Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ 7 страница




қорланып, құлдық ұрсам қайтер еді? Әне, сөйткен адамдар озып отыр, қағанағы қарқ, ханға сәлем бермек емес. Жер ортасы көктөбеде қалған мен екенмін, бар бұғысын өкіметке өткізе салған матвейдің әкелері озды, қайтейін, «құлыны өлген қулыққа тай телісе – зорлық-ты, ботасы өлген інгенге нар телice – зорлық-ты, ақсұңқар қонар тұғырға қарға қонса

– зорлық-ты» деген емес пе бұрынғылар, ежелгі қырсық мінез, шәлкез қылық жаңа заманның сойылын соқтырмады, ең үлкен қателігім – осы шығар-ау. Таңбасыз жатқан тайымды таңбалағанда да екі көзімнен сорам ағып, тісімді қайрап тұра бергем. ал таңбаласқан тағы да матвейдің әкелері еді. мен болсам, мынау – іштей егесіп, сырттай ұғыспаймын деп, көзім көр, көңілім жер болып, қақпанға түскен арландай арсыл- гүрсіл жатқаным. мен болсам, мынау – басымдағы базарымды матвей кержақ пен жармаға жарымаған қалың Қаратайға беріп, қалыңға соққан қырандай қанатымнан айрылып жатқаным. мен болсам мынау, өз кіндігім кесіліп, жетесіз ұрпақты желкеме мінгізіп, санаменен сарғайып, қайғы жұтып қартайып жатқаным. Ертең өлем, талай жылғы сыздаған жараның аузы ашылады, сонда мен сарғайған санадағы қызғаныш, өкініш азабынан мәңгіге арылармын. Тек өзіммен бірге алты сан алаштың қадір-қасиетін көрге ала кетпесем, мерей еді... Ертең мен өлем, әкем аян берді: «Жарық дүниенің қорлығын тартқанша, о дүниенің баһарына шомып, жаныма кел», – деп шақырды. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық екенін білмейді-ау жазған. Ертең мен өлемін! Сендер қаласыңдар, жарыған жалаң аяқтар. Сендердің кереметтерің сол – бас болдыңдар, сондық- тан тілеймін тілеуіңді, ал айласын асырған кержақпен махшар сәтінде жекпе-жекке шығармын. Сонда менің астымда ақтабан ат, қолымда заһарға суарылған исфахан қылыш, үстімде бадана көзді кіреуке болар. Сонда мен қозы жауырын жебемен қырық жыл қырқысып, ақ патшаға арқа сүйеп, жайылымымды тартып алған кержақтың әкесін көздер едім. Ертең мен өлемін! Енді менен қорықпаңдар, өздеріңнен өздерің қорқыңдар, бастарыңа күн туса, құйрығын теріске салар жаттан қорқыңдар. Өлерімде жеті пірге емес, жетілген жетімдердің ақ балтамен қара тасты қақ жарған сұрапыл күшіне сиынамын. Құдай жолында жатыр-


мын, ағынан жарылайыншы – тау суындай тасқынды қуатыңнан айналдым, жаңа заман! мені мақтамен бауыздадың, арман не, заманым озып, дәуренім тозған соң, қайда барар екен деп бағып ем, бағың заулап барады, тоқтататын күш қайда! Уа, тоқтататын күш қайда!»

Сол түні сағат төртте аналықтың да кірпігі кірпігіне айқаспапты. Ол әйелдік нәзік сезім, бос көңілмен таң атқанша жылаған, жар сүйе алмай, жаралы болған жүрек әкесінің өлімін себеп қылып, осы жасына дейінгі іркіле-іркіле шарасынан асқан өкініш, уайым тамшылары көзден арна тауып, жас болып төгілген екен. Сосын көздің жасын басындағы қара жаулығымен ақырғы рет сүртіпті де, енді қайтып жанарыма жас алсам, көзіме ақ түссін деп серт еткен.

аналық сертінде тұрды: Сарқынды шалдың әлі тірі денесін серейтіп үйден шығара жөнелгенімізде, бекер дауыс қылып жоқтағаны болмаса, жанарынан жас көрмедік, бірақ дауысы әлдеқайда зарлы, әрі үнді де жарасымды, тыңдап тұрып, тек жырлауға жаратылған жан екен деп қаларсың.

Күн шашырай жолға жиналғанда, кешегі қырбай қабатын танытпай, шаруа қамды елгезек күйге көшті. Иесіне ерер деп төрт көз, сары аяқ итті тас қылып қарағайға байлап тастады.

