Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 24 страница




айы орталамай тұрып-ақ сайын даланы майсап бөлеп жіберіп еді. Тескей-тескей, жота-қыратта бәйшешек гүлдеп, сайлау, қолаттарда көкек гүлі бас жарды. Еңірекей, Бесшоқы, Ақши, Жарма секілді жаңадан ұйымдастырылып, қаз тұра бастаған артельдің қыстан, қыстайғы соғымнан аман қалған арық- тұрық бірлі-жарым малдары ербиіп қырға шықты. Әсіресе, кұйрығы саталақтанған тоқты-торымның аузы үркіп-үркіп тез шығып, тез ұшатын тарлауға тиген соң жілігіне май жүгірген. Кеш келген көктемге көп нәрсе ілінбей арманда кетті. Ал ілді- алдалап аман-есен ілінгені күншуақтап, өмір жырын айтуға көптің бірі боп қатысқанына мәз.

Аякөз өзенінің жылдағыдан әлдеқайда қатты тасуы, әсіресе, өзеннің өргі ағысында мекендеген елдің әңгімесіне айналды. Шапағынан асып, жағалауға жайылып кет-кен топан су иін тірей қоныс тепкен біраз жұрттың тынышын алып, берекесін кашырды. Екі ернеуін жұлып жеп, ақ көбіктенген аққұла өзен, өңірге қадаған түймедей орналасқан елдің тоқал тамдарын тып-типыл алып кеткен. Жағалауға жыртып сепкен артельдің ұлтарақтай-ұлтарақтай егін алқабын жаңа кектеген жас қалпымен шайып әкетті. Баспанасыз қалған диқандар қырға қашып шығып, бас сауғалаған. Төбе-төбенің басында бестек, қомшаларын үйіп қойып, шоқайып, қарайып отырған қазақтар төтеден келген табиғат апатына көрсетер қарсылықтары жоқ, жетімсіреп, тағдырдың тәлкегіне ұшырағандай қапалы еді. Осы кезде Түркісіб құрылысында жүрген жұмысшылар қолұшын берді. Ақши артелінің баспанасыз қалған жұртына жүздеген қайлашы ұйымдасып келді де, екі-ақ күнде балшықтан соғып там тұрғызды. Осы істің басы-қасында жүрген Дархан әкесінің моласын көріп қайтуға шыққан Гүлияға ере алмады. Аяқ артар ат тауып берді де өзі өзен апатынан зардап шеккен ауылға аттанған. Бұл көмекті жолшылар жұмыстан сәл қалт еткен бос уақытта жасап жүр.

Гүлияның қуанышында шек жоқ. Тағы да бір туысы қайтып оралды. Егіздің сыңары, Дүрияны қалада рабфакта оқып жүрген Қамбар алып қашып келіп еді. Шешесі мен ағайын-туғанының қарсылығына қарамай, салт басты, сабау қамшылы жігіттің етегінен ұстап кете барған. Үш жылдық советтік партия мектебін толық аяқтамай, еліне қайтып оралған Қамбар Ақши ауылдық Советінің председателі болып сайланды да, Дүрия мектепке


орналасқан. Баяғы Ақжайлаудағы қыз-жігіттер үйірлерін қайта тауып, мәре-сәре қуанған-ды. Қамшысын сартылдатып қолынан тастамай, ұшып-қонып жүрер жан досының ертерек қайтып келуі Дарханның төбесін көкке жеткізгендей болды. Ақылдасып кеңесер, сыбырласып сырласар жан таба алмай, адасқан қазша қаңқылдап, жалғыз жүргенде бала жастан телі ескен Қамбардың қасында болғанын шыншыл көңілмен көксеуші еді. Жылқы екеш жылқы да жануар кісінесіп, сауырын қасысар қосағын іздемей ме... мерейі өсіп, кәдімгідей мәз болып жасап қалды.

