Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Жұлыннан басталатын жоғарылаған (афферентті) өткізгіш жолдар



Жұлыннан басталатын жоғарылаған (афферентті) өткізгіш жолдар

Жоғарылаған өткізгіш жолдар түрлі рецепторлардан басталуына байланысты:      1) экстероцепторлық; 2) проприоцепторлық және 3) интероцепторлық  – деп, үш топқа бөлінеді.

 

Экстероцепторлық өткізгіш жолдар

Экстероцепторлық өткізгіш жолдар тері және сезім ағзалары (көру, есту, дәм сезу және иіс сезу ағзалары) арқылы сыртқы ортадан қабылданатын импулстерді үлкен ми қыртысына жеткізеді.

 

      Ауырсыну және температура сезімталдығының өткізгіш жолы, жұлын-таламустық латералды жол, tractus spinothalamicus lateralis, деп аталады  ( 39 – сурет ) . Бұл өткізгіш жол үш нейроннан тұрады. Бірінші, сезімтал нейронның денесі жұлын түйінінде жатады, оның шеткі ұзын өсіндісі (дендриті) теріде орналасқан рецепторы арқылы – ауырсыну және температура сезімін қабылдап, орталық қысқа өсіндісі (аксоны) арқылы – жұлынның артқы мүйізінде орналасқан екінші, аралық нейронға (nuclei proprii) жеткізеді. Сезімтал нейрондардың орталық өсінділері жұлынның артқы түбіршігін түзеді. Екінші нейронның аксоны жұлынның қарсы жағына ақ дәнекер, comissura alba, құрамында   2-3 сегмент жоғары көтеріліп, бүйір жіпшеге өтеді де, жұлын-таламустық латералды жолды түзеді. Бұл жол жоғары көтеріліп – сопақша мидың, көпірдің артқы бөліктері, ортаңғы мидың жамылғысы – арқылы өтеді де, үшінші, аралық нейрон жататын таламусқа келеді. Үшінші нейрондардың аксондары ішкі қапшықтың, capsula interna, артқы аяқшасы арқылы өтіп, үлкен ми сыңарының қыртысындағы орталық артындағы қатпарда, gyrus postcentralis, аяқталады.  Жұлын-таламустық латералды жолдың алдыңғы бөлігі арқылы –  ауырсыну, артқы бөлігі арқылы – температура сезімталдығы беріледі. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл жол жұлынның қарсы жағына өтеді, сондықтан жұлынның бір жартысы зақымданғанда, дененің қарсы жағындағы, зақымданған жерден төмен орналасқан бөлігінде ауырсыну және температура сезімталдығы толығымен жойылады.

 

39 – сурет. Ауырсыну және температура сезімталдығының ( жұлын – таламустық латералды жол ), жанасу және қысым сезімталдығының (жұлын-таламустық алдыңғы жол ) өткізгіш жолдары.

1 - жұлын – таламустық латералды жол; 2 - жұлын-таламустық алдыңғы жол; 3 – таламус; 4 – латералды ілмек; 5 – ортанғы мидың көлденең кесіндісі; 6 – көпірдің көлденең кесіндісі; 7 - сопақша мидың көлденең кесіндісі; 8 – жұлын түйіні; 9 – жұлынның көлденең кесіндісі.

 

Бассүйек нервтері арқылы нервтенетін бас терісінен келетін импулстер V, VII, X жұп нервтер құрамында өтіп олардың сезімтал ядроларына аяқталады. Бұл жерден таламусқа барады, одан жоғары көтеріліп, gyrus postcentralis -те аяқталады.  

2. Жанасу және қысым (тактилдік) сезімталдығының өткізгіш жолы, жұлын-таламустық алдыңғы жол, tractus spinothalamicus anterior, деп аталады. Бұл өткізгіш жол да үш нейроннан түзілген. Бірінші, сезімтал нейронның денесі жұлын түйінінде жатады, оның шеткі ұзын өсінділері (дендриттері) теріде орналасқан экстероцепторлары арқылы жанасу және қысым сезімін (ақпаратты) қабылдап, нервтік импулсті қысқа орталық өсінділеріне (аксондарына) өткізеді. Олар артқы түбіршік құрамында жұлынға келіп екіге бөлінеді. Бірінші, негізгі бөлігі артқы мүйіздегі екінші, аралық нейрондарда (сілікпетәрізді ядрода, substantia gelatinosa) аяқталады. Екінші, аралық нейронның аксондары, ақ дәнекер, comissura alba, арқылы жұлынның қарсы жағына 2-3 сегментке жоғары көтеріліп – алдыңғы жіпшеге өтеді. Бұл жол жоғары көтеріліп – сопақша мидың, көпірдің артқы бөліктері, ортаңғы мидың жамылғысы – арқылы өтіп таламустағы үшінші, аралық нейрондарда аяқталады.

      Сопақша мидың оливасынан жоғары бұл жол жұлын-таламустық латералды жолмен қатар жүреді де, екеуіжұлын ілмегі, lemniscus spinalis, деген екінші атауға ие болады.

      Үшінші нейрон талшықтары (аксондары) ішкі қапшықтың, capsula interna, артқы аяқшасы арқылы өтіп, үлкен ми сыңарының орталық артындағы қатпарында, gyrus postcentralis, аяқталады.

      Сезімтал нейрондардың орталық өсінділерінің екінші бөлігі, жұлынның артқы жіпшесіне өтіп, саналы проприоцептивтік сезімталдықтың өткізгіш жолының (жіңішке және сынатәрізді жолдар) құрамында жоғары көтеріліп, сопақша мидағы жіңішке және сынатәрізді ядролардағы екінші (аралық) нейрондарда аяқталады. Екінші нейрондардың аксондары қарсы жаққа өтіп, медиалды ілмектің (саналы проприоцевтивтік жол) құрамында таламусқа келеді. Таламустағы үшінші нейрон талшықтары ішкі қапшықтың, capsula interna, артқы аяқшасы арқылы (таламус-қартыстық жол, tractus thalamocorticalis) өтіп, үлкен ми сыңарының орталық артындағы қатпарында, gyrus postcentralis,аз бөлігі (5-10%) шекелік жоғарғы үлесшеде, lobulus parietalis superior, аяқталады.

Жұлынның бір жағы зақымданғанда, жанасу және қысым сезу сезімталдығы дененің екінші жағында толығымен бұзылмайды, өйткені ол жақта қиылыспай, артқы жіпше арқылы өтетін жол орналасқан.

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.