Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





дәріс. Илемдерді кесуге арналған жабдықтар



№14 дәріс. Илемдерді кесуге арналған жабдықтар

Пышақтары параллель орналасқан қайшылар.Блюмингтерде, слябингтерде және дайындамалық орнақтарда илемдеген квадратты, тіктөртбұрышты және дөңгелек қималы ыстық металды көлденең кесу үшін параллельді пышақтары бар қайшылар қолданылады. Бұл қайшылар сонымен қатар салқын металды көлденең кесуге де қолданылады. Тек мұндайда пышақ жүзінің пішіні кесілетін металдың көлденең қимасының пішінімен сәйкес келуі керек.

Бұл қайшылармен кескен кезде пышақ қозғалатын жазықтық (кесу жазықтығы) өзгеріссіз қылыпта болады (сурет 14.1). Қайшыда кесілетін металдың температурасы әдетте 800 – 1000 0С шамасына тең болады. Салқын күйде беріктік шегі σв = 400 ÷ 500 МПа шамасында болатын көміртекті болаттар үшін аталған температурадағы беріктік шегі 100÷150 МПа тең болады. Салқын күйде беріктік шегі σв = 1000 МПа дейін болатын қоспаланған болаттар үшін аталған температурадағы беріктік шегі 130 ÷ 180 МПа тең. Осыдан, қайшының типі мен техникалық сипатын таңдаған кезде олардың белгіленуін ескеріп барып ең үлкен кесу күшін дұрыс анықтау қажет.

Қайшының негізгі параметрлеріне мыналар жатады (сурет 14.1, а): ең үлкен кесу күші Р, пышақтың жүрісі Н, пышақтың ұзындығы L; бір минуттағы жүрістер саны (қайшының өнімділігі).

Металды кескен кезде пышақтың барлық төрт бұрышын пайдалану үшін оның пішінін симметриялы тіктөртбұрышты ғып жасау қабылданған. Үшкірлену бұрышын 900 тең қылып алады. Пышақтарды 6ХНМ таңбалы болаттан немесе термиялық өңдеуден кейін қаттылығы 400 НВ болатын Ст6 таңбалы көміртекті болаттан жасайды.

Пышақтардың жұмыс істеу мерзімін арттыру мақсатымен, олардың кескіш жүзін қатты қорытпалармен (сормайт типті) балқытып қаптастырады.

Параллельді пышақтары бар көлденең кесетін қайшыларды құрылымдары бойынша мынандай екі негізгі топқа бөлуге болады: а) жоғарғы пышағы жылжымалы қайшы (жоғарғы жақпен кесу); б) төменгі пышағы жылжымалы қайшы (төменгі жақпен кесу).

Жоғарғы пышақпен кесетін қайшысының құрылымы қарапайым. Бұл қайшының жұмыс істеу принципі мынадай: төменгі пышақ қайшы тұғырына қозғалыссыз орнатылған; жоғарғы пышақ құралкүймешікке (сырғаққа) орнатылған және қосиінді немесе гидравликалық жетек көмегімен төмен қарай қозғала отырып металды кеседі. Металды кесуді қайшы артына тербелмелі рольганг орнатқанда ғана жүзеге асыруға болатынын атап өткен жөн. Бұл қондырғының жалпы құрылымын күрделілендіреді.

 

 

1 – қыспақ; 2 – пышақ орналасқан жоғарғы құралкүймешік; 3 – жылжымалы таяныш;

4 – пышақ орналасқан төменгі құралкүймешік

Сурет 14.1 – Параллельді пышақтары бар қайшылар сұлбасы (а) және кесу кезінде әсер ететін күш (б) (прижим – қыспақ; плоскость резания – кесу жазықтығы)

 

Төменгі немесе астыңғы пышақпен кесетін қайшыларда мұндай кемшіліктер жоқ. Сондықтан олар кең қолданыс тауып отыр. Бұл қайшылардың жұмыс принципі төмендегідей: астыңғы пышақ құралкүймешікте (сырғақта) орнатылып, ол қосиінді немесе гидравликалық жетек көмегімен жоғары қарай көтеріледі; жоғарғы пышақ жоғарғы құралкүймешікте (сырғақта) орнатылған және ол да тік бағытта жылжи алады.

