Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 26 страница



– Бір тәулік ат үстінде жүргеннен, бір ай жер қазған әлдеқайда оңай шығар-ау. – Езу тарта күлді. Ерінің қырдың көгіндей қаулап өсіп кеткен сақалынан ептеп қана сипады, – қатты ғой өзі. Енді біраз күнде орыстың попына ұқсап кетерсің.

– Не болса ол болсын, қоя берсем деймін, қайда барар екен.

– Онда аузыңды таба алмай қаласың ғой, әке, – деді дас- тарқан жасап жүрген Мұрат.

– Қой, онда аштан өлер жайым жоқ, қырып тастармын. Вагон-үйде жатқан орыс жігіттерінде ұстара бар, ертең жыл- мақтай болып жасарып келгенде танымай қаларсыңдар.


– Екеумізге енді жасару қайда... – деді Гүлия.

– Қарттықтың ауылы да тақап тұрған жоқ. Мен қырыққа, сен отызға толған жоқсың.

– Адам уақыттан қартаймайды, Дархан, уақиғадан қар- таяды.

– Оның да рас. Бүгінгі зобалаң қашанға созылар дейсің. Біздің ауылда да ұлыжіңгір той болар. Шойын жол бітсін, Мұратымыз ер жетсін.

– Мен құлынды қораға қамап келейін, – деп Мұрат шыға жөнелді.

– Ақылды бала, – деді Дархан сүйсініп. – Әкесі Долдаш та қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң, қағылез адам еді, тартқан екен.

– Мұратта ес болмағанда қайтер едік.

– Аспан ала бұлтты екен, ертең жаңбыр жауады-ау деймін,

– деп қайта кірді Мұрат. – Шай ішелік, суып қалар. Лапылдатып жаға берер отын жоқ, қоры азайып қалды.

– Кішкентай ғана ақсақалым менің, әкеңе қолыңнан шай құйып бер. Отынды уайымдамай-ақ қой, өлмеген құлға жаз келді ғой, тезек теріп жағармыз.

– Бұл күнде тезек те азайып барады, – деді Дархан.

– Әке, – деді Мұрат шай үстінде. – Жаңбыр жауса да жұмыс істейсіңдер ме?

– Істейміз, ұлым.

– Егер шелектеп құйып тұрса ше?

– Сонда да істей береміз.

– Неге асығасыңдар? Дархан кеңкілдеп күлді:

– Темір жолды тез, әрі мерзімінен бұрын бітіру үшін асығамыз.

– Асықпас үшін бұл жолды баяғыда бастау керек еді, әке.

– Бастатпады ғой.

– Кім?

– Кім дерің бар ма. Патша, бай-кулактар...

– Сонда қалай, Омар атам да қарсы болғаны ма?

Дархан ойланып қалды. Оның орнына Гүлия жауап берді.

– Ол кісі қарсы болған жоқ. Патша салғысы келмеген ғой.

Итке темір не керек деген шығар.


– Қазақ даласында темір жолдың жұрнағы бұрын да болған. Баяғыда 1905 жылдарда ма екен... Ағылшын миссионерлері алмалы-салмалы темір жол салып, Жезқазған жақтан алтын- күміс тасыған көрінеді, Түркістан-Сібір темір жолының жобасы бұрын да жасалған. Бірақ іске асыра алмады. Тіпті, олардың жобасы мүлдем қате, жергілікті ел мен жердің жағдайын ескермеген қиқы-шойқы екен. Совет ннженерлері қайта жасаған көрінеді.

Ертіс үстіне көпірді олар енді мың жылда да сала алмас


еді.


 

– Сіздер қалай салдыңыздар, әке?

– Біз бе, біз бір-ақ айда апай-топайын шығардық. Сенім


мен ықылас біріккен жерде аса алмайтын асу бар ма, ұлым. Тек өз ісіңнің әділдігін, кімге, не үшін керектігін ұғу ләзім. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» дегендердің аузы қисайсын. Бір жылдан соң көрерсіңдер. Құландының үстінен түтіні будақтап поездар ағылып жатады.

