Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 4 страница



Тоқтады. Расында тоқтатып тастады. Жұлдыздар ұшып аспанға қайта қонақтады, бұлар қарғып жерге түсті. Бәрі бәз-баяғы орнында. Әлгінде ғана тайдай тулап, құлын болып кісінеген жүректері сусып, суынып барып ол да жерге құлаған. Ендігі сәтте әлгінде ғана өздері құс болып ұшқан көк тәңірісінде Дүрия мен Қамбар қалықтап, әлгінде ғана өздері еншілеген бақытқа басқалар патшалық жасаған-ды. Бірақ Дархан оған өкінген жоқ. Өз жанынан әлі де ұзап кете қоймай, анау


алтыбақан аспандата лақтырған сыңдарын тағатсыз тосып, тықыршыған қыздан қуат алғандай жүрегі тағы да тарсылдап ала жөнелген.

«Құдай-ау, күні кеше ғана қаршадай қыз емес пе еді. Еңді міне ай мен күндей жарқырап, тотықұстай таранып иықтас тұрғаны. Шынымен-ақ, – деп ойлады, – шынымен-ақ Омардың ерке қызына ғашық болып қалғаным ба?»

Гүлияның көңілінде де алай-дүлей дауыл басталған. Осынау алай-дүлей дауыл бүгін де, кеше де емес, тым-тым ертеде – жер жаралмас бұрын желемік болып басталып, енді міне ұлы құйынға ұласқандай-ау... Қашан еді? Қыз сәл қимылдағанда күміс теңгелер тізілген шолпысы сылдыр етіп, екеуін бірдей шошытып алды. Бір-біріне жалт қарады да, жанарлары түйісіп барып, төмен үңілді.

Қашан басталып еді, мұншалықты нәзік сезім, балапан сүйіспеншілік; баяғыда, баяғы өткен заманда, дінмұсылман аманда... ол кезде Гүлия он екі, он үш жаста ғана. Әкесінің малын бағып, отын жағып жүрген мынау қасында қақшиып тұрған еңгезердей мүсінді жігіт балаң, бала мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан уыздай жас еді. Онда Гүлияны сәбилік мінезбен қызық әуестік жендеп шұқылап ойнағысы келіп тұратын. Ат ерттеп бер, бота ұстап әкел деген сықылды ерке қылық, орынсыз жұмсаулар Омар мен бәйбішесінің айтағы, алып кел, барып келі әбден ерқашты қылған жігіттің жынына тиіп, діңкесін құртатын. Бір кұм желі басында ойнақтап жүрген қысырдың тайын ұстап үйретіп бер, мінемін деп әлек салды емес пе. Ноқта киіп, құрық тимеген асауды Дархан бие-сауым қуып әрең ұстап, үйретем деп әуреленіп жүргенде бұл асау қара санын қан қақсатып оңдырмай-ақ тепкен. Ызаға булыққан бозбала Гүлияға:

– Басымды қатырмай кет өзің! – деп еді. Қыз жылап үйіне барғанда айдаһардай ысқырып ақ бәйбіше шыққан:

– Әй, қарғадай қызда не әкеңнің құны бар?! Сенсіз күнім қараң қалса да тайып тұр. Ендігәрі ондай бөтен мінез көрсетсең, айдап салам! – деп көкайылданып жер-жебір, жекен суына жетіп еді. Сонда Дархан бәйбішенің ылғи да аппақ сазандай болып, толықсып тұрар нұр дидарына шапшып шыққан зәрді көріп таң қалған. Әдемі әйелдің сөзіне ренжімеген, таң қалған – адамның дәл осылай, жалғыз сәтте-ақ, мүлдем танымастай болып өзге-


рерін алғаш рет көргенде бұл әлемде тіпті сұлулық, жақсылық атаулының барына күмән келтірген; сырты бүтін, іші түтін алдамшы бос дүние деп білген. Енді, міне, бәрі басқаша... Баяғы балалау шақтағы жоғалтып алған әдемі бір затын, асыл қимасын қайтадан тауып алғандай балқып иланды, тасып қуанды. Тәңірім-ау, бар екен ғой, бар екен... Сұлулықтың бұл жаһанда бар екенін дәлелдегендей Гүлия тұрды жанында күлімдеп. Күлімдеп дегеніміз өтіріктеу де болар, ол ботадай көзі мөлдіреп, аймен шағылысқан тұнық жанарының сақшысындай қаздиған кірпіктерін қамастыра көзін ашып- жұмып, әлденендей тәтті мұңға оранып тұр еді. Бойында жарасымды жасқаншақтық, нәзік үрейден туған діріл бар; өзінің бай қызы болып жаратылғанына қорлана ма, мынау ұлардай шулап, отты айналып шамандарша секіріп, бақсыдай билеп жүрген жастарды жатырқау бар.