Күн көтеріле атқа қонған үш жолаушы желе аяңдап сыдырта тартып келеді. Күн шайдай ашық, теңгедей бұлты жоқ көктемгі аспан заңғар тартып, қысты күнгіден әлдеқайда биіктеп кеткендей. Көк пен жер біртұтастанып, жігі ажырамай қалыңдық ойнағандай қойындасып алған. Сол Көк тәңірі мен Жер-ананың жұбайлығынан өмір деген ұл жаралғандай. Көгі жетілген даланың қазіргі қалпы нілденген аспанның жерге саулап түскен бейнесі іспетті. Жазаңданып басталған тақтайдай тегіс дала бірте-бірте қайқаңға ұласып, алдарынан төбелер, түбі көгеріп, сабағы әлі де сарғайыңқы тартып тұрған шилі адырлар көріністене бастады. Күзеуде отырған былтырғы жұрттың тұсына ілінгенде Гүлияның көңіліне жабырқау бір сезім пайда болды. Бағанағыдан бері екілене аяңдап, аттарын сипай қамшылап келе жатқан қос жүргінші, тізгін тежеп қайта- қайта артта қала берген Гүлияны тосады. Батидың өңі сынық, батырға лайық сом тұлға солыңқырап, жақ сүйегі шодырайып шығып тұр. Аясы үлкен көзі баяғысындай жалт-жұлт етпей, неге болсын оймен, мұңмен жүдеу қарайды. Мінез-құлқы, қимыл-әрекеттерінде шаршау бар. Келіншектердің әр сұрағына қысқа ғана жауап қатқаны болмаса, өздігінен шешіліп сөйлемей томаға-тұйық келеді. Ақбас бурамен арадағы сойқанды шайқастан оңбай сынған бұғана сүйегі шодыр біткен, аяғын да аздап сылти басады. Оташының мықтылығынан ғана шыбын жаны аман қалғандай. Сол кеткеннен қайтып Құландыға жоламаған, қарада бой, қарда ізімді көрсетпейін-ақ деп еді, Гүлияға берген уәдесін бұза алмай, міне амалсыз ертіп келеді. Баяғыдағы өр кеуде, ә десе, мә деп тұратын арыстан ашу бүгінде жоқ, сары аурудан сары жамбас болып жаңа ғана тұрғандай тұла бойы дел-сал, ұйқылы-ояу ілбіп, терісіне ілініп жүре берер


ынжықтық билеген. Таудан да, тастан да қайтпас суық қайрат, жайын жүз жылқышының болмысындағы жылт еткеннің бәр- бәрін Ақбас бура тапап, мыжып, құртып тастағандай, немесе өзімен бірге арғы дүниеге мәңгілікке ала кеткендей еді. Көзін жұмса болды, аузынан ақ көбігі аққан бура өзіне қарсы қарап шабынып тұрады, көзі ілінсе болды жер бетінде жосылған мың- миллион жылқылар айға қарай кісінеп жер тарпып тұрады.

«Жазған-ай!» деп аһ ұрып жанарын уқалап қарғып тұрып кетер еді.

– Қазір не істеп жүрсіз, аға? – деген Дүрияның даусы ұй- қысынан теуіп оятқандай болды. Үзеңгілес, тепең қағып келе жатқан Омардың екінші қызы Гүлиядай емес тентек, қәпер- сіздеу ме деп ойлаған. Қаладан шашын қырқып, жаңаша киініп шабыттанып оралған секілді. Бұрыннан да ашық-жарқын еді, қазір тіпті таңдайы тақылдап құлпырып алған. Атқа сидам, әрі нық отырады, бұтында шалбар, тар тігілген жеңіл желбегейді теуіп, тебіне біткен омырауы ат желген сайын әдемі солқылдап, қадала қараған кісінің делебесін қоздырып, қытығын келтіреді. Бірақ, Бати осы өзгерістің бірін де көріп, сезіп келе жатпаған таскерең сыңай танытады.

– Тарбағатай артеліндегі он шақты малды бағушы едім. Ыңғай жылқы емес, сиыр, қой-ешкісі аралас болған соң, одан да безіп шықтым, қалқам. Енді міне, барар жер, басар тауым жоқ қаңғылестеп жүргенім.

– Шойын жолға жұмысқа тұрмадыңыз ба?

– Құдай сақтасын, көрмегенім темір жол болсын деп ант бергенмін.

– Оныңыз мүлдем қате, – деп кесіп айтты Дүрия. Көзі күлімдеп Батидың өне бойын тінте қарады. Мынау үзеңгілес келе жатқан аңқау да адал жігітті мазақ еткендей.– Бүкіл ел сол жол үшін жанталасып, ендігі тағдырын сол жолға тапсырып отырғанда қашаған жылқыдай лақпалығыңызды дұрыс дей алмаймын. Менің ағайым да «Түркісіб» десе төбе шашы тік тұрып ұшынып қалатын. Түсінбеймін сіздерге.

– Ағаңызды білмеймін, мен қайла ұстап жұмысшы болуға емес, құрық ұстап жылқышы болуға жаралған адаммын. Ал өз кәсібімді жақсы көру – анау жаңа кәсіпті жек көруім емес. Салғысы келген адам сала берсін жолын.


– Өзгерте салу қиын ба? Ешкім де іштен жылқышы да, жұмысшы да болып тумайды ғой, аға.

– Қиын, өте қиын, қарағым, – деді Бати күрсініп. – Туатыны да рас... Көрінген жерге күл төге беретіндер көп, олар мінезсіздер. Ондайлар қайсыбір жұмысты да қарық қылып істемес.

– Қызық екен, – деді Дүрия. Бірақ, өзі ойланып қалды.

– Ерекең қазір қайда?

– Семейде ғой. Қызметінде.

– Көп болды көргенім жоқ, әкесінің өлер алдында айтқан аманаты бар еді, мойнымда қарыз болып жүр, бұл жаққа келмей ме?

– Білмедім, аға, бұрынғыдай емес, ашылып ештеңе айта бермейді. Менің Қамбарға тұрмысқа шыққаныма қарсы болды. Тегімізді тентіреп жүрген қайдағы бір қаңғыбасқа былғаттың дейді.

– Өз тегінің кім екенін біле ме екен... – деп айтып қалды да Еркін мырзаның ата-бабасын қазбалау қыз бала алдында ұят екенін ұғып, сөзінің соңын бұрып әкетті. – Қамбар жақсы жігіт. Сері ғой ол, сері... бақтарың ашылсын.

– Айтқаныңыз келсін, аға.

Осы кезде кейіндеп келе жатқан Гүлияға екеуі бірдей елең етіп жалт қарап еді, атының басын тежеп, үнсіз қалшиып тұр екен. Қайта қайрылып қасына барғанда ботадай боздап жылаған Гүлияны көрді.

– Не болды саған, Гүлия? – деп қапталдаса келіп қалтасынан алған орамалымен көзінің жасын сүртті. Дүрияның бәйек болып жасаған қамқорлығын мүлдем көрмегендей, білмегендей жанарынан саулаған жас аттың жалын жуып, көпке дейін уана алмады.

Қой, қарағым, босама, – деді Бати келіншектің жылау себебін түсінбей.

– Есіңде ме, Дүрия, – деді Гүлия өксіп. – Қалай ғана ұмыта қалдың? Менің бетімді осы тұста тіліп жіберіп еді ғой.

– Ұмытып қалыппын. Кешір, сіңлім, кешір. Дарханыңа бәрібір қосылдың ғой, ештеңе етпес.

– Ештеңе етпес, қалқам, жүрелік ерте күнді кеш қылмай.

Барар жер әлі алыс.

Күн тастөбеге көтерілгенде былтыр күзеуде отырған ескі жұрттың үстінен басып өтті. Омардың киіз үйі тігілген жерге


әлі де болса шөп шыға қоймай, сақинадай дөңгеленіп сарғайып жатыр екен.

– Аттан түсейік, Дүрия, – деді Гүлия. – Әкемізді ең ақырғы рет осы жерде көріп едік, осы жұртта келмес сапарға шығарып салып едік.

Үшеуі де жаяулап, атадан қалған қонысқа тағзым жасап үйсіз жүрді. Әр тұста ескіден қалған, тозығы жетіп қаңсып, тот басқан мүліктер жайрап жатыр: түбі тесілген қазан, бір сирағы сынған үш бұтты ошақ, жарық астау, суырылмай қалып қойған адалбақан, ат байлайтын мама ағаш, шұжығы үзілген ескі қомыт, кеуіп қалған сүйек-саяқ, итке ас құятын итаяқ, жүн-жұрқа, қираған бесік, желі байлаған қазықтар – бәрі-бәрі қыстап, қар астында жатып, есен-сау көктемге ілініпті. Бұл жерде де ел болғанын, мәре-сәре өмір болғанын, будақтап түтін шығып, қазан асылғанын, дүниеге сәби келіп, ұлыжіңгір шілдехана, ұлан-асыр той болғанын айғақтайтын көненің көздері әне, жетімсіреп жатыр. Осы мезетте былтырғыдан қалған жіліктің басын қажалап, етпетінен жатқан иттен жетекке алған үш ат бірдей қорс етіп үркіп, тізгіндерін тартып қалды. Дүрия көлігінен қапелімде айрылып қалып еді, Бати атына қарғып мініп қуа жөнелді. Алдындағы сүйекті тастай беріп, тұра ұмтылған иттен енді олар да шошына шыңғырып жіберді. Маңқасқа төбет қабуға ұмтылмаған екен. Құйрығын бұлғап тастап қыңсылай еркеледі. Өлі жүні әлі түспей сабалақтанған, өте жүдеу.

