Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 33 страница



Қысқы жол мұнымен де таусылған жоқ еді. Ертеңінде тұлып болып ісініп кеткен аяғымның ауырғанына қарамастан,


елең-алаңнан жұмысқа шықтым. Енем де қарап отырмайды. майдандағы жауынгерлерге деп, көйлек тігеді, шұлық тоқиды, кендір сындырып, арқан еседі. Әйтеуір, баланың басы бар, колхоз тапсырған ұсақ-түйек шаруаны тез бітіріп тастайды. Ол үшін еңбеккүнді кейде жазады, кейде жазбайды. Әсіресе, жанға батқаны «трудабойда» жүрген ақан үшін салған «военсалық» болды. Биылғы жылдыкін төлемеп едік, тіпті, беріп құтыла қоятын елу сомымыз да жоқ-ты. Бір күні едіреңдеп ауыл сәбеттің хатшысы келді. Төрт емшегіне қарап отырған жалғыз сиырды аламыз деп тізімдей бастаған соң, амал жоқ, бұл үйдегі ең ақырғы байлықты ортаға салдық. Баяғыда Черново деген ауылдағы орыс байынан екі жылқы беріп алған дәу сары самаурынды ауыл сәбеттің өзіне сатып, әскери салықтың бір жылынан тағы да азаттандық-ау зорға дегенде.

Ол уайым емес, бар уайымым – жалғыз ұлды тірідей әкесіне көрсету. Басқа балалардың қашан туып, қалай бақ- қаным да есімде жоқ. Бейне бір қыздарым емес, өзгеден асырап алған секілді, белгісіз де бейбіт өсті. Күні бүгінге дейін шеше болып мекіреніп, «айналайын» деп беттерінен сүйген емеспін. Әйтеуір, қырқынан шықса болды, ары қарай енемнің баулуымен бауырында жетілетін. Қартайғанына қарамастан еті тірі, пысық адам ғой, бала бағудың азабын ешқашан көрсеткен емес. ал үлкен кісінің тәрбиесінде өскен шағалардың біртоға, ақылды болып өсеріне қазақтардың көзі баяғыда жеткен. рас, Баламердің де ауыртпалығын түсірген жоқ. Оқта-текте, жұмыстан шаршап келгенімде, мауқымды басайын деп, алдыма алып, аймалай бастасам: «Тәйт әрі, бала көрмеп пе ең», – деп қолымнан жұлып алар еді.

Енемнің өз тағдыры да талай-талай сүргіннен өткен қияметке толы екенін кейініректе естіп білдім. Ол кісінің тегі ауқатты адамдар болған көрінеді. алтайдың күнгей бетін жайлаған қалың абақ Керей руынан. атақты байдың оң жақтағы қызы болып, үлде мен бүлдеге оранып отырғанында атамыз алып қашыпты. Содан екі ел арасында үлкен дау туады.

«Сілкіп салар сырмағы, шек деп қайырар лағы жоқ тақыр кедейге қызымызды бере алмаймыз», – деп, жүз шақты жігітпен келіп қайтадан алып кетіпті. Енеміз өз үйінің оң босағасында отырып босанады. Соның өзінде ар-намыс көрмей, сол жақтың бір жігітіне ұзатқалы жатқанында, баласын алдына алып, алтай асып атамызға қашып кетіпті. Төркіннің бетін содан


қайтып көрмей кеткен екен. Екі-үш жылдай мезгіл өткен соң, әке-шешесі: «Қыздың кәрі қиын болушы еді, өкпеге қисақ та, өлімге қия алмадық, кешсін», – деп, түйеге теңдеп жасауын беріп жіберіпті. Сонда арғы беттен қойнына тығып келген бала ақмет екен... Содан бері қанша жыл өтті, қанша су ақты. Енді міне, қара шаңырақтың ару анасы болып отыр.

мен туасы балажанды адам емеспін. Балаларыма қолым тиген шақтарым да болды. Бірақ ұрсып, соғудан өлген, жасқан- шақ болып өскен баланы көргенім жоқ.

Қызық, бір күні ата-Енем құрман айтқа кеткен болатын. Бесікте қолындағы қойдың асығымен былдырлап ойнап жат- қан Баламерді шешіп алдым да, шөпілдетіп сүйіп, әлдилеп отырғанмын.

