Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 55 страница



Абақтыма аман-есен кіргізіп алып, түн бойы құшақтап жатыппын. Таң атып, есікке ала–қарақ сәуле түсісімен есік қалтарысындағы босағаның мұзын ойып алып, іргетас орнына қойылған қарамайлы бөрененің астындағы құрғақ құмға үңілдім. Қоймамды понтамиттің ең түбіне дауалдың дәл астына қойдым сөйтіп. Екі бүйірінен су өтпейтін пластмассамен тағы қымтап, үстінен найза өтпейтін тас кірпіш қойдым да сол жердің өз құмын түйгіштеп отырып қайта көмдім. Саучыңсаудың мұзы өз орнына жайылды.

Сол күнгі ұйқыдай рақат ұйқыны 58–жылдан бері көрмеппін. Өйткені, содан бергі барлық еңбек нәтижемді – мән-мағынамды хайуан шошқасы қопара алмайтын, адам шошқасы өртей алмайтын, хауіп-қатерсіз жерге орналастырдым ғой! Иә, осы еңбегімнің қызулы оты жүрегімде маздап, тоңдырмай ұйықтатты!...

Маусым айы бастала келе Саучыңса кіріп, абақтымды қатты тінтті. Ештеңе таба алмаса да қолымдағы шынжырлы қыспақты алып, орнына майданның өзінде жасалған қарақыспақ салды. Екі қолды дербес қымырлауға келтірмей, білезіктіктен қосып тастайтын, нағыз рақымсыз қыспақ еді бұл. Таспауырлығының үстіне тегеурінін тілсіз–құлыпсыз қатты сымтемірмен сірестіре оратып, бұратып тастады. Бұл тұрғанда киім киюге де, көрпе жамылауға да мұрсат бермейді. Мұнысының өлмей құтылмайсың дегені екенін қыспақпен бірге сіресе жымқырылған қалың ернінен сездім.

Соның іңірде есік алдына ептеп басып біреу келгендей болды да жоғарғы жарығынан бір жапырақ қағаз тастағаны сезілді. «Биған, неғұрлым тезірек кет!» деп күбірледі. Орнымнан тұрып, есікке жеткенімше күзетшіден сескенгендей, зыта жөнелді.

Қағазын ертеңіне күн шыққанда есік саңлауына апарып әрең оқыдым. Еділбайдың шала сауат жазуы: «қамалғандардың көбін өлтіре қинап, бір үлкен өтірікке мойндатып болыпты. Тез кетпесең, ең зор қатер саған төнген екен!» деп қана жазыпты. Қамалуымыздың себеп-факттері әлі көмескі болғанымен салдары айқын ұғылды бұл сөздерден.

Дереу дайындала бастадым. Бір дорбаға сақтық үшін үнемдеген тамақтарым мен сатуға жарайтын жеңіл киімдерімді салдым да, қыспақтың тегеуірініне оралған сымтемірді айналдырдым. Қарғаша темірдің иілген екі ұшынан басқа лайықты сайман да, ыңғайлы қол да жоқ. Кешке дейін тер бұршақтатып тұқжыңдап отырып, сымтемірдің іркілістерінен сәл кеңіттім де, кешкілік тамақ әкелген аспаз кетісімен сол қолымды түкірікпен, мұзбен дымдап сабындап алып, қыспақтан суыра тарттым. Басбармағымның түпкі буынына жақындап келіп, жылжымай тұрып алды. Қиналыстан қара терге түстім. Тағы бірнеше түкіріп дымдап сабындап жіберіп, көз жұма бір–ақ тарттым. Шыңғыруға бергісіз қатты ышқынып қалыппын. Салқ етіп шыға келді. Жансызданып қалған сол бейшара лоңқа жауыр қолымды уқалап отырып, қарғашаны қайта ұстауға әрең көндірдім. Қатты оралған сымтемірдің бір талын соның имек тұмсығына айырып ілуім қиынға түссе де бұрап үзуім оңай болды. Сымтемір сол үзіктен тарқай келе босаған құрсауды оң қолымнан суырып алып, қазандықтың көмейіне сүңгіте салдым.

