|
|||
ББК 84 Қаз 7-44 37 страницаСейітқұл атын ерттеп тұр екен, қой қораға бір-бір күрек арқалай жөнелген самаладай төрт жігіттен тайсақтағандай атының шап тартпасын тартып бүгежектеп басын көтермеді. – аман-ей, – деді Серік айғай салып. – Неғып мықшыңдап тұрсың, әйелің сау ма? – Соқтықпай жүр, – деп қайырып тастады Сейітқұл. Қызылқұмның арасындағы адасқан қаздай ғана төрт-бес адамның таңғы тілдесуі осымен тәмамдалды да, маңайды тағы мылқау тыныштық басқан. Осынау меңіреу тыныштықты тек әрбір екі сағатта әуелей ұшқан самолеттің гүрілі тілгілейді, – иә, тым-тырыс тірлікті тілгілеп өтеді.
* * * Бархан қой соңына ерген жылдарда қаншама су ақты, қаншама жапырақ сарғайды, қаншама рет құстар келіп қайтты; құдай-ау, қанша рет самолет ұшып өтті... Тек баяғыда сусылдап, қоныс таппайтын ұшқалақ құмдар ғана іштей тынып, жым-жырт жатып алған. Қызылқұмның көшіп-қонбай безбүйректеніп, бүк түсіп жатуы бұл өңірді мекен етер елді елеңдетпей қойған жоқ. Қайсыбірі жаман ырымға жорыса, енді бірі «берекемізді алар сусылынан гөрі осы момақан мінезі дұрыс, құм көшпесе, жер беті құйқаланады. Шымданып шөп шығады, малға өріс болады» десті. Қазақпен бірге табиғат жарықтықтың құмы да ірге теуіп, отырықтануы, бағамдаған кісіге ғажап бір көрініс сезілетін. Баяғыдай емес, ит тұмсығы өтпейтін қалың сексеуілдің бұл күнде мінтеліп, етек-жеңі түріліп бара жатқаны Барханның қабырғасына қатты бататын. Трос тағып, трактормен қопарып-қопарып, жөн-жосықсыз отынға жөнелтіп жатқан қайран сексеуілдің, әне, тек ойдым- ойдым орны ғана қалған. Тамырымен жұлып әкеткен әлгі сексеуілдің орны алыстан қараған адамға зеңбірек снарядтары түскен ұлы бір ұрыс даласындай шұрық-шұрық жыртық еді. Әлі есінде, баяғыда, баяғыда емес те-ау, үлкен ұлы туған жылы осы Қызылқұмның сексеуілі мен түзгені есен-сау шақта бұл өңірде аң-құстан аяқ алып жүргісіз еді. Қоймен бірге өріп, қоймен бірге жусайтын аң екеш аңның да тұқымы құрып, азып- тозып барады-ау. Бір-бір жеңіл машинаға мініп алып, шамын жарқыратып, таң атқанша не қасқыр, не қарақұйрық қуады. Қуатындардың көбі облыстан, ауданнан келіп ерігіп жүрген қызметкерлер болушы еді. Олардың анық кімдер, аты-жөні қалай, не қызмет істейді – Бархан күні бүгінге дейін білмейді. Білмейтіні – олардың қай-қайсысы да жол соғып шаршағандай болса, таңдайы кеуіп шөліркегендей болса, ат басын озат шопан Сейітқұлдың үйіне тірейтін. Әйтеуір, «Газ-69», «УаЗ» деген маркалы машина мінгендердің бәрі атқа мінер болып көрінетін оған. «Кеше кімдер келді үйіңе» деп тақуалап сұрар Бархан ба? Сейітқұл өз еркімен айтпаған соң, томаға-тұйық жүре беретін. Барханның анық жыға танитыны «Талды» совхозының директоры, бас зоотехнигі мен бөлімше басқарушысы Әліқұл ғана. Әсіресе, Әліқұлды күншілік жерден шырамытар еді. Оны ылғи да Сейітқұл ауылдан өз «москвичімен» арнайы барып алып келетін. Қонақасын беріп, түнеткен соң қыстақ маңында өріп жүрген сидам сирақ тамам түйе тауықтың екеу- үшеуін сойып, жүнін жұлып, машинасына тиейтін де, қайтадан ала жөнелетін. Әліқұл келген күні кеште Барханда тыным болмайды. алдына тұрғызып қойып, дем алмастан екі-үш сағат жерлеп, жер-жебірі жекен суына жетіп ұрсатын, ал оның неге ұрсатынын әлі күнге дейін білмейді.
