп келсе де кет деп қуушы еді, бекер жасырған.

– Ендігі жылы келгенде ең әуелі сенің үйіңе ертіп апарамын,

– деді Дархан байсалды қалпын бұзбастан.

– Дәу шалдан бәрін күтуге болады. Келемін десе, екі араға темір тор құрып тастасаң да өтіп келе береді. – Оспанның бұл сөзін ешкім қоштай қойған жоқ, арада аз ғана тыныштық орнаған соң Еркін қозғала бастады.

– Ал, Гүлия, қош бол, қалқам, қайтейін... қара ала сырмақтың үстіне торғын көрпе төсеп, сары ала тегенеден қымыз сапырып отыратын-ақ адам едің, басқа түссе баспақшыл деген... Дархан, сен де сау бол, көріскенге жазсын.

– Ағатай-ау, түн ортасында қайда барасыз, қонбайсыз ба? От алғалы келгендей мұныңыз не? – деп лықсып келген өксігін ақтарып салды.

– Жағдайларыңды көріп отырмын, айналайын. Аядай үй, сендерді әурелеп қайтейін. Дәм бұйырса талай-талай келерміз, талай-талай қонармыз. Бүгін Осекеңдікіне барып жата кетейін. Ол жалғыз ғой. Оның үстіне қазір Осекең иемденген бөлме бір кезде өзімнің иісің сіңген үй еді. Шалдың қара шаңырағына түнеп шығуды ырымдап отырмын. Қайтыс болғанда бірде- біреуіміз жанында бола алмадық. Бір баласынан да бір күрек топырақ бұйырмай, айдаладағы төбенің басында қалғаны сол, елеусіз. Қайран әкем, алты алашты аузыңа қараткан адам едің, бұлай боларын білдің бе... – Еркіннің даусы дірілдеп, толқып шыққан сөзі Гүлияның сай-сүйегін сырқыратты, қарақат көзінен бұршақтап жас сорғалады.

– Рұқсатыңды бер, Гүлияжан, ағаңның бір келері бұл емес қой, қара шаңырағына түнеп шықсын. Мен де тартып алғам жоқ үйді, үкіметтікі, ертең менің орныма басқа начальник келсе сол иемденеді, – деп Оспан көшелілік көрсетті. Еркін шығарда:


– Бақытың ашылсын, Дархан жаман жігіт емес, – деп маң- дайынан сүйіп қоштасты.

– Тарбағатай жағына барар болсаңыз, Дүрияға соға кетіңіз, аға, – деді көзінің жасын сүртіп. – Ол да құса болып жүр ғой.

– Жолда обязательно бұрыламын.

– Ауыл Совет болғалы ол күйеу балаңыздың тасы өрге домалан тұр, Ереке, – деп есік аша берді Оспан. Қонақтармен қоса еріп шыққан Дарханға Еркін айтты:

– Сен үйге қайта бер, Гүлия елегізер. Осекең екеуміз таза ауа жұтып, аяңдап өзіміз барармыз. Жұмысыңа мықты бол, болашағың алда, заман сендердікі. Таңертең Осекеңнен қара қобди беріп жіберемін, онша ауыр да емес өзі. Айнабұлаққа аман-есен жеткен соң Құсенов деген жігітке табыс етерсің. Оны тануың да, табуың да оп-оңай. Қолында тура менікі секілді таяғы және тура менікі секілді көзілдірігі бар ұзын бойлы арық жігіт. Алматыдан келер бір мықтының көмекшісі, сондықтан президиум жақта жүреді. Аты-жөнін сұрап, танысқан соң табыс етерсің, хат жазып ескерткенмін. Сені сырттай жақсы біледі. Қақпай-соқпай апар, ішінде Семейге келгенде құда түсіп қолқалаған ескі сағат, сынатын заттар бар. Қобдидың кілті өзінде. Осыдан бір ай бұрын біздің үйде қонақ болып еді, асығып жүріп чемоданын ұмытып кетіпті патшағар, – деп күлді.

– Айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, Ереке, ертең кешке осы тұстан Шардан шыққан «кукушка» атты екі-үш вагон тиеген паровоз өтеді, соған мініп барасыздар деген.

