Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 38 страница



Барханның бағана кеткісі келген.

– ағасы, ақылыңызды айтып болсаңыз, қайтайын деп едім.

Әлгі кішкентай қызымыз да аузы уылып, ауырып жүр еді.

– Сен кеткенді қоя тұр, – деді аузындағы етті шайнап біте алмай жалмаң қағып. – Осы бесжылдықта жүз қойдан қанша қозы өндіретініңді, әр бастан неше килограмм жүн қырқа- тыныңды айт. Кіммен жарысасың? Тағы да мына Сейітқұлмен бе? айтпақшы, бағана өріс басында қатты кетіппін, кешір, білмеген у ішеді деген осы емес пе, қораның қиын тазалап тастаған екенсің, көрдім, оныңа рақмет. Бірақ анау он күн бойы он жерді құр бекерге қазғылап, көзге тамызатын су шығара алмаған құдықшы қуларды үйір қыла берме, олар бүгін қи тазалауға көмектессе, ертең, әйеліңе... тоист, басқасына көмектесуі мүмкін. Ол дала безер бездельниктерді мен ауданға айтып, аяғын аспаннан келтірейін, понимаешь, ал бара бер?

Бархан шығып бара жатып:

– Биыл Сейітқұлмен жарыспай-ақ қойсам қайтеді. Бәрі бір оздырарсыздар... – деді. Көршісінің бұл астарлы сөзін бөлімше басқарушысы ұқпағанымен, Сейітқұл аңғарып қалған.


мысқылдай мырс етіп күлді де: «Өзіңіз білесіз, отағасы десе, маған бәрібір.

атақты Жазылбек Қуанышбаевтың өзімен рұқсат етсе, жарыса берем», – деді. Әліқұл айғайға басты:

– Сен немене, понимаешь, соц. соревнованиені қылжаққа айналдырасың? Саяси сауатсыздық бұл. Әй, Сейітқұл ком- муниссің ғой, мына мотының сауатын аш. Баяғыда партияға мұны емес, сені алғанымыз қандай дұрыс болған, бәрібір көгертпейді екен.

Бархан ары қарай тыңдаған жоқ. Есікті тарс жауып шыға жөнелді. Әліқұлдың «понимаешь жаман айғырға жал біте бастапты» дегені босағаға қыстырылып қалды.

аспан ашық, түнгі ауадан күздің қара суығы сезіледі. Қас қарайып, алқара көктегі сансыз жұлдыздар тым алыстан сиқырлана көз қысысады. Сол тұп-тұнық аспаннан самолет ұшып барады-ау. Гуілдеп, жүрекке нендей бір қаяу тастар үнін естігені болмаса, Бархан сол «құсты» әлі көрген жоқ. Көргісі-ақ келетін, ұшқысы-ақ келетін құрғыр, жол түспейді. Өз қыстағының дәл төбесінен ұшар самолетті, кейде ойша санайтын. Және қай уақытта өтерін де жатқа айтар еді, бірақ сол шіркіндердің қайдан ұшарын, қайда қонарын, қандай адамдар ұшып бара жатқанын білмейтін. Оған төбесінен өткен самолеттің бәр-бәрінде өңкей бір төрт құбыласы тең, қағанағы қарқ бақытты адамдар мініп отырғандай сезілетін.

Неге екені белгісіз көңілі жасып, үйге кіргісі келмеді. анадай жерде үркердей үйіріліп, жусап жатқан отарын бір айналып шықты да, екі қолын артына ұстаған қалпы құм төбеге қарай асықпай аяңдады. Күндізгі өкпек жел толастамай, түннің бар еркіндігін өзі билеп-төстеп, еркелей еседі. Жылдар бойы суырыла-суырыла есіліп қалған бұйра құм баяғыша жер бауырлап, сусымай, албатты лағып көше бермей байыз тауып, біржола қоныстанған. Соңғы кезде Қызылқұм мінезі мүлдем өзгеріп, мынау қазақтарша отырықшы болғандай еді. арпалысып, көшіп-қонып жатар мазасыз дәурен әлдеқашан қош-қошын айтып, ендігі бұйығы да жуас «Сен тимесең, мен тимен» тағдырды таңдап алғандай еді. Сумаңдап кеп, сусылдап кеп суыртпақтала жортар жорға жүрісі саябырсып, тобан аяқ болып, томпайып-томпайып қалған құмдақ, енді саябыр тауып, қызыл күреңдене топыраққа айнала бастаған. Төбе-төбенің шекесінен мап-майда ұнтақ құм ғана жылбысқы жылжиды.