Сарқынды шал да өзін бүгін сергек сезінді. Төсегінің тұсында ілулі тұрған кәрі домбырасы мен шәнгіш сыбызғысын және жез мойын мүйіз сап кездігін алды. ышқырына қыстырған теріс таңбалы сары дәптерін тексеріп бір көрді де, сырлы тостағанға құйылған Әулиекөлдің суымен аузын шайды. Шал ұлы дүбірлі киелі жорыққа аттанардай, салқын сазарып, бір дем отырды. Көзін шатынатып, анау беткейде қаптай өріп бара жатқан бұғы, маралдарға, үйір-үйір жылқы, табын-табын қойға қарап, одан көзін өте тез тайдырып әкетті де: «ал, ағайын, зузаңа сал мені», – деп әмір етті. Зузада шалқасынан сұлап жатқан шал маған дәл осы қалпында саздауға біткен сары қарағайдан жонып жасаған адам ескерткішке ұқсағандай, айырмашылығы сол – кірпігі қимылдап жатыр. Зузаның алдыңғы екі тертесін әкем үзеңгі баулап алса, артқы қос сапты Қаршыға атына артып келеді. мен қосақ арасында бос жүрдім. «Бисмилла» деп тарта жөнелгенде, жар үстіндегі жалғыз үйден сай сүйегіңді


сырқыратар жалғыз әйелдің жалқы даусы, байлауда қалған төрт көз иттің қыңсылағаны естілді. Ол үнді алтайдың шалқайған, еңкейген мәңгі мылқау шың-құздары қағып алып, жосылта қайталағанда, мұқым зеңгір тау әулеті азан-қазан жаңғырықты- ай жамырады-ай. Келмеске кетер жұмбақ шалды жоқтады-ай, амал не, тіл-жақсыз асқар заңғардың ең сорлылығы да сол – өз үні, өз әні жоқ, өзгенің үні мен әнін қайталауы еді...

– Жә, ботырама! Күлгені мен жылағанында айырма болсашы бұл елдің, – деп жалғыз қызға зекіп-ақ тастады Сарқынды. маңдайынан иіскеп бақылдасар деген ойымыз адыра қалған. Шал тым қатыгез қара тас екен, ең болмағанда басын көтеріп артына да қарамады; артына қайта қараса, қайта алмай қалатын дәруіштей, тым асығыс, тым безеріңкі.

Терең шатқалдарды қуалай өрлеп келеміз. Жарыса, жағаласа килігетін қапсағай қарағайлар мен жалбыр бас самырсындар қаз-қатар сап түзеп шығарып салады біздерді. Осы біз өрлеп келе жатқан аңғардың екі жағында екіге жарылған биік қара жартастармен тіл табысқысы, ұғысқысы келді ме, кәрі жүзін томсартып, көзін айырмай қарайды Сарқынды шал. Тілсіз түнеріп тұрар жартастардың ұйқысынан оянған таңғы кейпі аса көрікті, қып-қызыл шапаққа оранған тау тәңірісі іспеттес еді. Ертеңгілік ауадан да салқын тазалық, сарай ашар сусынды дәрмек сезіледі. аздап дымқылдау қоңыр самал жұмақтан ескендей, жаңа, өзгеше жайлы. Қазір табиғат жарықтықтың қайсы бір жай-күйі де қайтпас сапарға аттанар шалдың шау болған халімен үндесе алған жоқ, ерегіскендей, дүниенің бәр- бәрі жайнап, жадырап тұрғандай.

Шал көзін жұмды. Көзін жұмса да осынау алтайдың ұзатылар қыздай жасанып жатқан кербез көркін көрді білем, ауыр күрсініп барып: «Уа, алланың азабын-ай», – деп аһ ұрып ашып жіберді. Бұдан соң көкпеңбек болып шарадай төңкеріліп тұрған аспанға қарашығын қадаған, тым биікте қалықтап жүрген қара құс ілікті-ау ашқарақтанған жанарына.

Енді Сарқынды сол қара құсты қарауылға алды.

Жалғыз аяқжолбарған сайынқиындай түсті. Біз ақшоқының асқарына тырмыса өрлеп келеміз. Үйден шыққалы ешқайсы- мыз тіс жарып үндегеніміз жоқ, тек астымыздағы аттардың


деміккен танау пырылы мен тағалы тұяқтың тасқа шақ-шұқ тиісі ғана осы жүрістің өсекшісіндей маңайға дабыралайды.