– Білемін, білемін. Ал енді көріскенше күн жақсы болсын. Сау бол, – деп жұп-жұмсақ қолын ұсынды. Алақаны әрі майда, әрі жып-жылы екен.

– Сау болыңыз, Ереке, қайтарда бұрылмай кетпеңіз.

– Обязательно соғып, хал-жағдайларыңды біле кетермін. Айнабұлақтан әкелген той сарқытын өздерің ғана жеп қой- маңдар.

– О, не дегеніңіз, Ереке... Беріп жатқан сый-сияпаты болса түтелдей сізге сақтап қоялық.

Аппақ болып нұр құйған ай сәулесінің астында қараңдап ұзай берген екеудің артынан ұзақ қарап қалған Дархан ойлады:

«Заман қойсын ба, Еркін мырза түзелген екен. Аюға намаз үйреткен таяқ деген сол...»


Үйден былайырақ ұзаған соң «әлі ертерек, бой жазып қырға шығып қайтайық» деген Еркіннің өтініші бойынша Кеңгірдің мазары тұрған төбені бетке алып аяңдап еді. Оспанның сезіктеніп келе жатқаны: темір жол жөніндегі инспектордың өзін «Осеке» деп арқадан қаға, көпшік қоя аяқ астынан сыйлай қалған сыпайылығы-тын. Жердің үстін жамап, астын тыңдаған зәлімдігі іске аспады. «Неге Осеке дейді?» – Басын қатырып қаншама ойласа да жауабын таба алмады. Ауыл артта қалып, төбенің басына ілінгенше сөйлескен жоқ. Сықсима шамдары жылтырап, Құланды етекте қалды қарауытып. Көктемнің аздаған желі бар екен. Баяғыда Ақжайлауда осындай төбенің басында, дәл осындай желге қарсы қарап тұрып еді екеуі. Ол шақта Оспан Еркін мырзаның көлеңкесі сынды, артық бір сөз айтуға жасқанатын кішкентай кісі. Ал бұл биік, қолжетпес шынардай шоқтықты көрінген. Қазір тепе-тең, қайта мырзаның өзі мұның алдында бүгежектеп, көкейіндегі бұйымтайын айтуға батпай күмілжіп тұр-ау. Заман деген сол, алды қайсы, арты қайсы аңғара алмайсың.

– Осеке, – деді бір уақытта Еркін. – Мен сені Кеңгір баба- мыздың басына неге ертіп шыққанымды білесің бе?

– Дәл осы жолы қара басып біле алмай тұрғаным...

– Сенбеймін, бәрібір ішің сезеді.

– Құдайға хақ, Ереке, білмедім.

– Онда сен де қартаяйын деген екенсің, жүрісіңнен жаңыл- айын деген екенсің...

– Енді... жас болса қырыққа таяп қалды, көріпкелдігім де көмірлене бастаған шығар.

– Тоқ етері мынау: сенен жасырар сыр жоқ. Әкемнің тыққан аздаған байлығы болушы еді, конфискациялау кезінде көзіңе түспеді ме?

– Алла сақтасын, Ереке. Біз малдан басқа ешнәрсені тізім- деген жоқпыз, оның өзін де түтел емес, жартысынан айрылып қалғанбыз. Жартысын арғы бетке өз ақылыңыз бойынша Дәу шал айдап кеткен.

– Оны өзім де білемін. Маған керегі мал емес, әкемнің саф алтыннан құйған қой сөлкебайы, тай тұяқ күмістері, жылдар бойы малын базарға өткізіп жинаған асыл тастары.

– Көрсем көзім шықсын, Ереке. Итке темір не керек деп мен неғылайын. Атам қазақ «алтын-күміс – тас екен, арпа-бидай


– ас екен» деп тегін айтпаған. Мың жерден алтындаса да сіздің әкеңіз ағызып жіберген оң көзім орнына келер ме.

– Мақал-мәтеліңді басқа жерде айтарсың, әкемнің мал- мүлкін талаған сен. Демек, өзің алмасаң да алған адамды көрдің, конфискациялау актысымен таныстым, ол тізімге кірмеген. Сонда қайда? Жерден шұнай, көктен Құдай алып кетті ме! – Еркін айғайлап жіберді.

