Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Н. Макиавеллидің саясат пен мораль жөніндегі ойларына талдау жасаңыз



Н. Макиавеллидің саясат пен мораль жөніндегі ойларына талдау жасаңыз

Қайта Өрлеу Заманындағы әлеуметтік-саяси өзгерістер, алғашқы капиталистік сауда-саттық, экономикалық қатынастардың дамуы, адамдардың бас бостандығы мәнінің өсуі, ұлттық сана-сезімнің қалыптаса бастауы т.с.с. көп ойшылдардың қоғамға, үкімет билігіне, мәдениет, дінге деген жаңа ойларын туғызды. Сол ғалымдардың ішіндегі ең ірі осы уақытқа дейін аты кеңінен айтылып жүрген тұлға – ол Н. Макиавелли.

Николло Макиавелли (1469-1527ж.ж.) өз уақытындағы гуманистер сияқты классикалық білім алмағанмен, өзінің табиғи дарындылығының арқасында өз бетімен тарихи, философиялық көне еңбектерді оқып, әсіресе, өзі өмір сүріп жатқан Флоренцияның сол кездегі күрделі әлеуметтік-саяси өміріне тәнті болды. Көп ұзамай ол мемлекеттік жұмысқа шақырылып, әр-түрлі саяси және дипломаттық істерді атқарады. Ол оның ұйымдастыру қабілетін дамытып қоймай, сонымен бірге сол кездегі қоғам жөнінде көп деректерді жинап сараптауға мүмкіндік берді. Ол ертеден келе жатқан “алдымен өмір сүру, содан кейін фәлсәфәләу² айдарымен өмір сүруге тырысты.

Н. Макиавеллидің саяси және моральдық философиясы.

Н.Макивелли көбіне өзінің саясат жөніндегі толғаныстарымен тарихта қалған. Оның негізгі себебі - феодалдық-қауымдық қоғамның ыдырап оның орнына ерте капиталистік қатынастардың келе бастауы еді. Егер саясат осыған дейін діннің қолдауында болып, моральдық тұрғыдан әрқашан ақталып отырса, ол негізінен алғанда “ақсүйектердің ісі² болатын болса, енді жаңа заманда төменгі қабаттардан шығып, аз уақытта сауда-саттық жасау арқылы байып, билікке ұмтылған адамдар пайда болды. Мұндай жағдайда саясат моральдық-діни шеңберден бірте-бірте шығып, өзінше дербес әлеуметтік құбылыс ретінде өзін көрсете бастады.

Н. Макивеллидің көрегендігі – саясаттың дербес құбылыс ретінде үлкен қоғамды өзгертуші құрал екенін анықтау, оның моральдық құндылықтардан бөлек табиғатын ашу, саяси билік үшін күресін, содан кейін оны ұстап тұру әрекетін (қазіргі тілмен айтқанда – саяси технология) жасау болды.

Енді бұл арада біз макиавеллизм деген ұғымнан Н.Макиавеллидің шынайы көзқарастарын бөліп алып қарауымыз керек. Макиавелизм ұғымы бүгінгі таңда саясаттың арсыз, барып тұрған опасыздық түрін көрсетеді. Саясат құбылысында кездесетін екіжүзділік, алдап-арбау, қорқыту, күш жұмсау, айдап салу, сатып кету т.с.с. бәрін макиавеллизм дейді. Яғни саясаттың толық моральдық шеңберден шығып кетуін, оның талаптарын аяққа басуды біз Н. Макиавеллидің атымен айтамыз.

Алайда, мұндай көзқарас дұрыс болар ма екен, мүмкін мұның өзі шынайы Н. Макиавеллидің өзінің шығармашылығынан туатын көзқарасқа сай келмеуі де ғажап емес болар.

Осы бағалау тұрғысынан алып қарағанда, біз расында да үлкен қайшылықты байқаймыз. Әрине, Орта ғасыр шеңберіндегі саясат жөніндегі түсінік қайта қаралды, саясаттың моральдан дербес өзінше қажетті құбылыс екені анықталды, ал сонымен қатар Н. Макиавелли қайсыбір саясаткердің зорлық-зомбылығын, опасыз іс-әрекетін ақтаудан, әрине, алшақ болды.

Н. Макиавеллидің ойынша, мемлекет пен саясаттың қоғамдағы негізгі қызметі әр-түрлі таптардың, әлеуметтік топтардың басын біріктіріп бүкіл ұлттық келісімніңшеңберінен шығармау, қоғамды ыдыратып жібермеу, орталық билікті мықты қолда ұстау болды. Ал саясаттың моральдық сипатына келер болсақ, “мүмкіндігінше ізгіліктен алыстамау керек, ал керектік қылса зұлымдықтан қашпау қажет²,- деген пікір айтқан болатын. Бірақ, саясатты толығынан моральдық шеңберде ұстау мүмкін емес. Н. Макиавелли “тек қана өзінің ар-ұжданының талабына сәйкес іс-әрекет жасайтын саяси қайраткер өзіне мола қазады²- деген пікір айтады. Оған себеп - қоғам өміріндегі кейбір жағдайда қалыптасатын “ащы шындықтың ақиқаты². Оны шешу үшін мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа шейін баруы мүмкін. Осындай жағдай қалыптасқанда ол “қаталдықпен көп әуестенбеу керек, қажет болған жағдайда оны тез арада қолданып, өзіне қарсылардың быт-шытын шығаруы керек².

 Халық мемлекеттік билікке бір жағынан қорқынышпен, екінші жағынан сүйіспеншілікпен қарайды. Бірақ, таңдауға келген жағдайда, халықты қорқынышта ұстау - сенімдірек². Саясаткер бір жағынан батыл, екінші жағынан - абай болуы керек. Бірақ, шешуші жағдайда батылдық қажет. Ел басшысы бір жағынан арыстанға, екінші жағынан түлкіге ұқсас болуы қажет.

