|
|||
ББК 84 Қаз 7-44 39 страница– Да...а.. жаман болған екен, – деді Бархан басқарманың мақамымен. Әдейі айтқан жоқ, шын жаны ашып, толқығанда байқамай қайталап алған. – Нендей ақыл бересің? – Білмей отырмын, аға... Ел емеспіз бе, бір амалын ойлас- тырайық. – Ендеше қазір сен Сейітқұлға барып өлген қойды сойыса бер. Терісіне пышақ тигізіп, бүлдіріп алмаңдар,– деді де ауыр денесін ып-ықшам сезініп, орнынан ырғып тұрып кетті. – Жүріңіз, Бәке, әлгі балаға көмектесіп жіберейік, мұрны пышылдап, шамасы жетпей жатқан шығар. Екеуі қыста қой қамайтын жабық қораға беттеді. Сейітқұл ақ тер, қара тер боп, бастырылып, арам өлген қойдың ішін жарып, терісін сыпырып жатыр екен. Барханды көріп ұрлығы ашылып қалғандай алғашында сасып-ақ қалды. Қолындағы жезмойын мүйізсап қан-қан пышақ қапелімде сусып түсіп кетіп еді, ақтарыла бүлкілдеп, буы бұрқыраған қойдың қарнына кірш етіп кіргенде жыны бырқырап, мүңкіп қоя берді. – Көзіңе қара, о, несі-ей, сасқалақтап... Бұдан үлкен қылмыс жасасаң, ажалыңнан бұрын өлерсің, понимаешь. ауылды үйдің ұрлығы жата ма, тәйірі. Бархан бөтенің емес, өз ағайың. Кеше ғана емес пе еді, түтініңді бөлек шығарған. Тумаса да туғандай болған ағаңның меселдесін қайтарып, екі жастың біріне келмей кердеңдейсің... понимаешь... Сейітқұлдың әншейінде кірпідей тікірейіп тұрар түгі судан шыққан тышқандай жығылып, сүмірейіп-ақ қалған екен. Кірпігін жыпылықтатып, жасқаншақтана қарайды. Үсті- басының бәрі қан мен жынға былғанып, кеспірі кеткен. Ел аман, жұрт тынышта жиырма бес қойды жайратып тастау жанына батпайды дейсің бе? Қой өлсе, орнына қой қосар, не болмаса он жыл жинап-терген «көк кнежкесін» берер – бірақ жігіттің артынан «шаруаға қыры жоқ» деп сөз ергені қинайды. Қазір ел құлағы елу емес, жүз болып тұрғанда ертең-ақ «Сейіткұл қойын қырып алыпты» деп ереуілдеп шығар. Бархан кісесінен бәкісін алып, қайрақ тасқа жанып-жанып жіберді де теңкиіп, іші кебе бастаған қойдың бірін жәукемдей жөнелді. Қимылы шапшаң. мықынын таянып, өрт сөндіргендей сызданып тұрған Әліқұлдың екі көзі Барханда. Таңқала басын шайқады. – Әй, Бәке-ай, мына қарқыныңмен Сейітқұлдың бір қора қойын бір сағатта сойып шығатын түрің бар-ау. Понимаешь, ха-ха...– деді өзі-өзі болып тауып айтқан сөзіне масаттанғандай. Бархан қаракетінен қол үзбей жауап берді: – Үйренген кәсіп қой... Өлмеліге – өткір пышақ... – Әліқұл сөз төркінін түсінген жоқ. «Тауып айттың» деп қарқылдап күлді. Іле іске кірісіп: – ал, не ақыл айтасың, Бәке. Ініңізді төтенше келген зауалдан қалай құтқарамыз,– деді қарнын салбырата жүрелей отырып. Бархан осы кезде келесі қойдың ішек-қарнын ақтара беріп еді, бөлімше басқарушының төңкерілген ішіне көзі түсіп кетті де, баяғыша мырс етіп күлді. Бірақ осы жолы Әліқұл «Неге күлесің?» деп жер тепкілеп сұраған жоқ. Желдеген иттей шоқиып отыра