– Ереке, ақырмаңыз, соқыр болсам да саңырау емеспін.

Диірменнің ішінде туған тышқан дүрсілден қорықпайды...

– Иненің көзінен өтетін қу, қозысын бір тәулікте қой қылатын мына сенің білмеуің мүмкін емес.

– Ереке, қызықсыздар осы... сиырларыңыздың бұзауы теріс келсе де менен көресіздер ме? Қарадай күйдіреді ғой, тіпті.

– Быж-тыж болды.

– Осыдан өтірік айтсаң аспанға ұшып кетсең де аяғыңнан тартып түсіріп аламын; ойлан, іздестір, бір ай уақыт берем.

– Мен немене, өк деп айдар өгіз, шөгеріп байлар түйе дейсіз бе?! Іздесеңіз – өзіңіз іздеңіз, менің шатағым қанша. Алтынды іздеуден өзге де жұмысым басымнан асады.

– Өйтіп түлкі бұлаңға салма, – деді Еркін тістеніп. – Жалғыз- ақ оқ жетеді. – Жұқалаң қара пальтосының қойнына қолын тығып пистолетін суырып алғанда, ай сәулесімен шағылысып жалт-жұлт ете қалды. Оспан өзіне оқталған тапаншаға назар да аударған жоқ, ішек-сілесі қатып, біреу қытықтағандай күлді-ай дерсің.

– Ойбай, Ерекем-ай... заң-зәкүннің ұңғыл-шұңғылына дейін жаттап өстіңіз, істеп тұрғаныңыз – балалық. Ойыншықты сұп-суық қылып қойыныңызға тығып жүргеніңіз не? Ондай тарсылдақтың үшеу-төртеуі жатыр біздің үйде, керек болса алыңыз, қазір оның заманы емес. Сіздің нағыз кім екеніңізді тек мен білемін. Қазір мені екі себептен ата алмас едіңіз, шындығына келгенде үш себептен... Біріншіден, ызым-қайым жоқ болған әкеңіз Омардың артында қалған байлығынан толық дерек керек, екіншіден, табанда атып тастап, арғы бетке жаяу қашасыз ба, бозжорғаның қайда екенін де білмейсіз. Осы ауылдан алты адым ұзатпай-ақ ұстай алады, оны өзіңіз де жақсы білесіз; үшіншіден, анау қолыңыздағы тапаншаңыздың оғын бағана пальтоңызды шешіп, іліп жүрген кезде-ақ алып тастағанмын, керек болса міне, – деп қалтасынан тапаншаның


бір уыс оғын көрсетті. – Қалай ғана адвокат болып, өзгенің дауына араласып келгенсіз, қайранмын, өзіңізді қорғайтын қауқар жоқ... Омар оқымаса да сізден гөрі ақылдырақ, жиған- тергенін тәргілеу комиссиясына «мә» деп түгелдей бере салды дейсіз бе?

Қолынан келер дәрмен жоқ, үндемей тындап тұра берді. Баяғыда... істі болған адамдарды алдына тұрғызып қойып, көзге шұқып, талай-талай пәлсафа соғып еді-ау. Иә, түйесі жоғал- мағанның бәрі ақылды.

– Арғы бетке өзімен бірге ала қашпағанына кім кепіл. Ал Омар өлерде оның жанында кім болып еді, кім жерлеп еді? Тергеуді осы сұрақтың жауабын іздеуден бастауыңыз керек. Біз немене, былғары киген жігіт екеуміз жанымызға екі-үш милиционерді ерттік те шапқылай бердік оңды-солды; не көр- дік – соны алдық, көрмей-білмей қалған дүниеміз қаншама? Сіз әкеңізге көп ұзамай бай-кулақтарды конфискациялайты- нын сонау Ақжайлауда отырғанда ескертіп, сақтандырып кеткенсіз, мені Семейге оқысын, адам болсын деп, ертіп кеткен жоқсыз әсте де. Екіқабат қатынның қандай бала туарын сипап білетін қу, дүниені бүлдірер деп алып кеттіңіз. Ал мен соны біле тұра курсты аяқтамай ерте оралдым. Сіз іздеген дүние, әрине, меніңдекөкейімдітескен,амалне,мағанда,сізгеде,тіптіОмекеңе де бұйырмады. Айдалада қаңғып жүрген жылқышының қор- жынында кетті қор болып. Қарындасыңыз Гүлияда көңілі бар еді, анау жылы арбаны қуып жетіп бетін тілген де сол.

