Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 25 страница



– Бар еді, – деп күрсінді Бати, – бар еді, алыста емес еді...

Оның ықыласы болмаған соң әуре болып керегі не?

– Қайдам әйтеуір, Оспан аға екеуіңіз үйленбеуге бәстескендей-ақ, салт жүрсіздер.

– Ол екеумізден айырма көре алмағаның-ау, Дүрия... Ол да рас шығар. Әрекетіміз, мінез-құлқымыз басқа болғанымен, созған қол, көздеген адамымыз бір екендіктен де ұқсатып келесің бе...

Гүлия селк ете түсті. «Кұдай-ау, мынау кісі қалай-қалай қиғаштайды». Өне бойы дірілдеп, қысты күні суға түсіп кеткендей, қалшылдаған суық қорқыныш биледі. Өз құлағына өзі сенбей, Батидың соңғы сөзін іштей пысықтады. «Созған қол, көздеген адамымыз біреу... Ұят-ай... Бұл кісі осыншалық жұмбақтап, толқып сөйлемеуші еді ғой. Бекер, барлығы жалған, жол қысқарту үшін айтыла салған сандырақ. Қазанның ішінен құрт шықты деген сол... сол. Сонда кімге сену керек?.. Ешкімге де, ешкімге де...» Оның көз алдына етегіне жабысып еңбектеп, жаман болса да әйтеуір өз жүрегі болған соң жайып салған Оспан елестеді. «Ешкімге де... ешкімге де...» – деп тез-тез қайталап, астындағы ілби аяңдаған атты шаужайлай тебініп, ана екеуінен оза берді.

«Бекер айттым, – деп ойлады Бати. – Байқамай білдіріп алдым, не деген сезімтал еді. Енді онымен осылай үнсіз қатар жүрудің өзі арманға айналар. Бірақ менің жазығым не?


Жазығым... егер шыдамды адамға сый-сияпат берер болса менен өткен бақытты жан табылмас та еді. Шыдамды адамнан сорлы жоғын енді білдім».

Қырыққа келгенше қатын алмай, тентіреп жүрген жылқышы жігіттің ой құрығын қайда тастағанын Дүрия да аңдады. Бірақ қазбалап, «ол кім» деп сұраған жоқ. Өзінен оза туған сіңлісінің артықша бақытын күндемеді де. Дегенмен, әйелдік қызғаныш жүрегін шабақтап, ішін тырналағандай-ды. Қызғаныш иті қыңсылап болмаған соң:

– Аға, әңгіме айтыңыз! – деді саңқ етіп. Даусы біртүрлі дөрекі шықты. Тіпті, қәперсіз аяңдай келе жатқан аттар да оқыс естілген үнге селк етіп, құлағын тігіп қалып еді.

– Айтайын, – деді Бати тығырықтан құтылғанына қуанып.

– Әлгінде Барлы өзенінің төмен ағысынан өтеміз дедім-ау бір сөзімде.

– Иә, айтқансыз! – деді Дүрия зіркілдеп.

– Ендеше сол өзеннің жоғарғы жағын – Биесимас, Балтақара деп атайды.

– Естігенмін.

– Естісең сол жақты әкең Омардың қандыбалақ бақталасы әрі қандыкөйлек кәрі досы – Көкебай жайлаған. Жарықтық он сегіз мың жылқы айдаған атақты бай еді. Бар малын ортаға салып, қыстағында тісінің суын сорып әлі күнге тірі отыр. Арғы бетке өткен жоқ, бергі бетке алжыған шалдың керегі не. Тоқсанға келген шағында жер аударып береке таппасын білді ме жаңа өкімет тиіспеді ғой. Тіпті, ептеп алжи бастапты. Былтыр кәмпіске кезінде осы кісіні Оспан тәргілепті.