берді. – ақыл мен сана – ата-бабадан да үлкен деген осы, – деді Бархан ұйып қалған белін жазып. – Не кеңес берейін... Туғалы бері ақыл-кеңес сұрап келген алғашқы адам өзіңіз. Оның ішінде де бақа-шаян, құрт-құмырсқа емес, арыстай азамат - бөлімшенің басқарушысы... Қиналып тұрмын, бір түрлі ұят сияқты... – Енді сен бүгіннен бастап ұялмайтын бол, понимаешь. – рас, өз ұятымды өзім бауыздап тұрғандаймын... Баяғыдан бері құнжыңдап, танауы шуылдай, қой сойып жатқан Сейітқұлға үн бітті. Даусы қарлығып, бала әтештің шақырғанындай жарықшақтана шықты. – Отағасы десе, «ешкінікі күнде ашылса шам емес, қойдікі бір күн ашылса шам» деген емес пе, қазекем. Қиналып тұрмын. Білген ақылыңызды аямаңыз. Жақсылық жерде қалмас... – Сіңірген еңбек табалдырықта қалады да, күдік пен күмән төрге шығады деген екен баяғыда біреу... – Әкесінің аузын... күдік, күмәнді қайтеміз, басымызды ауыртып. Не істеу керек? Соны айт бізге, – деді Әліқұл кеше ғана үйретілген аюдай алдында билеп тұрған Барханға ала көзімен ата қарап. Одан артық суырдың айғырындай шақылдауға, сең бұзар екпінімен баяғыша омыраулауға арты белгілі – сайтанның жаны құйрығында дегендей... – Отағасы десе, сіз не бұйырасыз, сол – заң, – деді Сейітқұл әлі де даусы дірілдеп. «Бөрі арығын білдірмес, түгін сыртқа қампайтар». мына бала әккі қу ма десем, басына күн туса беліне қамшы тиген жыландай қайқаң қағатын борпылдақ осал екен-ау» – деп ойлады Бархан. Сыр берген жоқ, сыр берсе үндемегеннен үйдей пәле шығарға жорыр. – Өзің жегенді итке де тастай отыр, тіпті ол сені қапқан ит болса да, – деген екен баяғыда біреу. Әліқұл күйіп кетті білем. – Ей, сен бізге мораль оқығанды қой, понимаешь. ақыл айт, понимаешь, «баяғыда біреу, баяғыда біреу»... баяғыда ол біреу болып осыншама ақыл айтса, біз үшеуміз... – рас, отағасы десе... – Жарайды, – деді Бархан белін жазып дем алып.– Жамандық жасау жағдайы күніне жүз рет туса, ал жақсылық жасау реті жылына бір-ақ рет келеді деген екен баяғыда біреу. – Опять «баяғыда біреу», жарқыным-ау өзің мына сен... с-с-с-ен не айтасың!– Әліқұл орнынан секіріп тұрып кетті. Сонсоң өз елгезектігіне өзі таң қалғандай ары-бері қаздаңдай қораның қиын бұрқыратып шапшаң жүре бастады.– апыр-ай, осыншалық ұшан-теңіз пәлсапаны бұрын неге айтпаған. – Сіз сұраған жоқ едіңіз! – деді Бархан бәкісін саспай жанып тұрып. – аузымды ашсам– алқымға жармастыңыз. Тіпті «неге күлесің?» деп қамшы үйірдіңіз. «Неге малың өлмейді, неге жүзіне 115 қозы аласың» – деп ат ойнаттыңыз... Бәрібір орденге ұсынбаймын» деп қорыққаннан бұрын жұдырықтап байбалам салдыңыз... маған сол сіз алып берген жалған атақтың бес тиынға керегі жоғын білмедіңіз. – Құдай-ай, үндемегеннің бәрі ақылды деген осы. – Әліқұл ерсілі-қарсылы жосықсыз жортуылын доғарды да, Барханның жанына келді, көзіне тура қарап: – ал сен