Қамбардың саңқылдаған үні қайта шыққанда Дархан ұйқысынан оянғандай селк етіп барып жанына жалт қарап еді, Дүрия сіңлісінің құлағына әлденені сыбырлап, күміс табаққа түскен теңгедей сыңғырлай күліп тұр екен.

– Жолдастар! – деді Қамбар қамшысын сарт еткізіп. – Енді ақсүйек ойыны басталады. Содан соң, «Мыршалай-мыршым»,

«Бел-беу соқ»...

– Әй, Қамбар, – деп гүжілдеген дауыс естілді. Бұл өздері- мен шамалас Бати деген палуан жігіт. Осы елде Батидың жыға алмас, итжығыс түсетін жалғыз-ақ адамы бар. Ол – Дархан болатын. Қызба мінезі жоқ, шаршы топтан шатынап шығып, одай-оспақ сайысқа түсе бермейтін уызынан салмақты, сабырлы Дарханның жауырыны әлі күнге жерге тиіп көрген жоқ-ты.

– Әй, Қамбар, – деп қайталады Бати. – Ақсүйекке әлі ерте- леу секілді. Баяғыдай бір басташы, жарықтығым. Аңырат домбыраңды.

Осы сөзді кім айтар екен деп елеңдегендей ме Қамбар:

– Әкел домбыраны, – деп керги қолын созды. Бұдан соң жігіттердің бірі лып етіп ұсынған үкілі домбыраның құлақ күйін келтіріп тыңқылдатып біраз отырды да:

– Мыналарың домбыра емес көсеу, әкетіңдер, – деді кірпиязданып. Екіншісін ұсынды, оны да қыржыңдап «үні ұрғашы иттей шәңкілдеп шығады» деп қайтарып тастады. Топ


ортада айналасын аузына қаратып, шіреп отырған Қамбардың орынсыз бәлденуі Батидың ит жынына тиді білем:

– Әй, Қамбар, кедейге қыз жақпайды деп, алты домбыраның бірде-біреуін менсінбейтін ұлы күйшілік саған қайдан дарып еді-ей, қолыңдағы қамшыңды шошаңдатпай соны шертсең де айт енді бірдеме, ішегіміз үзілетін болды ғой.

– Айтақтағанға үре беретін ауылдың ала төбеті емеспін.

Састырма кісіні.

– Ой, өзің...– деп Бати де өжіректеп, омыраулап келе жатыр еді, олардың енді-енді өршігелі тұрған егесін:

– Ағай, – деген қыздың нәзік дауысы бастады. Бұл – Омардың егіз қызының біреуі Дүрия еді. Ол Гүлиядан гөрі батылдау, еркек атаулыға еркелегісі келіп тұратын тұрпатты қыз.

– Ағай, үйден өз домбырамды алдырып едім, осыны бір сынап көріңізші. Бәлкім, ұнатып қаларсыз, – деп қыз қазмойын, үкілеген әдемі домбыраны ұсына берді. Қыналған сұлу домбыраның шанағы ай сәулесіне шағылысып, жарқ етіп Қамбардың қолына қонды.

Жұрт тым-тырыс тына қалған. Қамбар әдетінше дың- ғырлатып, құлақкүйін келтіргендей баптап алды да тобық жұтқандай томпайып маржандай тізілген жастарға айнала қарап:

– Е, бәсе, – деді жадырап. – Домбыраның көкесі мынау екен. Өзінен-өзі сөйлеп тұр. – Домбыраның шанағын құлағына тосып тыңдаған болды.

– Иә, бісміллә, бастадым, Бұхар бабамыздың әруағы жебей гөр.

Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе таусылмас, Көл суалмас демеңіз.

Кұрсағы құшақ байлардан, Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз, Жарлы байға теңеліп, Жайлауға көшпес демеңіз. Жалғызды – жалғыз демеңіз, Жалғыз көпке теңеліп,

Бір майданда соғысып,


Кегін алмас демеңіз. Қу таяқты кедейге

Дәулет бітпес демеңіз, о-оу демеңіз...