– Мені мінгізесің бе, әке?

– Елдің алды болып сен мінесің, ұлым. Шешең үшеуіміз жеке бір вагонға отырып Семейге барамыз, Аякөзді басып Алматыға аттанамыз. Жайлы да жұмсақ нарда отырып дәл осылай шай ішеміз. Енді бұдан былай Гүлияның денесі сал болып ауырмайды, өйткені мінгеніміз жүрісі қатты ат емес, поезд... маған десе он апта сапар шексең де қара тырнағың сыздамайды.

– Қандай рахат, – деді Мұрат көзі жайнап. – Шіркін, сол күн ертерек туса екен.

– Сондықтан да жаздың жаңбыры, қыстың боранына қарамай жұмыс істейміз, ұлым.

– Мен де көмектесейін де.

– Сен әлі жассың, бұғанаң қатқан жоқ.

– Төсектеріңді салып жатыңдар, поезға дәл қазір мініп кететіндей айкұлақтандыңдар-ау. Ғұмыр берсін де... Кімнің мініп, кімнің мінбесін уақыт көрсетер.

– Енді... Гүлияжан-ау, өзіміз табан ет, маңдай термен салған жолдың игілігін көре алмайтындай не қара басыпты.

– Бұйырса көрерсіз, бұйырмаса көрмессіз, жол кесіп, бал ашуға бола ма. Ең әуелі бітсін де... күнәлі болып қайтеміз.

– Бұйырмаса да мінеміз, иә, Мұрат.


– Мінеміз! – деді бала аса уыздай таза сеніммен. – Сіздей болып өскенде сол поезды мен жүргіземін.

– Иә, сен жүргізесің, ұлым. Сен жүргізу үшін салып жатырмыз.

Гүлия күрсінгендей болды.

Ертеңінде расында да жаңбыр жауды, әрі ұзақ жауды. Мұн- дай сылбыраң күндерде шпал төсеуге болмайды. Итжондап үйген құм-тасты қаншалықты тегістеп, келсап ағашпен түйгіштесең де жаңбырлы күндері су шайып, аласарып қалатын. Ал, оқтай атылып келе жатқан рельстің жалғанда да бір жері еңкіш, екінші тұсы еңселі болуы мүмкін емес-ті. Ондай қиқы-шойқы жолмен арба болмаса, паровоз жарықтық ақсақ аттай аттап баса алмас еді. Шойын жолдың осы бір кірпияздығы әсіресе, нөсерлі күндерде қолбайлау болатын. Сондықтан, бүгін Дархан бастаған рельсшілер түгелдей дерлік топырақ, қиыршық тас тасып, жол биіктету жұмысына көмекке аттанған. Ол Құландыдан бес-алты шақырым алыста, Аякөзге қарай қашаңдап кеткен тұста болған соң, сорғалаған жаңбырға қарамай күрек, қайлаларын арқалап, қол арбаларын сүйреп жаяу тартты.

Жер лайсаң. Ұзыннан-ұзақ созылған жол сілемінің өнбо- йын қуалаған қоқырлар мен босап түсіп қалған топырақ жаң- быр суына тиіп қойбатпақтанып, ілгері басқан аяғыңды кері кетіреді. Оның үстіне мойныңнан сорғалаған су, қойны-қон- ышыңды қуалап, зықыңды шығарады. Аспанның түбі тесіліп кеткен секілді. Көктемнің алғашқы жаңбыры жолшылардың берекесін қашырғанмен кенезесі кеуіп, шөліркеп жатқан даланың таңдайын жібітті.

