Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Тері шикізатының гистологиялық құрылымын зерттеу



2.2 Тері шикізатының гистологиялық құрылымын зерттеу

Терінің құрлысы мен қасиеттері жануардың түрлеріне қарай өзгешелікте болумен қатар бір терінің топографиялық бөліктерінде де өзара өзгешелікте болады. Бұл өзгешеліктер терінің тауарлық қасиеті мен сапасын айқындай отырып, терінің өңдеу технологиясын әзірлеу, өндірістік мақсатқа пайдалану бағдарын анықтаудың негізі болып табылады.

Терінің құрылыс, құрылымы мен химиялық құрамын білу - тері шикізатын алғашқы және өндірістік өңдеу жұмысын жүргізуде аса маңызды рол атқарады. Тері құрылысы жасуша және талшықтық құрылым мен жасуша аралық заттардың құрамынан тұратын ұлпалар жүйесінен құралады. Тірі ағза соның ішінде терінің өсіп дамуының негізі жасушаның тіршілік әрекетіне байланысты болады. Жасушаның кескіндері әртүрлі болуы мүмкін, жануар жасушасы әдетте фротоплазма және ядродан тұрады. Ядро фротоплазманың ішінде орналасқан, өте жұқа (нәзік) ішкі қабықтармен қапталған. Кейбір жасушалар қабықшасыз, ал фротоплазмада кескін (форма) жоқ, кейде жіп тәрізді өскін түрінде болады. Дене ұлпаларының өсуі олардағы жасушалардың бөлініп, көбеюі арқылы жүріледі.

Жануарлардың тері жамылғысы негізінен эпителиялдық және дәнекер ұлпалардан тұрады. Эпителиялдық ұлпа тері жамылғысының сыртқы бөлігі - эпидермисті түзеді. Жалпы терінің құрлысы үш қабатқа бөлініп қарастырылады. Олар: эпидермис, дерма, тері асты жасушалары немесе терінің шел беті(1-сурет).

 

Сурет 5. Терінің негізгі құрылымы. 1. Жүн талшығы 2. Май бездері 3. Жүн талшығының дорбашасы 4. Тер бездер 5. Коллаген  талшықтарының шоғыры 6. Май жасушалары

 

Эпидермис - дененің сыртын тұтастай жауып тұратын, терінің ең үстінгі қабаты. Бұл сөз грек тілінен шыққан үстіңгі жақ, derma-тері деген мағынаны білдіреді. Эпидермис өзі бес қабаттан тұрады, бұл әсіресе эпидермис қабаты қалың болып келетін терілерде жақсы байқалады.

Эпидермистің қалыңдығы терінің жалпы қабатының 1,5% иеленеді. Жүн жамылғысы нығыз болып келетіні теріде (Мысалы, аң терілері, қой, ешкі терілері) эпидермис өте жұқа, ал сирек жүнді терілерде (шошқа терісі) қалыңдау болады. Терінің мүлде жүн жамылғысыз бөлігінде (аяқтың табаны, тұмсықтың ұшы) эпидермистің қалыңдығы өте жоғары болады.

Эпидермис қабатында қан тамырлары жоқ болғандықтан ұша жасушалары астыңғы дерма қабатының емізікшелері арқылы азықтанады. Сондай-ақ бұл емізікшелер эпидермис пен дерма қабатын нығайтады. Әр түрлі жануарлардың терісінің эпидермисіне сұғынған емізікшелердің кескін мөлшері әртүрлі болатындықтан өңделген терінің бет жағының бедеріде әртүрлі болып келеді.

Эпидермис қабаты бірдей пішінді тері ұлпаларынан тұрады. Олар жануарлардың тірі кезінде үнемі бөлініп, көбеюмен болады. Сонымен қатар ұлпа дермадағы қоректерінің көзінен біртіндеп алыстайды. Сол кезде фротоплазманың құрамы азайып жасушалар құрғай бастайды. Сөйтіп мүйізденіп, дермамен өзара байланысы үзіліп, сыртқа шығып қалады. Мұндай үдеріс жануарлардың түлеуі кезінде жүріледі.