Оның өзі де ендігі пананы мал тұяғы мен қотан, қораның іргесі яки, киіз үйдің маңайынан іздеп, үп етіп жел тұрса болды, төрге шығады. Егер шайнап қалған асыңнан шақыр етіп құм шықса, әлгі тұқымы азып, есік көзінде қалған қайран құмның адамдарға көрсеткен ақырғы қысастығы сықылды еді. Ең ғажабы, осына жота көрсетіп, беріштене бастаған құмның әр жері сорланып, ақтаңдана жауырға айналған. Бұл өңірде тұз төгіп тастағандай әктеніп, шыт-шыт айырылып жатар жер барған сайын молайып келеді. Әлгі аппақ сортаңға тіл тигізсең – ап-ащы.

Осыншалық кеспірсіз ұлан-ғайыр даланы шекпен киген қазақтың ғасырлар бойы қимауы, анау қып-қызыл, әрі сұп- сұр жосыған құмды жер жәннатына балап, қаншалық қорлық, қаншалық зорлық көріп азсын, тозсын, таңдайы кеберсіп, шөлден қаталап өлсін, жан бағып, өзге ел, өзге жұрттан жұмақ іздеп, кешіп кетпей, осы сорда, осы қатыгез құмда рақаттана жан тапсыруы – неліктен? Кей күндері мынау шымдауыттана бастаған құмның сыңсып, әлде бір аянышты үн шығарарын, кейде мынау тарихтың бар шежіресін қойнына тығып, бүк түсіп жатқан қызыл құм өз-өзінен өксігендей, демігіп, сырылдарын Бархан естігендей болушы еді. Сонда жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде киіз үйдің керегесін түріп қойып, таң атқанша құлақ түрер еді. Құлақ түре-түре өзінен басқа тірі жан естіп, ұға бермейтін сыбыр естігендей екі көзін тас қып жұмып, елітетін, ерте – тым ерте айырылған әке-шешенің сол қызыл құмның астынан әлдиі талып жетіп, мәпелеп тербеткендей, жабырқаңқы жанын уатқандай болушы еді. Содан айдың аппақ нұрына шомылып жатқан сонау құм төбелер жазықсыз жапа шеккен, өмірден өз орнын, өз еншісін, өзіне лайық сый- құрметін ала алмаған жандардың моласына ұқсар еді. Сол, ай астында мұнарланған құм төбеге өзінің де әні-міне айнала бастауы есіне түсіп, селк етіп шошынып, керегені оқыс жауып алар еді...

– Иә, құм жылайтын...

– Иә, құм сөйлейтін... Иә, құм жырлайтын...

– Иә, құм толғайтын...

– Иә, құм ән айтатын...

– Иә, құдая құм күлетін, кәдімгідей сақ-сақ күлетін...

– Иә, құмның даусы қандай әдемі еді десеңізші. Көзден де, көңілден де шалғай ұжмақ дүниеден хабар жеткізгендей, сол бір тым алыста, әрі тым жақында жатқан сиқырлы дүниені аңсап,


жалғызсырағанда, жабыққанда айтар әсем әні, әмәнда ұзақ- сонар толғауға барып, бебеу қаға тоғысар еді. Қызылқұмның тілін тек өзі ғана білетін Бархан онымен күбір-күбір әңгіме шертісер еді. Шынында да, ол ғажап үн естігендей өзгеше бір шыншылдықпен иланатын. Ол өзінің ішкі үні, сырласар, мұңдасар адам таппағанда сөйлеп қоя берер жан сарайы екенін ұға бермейтін, оның құлағына, тәңірім-ау, әйтеуір үн келері хақ еді.

– «Күні кеше жер қайыстыра жортып жүрер аң-құс қайда?»

– Бір жағы Жамбыл, бір жағы Фрунзеден келіп түні бойы машинаның жарығымен аулап құртқан».

– «Ей, Қызылқұм, баяғыдай неге көшпейсің?»

– «Көше бергеннен көрген пәтуаң кәне?»

– «адамдар үшін жалғыз жұтым суыңды неге қимайсың? Қазған сайын қаша бересің».

– «Қазір адамдардан су ғана емес, табиғаттың орман- тоғайы, аң-құсы бәр-бәрі қашып барады».