– Ол соқырдың да жүрмейтін жері жоқ екен. – Дүрияның ойда-жоқта туған қыжылы әлі де басылмаған сыңайда. Әр сөзі түйеден түскендей, сызылу, сынықсудан ада, ұрысқақ естіліп келеді. Бати оған мән берген жоқ.

– Сол Оспан әкіреңдеп ат ойнатқанда: «Шіркін, Осағасы, ел боларыңды білсем, тұқымыңды баяғыда құртып жіберер едім, керуен кері кетерде ақсақ түйе көш бастайды, саған қараған ел оңбас, оңбас», – деп таяғына сүйеніп, ешбір қарсылықсыз тұра беріпті. Ал, Оспанды түп-тұқиянымен құртып жіберер күш Көкебайда бар еді-ау баяғыда... Атақты ақын Абаймен дәмдес болған ол шал кезінде бүкіл Семей дуанын аузына қаратқан ірі кісі деседі.


– Менің әкемнен де мықты болған ба?

– Иә, мықты болған, қалқам... Жас кезінде алысып алжың- қыраған шалды алып жығармын деп күш сынасып көрген. Оңайшылықпенен берілмейтінін білген соң Көкебайдың қолтығына өзі барып кіріп еді, жарықтық. Сол Көкебай... айдай әлемді аузына қаратқан шонжар енді әне... өзінің баласындай Омекеңді алдына салып, құзда қалған құзғындай тірі отыр мәлкілдеп.

– Құдай алмаған соң қайтеді енді.

– Оның рас, Дүрия. Атыңды айдай түс. Гүлия ұзап кетті ғой. Жол білмеуші еді...

Бұлар бастырмалата желіп қуып жеткенде Гүлия ат басын іркіп, енді бірте-бірте кейіндей қалды. Үзеңгі қағыстыра қатар жүргісі келмегені де. Оңаша жалғыз жүргіншілікті тілеп келе жатқанын ана екеуі де сезді ме, аялдамай оза берді. Гүлияда жалғыз-ақ ой бар: «Дархан тамақ ішпей ұйықтап қалды-ау».

– Баяғыда, – деді Бати қоңыр үнмен, – осы қаракерей елінде Қисық хан деген би өмір сүріпті. Ол өзі Орта жүздің ең соңғы ханы – қарадан шыққан хан, жақ жоқ шешен, алмастай өткір адам болыпты. Оның хан сайланған тарихы да қызық. Алдымыздағы Барлы өзенінің басында бір төбені жастанып ол да жатыр... Иә, бірді айтып, бірге кеттім-ау, сол Қисық хан жас көзінде Байыстан өрген он жеті болыс Мұрынсыбанның сөз ұстап, дау-шарға араласқан қарапайым биі ғана болыпты. Қалың қаракерейдің бір жігіті Арқа жақтағы арғыннан қыз алып қашып, соңынан түре қуған азаматтар қолға түсіріп, ұрып өлтіріпті. Содан екі рудан қырық бір би жиналып үлкен мәжіліс құрады. Оған Қисық та қатысқан екен. Үш күн айтысқан билер жігіттің құнын бес жүз жылқыға кескен екен. Осы төрелікке риза болып, бітімге келген билер өре түрегеле берген кезде бағанадан жақ ашпай отырған Қисық орнынан атып тұрады. Өзі де келбетті, қатар тұрған кісісінен басы озық көрінетін жігіттің сұлтаны екен. «Ерімді тауып бер! – деп айғай салыпты. – Тура сондай біреудің аяулы ұлын алып кел алдыма, өз қолымнан өлтіремін, әйтпесе адам құнын малмен өтеуге келіспейміз. Ал әкелмесең, тұрысатын жеріңді айт. Білектің күші, найзаның ұшымен сөйлесеміз». Алқа-қотан отырғандар аңтарылып қалады. Амал жоқ, біреудің жалғызын шырылдатып алдына алып келгенде: «Арғын, найман бәріміз бір атаның


баласы едік, қанды қанмен жуар жаулыққа бармайық. Өлген артынан өлтіре берсек Орта жүзде азамат қала ма, кешірдім»,

– дегенде қаптаған ел, қырық би: «билігіңнен айналайын, – деп ақ киізге орап, хан көтереді. Міне, осы күннен бастап Қисық хан аталады. Осы күннен бастап «қырық би бір жақ, Қисық би бір жақ» деген сөз тарайды.