мен өлген адамды өз өмірімде екінші рет көретін болдым. Біріншісі, оқыстан машинаның астына түсіп қалғанды көрсем, екіншісін өлімге өзіміз көтеріп барамыз. Біріншісі– уыздай жас, он екіде бір гүлі ашылмаған қазақтың қара торы қызы болатын. арманы қандай көп еді. Су жаңа «Волганың» астынан көтеріп алғанда дәл қазіргідей ашық аспанға ақырғы рет қарады да: «Ертең диплом қорғаушы едім, үлгіре алмадым-ау»,

– деді. мен ол қызды танымаймын, бірақ жерлеуге қатыстым. ауылдан аңырап келген қойшы әкесі жалғыз қызын жерлеп, жер боп еліне қайтты. Осы оқиға көпке дейін есімнен кетпей, көзім ілінсе түсіме кіріп жүрді. Әсіресе, менің көз алдымнан қара «Волгадағы» қара көзілдірікті адам ешқашан кетпейді: екі мықынын таянып шіренеді де тұрады.

Екіншісі болса, мынау – жүзге келсе де, арқардай асқар таудың басын көксеп жатқаны.

аттар әбден көбігі шығып терледі. Сыпыра қалың қара- ғайлар таусылып, шоқының бірыңғай шоғыр-шоғыр қорымы басталғанда, аттарды қалдырып жаяу тарттық. Зузаның бір басын әкем екеуміз, ал екінші басын Қаршыға жалғыз ұстап жүр. Сарқынды сүйегі аса ауыр шал екен, есік пен төрдей жүрсек, екі қарымызды талдырып, шаршатып-ақ тастайды. Әмбесінде қойдай жусаған қыналы тастан-тасқа секіріп, сақтықпен баспасақ, мертіктірер қаупі және бар. Бүгін күн ашық еді. Осынысы көп себеп болды.

ақшоқының басына күн екіндікке таянғанда ғана іліндік. ақшоқының басына біз ілінгенде, ойдағы ел табанымыздың

астында қалды да, сол ойдағы барлық көрініс қызыл іңірдің жұқалтаң көлеңкесін құшты; ойдағы елге күн батып кеткенімен осы өлкенің ең бір биік тауына шығып тұрғандықтан, алтын нұрдың аясында едік; қай-қайсымыздың үстімізден де қып- кызыл жалын шығып, алыстан қарағанда өртеніп бара жатқан- дай едік; отқа ұстаған жез табақтай балқып, байып батар күн әулиеге жалт қарағанымызда, жанарымыз саулаған самала сәулеге шағылысып, өмірге деген өлердей құштарлықтың жалт етер оты тұтанады; жапалақ ұшпас асқардың құзарында тұрған


біз мәңгі өлмес мақсұт, арманымыздың қара қасқа құлынын мініп, мәңгі сөнбес маздақты ғұмырдың ұлы жәңгір бәйгесіне түскендей едік.

Біз шалды жерге сұлатып салып, кешкі мезгілдің балқыған көрінісін қызықтап тұрғанда, қорым тастарды сыналап өскен аршалардың басы сыбдырлағандай болды да, көп кешікпей төрт көз, сары аяқ ит сумаң етіп шыға келді. Тілі салақтап солығын баса алмай, жалтақтай қарап тұрды да, анандай жерде батқан күнге бетін бұрып үнсіз жатқан иесіне ұмтылды. Құйрығын бұлғап тастап, қыңсылап аппақ саусақтарын жалады. мойнын- да қарғыбауға тағылған кендір жіптің үзігі жүр.

– Иттен иесіне адал не бар екен бұл жалғанда, жеті қазынаның бірі дейтіні рас та, – деді әкем. Бұл шақта баурына тығыла еркелеген иттің басынан сипап жатқан Сарқынды өз күйіне ортақтасқан ескі досын тауып, көзайым болған.

– ал, ақсақал, қай жерді хош көресіз? Қасқарайғанша қазып тасталық, – деді әкем Сарқындының жанына барып. Шал басын көтерді де, жан-жағына барлай шолып қарады. Сонсоң үлкен жақпар тастың теріскей ығындағы терліктей сарғайған жерді нұсқады.

