Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Тақырып. Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы.



№3.Тақырып. Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы.

1.Мәдениет және тіл.

2.Тарихи – әлеуметтік және мәдени байланыстар жүйесіндегі адам. 

3. Мәдениет және білімділік.

4. Мәдениет және қарым-қатынас этикеті.

Қазіргі адамзат баласы мыңдаған халықтардың жүздеген мемлекеттеріне біріккен миллиардтаған саны, әр тілде сөйлейтін бар жұртшылық. Олардың бәріне ортақ не болуы мүмкін? Олардың бәріне ортақ нәрсе – мәдениет, адам баласының саналы іс-әрекетінің жемісі ретіндегі мәдениет.

Мәдениет-адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал.

Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни, мәдениетті жан. Адам- табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екендігіне күмән жоқ. И. Гердердің тілімен айтқанда, адам – табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі. Мәдениет адам мен табиғатты бөзліп тұрған «қытай қорғаны» емес, керісінше, олардың арасындағы нәзік үндестік және рухани қыл көпір. Осы үндестікті одан әрі жетілдіру – адаматтың алдындағы келелі міндет. Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан-жақтылығына, шексіздігіне байланысты. Американ ғалымы К.Поппер айтқандай, адам бірдей үш дүниеге: физикалық, ментальдық (психикалық) және идеалдылыққа жатады. Сонда мәдениет осылардың қайсысымен көбірек анықталады деген заңды сұрақ туады. Егер біз мәдениетті тек материалдық және рухани бліктерге бөлудің қарадүрсін шеңберінен шыға алсақ, онда мәдениеттің өзінің ішкі мағынасында идеалды екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, адамды қоршаған заттар, дүние – бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні – руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады. Негізгі комммуникация (байланыс) құралы тіл болғандықтан, тілге, ауызекі сөзге негізделген салт-дәстүрлер, мифтер, әдет-ғұрыптар немесе, жалпылама айтсақ фольклор кеңінен дамыды және ұрпақтар мирасқорлығының негізі де сол болып табылды. Тіл – байланыс құралы ретінде адамның тікелей қатынасуын қажет ететін болғандықтан да адамдар ұжымы өзара ұйымшыл. бөлінбес бірлікте болды.Жазу-сызудың пайда болуы адамзатты естілетін дыбыстық акустикалық кеңістіктен көзге көрінетін виуалды көрнекі кеңістікке итермеледі. Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ақыл-өсиет, даналық –ой, көпжылдық тәжірибе нәтижесі ендігі жерде тікелей ауызекі айтылмай, жазылған және көзбен көріп оқылатын мәтіндерге айналды. Мәтінді түсіну үшін дәлме-дәл, сөзбе-сөз оқу шегінен шығу керек: мәтін авторының көзқарасына және оның дүниетанымына, автордан тыс адамдардың «дауысына», яғни қоршаған әлеуметтік орта көзқарасына қанық болу керек әрі осы мәтін соған жолданған-ау дейтіндей мүмкін адресаты да көз алдыңа елестете білу қажет. Мәтінді түсіну үшін оның басқа мәтіндермен және мәдени контекстімен қатынасын білу қажет. Мәдениеттің шынайы мәні оның өзінде емес, оның басқа мәдениеттермен белсенді қарым-қатынасында, сұқбатында. Сондықтан да ол үнемі «шекаралық жағдайда» өмір сүреді, яғни өзінің басқалармен шекараластығында, бірлесе қоян-қолтық араласуында өз шындығын, өз мәнін табады. Сұқбат адамның, мәдениеттің «өзіндік» шекарасынан шығу қажеттілігін қамтамасызө етеді, өйткені адам да, мәдениет те өзіне-өзі тепе-тең емес, өзімен-өзі шектелген дүние. Адамның да, мәдениеттің де болу мүмкіншілігі тек «шекаралық жағдайда» жүзеге асады. Адамның басқа адаммен, мәдениеттің басқа мәдениетпен сұқбаты, қарым-қатынасы негізінде ғана бұл әлемдегі бар құндылықтар дүниеге келді. Адам санасы оның әлеуметтік болмысының жемісі ретінде адамның бір-бірімен қарым-қатынас жасауының нәтижесінде қалыптасты. Адамдық-қарым-қатынас оны басқа қоршаған табиғи ортадан бөліп-жарып, өзгешелеп алды. Тіпті физиологиялық тұрғыдан осы мәселеге көз тастайтын болсақ, онда да сананың сұқбаттық табиғатына куә боламыз. Сұқбат адамдардың бір-бірімен пікір алысуымен шектелмейді, ол дегеніміз адамдардың қатынасы. Тіпті бір ауыз сөз айтылмаса да, ешбір мағлұмат алынбаса да сұқбаттың болу мүмкіншілігі бар, өйткені сұқбат – ішкі, көрер-көрінбес әрекеттің бір-біріне бағышталғандығы. Сұқбат шын мәнінде гуманизмді, адамсүйгіштікті уағыздайды, солай дейтін себебіміз сұқбаттың мақсаты адамдар арасында үйлесімділікке қол жеткізу, түрлі мәдениеттер, ділдер, діндердің ортақ кездесу орнын көрсете білу. Қазіргі көппарадигмалық, сұқбаттық рухани жағдай кеңістігінде бастауыш мәдени императивтер болып төмендегілер аталады: еріктілік, төзімділік, өзара түсіністік. Қоғамның рухани өмірінің алға даму шыңы бүгінде тарихи өткен мұрадан болсын, қазіргі мәдени шығармашылықтан болсын жалпыадамзаттық мән-мағына ізденіске бастайды. Ол үшін сұқбатты тек арнайы сұқбат әлемі деп қана емес, кең түрде – адамның әлемге деген, өзіне деген, замандас халықтардың тарихы мен мәдениетіне деген құндылықты қарым-қатынас деп қарастыру керек.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.