* * * ат үстінде алысқа қарап, мелшиіп тұрған Бархан күн ұясына қона қалың түлейдің ішіне бытырай жайылып кеткен отарын кіш-кіштеп жинастыра бастады. Қар баспаған жыңғыл мен изенге әбден құнығып алған, ақтылы қой айдауға көнбей, жер табандай оттап жүр. Күн қызуы ептеп қайтқан соң, Қызылқұмның ызғырығы есті. Бүгін болмаса ертең қылышын сүйретіп, жетіп келер қыстың тықыры таянғалы Барханда маза жоқ. Бағымындағы 700 бас қойдың әзіргі күйі жақсы болғанымен, жаман айтпай жақсы жоқ, қар тобықтан жауып қалса қайтпек... Наурыздың қара суығында қарны жер сызып жүрген саулық жем-шөпсіз тістей қатып, іш тастамай ма? Тым болмағанда бірер машина шөп жеткізіп берсе... Санасында масадай ызыңдап, тыныш таппаған осынау ойдан арылған күні өлетінін білді. Дәурені өтіңкіреп бара жатқан күздің соңғы сонысын қызықтап қалғысы келгендей, изенге тас кенеше жабысқан қой жан-жаққа бытырай қашысып, көпке дейін құрықты қолға қайыру бермеді. Өстіп арпалысып, әр саулықты сүйрелегендей боп қыстаққа беттеп келе жатқанда Талды жақтан құстай ұшқан машинаның қарасы көрінді. Тура Барханға қарай атылған оқ боп зымырап келеді. «Әкесі өлгендей айдауын», – деді даусын шығара. авто- клубтың даңғарадай машинасы түп-тура жанына келіп, қойды үркіте солқ етіп тоқтағанда, Барханның жаман тырақысы да жалт етіп, үстінен бейқам отырған иесін түсіріп кете жаздаған. Кабинадан жап-жалпақ болып бөлімше бастығы Әліқұл шыға бергенде, Бархан әлгіндегі бір ешкім жоқта оқыс айтып қалған «әкесі өлгендей» деген сөзін шынымен-ақ біреу естіп қойғандай, шошынып қалды. Әліқұлдың «хал қалай?» деген морт сәлемін алған жоқ, бар болғаны қалбалақтап: «мал аман, мал аман...» дей берді. – Неғып дегбірің қашып тұр?! – Әліқұлдың жарқаштана шыққан ожар сөзін тағы да ести алмаған сыңайда. Жаман торысын тепеңдеп, тақай берді де: «ассалаумағалейкум», – деді күс қолын ұсынып. Қамшысы түсіп кетті. Басқарушы быж-тыж болды. Қолын қалтасынан алмай шіренген қалпы зілдене әмір берді. – Түс аттан! – Қой қайырусыз қалды ғой, үй жаққа барып әңгімелессек қайтеді. – Әңгімелескішін. Әліқұлдың апшысы тіптен қуырылды. Жел жақта арсылдап тұрған оның жайтаң аузынан ащы бір иіс мүңкіп Барханның қолқасын қапты. Ішпей жүргенде мас кісіше әкіреңдеп, әңгір таяқ ойнататын әкімнің дәл қазір қармағына жем болудың ешқандай реті жоғын сезді ме, атынан түсті де, бір басып, екі басып жасқана жанына барды. – Сен оңбайсың, – деп бастады сөзін Әліқұл. – Он жыл болды сөзін осылайша бастаудан таңған емес. – Егер сен оңды шопан болсаң, менің төбем көрінгеннен қарсы шауып, қарсы алуың керек еді. Егер сен оңсаң... – Әлеке-ау, сіздің төбеңізден көз жазып қала берем, ылғи да Сейітқұлдың қызыл машинасымен келуші едіңіз... – Тоқтат! – деді қолын сермей кесіп айтып. – Көргенді шопан, сөзді бөлмес болар. мен жаяу жүруден арланбаймын, қарапайым басшымын. мына сендер жерден аяқтарың екі елі көтерілсе, едіреңдеп, ел үстінен құрық түсірмейтін. Әттең, сендейлерді менің орныма үш күн тағайындаса, Қызылқұмнан бір түйір қалдырмай сатып, саудалап жіберер едіңдер, мұндарлар. Бархан көзін етігінің басынан алып, анадай жерде қыстаққа қарай жөңкіліп бара жатқан отарға аудара беріп еді, Әліқұлдың