– Оны неге айттыңыз, аға? – деп Дүрия оқыс сауал қойды есінеп.

– Оны айтқаным, біріншіден, өз қолқаңды орындап, әңгіме айтып жол қысқартқаным; екіншіден, ел мен жердің тарихынан хабардар болсын дегенім; үшіншіден, өзім ұнатқан қызды алып қашсам, айыбымды кешер Қисық би секілді зерделі адамның қалмағанын, сондықтан жазықсыз жапа шегерімді ескерту еді.

– Түсінікті.

– Ал енді түсінікті болса Барлы өзеніне де келіп жеттік. Маған қатарласыңдар, тізгіндеріңді бері әкеліңдер. Өздерің ердің қасынан мықтап ұстап, көздеріңді жұмыңдар.

– Неге, аға?

– Түнде судан өткен қорқынышты болады.

– Биссімілла, су иесі Сүлеймен, жар бола гөр, – деп екі келіншекті ық жағына алып, өткелге түсе берді. Көктемгі еріген қар суымен тоғайған өзеннің ағыны қатты екен. Ә дегенде аттары тәлтіректеп қалды. Қабырғадан келіп ұрған ағысты гүрпілдете кешіп, кеудесімен қақ жара қасарысқан аттар кей кезде тағасыз табанға тиген малта тастардан тайғанақтап сүріне жаздап барып қалады. Ондай сәтте Дүрия жанұшыра шыңғырып жібереді. Гүлия тіпті көзін де жұмған жоқ еді. Беті қарауытып, тұлан тұтқан судың бетінен өлімнің асығыс ағысын көргендей болды, көрсе де қорыққан жоқ. Қайта мынау мың-миллион жыланның қаз-қатар қозғалғанындай суси шулаған тірі ағыс қас-қағымда қағып әкетсе қайда апарарын, қай жерге соғарын соншалық салқынқандылық- пен ойлады. Қап-қара шашын жайып, жүздеген әйелдің жоқтау- ындай дауыс салып, өлім үйіріп аранын ашқан судың екінің бірі байқамас қорқыныштылау сұлулығына қайран қалды. Қауіпті, бірақ әдемі құбылыс. Арғы жағаға өтіп шыққанда өгіздей өкірген өзеннің әп-сәтте таусылып қалғанына өкінгендей, әлгіндегі қызық әсерді тағы бір қайталауды көксегендей...


– Уй, Аллам-ай, зәрем қалмады-ау, – деп Дүрия ес-ақылын жинады.

– Иә, аман-есен өттік әйтеуір, екеуіңнен қапияда айрылып қалсам, Дархан мен Қамбарға не бетімді айтам деп қорқып едім.

– Сіздің де қорқатын кезіңіз болады екен-ау, аға, – Дүрия еркелей айтты.

– Сайтан, не болмаса періште емеспіз, батырға да жан керек.

– Мен сізге бір сауал қойсам ба деп едім, аға?

– Айта ғой.

– Өміріңізде пір тұтатын нәрсе бар ма?

– Бар ғой, қалқам, бар. Неге болмасын...

– Ендеше айтыңызшы, – деп тақылдады Дүрия. Гүлия тағы да үнсіз ілесіп келеді.

– Адалдық...– Дүрия күліп жіберді. – Неге күлдің, қалқам?

– Сіздің аңқаулығыңызға, ағатай. Адалдық деген әртүрлі ғой. Адам адалдыққа емес, қайта адалдық адамға қызмет етпей ме? Сол адалдықты керек жеріне пайдалана алсаңыз ғана мұратқа жетесіз.