Жан-жақтан, тұс-тұстан «о пәле, аңыратты-ау, тусаң – ту», – деген сықылды желіктірме сөздер жамырай естіліп, Қамбардың арқасын одан әрі қоздыра түсті. Кеу-кеулеген дауыстар сап болып, енді ақсүйек ойынына кірісе берген кезде қаздаңдап басып Оспан келді. Жастардың шат-шадыман тасыған көңіл, құлынды-тайдай ойнаған келісті келбеттері ал дегенде елірткендей қызыға таңырқап, жалғыз көзін қадап қызғана қарап тұрды. Оспанның оң көзін осыдан он жыл бұрын басын ала қатты тартып жіберген Омардың қамшысы ағызып түсірген еді. Ағып түскен жанарын алақанына салып тұрып «тірі болып, жер басып жүрсем сенің екі көзіңді бірдей ойып алармын, Омар», – деп ант бергенін Дархан өз құлағымен естіген. Дүниені дүрілдетіп Совет өкіметі орнағанда алғашқылардың бірі болып осы Оспан да атқа мінген. Тендік дегеннің не екенін түсінбей жатып-ақ дікең қағып Омарға жеткен. «Қаныңды ішем, көзімнің бояуын қайтарам» деп қанша рет қамшы үйірсе де, ежелден тісқақты, алды-артын қымтап, берік ұстайтын айлалы бай мізбақпаған. Қуғаны көптің мүддесі емес, жеке басының кегінен аса алмаған Оспанды жалғыз-ақ сөзбен буып, матап тастаған-ды.

– Әй, Оспан, – деп еді Омар. – Менің екі көзімді бірдей ойып, алсаң да, жоқ көзіңнің орнына сала алмассың. Үй болып, түтін түтетер шағың жетті, бойжетіп келе жатқан егіз қызым бар, тандағаның сенікі. – Жалғыз көзі жалтылдап шаруа қамымен кіріп-шығып жүрген байдың қыздарына сұқтана қараған ол жүрегін бір қара мысық тырнап өткендей болып: «Қалған көзімді садағасына берсем де мына Гүлияға үйлену керек»,

– деп ішінен берік байлам жасаған. Міне, сол уақыттан бері де зымырап талай жыл өтіп кетіпті-ау. Омарды ала қоятын әзірше құдай да, заң да жоқ секілді. Зәуре қолына осы ауылдың билігі тигенде мықынын таянып бай үйінің төрінде отырды; бірақ, ол өз ғұмырында жалғыз-ақ рет шықққан төріне тұрақтай алмай, тексіздік танытып, күн өткен сайын босаға тұсқа жылыстап, сырылып барады. Омар қызын бергенді қойып, қымыздың өзін әрең беретін кергіме кербездігіне қайта мінген; тізелеп тартып әкетер күш Оспанда жоқ әзірше. Бағана егіз қыз барын киіп,


жасанып алтыбақан басына кеткенін көзі шалып, енді міне алыстан орағытып, байқастап келіп қалған беті.

– Түн ортасы болды, байекең іздеп қалған шығар, – деді ол Омардың шоқтанып тұрған қыздарын жанасалай. Тентек мінезді Дүрияның жауабы тік шықты.

– Сіздің неғып қимаңыз қыши қалды, әке-шешем елшілікке жіберді ме, әлде біздің үйге қолбалалыққа жалданып па едіңіз?

– Жоқ әншейін... түн ауып барады... – деп сасқалақтай міңгірлеп шегіншектеп кетті.

– Ал, ақсүйекті бастадық,– деген Қамбарқолындағы ай нұры- мен ағараңдаған жілікті басына көтерді, – көздеріңді жұмыңдар, лақтырамын.

Оспанға да керегі осы еді. Ерке қыздардан кеткен есесін алаңсыз жастардан алмақ болып, айғыр айғайға басты.

– Тоқтатыңдар, жын ойнақты! – Аспаннан естілгендей болған жарықшақ дауысты жылға-сайлар мен жұмыр жоталар қақпақылдап қайталай ма деп дәметіп еді, оспандар үнді жым- жылас жұтып, тым-тырыс мелшиіп жата берген. Қарсы жақтан қарсылық күткен көңіл ол да жападан-жалғыз, сыңардан-сыңар масқара күйде жетім қалды. Осыншалық мелшиген үнсіздік енді Оспанның өзін шошытты. Томсарған жүзбен тесіле караған топқа тас лақтыруға болмасын білсе де шегінер жер жоқ еді. Екілене тағы айқайлады.