Әлди-әлди абайым, атқа тоқым жабайын, Сенің апаң қыдырмаш, Қайдан іздеп табайын, –

деп әндетемін-ай.

Көңілімдегі әсте де кетпей жүретін уайым көлеңкесі, санамды сартап етіп сарғайтқан сағыныш, белгісіз бір аңсау, үзілмес үмітпен іздеу сынды жүректі шабақтар сезімдер бойыма тарап, денем қорғасындай еріп, көзімнен ашу-ызасыз, қуаныш-қайғысыз әдемі жас шықты. Ондайлық мұнтаздай мұңлы жас кісінің жанын жарылқайды екен. Осындай өң мен түс арасындағы іңір сәттің қоңыржай самалын таусап, әлдендім бе, омырауымнан саулап сүт шықты. Өңірімді ағытып жіберіп, емшегімді Баламердің бұлтиған аузына салып едім, қолдан сүт ішіп үйреніп қалған ол тыжырынып еме қоймады. Дәл осы мезетте Енем есік ашып, кіріп-ақ келгені.

– Оның не? Емшек сүтіне үйренбеген баланың іші өтпей ме, құдай-ау! – деп қолымнан ала қашқаны. Бетімнен отым шығып қатты ұялдым. Әне, жалғыз ұл солай өскен.

Күндер артынан күндер күндер өтіп жатты. ауыр кезеңде тіпті осы күннің өзі жылжымай, бір орында тұрып қалғандай көрінуші еді. Ертедегі шалдардың «күнім өтіп барады» деп жылайтыны еріккендігі екен. адам үнемі бір алдан, әлденеден жақсылық күтіп, үміттенеді. Соғыс жылдарында бізді аман алып қалған сол – үзілмес үміт пен мұқалмас сенім ғой. Тамам жұрт секілді мен де әр күн, әр ай, әр мезгілді сағына тосамын. Қыс өтсе соғыс бітіп, бейбітшілік орнайтындай асықтық, енді


көктемді көксеп жүрміз. Көктем шықса болды, осы ауылдан аттанған алпыс азамат маңдайлары жарқырап, аман-есен келе жататындай...

Қар еріп, топырақ қызып, қараған басы бүрлеген шақта жан- жануар мен бірге біз де жасарып, жайнап қалғандай болдық. Қыстайғы ауыртпалық адыра қалғандай, аш жүрейік, жалаңаш жүрейік, әйтеуір, күннің қызуына мәз болып, сергіп, серпілдік. мал ұзап жайылып, балалар ауладан аулаққа шығып, асыр салып ойнайды. Қолдарында өздері жасап алған ағаш мылтық, уралап «жауды» қуады да жүреді. Ертеңгі әскерлер осылар ғой, менің Баламерім қашан ер жетіп, соңымнан еріп жүреді екен деп қызыға қараймын. Кеше кешке Жұлдыз колхозының басқармалары жиналыс ашып, ақан әскерге кетерде 170 сом қарыз ақша алған, соны төлесін деп, кісі жіберіпті. ақанның ерін ала алмаған Нартайдың әбден өшіккені соншалық, қырық жылғыны қылға тізіп, алдымызға келтіреді де отырады. Өйтіп- бүйтіп жүріп ол қарыздан да құтылдым.

Наубайханада ұн илеп тұр едім, үлкен қызым Шолпан келді жүгіріп. Жылаған.

– Үйді бұзғалы жатыр.

– Кім, ойбай?

– Бастықтар.

Қолымдағы жабысқан қамырды етегіме сүрте салып, құстай ұштым. Келсем, есік алдында ат ойнатып, Нартай жүр. Балта, ломдарын сайлап, арба жеккен адамдар үйді қопарғалы жатыр. Енемде ес жоқ, «өлемін» деп бұзаудың мойын жібін алып, Нартайға ұмтылды. «Қайран, апам-ай, «өлем» дегенше,

«өлтірем» деп неге айтпайды екен», – деп ойлаймын. атам болса сол сабырлы қалпы, қолында таспиғы: – Қарғыс, – деп табалдырықта күбірлеп отыр. ақсайтаным мұндай түспесін бе, келе долданып Нартайдың шаужайына жармастым.

