Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 38 страница



Баяғыда... қараша туа Омар бай қыстаққа көшіп келетін. Жылқылары тебінге айдалмас бұрын бір аптадай осы Құланды жазығында маңқыстап жатушы еді. Жалғыз кісінің малынан мынау аңқасы кепкен даланың беті көрінбейтін. Шұрқыраған үйір-үйір жылқы бар жерде, қайнаған өмір бар секілді, ию да қию көңілдірек көрінетін. Жер қайыстырған төрт түлік азайғаннан бері Құланды мүлдем құлазып қаңсыған астаудай бос қалып еді. Анда-санда доңғалағымен жер қауып өтетін поезд дүниенің бәріне иелік жасағанымен мыңғырған жылқының орнын айырбастай алған жоқ, аз ғана аялдап, зымыраған күйі асығас өте шығады. Бұдан соң Құландыны таға да жалғыздық жайлайтын. Қос ішектей тартылған темір жолдың бойында қараңдап жұмыс істеп жүрген бірлі-жарымды қазақ, шпал санап, айдалаға лағып бара жатар обходчиктен өзгенің барлығы қамсыз, көбеңдеп күй кешкендей еді. Бұл сырттан қарағанда көз алдына алдамшы көрініс берер жалған әсерлер ғана.

Кеңгірдің төбесінде шапанының етегін жел жұлмалап қасқайып тұрған Дархан алыстан қарағанда Гүлияның қабіріне орнатқан сайғақ діңгек іспеттес. Терістіктен соққан желмен қалтыраған мойылдың басында жалғыз жапырақ қалмапты,


әлдеқашан сарғайып түсіп, сидиған бұтақтары ғана дірілдеп, мұңлы үн шығарады. Қабірдің топырағы бұрынғыдай емес басылып, жыл өткен сайын аласарып барады. Айналасын қоралаған тасқа қына бітіп, қиюы қашқан. Қанша жұлсаң да қаулап өсе беретін арам шөп қурайланып жел тербеген сайын ызың-ызың үн таратады. Дархан сабақтарын сындырып, оны да отап тастады. Күн сайын қолы қалт етіп босай қалса осы төбенің басына шығатын да Гүлиясымен іштей сырласып, мұңмен тілдесіп әңгімелесер еді; сонда ғана құмары тарқағандай сергіп, мәңгі таусылмас жұмысына кірісер еді.

Әне, көз ұшында тағы бір поезд көрінді. Семей жақтан асыға зулап келеді.

Поезд көпке дейін жүрмей тұрды. Не болып қалды дегендей Дархан да асыға жетіп еді, станция кезекшісі Дүрия машинистпен қызылкеңірдек болып ұрсысып тұр екен.

– Жолдас начальник, – деді Дүрия Дарханды көрген бойда.

– Аякөзге барар жезланы әзірше бермеуге тура келді. Ал мына жігіт настаивать етеді.

– Асығыспын деймін түсінесіз бе, поезды бір минутқа тоқтатуға болмайды. Майданға керек заттарды әкетіп барамын,

– деп быж-тыж болып ашуланған машинист қасы қалың қазақ жігіті екен, бір орнында байыздамай тықыршып жүр.

– Жезланы неге бермейсің? – деп сұрады Дархан.

– Осы жаңа ғана обходчик жігіт келіп он сегізінші разъездің тұсындағы рельсте сынық барын ескертті.

– Бати қайда?

– Жұмысшыларды алып рельс ауыстыруға кетті.

– Ендеше несіне арамтер боласың, жігітім, – деді машиниске.

– Обходчикпен сөйлестім. Жарық онша қауіпті емес, ептеп өтуге болады дейді. Мені қоя беріңіздер, ал қалған поезд келгенше жөндеп үлгересіздер. Асығыспын, ағатай...

– Жезланы бер, теміржолшылармен өзі сөйлесіп көрсін. Тек байқап асықпай жүр, поезыңды аударып алсаң көзіміз жылтырап түрмеде отырамыз.

– Ал мен рұқсатымды бере алмаймын, рельсте сынық бар екен, орнынан жылжуға хақысы жоқ.

– Мен рұқсат етіп тұрмын ғой.


– Маған сенің рұқсатың керек емес. Жезланы беретін станция бастығы емес, кезекші. Аға жол мастерінің ғана құқы жүреді. Жарма жол дистанциясының алдында да, ревизордың алдында да жауап беретін сол. Бати келсін, содан соң сол кісі не айтса, соны орындаймын, – деп қарсыласып отырып алды.

– Замандасым-ау, осыншама заң-зәкүнді қалай ғана жаңыл- май жаттап алғансың, – деді машинист жігіт. – Бермесеңіз берме, ертең өзіңіз жауапқа тартыласыз. Бұл жүкті жаяу арқаласа да ешбір кешіктіруге болмайды.

– Асығып жүріп аяғың аспаннан келсе кешікпеудің не еке- нін білер едің, бәлем, – деді Дүрия. Дархан бұл іске араласудың нәтижесіз екенін сезді де, теміржолшыларға жаяу тартты.

Сынық расында да үлкен емес екен. Рельстің тура жақ- тауында айнамен қарағанда ғана көрінетін қылдай сынық бар. Жолшы жігіттер рельстің көлденең шпалға бекітілген ұзын темір қазықшасын суырып, қапсырманың болтын босатып үлгеріпті. Бати жайраңдай қарсы алды.

– Дер шағында көріппіз. Әйтпесе масқара бола жаздаппыз, Дәке.

– Сынықтың бетін саусағымен сипап көрген Дархан:

– Рельсті ауыстыруға қанша уақыт кетеді? – деп сұрады.

– Ең кемі бір сағат.

– Көп екен.

– Енді одан бергіге үлгеру мүмкін емес.

– Жаңадан алып келген рельстерің қайсы?

– Анау жатқан, – деп Бати жол шетін нұсқады.

– Біреу-ақ әкелгендерің не, Бати-ау...

– Сынық жалғыз-ақ рельсте бар ғой.

– Қане көрелік, – деген Дархан 1928 жылы шыққан «ТИП- ША» рельсті ұзақ сығалап аударыстыра тексерді.

– Аман болыңдар, – деп ысқырып жіберді. – Мұнда да жарықшақ бар.

– Қойшы-ей, – деп сенбей қараған Бати анау көрсеткен жақтауғаүңілді.– Тфу, атаңа нәлет. Неғып байқамағанбыз. Завод- тың брагы.

– Кімнің брагы екенін тексеретін уақыт жоқ. Екі жігітті қайта жібер басқасын алып келсін арбаға тиеп, машиниске ескертсін, егер баяу қозғалыспен бері қарай жақындасын, асығыс көрінеді, көптеп-көмектеп өткізіп жіберейік. Жігіттер,


– деп дауыстады рельстің болтын суыра бастаған жолшыларға.

– Қайтадан бекітіңдер.

– Бірің суыр, бірің бекіт дейсіңдер, кімнің жарлығын орын- даймыз?! – деп күңкілдеді.

– Менің, – деді Бати гүрілдеп. – Мен рұқсатымды бере алмаймын, пәле болса сені емес, мені айыпқа тартады. Шиеттей бала-шағам бар қолыма қараған. – Дархан досының бетіне жалт қарады.

«Бұл да жалғыздығымды бетіме басты-ау» деп ойлады. Көзінің алды жыбырлап, миын мың-миллион құмырсқа талап жей бастады, түсі сұрланып, өңі өзгерген Дарханды көргенде ғана Бати артық айтып қойғанын аңдады. «Саңырау десең соқырға тиеді деген осы»

– Қолымнан қағаз беремін. Бүкіл жауапкершілік мойнымда. Поезды тоқтатуға болмайды. Жігіттермен бірге станцияға өзің бармасаң, Дүрия жезланы тірі адамға тапсыратын түрі жоқ, ол да пәле болар деп қорқады. Ал уақытты алмай тездетіңдер,

– деді қойын қалтасынан қағаз алып.

– Олай болса, жақсы, келістім. Аттанайық. Рельсті қайта бекі- тіңдер.

Қалтасынан алған бір жапырақ қағазды шпалдың темір жолдан шығып тұрған кертік басына қойып қарындашпен сойдақ-сойдақ ірі әріптерді түсіре бастады. «Мен Құланды станциясының начальнигі Дархан Таңатарұлы рельстің сынығына қарамай, майданға баратын жүк поезын өткізуге рұқсат бердім, авария болса басыммен жауап беремін. Жол мастері Батидың түк кінәсі жоқ» деп сандаған қате жіберіп әрең жазып шықты да, қолын қойды. Жазуды қайталап оқыған Бати екі бүктеп жанқалтасына салды. Ләм деместен ауылға адымдай жөнелді.

Майданға асыққан жүк поезы аман-есен өтті. Жаңадан рельс төселді. Дарханның көңіліне тағы бір сызат түсіп еді... Оны ауыстырып, бүтінін салу мүмкін емес еді...

Тоқал тамына келіп таңертең тиектей салған ағашын алды. Соңғы жылдары Дархан үйінің есігіне құлып ілінген емес. Ұры- ны қойып, қолына шырақ ұстап өзі іздесе де таба алмас, қымқырып кетер қымбат заты жоқ. Қабырғаға тақалған сықырлауық ағаш кереует, тозығы жетіп қырқылған көрпе, әбден иленіп қалған кір-кір жалғыз жастық, төр алдында


термелеп тоқыған көнетоз алаша, ал бұрышта Гүлияның исі сіңген қыстық киімдері ілулі тұр. Әкесінен бері сынбай келе жатқан бүктемелі дөңгелек жозы; бүйірі майысқан жез самаурын Гүлия марқұм болғаннан бері ұсталмай шаң-шаң қалпында қалған. Дархан шайды темір құманға қойып сулы-сылпың іше салатын да, сырт киімін шешуге де шамасы келмей ағаш төсекке, не болмаса төрге көрпе төсеп қисая кетер. Әйелі жоқ үйдің берекесі бола ма, көрген адам осы көңілсіздеу көрініске шыдас бермей, шығып кетуге асығып тұрар еді. Тіпті, оқта- текте жұмыстың ретімен келген теміржолшылар болмаса, бұл үйдің қаңсып тұрғанына қаншама уақыт өтті десеңізші; үйлі- баранды болған соң Бати да қатынауды азайтқан. Уақыт өткен сайын аралары алыстап суысып барған-ды. «Бейшара, оның не кінәсі бар, қаңғыра бермей қатесін түзеді», кешегі батыр тұлғалы жылқышы бүгінде дөңгеленген семья, шаруақор шалға айналып барады. Еркіндігін жыл сайын бір бала тауып берер шайпау әйелге садақалады да, түтінін сөндірмей, тіршіліктің қамымен кетті. Кісінің он шақты жылдың жүзінде осыншалық өзгеретінін Батидан көрді. Арыстан айбаты, қарсы келгенді қағып түсірер қайраты мұқалып біткендей, аузын ашып шырылдаған балапандарына сол қажыр-қайратын үлестіріп, жем тасыған торғайдай дедектеп жүр. Ешкіммен артық ашық айқасқа түспейді, ешкімнің бетінен алып қарсы келмейді, шыбындаған аттай басын шұлғып, сақ әрі сараң мінез тапқан- ды. Мүмкін осылайша күйбең-күйбең күй кешкені жөн шығар деген қорытындыға келген Дархан, Батидың кейбір одағай пендешілігін көргенде аяйды. Ал, өзін мүсіркейтін адамдар тіпті көп еді.

Үй азынап тұр екен. Ағаш ұсақтап тамыздық жасады. Қорадан қи құшақтап әкеліп от жақты. Шәйнекке су құйып, пештің үстіне қойды. Дүрілдеген от жанған соң тіршіліктің белгісінен айрыла бастағантамға жан кірді. Әйелдің қамқор қолын көксеп мұңайғандай жетімсіреген үй мүлкі неше күннен бері әрең деп жылына бастағанынан қуанғандай, ажары ашыла түскендей. Аспан алабұлтты болған соң ба қарашаның қараңғысы ерте үйірілді. Сықсима жалғыз терезеден болар- болмас сығалаған жасық жарық, пештің аузынан қаша тараған ұсақ сәуле, аядай тамды тамашалағандай жұқалаң нұрландырады. Бұрышта жатқан жетілік шамды қолына


алып шайқап еді, түбінде сылдырлаған керосині бар екен, бүгін алғаш рет оны да жағып қойды. Иесіз қаңыраған бөлме әжептәуір күйге еніп, мұржасынан будақтап түтін шықты. Іргедегі төсектің бас жағында тақтайдан жасаған ескі әбдіре бар-ды.

Енді Дархан сол әбдіренің қақпағын ашып өзінің және Гүлияның ескі-құсқы заттарын қопарыстырған. Шетін кесте- леген орамалға ораулы әлденені тапты да орауын жазып қолы- на алды. Жіңішке рамаға салынған суреттің бетін аса ептілік- пен ықтияттап тұрып сүртті; шамның жарығына ұстап, ұзақ қарады. Бұл Дүрия мен Гүлияның сонау жылдары, әйелдер училищесінде оқып жүрген жас кезінде Семей қаласында түскен суреті еді. Бүлдіршіндей жас, екеуі де шаштарын қос бұрымдап өріп, алдарына түсірген. Қамзол киіп, белдерін әшекейлі белбеумен буынған; түрегеліп тұр. Анықтап қарағанда Дүрияның аздап толықтау әрі Гүлиядан гөрі сәл аласалау екені байқалады. Сұңғақ та, сұлу Гүлияның бетінде ойлы да, терең мұң бар, ал Дүрия әнтек жымиып ән салғалы тұрғандай көңілді түскенін және сезеді. Өзіне тесіле қараған жарының шырақтай жанған бота жанарынан «Дархан аға, жалғызсыраған жоқсыз ба?» – деген сұрақты ұққандай. «Шаршадым, Гүлім, сенсіз өткен өмірден жалықтым», – деп күбірледі; көзінің алды жыбырлап, басы ып-ыстық болып қаны тасыды. Жүрегі бүріп, жүйкесі құрыса бастады. Өз ернін өзі тістелеп Гүлияның суретін сүйді, жылағысы... ағыл-тегіл жылағысы келді-ақ, жанары кеуіп қалғандай бір тамшы жас шықсашы... Суретті орамалға қайта орап әбдіренің ішіне салды. Пештің үстіндегі шәйнек қақпағын қаққылап қайнағанын білдірді.

Жалғыздан-жалғыз сораптап шай ішті, өзі осында, қиялы

қияңда.

«...Айлы түн еді ғой. Ақжайлау еді ғой. Алтыбақан басы еді ғой. Аспанға алғаш рет әуелеп ұшып едік, бірге ұшып едік, бірге... ендеше бірге неге қона алмадық?» Шым-шымдап батып ой түбіне кете берді. Төсегін салып, бықсып жанған шамды үрлеп өшірді де тас бүркеніп жатып қалды. Ұйқысы қашып, көпке дейін төбеге тесіліп құлазыды-ай. Ол дәл бүгінгідей жалғызсырап көрген жоқ-ты. Бәлкім Гүлияның суреті әлдеқа- шан алыстап, сағымға айналып кеткен өткенін жақындатты ма, әлде алыстата түсті ме, өз-өзінен елегізіп көзі ілінбеді.


Ашығанына қарамай, жанарын жұмып еді, алдымен ақ шелдер пайда болды да, көрдей қараңғылық ұйып тұрып алды. Шыдай алмады, бүк түсіп етпетінен жатып көрді, бәрібір көз еттері ашы- ғанын қоймады. Жас саулап шыдатпаған соң орнынан атып тұрды да, қараңғыда қарманып су құйған шелекті тапты. Қолын тығып, алақанына суық судан толтыра алып бетін, содан соң көзін жуды, кішкене сергігендей болғанымен ұйқысы одан әрі қашып берекесі қалмады. Бұрыш-бұрыштың бәрі үңірейіп, әлдекімдер сыбырласқандай, терезе қағып, мазақтап сылқ- сылқ күлгендей ме-ау... «Бісімілла, – деді күбірлеп, – біссімілла, маған не көрінді жер ортасына келгенде». Ол Алғаш рет қорқынышты түнді бастан кешті. Әбден талықсып барып көз шырымын алғандай еді, аппақ кебінін сүйретіп есіктен кіріп келе жатқан Гүлияны көрді. «Құдай-ау, сенбісің?» – деп қолын соза бергенде ғайып болып кетеді екен дейді. Бүйірден біреу түртіп қалғандай селк етіп оянды – ешкім жоқ. Құлаққа ұрған танадай тыныштық, жалғыз өзі тек қана өзі. «Бүйтіп жанды қинағанша соғысқа барып өлгенім артық еді-ау». Асыға киініп тысқа шықты. Аспанды құрым киіздей тұтасқан бұлт жауып тастапты. Қараңғылық. Соққан жел үдемесе бәсеңси қоймаған. Күн суық. Ауыл ұйқыда. Сонау станцияның жанындағы баға- нның керосинмен жанатын семафор ғана қараңғылықты тесіп, болар-болмас жылтырайды. Бүгін кезекші стрелочник кім екен деп қасына барды. Сыртта ешкімді көрмеген соң үйшік-үйге кіріп еді, коптилкадан ұшқан түтіннен еш нәрсені ажырату қиын. Білтенің күйік исі қолқаны қабады. Есікті шалқасынан ашып таза ауа кіргізді. Төрдегі ағаш нарда аузын аңқайта ашып Қазтайдың келіншегі ұйықтап жатыр екен, шошытып алмайын деп ақырын түртіп оятты.

– Бұл кім өзі? – деп көзін уқалап ұйқысын ашуға ерініп

біраз отырды. – Е, сіз екенсіз ғой, аға.

– Ұйықтап жатқанда поезд келіп қалса қайтесің? – деді Дархан жәйімен сұрап.

– Әлі ерте, аға.

– Дегенмен күзетте ұйықтауға болмайды, келін. Қазтайдан хабар бар ма?

– Алдыңғы күні хат келген. Москваның түбінде әскер ойынын үйреніп жүрміз депті. Сізге сәлем айтады.

– Сәлемет болсын, балалар сау ма?


– Бала дегенде жалғыз ұл ғой. Стрелочник болғаннан бері жалғызбын. Ұлымды төркініме апарып тастағанмын.

– Оның да жөн. Қазіргі күйіп тұрған уақытта текке қолбайлау болады. Қалай, қалқам, бұл жұмысқа төселіп қалған шығарсың?

– Үйрендік қой, аға. Қазтай істеген кезде екі-үш рет орнына тұрғаным бар. Өзіңіз неғып ұйықтамай жүрсіз?

– Менен ұйқы қашқалы қашан...

– Иә, қиын жалғызілік, қиын ғой... Қазтай мен ұл кеткелі менің де екі қолым алдыма сыймайды. Қайта сіздің жаныңыз сірі екен.

– Басқа түссе баспақшыл, шырағым. Адам ит жанды емес

пе.

– Аға, бір нәрсе сұрасам ренжімейсіз бе? – деді келіншек

ұяла күлімсіреп, ұйқыдан тұрғаны ма, коптилканың жарығы түскен жанары жасаурап, екі беті балбырап отыр.

– Сұрай ғой.

– Неге үйленбей жүрсіз?

– Кімге? – деп әдейі сұрады.

– Енді... бүкіл Аякөз, Жарма өңірін шарласаңыз біреу-міреу табылады ғой.

– Бұл жүрген аяққа жөргем ілінеді дегенің бе?.. Бүкіл жер жүзін аралап шықсам да таба алмаспын деп қорқамын.

– Келіншек таңдана басын шайқады.

– Әрине, Гүлия тәтемнің орныбөлекқой... дегенменбұлжүрі- сіңіз обал-дағы.

– Егер менің орнымда өзің болсаң қайтер едің?

– Мен бе, мен... қайтер едім... білмеймін, – деп күлді. – Тіпті, ойламаппын да, аға.

– Жоқ, айналайын, мен бір рет және ақырғы рет үйленген- мін сол жетеді, ендігінің бәрі бекершілік, өз-өзіңді алдау. Гүлия тәтеңдей адам жер бетінде біреу ғана. Бәлкім... жер астында да жалғыз өзі шығар, – деп ауыр күрсінді.

– Поезд келетін уақыт болды, тысқа шығайық, аға, – деп Қазтайдың келіншегі нардан түсті. – Күн суытып тұр ғой.

– Осы күннің соғыс басталғалы жылынғанын көргенім жоқ.

Паровоздың боздағаны естілді.

– Водочкалар қайда екен, олар да ұйықтап қалып жүрмесін.

Жезлаң дайын ба?


– Дайын, аға.

– Поезды қабылдай бер, мен сушылар жаққа барайын.

Бұл жолғы поезд Аякөз жақтан көрінді. Тиеген жүгі пәлендей көп емес, кейбір тіркемелері салдырлап бос келеді. Машинист жігіт орыс екен, қолындағы дорбаны көрсетіп «әлдене» деп еді, не айтқанын кезекші келіншек ұққан жоқ, содан соң сонадай жерде ұзап кеткен Дарханды айғайлап шақырды. Тағы да не боп қалғанын түсінбей, кері бұрылған Дарханға келіншек:

– Аға, мынау бір нәрсе дейді, түсінбедім.

– Почту получайте, вот вам почта, – деді машинист.

– Бірден солай деп айтпай ма? Почтасын түсінемін ғой,

– деді стрелочник әйел ұяла күлімсіреп.

Дорбаны арқалап үйіне қайтқан Дархан әйтеуір ұйқысы қашқан соң шам шағып, бір аптада бір-ақ рет әкелетін почтаны ақтара бастады. Жаңа газеттер, әскердегі жігіттерден хат бар екен. Дүрияның атына да үш бұрышты хат келіпті. Қамбардан екенін сезіп, қуанып қалды. Өзінің фамилиясы көрсетілген пакетті ашып еді, үш азаматты бірдей майданға шақырған қағаз екен, бір-бірлеп оқи бастады. Шақырылғандардың ішінде Бати мен Төленді де бар болып шықты.

– Мәссаған, керек болса! – деп дауыстап жіберді. – Болмаған екен, енді сопайып жалғыз қалатын болдым-ау. – Көңілі құлазып сала берді. Үш күннен соң олар да соғысқа аттанады. Қолынан келер қайран жоқ, маңдайын уқалап отырып қалды. Не істеу керек? Ертең жиналыс шақырып, баяғыдай қолдарына повестканы тапсырудан басқа амал не...

«Нәчәндік кеңсеге шақырады» деген соң алғашқылардың бірі болып Төленді жеткен. Шаруалары бітпей елдің соңы болып келген Бати ғана. Ішінара ақ жаулықты әйел бар.

– Ал басталық, төрт көзіміз түгел жиналдық, – деді Төленді тықыршып. – Не мәселе екен қаралатын. Күлтөбенің басында күнде жиынның кері болды-ау...

– Мәселе біреу, жолдастар, – деп тамағын кенеп сөз бастады Дархан. – Станцияда барған сайын жұмысшы қолы азайып бара жатыр, ауылға көшеміз деп буынып-түйініп отырған ағайын аз емес.. Сондықтан, кімде-кім темір жолға қалып жұмыс істейді екен, міндетті түрде бес жылдық шартқа тұрады. Бұл заң баяғыдан бар болатын, біз ескермеппіз. Екіншіден, жұмысымыздан ешқандай брак жібермеу үшін күресу керек.


Он екі айда, яғни дөңгелек жылда брақ жібермеген жұмысшыға Нарком атынан сыйлық беріледі. Содан соң теміржолшылар- дың күрт азаюына байланысты көрші ауылдағы колхозшылар- мен договорға тұрып, көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз. Тәжірибелі деген теміржолшы азаматтардың қатары күн өткен сайын сирей түсуде. Міне, бүгін де үшеуіне шақырту қағаз келіп отыр. Хат жазып, жағдайды түсіндіріп айтуымыз керек. Броньмен қалатын адамдарды көбейтпесе болмайды...