– Ол итті қайдан табуға болады? – деді тықыршып.

– Тарбағатай жоталарында жүр.

– Осеке, – деді мінді дауыспен. – Артық кеттім, кешір. Менің орнымда болсаң сен де солай істер едің, мал ашуы – жан ашуы деген, бар сенгенім сол жылтырақ тастар, несіне жасырайын.

– Білемін, білемін, Ереке. Бірақ сізге деген жаулығым жоқ еді. Өзіңіз бір емес, екі емес мұқата беретін. Сіз де адасқан қазсыз ғой... Қытайды басып, Ауғанстан, Иран арқылы Түркияға жету үшін біраз қаражат керек... Мен сізді жау деп ұстап бермеймін, қайта ертең бозжорғаның ертоқымын сайлап берем, барыңыз. Жолыңыз болсын. Ескертерім, шекарадан өткенше бүгінгідей тапаншаңызды сумаңдатып, балалық жасап бүлдіріп алып жүрмеңіз; оқығаныңыз көп болғанымен, тоқығаныңыз осалдау екен. Қазіргі жұрт баяғы қойын құрттатып, айранын ұрттатып


отыра берер момындықты талақ еткен. Алдына тапанша емес, зеңбірек кұрып қойсаң да кірпігін қағып жасқанбайды, сол жасқанбауының арқасы ғой патшаның тағын тартып алып жүргені.

– Мен саған сенбесем іздеп келер ме едім, Осеке. Сендей адам бұл жаққа да керек. Әттең, оқымай қор болдың... Университет бітіріп халқым, ұлтым деп арамтер болған біздерге көсем болуға жарар едің.

– Сүзеген сиырға мүйіз бере ме құдай, ал жатып демалайық. Ертеңертеаттануыңызкерекқой,Көкебайақсақалғасәлемайтың- ыз. Кәмпіске кезіндегі қылығымды кешсін, менде не жазық бар, тапсырманы орындадым.

Қиыршық тастарға аяғы тиіп, төмен қарай домалата аяңдаған екеудің көлеңкесін әлі көтерілмеген айдың сәулесі ұзартып, тура алдарына сұлата қимылдатып келеді. Ауылдан еріншектене ит үргендей еді, қарсы алдарынан Омар үйінің жұртында қалған Бөрібасар шықты арсалаңдай еркелеп. Еркіннің омырауына қарғыды.

– Халың қалай, Бөрібасар, – деп басынан сипап еді, нт қың- сылап одан әрі бұралаңдады-ай. – Құйрығыңды бұлғап тас- тауыңа қарағанда ахуалың онша жаман емес-ау. Саған кім сүйек тастайды – соның итісің.

Машахат түс көріп, ұйықтаңқырап қалған екен, Оспан түртіп оятты.

– Мырзам, тұрыңыз, Омекеңнің тоғыз қанат ақ ордасында жатқан жоқсыз, бұл кеңес өкіметінің конторы, – деп уытты ащы әзілін айтты.

Бет-аузынуқалаптысқашыққан,күнендіғанақызылиектеніп келеді екен. Бозжорға есік көзінде керіскедей болып байлаулы тұр. Оспанның уәдесінде тұрғанына қуанып қалды.

– Беті-қолымды шайып жіберсем деп едім, қатты ұйықтаған- дыкі ме, көзім домбығып қалыпты.