Дархан бастаған бригада жолдың жонарқасын көтеріп жүрген халыққа келіп косылғанда өне бойларының сау- тамтығы қалмай сүңгілесе су болды. Жуық маңда баспана жоқ, тіпті болған күннің өзінде ешкіге ұқсап, қорғалап тұрар уақыт қайда. Жапа-тармағай жер қазып, қопарып, қол арба, зембілдермен қиыршық тас тасуға кірісті.

Осы Дархан бастаған топтың ішінде Ақай атты қушыкеш, өзі сөзуар шал бар еді. Алпысты алқымдаған шынашақтай шал Түркісібтің дүмпуі естілгеннен күрегін арқалап келіп жұмысқа тұрған. Кемпірі ертеректе өліп, бала-шаға жоқ қара басы қалған соң, шойын жолдан кәсібін тауып, жанын сақтап


жүрген жайы бар. Қолымен бірге аузы қоса қимылдайтын, адам болып шаршауды, құйрық басып демалуды білмейтін мазасыз шал қайда жүрмесін айналасында қыран-топан күлкі, қызу еңбек маздап тұрушы еді. Қазір де зембілдің бір жағына жабысып, екінші басындағы еңгезердей мұртты жігіт Қадырды дедектетіп жүр. Тау төбе ғылып үйіп алған қиыршық тастарды жол үйіндісінің үстіне тасып төгіп, дамылсыз қимыл үстінде. Қары талып, аздап тізе бүгіп демалуға ыңғайланған мықты жігітке айғайды салады.

– Өгіздей болып екі күрек топырақ көтере алмайсың ғой.

Айда кеттік!

– Кішкене демалайықшы. Аға, алақаным ұйып қалды.

– Өй, алақаныңды сенің... Мына мен құсап зембілдің екі сабына жіп тағып мойныңа іліп ал. Сонда қолыңа күш түспейді, пәтшағар.

– Мынандай құйып тұрған жаңбырда жіпті қайдан іздеп табайын.

– Белбеуіңді тағып көр.

– Ышқырымды қайтемін.

– Шалбарыңды шешіп таста бәрібір пайдасыз, текке су мен батпаққа былғап қайтесің.

– Сіз де қайдағыны айтасыз-ау, ішінде лыпам жоқ еді... – деп күлді Қадыр атты қара мұртты жігіт.

– Іштанның қажеті не? Бұл жерде ұрғашылар жоқ. Өңкей өзің секілді өгіздер.

– Анау... мейшайт болар... шешпей-ақ қояйын, ақсақал.

– Өй, мен қыртпын ба десем менен өткен сен қырт екенсің.

Айда кеттік, қысыр әңгімеге уақыт жоқ.

Аяқтарына кигендері: көнетоз қисық табан, шоқай өкше әр түрлі етік. Бірен-саран орыс жұмысшыларының қайсыбірінде бәтіңке. Сары балшықпен араласқан батпаққа батып тайғанақ- тап, сүрініп-жығылып, ат боп жегіліп қол арба сүйреп жүр. Балшық желім болып жабысқанда аяғыңды аттап басудың өзі азап. Бірақ, ауа райының қолайсыздығы, жердің лайсаңдығын сылтауратып қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Баяғыда... қыс кезінде Семейден өкіл келіп, темір жолға жұмысшы жинағанда осы Ақай шал біраз қыңыр-қисық сұрақтарды әдейі төпелетіп еді. «Бұл жолды салып біткен соң қайда барамыз?»

– деп қадалып Соболевтің жаналқымына жармасқан. Енді


міне, сол шалың маңдай алды жұмысшы болып тас тасып, топырақ үйіп жүр. Шынында да, бұл қарияның поезға мініп қыдырар алыста жатқан ағайын-туғаны жоқ, жалғыз басты кісі. Тағдырынан қашып құтылар ма, елмен бірге ерінбей еңбектеніп жүр.