– Мұның бәрі ескіліктің қалдығы!

– Ненің қалдығы? – Қамбар өп-өтірік түсінбегенсіді.

– Феодалдың қалдығы, – деді Оспан шімірікпей. – Өзің комсомолсың, активсің, ал істеп жүрген ісің мынау. Осы жынойнақты ұйымдастырған сен, барлығына басыңмен жауап бересің, айтты деме арты қиын болады. Қане, бірің қалмай тараңдар! – Тағы да пәлендей қарсылық көре алмаған Оспан өркештене түсті. – Құдай ұйықтап жатқанда сайтан ойына келгенін істейді деп, үндемегенге үдей соғып барасыңдар, бәлем бір шыбықпен айдаймын сендерді.

Әлгіндегі көптен бері көре алмаған, бірақ іштей аңсап, сағынған айлы түн, алтыбақан тілекке аса риза бейкүнә алаңсыз көңілдегі жастар біртіндеп сусып, біріне-бірі білдірмей тарай бастаған. Топтың шетінегенін көрген соқыр Оспанның оспадарлығына шыдай алмады білем:


– Уай, айғырсың ба? Ұлттық ойынға тыйым салатын сен кім едің? – деп тебінді Қамбар.

– Менің кім екенімді әлі білмей жүр ме едің? Ендеше түсіндірейін. Құдай да емеспін, Құдайдан былай да емеспін.

– Ырғала басып Қамбарға жақындады. – Мен – советпін. Үкіметтің оң көзімін...

– Үкіметтің оң көзі бола алмассың, – деді Қамбар қолындағы, жанынан жалғанда қалдырмайтын қамшысын сарт еткізіп. Оспан тағы да тақала түсті. Шатақ іздеген сыңайда, қаймығар да, жасқанар да емес. Өзінің мықтылығын, бұл елге билігі жүрер ірілігін көрсеткісі келеді.

– Неге? Неге оң көзі бола алмаймын, а, неге деймін?!

– Дауысы шәңкілдеп оғаш шықты ма, әлі де тарамай, әлдебір қызық күткендей қылшиып тұрған жігіттердің кейбірі мырс- мырс күлді. Ал қыздар жағы алғашқы айғай естілгенде-ақ етектері жер сызып, ауылға беттеген.

– Неге дейсің бе, ендеше айтайын, тақуалап қоймадың ғой. Өйткені... сенің оң көзің жоқ... сондықтан өкіметтің сол көзі болмасаң, оң көзі бола алмайсың.

Оспан қақ маңдайдан ұрғандай сілейіп қалды да, есін тез жинап, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады, Құдайға шүкір Гүлия мен Дүрия кетіп қалған екен. Арыстан ашуына қайта басты.

– Әй, әкеңнің... кегіңді, кем-кетігімді санап алайын деген екенсің, оң көзім болмаса сол көзім сау, жалғызымен-ақ екі дүниеде қос қолым жағаңда кетер.

– Сенен келген кереметті мен де көріп алдым.

– Түйе мінген Құдайға бір табан жақын деген, ұстасам – уысымдасың, ашсам – алақанымдасың.

– Ендеше қалған көзіңді мен ағызып жіберейін, – деп қолын- дағы білемдеп ұстаған қамшысын енді көтере бергенде, бағанадан бері сөзге араласпай томаға-тұйық тұрған Дархан атылып кеп, сілтетпей, ұстап қалды. Ауылнай жасқанбады. Қарсылық білдіріп, Қамбардың қолына жармаспады да; жайын жүз, суық қайратпен қасқая қарсы қарап, шімірікпей шіреніп тұр еді. Айға бет берген дидарында дәл қазір қыбыр еткен тірші- лік белгісі жоқ, өлім себелегендей үдірейіп, әрі жат, әрі кекті. Жалғыз болса да өте үлкен, ұялы жанары жарқырап обаның басына жанған шырақтай, қорқыныштылау сәуле шашады.


Әзірдегі қатын айғайына өзі де өкінгендей, іштей жасыған сыңайда. Бірақ, бұған дейін есіне келмеген, өз мінезінен ерсі құлықтың ұшығын тапты, қапелімде тапты, оқыстан тапты. Тапты да таң қалды: «Құдай-ау, бастық болғанда бақырып бола ма, осы мен расында да неге айқайлаймын, ұлы істі үндемей тындырар деген баяғының шалдары қандай ақылды еді. Жо- жоқ, енді мен бүгінгі түннен бастап жердің бетімен емес, астыменен соғысайын».