жеңдің, мен жеңілдім, ризасың ба? Егер саған керегі сол болса. – маған керегі ол емес. – Енді не, ойбай?!.. Сейітқұл да пышағын тастай беріп, ұмтылды: – Отағасы десе, қалағаныңыздың құлы болайын. – маған керегі екі-үш мая шөп. анау жеті жүз тұяқ шуылдаққа шашымды жұлып бермеймін. Биылғы қыстың қатты боларын түндегі құмның көшуі сездіріп кетті. – Уай, батыр-екем-ай, соны да бұйымтай деп. Соны да жұмбақтап, бәлдеп. мал сенің меншігің емес, өкіметтікі ғой, қырар дейсің бе, ертең-ақ қораңды шөпке толтырайын. – Отағасы десе, менің маямды алыңыз,– деді Сейітқұл құрақ ұшып. – Жоқ, сенікін алмаймын, сенікін алсам герой бола алмай қаласың. маған жұрттікі жұқ болмайды, керек емес, өзіме тиесілі заңды дүнием керек.– Ол осы сөзді айтты да, қанданған қолын кесіліп-кесіліп көзі ақшия домалап жатқан қойдың басына сипай сүртті. «мен қазір келем» деп сыртқа шықты. Есік көзіндегі діңгекке тартылған сым-темірді қолына құрық алып ұрып-ұрып қалып еді, үйінен атып шыққан әйелі Жұмагүл бұған қарай құстай ұшты. Екі өкпесін қолына алып, жүгіріп жеткен әйелі ыржия күліп тұрған өз күйеуі Бархан екенін жаңа байқап: – Түу байғұс-ай, не көрінді, Упр ағай екен деп қалсам. – Шай қоя бер, бәйбіше, – деді арқасынан қағып. – Упр ағаң шөлдеді білем. Қорада қалған екеудің: – мына малғұн шпион болып жүрмесін, әкесі, қалай- қалай орағытады. «Жуастан-жуан шығады» деген осы,– деп сыбырласқан әңгімесі Бархан келе сап тиылды. – Шаршап, қаталаған шығарсыздар, біздің үйге жүріп, шай ішіңіздер, – деді. – Отағасы десе, келініңіз түннен тоңазып тұрған етті жылытып жатыр. –Жо-жоқ, сенің етіңнен тіс сарғайды, Бәкеңнің үйіне барайық, – деген Әліқұлдың өзі бастап қасқая жөнелді. Жұпыны ғана қос бөлмелі үйдің табалдырығынан едірең қағып аттай берген бойшаң Әліқұл төбесін маңдайшаға оңдырмай соғып алды. Қарақұстан тиген ауыр соққыдан тілін тістеп, есі тана ауырсынса да, сыр берген жоқ. – Есігің аласа екен, Бархан, – деді де төр алдына көлденеңдей сұлап жатты. Жұмагүл әперген екі-үш жастық шынтағына жұқ болған жоқ, бір уыс болып шипасы шырылдады да қалды. Жан-жағына соңырқай қарады да, жұпыны ғана шопан үйінің байлығы көңілін тоғайтпағандай әдетінше: – Да-а... – деді. Үйіне Упрдан үлкен қонақ келмеген, жайшылықта аяғына бас ұрып кіргізе алмайтын ел ағасының құдай айдап өзі келіп қалғаны Жұмагүлдің есін алды. Қанша тырысса да шаруасының қиюы қашып, қолы дірілдей берді. Әйтеуір өлдім дегенде түтіні басылмай, бықсып тұрған ақ самауырды жеткізді. Құдай қосқан қосағының әзірейіл көргендей осыншалық дірілдеп-қалшылдауы Барханның жынына тиді. «Не болды, байғұс», – деп құлағына сыбыр етіп, мықынынан түртіп қалса да толқуы басылмаған. «Жап-жас боп Сейітқұлдың әйелі қандай пысық», – деді ішінен. Сосын Әліқұлдың кесесін әпере беріп: – Бұл үйден ішкілік тапқаннан, Қызылқұмнан құдық қазу әлдеқайда оңай, – деді жадырай сөйлеп.