Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ыртыс  -  жұлындық жолдар 



                       Қыртыс  -  жұлындық жолдар 

Қыртыс - жұлындық алдыңғы  және латералды жолдар, tractus corticospinales, anterior et lateralis, орталықалдындағы қыртыстың жоғарғы үштен екі бөлігінен басталып, төмен жүреді де, ішкі қапшықтың, capsula interna, артқы аяқшасының алдыңғы бөлігі арқылы өтеді. Одан кейін ортаңғы мидың аяқшасы, көпірдің және сопақша мидың алдыңғы (вентралды) бөліктері арқылы төмен түседі (44 – сурет).  Сопақша ми арқылы өткен кезде олар пирамидаларды, pyrames, түзеді. Сопақша мидың жұлынмен шекаралас төменгі бөлігінде, пирамидалық жолдың бір бөлігі қарсы жаққа өтіп, пирамидалар қиылысын, decussatio pyramidum, құрайды. Қарсы жаққа өткен бөлігі жұлынның бүйір жіпшесі арқылы төмен түседі де қыртыс - жұлындық латералды жол, tractus corticospinalis lateralis, ал, жұлынның алдыңғы жіпшесімен тік төмен түсетін бөлігі,  қыртыс - жұлындық алдыңғы жол,tractus corticospinalis anterior - деп аталады. Қыртыс-жұлындық алдыңғы жол, сегмент сайын жұлынның ақ дәнекері, comissura alba, арқылы қарсы жаққа өтіп, алдыңғы мүйіздің қозғалтқыш нейрондарында аяқталады. Қыртыс - жұлындық латералды жолдың да талшықтары алдыңғы мүйіздің қозғалтқыш ядроларына барады. Сонымен, пирамидалық жолдың үш бөлігінің де талшықтары қарсы жаққа өтіп, қиылысады.

Қозғалтқыш нейрондардың аксондары жұлын нервтерінің құрамында қаңқалық бұлшықеттерді нервтендіреді. Мысалы: орталық, кәріжілік, шынтақ жілік нервтерінің құрамында - қол бұлшықеттерін; сан, шонданай нервтерінің құрамында - аяқ бұлшықеттерін нервтендіреді.

 

44 – сурет. Қыртыс - жұлындық жолдар.

1 – орталықалдындағы қатпар; 2 - таламус; 3 – қыртыс – ядролық жол; 4 – ортаңғы ми; 5 – көпір; 6 – сопақша ми; 7 – пирамида қиылысы; 8 – қыртыс – жұлындық латералды жол; 9 – жұлын; 10 – қыртыс – жұлындық алдыңғы жол.

 

                      Экстрапирамидалық өткізгіш жолдар

        Үлкен ми қыртысы организмнің көлденең жолақты бұлшықеттерінің қызметін пирамидалық және экстрапирамидалық жолдар арқылы басқарады. Филогенездік дамудың, ми қыртысы мен пирамидалық жүйенің әлі пайда болмаған кезеңінде (балықтарда) - экстрапирамидалық жүйе рецепторлар арқылы ағзалардан ақпараттарды қабылдап, организмнің оларға – бұлшықеттердің қарапайым автоматтық (санасыз іске асатын) қозғалыстары арқылы жауап беруін қамтамасыз етіп отырды.

     Экстрапирамидалық жүйе жоғары  шартсыз рефлекстерді  қамтамасыз етеді, яғни қаңқалық бұлшықеттердің  жиырылу реттілігін  және тонусын санасыз түрде («автоматты түрде») қамтамасыз етіп отырады. Мысалы: адамның білекті бүгу туралы тілегі пирамидалық жол және  жұлын нервтері арқылы саналы түрде орындалса, білектегі бұлшықеттердің жиырылу реттілігі – экстрапирамидалық жол мен жұлын нервтері арқылы санасыз, автоматты  түрде іске асады. Экстрапирамидалық жүйенің қызметі үлкен ми қыртысының бақылауында болады.

       Экстрапирамидалық жүйені: үлкен мидағы жолақты дене, corpus striatum, (құйрықты және жасымықтәрізді ядролар), шарбақ, claustrum; аралық мидағы – таламус, thalamus; ортаңғы  мидағы - қызыл ядро, nucleus ruber, және қара зат, substantia nigra; көпірдегі - кіреберістік ядролар, nucll. vestibulares;  сопақша мидағы – оливалық ядро, nucleus olivaris; мишық, cerebellum, және торлы құрылымның, formatio reticularis, ядролары құрайды.

    Экстрапирамидалық жүйені құрайтын ядролар өзара және үлкен ми қыртысымен тығыз байланыста болады. Экстрапирамидалық жүйенің өткізгіш жолдарына: төбе - жұлындық жол, tractus tectospinalis; қызыл ядро – жұлындық жол, tractus rubrospinalis; кіреберіс - жұлындық жол, tractus vestibulospinalis; торлы – жұлындық жол, tractus reticulospinalis, жатады. Осы төмендеген өткізгіш жолдар жұлынның алдыңғы мүйізінде орналасқан қозғалтқыш нейрондарда аяқталады. Қозғалтқыш нейрондардың аксондары жұлын нервтерінің құрамында (n.radialis, n.femoralis, т.б.) қаңқалық бұлшықеттерді нервтендіреді.