– анау тастың түбін қазсаңдар жұмсақ, өзінен-өзі борпыл- дап жатыр. Жандарың қиналмас, – деді.

Біз теңдеп әкелген күрекпен шал көрсеткен жерді апай- тұпай қаза бастадық. Ең ғажабы сол – осынау құзардың басында тек қып-қызыл тас қана болушы еді, ал мына жер болса қап-қара топырақ. Бірақ, ертеде, бізден бұрын әлдекім қазып, топырақпен толтырып тастағанға ұқсайды. Тұп-тура төрт бұрыштанып, ұзыны екі, ені бір кез жер ғана өзіне суырып тарта жөнелді. Кісі бойындай қазған соң, күрегіміздің басы әлденеге тигендей болды. Тас екен деп ойладық. Шақыр-шұқыр ете қалған сәтте, жым-жырт жатқан шал селк етіп, қақшайтып басын көтеріп алды да, бізге ақырып әмір берді.

– Байқаңдар, түге. Байлықтың қадірін білмейтін безгел- дектер!

Әкем шұңқырға жалғыз өзі түсіп, дымқыл топырақты сау- сақтарымен арши бастады. Бұдан соң қатар-қатар төселген ұсақ қой тастарды біртіндеп сыртқа шығарды. мен алғашында


Сарқынды айтып жатқан байлық осы шығар деп ойладым. Бірақ бұл ойым адыра қалды. Әкем шұнқырдың түбіндегі шіри бастаған тай теріні ашып қалғанда менің түсіме де кіре бермейтін қымбат жиһаз жайрады-ай. амал не, алтын, күміспен оқаланған шапан, ер-тоқым, әбзел, баяғының бағалы заттары: қалы кілем, ер жігіттің бес қаруы, тот басып тозып, шіріп-ақ қалған. Тек жарықтық алтын мен күміс қана көзі жаудырап аман жатыр. Қаршыға екеуміздің есіміз шығып, осынау байлыққа ұмтыла бергенімізде әкем тоқтатты.

– Дүние тезекті қайтесіңдер қызықтап, Сарқындының елу жыл бойы дәтке қуат еткені – осылардың буы да, – деді сабыр сақтап. Сонсоң шұңқырдың ішінде отырып дауыстады:

– ақсақал, мына дүниені қайтеміз?

– Тимеңдер, одан әрі қазатын жер жоқ, қып-қызыл тас бас- талады.

Бұл шақта қас қарайып, түн басталған. Біз Сарқындыны жалғыз шынардың түбіне қымтап жатқыздық та, өзіміз де көз шырымын алуға ыңғайландық. Төрт көз, сары аяқ ит шалдың жанына сұлады. Әкем айтты:

– Қарияны таң ата жерлерміз, өзі де осыны тілейді білем. Қаршыға екеуміз біраз қалғып алған соң, ойдағы аттарды болжап келеміз, сен елегізбей деміңді ал. Теріскейден жел сезіледі, ертең күн жаумаса нетті...

Түннің бір уағына дейін Сарқынды шалдың күбірлеп әлденені сөйлегені, иттің қыңсылағаны құлағымнан кетпеді.

Бұл түні жұлдыздар ығы-жығы болып, өте жиі туды. Бүйірімнен біз сұғып алғандай қатты шошып ояна келсем,

дүние алай-дүлей екен. Сұлушоқыны аса ысылдап, ысқырып, екпіндете жел соғып тұр. Кеше ғана тап-таза аспанды қап- қара бұлт торлаған. Әкем мен Қаршыға жоқ, етекте қалған ат- тарды болжап келуге кеткен секілді. Таң сібірлеп әлдеқашан атқанымен, құрым киіздей тұтаса бұлт басып, азанғы аз жарық- ты далдалап тұр. менің есіме әуелгі түскені Сарқынды шал болды. Өліп қалды ма екен деп, шынардың түбіндегі зузаға қарап едім, бос жатыр... жүрегім тас төбеме шықты. Бірақ аппақ болып, кабықтан айрыла сидиған шыңылтыр ағаштың ығында сақалын жел жұлмалап, арбайып тұрған тірі аруақты көрдім. Жыл бойы тырп етпей, тобан аяқ болып төсек тартып жатқан