– Өзіміз ұрттамайтын, ешкім келмейтін болған соң, әуре болып сатып алғанды қойғанбыз. Әйтеуір Сейітқұл інім іргеде тұрғанда ешкім келіп, мазамызды алмайды. Жә, уәде құдай сөзі, іске көшейік. Сонымен, менен ақыл сұрайсыңдар, ә... Қызық. мен осы күнді көптен тосқанмын. Сонымен былай жолдастар, жеп-ішсеңіздерші, барымен базар деген, дастарқанның берекесі болмай отыр-ау, бәлкім. Қайтеміз көлдей көңіл болса, аяқтай қарын қайда барар дейсің ағасы. Сый-құрметке бұл шаңырақсыз-ақ бөленіп жүрсіз ғой. Баяғыда біреу «үнемі рақаттану – мүлдем рақаттанбаумен бірдей» деген екен... Әліқұлдың шыдамы шарт сынды. Онсыз да әйнекте отырғандай еді: – Шырағым, «баяғыда біреуді» қойып іске көш демедік пе, понимаешь. Ол не деген ащы ішектей таусылмайтын – «Баяғыда біреу». – ағасы-ау, ақыл сұраған өзіңіз емес пе, ендеше былай, жолдастар: арам өлген жиырма бес қойдың жарасы жеңіл. Дұрыстап тұрып бақшалап соялық, сосын автоклубқа тиеп, сонау Шу шаһарына аттану керек. Құмырсқаша быжынап, біреуді-біреу танымайтын қан базарында бұл қойдың, иә, һарам, иә һалал өлгенін ешкім білмейді. Килосын үш сомнан, тіпті бес сомнан пышақ үстінен үлесіп аларына кепілдік беремін. Сейітқұл мен Әліқұл аузынан суы ағып, еміне түсті. – Иә, сонсоң?.. – Сонсоң қыруар ақша табасыздар. Оны қалтаға мықтап басасыздар. – Ибай-ау, жиырма бес саулықтың орнын қалай жабамыз деймін. – Упр жастықтан басын қақшаң еткізіп жұлып алды. – асықпаңыз ағасы, Сейітқұл Талдыға барсын да, әлгі ақшаның азын-аулағына ғана тілеу тілесін. Бөтен ешкімге дабырламай, ауыл толған осының ағайыны «ер басына күн туды» деп жұқалап шақырып, помощь сұрасын, яғни жылу- сатал дейміз. Екі жүз грамм ішкен соң, шекесі қызған туыстар бір-бір қойын сүйреп, өздері келеді. Кейбіреуі тоқты да әкелуі мүмкін. Әрине, сіздерге керегі тоқты немесе тұсақ емес, туатын саулық қой. Ендеше, ағайыннан зекеттеп жинаған тоқтының мойнына қоңырау қылып, бір-бір «экстра» байлайсыздар да осы совхоздың көңілдес әр шопанын сауғалап, бас-басына базына айтып шығасыздар. Әрине, онша тереңдетпей, шулатпай – әзіл-қалжыңға шаптыра жіңішкелеп бастайсыздар сапарды. Сонда деймін-ау, өлген жиырма бес қойдың бесеуінің-ақ құнын шығын етіп, отардың олқылығын толтырасыздар. арам өлген жиырма қойдың құны өз қалталарыңызда қалады. – мынау бір керемет ақыл екен! – деді Сейітқұл көзі жайнап. – Ұят емес пе, – деді шай құйып отырған Жұмагүл. Тар- сылдап қолқасына тығылған жүрегі байыз таппағандай. – арам өлген қойды алдап сату – имансыздық. – Ол жағын өздері шешсін. менің иманым – қысылғанда ақыл беру ғана, – деп, Бархан кесесін төңкеріп, дастарқан басынан кері ысырыла берді. Әліқұлда үн жоқ. Тегі әлгі ақылды ойша қорытып, алды- артын тұжырымдап, пысықтап алмақ-ау. – Ой, – деді бір уақытта. – Әбден