– Не жазығым бар еді. Құдай-ау, бала-шағаны шулатып, үйді бұзғаны несі! Елім-ау, жұртым-ау, қайдасыңдар, қорлатпай

«қой» дейтін адам табыла ма... – Зарлап барып, ақ боз аттың үстінде шіренген Нартайдың үзеңгі бауынан ала түстім.

– Кет, албасты! Құтырып кеттің бе? – деп қамшымен арқамнан осып жіберді. арқам удай ашыды, көзіме қан толды. Сол кездегі-ай десеңші, ат үстіндегі еңгезердей адамды жалғыз-ақ жұлқып аударып түсірдім. Тіпті, тұрықты аттың өзі


тәлтіректеп кетті. Есті жануар екен, иесі жерге топ ете түссе де, қашпай құлағын тіге осқырынып тұра берді. аяғымның астына бір қап бидайдай былш ете қалған Нартайдың кеудесіне қарғып мініп, тыпырлауға шамасын келтірмей армансыз қойғыладым- ай, тепкіледім-ай. Үй бұзуға келген кісілер әрең дегенде ажыратып алды. Үсті-басын қағынып, орнынан тұрған Нартай қатыннан таяқ жегеніне ұялды білем: «албасты, ашуың қандай қатты еді, өлтіріп тастай жаздадың ғой», – деп әуелі ырсиып күлді. Содан соң есі жаңа кіргендей тістенді.

– Қанына қарайған қара қаншық, түрмеде шірітемін. маған керегі де осы пәкті еді. Жаз, түгін қалдырмай актіле, сендер куә боласыңдар, – деді колхозшыларға. ауыл кеңестің хатшысы болып жүрген келіні қағаз, қарындашын алып сусылдатып жаза бастады.

– Біз ештеңе көрген жоқпыз, – деді Жақияр ақсақал. – Сондықтан куә бола алмаймыз.

– Немене, көзіңді шел басып тұр ма, кәрі ит! – деп ақырды Нартай. – Сені қоса айдатамын.

– Қатқаныңның басы. Жазықсыз жандарды жазалаған өзіңді соттау керек. Тіліңді тигізе берме. Әйтпесе жегеніңді қайта құстырып, қырық жылғыңды жазып беремін.

Осы сөзден кейін Нартай жуасиын деді. Жақияр шалдан үнемі тайсақтай беруші еді, тегі ішіп-жеген, істеген қылмысын түгелдей жатқа білетін осы кісі секілді.

– Кәмпеске кезінде байдан қалған үйді сутегін алған, ешбір қағазы жоқ, ендеше, бұл үй колхозға қарайды. Бұзып әкетіп, қойма саламыз, – деді Нартай атына қайта мініп.

– Құдай-ау, біз қайда паналаймыз, – деді енем.

– Оны өздерің біліңдер. анау жалмауыз келіндеріңнің күші тасып жүр екен, қарағай қиып, үй салып алар. Әйтпесе анау монша да жетеді сендерге.

– Үйдің ақшасы төленген, – деді атам таспиғын санаған қалпында. – Бес жүз сом ақша және қара бас қойды бергенмін. Келінің өртеп жібермесе, кеңсенің бір жерінде жатқан шығар.

– Ондай қағазды көргенім жоқ, – деді хатшы әйел безбүй- ректеніп.

– Ендеше, сенің де көзіңді шел басқан екен, – деді атам.

– Селсәбетке тіл тигізбе, – деп ақырайды Нартай. атам сол таспиғын санаған қалпы, құманын алып үйді айналып кетті.


Бұл қоқан-лоқыларынан түк шықпасына көзі жетті ме, Нартай атын тебініп қалып, шоқырақтай жөнелді. Ұзап барып, қайта оралды.

– Тең бұзғызамын, ал сен албасты, дайындала бер, түрмеге қамаласың. Басқармаға қол көтергеніңнің арты не боларын көрсетейін. – Зілмен, бітіспес кекпен айтты.

Жұрт тараған соң атам айтты: – Жаман болса да еркек аты бар ғой, азаматтың абыройын төгіп, бекер қол жұмсадың.