– Оу, мынау біздің ит қой. Бөрібасар ғой, – деп қуана айғайлап жіберді Гүлия. – Құдайым-ау, бұл қайдан жүр.

– Түу, құтырған ит екен деп зәрем қалмады ғой, – деді Дүрия әлі де аптығын баса алмай.

– Ит екеш ит те ескі жұртқа оралған екен. Иесін іздейді-ау.

– Қыңсылай еркелеп, етегіне сүйкенген Бөрібасардың басынан сипады.

– Қалай ғана аштан өліп қалмаған.

– Ит аштан өлмейді, Дүрия, ол адам емес. Дүзден тышқан ұстап, өлексе жеп өз азығын табады.

Қаша жөнелген құлагерді жетелеп Бати да жетіп еді, Бөрібасар екеуі бірін-бірі таныды.

– Қысты күні аң аулай жүріп алыстан сан рет көріп едім. Саяқсып жоламаған. Ауылдың қаңғыбас кей итінің біріне


жорығанмын. Екеуміздің тірлігіміз бірдей екен, – деді Бати.

– Биылғы жылдан аман шықтық. Ендігісін Алла білсін. Ал аттанайық, айналайындар. Бөрібасар енді бұдан былай өзі де еріп қалмас.

Бөрібасар расында да құйрығын қайқайтып, аса бір риза қылықпен жолаушылардан бір елі қалмай еріп келеді.

Сағымжол жайлауының оңтүстік батысын жанасалай өтіп, асудың етегіне ілінгенде күн екіндіге еңкейген. Жайлаудағы жұртқа бұрылалық деп екі келіншек қанша қолқаласа да, Бати қасқарайып кетеді деп көнбеген. Сабалақ қарағайлар мен бүршік жара бастаған қайыңды сайлардан, тал көмкөріп, қар суына тоғайып сылдырап аққан бұлақтардан өтті. Тағы бір белестен асып, тау беткейіне тырмысқанда алдарынан атқа мініп, мылтық асынған шекарашы жігіттер жолықты: Екі жігіттің бірі қазақ екен, тілге келді, түсіндіріп айтқан соң рұқсатын берді. Бірақ,

«біз аңдып жүреміз, арғы бетке өтіп кетпеңдер, ондай әрекет білінсе атып тастаймыз», – деп және ескертті.

– Арғы бетке өлігімді апарса да жер астымен қайта қашып келермін, – деп қалжыңдаған Бати.

– Әне, Ақшоқы деген атақты тау, – деді Бати қамшысымен нұсқап. – Сол шоқының бауырында өскен көктеректің түбінде Омекең жатыр. Көлікті ойға қалдырып жаяу бармасақ болмайды. Тым қия. Атты бостан-босқа шалдықтырып аламыз.

Батыс беткейін батар күннің алауы шапақтап қанқызылдан- ған Ақшоқыға Гүлия мен Дүрия қатарласа қарады. Жақпар тас, мүкті бұталар, тастың жарығына өскен шынар ағаштар өртеніп жатқандай алау тартып, қарағайдың қабығын қайнатып жаққандай балқиды. Қос теректің орта белінде тұрған батар күннің сәулесі біртіндеп жоғары өрлеп, ептеп жел тербеп шайқаған ұшар басына ілінгенде үш жолаушы да ентіге жетіп еді. Орталарында жүрегі алқынып жүре алмаған тек Гүлия ғана болды. Екі жағынан қолтықтап сүйрегендей болып әрең-ақ шығарды тау бауырындағы теректі текшеге.

– Астапралла! – деп дауыстап жіберді Бати. Былтыр күзде ғана теректің түбіне жерлеп, тас қалап, томпайтып кеткен Омардың бейіті ашылып, топырағы шашылып жатыр. Өз көзіне өзі сенбеді. Дүрия мен Гүлия да шошынып қалған еді, қарай алмай теріс айналып кетті де солқылдап жылай бастады.


– Кім екен, аруақтың бетін ашқан? Имансыздар-ай! – деп тісін қайрап күбірлеген Бати мүрденің шетінде үйіліп қалған топырақ, тастарды үңгірге жандәрмен құлата берді...