Үсті-үстіне әкеліп төгіп жатқан қиыршық тастарды жайма- лап тегістеп тұрған Дархан сақалынан су сорғалап, кеңірдек тамырлары адырайып кеткен Ақай шалдың қапшағай шап- шаңдығына қайран қалды. «Не деген жаны темірден жаратылған адам. Егер әр қазақ осы Ақай шалдай қимылдап, жұмыс істесе Түркісібті биыл-ақ бітіріп тастар едік-ау...»

Жер қайсы, көк қайсы айыру мүмкін емес, қойындасып бұлт-көрпенің астына тығылып алған. Жолшылардың сілікпесі шықты. Су өтіп әбден талыққан. Шексіздікке созылған жолдың бойын қуалай қыбырлап жүрген жүздеген жұмысшылардың бірде-біреуі күрек-қайласын жерге тастаған жоқ, мәңгілік қозғалыспен құмырсқаша қыбырлап, ұлы жолдың бойына қаны мен терін төкті, аямай төкті.

Түркістан-Сібір темір жолын салуға қатысқан жұмыс- шылардың тең жартысынан көбі қазақтар еді. Ғасырлар бойы ұйқыда келген, ұмыт өмір кешкен ұшы-қиырсыз даланың төсінен күре тамыр тартып, қан жүгіртерін, үлкен өмірмен жалғасарын шынайы сезген өлермендік бар. Ас ішіп, аяқ босатуды ғана білетін еріншек қазақ атанған елдің осыншалық көмпістігі, қара жұмысқа да қаражон мықтылығы жалғыз Ақай шалдан-ақ аңғарып алуға болар. Даласы қандай кең болса, терісі де сондай кең жылқымінезді ағайын айғай шықса, ұран тастаса елеңдеп тұрар жаңалыққа құмарлығы осы ретте игілігін тағы бір танытты. Алып техниканың қуаты жетпес жойқын құрылысты білектің күші, жүректің түктілігімен-ақ бастап кеткен. Енді міне, өзгені қойып, табиғаттың мылқау күшіне де дес бермей қасқая тартып жүргені.

Зембілге үйген ұсақ тастарды мықшия көтеріп келген Ақай шал тура Дарханның алдына жетті де, етпетінен құлады. Алғашында зембілдің екінші: сабын ұстаған Қадыр да жолды тегістеп тұрған Дархан да қыңыр шалдың тағы бір қалжыңы шығар деп мән бермеп еді.

– Үндемейікші, қанша жатар екен, – деді қара мұртты жігіт күліп. Бірақ, Ақай басын қайтып көтерген жоқ.


Әлденені іші сезгендей Дархан ұмтылып барып аунатып қалғанда, шалдың балшыққа батқан жансыз денесі былқ етіп шалқалап жатты. Төпелеп жауған жаңбыр, топырақ жабысып былғанған шалдың бір уыс бетін әп-сәтте тазалап жуып тастады.

– Ақа, сізге не болды? – деп екі жігіт қатар ұмтылып, басын көтергенде өздеріне тура қарап, бақшия адырайған нұрсыз жанардан шошынғандай қолдарынан түсіріп алып еді. Осы сәтте айдаладағы жұмысшылар жамырай жиналып, абыр-сабыр көбейіп бара жатты. Шалдың кеудесін қайта көтерген Дархан сабаудай жіңішке тарамыс жіліншіктегі білеуленіп барып сола бастаған тамырды басып көрді де, алайған көзді алақанымен жаба салды.

– Ақаңнан айрылдық, – деді. Мұртты жігіт «қайран атам- ай» деп дауыс қойып, бас салғанда барып қазақтар жағы бетін сипап, орыс жұмысшылары бас киімін шешті.

Нөсер құйып тұр. Белгілі бір үзігі ғана жалқы сәтке тоқтал- ғанымен темір жолдың тұла бойындағы қызу қарбалас толастаған жоқ.