асқардай тұтқан атамның алдында Нартайдың кеудесіне міне түскенім, расында да ағаттық еді. мұндай ұялмаспын ба.

апам айтты: - Өзіне де сол керек. айызым қанды-ау. арты тыныш болсын.

Істерімді істеп алсам да, қорқа бастадым. мылтығы шошайған мелица келіп, алдына салып айдай жөнелсе, қайтемін. Бауырын көтермеген балам бар. масқара болғанда ақанға не деймін. Бастықты соғып абақтыға қамалыпты деген аты қандай жаман еді. Жоқ-жоқ, қол қусырып қарап отыруға болмайды, ауданға олардан бұрын өзім барайын.

менің мінезім қызық еді: көп сөйлемеймін, ал бір сөйлесем тоқтау қиын; көпке дейін ашуланбаймын, ал бір ашулансам алтайдың барлық тасын лақтырып, Бұқтырманы теріс ағызып жіберердей долданатынмын. Өзімнің орныма Енемді наубайханаға жібердім де, нар тәуекел деп аудан орталығына тарттым. Шыдамның да шегі бар, жер бетінде зәредей болса да әділет, шындық дегендер қалса, тексеріп, көздерімен көрсін, ақ-қарамды ажыратып берсін, бірақ қорлауы мен қорқытуды қойғызсын. Жаяу жүріп үйренген басым, отыз шақырымдағы Катонға түс ауа жетіп баруым сөзсіз еді. Жаулығым ағараңдап қара жолдың бойымен сыдырта тартып келемін. Дәл сол ретте жылап-сықтаған жоқпын, тас-түйін дайындық бітті бойыма. Шешінген судан тайынбас, қазір атып тастаса да тайынатын түрім жоқ. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасып әбден қажытып еді, жасымызға жеткізбей әбден қартайтып еді. Осылармен алысам деп, шашымның жартысы ағарып кетті. Егер осы жолы шындыққа көздерін жеткізе алмасам, онда Бұқтырмаға ағып өлгеннен басқа амал қалмады. Елде бардың ерні қимылдайды деген, артымда қалар үш қыз, бір ұлымды өкіметтің өзі де өлтірмес. Бұдан жаман кезімде де тойға барғанмын демекші, шегінетін жер жоқ, артымда – ар- намысым. Көрінгеннен сөз естіп, көлденең көк аттының көңілін


тауып, аяғына бас ұрып, жетім баладай әркімге бір жаутаңдап, жалтақтап ғұмыр кешкеннен ақ-адал өлімнің өзі иманды. Осы сапарым – соңғы сапар, не жеңем, не жеңілемін – үшіншісі жоқ. Не өлім, не өмір. Қызық, ашу қысып алжасқаныма көрінсін, кісінің есіне қайдағы-жайдағы оралады екен. «Өлемін» деген сөз ойыма түскенде, зәуде көзім жұмыла қалса, балаларымның халі қандай күйде болады, ақан кімге үйленеді, өгей шеше ұл-қыздарыма ана бола ала ма... міне, осы секілді мантырақ қиялдар арадай анталады. Жаныма келгенше шырамытпадым.

«апай, амансыз ба, жаяу қайда барасыз?» дегенде ғана жүз- дерін ажырата бастадым. «Бәсе-бәсе, деймін  ішімнен,

– құдай көктен тілегенімді жерден берді». Іздеп келе жатқан адамдарымның өздері алдымнан шықты. Қос салт атты – аудандық прокурор мен тергеуші екен.

– мен сіздерді іздеп шықтым. айналайындар-ай, менің жай- күйімді сезгендей-ақ, өздерің келе жатыр екенсіңдер. – Көзім ашып, иегім кемсеңдеп ботадай боздап жылағым келді, бірақ дірілдеген ернімді қан шығара тістелеп шыдадым-ау.

– Не болды, кім жәбірледі, апай? – деп сұрады прокурор жігіт.

– Келіңіз, менің атыма мініңіз, – деді тергеуші жігіт.

– рақмет, қалқам, мен жаяу жүруге жаралған жанмын. – Олар аттарын ақырын аяңдатып, менің жүрісімнің ыңғайына түсірді. ауылға жеткенше көрген қорлық-зорлықты, жүректегі мұң, тағдырымның мән-жайын ағыл-тегіл армансыз айттым- ай.