Суып қалған кешкі тамақты сорғалаған жан теріммен қоса жұтып алдым да шешемнің өз қолымен жасалған сырмағын сипалай түстім: «хош қормал қол, қамқор ана еңбегі!» жау қолына тағы тастап кетіп барамын!» көз жасым парлап-парлап ыршыды. Мүмкін оқ тиер, мүмкін шөлде өлермін, қасиетті-қадірлі анаммен қоштасуым осы-ақ шығар!... Әкем айланып-үйрілетін «бал» тілімді құрт жер, Нұрияшым мен Асқарым кезектесе сүйетін көзімді қарға шоқыр, анам аймалап ұйықтататын сормаңдайлы басымды иен далада қасқыр мұжыр!... Жоқ, жоқ, жоқ, жау тағдырдың ол мазағына оңайлықпен көне қоймаспын да!... Қалай да ана қолынан шыққан аяулы төсенішім, сені қайта төсене алмаспын!...

Мұз абақтыға киген қалың киімдерді сыпырып тастап, қалпақсыз шынсыңдар киетін, жаздық сары бешпет-сым мен сары шақай, сары қалпақ кие сала, жиыны жиырма килодай жүгімді сыртқа шығардым. Күзетші қорылдап жатыр. Түн менің абақтыма қарағанда жылыты бар, жұлдызы бар қараңғы екен. Сурылған тақтайларды үңірейген өзді-өз орындарын далдалап, тағы да сүйей сала жөнелдім.

Өткендегідей Тарым сыртына өтіп, із тастай қашуым қажет. Бірақ, бұл реткі қуғынның өткендегі қуғындардан парқы өте зор болады: ендігі қуатыны, өткендегідей үйін іздеп қашқан бейкүнә тұтқын емес, «нақтылы кері төңкеріс ұйымдастырушы» болып есептелетіндіктен, майданның сақшылары ғана емес, жол бекеттерінің барлық сақшы, жақын маңдағы армия бөлімдерінің барлық әскері түседі соңыма. Бұл жағдайда дәрияның ар жақ беті түгіл Такламаканның құм таулы қойнаулары да ізделмей қалар ма екен!...

Дария мен қашқан абақтыдан төтелеп жүргенде бір шақырымдай ғана жерде болатын. Оған жеткенше қашқынға қолайлы қалың жыңғыл. Соның арасымен зыттым. Дарияның жырым-жырым жыра-шұқанақты құмына кіріп алған соң бірінен-біріне бұға жүгіріп-ақ өтіп кете аламын. Жыңғыл байқұс қараңғы түрмеде алты ай жатып буалдырланып қалған көзіме қарауытып көрінсе де ара арасындағы ақ тікен мен боз шеңгел көрінбей, жыңғыл арасындағы бос алаңқы соқпал жол сияқты көрінгендіктен ұшып барып талайын сүздім. Бет-аузым алдымен жараланды. Құтылу жолында жанынан кешкен адам оны тыңдайма, лезде-ақ жеттім арнаға. Қараңғыда шетсіз-шексіз аппақ «тақыр» көрінді көзіме.

Өзен арнасы мұншалық ақ тақыр емес еді. Көзіме сенбей, шетіне барып сипалап көрсем, тақыр емес, жайылып кеткен су!... Тасқын келіп қалыпты. Сарылы алыстан, арна ортасынан естілді. Аңқия қарап тұрып қалсам да қуанышы осы тасқынша тола кетті көңіліме.

Бұл, мені осы пәле районына құтқаратын тасқын. Ені ең тар жері үш-төрт километр жайылатын Тарымның дүлей тасқыны мені толқынмен орап өткізеді де, қуғыншының жолын кеседі. Тасқын қайтқанша ар жақ – бер жаққа жергілікті халықтың санаулы сушыларынан басқа ешкім қатынаса алмайтын!

Бірақ, осы түнде өтіп кету маған да аса қатерлі көрінді. Қараңғы үй әсіресе көзімді недәуір кемітіп тастапты. Тасқынның өзімен бірге ажал болып соғатын нендей сойқан айдап келе жатқаны көрінбейді. Өзенге түспей жағалап өрлеп жүргеннің өзінде де жердің ой-шұңқырын көре алмай жалп-жалп жығыла бердім. Таң атқан соң өтуге бекіп, тораңғысыз иендегі қалың жыңғыл арнасына келіп жаттым. Бұл өзен тасқынындағы менің ең қорқынышты қатерім – тораңғы тамыры. Тораңғының шырмашату ұзын тамырына толқын ұрып апарып кіргізсе, қаншалық сушыл адам да тұяқ серпи алмайды.

