Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Төртінші қарынша



Мишық  

Мишық, cerebellum, бассүйектің артқы шұңқырында, үлкен мидың шүйделік үлесінің астында, сопақша ми мен көпірдің үстінде орналасады (13-сурет). Ол оң және сол мишық сыңарлары, hemispherii cerebelli,  мен олардың арасында орналасқан, мишықтың ескі құрылымына жататын құртшасынан, vermis, тұрады.Мишықтың беттерінде оны жұқа, доғатәрізді иілген жапырақшаларға, folia cerebelli, бөлетін көптеген саңылаулар, fissurae cerebelli, орналасқан. Олардың ішіндегі терең орналасқан саңылаулар мишықтың құртшасын – 8, сыңарларын – 5 үлесшелерге, lobuli, бөліп тұрады. Олардың ең тереңі горизонталды саңылау, fissurа horizontalis, мишық экваторы бойынша өтіп, мишықты– жоғарғы, facies cerebelli superior, және төменгі беттерге, facies cerebelli inferior, бөледі. Мишықтың төменгі бетінде орналасқан, екі сыңардың арасындағы ұңғыл – алқапша, vallecula cerebelli, деп аталады.

Мишықтың филогенездік дамуы бойынша үш: 1) көне бөлігі, paleocerebellum, (жырым және түйінше); 2) ескі бөлігі, archicerebellum (құртша) және жаңа бөлігі, neeocerebellum (мишық сыңарлары) ажыратылады.

Мишық сыңарларының төменгі бетінде, ортаңғы аяқшаның артында, кішкене құрылым – жырым, flocculus, орналасқан. Ол құртшаның құрамындағы түйіншемен, nodulus, байланысып тұрады.

Мишық ақ және сұр заттан тұрады. Ақ зат – милық зат, corpus medullarе, мишықтың тереңінде орналасып, ақ жолақ түрінде әр жапырақшаға кіріп тұрады. Бұл жапырақшалар сұр затпен жабылған. Мишықтың сагитталды кесіндісіндегі осы ақ және сұр заттардың жалпы көрінісі «өмір ағашы», arbor vitae cerebelli, деп аталып кеткен. Сұр зат мишық қыртысын, cortex cerebelli, және ақ заттың ішінде орналасқан, мишық ядроларын түзеді. