|
|||
ББК 84 Қаз 7-44 3 страница– серуен, адам бір көшкен – керуен» деп, қымызға қызған қазақтардың мұңсыз-қамсыз, қарқ-қарқ күліп, малдас құрып, кеңес ашып отырар жұмағы да осы; әзірше техниканың иісі тимей, құйқасы тың, ағашы асқақ, шалғыны жайқалып, хош иісті гүлі бұрқырап, бұлақтары сарқылмай сарқырап тұрған да – осынау кең қонысты, бейбіт өрісті Шабанбай жайлауы еді. Омарташы жігітті алтыны қалғандай асықтыратын, алыстау ұзап кеткенде, үзілмес сағынышпен өзіне шақыратын да анау көкке шоқтығы тиіп, үстінен қарға ұшырмай жатқан көкмұнар таулар, көз қытықтар көркем көріністер еді. Туған жерінің қайталанбас әдемілігі, бейне бір, ән салып тұрғандай жаныңды жаңғыртар әулиелігі әсте жалықтырған емес, қайта мың жылда да тізгін үзіп кетпес ынтызар сиқырмен байлап-матап тастағандай еді. Еріктің табиғи қалпын сақтап, жараған аттай жайсаң қуат берген алтайдың тылсым тыныштығында қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүрген жайы бар. Оның маужырап кеткен мамыра ойын Тағанның ырс-ырс еткен ентікпе үні бұзды. аяқ жағына кеудесі әбден титықтап сырылдаған аш аруақ келіп құлады. – Ұрттат анауыңды... өлтірмесең!
атақты «мұзтау» деп аталатын шың алтайдың мәңгі жығылмас, шаңырағы шайқалмас ақ отауы сынды еді. міне, осынау шілденің ми қайнатар ыстығында пұшпағы шетінемей жататын, мұз құрсаулы шыңның алқымынан бұлақ болып басталып, арыны қатты арқыраған өзенге айналатын суды жергілікті қазақтар «Қатын суы» деп атағалы қа-а-а-ша-ан, одан бері де мың жыл өткен шығар-ау. Сол, әсіресе, бас жағы ақ айран болып басталып, Таулы алтай өлкесіне жақындағанда, тау-таудың омырауынан сандаған бұлақ саулап қосылып мөлдірленіп барып Обьқа құятын ағынды өзеннің солтүстігін алтайлықтар, оңтүстігін қазақтар жайлайтын. Қатын-Қарағай ауданы мен оған іргелес Үлкен-Нарын ауданының үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы, табын-табын сиыры жаз бойы емін- еркін шүйгіндеп, тау басына алғашқы қар түскенде ғана етекке мамырлай көшуші еді. міне, сол Қатын суына Тихой (Тихая) өзені келіп құятын. Осы бір шағын өзеннің ерекшелігі сол, алтайдан мұқым өзен күнбатысқа бет алса, «Тихой» керісінше терең сайды қуалап күншығысқа ағатын. Өрге қарай аққан өзен тоқтап тұрған су секілді толқынсыз, айғай-шусыз, жым-жырт жатар еді. Бәлкім, сондықтан да «момақан» деп атап кеткен секілді. Қатынға құйған момақанның мөлдір суы біразға дейін ашулы өзеннің аққұла суына қосылмай, түсін бұзбастан қатарласа – жағаласа ағып барып, күштінің ырқына көнгендей өз бояуынан, өз келбетінен, өз тағдырынан айырылатын жарықтық. Дәл осы үлкенді-кішілі екі өзеннің құйылысындағы алақандай жазықта ағаштан қиып салған керіскедей үй тұр. арпалысқан әлемнің әлегінен, даңғаза да мазасыз тіршілігінен қашып келіп немесе ұлы шерулі көштен адасып қалып, жападан-жалғыз қалған бұл үйдің иесі − біз жоғарыда әңгіме еткен, Ерік есімді омарташы жігіт. алматыдағы дене тәрбиесі институтын бітірген, күрестен спорт шебері Еріктің жалпақ дүниенің барлық қызығынан жеріп, атты адам араға бір қонып, (онда да жаз айында, қыста жан баласы қатынай алмайды) әрең жетер ит өлген жерге кетуінің сырын ешкім де білмейді. Бұл үйдің ала жаздай анда-санда келіп тұрар жалғыз-ақ қонағы бар. Ол – орманды өрттен қорғаушы, вертолетші жігіт Прохор александрович лаптев. Омарташы мемлекетке тапсырар балды осы кісіден беріп жіберетін және Үлкен Жермен арадағы байланыс тек лаптев арқылы жасалар еді. Қазір мұнда бұрынғыдан ары тыныштық. Қатын суының гүрілі осы өңірдің ешқашан толастамас музыкасы секілді еді. Зейін қоймай тыңдаған адамға тек жалғыз-ақ әуенмен құлақты тұндыра шуылдағанымен, сан түрлі ғажап үн шығаратын; айталық, көктем туып, ақ жал толқындарын аспанға лақтыра тасығандағы арқыраған даусын қазіргі тамылжыған тамыздағы орташа екпінмен аққан сырылына ұқсатуға бола ма; ол, күз туа, жуасып қоңыр әуенге басса, қыс айында қысыла қыңсылаған күбір-сыбырға көшетін. Бұл өзен қандай қатты аязда қатып көрген жоқ, тек жағалауындағы суға тағзым ете бас иіп, тамырына ілініп малынып жататын ағаштар мен жардың жиегі ғана мұз моншақ тағынып, жылт етіп күннің көзі шықса, қыз өңіріндегі маржандай жылтырайтын. Қатын суының ағыс- үніне үйренген адам басқа жерге барса, түн баласында өзеннің гүріліне үйреніп алғаны сонша, көз ілмеуші еді. ал бөтеннен келген кісі бұл үйде ұйықтай алмайтын. Табиғат иеміз бар байлығын үйіп-төге салған түкпірдің өз қызығы, өз азығы өзінде, қоғамдасқан өмірдің заңынсыз-ақ өгейсімей ғұмыр кешіп жатар еді. Дегенмен, осы «сен тимесең, мен тимен» оңаша да, бейбіт тірлік те, жұмыр басты пенде екені рас болса, жанын жеп, жалықтырады-ай; жүрек сыздатар сағыныштың, дабырласып сөйлесер, айғайласып ұрсысар көршінің мінез- құлқын, қол беріп амандасар қошеметін, қарасы бар, ағы бар адамдардың сан түрлі бет-жүзін көксеп мұңға батырады-ай... Бәрінен де бұрын ес біліп, етек жапқалы, барлық ғұмырын қадірлі халқы, жағалай жұртымен өткізіп, «көппен көрген ұлы той» деген ұлағатты сөзі имандай тұтып келген Еріктің шешесі Нюра Фадеевнаға да қиын тиді. ал Еріктің жары айнаға Қап тауын асып кетсе де бәрібір, күйеуі қайда – бұл сонда, қосағымен қоса ағарудан өзге арман да, мақсат та жоқ. Тау қойнауындағы жалғыз үйдің күйбің-күйбің шаруасы жалықтырған емес, белі талып шаршаған да емес. Күйеуі әр жылдың осы мезгілінде ауылға аттанып, ұшқан құстың қанаты талып әрең жетер құзар таудың басында енесі екеуі ғана қалатын. Енесі жасы ұлғайған адам, оның үстіне, міне, жарты жыл болды саржамбас күй кешіп, төсек тартқан сал ауру, екі аяғын баса алмайды, оның асты-үстін тазалап, тамағын әзірлеп, сусын жұтқызып отыру да айнаның мойнында. ара бағу – қолы білген адамға әуресі жоқ таза жұмыс: өздері жайылады, өздері еңбектенеді, өзін ғана емес өзгені де асырайды, тек уағында тексеріп, дер кезінде балын жинап, ауру-сырқаудан сақтасаң, шаш-етектен байлыққа батырар берекелі шаруа. Бірақ бұл үйде ара өсіруден басқа да тіршіліктің көзі мол. Тайынша, торпағын қоса есептегенде, оннан аса сиыр малы, бес-алты жылқы, елу шақты қойдың қысқы азығын дайындаудың өзі- ақ ерлі-зайыптыларды сүріндіріп жығатын. Әсіресе, бірер күн ғана ашылып, қалған мезгілде төпелеп жаңбыры құйып тұрар өлкенің шөбін шірітпей, қораға үйіп алудан азапты жұмыс жоқ. Қоғадай болып бойлап өсе беретін балдырлы шалғынның малға жұғымы аз қырдың бір түп күреңсесіне бір шөмелесі татымайтын қурайлы келеді, сондықтан да мая-мая пішен дайындамасқа лажың жоқ. Әуелі қос тігіп, шабылған пішенді соның үстіне үйгенде ғана, шірітпей кептіріп алар еді. Екі-үш күннен бері ғана қабағы ашылған күннің әр сағатын пайдаланып қалу үшін жалғыз өзі жанталасқан айна ертеңнен қара кешке дейін тыным таппай шөп үйеді. Оның ара-арасында үш биенің алты-жеті уақ сауымы бар. Қас қылғандай күннің дәл Ерік кеткенде шайдай ашылғанына налыды. ал енесінен қайран жоқ, қайта-қайта үйге жүгіріп несебін тазалап, тамағын беріп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Талай жылдан бері шындап шаршағаны да осы шығар. Екі иіні талып, арқасы удай ашып, екі алақаны меп табаны күйіп, түні бойы ұйықтай алмады. Бір жағынан кемпірдің де аһылап-үһілегені, өз-өзімен күбірлеп сөйлегені, «құдай-ау, неге алмайсың» деп зарлағаны бұған да запыран болып тиіп, көрер таңды көзімен атқызар еді. Отыздан асса да өңін бермеген сұңғақ бойлы, үлкен қара көзді, ақ құба, дөңгелек жүзді айнаның келбеті екі-ақ күнде кеспірсізденіп, соғыс кезіндегі әйелдердің кебін киген-ді. Таудың күні тез батады, жай шығады. Бүгін де күнгей жалаңаштанып, теріс қарап ұйықтап жатқан алып аюдай дөңкиген таудың ар жағынан ыңырана көтеріліп, ең әуелі қарағай, самырсындардың қыл үшін жалап, қарсы таудың беткейін қыздырып барып, айлақтағы жалғыз үйдің терезесін тілгілеген. айна әдеттегіден де ерте тұрды. Есік алдындағы үстін шатырлап, қолдан қалап қойған пешке от жақты, пештің үстіндегі шойын қазанға су құйды. Беті-қолын жуып, тілер- сегіне түсетін шашын тарап, төбесіне түйді. Табиғат сыйға тартқан көл-көсір мол шаштың ұйысқанын жазып, тарап өруден қиын нәрсе жоқ-ты. ыза болған күні кесіп тастамаққа сан рет оқталса да, енесі: «Қайшыңды жалақтатпа, мен өлген күні қиясың», – деп келісімін бермейтін. Енесінің сөзін екі етпейтін айна лажы таусылып, «қойдым, апа, қойдым» деп бетінен сүйетін. Ене мен келін арасындағы сыйластыққа толы қарым-қатынас әншейін үлкенді-кішінің ізет тұтуы ғана емес, жо-жоқ, одан гөрі терең де телегей шын жақсы көруге ұласқан сүйіспеншілік еді: сондықтан да абысындардай сырласатын, шешесі мен қызындай сыйласатын. «Құдайға күнәлі болсам да, ұлымнан гөрі сені жақсы көрем, келінжан» деп, Нюра кемпір айналып-толғанатын. айнаның құлағы Қатын суының күркіріне, анау қаз-қатар тізілген ағаш жәшікте дамыл таппай бір кіріп, бір шығып гуілдеген араның ызыңына әбден үйренген. Қора жақта әтеш шақырып, тауық қыт-қыттап жүр. Нарын ауданындағы құс фермасынан вертолетші жігіт әкеліп берген бройлер текті он балапан бүгінде ұрық шашып, отыздан асып кеткен ақарлы- шақарлы «семья». Тайганың арасындағы ақ тауықтардың көбейіп кеткені сонша, адам ауқатынан асып, өз жұмыртқасын өзіне беретін. Жапандағы жалғыз үйде ішіп-жеудің небір түр- түрі ырғын, ас та төк – ит басына іркіт төгіліп жататын. Тіпті тауда өмір бақи өспейтін көкөніс, жеміс-жидекке дейін Прохор александрович Зырянь қаласынан қап-қап қылып жеткізіп тастайтын. Пештің үстіндегі қазандағы су жылыған соң, жез құманға құйып Нүрке кемпірге (ауылдастары Нюраны Нүрке деп атап кеткен) апарды. Ол ояу еді. Кәріліктен бе, әлде екі аяғы сырқырап тынышын ала ма, әтеш алғаш шақырғаннан-ақ, қыбырлап, жөткірініп ояу жататын. Темір төсегінің аяқ жағына байлап қойған қайыс белдеуден тартып басын көтерді. айна да жастығынан демеп, арқасын тиянақтап қойды. – Шүкір, күн бүгін де ашық екен,− деді Нүрке кемпір келіні құйған шым-шым сумен беті-қолын жуып. – Иә, шайдай ашық, апа. – Жалғыз өзіңе қиын болды-ау. менің