Кесу процесінің алдында пышақтар арасы ашылып, металл рольганг бетімен олардың арасынан өтеді. Бұл кезде астыңғы пышақ рольганг аунақшалары бетінің деңгейінен төмен орналасады да металл қозғалысына кедергі жасамайды. Содан соң металл белгіленген қалыпқа жеткенде тоқтатылып (жылжымалы таяныш көмегімен), жоғарғы пышақтың құралкүймешігі металмен жанасқанша түсіріледі; жоғарғы құралкүймешік қозғалысы тоқтаған соң астыңғы пышақтың құралкүймешігі жоғары қарай қозғалып металды кесуді іске асырылады.

Параллельді пышақтары бар қайшылар жетек түрі бойынша мынандай екі типті болып жасалады: электрлі жетегі бар; гидравликалық жетегі бар.

Қиғаш пышақты (көлбеқайшы) және дискілі қайшылар. Көлбеқайшылар құрылымы бойынша мынандай екі типке бөлінеді: ашық және жабық.

Ашық типті қайшылар (сурет 14.2, а) қысқа пышақтарға және бүйірлік ойығы бар бір тұғырға иемденген. Осы ойық арқылы кесілетін металл беріледі. Бұл қайшыларды негізінен сортты металды салқын күйінде кесу үшін қолданады. Мұнда пышақ пішіні кесілетін металл қимасының пішініне сәйкес келуі керек.

Жоғарғы (жылжымалы) пышақ еңкіш орналасқан. Еңкіштік бұрышы 2-5 0 тең.

Қайшыны қолданудың мақсатына байланысты жабық типті қайшыларды құрылымы жағынан жоғарғы немесе төменгі жылжымалы пышақты қылып жасайды.

Жоғары пышағы жылжымалы қайшыларды негізінен илемдеу цехтарында жеке немесе ағынды тізбекте табақтарды қажетті өлшемдерге даналап кескенде және табақтардың бүйір жиектерін қиғанда қолданады.

 

а – ашық типті; б – жабық типті; в – пышақ жүрісін Н анықтауға арналған сұлба Сурет 14.2 - Көлбеу қайшылардың сұлбасы

 

Жабық типті қайшылар (сурет 14.2, б) төменгі жағында маңдайшамен қосылған екі тұғырдан тұрады. Тұғырлар аралығындағы саңылауда пышақтары бар құралкүймеше жылжып тұрады. Бұл қайшыларды кең жолақтар мен табақтарды салқын, жартылай салқын және ыстық күйде көлденең кескен кезде қолданады.

Төменгі пышағы жылжымалы қайшыларды илемдеу орнағының рольгангтер тізбегіне немесе жолақтарды кесу агрегаттарында, яғни ағынды технологиялық тізбекке орнатады. Сонымен, бұл қайшылармен тек жолақтарды көлденең табақтарға кесуге немесе ұзын жолақтардың алдыңғы және артқы ұштарын қиюға болады. Бұндай жағдайда жолақтың бүйір жақ жиектерін кесуді көлденең қайшыдан кейін орналасқан дискілі қайшымен жүзеге асырады.

Жоғарғы пышағы жылжымалы қайшыларда жоғарғы пышақты еңкіш, ал астыңғы пышақты көлденең орналастырады. Кесу күшін азайту мақсатымен кесілетін табақ қалыңдығына сәйкесті еңкіштік бұрышты 1 – 60 шамасына теңеп алады (табақ қалың болған сайын еңкіштік бұрыш үлкен болуы қажет).

Астыңғы пышағы жылжымалы қайшының төменгі пышағы түзу ғып (ал үстіңгі пышақ еңкіш) немесе еңкіш қып (ал жоғарғысы түзу) орналасқан. Қайшыларды қолданудың тәжірибесі үстіңгі пышағы еңкіш қайшылармен кескенде жолақ майысатындығын, кесілген жер қиғаш болып шығатынын көрсетті. Астыңғы пышағы еңкіш қайшымен кескенде кесілген жер түзу (перпендикуляр) болып шығады. Сондықтан астыңғы пышағы жылжымалы қайшыларда төменгі пышақты еңкіш қып орналастырады.