Алыстан ой бауырымдап келер, аза тұтып, ақыретке орап арулап жерлер ағайыны жоқ, томаршадай жетім шалды ертеңге қалдырмай бүгін жерлеу қамына кірісті. Әркімдер ауылға апарып, ата-бабасы жатқан қалың бейітке көмелік деп еді, Дархан көнбеді. Темір жол бойынан қағаберісте шошақ бар еді, сыпыра жазықтың шоқпар тиіп ісініп кеткен маңдайы секілді төбе алыстан менмұндалап оқшау көрінетін. Шүйкедей шалды Дарханның қарамағындағы жиырма шақты жігіт солай қарай ала жөнелгенде бүкіл жол үстіндегі жұмысшылар қолдарындағы қайла-күрек, құрал-санмандарын көтеріп, қайғыға ортақтастықтарын білдірді. Нөсердің беті қайтар емес, үдей түскен. Кұландыға түйемен кеткен жігіт алдына ескіше оқыған молданы өңгеріп жеткенде Ақай ақсақалдың мәңгілік мекені қазылып, ақырғы сапар із сақадай сай тұрған. Жер қазып әбден төселіп алған азаматтар моланы әп-сәтте даярлап үлгерді. Дауыс салып жоқтар артында қалған адамы жоқ, тек тоқтамай жауған жаңбыр ғана табиғаттың көз жасындай Ақай шалды арулап, жуып-шайып тазалады-ай... Үсті малмандай су болған молда түйені шөгерер-шөгерместен қарғып түсіп, алды- артына қарамай құранын зәукілдете жөнелген. Өліктің аты-


жөнін сұраған жоқ, жаназаны кімге бағыштап оқып жатқаны белгісіз... Нөсер толастар емес.

Жас қабірді алқақотан қаумалап тұрған жігіттер молдамен бірге беттерін сипап, сүйекті сусытып түсіре бастағанда Кұланды жақтан бозжорғамен ағызып Оспан да келіп еді. Ауыздығымен алысқан аттан түскенде жоқ, сыңар көзімен қадала қарап айғай салды:

– Қисық ханды жерлеп жатқандай қара тұтқандарың не? Жеңді білектей шалды көмуге екі-ақ жігіт жетпес пе еді. Қайтыңдар, тоқтатпаңдар жұмысты!

– Әй, Оспан, – деді Дархан зығырданы қайнап. – Кет жаның- ның барында, әйтпесе саған да көр қазуға қинала қоймас мына тұрған жігіттер.

– Бұл немене, бунт па? Көрерміз, кімді-кім көмерін. – Бозжор- ғаны шұғыл бұрып, жолшыларға қарай құйын-перен шапқылай жөнелді.

Темір жолдың шығысындағы жалғыз төбенің басында қарайып жалғыз мола қалды. Ол – Ақай шалдың мәңгілік мекені. Бұл өңірде тіс шұқырлық ағаш жоқ болған соң қолының таңбасы қалған жан жолдасы күрегін басына сайғақ қылып шанышты да жым-жырт аяңдап келе жатты жұмысшылар. Бәрінің көкейін бір-ақ ой мазалаған; бәрінің жүрегінде дақ қалды; бәрінің қаупі жалғыз-ақ – егер біз өлсек те осылай жерленеміз-ау...

Жаңбыр құйып тұр...

Дархан осы күні су өтті ме, әлде суық тиді ме қатты ауырды. Ыстығы көтеріліп, екі өкпесі қысқанда демалудың өзі күшке айналды. Кешке осы ауылға кеңес болып орналасқан жан досы Қамбар мен Дүрия келіп көңілін сұрады. Қанша өкімет болдым дегенмен, Қамбардың аусар мінезі қалмаған, есіктен сөйлей кірді. Бұзаутіс қамшысы қонышында жүр салақтап.

– Баяғыдан осал едің. Ақайдың артынан аттанайын деп жатсың ба, жаназаңды өзім шығарамын. Қорықпа, ақырет те табылар...