саңқ еткен үні селк еткізді. – Оңбайсыңдар, қыс болса мынау, тойдан құр қалғандай сықсиып келіп қалған. Сен болсаң мынау, не қораңның қиы ойылмаған, не бүтінделмеген, жағаң жайлауда, есінеп-құсынап жүргенің. анау өзің секілді, өзің секілді деймін-ау, боғыңмен жасты Сейітқұлды қарашы, қандай азамат, жем-шөбі мол, қорасы саңдай, алты ай қыс болса да қыстырмаймын... деп отыр. Қырықтан асқанша қыртып, айналдырған алты жүз тұяққа ие бола алмай... – Жеті жүз деңіз. – Қарашо, жеті жүз-ақ болсын, какой разница... сөзді бөлме, өсетін, қосымша ақы алатын шопан сөзді бөлмес болар. ал, сенде жиырма жыл мал бақсаң да анау есіктей кеудеңе қадар значок те жоқ. ана... – Он бес жыл деңіз. – Қарашо, он бес... сөзді бөлме... ана өзіңдей, өзіңдей деп оттаппын-ау, қаршадай ғана Сейітқұлда бір емес, қос орден бар, осы бесжылдықтың аяғында тағы да наградаға ұсынамыз. – Оныңыз рас. – Не рас. – Сейітқұлды наградаға ұсынатыныңыз деймін, аға... – Е, солай жөніңе көш, қалқам. Қалай, мал-жан аман ба? Келіннің дені-қарны сау болар. Балалар өсіп жатыр... Кешке Сейітқұлдың үйінде жолығармыз. Әйда, отарға шапқыла. Қане, шапқылашы қойға қарай, мен артыңнан қарап тұрайын. Шапқылай бер, жарқыным... Әліқұл осы сөзді асығыс айтты да, автоклубқа мініп, қыстаққа қарай доңғалай жөнелді. атына мінбей аң-таң селтиіп тұрған Бархан екі кештің арасында зымырап бара жатқан машинаның соңынан көпке дейін көз алмады. Осы мезетте Барханның дәл үстінен тағы бір самолет ұшып өтті...
* * * Бүгін құдық қазушылар келмеді. Тегі ауылға қайтып кетсе керек. Күнде кешке саймандарын сылдырлатып, желіп келетін үш жігіттің орнын жоқтағандай, Барханның қыстағын асыранды көңілсіздік қайта басты-ай. Қойды қотандап, бәкүн- шүкүн шаруамен сыртта көп айналғаны – үйге кіргенде көрері де, естірі де бәз баяғы... екенін білгені және осы көңіл қалды тірліктің өзі әбден зерезеп қылғаны еді. Бағана бөлімше басқарушысы машина ойнақтатып кеткен соң да, ертеңгі атар таң, кешер ғүмырына көз салған, шабандау болса да ой жүгірткен-сымақ болған. Көсіле шабар, иә немесе көлдей толқып шығандап, шалқыр мардымды ойдың жалына жармаса алмағанымен, жеті жүз саулықты өлім-жітімге ұшыратпай қыстан қалай алып шығамын, қалай төлдетем, бесжылдықтың айқындаушы жылында 140 қозы ала аламын ба? секілді тағы сол үйреншікті, он бес жылдың бедерінде санасына қонақтаған ой – баяғы ой тыныш таптырмаған. Ол тіпті Әліқұлдың бақырып- шақырған сөзін шыбын шаққан құрлы көріп, елеген жоқ. Оны бас қатырып есіне де түсірмеді, тек күндіз-түні көлеңкедей көлеңдеп, еріп қалмайтын өз пікірі, өз мақсаты – өз иманымен әуре-сарсаң. Қағынып-сілкініп үйге кіргенде Сейітқұл «движогін» от алдырған. Қатар отырған екі қыстаққа бір мотордан берілетін. Сейітқұл аға шопан саналғандықтан «движок» та соның иелігінде: көңілі түсе от алдырады, көңіл хошы жоқ болса, «бұзылып тұр» деп Барханның үйін май шамға қаратады. мотор дырылдай жөнелгенде ең әуелі анау Сейітқұл отарының шыр айналасы самаладай жарқырайтын. аямай-ақ онды-солды орната берген электр лампалары бейне-бір шаһар көшелеріндей көз қарықтырады. Көз қарықтыра жайнап, алыстан қарағанда адамға осынау шағыл-шағыл құмның ортасында отырған