– «Ей, Қызылқұм неге күлесің?»

– «Сені мазақтап... алдыңдағы малдың амандығына мәзсің. Жалпақ жаһанда не болып жатқанынан хабарың жоқ. ана самолеттер қайда ұшты? Онымен кімдер ұшуға міндетті?

– «менен гөрі Қызылқұмның тірлігі озық,– деп ойлады бұдан соң Бархан. – Қыста сұп-сұр боп, қанын ішіне тартып, кетеуі кетіп жатқанымен, көктем шыға құлпырып, қып-қызыл қызғалдақтан көйлек киіп сексеуілі мен түзгені, жыңғылы мен изені жайқалып, азын-аулақ адасып жүрген аң-құсымен ойнап, қуанышы келте болса да, мәз-мейрам. ал мен, менің түрім мынау: ес біліп, етек жапқалы көрген қызық, кешкен ғұмыр

– қараша үйдің түтінін түтетіп, арқандаған аттай қотаннан ұзап шыға алмаймын шырғалап, жоспар орындау, міндеттеме қабылдау, Сейітқұлмен жарысу, өмір бақи озбайтын жарыс... Әліқұлдың айғайы... Дегенмен осындай тасбақа тірлікті тастап кетпей, төзудің өзі – ерлік екен-ау... Өзіңнің адалдығыңа – өзің сенуің батырлық екен-ау».

Құмтөбенің басында күпісін жамылып, омырауын аңырайта аша сонау батысқа қарап ой үстінде тұрған Бархан тағы да, тағы да сол көп кешеуілдемей, салып ұрып келер қыстың қамын ойлады. Бұл өңірдің қысы қызық, алдамшы болушы еді. Жер бауырлай сусып соғар үскірік желі құм мен қарды


араластыра ұшырып, бұйрат-бұйраттың ықтасынын, сексеуіл мен жыңғылдың түбін қасат қармен қымтайтын. Құм жалдың үстін қар жалдары жауып, шымқай құрғақта сары аяз буады- ай. Жұмсақ жылдары төрт түлікті ылғи тебінмен шығаратын ел кейде қамсыз қалып, жемшөптің тапшылығынан малын жұтқа ұшыратып алатын. Жайшылықта отарды неғұрлым қалың құмның ара-арасына өргізіп, ықтасын қуып, қыстақтан жылыстай жылы жер, соны тебін іздеп кетер Бархан енді елмен бірге меншікке тиер жемшөпті сығымдап, қой қоздар шаққа сақтар сақтыққа көшкен. мұндай ауыр жылдарда төлдемейтін бойдақ мал болса, қардың шеті тесіле кең жазира, құйқалы жер арқаға айдап кетер еді. Қарындары жер сызып жүрген саулық қолды байлайтын.

анау жылдар жақсы еді... ақпан айында май тоңғысыз жылымық тұратын. Бетін қар қабыршақтары күптеген құмды көсіп қалсаң, буы бұрқырап, жып-жылы леп шығатын. Әсіресе, шабылып құм көшкенде қатты суық болмайтын. Егер мелшиіп, үн-түнсіз тұншығып жатса, екпіні жоқ, өті қатты қара суық сексеуіл сындыра зәрін шашатын, кәрін тігетін. Жарықтық құмның ара-тұра көшіп-қонарына не жетсін. Не нәрсе де қоныс аудармай, жер тағандап жатып алса, көргені де азайып, қатыгезденіп, жидіп кетеді білем. Ие, көшу керек-ау... Бірақ, қайда?

Қыста мұның сенері совхоз берген там-тұм азық емес, анау құмның арасындағы аяз бен қасат қарға ырық бермей тұрар кемпіршаш, күйреуік, дәндіқара секілді малға жұғымды, жұмыр шөптер. Биылғы қыстың қандай айбармен келерін күні бұрын болжау қиын. Түлкі бұлаңға салып алдап кете береді. Табиғат жарықтықтың да соңғы жылдары осындай бір мінезсіз, жұмбақтана қылтқып тұрар қылығы кісінің жынына тиетін. ал совхоз болса, Сейітқұлдың қорасын тотияйындай көкпеңбек шөпке толтырды да Барханды ұмыт қалдырды. «Беретін шығар,– деді күбірлеп – кешіксе де жеткізіп берер...»