– Тарбағатайға барар жолда бұлақтан көп нәрсе жоқ, Ереке. Барар жеріңіз шалғайда, осыдан тіке тартсаңыз, жүз шақырымнан кем емес, ара қонып әрең жетесіз. Дүрияға бұрылмайтыныңызды білем, әйтсе де көксеп келе жатқан Көкебайдың қыстағына күн еңкейе жетіп жығыласыз. Жердің ыңғайын білесіз, соқпақ қуаламай-ақ сыпыра тау, сай-саланы сүзе төтелеп жүріңіз. Әлгі қаңғыбас Бати ұшырасып қалар. Ол


тірідей алдырмас. Атып жығып, дорбасын ақтарсаңыз, іздеген затыңызды табасыз, Ереке. Егер зәуімен таба алмасаңыз, қайта айналып келіп өтірік айтқаным үшін мені өлтіріңіз. – Еркіннің енді өмірбақида да артына қайрылмасын, өз қарабасын алып қашып бара жатқанын біле тұра әдейі айтты. Ұзақ жүріс боларын сезгендей, құлағын қайшылап тықырши бастаған бозжорғаны Еркіннің алдына көлденең тартты да «биссімілла, жолыңызды оңғара көрсін» деп қолтығынан демеп мінгізіп жіберді.

– Ауғанстанның мешітінен жолыға қалсам танымай жүрмеңіз, – деп әзіл тастады.

– Осеке, сені мүңкір-нәңкірде көрсем де бас салармын.

Ризамын. Ер екенсің, қош бол.

– Қош, Ереке, қош...

– Айтпақшы, чемоданды Дарханға табыс етуді ұмытпа,

– деп пысықтады.

– Сағаты сартылдаған пәледен өзім де тезірек құтылғым келіп тұр.

Екеуі де бірінің көзіне бірі тесіле қарап, іштей ұғысқан зәлімдікпен жымиды.

Құландыдан ұзап бертек-бертектің ішіне сіңген сайын жер күдірленіп атқа ауырлай берді. Бірақ, жерсуды баспайтын бозжорғаның бір көрген сергелдеңі, ертеден қара кеш жүрер жолы бұл емес, бұдан да зорын тұяқпен кешкен.

Таңғы салқынмен жолдың едәуірін еңсеріп тастап, сыпыра шиі мен сасыры ербиген сары-жасыл даланың етегі бүрмеле- ніп, ошырайған төбеге білек тастаған. Әр жоташықтың бауы- рында тал-қайыңы аралас өскен шілік ұшырасып, сары ала қаз бен қоңыр үйректері сымпылдап ұшып-қонып жүр. Биыл көктем ерте шыққан соң бұл жақтың құсы да ерте оралып еді. Тазыша басын сүлкитпей, қаздита ұстап жортақтаған боз- жорғаның жүрісіне көлденеңнен қараған адам ат емес, арғымақ- қа балары рас-ты. Еркіннің неше жылдан бері сандалбайға түсіп, сарсыған көңілі желдей есіп шалқып-ақ келеді. Астын- дағы шаппай желген бозжорғаның майда жүрісі елітті ме, әлде туған жерінің көктемгі таза ауасы масайтты ма, өз-өзінен желігіп делебесі қозып ыңылдан әнге басты. Әсіресе, түс ауа Ақжайлауға ілінгенде көзіне жас ала күрсініп, боздың басын тежей, аңырып, қалт тұрып қалып еді. Жайлау барын киіп


ұзатылатын қыздай жасана бастаған екен. Өңірі толған ерте бас жаратын қып-қызыл гүл, жолаушы қуана дауыстап жіберді.

– Ақжайлау, жерің жайсаң жайлағанда, Жас құлын аузын ашар байлағанда!

Аттан түсіп, сылдырай ағып жатқан бұлаққа беті-қолын жуды, сусынын қандыра сыңғыта ішті. Кішкентай суық тисе қолдырап қалар тамағының баспасы бар еді, оған пысқырып та қараған жоқ. Етпетінен жата қалып сылқылдата жұтты-ай. Жан- дүниесі сергіп, қырық жылға бір-ақ жасарып қалғандай, миды қашар ауыр ой, күні жетпей күйректенген көңілі, мәңгірткен сансыз сұрақтар жел айдаған қаңбақтай домалана қашты да, зілзаладай басқан салғырттық сағымға айналып кетті. Алдында балалығы, жастығы өткен жайлау, ырғала әндеткен әшекей гүлдер көз қытықтатып сарқылмас қуаныштан хабар таратқандай еді. «Қайран ата-бабаның жері-ай, сені енді қайтып көрер күн туар ма екен».