тіпті қойлы ауыл емес, Ніл бойының түнгі аспаны бір пұшпағын кесіп алып осында тастап жібергендей, сонадайдан жымың- жымың сиқырлы сәуле шашар еді. Сейітқұл соңғы рет облысқа жиналысқа барып келгелі әр лампаны сан түсті: қызыл, жасыл, көк, сары бояумен бояп қойғаннан бермен тіпті ғажап көрініске бөленген. ал, Барханның екі үйінде екі жарық, есік алдына бірді орнатып бер, түнде күзетке шыққанда құлай берем деп қолқа артқанына үш жыл болды, «мотордың қуаты жетпейді» деп міз бақпады. расында да, ескі ай батып, жаңасы тумай, өліара болып тұрған шақта түн түнекті жамылып, қоздайтын саулықты бас-басына түгендеп шыққаннан азап не бар? Қолында фонарь болушы еді, оның да батареясы таусылып, қаңсып көрінген жерде шашылып қала беретін. айналасы ат аунағандай ғана ойпаңда бірге, бір мақсатпен өмір сүріп жатқан екі қойшының екеуі арасындағы осыншалық кереғар, таңба басты айырмашылықтың сыры неде?– осының түп тамырын іздеп, сарсаңға түсер Бархан ба? Барханның міндеті – өз ісіне адал, бүлкек-бүлкек желіп, шаруасын тиянақты атқару; атақтың, құрметтің; аяққа тұсау, арқаға артық жүк болар байлықтың, тіпті аспандағы жұлдыздай түнде бар, күндіз жоқ қылтқып кеп тұрар алдамшы бақыттың да бұған бес тиындық құны жоқ. Шам жана шайға отырған шағын семьяны өзгеше қоңыр, іргеден күздің қара суығы аңырағандай, аса бір көңілсіздік басқан еді. Әркім өз ойымен болып, оңаша тұнжырған. Бес жасар қыз Әтіркүл «әкелеп» Барханның мойнына асылып еді, «қоңыр қозым» деп мекірене маңдайынан иіскеді де, «шешеңе бара ғой»,– деп тезірек жөнелтіп жіберді. Күні бойғы салаң- салаң ат үсті жүріс енді ғана бел шеше білініп, екі қарасаны шоқпармен ұрғандай талып жатқан. Қырықтың бесеуіне ілінбей-ақ, кәрілік деген иттің қаба бастағаны ма? Бұрын мұншалық бой-бойы салдырап, ондырмай сойылға жыққандай езіліп, шаршамаушы еді ғой. Баяғыда ауданның атақты шопаны атанып, сый-құрметке қолым міне-міне жетеді деп, дәмеленіп жүрген шағында, тіпті талдығу... жалығу дегенді білмейтін, қайта жап-жас бала Сейітқұлдың еріншектігіне налып, «әй, інішек, ерте тұрғанның бір ісі артық деген, жайбасарды – май басар. Елгезек бол» – деп ақыл айтатын. Сонда Сейітқұл күліп: «Ой, отағасы десе, асықпаған арбамен қоян алады, жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген нақылды қазакем бекер айтпаған» – дейтін де теріс қарап қор етіп қаперсіз ұйықтап кетер еді. Енді ойлап отырса, сол, Сейітқұл сөзінің жаны бар екен, әне бұған бұйырған бар дүниені сол, кешегі тоңқайып пыс-пыс ұйықтап жатар көмекші бала еншілеп кетті; әне, сол жайбасардың асығы алшысынан түсіп отыр. Барханның ойын Жұмагүлдің майда үні бөлді. – Құдық қазушылар, тегі, бүгін келмейді-ау... – Күйеуі үндемеген соң мұңая бір қарады да, терең күрсінді... Былайғы жұрт байқай бермейтін үлбіреген мамық сағыныштың әрі рақат, әрі тұншықпа жұмсағына батқандай. Сол сағыныштың ба, әлденеге өкінудің бе – әйтеуір, бір жіңішке шарасыздықтың шарабын сіміргендей, шамның болымсыз жарығы түсіп, боталай жасаурап тұрған жанарын майда жұмды. Жұпыны ғана үйдегі жұбайлар тірлігі жалқы сәт жусап, жалқы сәт мызғи бергенде, үйдің іргесі дыңылдап, қабырғасы солқылдап, жер сілкінгендей