Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Түркістан (Қоқан) автономиясының құрылу тарихы мен Мұстафа Шоқайдың қызметін баяндаңыз.



73.Түркістан (Қоқан) автономиясының құрылу тарихы мен Мұстафа Шоқайдың қызметін баяндаңыз.

Түркістан Автономиясы, Қоқан автономиясы — Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік "еуропалық" ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Сонымен, 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Мұстафа Шоқай (1886-1941)-отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. 1917 жылдың 16-21 сәуір аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-сьезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болады. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдарының қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етеді. М.Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты. Түркі - мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі - мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды. Мұстафа Шоқай - бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер. Аса көрнекті саясаткер Мұстафаның ұстанған жолы - халыққа тәуелсіздікті қантөгіс арқылы емес, керісінше, дүниежүзіндегі демократиялық күштерді араластыру арқылы бейбіт жолмен алу болды. Ол үшін халықтың сана-сезімін ояту қажет еді. Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын жете түсінген Мұстафа кеңес үкіметінің қол астындағы мұсылмандар қауымының да жеке-дара күресі арқылы тәуелсіздік ала алмайтынын анық болжай білді. Ұлы күрескер бүкіл түркі тектес исі мұсылман қауымын түгел көтеруді мұрат тұтты.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.