     Қызыл ядро - жұлындық жол, tractus rubrospinalis. Ортаңғы мидың қызыл ядросы экстрапирамидалық  жүйенің орталығы болып табылады (45 – сурет). Ол үлкен ми қыртысы мен және экстрапирамидалық жүйеге жататын барлық анатомиялық құрылымдармен байланыста болады. Қызыл ядродан шығатын төмендеген қызыл ядро - жұлындық жол ортаңғы мидың жамылғысында қарсы жаққа өтіп, жамылғының вентралды(Форел)  қиылысын түзеді. Көпір, сопақша ми арқылы төмен жүріп, олардағы бассүйек нервтерінің қозғалтқыш ядроларына талшықтар береді де, жұлынның бүйір жіпшесі арқылы өтеді. Оның талшықтары  жұлынның алдыңғы мүйізінде орналасқан қозғалтқыш ядроларда аяқталады. Қозғалтқыш нейрондардың аксондары жұлын нервтерін құрайды. Бұл жол арқылы  көлденең жолақты бұлшықеттердің автоматты қозғалысы қамтамасыз етіледі.

 

 

45 – сурет. Қызыл ядро - жұлындық жол.

1 – ортаңғы ми; 2 – қызыл ядро; 3 - қызыл ядро - жұлындық жол; 4 – мишық қыртысы;  5 – тістік ядро; 6 – сопақша ми; 7 – жұлын.

 

    Төбе – жұлындық жол, tractus tectospinalis. Бұл жол қыртысастылық көру орталығы болып табылатын ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төбешіктерінен және қыртысастылық есту орталығы - төменгі төбешіктерінен басталады.

     Бұл жол кенеттен, ойламаған жерден пайда болған ақпаратқа (нервтік тітіркендіруге)  организмнің тез жауабын қамтамасыз етіп, қорғаныс қызметін атқарады. Мысалы күтпеген жерденпайда болған жарыққа (кескінге)  немесе дыбысқа организм селк етіп немесе басқаша түрде жылдам жауап береді.

    Төбе – жұлындық жол төмен жүріп, орталық сұр затты айналып өтіп - жамылғының дорсалды қиылысын (фонтантәрізді Мейнерт қиылысын) түзеді. Одан кейін көпір, сопақша ми арқылы төмен жүреді де, бассүйек нервтерінің қозғалтқыш нейрондарына талшықтар береді. Одан кейін жұлынның алдыңғы жіпшесі арқылы төмен түсіп, жұлынның қозғалтқыш нейрондарында аяқталады.

     Кіреберіс – жұлындық жол, tractus vestibulospinalis.Ромбтәрізді шұңқырға проекцияланатын кіреберіс - ұлу нервінің латералды және төменгі кіреберістік ядроларынан басталып, жұлынның  алдыңғы  жіпшесі  арқылы  түседі де, алдыңғы мүйізде орналасқан қозғалтқыш ядроларда аяқталады. Бұл жол дененің тепе – теңдігін қамтамасыз етеді де, мишықпен байланыста болады.

   Торлы жұлындық жол, tractus reticulospinalis , ми діңінің торлы құрылымынан, formatio reticularis, басталып жұлынның алдыңғы жіпшесі арқылы төмен түседі де, алдыңғы мүйізде орналасқан қозғалтқыш ядроларда аяқталады. Бұл жол жұлынның қозғалтқыш нейрондарының қызметіне белсендіруші немесе тежеуші әсер етеді. Торлы құрылымының ядролары үлкен ми сыңарларының базалды ядроларымен байланыста болады.

 

 

     Үлкен ми қыртысынан мишыққа баратын төмендеген жолдар.

     Мишық - ортаңғы мидың қызыл ядросы және көпірдегі кіреберістік ядролармен байланыстары арқылы - бас, тұлға, қол мен аяқ бұлшықеттерінің жиырылуын үйлестіруге қатысады.

     Үлкен ми сыңарлары мишықтың қызметін басқарып реттеп отырады. Оның бұл қызметі қыртыс – көпір – мишық жолы, tractus corticopontocerebrallis, арқылы іске асады. Бұл жолдың бірінші нейрондарының денесі маңдайлық, шекелік, самайлық және шүйделік үлестердің қыртысында орналасады (5 қабатта).

     Осыған байланысты: маңдай көпірлік жол, tractus frontopontinus, және шүйде – самай - шеке – көпірлік жол, tractus occipitotemporoparietopontinus, ажыратылады. Олар үлкен мидағы ішкі қапшық, capsula interna,арқылы түсіп ми аяқшасының медиалды және латералды бөліктері арқылы өтеді де, көпірде қыртыс – көпір жолына, tractus corticopontinus, бірігеді. Бұл жол көпірдің меншікті ядроларында аяқталады. Меншікті ядро нейрондарының аксондары қарсы жаққа өтіп көпір – мишық жолын, tractus pontocerebrellaris, түзеді де, мишықтың ортаңғы аяқшасын құрайды. Бұл талшықтар мишық сыңарларының қыртысында аяқталады.

      Сонымен, үлкен ми сыңарлары мишықтың қарама – қарсы сыңарларымен байланыста болады. Сондықтан үлкен ми қыртысы неғұрлым күшті дамыса, мишық қыртысы да соғұрлым күшті  дамиды.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.