түрім болса мынау, тобанаяқ болып ас ішіп, аяқ босатқан. – О не дегеніңіз, апа, осы күніңізге зар болып қиналмасақ. Ерік бүгін келер. Нүрке кемпір сау кезінде дәрет алып, намаз оқып әдеттенгендіктен бе, ұзақ жуынатын. Бір қолымен жез легенді, екінші қолымен жез құманды ұстап тұрған айна енесінің осына туасы біткен кірпияз тазалығына таң қалатын әрі сүйсінетін. Қазір де сәл жымиып, асықпай су құйып тұр. – рақмет, айнаш! – деді қос білегін, бет-аузын асықпай сырбаздай сүрткен Нүрке. – Дүниеде өз аяғыңмен барып дүзге отырғаннан артық арман бар ма екен. Жас балаша астыңа жаялық төсетіп, артық-ауысты саған тасытып... – Ештеңе етпес, апа, – деп енесінің сөзін бөлді. – Жұғып қалар дейсіз бе? Осындай жұмысты арамсынбай-ақ атқарып, жанын сақтайтын адамдар бар емес пе. Әлі-ақ жазылып кетесіз... маған шөп жиысасыз... – Енді қайтып тұрмасымды білемін... Шай жасалды. Ене мен келін бабымен сораптап ұзақ ішті. Екі иінінен дем алып, қарағайдың қызулы шоғына қайнаған самаурынның оттығы жылтырап, бүлк-бүлк қайнап тұр. – Прохорға мың да бір рақмет, – деді Нүрке, – үнді шайын үзген жоқ. – расында да, дәндеп алыппыз. Дегенмен, осы «үндінің» өзі қымбатқа түсіп жүр-ау деймін. Шалқалай ашық тұрған есіктен Қатын суының ақ жал толқыны көрінеді. Оның ар жағында беткейіне арша аралас бұта-қараған өскен тау, таудың қыр желкесінен жалдана өскен орманның ұштары шалынады. Қаңғылектеген ара кірді үйге. Әуелі айнала ұшып барлау жасап, тіміскілеп жемтік іздеді, содан соң стол үстіндегі мөлдіреген балды төңіректеді. Шай ішіп отырғандар осынау үйреншікті «түліктері» шығады-ау деп сескенбеді, жасқап үркіткен де жоқ. ара өз қалдығын жаңа көргендей ұшқалақтана ұшып келді де, бал сауыттың ішіне қона қалған. Қонғаны бар болсын қоймалжың тәттіге белшесінен батып, тырбаңдады дерсің. айна ептеп қана қанатынан көтеріп алып, тиместен есік алдына шығарып тастады. – араның адамнан айырмасы болсайшы, – деді осы көріністі мұқият мұғдарлап отырған кемпір. – Жиған байлығың да бал секілді. Күндердің күні малтығып өлесің. – айырмасы көп, апа, – деді ыдыс-аяқты самаурында қалған ыстық сумен жуып отырған айна. – араның байлығы адамдар үшін, ал біздікі... біздікі өзіміз үшін ғана. – Тек түбі тыныш болсын де... Күні ертең жиған-тергеніңе ие болар ұрпағың жоқ болған соң, дүние-боқтың керегі не? Шыр еткенге зар қылған тәңірдің тәлкегіне не дауа... айқара ашылған есіктен анау жап-жасыл тауға қарап отырған көк көз кемпірдің қоламтана бастаған тозыңқы жанарында кісі аяйтын арманға толы мұңбар еді. Күн шалмай қағаздай ағарған, әбден әжім айғыздаған жүзі сазара қатып, ерні дірілдеді. Келіні апасының аузынан шыққан осы бір өкінішке, өкпеге толы алғашқы сөзді тосырқай тыңдап отырды да, дастарқанды толық жинамастан асығыс шыға жөнелді. «албасты басып, алжып отырмын ба, қайдан ғана айтып едім», – деп өзіне-өзі ұрысты Нүрке кемпір. – Жас балаша мәпелеп баққан келінімді ренжітіп алдым-ау. Бала деген немене... итте де, құста да бар. «Жақсыдан жаман туар – бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар – адам айтса нанғысыз» деген емес пе бұрынғылар. Ол жылбысқы кім білсін кім боп туарын. Әкесінің сақалына жармасқандарды да талай көргенбіз. апыр-ай, айнашжан өкпелеп қалды-ау...» айнашжан енесіне тіпті де өкпелеген жоқ еді. Сол жүгіре