Құмтөбенің басында тұрған Барханның көз алдынан қара құйрық жүгіріп өткендей болды. Бұл не, елес шығар... жел барған сайын ішін тартып, үдей соқты. Отар үркердей үйіріліп, әне қаперсіз жатыр. Сейітқұлдың қыстағы самаладай жарқырап, көз шағылыстырады, сайқалдана көңілді қытықтайды. Өзі қаперсіз ұйқыға берілген-ау, сым шарбақтың ішіндегі қойларды даланың бөрісі түгіл (егер бар болса), қаланың әккі ұрысы ебін


тауып ала алмайды. Ол айтады: «Тордың сыртынан тағы бір тікенек тор тартамын да ток жүргізіп тастаймын. Сөйтіп, қой күзету деген ата-баба азабымен мәңгілік қоштасамын», – деп. Сонда Бархан айтқан: «Қойды күзетпесе несі қызық»

«Тіршілікшіл, әйтеуір арам өлмейтін жігіт» – деді ішінен.

«Тіршілікшіл» жігіттің үйінде қонып қалған Әліқұл тәлтіректеп далаға шықты. Электр жарығымен шағылысып, от болып жанған қойлардың көзіне бағжия қарап, арбасып тұрды да: «Понимаешь, дәл Бархан сияқты бедіреюін» – деп қолын бір сілтеді де, үйге қайта кірді. Бағана ғана ашық тұрған аспан да, сол аспандағы сансыз жұлдыз да – жым-жылас, әлдекім теріп алғандай. Табанының астынан басталып, анау Бетпақ далаға ұласар шетсіз де, шексіз құм дариясы бейне бір асау толқынды, асығыс толқынды теңіз жалдарының бақилыққа қатып қалғаны іспетті, өркеш-өркеш, бұйра-бұйра. Әлдебір әннің қайырмасын жалықтыра қайталап, күй сандықтың инесі бір орнында тұрып қалғандай, ызың-ызың үн шығады. Сол үнге желге бетін берсе де, белін бермей сидам тұрған сексеуілдің уілі қосылып, Барханнан басқа ешкім ұға алмайтын, әлдебір әнді шырқағандай. Тіпті бұл өзге жұрттың құлағына ән емес, жыр емес, толғау емес – зарлаған жоқтау сықылды естілері де мүмкін-ау. Өзге жұртқа құлазып, тісін шақұр-шұқыр қайрап, қағынып жатар Қызылқұм – аңызға айналған аңызақ шөл даланың – кейуана жердің мәңгілік мойымайтын, мәңгілік өзгермейтін қайратты да қайсар мінез-құлқын танытар ұлы елдің бел баласы екен-ау... «Осына кенезесі кеуіп, ерні кеберсіп жатар ен дала – қолқаны қабар жалмауыз құмда не құты қалды екен бұл елдің? Құдіретті қуатқа толы ғажап сиқыр бар ма?! Құдая-ау, сол кезде баяғы қытықшыл, жас ботаның телпегімді ала қашып ойнағанындай қылықтарын күрт өзгертіп, не буырқанып, ашу шақырмай, жер бауырлап өксіп жатып алғаны несі? Қайда, кешегі сусылдап, әндетіп, қым-қуыт көшіп қонар көшпелі құм? Қайда, көшпелі құм?

Барханның ойын тағы да көз алдынан өткен елес бөлді. алғашқыда селк етіп шошынып қалғанымен, еті үйрене, шынында да түн ішінде елбеңдеп жүрген не нәрсе дегендей алыстан өлеусірей түскен шам жарығы сәулеленіп тұрған маңайына көз талдыра қарады. Үдере соққан жел ызыңынан өзге дүние қараң. аспаннан айрылған жер ғана қара жамылып қорқынышпен қарауытады. анда-санда осы етпетінен құлап,


талықсып жатар жарықтық деміге ұзақ жөтелгендей, күрк-күрк үн желге мініп, жетіп келеді. Табиғатта әзірше неге соқтырары беймәлім беймазалық бар. Түн түкпірінен тағы да әлдене ағараң еткендей болды да, ақырын ғана мекіренген қара құйрықтың сүлдесі көрінді. Төбе басында серейіп тұрған Барханнан үрікпей, еркелей ойнақтап жетіп келді де, етегін иіскелеп, жып-жылы, жұм-жұмсақ тұмсығымен Барханның қолын түрткілеп, жалай бастады.