– Басқа сөзді қайтесің, үкімет жалғанда да поезды тоқтат- пайды. Повескең кім-кімге соны айт, – деді Төленді тықыршып отыра алмай.

– Міне, мынау саған, – деп қағазды ұсынып еді, өңі аппақ қағаздай болып қуарып кеткен Төленді қолы дірілдеп әрең созды.

– Құдай ұрды деші. Бәсе түсім жаман еді, – деп алды-артына қарамай кеңседен тұра безді.

– Міне, мынау саған, – деді Дархан Батиға екіншісін ұсынып.

– Үшіншісін Асқарға, ол қайда жүр?

– Водокачта кезекші, – деді Дүрия.

– Ендеше біреуің апарып беріңдер. Құдықта әзірше үш адам істей тұрар. Жұмысын тапсырып, жол қамына дайындалсын. Батидың орнына басқа жақтан мастер жіберетін болу керек. Төленнің орнына ұлы істейді, әнеукүні көрдім, стрелочник болуға төселіп қалыпты. Әкесінің орнына жай күндері де сол барып жүр ғой.

– Кімде қандай сұрақ бар? – деп жұртқа қарады. Ешкім үндеген жоқ, бәрі ойлана төмен қарап отыр. Стол үстінде жатқан дөңгелек мөрі бар қағазға Бати әлі де қолын созбай меңірейіп отыр екен, Дархан мән бермегенсіді.

– Менде бір сұрақ бар? – деді Дүрия.

– Сұраңыз.

– Сұрасам, қазір қай-қайсы жерде де карточный система күшіне кірді. Бұл мәселе бізде қалай шешілмек, кім үлестіреді және оған не аламыз?

– Жолдастар, бұл мәселеге кейін тоқталсақ та болушы еді, қайта-қайта жиналып жүрмей біржола шешіп алайық десеңдер оған да келістік. Өздеріңізге мәлім біз жұмысшы табына жатамыз. Жүз сомның көлемінде табысымыз бар.


– Ол ақшамен от тамызамыз ба, сатып алатын түк жоқ, – деді Дүйсеннің келіншегі.

– Рас-ау, шын-ау, – деген дауыстар тұс-тұстан естілді.

– Шуламай қоя тұрыңыздар. Бұл біздің басымызға ғана төнген зауал емес. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бүкіл еліміз еңіреген ерлік кешіп, уақыт салмағына шығып тұтаса тосуда. Ал сіздер салықтан босатылғансыздар; қораларыңыз бос емес, бірер қараның басы бар. Қаладағы жұмысшылар секілді ет сатып алмайсыздар, сүт сұрамайсыздар. Қанша мал ұстасаңыздар да еріктеріңізде. Бүгін нанға май жағып жеп отырған үй де бар. Аптасына бір рет азық-түлік әкеледі вагон- мен, одан да ақшаға сатып алып жатасыздар, ал колхозшылар- да еңбек күннен басқа асып-тасып жатқан жағдай жоқ. Оны бәріміз білеміз. Сондықтан, сіздердің өкпелеріңіз дәл қазір еркелік, бұдан жаман кезде де тойға барғансыздар, аз уақыт- тық қиыншылыққа бола қарғанып-сіленетін дәнеңе жоқ. Отан өз адамдарын аштан өлтірмейді. Жеңіс үшін, арыстай азаматтарымыз үшін де бел шешіп, іске кірісудің орнына карточканы даулап, оны кім үлестіретінін қазбалаймыз. Кар- точка менің қалтамда. Өзім үлестіремін. Әрине, жұмыс- тарыңыздың сапасына, семья басына қарай әділ үлестіремін. Жалғыз басым мықтағанда бір тәулікте бір бөлкесін жеп тауысармын, қалғанын қайда апарар дейсіздер. Аруақ тамақ сұрамайды. Сондықтан маған сеніңіздер, – деп сөзін дірілдеп барып аяқтады. Жұрт жұмған аузын ашқан жоқ. – Егер сұрақ, тілектеріңіз жоқ болса осымен жиналыс жабық.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.