– Қайдағыны айтпашы, Қамбар, – деп Гүлия кейіп қалды.

– Бұл өлмейді, – деді қамшысын сарт еткізіп. – Көпір салып жүргенде қопарылыс болып, аспанға он метр ұшып барып қайта түскенде де өлмеген. Құдайға сәлем беріп қайтып жерге оралған әзірше осы ғана.


– Сен де қайдағыны қазбалайсың-ау, Қамбар, – деді булық- қан жөтелін әрең басқан Дархан. – Семейге барып ақыл жинап келді ме десем, барынан айрылып қайтқан екенсің ғой.

– Әне, бұл екеуінің дауы бітпейді, – деп Дүрия Мұратты ертіп тысқа шығып кетті. Гүлия болса шай қамымен әуре болып жүр.

– Оспан сенің үстіңнен арыз жазып әкелді, – деді Қамбар қамшысын бұлғақтатып отырып.

– Иә, тағы да не бүлдіріппін?

– Ақай шалды әдейі өлтіріп, байкот жариялаған дейді.

– Әдейісі қалай?

– Шал тура сенің табаныңның астында жан тәсілімін беріпті ғой. Тіпті, өмірінде «Алла, белім» деп ауырмаған екен.

– Соған сен сендің бе?

– Сенейін, сенбейін, алдыма арыз түскен соң тексеруім керек қой.

– Тексер, – деді Дархан қабағын шытып. – Бірақ, жол құры- лысындағы жұмысшылар сенің советіңе қарамайды ғой. Біз Семейдің, яғни солтүстік жол басқармасына ғана бағынамыз.

– Жоқ, шырағым, кеңес – қайда да кеңес. Өкімет – біреу, заң

– жалғыз. Ол жұмысшыға да, артеліңе де ортақ.

– Е, солай де... Ендеше қашан қамайсың түрмеңе?

– Жә, жетті, былжырама. Қайтер екен десем, өтің жа- рылғалы барады ғой. Оспан соқырдың арызын жыртып қолы- на ұстаттым. Ешқандай қисынсыз, доказательствосы жоқ, бақай есеп, ескінің кегін қуу дедім. Семейге жазам, екеуіңнің де көзіңді құртамын, бажалар, – деп бажылдап кетті әйтеуір. Әттең, әлдеқашан-ақ табанын жалтырату керек еді, бір мықты тірек бар ол итті ұстап тұрған. Жұмысын да жаман істемейді. Қарғайын десең жалғызың, қарғамайын десең – жалмауызың.

– Иә, – деп ойланып қалды Дархан. – Жұмысын жаман істе- мейтіні рас. Бәрінен бұрын бір айлық оқуын бұлдай береді.

– Сол бір айлық курсқа сен барып келуің керек еді.

– Мен бұл ақылды баяғыда айтқанмын, – деді дастарқан жасап жүрген Гүлия.

– Иә, тоқу емес, өтірік болса да оқып алу керек болып тұрған кезең ғой... Енді кеш...

– Ешқандай кеш емес, барып кел, – деді Қамбар қамшысын сарт еткізіп.


– Мен білім алып оралғанша Түркісіб аяқталар.

– Түркісіб ешқашан аяқталмайды, жарқыным. Түркісіб енді ғана басталды. Күні ертең Құланды станцияға айналса, соның начандігі болып тағайындалар едің.

– Ой-бо-ой, қашпаған сиырдың уызынан дәметтірдің-ау.

Төрелікті сендерге бердім, мен – қарапайым жұмысшымын.

– Жарқыным! – деп ұша түрегелді Қамбар. – Пролетариат көсемдерінің көпшілігі-ақ қарапайым жұмысшылар болатын. Бірақ, қай-қайсысыныңдағы мықты білімі бар болатын.

