бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзi
4-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзi
1. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi құрайды. 1-1. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 2. Республика Бас Прокурорының келiсiмi бойынша жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар өз құзыретi шегiнде осы Заң негiзiнде жедел-iздестiру шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу тактикасын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер шығарады. Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.08.09 N 346, 2009.07.17 N 187-IV Заңдарымен.
5-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау 1. Осы Заңмен көзделмеген мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргiзу барысында алынған хабарламаларды пайдалануға жол берiлмейдi. 2. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның iс-әрекетi жөнiнде жоғары тұрған органға, не прокуратураға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн. 3. Қылмысты әзiрледi немесе жасады деген кiнәсi заңмен белгiленген тәртiпте дәлелденбеген адам жедел-iздестiру қызметiн жүргiзушi органнан мемлекеттiк немесе басқа да заңмен қорғалатын құпияны жария етуге жол бермейтiн шекте өзiн тексеру үшiн негiз болған және өзiне қатысы бар хабарламалардың сипаты туралы мағлұматтарды талап етуге құқылы. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның арызданушыға қажеттi мағлұматтарды беруден бас тартуы туралы шешiмiн негiзсiз деп таныған ретте, сот өзiнiң дәлелдi шешiмiмен, ал прокурор - ескертуiмен аталған органды осы баптың 3-тармағында көзделген мағлұматтарды арызданушыға беруге мiндеттей алады. 4. Шағымды толық және жан-жақты қарауды қамтамасыз ету мақсатында прокурордың немесе судьяның талап етуi бойынша құпия көмекшiлердiң және штаттық жасырын қызметкерлердiң жеке басы туралы мағлұматтардан басқа барлық жедел-қызметтiк құжаттар берiледi. 5. Жедел-iздестiру қызметi нәтижесiнде алынған, адамның жеке өмiрiне, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне қатысты мәлiметтер, егер оларда заңмен тыйым салынған iс-әрекеттер жасағаны туралы ақпарат болмаса, сақталуға жатпайды және жойылады. Қылмыс жасаған кiнәсi заңда белгiленген тәртiппен дәлелденбеген, сондай-ақ оларға қатысты қылмыстық iс қозғалмаған адамдарға қатысты жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде алынған материалдар тиiстi жедел есепке алу iсi тоқтатылған кезден бастап бiр жыл сақталып, содан соң жойылады. Өздерiне қатысты қылмыстық iс қозғалмаған адамдардың телефон арқылы және өзге де сөйлесулерiн тыңдау нәтижесiнде алынған фонограммалар мен басқа да материалдар тиiстi жедел есепке алу iсi тоқтатылған кезден бастап алты ай iшiнде жойылады, ол жөнiнде хаттама жасалады. Прокурордың санкциясы негiзiнде жүргiзiлген жедел-iздестiру iс-шараларының нәтижелерiн көрсететiн материалдар жойылатын күннен үш ай бұрын ол жөнiнде тиiстi прокурорға хабар берiледi. Барлау және қарсы барлау қызметi процесiнде, сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы iс-қимыл саласында алынған жедел-iздестiру iс-шараларының нәтижелерiн сақтау мен жоюдың тәртiбi және мерзiмдерi ведомстволық нормативтiк актiлерде белгiленедi. Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.17 N 187-IV, 2010.05.27 № 279-IV Заңдарымен.
|