– Адалдықтың керексіз жері бар ма еді?..

– Бар, ағатай, бар. Айталық, бір адамды құлай сүйдіңіз делік... – Гүлия тағы да елең етіп, атының басын тарта берді. Тапырақтап, судан өткен соң ширағандай еліте аяңдаған аты әлсіз тартылған тізгінге дес бермей, ауыздығымен алысып еді, Гүлия қаттырақ тежеп, жүрісінен жаңылдырды.

– Сүйген адамыңызға қосылу үшін әрекет жасамау, яғни күреспеудің өзі – қорқақтық қой. Ал сіз сол қорқақтығыңызды жанұшыра жасырып, адалдықпен алмастырғыңыз келеді. Қай қазақ сүйген қызын алып қашпап еді...

– Сүю екі түрлі. Біреу құшағын жұмсаса, енді біреулер пышағын жұмсайды...

– Қиналған сәтінде кісі не істемейді. Бірақ, сүю сіз айтқандай екі түрлі емес, бір-ақ түрлі. Сүюдің аты – сүю. Осы қазір мені алып қашар ма едіңіз, мен келістім делік...

– Жоқ.

– Ал, Гүлияны ше?

– Қайдағыны қазбалай бердің-ау, қалқам. Осынша пысықтықты қайдан үйреніп жүрсің. Қаладан ба?


– Қаладан десем де болар. Ауылда жүргенде де ойымды айтып салар өжеттігім бар еді. Бықсытып ішке сақтағанша, ақтара салсаң, бойың жеңілдеп таза жүресің. Әрине, өкінерімді де білемін, бірақ айта алмай ішке сақтау да қиын. Қайтеміз, әкеміз Гүлия екеумізді екі түрлі ғылып жаратты. Ол менен гөрі сұлу, бірақ тұйық. Мен оған қарағанда өңсіздеумін, бірақ ашық-жарқынмын. Сіз... Гүлияны ұнатасыз, тіпті өлердей ғашықсыз...

– Қой, олай деме, Құдай сақтасын. Күнәға қалма. – Бати сасқалақтап қалды.

– Мен емес, күнәға бататын, сүйген адамыңызға сүйемін деп айта алмай, азамат басыңызды қорлаған, өз сезіміңізді өзіңіз тұтқындаған мына сіз күнәлі. Артық айтсам айып етпеңіз, аға, қауқайған денеңіз болмаса, ынжықсыз. Өткелден аман өтіп алған соң айтқаным емес, өз бақытынан өзі безін- ген сіздей қорқақты көрсемші жер бетінен. Егер сіз қазір Гүлияны алып қашсаңыз мен түк қарсылық білдірмес ем. Қайта, міне жігіт, міне нағыз ер деп қуанар едім, қоштар едім. Ал, Дархан мықты болса қуып жетіп, іздеп тауып, жекпе-жекте сізден қайта тартып алсын; арпалыспай, айтыс- тартыссыз алған дүниенің несі қызық, аға. Менің Қамбарға қосылуыма үй-ішім соншалық қарсылық көрсетіп, жанта- ласпағанында мүмкін, сонау Семейден салулы төсек, даяр тамақтан қашып келмес едім.

– Ырықсыз алған адамнан не қайыр, не үміт, шырағым. Ол әншейін қойным құр жатпасынның кері, – деп, әлсіз қарсылық көрсетті Бати. Бүгін ол осынау қаршадай келіншекті мүлдем танымай келеді. Бұл ойлағандай жеңілтек, көзсіз көбелек секілді ұшып-қонған ұшқалақ көрінбейді. Бағанадан бері қызбалана айтқанмен түп та-мыры тереңде жатқан сөзі тым негізсіз де емес-ау деген ойға жүгінді жылқышы жігіт. Өз бақыты үшін ерлікке барудың айыбы не?