Қоғамдағы қайшылық өршіп, адамдардың өкіметке деген сенімі жойылған жағдайда күш қолданбай болмайды. Бірақ, қалай дегенде де, жеңіс - әрқашанда саясаткердің негізгі мақсатына айналуы керек, ал оған жететін құралдар әр-түрлі болуы мүмкін. Сол жолда зорлық-зомбылық жасалса, ол қоғамдағы жағдайды дұрыстауға, тәртіпті орнына келтіруге ғана жұмсалып, тоқталуы керек. Екінші рет зомбылықты қолданудан алшақ болу керек,- деген пікір айтады ұлы ойшыл.

Н. Макиавелли жөніндегі адамгершіліксіз саясаттың жақтаушысы деген пікір жүздеген жылдар бойы сақталып келді. Тек ХХ ғ. екінші жартысында ғана бұл ойшылдың еңбектері терең зерттеліп, басқаша пікір қалыптаса бастады. Ағылшын елінің ұлы философы Б. Рассел бұл кісінің еңбектерін жоғары бағалап, Н. Макиавелли Ренессанс дәуірінің ең терең ойшысы,- деген пікір айтты.

Батыс елдеріндегі көп ғалымдар Н. Макиавеллиді қазіргі саяси философияның негізін қалаушы ретінде бағалайды. Біздің ойымызша, Х1V ғ. өмір сүрген араб ойшысы Ибн- Халдунды бұл орынға қоюға әбден болар еді, өйткені ол Н. Макиавеллиден бір жарым ғасыр ерте өмір сүрген болатын. Бірақ, қалай дегенде де, біздің ел сияқты ондаған мемлекеттер демократия жолына түсіп, қоғамда терең саяси өзгерістерді тудырып жатқан уақытта Н. Макиавеллидің саясат пен моральдың айырмашылығы жөніндегі терең ойлары ешбір адамды жайбарақат қалдырмайды.

Жан Кальвин протестанттық этиканың негізгі құндылықтарын қалайша негіздейтіндігіне тоқталыңыз Христиан дінін жаңа өмірге сай етіп өзгертуге өзінің үлесін қосқан екінші ойшыл - ол Жан Кальвин (1509-1564ж.ж.) “Христиандық Сенімге тәлім² деген еңбегінде “сенгеннің надандығы білем дегеннің өркөкіректігінен жақсы² дейді. Ж. Кальвин адамның өмірінің өркөкіректігінен толығынан Құдайдың еркіне, алдын-ала болжауына тәуелді екенін айтады. Ең ақыры Иса пайғамбардың өзі барлық адамзаты үшін емес, тек қана оның кішкентай таңдалған бөлігі үшін зардап шегіп өлді. Ал, бірақ, ол ешкімге белгісіз.

Ж. Кальвин Қайта Өрлеу заманындағы гуманистердің “фортуна² ұғымына үзілді-кесілді қарсы шығып “фатум² ұғымын биік дәрежеге көтерді, өйткені, ол - Құдайдың адам тағдырын алдын-ала болжауы.

Ж. Кальвин Библиядағы айтылған “Шақырылғандар көп, тандалғандар - аз² деген қағиданы толықтырып “тек кім таңдалды - оны ешкім білмейді² деген пікірге келеді. Олай болса, әрбір адам - мен таңдалдым деп ойлауы мүмкін. Егер ол өз кәсіби еңбегінде белгілі бір жетістіктерге жетсе, онда ол оны Құдайдың мені қолдағаны деп есептеуіне болады. Ал біз ол кезде алғашқы капиталдың қорланғанын еске салсақ, Кальвиннің бұл қағидасы алғашқы іскер адамдарға өздерінің Құдай қалаған адамдар екенін сезінулеріне зор әсерін тигізді.

Батыс Европадағы жаңа қалыптасып жатқан капитализмге адамгершілік бағыт берген, әсіресе, Ж. Кальвиннің аскеттік ілімі. Егер сенің істерің саған олжа әкелсе, онда сен масаттанба, тәккәппарланба, керісінше, Құдай қолдағаннан кейін, кем-тарларға көмектес, байлығынды шашпа, жаңа жұмыс орындарын аш, т.с.с..

Сонымен, Кальвинизм капиталдың қорланып өсуіне , кәсіби іскерліктің Құдай қалайтын, адамның абыройын көтеретін, сонымен қатар, өте жауапты іс екеніндігіне, Жаңа дәуірдің моральдық құндылықтарын анықтауға ат салысты.

Бүгінгі қазақстан қоғамындағы нарықтық экономика, жеке меншіктің қалыптасуы рухани қолдау таппай отыр. Біз басқа елдердің өмір салты, деңгейі, тұтынатын тауарлар, мәдениеті жөнінде көп ақпараттар аламыз. Біздің адамдар “көпшілік мәдениеті² атанған шетел фильмдерін көріп, ондағы өмір жөнінде “безендірілген² көбіне ақиқатқа сай келмейтін пікірлерге ие болады. Сондықтан, жаңа пайда болған іскерлер жинаған ақшалары, капиталын халық ізгілігіне жұмсаудың орнына (жаңа жұмыс орындарын ашу, мәдениетті қолдау, кем-тарларға, кәрілерге көмектесу т.с.) дереу үлкен сарай салып, астына шет елдегі байлар сияқты қымбат машина мінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, қазір бізге де сонау Қайта Өрлеу Заманында болған реформацияға ұқсас рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, оны қоғамдық қатынастарға тезірек тиімді түрде еңгізуіміз қажет.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.