шыққан қалпы қазықтың басында ілулі тұрған ноқтаны білегіне іле салып, таңғы салқынмен жайылып жүрген жылқыларға барды. Жануарлар жатырқаған жоқ. Енесінен туа салып, айнашқа үйренген құлындар да тырағайлап қашпай, ноқталауына көнген. Екеуін бірдей енелеріне қосақтады да, арқан бойы көтеріліп қалған күнге көзін қарықтыра бір қарап пішендікке беттеді. Тобықтан түскен шық алғашқы жылумен жылтылдай ағып, кербездене кешіп келе жатқан келіншектің балтырын сулады. Шөп әлі кебе қойған жоқ, енді бірер сағаттан соң ғана жиюға жарайды. айна асығыс аққан өзеннің жағасына жақындады. Жардың жиегінде Ерік орнатқан тақтай орындық бар еді, оның бетін де шық басып дымданып тұр екен, алақанымен бір сипады да, отыра кетті. Бұл – айнаның үйреншікті жері. рас, енесіне реніш білдірмеді. Бірақ көңілінде көптен бері көлеңкелі тартқан уайым бар, көбеңсіп жатқан күдік бар, жалғыз-ақ ырғақпен өтіп бара жатқан өмірінің өткенді қойып, жыл өткен сайын өрши түскен өксігі бар. Бар! Одан құтылудың жолын таба алмаған. Таба алмаған соң, істеген сайын таусылмай балалай беретін жұмысты алданыш етер еді; одан да жалыққандай, анда-санда жар жағасына келіп, өзеннің асау ағысына қарап түпсіз терең ойға батар еді; түпсіз терең ой мұны алтайдан алысқа, студенттік шағы өткен алматыға алып кетер еді. Түпсіз ойдың тұңғиығына тұншыққан айна қайтадан бетіне қалқып шыға алмай ұзақ отырды. Көзден де, көңілден де баяғыша қашандап кеткен жастық дәурен – қыз кезі, бірге өсіп, біте қайнасқан достары, туған-туысқандары есіне түсті. Қыздар институтының жаратылыстану факультетінде оқып жүрген шақта, қолаң шашын қос бұрымдап өріп, жанынан өткен адамды жалт қаратар сұлулығымен талайды таң қалдырмап па еді... Құрбылары шашын қиып күзеген байталдай болып жүргенде, хас маңдайдан қақ жарып тарап, бір талын шашау шығармай өрген шашын жалау ғып жайнап, жігіт біткеннің аузының суын құртқан. Жас жігіттерді қойып, анау жағрапия пәнінен сабақ беретін бурыл шашты ағайды айтсаңшы... Сұғын қадап қырындап, сабақтың артынан алып қалып, зачет қоймай қиғылық салды емес пе. Қазақ мұғалімдерінің осы бір сүйеккесіңді сүйкімсіз әдеті, әсіресе, айнаның жынына тиетін. Әлгі бурыл шаш қыр соңынан қалмаған соң, институтты тастауға мәжбүр болған. аХБК-ға жұмысқа орналасты. Сөйтіп жүріп оқуға өте кеш түскен өзінен ересек Ерікпен танысты. айтып- айтпай не керек, Ерік әдемі еді ғой: қара торы, сұңғақ, бәрінен де көзі – азиалық әлпетіне ойда-жоқта орналасқан европалық көгілдір тартқан көзі мен қара бұйра шашы... Екеуі қолтықтасып қатар келе жатқанда, көлде жүзген аққудай аса жарасатын, дос- жарандарының бәрі қызыға да қызғана қарайтын. Ерік күресті қойған соң ғана, төртпақтанып толып кетті ғой... Оқу бітірген жылы үйленді. Ерік аудан орталығындағы спорт мектебіне орналасқанда, дипломы жоқ айна интернатта тәрбиеші болды. Осылайша он жыл өмірлері оңды-солды, мән-мағынасыз өте шыққан екен. мамандықтарын тастап ара бағып кеткендеріне де осы жазда бес жыл толған. Тәңірім-ау, сонда не қызық көрді? Көрер қызығымыз алда дейін десе, өзі отыздан асып, Ерік қырыққа толыпты. Баяғыда бір шал кемпіріне «кешке берген айраныңды ұрайын» деген екен ендеше, ғұмырының аяулы шағы ертеңге ауып, сарықарын тартар шақтағы қонған бақтың, қоңсыған байлықтың керегі бар ма өзі... айна артына