– Менің шешем Рахия әкемді менсінбегенін, әкесінен қорыққаннан тигенін білесіз бе?

– Білем ғой, қалқам, білемін. Бірақ оның ақыры не болды?

– Бәсе не болды? Біз болдық, яғни Еркін және мені мен Гүлия болды. Үйренісе келе бір бүтін қимас жандар болды.

– Дегенмен Рахия бәйбіше... – деп үлкен сырдың ұшығын аңғартып қалды да өткенді қазып жас жүрегіне жара салғысы


келмеді. Таңатармен арада болған хикаяны айтпай іркіп қалған. Ал, бұл сырды Омардың екі қызы білмеуші еді.

– Иә, айта беріңіз, менің шешем... – деп ежетекірекке алған соң, әңгіменің ақырын насырға шаптырмай:

– Сенің шешең егер Омекеңді қимаса, арғы бетке бірге қашар еді ғой, – деп бұрып әкетті.

– Ол біз үшін бергі бетте қалды және әкемнің ықыласымен қалды. Бірге тұрмақ болғанымен, бірге өлу жоқ, бәрібір Хабар- асуынан жылап-еңіреп қайтып оралар еді. Солай, аға, алды- мен әрекет жасау керек, адалдық атып алар аң емес, ешқайда қашпас. Гүлияға қолқа салу қазір тым кеш екенін де білемін, бірақ, аға, ер жігіт болып жаратылған соң жалғыз рет тәуекел жасап жан тапсырғанға не жетсін. «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дейді бұрынғылар. Табалдырықтан аттаған соң қай қазақтың қызы үйіне оралып еді. Үлкен қателік жібергенсіз, аға, енді міне, анау бүлкектеп еріп келе жатқан Бөрібасар секілді...

– Жетер, шырағым! – деді Бати Дүрияның соңғы сөзіне шыдай алмай шатынап. – Кеш екенін, кеще екенімді біле тұра несіне миымды шұқи бересің!

Дүрия сықылықтап күлді.

– Міне, міне, ағатай, сізге осы мінез жарасады. Ұрсыңыз! Құдай үшін ұрсыңызшы, арқамнан қамшымен салып жіберіңізші...

«Мынау әйел емес сайтан шығар, – деп ойлады Бати. – Шыр етіп жерге түскенінен бастап білуші едім, оным бекер болды. Бұлар өсіп, мен өшіп барады екенмін. Ой, заман ақырдың балалары-ай. Аттың басын қайда бұрсаң да алдыңнан шығып, алды-артты орап тұрсыңдар-ау».

Осы шақта шығыс ағараң тартып, сібірлеп таң атып келе жатыр еді. Таң алдындағы салқын ауада бұлаңытқан жеңіл бу бар. Жер бетін қайта жайылып, аққабыршықтаған шық тебіндеп өскен мәстек көкті қымтап тастаған. Дала бедері айқындалып, аспандағы мың сан ұсақ жұлдыздарды әлдекім бір-бірлеп теріп таусыла бастаған. Жүргіншілердің көлігі түні бойғы тынымсыз жүріске қанша бел талдырғанымен, елге жақындағанын сезді ме, жануар, таңғы сергек аяңға басады. Ал, жолаушылар әбден шаршап еді. Шаршағаны соншама, аттың үстінде бекерден- бекер қатқайып отырғаны болмаса, құр сүлдері – қол да, аяқ та, бүкіл он екі мүше өздерінікі емес, салдырап бос қалғандай.