Әдетте эпидермистің сыртқы жағын жылтыр мүйізді қабықша жауып тұрады. Ол қабықша терідегі май бездерінен бөлініп шыққан тері майының арқасында денеге су өткізбейді.

 

 

Сурет 6. Эпидермистің құрылымы Эпидермистің негізгі бес қабаты мыналар: 1) Негізгі немесе ең астыңғы өсімтал қабаты. 2) Торлы қабаты. 3) Дәнді (түйірлі) қабаты. 4) Мөлдір қабаты. 5) Мүйізді қабаты.  

 

Негізгі қабатының әрбір ұлпасы, өсіп жетілу барысында өзінің целиндір пішінін біртіндеп өзгертіп торлы пішінге айналады. Онда түйіршіктер (дәндер) пайда болып, олар мөлдірлене келе мүйізденеді. Терінің эпидермис қабатының өте жұқа яғни нашар дамыған бөліктерінде жоғарыдағы қабатын айқын аңғару мүмкін емес, сондықтан практикада эпидермисті екі негізгі яғни өсімтал қабаты және сыртқы немесе мүйізді қабаты деп екі бөлікке бөліп қарастырылады. Ал, теория жүзінде бес қабатқа бөліп қарастырады: эпидермис су және химиялық заттар мен бактерияларды өткізбейтін нығыз қабат болғандықтан теріні тұздау, алғашқы өңдеу шаралары, шел қабаты жағынан жүргізіледі. Теріні былғарылық мақсатта өңдегенде эпидермис қабаты біржола алынып тасталады.

Дерма (өзек қабаты). Бұл қабат - эпидермистің астында орналасқан, терінің негізгі қабаты. Дерма қабаты терінің жалпы қалыңдығының 95-98% иеленіп, эпидермисті қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ эпидермиске тұғыр (тірек) бола отырып денені механикалық әсерлерден қорғайды және тұтастай тері жабынының беріктігін қамтамасыз етеді. Дерма қабатының негізін коллаген ақуызын құрайды. Яғни дерма қабатының 90-95% коллаген ақуызының талшықтарынан, 1-5% эластин, ретикулин ақуызының талшықтарынан түзіледі." Коллаген" гректің kollia-желім, gens-түзілдіргіш (тудырғыш) деген мағыналы сөзінен шыққан.

Эластин - гректің жұмсақ, майысқақ, ретикулин латынша тор - деген мағынаны білдіретін сөздерінен шыққан. Дерма емізікті және торлы қабаттан тұрады. Емізікті қабат дерманың үстіңгі бөлігін, торлы қабаты астыңғы бөлігін құрайды. Бұл екі қабаттың аралығын жүн талшықтары түбірінің астыңғы шеті арқылы ажыратады. Сонымен қатар тері және май бездері орналасқан. Емізікті қабат негізінен коллаген және эластин талшықтарынан тұрады.

Емізікті қабаттың үстіңгі бөлігіндегі коллаген талшықтары төменгі бөліктегіден едәуір жіңішке, ал өрмесінде белгілі кескін жоқ. Емізікті қабаттың төменгі бөлігіндегі коллаген талшықтары жүн (түк) дорбашалары мен тері бездерінің арасына тік немесе көлбеу орналасқан. Көпшілік жағдайда емізікті қабаттың коллаген талшықтарының өрмесі тығыздығы жағынан торлы қабаттағыларға жетпейді.

Емізікті қабатында эластин талшықтары аса мол. Олар эпидермис пен дерма арасына аса жіңішке жіптер тәріздес болып тарамданып орналасқан. Торлы қабатқа жақындаған сайын эластин талшықтары жуандайды. Емізікті қабатта сондай-ақ ретикулин талшықтары да кездеседі. Сонымен қатар фиброцит, гистоцит, лимфоцид қатарлы жасуша элементтері, май және бояғыш жасушалар орналасқан. Емізікті қабатта жүн дорбашалары, тері және май бездері көп, коллаген талшықтарының өрмесі жіңішке әрі сирек болатындықтан беріктігі торлы қабатқа жетпейді.

