Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Миға жалпы шолу .



Миға жалпы шолу .

 

        Миды (encephalon) сыртынан қарағанда оның үш бөлігін: үлкен миды, cerebrum, мишықты,cerebellum және ми сабауын,truncus encephalicus, ажыратады.

Үлкен миды (cerebrum) екі терең саңылау бөліп жатады: бойлық жүлге, fissura longitudinalis cerebralis, үлкен миды оң және сол ми сыңарларына, hemispheriae cerebrals, бөледі, ал көлденең жүлге, fissura transversa cerebralis, - үлкен ми сыңарларын мишықтан (cerebellum) бөліп тұрады. Әр ми сыңарының маңдайлық, шүйделік, самайлық шеттерін және жоғарғы-латералды, медиалды, төменгі беттерін ажыратады. Ми сыңарларының бетінде көптеген жүлгелер, sulci cerebrales, және қатпарлар, gyri cerebrales,орналасады.

 Үлкен мидың әр сыңарының жоғарғы - латералды беті бассүйек төбесінің бедеріне сәйкес дөңес, ал мидың медиалды беті жалпақ болып келеді. Үлкен ми сыңарларының медиалды беттерін бөліп тұратын бойлық жүлгенің тереңінде комиссуралық талшықтарында түзілген  – сүйелді дене, corpus callosum, жатады.

 Мидың төменгі беті бассүйек негізінің ішкі бедерін қайталайтындықтан, тегіс емес. Оның артқы бөлігі - ми сабауының, алдыңғысы – бойлық саңылаумен бөлінген маңдайлық үлестердің, ал бүйір жақтары - сәл алға және төмен қарай шығып тұратын самайлық үлестердің төменгі беттері болып табылады.

Маңдайлық үлестің төменгі бетінде (12 - сурет) орналасатын  иіс сезу буылтығы, bulbus olfactorius, артқа қарай иіс сезу жолына, tractus olfactorius, одан әрі иіс сезу үшбұрышына, trigonum olfactorium, жалғасады. Иіс сезу буылтығына бассүйек нервтерінің I жұбы – 15-20 жіңішке иіс сезу нервтері, nn. olfactorii, келеді. Әр иіс сезу үшбұрышының артқы жағында, ми затына ұсақ тамырлар өтетін көптеген тесіктері бар алдыңғы тесіктелген зат, substantia perforata anterior,орналасады (мидың жұмсақ қабығын алған кезде жақсы көрінеді). Оң және сол тесіктелген зат арасында көру қиылысы, chiasma opticum, орналасқан. Ол бассүйек нервтерінің II жұбы, көру нервінің, n.opticus, медиалды талшықтаының қиылысуы арқылы түзілген. Көру қиылысы  артқы жағында көру жолына, tractus olfactorius, жалғасады. Көру қиылысының артында орналасқан сұр төмпе, tuber cinereum төмен қарай құйғышқа, infundibulum, ал ол гипофизге, hypophysis, жалғасады . Гипофиз бассүйек негізіндегі түрік ертоқымының аттас шұңқырында жатады .Сұр төмпенің артында  бір-бірімен жанасып орналасатын емізіктәрізді денелер, corpora mamillaria, мидың ақ затымен жабылған. Олардың ішінде орналасатын жасушалық ядролар иіс сезу миына жатады. Емізіктәрізді денелердің артында, бүйір жақтарынан ми аяқшаларымен, pedunculi cerebri, шектелген аяқшааралық шұңқыр, fossa interpeduncularis, орналасады. Шұңқырдың түбінде көптеген артериялар өтетін артқы тесіктелген зат, substantia perforatа  posterior, жатады. Әр аяқшаның медиалды жүлгесінен көзқозғалтқыш нерв, n.oculomotorius, (ІІІ жұп), ал аяқшаның латералды жағынан бассүйек нервтерінің IVжұбы – шығыршық нерві, n.trochlearis, шығады. Бұл бассүйек нервтерінің ішіндегі, мидың негізінен емес, артқы бетінен (ортаңғы мидың төменгі шекарасынан) шығатын жалғыз нерв.

12 – сурет. Ми негізі. Бассүйек нервтерінің шығатын жерлері.

1, 25 - иіс сезу буылтықтары; 2 – иіс сезу жолы; 3 – алдыңғы тесіктелген заттек; 4 – сұр төмпе; 5 – көру жолы; 6 – емізіктәрізді денелер;    7 – үштік түйін; 8 – артқы тесіктелген заттек; 9 – көпір; 10 – мишық; 11 – пирамида; 12 – олива; 13 – бірінші жұлын нерві; 14 – тіласты нерві; 15 – қосымша нерв; 16 – кезбе нерв; 17 – тіл-жұтқыншақ нерві; 18 – кіреберіс -ұлу нерві; 19 – бет нерві; 20 – әкететін нерв; 21 – үштік нерв; 22 – шығыршық нерві; 23 – көзқозғалтқыш нерв; 24 – көру нерві.

Одан кейін, алдынан үлкен ми аяқшаларынан, артынан сопақша мидан терең жүлгелермен бөлініп тұратын көлденең жатқан көпір,pons, орналасады. Көпір бүйір жақтарынан біртіндеп мишық затына енетін мишықтың ортаңғы аяқшаларына, pedunculus cerebellaris medius, жалғасады. Көпір мен мишықтың ортаңғы аяқшасының шекарасынан - V жұп, үштік нерв, n.trigeminus,шығады.

Көпірдің артқы жағында жұлынға жалғасатын сопақша ми, medulla oblangata, жатады. Сопақша мидың ортасында, оның оң және сол пирамидаларын бөліп тұратын алдыңғы орталық саңылау көрінеді. Әр пирамиданың латералды жағында сопақша келген құрылым – олива, oliva, орналасқан. Сопақша ми пирамидасы мен көпірдің арасында орналасқан саңылаудан әкететін нерв, n.abducens, (ҮІ жұп) шығады. Оның латералды жағынан бет, n.facialis, (ҮІІ жұп) және кіреберіс-ұлу нервтері, n.vestibulocochlearis,(ҮІІІ жұп) шығады. Оливаның артында тіл-жұтқыншақ, n.glossopharyngeus,(ІХжұп),кезбе,n.vagus,(Хжұп) және қосымша,n.accessorius, (ХІ жұп) нервтер орналасады. Ал пирамида мен оливаның арасындағы алдыңғы латералды жүлгеден, sulcus anterolateralis, тіласты нерві, n.hypoglossus, (XІІ жұп) шығады.

   Көпір мен сопақша мидың артында мишық орналасады. Мишықтың бүйір бөліктері - мишық сыңарларының, hemispheria cerebelli dextrum et sinistrum, құрылымдары – мидың  төменгі бетінен жақсы көрінеді. Мишық сыңарларының беттерінде оларды көптеген үлесшелерге бөлетін саңылаулар орналасады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.