– Өзіміз де Нартайдың үстінен түскен арызды тексерейік деп шығып едік, – деді прокурор.

мен жеңдім. ауыл сәбеттің архибін ақтарып, үйді сатып алғанымыз, он екі жылдан бері салығын төлеп келгенімізді айғақтайтын қағаз табылды. Оны хатшы әйел Нартайдың бұйрығымен тығып тастаған екен. Келесі жылдан бастап әскери салық та төлемейтін болдық.

– азамат ақан ойнап жүрген жоқ. Ол да майданға қызмет жасап жүр. артында қалған семьясы үлкен, он шақты жан бар екен. Оларды асырап сақтауға жалғыз әйелдің күші қалай жетсін. Сондықтан да әскери салықты төлеткендеріңіз бекершілік болған. Бұдан былай жұмыстың жеңілін беріп, үй- жайына мүмкіндігінше, – деді прокурор жігіт. – ал басқарушы жолдас, сіздің мәселеңізге келетін болсақ, асыра сілтеп


алғансыз. Халық жауының қылығын жасағансыз. Өзіңіз – колхоз бастығысыз, ініңіз есепші, келініңіз ауыл кеңесінің хатшысы, тіпті әйеліңізге дейін басқарманың мүшесіне сай- лағансыз. Бұны қалай түсінуге болады?! Тіпті патшалар да бүкіл өкіметті семьясымен басқармаған. Ертең ауданға келіңіз, анық-қанығын сонда анықтап, тиісті жаза қолданамыз. Бұл не деген масқара!

Тәңір асыраған тоқтысын қасқыр жемейді деген сөз тегі рас екен. мерейім мұндай үстем болмас-ты. Ой, бір айызым қана рақаттандым-ау. Бұл менің жеңілген ит желкелегенге жақсы деп Нартайдың аттан жығылғанын табалағаным емес еді. Бұл менің жер бетінде әділдік барына тұңғыш рет көзім жетіп, қуанғаным еді ғой. Әттең, шіркін, сол әділдік бәрімізге жете бермейді екен-ау...

Нартайдың келінін ауыл сәбеттің хатшылығынан, інісін есепшіліктен шығарғанымен, өзін колхоз бастықтықтан босат- қан жоқ. Бұдан былай асыра сілтеп, шаш ал десе, бас алатын әпербақан болмауын қатаң ескертіп, сөгіс беріпті. Тіпті оны орнынан алған күннің өзінде сауаты бар, шаруашылықтың жағдайын білетін есті еркек таба қою қиын еді сол уақытта. ауыл азаматтарының жоқтығы жанға бататыны содан-ау. Енді ойлаймын, азаматы жоқ ауыл сарғайған ескі жұрт екен де, еркексіз әйелдер қаңсыған итаяқ екен... «Бар пәле сенен келді, албасты», – деді ол ауданнан қайтып оралған күні кеңсеге шақырып алып.

– Жеңдім деп тұрсың ғой. Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар. Көрерміз... Ертеңнен бастап наубайханадан шығасың. Балаң жетіліп қалды. Күшің тасып жүр екен, егін суғару жұмысына бар. Сенің орныңа Бәтіш нан пісіреді. Жуындыға семірген иттей дүмпиіп алып едің, енді қайтер екенсің.

– Тіліңізді тарта сөйлеңіз. Әттең әкемдей адамсыз, әйтпесе, әне күнгіні есіңізге қайта түсірер едім. – Есігін бір теуіп шыға жөнелдім.