Менің абақтымнан басқа дүние түгел ысып алған екен. Түнде де соққан ыстық самалға денем сүйсініп, қатты ұйықтаппын. Таңертең күн шықпай оянып, алай-дүлей буырқанған дәрияға көз жүгірттім. Тасқын қаншалық құтырғанымен бұл тұста су кеуделеген тораңғы тамыры жоқ екендігі байқалды. Ал, көз жеткісіз арғы жаағалауды барғанда көрермін. Киімімді түгел шешіп, дорбаға тықтым да отыз килаға жете қоймайтын барлық жүгімді төбеме екі қолтығымнан тартып байлап алып, түсіп кеп кеттім. Ала жөнелді сары лайлы дүлей толқын. Жүз метрдей ыға малтап барғанымда аяғым жерге тиді. Алқымымнан, кеудемнен, кейде кіндігімнен ғана келетін суды жалдап өзеннің ағын орталығына жеткенімде тіпті буырқанған қаһарлы толқын көрінді, қарғылақтап секіріп, жұлқынып жұтынып жатыр.

Алты айлық мұзды абақтының мағдырымды қаншалық жегенін судың алғашқы ала жөнелгенінде-ақ байқағанмын. Тұра қалып, алдымдағы шу асау толқынның қаншалық алыпқашатындығын мөлшерледім. Ең құтырық жерінің ені елу метрден оншалық аспайтыны байқалды. Бар қуатымды осы арнаға салсам, ар жағына көп күш кетпейтін тәрізді. Ышқына жүзіп, бұл апаттан да тез өттім. Екі жүз метрдей жерге ғана тықсырыпты. Енді маған қуғыншының оғы да жетпейді!... Тағы да аяқтап жүріп, арғы жағаға сәске түсте әрең шықсам да қуанышпен жайраңдап шықтым. Майға қурылған балықтың қалғанын түгел жеп алып, аптапты жердің ыстық қара сорына тыржалаңаш құлап, қамсыз ұйқыға кеттім. Жел-құз ауруларының бірінші дәрежелі арасаны – дәл осындай ыстық қара сор деп еститінмін.

Күн еңкейе оянып киіндім де жыңғыл аралап күнбатысты бетке алдым. Қазір менің артымдағы шу Үрімжіге жетіп болды. Қуғыншы–тосқауылшылар майданнан ары қарай бар жерге тарады. Қолдарында менің бір-бір суретім де жүрген шығар. Мына жаман атағыммен ол жаққа қия басуым мүмкін емес. Егер Қазақстанға қашып өте алмасам, тіршілігім осы жерлік орынның өзінде тергеліп ақталуды қажет етеді. Ол үшін бүтіндей нахақ дело үстінен арыздануым қажет. Ал, бұл былыққан қоғамда арызымды кім тыңдар? Әкімшілік жағынан осы майданға тікелей жауапкерлікпен қарайтын орын – Ақсу аймақтық сақшы басқармасы. Бізді соттай қалса, Ақсу орта соты бекітеді. Сол орындарға өз аяғыммен барып арыздануым – ең ұтымды амал.

Осы оймен сенделектеп жүре бердім. Артымда қинаудан өлімге еріксіз мойындап жүз нешелеген сорлы жатыр. Зорлап мойындатқан қара күш, сол зорлап тапқан қара факттерімен зорлап жазалата алады. Дәл қазір атып тастай салуы бәрінен оңай. Жапан түзде сергелдең қайыршылықпен мен қанша күн көрмекпін!.. «Үй, мына соқпақпен өзеннен алыстап барамын ғой! Мұндай ыстықта судан жарты шақырым ажырамауым дұрыс!»– соқпақ жолдан шығып, өзен жаққа қиырлай беттедім. – «Иә, алдымен Ақсуға жетуім керек. Қазірше ең абзалы арыздану. Тым болмағанда өзім далдалана жүріп, мына делолас сорлылардың арызын жеткізіп кетейін!...»