табылған ақыл, молодец, – Бәке, ризамын. Дәл сен айтқандай жасаймыз. Дегенмен, есіңде болсын, пісміллә дегенде өзіңнен көмек сұраймыз. Сен берер көмек сол болады – осы операцияны тістеріңнен шығармайсыңдар. – мақұл – деді Бархан. – Өз қолымды өзім кесемін бе? Тек қысқа жететін жем-шөппен қамтамасыз етсеңіз болғаны. – Әкел қолыңды! – мінеки! Бөлімше бастығы мен шопан сарт-сұрт қол алысты. айдаладағы Қызылқұмның қойнауындағы отырған қыстақтың үстінен тағы бір самолет құйрығы жылтылдап, ұшып өтті... * * * Қыс өтіп, көктем шықты. ал дегенде алынбас қамалдай боп көрінген қыраулы қысты артқа тастағаннан бермен де Барханда бәрібір маза жоқ. Бел шешіп, аяқ суытар шақ көзден бұлбұл боп ұшқалы қашан. Бірінің артынан бірі иін тіресіп келіп, желкеңе мініп алар қойшы тірлігінің таусылмас шаруасы қанша жалықтырса да, қашып құтыла алмас - шаңқай түстегі өз көлеңкесі іспеттес еді. Шаңқай түс демекші - қырықтың бесеуіне шыққан Бархан өз ғұмырында да ертеңге ауар сәті тым жақын қалғанын алғаш рет есіне алды. Есіне алмас та еді, қой төлдету науқаны басталып, сақманшылыққа келген бүлдіршіндей үш қыздың бірі - Бақшагүл мұның жылдар бойы мұз сіреу болып қатып-семіп келген көңілін ептеп, түртіп оятқандай-тын. Дүниедегі бар пәлені тақылдап сұрап, маза бермейтін зар жақ қыз «ой, ағай-ай...» деп қойып... тот басып, тозаңданып қалған сырды қазғылайтын. Төл алу науқаны, шүкіршілік, ойдағыдай өтіп жатыр. Отары қыстан күйі таймай шықты. Қарашадағы уәде бойынша Әліқұл екі мая шөп жеткізіп берген. Содан бермен көршісі Сейітқұлдың да бұл дегенде жаны қалмай, сыйлайды. Обалы қане... рас, Упр Барханнан гөрі оған екі төлшіні артық берген екен, енді қайтсін, бір малы екеу болсын дегені де... алайда, осы ерлік деген не? Осы жасына дейін Барханның түсіне алмай, дал болып жүргені осы. Өзіне тапсырылған жұмысты табан ет, маңдай термен адал да абыройлы атқару емес пе? «Сайып келгенде, – деп ой түйетін – батыр болу дегеніміз, ең әуелі адал болу». Кеше кешке қызық оқиға болды. Күндізгі төл алу, қора тазалау сияқты кәдімгі қойшы қаракетінің жамыраған тірлігі бәсеңсіп, шам жана орынға отырған тыныш сәтінде үлкен бір әңгіменің ұшығы көрінген. Үстеріндегі саталақ-саталақ жас қозының тоңғағы жабысқан киімдерін сыпырып тастап, жуынып-шайынып шайға отырған үш қыз Қызылқұмның көктемгі қызғалдағындай құлпыра қалып еді. Қара көздері шам сәулесімен боталап, күлкі үйірілген. Бархан осына он сегізге жаңа шыққан уыздай пәк қыздардың жүзіне бұрынғыша ұялшақтамай, қымсынбай тұңғыш рет тесіле қарап еді. Сонда ол қарындастары қаншама жадырап, жайнаң қағып отырғандарымен, күлкі көлегейлеген дидардың ар жағында, тереңінде тұнып жатқан мұңның көлеңкесін көрген. Сол мұң ертеден қара кешке дейін дамыл таппай жылбысқы төлмен төбелескен қыздардың қой көзіне шаба бастағанын, егер