– «Ү-й-й...- байғұсым-ай, сен екенсің ғой. Хайуан болсаң да қолдан жем берген иеңнің жақсылығын ұмытпаған екенсің». Қарақұйрықтың арқасын сипап, құшағына қысты. Өткен күзде әлдекім атып жаралап, қалың түлейдің ішінде жасырынып, қансырап жатқанын тауып алып еді. ай бойы аяғын емдеп, жем беріп, Сейітқұлдың төрткөз сарыаяқ итінен торып, асыраған. Сонсоң қыстақтан тым алыс, Паң далаға ұзатып салған. Содан бергі уақытта бір жыл өтсе де, қара үзіп кетпей, шырғалап келіп тұрғаны мынау.

«Хайуан екеш, хайуан да істеген жақсылықты ұмытпайды. Бара ғой, қозым, бара ғой. Сен анау шамдары түн түндігін жыртып, ежірейіп тұрған сәулетті қыстаққа жолама. ақылың болса менен басқа адамға жуыма. Неғұрлым қашық жүрсең, неғұрлым қорқып, сасып жүрсең – ғұмыр жасың ұзақ болады, жарқыным. Бара ғой қозым, бара ғой. мен бейбақты іздеп қайтесің... мен бір өзің секілді оқ ерте тиген мұңлықпын... Бара ғой...»

Осы сәтте қатты құйын көтерілгендей болды да, жылдар бойы сіресіп жатқан Қызылқұм айдаһардай ысқырды. Әлгінде ғана желге арқасын сипатып, жым-жырт қалғыған, әлгінде ғана тәңіріне табынып, дүниенің бар үзірін баз кешіп, жалыққандай есінеп-құсынап мантыраған даланың талағы тарс айрылды. Шабына кім түртті өз-өзінен буырқанып, өз- өзінен шамырқанып, екі езуі көпіріп бураша бұлқынып шыға келді. Әлдене құйын боп аспанға шапши тік көтеріліп еді, енді сол ұйтқыған құйын өзі секілді мың-миллион құтырық қарабас сарбаздарын мұқым қызыл құмның бойына анталатып, қаптатып жібергендей болды. Сол, сол-ақ екен, беріштене қатқан төбе-бұйраттар бүлкілдеп, тісі-тісіне тимей, бақсы боп сақылдағандай, дірілдеп-қалшылдап безгегі ұстағандай жынын шақырды. Сонан соң бүған дейін ешқашан естімеген: өкірген, әлде өксіген үнмен жоқтау айтты, сыңсыды, булығып


барып, зар еңіреп жылады – аса бір алапат екпінмен батысқа бақанын алып лап қойды. Жер мен көк, ой мен қыр - бәрі- бәрі тұтаса қып-қызыл әлде қап-қара құмның тұтқынында, бейне бір африкадағы ағайын құмдардай алып қуатпен алға көше жөнелді. Дәл алдындағы сексеуілден қапелімде шап беріп ұстауға шамасы әрең келіп көзін жұма етпетінен құлаған Бархан бұдан әрі не болғанын білген жоқ әйтеуір, қалың шуыл, зор майданның басталып, үстінен жүздеген жүйрік ат тапалдап өткендей дәрменсіз халде. Едәуір мәуріттен соң құмның көшуі аяқталғандай, маңайды тағы да баяғыша жым-жырт құлақ кесті тыныштық билегендей болған. Құмға тірідей көміліп қалған денесін зорға ашып, тәлтіректей тұрған Бархан ал дегенде қыстағына қарап еді, орнында сияқты. Тек Сейітқұлдың қотанында сайқалдана жымыңдайтын шамдар ғана сөніп, қою қараңғылыққа тұншығады. Ес біліп, етек жапқалы мұн- шалық ұрланып келер ұрымтал құйынды көрмеген, қатты қайран қалды. Иә, бүгін Қызылқұм бөтен мінез көрсетті! Неге ашуланды, ненің ырымы бұл? Үйіне қарай сүріне-қабына балаша зыр жүгірген Бархан ашық қотанда бағана ғана бейбіт жусап жатқан отардың бірде-біреуі жоқ, тақыр таза орны ғана қалғанын көрді. Есі шыға айғай салды да жын ұрғандай құм көшкен ізбен дедек қағып, қос өкпесі қабына жүгіріп барады әне... Әне, Бархан көшкен құмның артынан қуып барады

– Әне, Бархан жеті жүз бас қойын ала қашқан құтырық құмды өкшелей қуа жөнелді...