шалдың жас сәбидей қаз басып кеткеніне қайран қалдым. Өз көзіме өзім сенбеймін, дегенмен, оның қаңсыған қарағайды қапсыра құшақтап қалқайып тұрғаны рас еді. ақ матадан тіккен аппақ көйлек-дамбалын жел кеулеп, енді бірер минуттан соң аспанға қаңбақ болып ұшып кетердей қалтырайды. Осы сәтте жер-көкті басына көтере күлген үн естілді. Өзі іспетті заманы озып, ажары тозған ағашты шөпілдетіп сүйеді, айналып- толғанады, сонсоң қарқылдап күледі. менде ес қалмады. Қазір анау алжыған шал пышағымен кеңірдегімді орып жіберіп, шүмектеп аққан қып-қызыл, жып-жылы қанды уыстап ұрттайтындай зәрем зәр түбіне кетті. Бірақ ол қолындағы пышақпен жел өті, күн көзінде тұра-тұра әбден кепкен молақ қарағайды сұққылады-ай кеп. Сарқынды біржола құтырды деп ойладым. мына ессіз күлкі – соның куәсі.

«Кәрі жүрек шерге толып, өмірден ешбір рахат көрмей, рахаттанып бір серги алмай, өз-өзінен тұншығып, өлі мен тірінің ешқайсысына пайдасы тимей, дүбәра баз кешкені енді ғана мәңгі оралмас қаралы сапарға аттанар алдында есіне түсіп, үміт қылған алласынан қайыр көрмей, мың мәртебе лағнаттаған шалдың сызылып, сыңсып өтіп-ақ кеткен артқы өміріне өкінбей, қара жер қойнына кірер шақтағы қояншық күлкіге дес бергені болар», – деп ойлап едім, қателесіппін, Сар- қынды жан айқайын жасыра алмай, ағыл-тегіл егіліп жылап тұр екен. Дүниедегі барлық тіршілікті шынымен-ақ керексіз қылғанда, сол жазған бар тіршілік мұны да түкке керексіз қылып, шіріген жұмыртқадай лақтырып тастағалы тұр-ау. Заманамен арадағы жарты ғасырдай созылған текетіресте шал тізе бүкті де, қансырап, қалжырап барып суық жерді құшпақ. Талғамсыз қара жер бұған да құшағын ашпақ. Егер Сарқынды шал деп дағдылы пиғыл-мінезімен қайта туар болса қайтер еді деп те ойлайсың. «Бірақ, қайта туу – тек рухы ұлыларға ғана табиғат, сонсоң халық тартар сый; ей, еңіреген қу бас шал, осы өміріңе риза бол», – дегім келді. Дегенмен, осы сәтте анау шал сияқты ішінде ит өліп жатқан жандар біздің арамызда әлі де бары есіме түскен...

мен шалды обалсындым: көзінен жас емес, қан ағып тұрғандай-тын. Жүз жасаған ғұмырында осыншалық қатты өксікпен – ішек-қарыны аузына тығыла еңкілдеп жыламаған


да шығар, қапсыра құшақтап тұрған ағашқа сіңіртік-сіңіртік бес саусақ кіріп бара жатқандай еді. Жанында иесінің аяғына оралып, төрт көз ала аяқ ит қыңсылайды. Тек сол ғана оның қазіргі қансыраған халіне ортақтасқан.

Сарқынды шал жарық дүниені қимай, жылап тұрмаған. Шал: «Бұған дейін баз кешкен ғұмырым, құдай-ау,

шынымен-ақ, көрген түстей, алыстан бұлдырайтын сағымдай алдамы мол өткінші дүние ме едің. Жарық әлеммен ақтық рет қоштасар сәтімде көз алдыма бір рет елестетіп, суыған жүректі жылытар көрген жақсылығым кәне? Қайғы қажаған өмірімнің ең соңғы түнін күнәмнан арылуға арнасам етті. Кешермісің, өз қолыммен жөнелткен Таңатар, кешермісіңдер, арманда кеткен адамдар, кеш, жас шарана жас құлын, кеш, кейінгі ұрпақ, кеш!» – деп еді.

Жел толастар емес. Дабырлаған дауыс естілді. Іле-шала әкем мен Қаршығаның қарасы көрінді. Осы сәтте аппақ сақа- лын жел желбіретіп, шынарды құшақтап жылап тұрған шал зузаға қайта жата қалды.

– Ұлым, қорыққан жоқсың ба? – деді әкем ентіге сөйлеп.

– Біз ойдағы аттарды болжап келдік. Әйтеуір, аман-есен екен. Жаңбыр жаумай тұрып ақсақалды жерлейік.