Бос қалған дене ғана ма екен, ойлары да: таң аппақ ағарып, күн шыққанша ұрысқандай жақ ашпады. Дүрия ептеп қалғи бастаған соң Бати қатарласа жүріп, басын иығына сүйеп сақ келе жатқан. Ал, Гүлия міз бақпады. Бағанағы аяулы ағасының жанына тиер сөзінен соң қайтып тіл қатпай өзімен-өзі болып, қашаңдау тартып жатсынғандай-тын. «Қатты екен, – деп ойлаған Бати. – Тым қатал». Ертеден, тым ертеден дерт болып жабысқан адал махаббатын дізгіндеп, көңіл торынан шығармай қамап ұстап келген-ді. Осы сапарда байқамай айтып қалған екен, бір кезде оның шыбын жанын арашалап, ал, өзі Гүлия үшін мертігіп, Ақбас бураның астында қалған ағасын «мені неге сүйесіз» деп жазғырса ақылсыздығы емей немене... Жо- жо-жоқ, сүюге әркімнің де хақысы бар. Аюдай азамат, жаны жайсаң Батиды қойып, соқыр Оспан да өлердегі сөзін айтты ғой. Ендеше, жылқышы жігіттің жуас та мәңгілік махаббатын сезінудің, өз аузынан естудің өзі әйел заты үшін үлкен мерей- ау... «Дархан біліп қойса... ұят-ай... ұят-ай... түк те ұят-намысы жоқ дегендей болды ішінен бір мүлдем бөтен дауыс. Қайта мақтан тұтып, қуануы керек. Әлемдегі ең сұлу қыздың өзіне бұйырғанына шүкіршілік етуі керек. Әне, жұлдызы оңынан туған жігіт деп соны айт».

Бозторғай шырылдап, күн шықты. Күн бұрынғыдай емес, асығыс шыққандай болды... Көкті көмкеріп жатқан шық күннің сәулесіне шағылысып, көз қарықтыра жарқырайды. Жер беті сорпаланып, маңдайы жіпсігендей буға оранды. Ат тұяғының астында шұбатыла иіріліп, жер бауырлана жыл- жыған мамық тұман арасындағы қауырсындай қалқыған адамдар алыстан қарағанда аспанда ұшып, бұлт көшіп бара жатқандай әдемі көріністенетін. Күн қыза әлгі мамық бу жоға- лып, көкжалқынданған төбе-қыраттар жалаңаш қалды. Ендігі сәтте, бұларды жетелеген соқпақ суыртпақтала сайлауға түсіп, жылып аққан жылғасы бар, тал-бұтасы ербиген өзекті құлдалата сүйреледі. Тал басы байыған, бүршіктері күшіктеп жапырақтана бастаған, табиғаттың алашабыр шағы.

Жолаушылар Қызылегіздің өкпе тұсына келіп, ат басын бір- ақ ірікті. Қанша бой алдырып шаршаса да ауылға жақындаған соң екі әйел өздерін сергек ұстауға тырысты. Керісінше, Батидың көңілі пәс, сынған бұғанасы сыздап мазасын кетіріп, таң шапағы сорған жүзінде бозарған жүдеулік бар.


– Дүние күйіп кетсе де аттан түсіп демалайықшы. Құланды қол созым қалды ғой, – деп Дүрия қамдана бастап еді, білегінен ұстай алған Бати рұқсатын берген жоқ.

– Аттан түспеңдер, егер түссеңдер қайтып міне алмайсың- дар. Ал, қарындастарым, – деді бұдан соң мұң ұялаған алақан- дай көзімен қимай қинала қарап: – Мен міндетімнен құтылдым. Сендерді білмеймін, Омекеңнің аруағы риза шығар. Енді қоштасалық.

– Неге, аға, ауылға жүріп шай ішіп, демалмайсыз ба? – деді Дүрия жанары жаудырап.