Өз ойына өзі аса риза болып күліп жіберді. Ал, Дархан мен Қамбар аспаннан әлдекім түсіп, буындырып жатқандай сыз- дана қатып қалған. Оспанды есі ауысты деп ептеп жылыстап кеткен. Олардың қаттылығы да осында, – Оспанның нағыз ес- ақылы жаңа ғана кірген еді. Енді ол өмірбақи қателеспейді, дауыс көтеріп дабырламайды, ақырын жүріп, анық басады; енді ол өмірбақи қатты жүрмейді, қарап тұрмайды... Мақсат тауына шығу үшін асығып алға түсудің түкке қажеті жоғын ұқты; өйткені, қыран болып қалықтаса оққа бірінші болып ұшарын біледі; енді ол – Оспан пәле-жаладан, құдайлық дертінен есен-сау жүрсе, тек қана жылан болып жорғалайды; арыстан болып айға шабудың да, арғымақ болып жер тартудың да, тіпті айдаһар болып ысқырудың да ендігі заманда қажеті жоғын, керексіздігін осы әзірде пайымдады. Иә, бұл дүниенің төрт бұрышын қара жердің асты мен үстін түгел көру үшін жалғыз жанар да жетеді... «Қайта бір-біріне сеніп қапы қалмайтын, мұрын болмаса бірін-бірі шұқыр екі көзден гөрі сыңары жақсы. Жалғыздық – әрі сақ, әрі мықтылық».

Оспан бүгінгі түнде бұдан былайғы ғұмырына ұлы жоспар жасап, ешбір дінге (идеяға), саясатқа қосылмайтын, тек өзіндік

– Оспандық «мемлекет» құруға бел буды. Мынау әлемге бүкіл ел-жұрт екі көзбен қараса, Оспан бар болғаны жалғыз жанармен қарауға ант берді.

Түндегі ойын-сауық, жоғын тапқандай болған айлы түн, аспанға лақтырған алтыбақан – бәрі-бәрі адыра қалып, өр серпіген көңілі жүдеп, үйге қайтқан соң да Дарханның кірпігі айқаспай Гүлияны аңсаумен ояу жатты. Көзін жұмса болды екеуіне бірдей қос қанат біткендей, құс төресі шыдырау секілді аспанға ұшып барады-ай. Жұмған көзін қанша ашқысы келмесе де ашып шыдатпаған соң кірпігін оқыс көтеріп жіберетін. Дәл осы сәтте жаңа ғана ұшып жүрген екеуі оқ тигендей қанқақсап,


тұңғиыққа құлап түсіп, селк етіп шошына аһ ұрады. Бұған дейінгі бықсыңқыраған бұйығы тірлігіне шоқ тастаған қыз, оған деген тұнық сезім отқа айналып жан-дүниесін күйдіре бастаған. Қазір де сол, таң атқанша түрткілеп маза бермеген ойдан қашып құтыла алмай, бұлдыр-бұлдыр мұнар арасына малып жүрген ақсақ киік халінде.

Күн әне, қаперсіз көтеріліп барады. Осы тұстан қарағанда мінгесіп-ұшқасып шығысқа қарай көш түзеген қалың қатпар жоталар, бұйрат төбелер біріне-бірі тізе қоса төбелесіп қалатындай, оқшау бітіммен созалаңдап, жарысып жатыр. Анау қалпында кедір-бұдыр әннің мәңгілікке қатып қалғанын немесе айбат жасаған дөндердің енді қайтып тұра алмастай жығылған адамның бөксебас-тылығын елестетеді. Қанды сәуле шашқан күн сонау етектеп ауылды сипалап оятып еді, елең- алаңдағы тыныштықтың айдыны бұзылып, азан-қазан тіршілік басталды. Омар байдың жылқысы өрістен құлап, құрықтап қуған қолдан құтылмасын сезген-ау, еркін тыныстап, тойына жайылғанын білдіргендей пыр-пыр үн шығарып, жосыла сырғиды; мұхиттың алып бір бұйра толқындарына жан бітіп кеткендей сусиды. Үйден ноқта жібін алып шыққан бірлі- жарым әйел келіп, тығырықтанған жылқышы қаусырмалап құлын ұстап, енесіне қосақтауға кірісті.