Жел барған сайын күшейе түсті. Біз Сарқындыны көтеpiп апарып, кеше қазған шұңқырға түсірдік. Шал ләм деп аузын ашқан жоқ, көзі ежірейіп қарақұрақтанған аспанға қарап жатты. мүмкін сенерсіз, мүмкін сенбессіз, дүниедегі ең қорқынышты да қорлық нәрсе адамды тірідей жерлеу екен. Дәтім шыдамай, теріс айналып кеттім.

– ақсақал, – деді әкем, – мына шіріп қалған байлықтың ешбір керегі жоқ бізге. рұқсат етсеңіз, өзіңіздің мүлкіңіз ғой, өзіңізбен қоса көмелік.

Сарқынды басын изеді. Қаршыға қабірге секіріп түсіп, атасын құшақтап солқылдап жылады. Сосын лақат қуысына қарай итере берді де, еңіреген күйі қарғып қайта шығып кетті. Шал тілге келді:

– Оу, ағайын! Домбырам мен сыбызғымды ұмытып барады екенмін, әперіңдер, – деді. Әкем қарағайдың түбіндегі аспаптарды алып, қабірге өзі түсті.


– мінекиіңіз, ақсақал.

Шал домбырасы мен сыбызғыны көкірегіне қойды да қолындағы тас қылып ұстаған пышағын сыртқа, бізге қарай лақтырып жіберді.

– Иә, пышақты сендерге қалдырдым. Не жауыңа, не бір- біріңе жаратарсың, – сонсоң, иманын айтып, бетін сипаған күйі алайған көзін жұма беріп, осы қалпымен мәңгі келмеске соншалық ғажап өліммен сапар шекті.

Қаршыға жер бауырлап жылап жатыр.

менің көзімнен де жас шығып, бой-бойым босап кетті.

Әкем тізерлеп отырған қалпы Сарқынды шалды дұрыстап жатқызды да лақат қуысына қарай итерді.

Қаршыға екеуміздің дәтіміз жетпеген соң, әкем шалдың денесін дымқыл топырақпен жасырғанша, өзі көмді. Бұл шақта жел бәсеңдеп, бірсін-бірсін жаңбыр жауа бастаған. Жаңбыр жауа бастаған соң, барлық қорқынышты ұмыттық та, үшеуміз үш жақтап жүріп, Сарқындыны жерлеп те үлгердік. ал, сары аяқ төрт көз ит жас қабірге қарап қыңсылап, иесін жоқтайды.

Біз ең ақырғы бай-болысты осылайша жерледік. Бірақ біз шалды ғана көмдік пе?!.

Шелектеп жаңбыр жауды. Жалғыз қарағай шынарды паналап отырған үшеуміздің үсті-басымыз малмандай су. аспан жарықтық өлген шалды жоқтады ма, ағыл-тегіл жылады-ай.

Төрт көз ит сонда да қабірдің басынан кетпеді. Күркіреген көкке қарап, ұзақ ұлыды.

– Қазір толастайды, өткінші ғой, – деді әкем жарғақ сулығын Қаршыға екеуміздің басымызға жауып. «Сонсоң мен сендерге мұз тауын көрсетемін. Сұлушоқының үстінде тұрып, мұз тауын көрген адам лайым бақытты ғұмыр кешеді дейтін аңыз бар. ал киелі тау кез келген адамға кез келген күні көріне бермек емес».

мұз тауы – алтай тауларының ең биік шыңы. Бала кезімнен бір рет көрсем деп көксеп жүрген едім.

мұз тауы! Әлемдегі ең биік шыңдардың бірінен саналасың, бірақ көзге көрінбейсің, көзге көрінбейтінің сенің аппақ сом бітіміңді күндіз-түні шуда-шуда бұлттар тұмшалап жатады. Тек, айында-жылында бір рет қана үстіндегі шудаланған


бұлтты сілкіп тастап, жарқ етіп дидарынды көрсетіп, сонсоң ақ отауға кіріп кеткен қас сұлудай көзден ғайып боласың. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Сондықтан да сені көрген жұрт мәңгі бақытты өмір сүреді екен. Жүз жасаған ғұмырында жазған Сарқынды шал бірде-бір рет көре алмай-ақ арманда аттанған екен... мүмкін, мен іздеген қара қасқа құлын сенің тұманыңда адасып жүр ме, әлде көк сұр мұзыңа тайғанап өлді ме?



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.