Күн бата қойдың маңырағанын естіп, тораңғы арасындағы жыңғыл шарбақтың үстінен түстім. Мұртты жігіт пен ересек бала жалбарақтап қарсы алды. «Тарым майданынан келемін. Ақсу өзенінің қойнауындағы «Көкқұрақ» деген жерден бір қора қойды айдасып қайтуға жіберді» дегеннен басқа сыр білдірмей, сол шарбаққа қондым. Мен айтқан тұста Көкқұрақ деген жердің бар-жоғымен отағасының да менің де ісім болмады. Әйтеуір сәлем орнына Маужушидің қаймана үзіндісін судыратпай, мұсылмандық салтпен амандасуымыз жақындастырды. Дастарқан жасап, бір аяқ айран мен нан әкелді де ішіп болысыммен өсіп кеткен аппақ шаш, қап-қара сақал-мұртыма қарады жігіт. Ұстарасын алып, жанып-жанып жіберді де сабын мен құмған әкелді. «Мүсәпірсіз ғой, сауап болар!» дей сала сыпырды. Менің жайымды білгендігін осы «мүсәпір» деген атауымен ол аңғартты да, оның идеялогиялық жайын сол арқылы мен түсіндім. «Коммунаның бір қора малы қазір өз қолымда дей сала қой сойып, ет асты. Қоғамда болып жатқан мәселеден радио қабылдағыш арқылы естіп жатқанын ірікпей сөйлей берді. Ахуал барлық қалада да өзімнің алдыңғы көріп-естіп білгенімдей екен. Құмның ішкі жағын паналап жүрген қашқындар да көп екенін бір сөзінде білдіре салды. Осы маңдағы қойшылар оларға көмектесіп тұратын сияқты.

Қонағасының бір санын таңертең жүрерімде таяққа асып беріп қоштасты.

Кей бір бейлі нашарырақ қотанның құрметіне көйлек, иә бешпет сатып жетсем де бірнешеуі осылай, бұрынғы мұсылманшылық сауап іздеу жолымен азық беріп шығарып салды.

Қаусап қалған заманалардың иендегі қалдықтарынан көрінетін «жын ойнақ», «албасты оты» дейтіндерден оншалық сескенбесем де шошқа қабаны, ыршып қабатын оқ жылан, тінтіп жатқанда астыдан шыға келетін бүйі, шаян, қара құрт, түнде тораңғы басынан секіріп түсіп, желкеннен, алқымнан жабысатын келардан[125] сақтана жортып, бір апта жүріппін. Малшы қотаны табылмай, мүлде иенде қалған шағымдағы қоналқы орным жалаң жазықтағы қарасор болды.

Ақсу тұсына келдім-ау деген мөлшермен Тарым дәриясынан қайта өтуге дайындалдым. Тасқын әлі аунақшып-дөңбекшіп, құтыра тулап жатыр. Шешіне бастағанымда өзеннен көп адамның даңғырлаған дауысы естілді. Қанша қарасам да ештеңе көрінбеді. Жүгімді төбеме байлап алып жүзе жөнелдім. Қиын ағыстың біріне өткенімнен соң әлгі адам дауыстары қайта естілмеп еді. Аяқтап жалдап келе жатқанымда жоғары тұсымдағы жиырма, отыз метрдей ғана жақыннан қарайған бастар көрінді. Тұп-тура маған қарай жүзіп келеді. Ыға жөнелмек болғанымда төменгі жағымнан да сондай шашты бастардан бірнешеуі жақындап қалған екен. Балыққа салып жүрген ауларын жиып, бір-екеуі иықтарына асып алыпты.

Менің өзеннен өтіп кетпегімді біліп, қоршап ұстау үшін үн шығармай шеп жайғаны белгілі болды. Артыма қайрылып қайта жүздім. «Зәнжу!»[126] деп айқайлаған бұйрық дауыстарынан әскери адамдар екендігін біле сала жанталасып барып әлгі орқашты ағынға қайта түсіп кеттім. Апыл-ғұпыл киініп жатқанымда артымнан алтауы шығып бассалды.

– Қайда барасың?

– Ақсу қаласына.

– Неге қаштың?

– Өзім қашқынмын! – Бар шындығын айта салатын қашқын бола ма екен дескендей бір-біріне қарасып қарқылдасты. – Мен, Ақсу аймақтық сақшы басқармасына аарыздануға барамын!– дедім сонсоң.

Айдай жөнелді. Күн батып қас қарайғанша айдап апарып, тәртіппен салынған таскірпішті бірқанша құрылыстан өткізді де ең шеттегі бір күзет мұнарасының түбіне апарып, жер астына түсетін темір қақпақты ашты. Қолшырақ жағып, ағаш баспалдақпен түсірді де, баспалдақты сыртқа шығарып алып, қақпақты үстінен шақ-шұқ құлыптай салды. Мәңгіріп тұрып қалып едім. Ұйқысырап ыңырсыған бір дауыс естілді. Оның да зынданға түскен тұтқын екендігін сезіп, сипалап барып таптым. «Оң жағыңда орын бар» деген ханзу дауысы шықты. Жылжып барып сипалап, сабан төселген сәкіні таптым да құлай кеттім. Дене мүшелерім түгел қаусап қалғандай, қатты қалжыраппын.