Пышақтардың материалы 9Х, 5Х2ВС, 55ХНВ, 55ХН2Ф таңбалы болаттар, шынықтырудан кейінгі қаттылығы 55 НRС.

Дискілі қайшы. Дискілі қайшыны кең жолақтардың жиектерін және осы кең жолақтарды бірнеше тар жолақтарға ұзына бойы кесуге қолданады.

Кесу сапасы жоғары болу үшін (қылаусыз түзу кесілген жерді алу үшін) дискілі қайшыларды ∆ = 1 – 3 мм радиальды аражабынмен орналастырады (жолақ неғұрлым қалың болған сайын пышақтардың аражабыны соғұрлым кіші болады): h > 10 мм болғанда аздаған бүйірлік (көлденең) саңылау δ = (0,05 – 0,08)h бар теріс аражабынды қолданады (қалыңдығы 0,2 мм төмен жолақтарды кескенде пышақтарды саңылаусыз орналастырады). Диск қалыңдығын мынаған тең ғып: 0,06 – 0,1D қабылдайды. Пышақтар термиялық өңдеуден өткен таңбасы 5ХВС болатын хромвольфрамды болаттан жасалады (қаттылығы 60НRC). Пышақтардың үшкірлену бұрышын 900 қылып алу қабылданған (пышақтар дәлме-дәл цилиндрлік).

Егер дискілі пышақтардың центрі тік жазықтықта орналасса (сурет 14.3, а), онда жолақ пышақтардан шыққанда аздап жоғары қарай иіледі, ал кесілген бүйір жиектері алдымен көлденең бағытта, содан соң ауырлық салмағының әсерімен төмен қарай түседі. Жолақ кесілгеннен кейін түзу шығу үшін жоғарғы пышақты қозғалыс бағыты бойынша астыңғы пышаққа қарағанда ығыстырып орналастырады (сурет 14.3, б). Кесілген жиектер үлкен бұрышпен төмен қарай бағытталады (сондықтан жиектерді турау және жиектерді орау жабдықтары қайшы деңгейінен төмен орнатылады).

Жиектерді кесу үшін екі жұпты дискілі қайшылар, ал кең жолақты бірнеше кіші жолаққа тілу үшін көп жұпты дискілі қайшылар қолданылады.

Дискілі қайшымен жолақты кесу барысында кесілген жиектерді қайшыдан (қалдықтар) екі тәсілмен тазартады: 1) арнайы жиекорағыштардың атанағына жиектерді орау арқылы; 2) жиектерді қысқа жолақтарға кесіп, арнайы қорапқа жіберіп отыру арқылы.

Бірінші тәсіл өте жұқа (қалыңдығы 0,5 мм дейінгі) жолақтарды кесу кезінде қолданылады. Екінші тәсілде кесілген жиектерді қарапайым құрылымды айналмалы қайшы (жиектурағыш) көмегімен турап кеседі.

Қалыңдығы 25 мм дейінгі табақтар мен жолақтардың бүйір жиектерін кесу үшін жиектурағыш қайшымен бір жиынтықта жасалған дискілі қайшы қолданылады.

Жедел қайшылар. Жедел қайшылар жоғары жылдамдықпен қозғалатын металды кесуге арналған.

Көпшілік жағдайда бұл қайшылардың жұмысқа қабілеттілігі илемдеу орнағының өнімділігін анықтайды (мысалы, үздіксіз дайындамалық орнақ).

Жедел қайшылардың мынадай негізгі типтері қолданылады: атанақты, иінтіректі-қосиінді, маятникті және т.б.

 

 

а – пышақтар бір тік жазықтықта орналасқан; б – жоғарғы пышақ жолақ қозғалысы бағытына қарай ығысып орналасқан

Сурет 14.3 – Дискілі қайшымен металды кесу сұлбасы (полоса – жолақ; кромка – жиек)

 

 

Атанақты (екі атанақты) қайшылар құрылымы жағынан қарапайым және оларды сенімді пайдалануға болады. Олар қалыңдығы 30 мм дейін кең болаттан жасалған жолақтарды ыстықтай кескенде, қалыңдығы 3 мм дейінгі болаттан жасалған жолақтарды суықтай кескенде және майда сортты пішіндерді ыстықтай кескенде кеңінен қолданыс тапты.