Жаз шыға бес адам ауданда звеноводтың оқуына бардық. Он күн бойы егін суғарудың жай-жапсарын үйреніп, қайтып оралдық та, қиядан арық қазып, құдық шығару жұмысына кірісіп кеттік. менің бойымда қайран қалдырар бір қасиет бар еді: қандай істі болса да жан-тәніммен беріліп істейтінмін. Өзімізге бекітіп берген жерді бес әйел балаша баптап, ай


жарығымен суарып, арамшөбін жұлдық, әбден жайқалып өсіп, дәні толып сарғайып піскен соң барып бастырдық, маржандай бидайды өкіметке өткіздік. Жанталасып қол орақпен масақ орып, баулап жүргенімде білегімді оңдырмай кесіп алдым (алма шешей білегін түріп, сара тілінген тыртықты Күміске көрсетті). міне, соғыстан қалған белгі... Қан саулап тоқтамаған соң, жаулығыммен орап, шандып байладым да, амал жоқ, ауылға қайттым. Ол шақта дәрігер жоқ. Әйтеуір, қазақтың ем-домын жасап, қанын тыйдық. Қанжапырақ тарттық. ауырсынып үш күн жұмысқа шыға алмадым. «Дем алу үшін әдейі істедің, албасты, – деді Нартай. – мұғалімдерге қосылып шөп шабуға барасың».

Қайтесің, жылайсың, жылайсың шыдайсың. Баяғыда біреу: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», – деген екен. Сол айтқандайын мен де көзге шық- қан сүйелдей болып, көрінгеннен сөз естігенше, көз көріп, құлақ естімейтін барсакелмес, белгісіз жаққа қаңғып кеткім келетін. Қ-ай-й-дан... балапанын ерткен қаздай, аспаннан қырғи көрінгенде қанатымды сабалап, қаңқылдағаным болмаса, қолдан келер қайран бар ма. адамның басы алланың добы демекші, колхоз басқармасы қайда айдаса – сонда елпең қағып жүгіре бергеннен басқа шара не. Дегенмен осы мазасы жоқ, сынаптай толқып, сағымдай сусыған өміріме ризамын. Несін жасырайын, дәл сол кезде, күндіз-түні талмай, шаршап- шалдыққаныма қарамай белсенділіктен гөрі қолына қарап, қарлығаштың балапанындай тамақ сұрап, аузын ашып отырған бала-шағамды асырау тілегі бірінші тұратыны санамда. мен бейбіт те жомарт, жылқының жусағанындай тыныш тіршілік үшін күрестім, отбасымның амандығы үшін қу жанымды аяғаным жоқ. Әрбір қиналған сәтімде ел мен жерді осындай күйге душар қылған дұшпанды қанша рет қарғап-сіледім, қаншама рет шашымды жайып, батысқа жүз беріп лағынет айттым. мұғалімдерге қосылып пішен шауып жүрген шақта өз нормамды ылғи да артығымен орындап тастап, шөпшілердің бәрінен бұрын үйге безектеп жүгіремін. Үйге келе салып, қара жер қойнына алғанша таусылмайтын шаруаға кірісемін. Кей күндері мұғалімдер қайтып кеткен соң тартпамды шыңдап жападан-жалғыз қалып қоямын. ай туа тоғайдың арасына кіріп аламын да, жалғыз сиыр мен бес-алты қой-ешкіге шөп шабамын.


мұғалімдердің ішінде Зәбила атты сүп-сүйкімді қыз бар еді. Оны сен де білесің, Күмісжан, бұл күнде ақарлы-шақарлы семья, тіпті немере сүйіп отыр. Сол қыз мені жан тартып, аузындағысын жырып беріп, үйірсектеп жүретін. Құрбы- ларымен бірге ауылға қайтуға ыңғайлана берді де, менің төс темірге салып балғамен шалғы шыңдап отырып қалғанымды көріп, кері оралды.

– апай, сіз неге қайтпайсыз? – деді жаныма шоқайып отыра беріп.

– Өз малымызға арнап шөп шабамын.

– Түнде ме? – таңдана сұрады. – Қараңғы ғой.

– Енді бір сағаттан соң ай тумай ма.

– апырай, апай-ай, қалай ғана шаршамайсыз. Сізден әлдеқайда жас менің белім үзіліп, екі қарым талып әрең отырмын.

– Үйренбегендікі шығар, – дедім мен. – Басқа түссе бас- пақшыл деген емес пе. Жұмыс мені емес, мен жұмысты шаршатар шама бар.

– Жұмыс шаршаушы ма еді, – деді Зәбила күрсініп. – мен от жағайын, шалғының жүзі көрінбей барады, қолыңызды кесіп аларсыз.

– Жаға ғой. Шәугімге шай қоя сал.