бұрылып еді. момақан өзеннің жағалауында бірігіп жайылып жүрген жылқы, сиыр, қойларды көрді. Таңғы салқынмен шық суына малынған шөпті сонылап кәперсіз оттайды. «Әй, осы малдан айырмам шамалы-ау менің» деп ойлады. Өзіне бүгін төтеден ұялаған азғырынды ойдан арылғысы келді ме, Қатын суын тізеге дейін кешіп барып, мұздай суды бетіне шашты. алыстан, биіктеу тұстан қараған адамға жалаң аяғымен етегін түре су кешкен келіншек, қынарын қалың қайың, тал, толан-топшы, шырша-самырсын көмкерген өзен, анау кәперсіз жайылған төрт түлік, түтіні будақтаған ағаш үй, жыпырлаған араның ұясы – бәрі-бәрі ертектегідей ересен әдемі еді. Қатын суы қаншалықты қазымырлана бұлқынғанмен, соншалықты сұлу еді. Сайқал... Жек көре тұрып, есіңнен жаңылып еріксіз ғашық боласың... жақындасаң ажал бүріккен ақ жал толқыннан шошынасың әрі құмарпаз құштарлықпен жақсы көресің. Сұп-суық суынан тісіңнің сырқырағанына қарамай қомағайлана жұтасың. Әлгінде ғана үнді шайына қанғанына қарамастан, айна да уысын толтыра жұтып-жұтып жіберген. Әйелінің осы бір әдетін Ерік қойдыра алмай-ақ қойды. Не ішіп, не жесе де, өзенге қарай тура жүгірер еді, өзен суынан бір ұрттамай, шөлі де, құмары да қанбас-ты. Иә, бұл жерде бәрі таза барлығына бостандық, тек торға қамалған тауықтар ғана қыт-қыттап кең дүниенің еркіндігін сағынатын тәрізді, бірақ «ой-хой, дүниеде бостандықты сағынғандар тым көп еді. Бұл жалғандағы ең сорлы нәрсе – өзіңді өзің тұтқындау, өзіңнен өзің қашып құтыла алмау, бұған дейінгі жиіркенішті әрі жаныңды жарылқамай жаралайтын ойсыз қылықтарың мен опасыз әрекеттеріңнен құлан-таза арыла алмау немесе тазалықтың нарқын бағамдай отырып, рухыңа, болмысыңа, тіпті, тәңірім- ау, табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында сүңгілесіп жүру емес пе? рас, айнаның жан сарайы азанда жауған қардай таза, тұманың суындай мөлдір, балиғатқа толмаған баладай аңқау да адал, жақсы мен жаманның, сұлулық пен сұмдықтың аражігін ажыратып, өмір екеш өмірдің өміршеңдігі мен өшпенділігін де саналай алатын зейін бар; өзіндік көзқарас пен пайымы да жетерлік; олай болса неге ғана арқандаулы аттай өзімшілдігі басым өгей өмірді таңдады екен; неге ғана бұйығы тірліктің бұйдасын үзіп, мынау бәрі бар, бірақ еш нәрсе жоқ шыңырауда шыңғыра бермей, шырқау биікке ұмтылмайды екен; неге ғана... неге ғана... Пенде дегеніміз – жалғыз-ақ адамның, мысалы, Еріктің жалауын көтеріп, көнтері ғұмыр кешсе айып па? Қай- да-а-аан білейін... Үлкен ойдың жетегінде жүріп құлындарды ноқталады; үлкен ойдың жетегінде жүріп сиыр сауды; үлкен ойдың жете- гінде жүріп самаурынға су құйып, шоқ салды; үлкен ойдың жетегінде жүріп барлық шаруаны тындырды... күн қыза, дестедегі шөпті жинай бастады. Әуелі әр дестені бір жерге шүйкелеп үйді. Содан соң биыл қара басып қысыр қалған кер биені жегіп, әлгі пішенді сүйретпеге салды. Кеше төбесі шықпай, жапырайып қалған шөмелеге тасымалдай бастаған. Шық суынан әлі де арыла алмай дымқыл тартқан пішен тырма мен айырдың илеуіне түсіп, ары-бері аударыстыра келгенде өз- өзінен дегдіп қалған. Осы қарекетпен түске дейін жан дәрмен қимылдаған айна шаруасын іркіп, үйге барды. Енесі мұны жайдары қарсы алды. Таңертең шай үстінде оқыстан айтып қалған сөзінің артын жуып-шайғаны емес, мәймөңкесі жоқ көңілімен шынайы жақсы көруі еді.
|
|||
|