тербеледі-ай. – Бармаймын! атып жіберсе де тырп етпеймін ғой осы, – деді Бархан жүкке арқасын тістене тіреп. – Неге? Неменеге бармайсың? – деді аңқау әйелі. – Әй, Жұмагүл-ай, бес жылдан бері осы үйдің бұрышы солқылдаса, Упр шақырып жатқанын сезбей-ақ қойдың-ау. – Бұл қыздай алған өз қосағына тұңғыш рет ренжігені-тін. – Е-е, – деді Жұмагүл самауырынның суын сарқып. – «айғай ағам» келіп қалған екен ғой. – Иә, келіп қалғаны да... Қой, барып бір-ер сағат лекциясын тыңдамасам, құйрығына қауға байлағандай тулап жүрер. – Бар, – деді әйелі, – бар, тыңда, тыңдай бер, басыңды шы- бындаған атша шұлғи бер. – Бұл Жұмагүлдің жігіттей қосыл- ған қосағына тұңғыш рет тік айтуы еді. Бархан далаға шыққан соң өз тамы мен Сейітқұлдың үйі арасына керіле тартылған сым темірге жиіркене қарады. Оны бұдан тағы бес жыл бұрын Әліқұлдың бұйрығы бойынша орнатқан еді. «мен келген сайын озат шопан басыңмен бала құсап безектеп жүресің бе? Жүгіртіп жіберетін қолды-аяқты балаң жоқ. Одан да саған мен бір адам білмейтін әдіс айтайын. анау есік көзіндегі ат байлайтын мама ағаштан Барханның үйінің бұрышына сым темір тартып таста. Шырағым, мұның өзі – аға шопанның телефоны секілді, қатып кетер еді. Бархан керек бола қалса, есік алдына жүгіріп шығасың да, сол сым темірді бар пәрменіңмен періп-періп қаласың. Жаман үйі поездың үстінде келе жатқандай солқылдап кеп бергенде... ха- ха... Бәкең аяғын қолтығына қысып алып, безектесін. Сонда Сейітқұл кеше ғана ағасындай болған Барханнан ұялды ма, «кішкентай сәбилері бар, шошымалды болып жүрер» деп тартыншақтаған. Бірақ, артынан бөлімше басқарушысы із суытпай жиі келіп, ары-бері жүгіре-жүгіре шаршап қалар болған соң, «телефонды» орнатып тынған. Пенде шіркіннің үйренбейтін, көнтулаққа айналмайтын кезі бар ма, Барханның үй іші де бұл құқайға ырықтанғандай еді. Әліқұл өзінің меншікті орнында бір шынтақтай, балшықтан соғылған орыс пештей боп теңкиіп жатыр екен. алды-арты құс жастық. Қазіргі қалпында ер-азаматтан гөрі, кеше ғана босанып, қалжа жеп, сорпаланып жатқан әйелге көбірек ұқсайтын. Барханның ойына осы азғырынды салыстырманың қайдан ғана сап ете қалғанын шыдай алмай мырс етіп күліп жіберді. Упр: – Неменеңе жетісіп күлесің-ей? – деп жекірді. – Жәй, өзім ғой, ағасы. – Сен ағасыны қой, неге күлгеніңді айт. – Жәй өзім ғой, аға. – Сен, «өзімді, өзім ғойды» – қой, неге күлгеніңді айт. Әңгімеге Сейітқұл килікті. – Отағасы десе, Бәкеңнің ойына әлдене түсіп күлгенде. Несіне тақуалайсыз. Ол бұл сөзін иесін көрген иттей еркелеп, ыржалақтай айтты. Сосын дастарқан басына жүрелей отырған Барханға стақанға толтыра арақ құйды, жартылай желініп, тоңазып қалған етті табағымен жылжытты. Әліқұл әпігін әлі баса алмай отыр, жұрттың көзінше осына ешкімге жалынуды, жалпақтауды білмей, өз бетімен оттап, өз бетімен жусайтын жүген-құрыққа ырық бермейтін тоңмойынды мықтап тұрып, мұқатып алмақ сыңайда. Шынында да, Барханның үйінен Әліқұл басқарушы болғалы бір малдың басын мүжімепті. Бұл не деген масқаралық! – Сайтан қытықтағандай күледі-ей, жоқ-ау, несіне жетісіп күледі деймін-ау. Он жыл болды, жүзіне 110 қозы, әр қойдан 2,5 килограмм жүн қырқып келеді, не озбай, не қалмай сүмеңдейді де отырады. Қырықтан