Ақжайлауды таңсық көргендей тамсана қарап, атқа қайта қонды. Бағана Оспан ескерткен сақтықты – Бати қаңғыбастың осы тұста паналап жүру қаупін мүлдем ұмытқан. Гүл мұхитын қақ жарып жүзе жөнелді; оқта-текте гүл сорған ара жолығып, мезгілсіз мейманды жақтырмағандай атының тұмсығына ұмтылады. Енді анау қырды асса алдынан Барлы өзені қарсылайды сылаңдап. Сол өзенді бойлап өрлей берсе Көкебай отырған қыстаққа салып ұрып тура қыржелкесінен дік ете қаласың.

Барлының бастау алар тұсына ілінгенде сонадайдан ер- беңдеген адам шалынды. Алғашында аңға балап ескермеп  еді, жақындай келе кісі екеніне көзі жетті. Жалғыз-ақ қауіп – жылқышы Бати болуы мүмкін. Сескеніп те қалған. Иен таудың басында алыса кетсе Батиды алып жығар күш жоқ мұнда; алыстан орағытып әбден байқастап, ойда-жоқта ұрынбаса болмас; тапаншасын оқтаңқырап ұстап бозталды айнала беріп алдынан шыға келді – жаяу адам сезген жоқ, мән беріп қарамады да. Бұл тіпті де Бати емес, көбелек қуып елбектеген атақты Көкебай ақсақал еді.

– Ассалаумағалейкүм, ата, – деп аттан түсіп сәлем берді. Шал сәлемді алған жоқ, әр гүлдің басына бір қонған әдемі көбелек- тің соңынан безектеп барады; бозжорғаны жаяу жетелеп Еркін де қалмай еріп келеді. Толайым Ертіс бойына есімі мәшһүр


болған бір кездегі он сегіз мың жылқылы бай Көкебайдың ес- ақылы азайып, алжыған шағында көрем деген Еркіннің үш ұйықтаса ойында жоқ еді; көбелек қуып еңкеңдеген Көкебай- дың өзін танығанды былай қойып, секеңдеп сәлемін алмаға- нына қайран қалды. Алақанат көбелек ұстатпайтын болған соң әбден жыны келіп, аһ ұрып отыра кетті. Бұдан соң Еркіннің жетегіндегі тықырлана өскен көк шөптің басын жұлып тұрған атқа күнсала ұзақ қарады да, көзі бағжаң ете қалды.

– Тәңірім, мынау Омардың бозжорғасы ғой, аттың тұлпары еді-ау. Сүліктей он сәйгүлікке айырбастамай қойып еді, қаш- қынға бұйырған екен. – Еркін селт ете қалды.

– Ата, мені таныған жоқсыз ба, Омардың ұлы Еркінмін ғой, сіздің үйден талай дәм татқанмын.

– Менің үйімнен кім дәм татпады – ит те, қасқыр да, қоян да, жылан да келіп ақ ішіп қайтқан. Ойбаң-ау, сен Омар екенсің-

ау, қара басқан деген сол. Байғұс, қор болып қалғанымыз осы. Кеудеміз асыл болғанмен артымыз жасық болды-ау...

Иә, қайдан жүрсің, шырағым. – Тарамысы білеуленген қолын тарбайта салалы саусақтары дірілдеп, қымыздық жұлып алды да аузына салып шайнай бастады; тісі жоқ қызыл иекке түсіп езілген жапырақтың жап-жасыл иілі бір жақ езуінен түйенің жынындай шұбатылып ағып еді, Еркін шыдай алмай теріс айналды. Шал өз-өзінен сөйлеп отыр.

– Ей, Омар, екеуміз не істемедік, – деді көзінің еті қанталап.

– Арыстан итпен жолдас бола берсе күндердің күнінде өзінің де итке айналғанын білмей қалады...

Еркін ауыс шалдың сөзіне мән бергенді қойды. Өзін жыға танымаса да бозжорғаны шырамытып, әкесі орнына балағанына шүкіршілік етті.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.