Өндірісте тері өңдеу барысында жоғарыдағы заттар теріден шығып қалатындықтан емізікті қабаттың құрылымы сирейді. Сондықтан емізікті және торлы қабаттардың өзара қатынасы терінің беріктік қасиетін анықтайды.

Емізікті қабаттың қалыңдығы түк дорбашығының орналасу деңгейіне сәйкес келетіндіктен малдың түлігі, жынысы, жасы мен қоңдылығына байланысты болады. Мысалы, емізікті қабат сиыр терісінің дерма қабатының 25-30%, жылқы терісінде 40%, ешкіде 50-60%, қойда 50-70% иеленеді. Кейбір жануарларда қылшық яғни жүн талшығы теріні тұтастай көктеп өтетіндіктен (мысалы, шошқа терісі) дерманы тек қана емізікті қабат құрайды.

Дерманың торлы қабаты нығыз болып келеді. Ондағы коллаген талшықтары өзара күрделі өріліп недәуір жуантық шоғырларды түзеді. Мұнда жүн дорбашығы мен тері бездері жоқ, эластин талшығы нашар дамыған. Торлы қабаттың астыңғы бөлігінде коллаген талшықтары біраз жіңішкеріп, көлденең өрме жасап орналасқан.

Коллаген талшықтары жуан әрі нығыз, тер, май бездері мен жүн (түк) дорбашалары жоқ себепті торлы қабаты берік, әрі мықты болады. Сондықтан торлы қабат қаншалықты қалың болса терінің беріктігі соншалық жоғары болмақ.

Коллаген талшықтарының өрілу кескіні үш түрлі болады:

1) ромбы кескін,

2) түйден кескін,

3) жатық толқын тәрізіндегі кескін.

Бұлардың ішінде ромбы тәрізіндегі тор көзді өрілім терінің беріктік қасиетін анықтайды. Сиыр, жылқы, ешкі терісінің жон терісі мықты (берік) болатыны осы ромбы кескінді өрмелердің көптігіне байланысты. Коллаген талшықтарының өрмесі жатық не толқынды болса терінің ондай бөлігі берік болмайды. Мысалы, малдың бауыр бөлігі босаң (берік емес) болып келетіні осыған байланысты.

Шел қабаты. Бұл қабат негізінен дәнекер ұлпасынан тұрады. Мұндағы коллаген талшықтарының жіктері сирек, тері бетіне паралель орналасқан. Шел қабаты жануарлар өмірінде маңызды рөл атқарады. Бұл қабат жануардың денесін тері жабынымен біріктіріп қана қоймай құнды азық немесе жылу көз болып табылатын тері асты майын жинақтайды. Тері асты майы дене мен терінің байланысын әлсірететіндіктен семіз малдың терісін иреп, сыпыру арық малдыкінен оңай. Көптеген жануарлар терісінің астыңғы жағына орналасқан бұлшық еттің көлденең талшықты жұқа қабаты (көк ет) тері жиырылу қозғалысын реттейді. Бұл көк ет тері өңдеудің алғашқы сатысында арнайы техниканың көмегімен сылып алынатындықтан терінің ішкі қабаттарына химиялық заттардың өту, сіңу мүмкіндігі жақсарады (кедергісіз болады).

Тері бездері. Сүтқоректі жануарлардың терісіндегі негізгі бездері тер және май бездері. Тер бездері өзінен шығатын сұйық (тер) арқылы дененің жылуын реттеу қызметіне қатысады. Тері мен бірге азоттық зат - несеп нәрін бөліп шығарады. Әртүрлі жануарлардың тер бездерінің дамуы әрқилы. Мысалы, қой терісінің барлық аумағы бойынша тер бездері орналасқан. Олардан шығатын сұйық (тер) май безінен шығатын нәрмен қосылып шуашты пайда болғызады. Биязы жүнді қойдың жүнінің 40% -ы шуаш болып келеді. Сондай-ақ жылқының тер безі жақсы дамыған.