дәл осылай ойын-сауық, күлкі-қуанышсыз ертеңді қара кеш безектей берсе, арман-мақсаттарынан ерте, тым ерте тоналып, жасына жетпей шау тартары үшін өлердей аяған. «Ертеңгі күндерің не болар екен, қарақтарым, не болар екен...» – Ой, ағай-ай, – деді түйеден түскендей Бақшагүл. – Неге осыншама қадала қарадыңыз? Жеңешеме айтып, сабатамыз... Сонсоң үшеуі де сыңғырлап таза күлді. Дастарқан қамымен жүрген Жұмагүл де мырс етіп, шыншыл көңілмен әзіл тастады. – ағаңның қырықтан асқалы жасаған ұрлығы ғой, сендер өкпелемеңдер, мен кешірдім, – деді. Бархан қызарақтап қалды. Сейітқұл «бензин таусылды» деп бүгін «движогін» от алдырмаған соң, шамға кересін құйып, соның болар-болмас жарығымен отыр. Шаңырақсыз шам шалқи жанып, қоңырқай күйге шақырады. Балалардың алды ұйықтап қалды да, өзгеше бір тыныш, әрі жуас хал меңдегендей еді. – Ой, ағай-ай, – деді тағы да сол үнсіздікті бұзған Бақшагүл. – Сіздің мына қоңсыласыңыз түк ұнамайды маған. Бағана қорасының жанынан өте беріп едім, қозысын алмай жатырқап тұрған саулықтың басына бар пәрменімен теуіп жіберді. – Бархан жауап берген жоқ. – мен білсем ол алдыңғы күні жоғалтқан егіз қозының сыңары. Соны теліп тұр, – деді екінші қыз. Бархан одан әрі шыдамады білем: – Қойыңдар, айналайындар, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпаңдар, – деді. – Біз ғайбаттап отырған жоқпыз, шындықты айтып отырмыз, – деді шашын қырықтырған үшінші қыз. Бұдан соң бәрі тым- тырыс отырды. – Қой енді қызыл сөзден не пайда түге. Ертең ерте тұру керек, жатып демалыңдар, – Жұмагүл төсек қамына кірісе бастады. Қыздар ыдыс-аяқ жиып, күйбеңдеп жүрді де, жым- жырт жатып қалды. Бархан шошып оянды. Үйдің бұрышы дыңғырлағандай болып еді, елегізген екен, бөтен дыбыс сезілмейді. Сырт киімін шешпей, дастарқан басына қисая салғандікі ме, быршып терлепті. ақырын басып, алдыңғы бөлмеден өте беріп еді, баудай тізіліп, көрпеден бастары қылтиып, башпайлары көрініп, ұйықтап жатқан қыздардың бірі: «Конкурстан өте алмадым» деп ұйқысырап аунап түсті. аспан ала бұлтты екен, терістіктен жел бар. Биыл көктем ерте шыққанымен, суықтың сына қоймаған беймезгіл шағы еді. Қар әлдеқашан қашып құтылған. Оңтүстіктің көктемі ұзақ болады. ақпанның аяғынан жер қарайып, шілденің басына дейін жалықтырмас әдемі кезең келетін. ыстық түспей, жайлауға көшіп, жан сауғалайтын малшының рақаттанар күні болады десек, ол да сол жайлауға жетіп, қонғанда ғана туатын. Қызылқұмның жаз жайлауы паң дала – арқа жақта: таулы, ағашты, сай-салалы болмағанымен, қалың шалғынды, ауыз суға зарықтырмайтын құйқалы жер. Қазіргі былығып, ластана бастаған қыстақтан екі жүз, үш жүз шақырым ұзай көшіп, тек қоңыр күзде ғана мекеніне қайтып оралар қойшының – үлкен қала, дүбірлі жаңалықтан құлақ үзер уағы бұл. Көп ұзамай ол күн де туар... аспаннан тағы бір самолет ұшып