Бұл майдан, өндіріс – құрылыс армиясының бір егіншілік майданы екен. Ертеңіне саяси бөліміне апарып, көзі қып қызыл жігіт пен жалғыз көзді келіншек қуыстарымнан ештеңе қалдырмай тінтіп алып тергеді. Екі мәселені ғана сұрап зіркілдеп-шаңқылдап отырып алды екеуі: «Үндістаннан шпион болып неше рет өттің?» деп бірі, «сен үш аймақтың ұлттық армиясында болған адамсың, неше ханзу өлтірдің?» деп бірі құлағымды мұжи берді. Бұл майданның да есі дұрыс адамдары қолға алынып болғанын түсінген соң несіне өкпелейін, кешке дейін сұраса да Ақсу сақшысына жетуден басқа сөз «ұқпай» өткіздім. Менің «ақымақтығымды» олар да түсінгендей, қайталап сұраққа шақырмады. Өздерінің «қарсы көзқарасындағы» он шақты жас тұтқынына қосып күріш атыздарындағы көлден жиырма неше күн арам шөп жұлғызды.

Таң бозынан қас қарайғанша судан шықпайтын ауыр жұмысқа салғандықтарын есепке алмай, тамақ расхотын сұрады сонсоң. Қараңғы зынданда екі уақыт беріп келген сұйық сары умашының ақысы 22 юан 92 тин болыпты-мыс. Саяси бөлімі тінткенде жанқалтамнан алған екі юаннан басқа бір тиінім жоқтығын айтып едім, тағы тінтті. Ышқырым мен штанымның ауынан да, ұлтарағымның астынан да ештеңе таба алмай түтіккен есепші басын қасып-қасып жіберіп, жүгіре жөнелді бастығына. Жарым сағаттан соң қайта жетті. «20 Юан 22 тиінді «кішкене ұлт» адамы болғандығың үшін кешірдік, бұл қамқорлығымызды ұмытпа!» деп келе тісті құрсау салды қолыма. Жан мылтықты бір мықтысына айдатып, Ақсу сақшы басқармасына жөнелтті.

Дәриядан моторлы қайықпен өткізген айдаушым қызылмия тамыры тиелген жүк машинасына жалынып-жалбарынып, таудай жүк үстіне әрең шығарды. Әйтеуір ең жақсысы, бір қолымды босатып, құрсаудың бір басын темір арқанға құлыптады да өзі көз алмай қарап отырды.

Ақсудың жаңа қаласының шетіне іліне сала түсірді де құрсаудың сол бос басын өз қолына алып, жетектей жөнелді мені. Малша жетектеп үлкен-үлкен көшелерді айландырды. Сақшы басқармасының залына кірген соң құрсауын қос қолыма қайта құлыптап ақырды маған. Аяғымды қағып тік тұрғызып қойып, «саяси бөлімге» киімін түзей барып кірді.

Сөйлескен сайын өрлей шыққан бір жуан дауысты естіп, есікке жақындай түстім: «қамайтын орын қалмады, қайтарып әкет өзің!» дегені анық естілді. Бір-екі аяқ дыбысы есікке қарай беттегенде шегініп, алыстап барып тоқтадым. Сәл еңкіштеу келген ірі денелі қартаң сары офицер маған анықтап үңіле қарады. Мен де түр-тұлғасына қарап, жоғарырақ дәрежелі, көне халық азаттық армия офицері екенін байқадым. Маған қарап-қарап алып, айдап келген офицерге түйіліп, зекіре сөйледі ол.

– Қаймана кетіп бара жатқан жолаушыны ұстамаңдар деп неше айттық біз сендерге?... Бұдан үш күн бұрын екеуін, алдыңғы күні екеуін, бүгін мынаны айдап келіпсіңдер! Ал, мұның киіміне, бұл жаққа өзі өтіп келе жатқанына да, денсаулығының жоқтығына да қарамай тұтқындап, куәйзы[127] салып әкеліп тұрсың!... Осындай адам өлгелі тұрып, сенен қалай қашып құтылмақ?... Бізде мұндай адамды қамайтын орын да, аурухана да жоқ, әкет өзің!... Ұқтың ба, қайт, әкет!

Айдаушым үзіл-кесіл бұйрықтан артына лажысыз бұрылып, маған беттегенде бастық та шыққан есігіне бұрылды.