Дарханның екі көзі осы бай үйін дүрбілеуде еді. Сарыла күткені, індете іздеген адамы әне, кең отаудың сырлы есігі ай- қара ашылды да ең әуелі Дүрия, соңын ала Гүлия шықты жарқ етіп. Осы әзірге ғана тұмантып, мұнарлана бастаған жана- рындағы көк шарбыны әлдекім жалғыз-ақ жұлып тастағандай дүниенің толайымы аппақ нұрға бөленді. Әлгінде ғана ұйқы менен ояудың құрбанындай құрдымданған көңіл, боздаған жүрек әдемі бір әлдимен әнтек-әнтек дүрсілдеп, ұядан жаңа шыққан балапандай талпынып еді. Ауыл іргесіндегі төбеге атша мініп отырған адамды егіз қыз байқаған жоқ. Өйткені төбе күн жақта болатын. От бүріккен жарықтық күнге көз ұялып қарай алмаған. Бірін-бірі қолтықтаған күйі жерді басып, жағалауын тал-тоғай көмкерген сайлауға түсіп, жоқ болды. Далда іздеп, шыққа тиіп суланбас үшін шұбатылған етектерін сәл көтеріңкіреп аяңдаған қыздарды жалынышпен қуалаған Дархан көз алдын торлаған мұнар-шелді қайтадан қабыздай бастаған соң, жасқана уқалады. Осылайша өз көзімен


өзі алысып, әуреге түсіп отырғанында сыңғырлаған үн келді құлағына. Тоғайдан шығып, бұлақтың тазалау жерін іздеп өрлеген қыздар күлген екен. Күле сөйлесіп, серпіле қалқыған екеуі Дарханның тура иек астына бүлкілдеп аққан бұлақтың жағасына алаңсыз жайғаса бастады. Аңсырап сағынған дүниесі бірде сағымға, бірде қол жетпес арманға айналып, қылқытып таң атқанша басын қатырып еді, міне тура алдында, қол созым тұста ғана қара шашын жайып жіберіп, қарына дейін түрген білегін жуады-ай. Судың мөп-мөлдір маржан моншақтары бетіне, білегіне ілініп күн сәулесімен шағылысып күмістей жылтырайды. Беті-қолдарын сырбаздап жуып, мына жайлаудың қос аққуындай қатар, бейбіт жүзген сұлулары мына өмірде қайғы бар-ау, елім бар-ау деп уайым қылмай, бейкүнә қылықпен қып-қызыл толқынның арасында асыр салып ойнаған көгілдірдей еді. Дархан осынау таңғажайып ертек сынды көріністен көзін ала алмай, ал көзін алса мәңгілікке айрылып қалар жұбанышты сезімде еді. Ол үшін анау егіз қыз қазақ деген елдің өткенінде зәредей болса да бақыт, жақсылық болды десе, сол игіліктің ең соңғы ақырғы, иә, соңғы сарқыны, ендігі қалған қос тамшы қоры секілді еді. Мұндай да қызық сезім болады-ау, аса езіліп сүйсінген жоқ, секемі мол қасаңдау оймен қозданған сезіміне сап-сап тілеп, сабырдың суын септі. Өйткені, Омар байдың егіз қызы жуынып емес, өмір сапарына дайындалып бой жасап тұрғандай еді...

Дүрия қамзолының қалтасынан дөңгелек айна алып Гүлияға қаратып ұстап тұрды. Ақ жібектен қос етек жасап тіккен көйле- гін тұтас жаба төгілген қара шаштың алды айрылып ашылды да, ар жағынан Гүлияның ай маңдайы көрінді. Көзін сүзе айнаға қарап, байыппен қос бұрымдап өре бастады. Саусағы саусағына жұқпай, ұшына дейін өріп барған бұрымына сылдырлатып шашбауын байлады да, арқасына асырып тастады. Бұдан соң жерден еңкейіп қамар белбеуін алып, белін қынай буынды. Көйлегін түзеп, торғындай толқыған жүзін саусағының басы- мен ғана майда сипап уқалады. Қыр желкесінде тышқан андыған мысықтай төбеге мініп отырған жігіттің алдындағы айнаға түскен сұлбасын жаңа ғана байқап: «ой, апа», – деп шошып, ыршып түскен.

– Не болды саған? – деді Дүрия түкке түсінбей. – Жылан шағып алды ма? – Гүлия үндеген жоқ. Сұрлана дірілдеп төбені



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.