Шұңқырдың беті тегістелгенде ғана екі жерде шоқайып ботадай боздап отырған келіншектерге:

– Көз жасымен қайтып келер дүние жоқ, қарақтарым. Шамаларың жетсе көмектесіңдер, тас тасып Омекеңнің моласын тұрғызайық, – деді. Бөрібасар Омар байдың қабірін иіскелеп, иіскелеп алды да жер тырмалап ұзақ ұлыды. Дүрия

«өзіңе көрінсін, жаман ырым бастағаны несі» деп тас дәлдеп қуып еді, анадай жерге қаша барып шоқиып отырды да тағы ұлыды.

– Тиме, – деді Бати. – Ұлысын, иесін жоқтағаны ғой.

– Қайран әкем-ау, Бөрібасар да сенің мұнда жатқаныңды сезеді... – деп Гүлия өксіп-өксіп қайта еңіреді.

Бұл беткейде не көп, тау басынан домалап түскен қойтастар көп. Кейбірі жұмыр, кейбірі айрылған шақпақ-шақпақ тасты мейлінше тегістеп жинап, Омар байдың бейітін қалпына келтір- генде сүт пісірім уақыт өтіп еді. Жылқышы жігіт өзі білетін дұғасын оқыды. Омардың қос қызы беттерін сипап, әке рухына тәуап етті. Қайта айналып етекте қалған аттарға келгенде бағанағы шекарашы жігіттер де қыдиып тұр екен. Аңдып жүрген жүргіншілердің аман-есен қайтып оралғанына олар да қуанысып қалған-ды.

– Бұл кімнің бейіті? – деп сұрады қазақ жігіті.

– Мына екі қыздың әкесі, – деді Бати. – Бізден бұрын осы қабірге келген адамды байқамадыңыздар ма?

– Менің көзіме түскен жоқ. – Содан соң жанындағы орыс жігітінен бір нәрсені сұрап анықтап алды. – Мына жігіт айтады, осыдан бір апта бұрын бір кісі келген көрінеді. Жөн сұраймын деп айғайлап шақырған екен, атына қамшы басып жеткізбей кетіпті.

– Қап, әттеген-ай, – деп өкінді Бати. Шекарашылармен қош- тасып жолға қайта шыққанда қас қарайып, көз байланған еді. Көпке дейін ләм демей үнсіз аяңдады. Әркім өз ойын малталап, оңаша келеді. Осы бір кілкіген үнсіздікті Батидың жуан даусы бұзды.

– Омекеңнің ескіше-жаңаша мол ақшасы, аздаған асыл зат- тары болған. Әуелі өлер алдында маған «сен ал, керегі болар»


деп көп қолқаласа да алған жоқ едім, өзімен бірге көмгенмін. Кім де болса соны сезіп білген, білген де қазып алып кеткен.

– Қандай айуандық, итше тіміскілеген жауыз екен, – деді Дүрия.

– Ақылдылардың айуандығында шек бар ма, қалқам. Ол да бір түпсіз тұңғиық, қарасаң, қарап тұрып ойласаң басың айналады.

Түн жамылып, түсі қашып келе жатқан үш жолаушы Құлан- дыны бетке алып қаттырақ аяңға басты. Әлі де салқындықтан құлантаза арыла алмаған көктемнің күні көзге түртсе көрін- бейтін қараңғы. Ай туған жоқ.

– Шаршаған жоқсыңдар ма, шырақтарым? – деп сұрады Бати.

– Шаршағанмен ат шалдырар жеріміз жоқ, аға, – деді Дүрия.

– Бұл күнде ауыл арасы алыстап кетті ғой. Баяғыдай асықтай бытырап жатар мал, жер ошақтағы оты жылтырап, күмпілдете саба пісіп отырар ел жоқ... бәрі бірігіп бір жерге жиналып артель болып кеткен.

– Иә, ауыл арасы алыстап кеткені рас.

– Ауыл арасы алыстаған сайын ағайынның арасы да суысып, бір-біріне жат болып кете ме деймін.

– Ағайынның алыстан сағынысқаны дұрыс қой, – деді Дүрия.

Сар желіп келе жатқан үш жолаушы ішектері шұрылдап, ептеп қарындарының ашқандарын сезді. Егер жылқышы жігіт болмаса, әлдеқашан адасып-ақ кететін түрлері бар екен. Бірде көсіліп, бірде өркештеніп, айдаһарша ирелеңдеп қашып, зықыңды шығарар алдамшы жолдың сорабы тіпті қолыңа шырақ ұстап іздесең де көрінер түрі жоқ, марқасқалана тартқан Батиға ілесіп зорға келеді екі келіншек. Қара сандары талып, арқасы ұйып, белдері сыздағанда ауып қала жаздайды, ердің қасынан қапсыра ұстап әрең отыр. Атсоқты болғандары соншама, қарғып түсіп, қара жерге етпетінен жата қалуға әзір. Алғашқы болып сыр берген Дүрия.