асты, медалі жоқ... күлгені несі, жүдә. – Қойыңызшы... Отағасы десе, Бәкеме тіпті сол сый- құрметтің керегі шамалы-ау. – Әй, қара құрт шаққандай қипақтамай отыр. Сенің де сырың белгілі. Иә, бұған түктің, еш нәрсенің абсолютна нарқы жоқ, подумаешь қызықтырмайды... рас, итке темір не керек. Әліқұл шаптығып, тіл тигізе берген соң Бархан алая қарады да, тамағын кенеп ырғалды. Бұдан соң бет-аузын күректей алақанымен құшырлана уқалап әкелді де, жұдырыққа айналдырып, өз тізесін өзі бір нұқыды. Көршісінің мәңгі бақи ұйықтап келген арыстан ашуы атылмай тұрғанда екі жақты бірдей бітімге шақыру ниетімен Сейітқұл болымсыздау әзіл тастады. – Отағасы десе, әзірде сіз қара құрт шаққандай дедіңіз. Бағамдап отырсам, сол қара құртты біз де жейді екенбіз-ау. – Кет-ей, оттамай, – деді Әліқұл бар денесімен еңсеріле бұрылып. – рас айтам, отағасы десе. Тіпті қазір жеп отырмыз. – ал, дәлелде. – Не дәлел керек. Өйткені, қара құртты қой жейді, қойды біз жейміз. – Ой, ит-ай, ойлап таппайтының жоқ-ау. – Әліқұл ірі денесі саба піскендей іркілдеп, рақаттана қатты күлді. Бархан болса алдында мөлдіреп тұрған жоян стақан араққа телмірген күйі езу тартпастан сұлық отыр. – Ей, – деді упр, – сен неге күлмейсің, понимаешь. – Сіз ұрсасыз ғой. – Неге? – Күлсем деймін... – Фу... понимаешь, мынау не деген мылжың еді. мен ұрыссам, қоса ұрыспайсың ба? Давай, анау алдыңдағы арақты ішіп қой, сосын сөйлесерміз. – мен қашан ішуші едім, ағасы.– Бархан алдындағы мелдіреп мұрын жарып тұрған арақты ары таман қолының сыртымен ысырыңқырап қойды. Әліқұл енді оң жақ жамбасына аунап жатты. Шынтағындағы жастық бір уыс болып иленіп қалған. Сейітқұлдың әйелі ас үйге кіріп-шығып, ыдыс-аяқты жинастырып, шай қойып, тыным таппай жүр. Өзі де тасы- райған, қара торының өңдісі еді. маған десе, алдында әкесі тұрсын, бетің бар, жүзің бар демей, дүрс еткізіп турасын айтатын. Бархан оның жайтаң қағып, лыпыған жүрісі мен бедеу бейнесіне көзінің астымен барлай қарап отырып: «Жұрттың қатыны да өзіне тартып туады?» деп ойлады. – Сонымен, – деді басқарушы,– бағанағыдай емес, дауы- сын қоңырлай созып, – арақ ішпеуші едім де. Жө-ө-н, әттең заманнан не бұрын, не кейін туғансың. Колхоздың қара өгізіндей жұмысты мұрның пысылдап, істейсің келіп, істейсің келіп, жарқыным-ау, қазір өгіз адам емес, түлкі адам керек бізге. мына өзіңнен он жас кіші Сейітқұлды қарашы, майға тыққан күміс қасық секілді, иненің көзінен өтердей болып, жылпылдап тұр-ау, жылпылдап тұр. анау күні жұмысшылар комитетінің жиналысында қалай қатырып сөйлеп берді. Әй, бала, – деді Сейітқұлды сұқ саусағымен нұқи. – Сен ғой, сонда аздап бөсіңкіреп жібердің, ә... понимаешь... – Отағасы десе, өзіңізден озып қайда барам... Ептеп су қосып, ұрып жібергенім рас. – айттым ғой, бұл түлкінің күшігі өлмейді деп. – мәз болып күліп алды. – ал жігіттер, – деді бұдан соң, – мал қыстатуды, ойдағыдай аяқтап, көктемгі төл алу науқанына сақадай-сай болу үшін осы тосты алып қоялық.– Өзі қырлы стақандағы шүпілдей толған арақты аузына апарып, ақтара салды да, шеңгелдеп-шеңгелдеп ет асады. Екі ұрты бұлтылдап, шайнаң қаққан Әліқұлдың қап-қалың қорасан бетіне қарап отырып, тойып қалғандайсың.
|
|||
|