ай туғанша сырласып отырдық. Шегіртке шырылдап, елік әупілдеді. Ол кезде аң-құс бықып жүруші еді ғой. Сымпылдап үйрек ұшады. Өзеннің беті қарабарқынданып, анда-санда бір нәрсе шолп ете қалады, тегі шабақ аулаған балық болар. Екі тізеңді құшақтап, үн-түнсіз отыра берсең, бойыңды қуанышты да мұңлы үрей билейді екен. Бірақ сен шошынбайсың, ләззат- ты әсермен терең күрсінесің де әлденені іздеп елеңдейсің. Іздеген затың не, білмейсің. Білмегендіктен де елегізіп іздейсің. Осындай жым-жырт ертектегідей отырғанымызды Зәбиланың майда үні бұзды.

– апай, бақыт деген не, білесіз бе? – мен бірден жауап бере алмадым.

Осы сұрақтың төңірегінде, тіпті, ойланбаппын-ау.

– Бәлкім, бақыт дегеніміз – ер-азаматқа еркелеу шығар.

– рас айтасыз, әйелге одан артық бақыт жоқ.

– Сен әлі жассың ғой. – Сөзімді аяқтатпады:

– Жас болсам да білемін. Бізді соғыс есейтті. Өзіміз қызығын көріп, қуанышын бөліспесек те, сіздерді көргенде


сай-сүйегіміз сырқырайды.Жауды жеңген күні алматыға оқуға аттанбақпын.

– Оқы, айналайын, мен үшін де оқы.

Ол мені құшақтап аялады, аяғаны шығар.

Осы кезде шығыстан дөп-дөңгелек айдың шеті қылтиды да, «мені зарыға тосып отырсыңдар-ау» дегендей шапшаң көтеріле бастады. мен орнымнан тұрып, алақаныма түкірдім де, тартпаны ептеп шықтана бастаған шалғынға салдым.

– Көмектесейін, апай, – деп Зәбила да өз қол шалғысына ұмтылды.

– Әуре болмай-ақ қой.

– Ештеңе етпес, сізден жаным артық па, – деп менің соңым- нан ересілтей жөнелді. ай жарығына шағылысқан шалғының жүздері жалтылдап, ұйысқан шөпті жайпап барады. артымызда түп-түзу десте қалды жол болып.

Күз туа мен және екі-үш адам солдаттарға арнап пима басу жұмысына кірістік. Біз әуелі Пилат деген орыс шалына барып бір апта үйрендік. Пима басуды тағы да мен бірінші болып игеріп әкеттім. Қалып біреу ғана болғандықтан алғашында бір сыңардан басып, кезек күтіп жүрдік. Күзді күні қозылардан қырқып алған тері жүнді ең әуелі жақсылап тұту үшін судың арғы жағындағы Еремей деген орыс шалына қапқа салып апарамыз. Оның жүн түтетін машинасы бар. Бұл жұмысты Сақыш екеумізге тапсырған. Қыс түсіп, Бұқтырмаға мұз қатқанда да қанатсыз жайдақ шанаға бір центнер жүнді тиеп, ымырт жабыла жолға шығамыз. машинаның құлағын кезек- кезек бұрап тұрып түні бойы бұрқыратып түтеміз де, ертелетіп қайта ораламыз. Екі-үш сағаттай мызғып алған соң, соғушылар әзірлеген түйлектеген жүнді қазанға салып қайнатамыз. Әбден піскеннен кейін сорғытып, қол ағашпен тарсылдатып соққылаймыз. Бөлменің іші көзге түртсе көргісіз буға айналып, үсті-басымыз малмандай су болады. Дымқыл ауа тынысқа тар, тұншықтырып шыдатпайды. атып далаға шығамыз. Сонда әбден буланған құлағымыз тарс бітіп, естімей қалушы едік. Оған қарап жатқан біз жоқ, таза ауадан қарпып-қарпып жұтып аламыз да,қалың будың арасына қайтадан сүңгиміз. Бір күні мұздың бетін қызыл су қаптап кетті. Өзеннің дәл ортасына барғанда жамандатқыр тырақы ат бір центнер жүн мен Сақыш екеумізді тарта алмай арындап тұрып алғаны, әрі қамшыладық,



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.