– Аға, шаршадық.

– Сезіп келемін, қалқам.

– Енді не істейміз?

– Амал жоқ, аяңдай береміз.

– Ендеше әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын.


– Не айтайын сендерге. Көргенімді ме, естігенімді ме...

– Сіз көргенді біз де көрдік қой, аға, естігеніңіз, – деп Гүлия жолға шыққалы алғаш рет тілге келді. Әңгімеге еріксіз араласты. Бағанағыдан бері көз алдында көлеңдеп тұрып алған бет топырағы ашылып, үңірейіп, аңырайып қалған әке бейіті жоғалып, ендігі сәтте Дарханды ойлай бастап еді. «Шаршап келіп, тамақ істеп ішуге де мұршасы келмей ұйықтап қалған шығар-ау». Жалығуды білмейтін, жапы сірне қара нардай қасқайған күйеуі жайлы ойлау, оның әр қылық, әрекетін еске алу Гүлия үшін рахат дүниесі. Қара күшінен өзге түгі жоқ Дарханды осыншалық адамдық ет-жүрекпен құлай сүйіп, соның құрмалдығы болам деп ойлап па еді. Екеуарасын мәңгілік матап-байлаған қандай күш, қандай құдірет? Ойлап қараса, сүйдім-күйдім деп, зар еңіреп өтер ғашықтық емес, жоқ-жоқ, одан әлдеқайда биік, қасиетті де қастерлі ұғым. Кез келгеннің басында бола бермес, болмыстың өзі қазылап, таразылап барып сыйға тартқан ұлы күш, қисапсыз қасиет, маңдайға біткен талант. Гүлия осыған шүкіршілік ететін. Иен далада көзге түртсе көрінбес қараңғыда қараңдап келе жатып та тек Дарханды ойлады. «Ұзағынан сүйіндірсін, – деді күбірлеп.

– Ұзағынан сүйіндірсін».

Әлгінде «әңгіме айтыңызшы, аға» деген сөзден соң арада орнаған сәл үнсіздікті Батидың қоңырлап бастаған даусы бұзды.

– Қазір Үркер жерге түскен мезгіл, – деп алқаракөк аспанға қарады. – Бұл жөнінде ел аузында мынандай әңгіме бар: Үркер жерге түскен кезінде, мамырдың аяғы мен маусымның басында жер көктейді. Жерге түскен Үркер жер астынан көк шөпті айдап шығарып жатады екен. Үркер неғұрлым көп жатса, солғұрлым жан-жануарға жайлы, жыл жақсы болады. Жылқы, түйе, сиыр, қой Үркерді жерден шығармай басып тұрмақшы болып келіседі. Өз кезегі келген ешкі шошаңдап тұрғанда Үркер тұяғын жарып аспанға шығып кетіпті. Егер ешкінің ұшқалақтығы болмаса, Үркер үнемі жерде жатып, шалғыны шалқыған мәңгілік жаз болып тұрады екен...

– Ешкіңіз маған ұқсайды екен, – деп күлді Дүрия.

– Біз қазір Барлы өзенінің аяққы ағысынан өтеміз, – деді Бати атының басын ірке түсіп. – Бағана, күндіз басқа төте жолмен келгенбіз. Қараңғыда адасып кетпес үшін айналма


жолға әдейі келіп түскенмін. Адасып кетпеспіз де, соқпақ қия, шақпақ тастар тұяғын тағаламаған атқа ауыр тиетін болды. Әйтеуір түні бойы жүретін болған соң асықпай осы алыс жолды таңдадым.

– Бәсе, күндіз мұндай жермен жүрмеген секілді едік. Ағамыз адастырып, алып қашып бара ма деп сезіктенемін. – Дүрияның жеңіл қалжыңын Гүлия жаратпады. Әке моласынан ат шаптырым ұзамай жатып уайым-қайғысыз самбырлап сөйлегені қытығына тиді. Бірақ, бетін қайтарған жоқ. Тағы да Дарханды ойлаған. «Мұратты құшақтап, аштан-аш ұйықтап қалды-ау».

– Алып қашу қолымнан келер болса қырыққа келгенше қыртып бойдақ жүрер ме едім, қалқам.

– Қолыңыздан келеді ғой, аға, тек таңдаған қызыңыз жоқ болғаны да...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.