Ең болмағанда өзі секілді отыз жылда бір рет мінез көрсете алмаған ұлының ынжықтығына сақ-сақ күліп, мазақ еткен Қызылқұм ақ жүрек әрі қара қылды қақ жарған адал шопанның отарын ала қашқаны рас еді! Бірақ, бәрібір Бархан қуып жетеді! Өйткені, оның тақымында азап деген арғымақ бар, жылдар бойы тамшылап жиналып, тас тесер ашу-ызасы, айта алмаған арманды сөзі бар... Бәрібір Бархан қуып жетеді: арқа еті – арша, борбай еті – борша, мойны ырғайдай – биті торғайдай болып ашаруаққа айналар – бәрібір отарын табар... мұрнының астынан құдықшы Серік үйреткен әнді ыңылдап, қойын алдына салып айдап, оралар... Жұмагүл «жаным-ау, тірімісің» деп жымия күліп қарсы алар; жүкке арқасын тіреп, Нұргүлін тізесіне отырғызып, жұбайы майысып ұсынған құла шайды сораптап ұзақ ішер; сонан соң үйдің оң жақ іргесі жер сілкінгендей солқылдар – Бархан Әліқұлдың шақырғанына,


құдай біледі, осы жолы бармай, жау түсіріп келгендей-ақ, аяғының басын қайқайтып, кергіп жатып алар-ау... Не деген бақытқа, шаттыққа толы өмір?! Тәңірім-ай, қайғысыз қара суға семіріп, тірлік деген түлкіні жаяу қуғанға не жетсін... Әкесі құсап ақ бас атанға мініп, көкжиекке сіңіп, жоқ болса, мәңгіге жоқ болса қайтер еді.

Әне, Бархан, отардың соңынан 42-ші размерлі керзі етігін сыпырып тастап, жас балаша жалаң аяқ безектеп барады. Бұдан отыз жыл бұрын он бес жасында дәл осылай кұм кешіп жүгіріп еді... отыз жыл бұрын...

 

алқара аспанда самолет ұшып өтті...

 

* * *

Өзгерген ештеңе де жоқ. Бархан құм құйынмен бірге ықтап кеткен отарын тауып, аман-есен қыстағына айдап келді. мал түгел. Жұмагүл қарсы алды. Жүкке арқасын тіреп, маңдайы жіпсіп, бой-бойы балқып, шай іше бергені сол еді, үйдің оң жақ бұрышы солқылдап қоя берді. Бархан жаңа ғана ұрттай берген, шай құйылған кесені асығыс қоя салды да, күпәйкесінің сыңар жеңін ғана киіп, есіктен ата жөнелді. Әйелінің: «И-и, бейшара- ай, өстіп жүріп өлесің-ау» – деп күрсінгенін, көзіне жас алғанын естіген де, көрген де жоқ. Упр баяғы орнында жатыр екен. Жүзі сынық. Барханның сәлемін ернінің ұшымен алды да, күреңіткен қалпы бір нүктеге қадала, көп ойланып барып:

– Да-а... – деді даусын соза – Понимаешь, беда деген аяқ астынан. Бұлай боларын кім білген, үш ұйықтаса ойымызда бар ма тәйірі. Да-а... жиырма бес қой, тфу, безобразие, ішпей- жемей...

Әліқұлдың осыншалық жүйке тоздырар таусыла айтқан жұмбақ сөзі ішін кептірді білем, Бархан шыдай алмай:

– Не болды ағасы? – деді. – Өңіңіз сынық қой, Сейітқұл қайда?

– Ол ит, қой сойып жатыр, – деді саусағымен алдындағы столдың шетін шертіп.

– Тағы да қонақасы ма?

– Осы жолғы қонақасыға сойылған қой бүкіл совхозға жетеді. Түнгі құтырған құйын жиырма бес қойды жайратып кетті. Осы итке қаншама рет қақсадым, понимаешь, артық пысықтық маңдайға сыймайды деп... Түрмеге қамағандай,


қотанның сыртын темір сыммен қоршап... енді міне, дауылға шыдай алмай, өре түрегеліп ыққан отар сым шарбаққа қыстырылып, бірінің үстіне бірі шығып, бастырылыққан да қалған. Жиырма бес саулық тіл тартпай кетті он шақтысының кірпігі ғана қимылдап жатыр.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.