өтті... Жайлау әсіресе, Барханның зарығып тосар – бақытты шағы. Көш қамын елден бұрын сайлап, қалайда бұрынырақ жетіп, із тимей тұнып жатқан жап-жасыл даланың самалын қызғана жұтып, ал қызыл, ал сары гүлдерін елден бұрын қызыға жұлатын; ешкім қарап тұрған жоқ па дегендей жан- жағына жалтақтап алып балаша тызылдап, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіретін, жүгіретін... бұл баяғыда, бұдан отыз жыл бұрын ақ бас атанға мініп, көкжиекке сіңіп кеткен әкесінің соңынан қуған аянышты халдей емес, мүлдем басқа, басқа жүгіріс; Барханда балалық шақ болған жоқ, оны ерте жоғалтқан... ерте... сол батысқа, жаудың бетін қайтаруға аттанып кеткен балалығымен тек жарықтық жайлауда жолығып мұңдасатын, ағыл-тегіл жыласатын, сосын мәз болып күлетін, күліп жүріп гүл теретін; жайлау дегенде, байғұс Жұмагүлдің де есі қалмаушы еді; сондықтан осыдан бес жыл бұрын күйеуі ауданға барғанда сатып әкеп берген қызыл ала жалғыз көйлегін киіп, бейне бір той салтанатына жиналғандай бір жасап қалушы еді; Бархан екеуі бір-бірінің көңіл-күйін айтпай түсініп, қол ұстасқан, қолтықтасқан қалыпта көкпеңбек теңізді армансыз кешер еді, көкпеңбек шалғын шалқарын қатар жүзіп бара жатар ерлі- зайыпты қойшы өздерінше шырқап, өздерінше ән салатын; ол ән шыншыл да сезімтал жүректің, бұйығы әрі тар арнадан асып- төгіліп, еркіндігін, көптен аңсаған бостандығын бозала таңда енді-енді ғана алғандай, әуелеп алысқа... әлдеқайда жыраққа шығандап, шымшымдай тарап жатар еді; әншейінде әнді қойып бір ауыз әңгіме айтпайтын адамдарға кең тыныс қанаты талмас қиялмен әуелете шырқаған әнін ұйып тыңдағандай әрі бас иіп, тағзым ете таңырқағандай жайлаудың мың-миллион гүлдері ырғалып, әдемі әуезге қосылғандай болушы еді; ал, Бархан мен Жұмагүл болса осынау кең жайлау – жасыл бесікте жылына жалқы рет құшақтасып, өзінің жұбы жазылмас жұбайлар екенін еске алысатын; сонда Бархан қыздай қосылған қосағының қуаныш пен мұң араласқан шаршаңқы көзінен мөп-мөлдір таза жасты сұқ саусағының ұшымен сүртіп тұрып: «Жұмагүл- ай, сендей әйелі бар менде арман бар ма екен» – деуші еді; осына жылына жалғыз рет қана айтылар әрі келте, әрі терең сөзден кейін Жұмагүлдің де бақытында шек болмайтын; бұл өмірде бар екенін сезінетін, жылдың төрт мезгілінде осы сөздің қуатымен жүретін, жылдың төрт мезгілінде осы сөзді сағынып, санамен сарғая тосатын... Жұрттың көзінше жаласып, ал түні бойы төбелесіп, бет-ауыздарын тырналап шығатын кейбір замандастарынан ала-бөтен өзгешелігі осы десек те, былайғы ағайын «осыларды да күйеуім бар, қатыным бар деп, қарқ болады-ау» – деп өсектеуші еді. Былтырғы жазда Бархан Сейітқұлдың әйеліне бір буда гүл теріп әкеп берді қырдан. Қоңсыласының бұл қылығын естіген Сейітқұл: «Шал шатасқан шығар, – деді миығынан күліп. – Шалдың делебесі жаз шыға қозатыны рас».
|
|||
|