– Баугау!– деп ізетпен тіктеле қалдым мен. Офицер қайта бұрылып тоқтады. Жақындап барып, ханзуша әлі де одағайлау тіліммен балдырлата жөнелдім. –Мен, Шаяр Тарым лаугай майданының абақтысынан қашып шыққанмын! – Қыс бойы салынған қыспақтан қажалып, көгала, қаракөк болып кеткен білегімді ашып көрсете сөйледім. – Осында – сақшы басқармасына арыз айту үшін қашқанмын. Мына кісілер ұстап, автомобильмен әкелмесе, жолда өледі екенмін..

Жуан офицер айдаушыма «құрсауыңды алып кете бер!»– дей сала бір ұйғырдың атын атап шақырды. Құрсаудан босаған мені бөліміне кіргізіп, есік жақтағы орындықты нұсқады. Шақырған ұйғыры өз тілмашы екен. Ол кірісімен мені ұйғырша сөйлуіме бұйырды.

– Мені сөзім ұзағырақ, сіздің жұмысыңыз асығыс болса да толық тыңдауыңызды өтінемін! Себебі, Тарым майданында менімен байланысты нахақ деломен көп адам қиналып өлім алдында жатыр. Күніне неше рет ұрып талдырып тірілтеді. Егер ақ-нахақты айыру жөнінен сіздерден көмек болмаса, көбіміз өлеміз!..

– Ал, асықпай анықтап сөйлей бер!– деді бастық. –Менің міндетім де осындай іс!

Жақында осы басқарманың қызметін әскери орын өткізіп алғанын, бұл майор, саяси бөлім бастығы болып жақында келгенін ескерте аударды тілмаш. «Тәжірибелі білімді адам» деді соңында. Пейілдеріне қарап қысқаша өмір баяным мен өзімнің қай жерде не қызметте болғандығымнан бастадым сөзді. Үкіметтің жоғары саяси орындарына баяндауға тиісті барлық арызымды бір жарым сағатта сөйлеп шықтым. Әр жерінен естелік жазып отырған бастық дәретке барып қайтып келіп жауап берді. Қалың бурыл шашты басын сипап, маған күлімсірей қарап сөйлеуінен жақсы лепес байқадым.

– Сенің бұл сөйлеген ахуалыңның бәріне сендім!–деді ол алдымен. – Бәрі рас. Жасырған, иә бұрмалаған жерің жоқ! Сен, есің дұрыс, ақылың толық қалпындағы адам. Мақсатың басқа болса, бұл жаққа қашпайсың. Бұрын бір рет қашқаныңды да, жағырапияны шекараны толық білетіндігіңді де жасырмай айттың. Бұл жақтың Совет шакарасынан қаншалық алыс, жолдың қаншалық қиын екендігін біле тұра Ақсуға қашуың, сөзсіз, басқармаға арыз айту үшін ғана қашқандығыңның факты. Осыған қарап кесіп айтуға болады, сенде ауыр қылмыс жоқ. Ауыр қылмысы бар адам сақшының өзіне қашпайды. Егер жаңылыстан өткізген мәселең бар болған күнде де өзің қорықпайтын жеңіл мәселе. Сондықтан, бізден қамқорлық күтіп келгенің рас!... Енді біз сені өз орныңа, ұрмай-қинамай, факт қойып қана тексеретін шартпен қайтарып береміз, бұған қалай қарайсың?

– Бұл заңды шартыңызға ол тергеушілерді көндірсеңіз, әрине разымын!

– Бар мәселең болса, қайтып барған соң титтейін де жасырма, жоқ мәселені мойындама!... Бұл жөнінде біз оларға да мықтап тапсырамыз!..

Осы сөзбен мені артымнан майдан кадры келгенше жата тұру үшін өздеріне қарасты абақтыға өткізіп берді. Бірақ, бұл абақтыдағы айқай мен ойбай тіпті қатты екен: жазаланған қылмыстардың күндіз-түні зар қағып, үздіксіз бебелеген дауыстары мені тағы қорқытты. «Баугау дүйжаң, мен нахақпын, нахақпын!» деп түн бойы жалына боздағанда сай сүйегімді сырқыратады. Ал, бұл абақтыдағы ашаршылықты алпысыншы жылдағы Лоптан басқа жерден көрмеппін... Екі апта өткенде алдыңғы жылы Үрімжіден алып қайтқан ұйғыр кадр тағы келіп шығарды бұл абақтыдан.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.