Сиыр, шошқа терісінің тер бездері терінің барлық аумағына таралып орналасқанымен тер бөлу қарқыны жылқыныкідей күшті емес. Ал, ешкіде терлеу мүлде дерлік байқалмайды. Тұяқты жануарлардың тер безі түтікше тәрізді сабақ және сұйықты дорбашықты бөліктен тұрады. Түтікшенің ұшы терінің сыртына шыққан немесе түк қуысына кіріп ашылады.

Тер безі эпителиал жасушалардан тұрады. Оның сұйық(сөл) шығаратын бөлігі жүн қалтасының деңгейінде орналасқан. Жүннің түбірі теріге қаншалықты терең бойлаған болса тер безінің сұйықтық бөлігі соншалық терең орналасады. Көптеген жануарлардың тер безі жаз айларында үлкейіп, қызметі қыстағыдан қарқындайды.

Май безі емізікті қабаттың орта бөлігінде түк қалташасының жанына орналасқан. Бір дорбашаның маңына 1-3, кейде одан да көп май бездері шоғырланған. Май безінің ұшы түк дорбашығының жоғарғы бөлігіне немесе қуысына барып ашылады. Әр түрлі жануарлар терісінің май безі бірдей емес, әсіресе жылқы терісінде үлкен. Жүн жабыны сирек болған сайын май безі үлкен болып келеді. Нағыз жүнді терінің май безі созыла келген сопақша кескінді, сирек жүнді теріде дөңгелек болады.

Май безінің сөлі қысқа түтікше арқылы түк қуысының ішіне жалғасып, одан терінің сыртына шығарады. Онда эпидермисті жұқа қабатпен жауып, жүнді майлап тұрады. Осылайша май безінің сөлі жүн талшығын су мен ылғалдың әсерінен қорғап, терінің жылуын сақтауға көмектеседі (3-сурет).

 

Сурет 7. Тері құрылымының жалпы сұлбасы. 1. Эпидермистің мүйізді қабаты. 2. Эпидермистің өсімтал қабаты. 3. Дерма. 4. Дерманың емізікті қабаты. 5. Дерманың торлы қабаты. 6. Теріасты майлы жасуша. 7. Май жиынтықтары. 8. Коллаген талшықтарының шоғырлары,  9. Коллаген талшықтарының көлденең қималары, 10. Тер бездері. 11. Жүн талшығын ұстап түратын бұлшық еттер. 12. Жүн дорбашалары. 13. Май бездері. 14. Жүн талшығының түбірлері. 15. Жүн талшығының сабағы.

 

Бақылау сұрақтары:

1 Жануарлар терісінің биологиялық және тауарлық маңызы қандай?

2 Тері шикізатының гистологиялық құрылымы туралы айтыңыз.

3 Тері қабаттарының ерекшелігі мен қызметіне тоқталыңыз.

4 Терінің беріктігі неге байланысты?

5 Эпидермистің негізгі бес қабатың атаңыз.

6 Депманыңы торлы және емізікті қабаттар туралы айтып беріңіз.

 

Әдебиеттер:

1 Қ.С.Сәбденов., Т.К. Бексейітов және т.б. Қой шаруашылығы. Алматы, 2011.

2 С.Қ.Шауенов, Ж.Құржықаев, С.Нарбаев. Тері, мех, бағалы аң шикізатының технологиясы мен тауартануы (практикум). Астана, 2008.

3 А.Н.Беседин, С.А.Каспарьянц,. Товароведение и экспертиза меховых товаров. Москва, 2007.

4 З. Сайт, Ж.Сейітқажы. Мал және аң терілері шикізатының тауартануы. Астана, 2014.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.