Бұл қайшылардың құрылысы мен жұмыс істеу принципі мынадай тәртіппен атқарылады (сурет 14.4, а).

 

1 – беріліс аунақшалары; 2 – пышақтар орналсақан атанақ; 3 – пышақтар; 4 – рольганг аунақшалары

Сурет 14.4 – Жедел қайшы (а)және жолақты кесудің сұлбасы (б)

 

Екі атанаққа пышақтар радиальды бекітілген (әрбір атанақа бір-бірден немесе бірнешеден). Жолақ үздіксіз қозғалыста болады және қайшыға беріліс аунақшаларды қолданып (немесе үздіксіз орнақтардың соңғы қапастарының пішінбіліктерін қолданып) тұрақты жылдамдықпен vр = vn беріледі. Үстіңгі және астыңғы пышақтар кездескенде жолақты кесу іске асырылады. Кесілген жолақ бөліктерінің арасын ажырату үшін қайшыдан кейінгі орналасқан аунақшалардың жылдамдығы қайшы алдында орналасқан аунақшалар жылдамдығынан артық болуы керек.

Атанақ тұрақты жылдамдықпен бірқалыпты айналатын болғандықтан және айналмалы массаның толық теңгерілуіне байланысты бұл қайшылар металл 15 м/с және одан да жоғары жылдамдықпен қозғалған кезде оларды кесуге мүмкіндік береді. Бірақ-та бұл қайшылардың мынадай кемшіліктері де бар:

1) пышақтардың кесуші жиектерінің қозғалыс траекториясы шеңберлі. Сондықтан пышақтар көлденең қозғалыста болатын жолақпен кездескен кезде кесу айнымалы бұрышпен жүргізіледі және жолақтағы кесу жазықтығы тік болмайды (сурет 17.4, б). Бірақта бұл кемшілік жұқа жолақтарды кескен кезде елеулі әсерін тигізбейді;

2) жолақты кесу параллельді қайшылармен іске асырылады, яғни оның бүкіл ені бойынша бір мезгілде кесу жүргізіледі. Осының себебінен жолаққа динамикалық әсермен үлкен кесу күші түсіріледі. Бұл күштің мәнін төмендету үшін бір пышақты еңкіштеу орналастырған (көлбеу қайшы принципімен) немесе шевронды қылған жөн. Бірақ, кең жолақтарды үлкен жылдамдықпен кескен кезде бұл принципті іске асыру үшін пышақтардың аралығындағы бүйірлік саңылауды үлкейту қажет болады. Бірақта бұны ылғида қолдану дұрыс емес.

Металды кескен кезде атанақты жедел қайшылар негізгі екі режіммен жұмыс істейді: 1) кезеңді жүргізіп жіберу және тоқтату; 2) атанақтың үздіксіз айналдыру.

Кезеңді жүргізіп жіберу режімі екі жағдайда қолданылады: 1) жолақтың алдыңғы ұшын тегістеп кескенде (пішіні дұрыс қалыптаспаған); 2) жолақты тоңазытқышқа жіберуге дайындап ұзын тілімшелерге кескенде.

Дискілі ара.Фасонды пішіндерді қайшымен кескен кезде жұқа сөрелері мен қабырғалары жапырылып майысып қалатын себептен, қоставрлы арқалықтарды, квадрат және дөңгелек қималы дайындамаларды және басқа да фасонды пішіндерді өлшемді ұзындықтарға кескенде, сонымен қатар олардың ұштарын тегістеп кескенде дискілі араларды қолданады.

Дискнің құрылымына сәйкесті араларады мынандай екі топқа бөледі: ыстықтай кесетін; суықтай кесетін (үйкелісті аралар). Бірінші топқа жататын аралар тісті болып келеді, ал екінші топтағы аралардың дискілері тегіс жүзді. Мұнда кесу процесі жылдам айналатын дискі мен металдың арасында болатын үйкеліс әсерінен металдың балқуы нәтижесінде жүреді. Бұл аралардың өнімділігі ыстықтай кесуге арналған аралардан әжептеір төмен.

Араның өнімділігі жоғары болу үшін дискілердің айналу жылдамдығы өте жоғары болуы керек.

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.