 

ТӨРТІНШІ САЛА

 

Бүгінде:

...Қыркүйектің аяғында Дарханның Гүлияға тұрғызып жүрген мазары екі метрге таяу биіктеді және ұшар басын күмбездеуге жетпей кірпіші де тақа таусылған.

Өзен-көлден жұрдай, құдыққа телмірткен куаң даланың күзі қайбір жетіскен; білте-білте болып болымсыз шыққан селеу шөп әлдеқашан қурап, сояу-сояу сасырдың қурайы желмен ызыңдап, кісінің қай-қайдағысын қозғап қаяулы үн шертеді. Алқам-салқам жайрап жатқан даланың осынау кеспірі ақсорпасы шыға терлеген аттың ішпегі секілді қақтанып, қабыршыққа айналған. Әр жерде үрке шыққан шидің түбіндегі көгерген алшынды қой мүжіп отап, оның тек сидиған құр сабағы тұр. Жәй тұрған жоқ, жел желіп өткен сайын сыңсып үзіліп-үзіліп ән салады. Бейқам даланың шынында да көзқашты қылар өлердей жүдеу көзі еді. «Не күздің бір айын ал, не қыстың бір айын ал, әйтпесе мені ал, Құдай» – деп қарғанар елдің жай-күйін дәл осындайда қабырғаң қайысып түсінгендей боласың. Дегенмен осы сұрықсыз көріністің өзінде адам баласының көнбіс, ит-жандылығын бейнелейтін, үлкен полотнолы сурет іспетті ойшыл тереңдік бар еді. Қазан айына ауысқан апақ-сапақ мезгілдің жауын-шашыны көбейіп, далиған тыржалаңаш даланы сұп-суық нөсеріне шомылдырғандай еді. Толассыз жауған жаңбыр елдің де берекесін алған. Толас- сыз жауған жаңбыр суы саңлауыт жерге іркіліп, жасаңдап ептеп қайтадан көктей бастаған; төрт түлік әлгі жылға, ойпаң- дағы көгерген алшынды қуалай оттап мәз. Ал, аш бөрідей жалаң-


даған аңызақ желдің өті жыбыр-қыбыр тірлік қуып жүрген жұрттың тозаңын шығарып, жақ түгін үрпитіп, ернін жарып жалақ қылды.

Шал үшін бұл үйренген, әбден зәрезап етер көнтулақ көрініс. Оны мазалаған ауа райының қолайсыздығы емес-ті, оны қинап жүрген әйелінің моласы басына салып жүрген мазарды күмбездеп көтеруге кірпішті қалайша тезірек жеткіземін деген сықылды ойдың арадай анталауы. Әулие-әмбиелерден де, әлдекімдерден де медет сұрап жалбарыну әдетінде жоқ Дархан, іштей тынып көп жүрді. Оның тығырыққа тірелген халін көршісі, яғни нәшәндік әлдеқашан сезген. «Көмектесемін, ақсақал» деген сөз аузынан қалай шыққанына өкінгендей сыр- ғақсып, бұрынғыдай емес, Дарханға жоламайды.

«Қар жаумай тұрып мүрдехананы қалай да бітіру керек,

– деді Дархан, – биылғы қыстан қалам ба, қалмаймын ба, оны бір тағдыр біледі; жаман айтпай жақсы жоқ, қөзім жұмыла қалғандай болса, қай екі туып бір қалғаным мазардың қалғанын қалап, бітірер дейсің».

Осы ой меңдеуімен түс ауа Кеңгірге беттеді. Оның ең әуелі болжағаны: қабырғадан артылып, шаңырағына жетпейтін болған соң үйіп қойған елу шақты кірпіштің орнында жоқ, жым-жылас жоғалғаны-тын. Жер жұтқандай сынық кірпіш қалмаған. Жүрегі су ете түсті. «Кірпіші құрысын-ау, ырымға жаман емес пе... ырымға жаман. Тірі кезімде ұрлап тасып жатыр, өлген соң кімге тұлға болады».



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.