– Рахмет, қалқам. Мен енді қайтып Құландыға ат ізін салмаспын. Өз көңілім қалған жоқ, өзгенің көңіліне дақ салдым ба деп қорқамын. Гүлия шырағым, туған ағаңдай болып едім, артық айтсам кеш. Аға-қарындас қалпымызда қалайық. Дарханға менен сәлем айт, маңдайдағы бармақтай бақытын ардақтай білсін де... Бұл дүниеге енді сендей адам туар, тумас, бірақ «қазақтың қызы қайсы» десе «міне» деп көрсетер асыл жанды алақанға салып, жібек перденің артына ұстап жасырып өтсе де артық болмас еді. Амал не, өмір бар жерде көмір бар... ластап, бүлдіріп, не болмаса ерте айрылып қаламыз ба деп шошынамын... Қош, Дүрияжан, сен де аман жүр. Аман жүрсең

– заман сенікі. Сіңісіп кетесің ғой. Қош!

Атының басын шұғыл бұрды да, құйын-перен шапқылай жөнелді: Артына қайтып қайрылған жоқ. Мәңгілікке өкпелеп, көкжиекке сіңіп кеткендей, көзден әп-сәтте ғайып болды.

Екі келіншектің көзінде жас бар еді...

Жүріс өтіп кетті ме Гүлия сал болып, үш күн бойы тұра алмай төсек тартып жатты. Сабаққа да бара алмаған. Дархан күні бойы жұмыста, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ертемен кетіп, қас қарая әрең келеді. От жағып, шай қойып кұрақ ұшып жүрген жалғыз Мұрат қана. Аз уақытта бауыр басып, осы үйдің өз баласындай сіңісіп кеткен-ді. Дарханды – әке, Гүлияны – шеше деп еркелейді. Өмірдің тауқыметіне жастай ұрынған бала пысық, ширақ болып өсе бастады. Ол келгеннен бері аласа тамның шаңырағы биіктегендей, аядай үйді бір жылы нұр ұялағандай еді. Жұмыстан шаршап оралған Дархан алдынан тұра жүгірген Мұратты бауырына басып, бір жасап қалатын. Балалы үй базар деген-ау, айқасы кепкен моладай жым- жырттықтан арылып, ұлар-шу, ду-ду күлкі шанағынан асып


төгіліп жататын. Қазір де Гүлияның айналасынан шырғалап шықпай жүгіріп жүр.

– Мұратжан, үй суып кетпесін от жағып қой.

– Мұрат, әкеңе шай қой.

– Мұрат, маған сусын әкеліп берші...

– Мұрат, ақсақ құлынды болжап кел, ұзап кетпесін.

Міне, осы тақылетті тапсырмаларды тізгін ұшынан қағып алып, тырағайлай женеледі. Баланың істегені біліне ме тәйірі, әйтпесе осы үйдің бүкіл шаруасы осының мойнында. Әсіресе, Гүлия жатып қалғаннан бері тыным жоқ. Түнде жығылып- ұрынып аузы аңқайып ұйқыға кететін.

Мұрат келгеннен бері ақсақ кұлынның да жаны кіргендей еді. Қайдан тауып әкелері белгісіз, алдын жем-шөпке толтырып тастайтын. Мезгілінде суарады. Жал-құйрығын тарап, кекілін өріп, малсақ бала әуре болып жүргені. Құлынға құлын қосылып, Дарханның жаман лашығы байып қалғандай-тын.

Дархан жұмысынан оралғанда маздап от жанып, пеш үстінде қақпағы билеп шай қайнап тұр еді. Мұрат «әкем келді» деп бас салды.

– Құлыншағым, – деді, жерден тік көтеріп алып, бетінен сүйді.

– Түу, мұртың бетімді қытықтап жіберді ғой.

– Енді қайтейін, балам, сақал-мұртты күзеп сәнденіп отырар уақыт бар ма.

– Мен алып берейін бе, әке.

– Пейіліңнен айналдым. – Баланы жерге түсіріп Гүлияның жанына жантайды. – Бәйбіше, Мұрат келгелі еркелеп алдың ғой. Ақбас бурамен жарысқанда қыңбап едің, күншілік жолға шыдай алмай мұрттай ұшқаның не?



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.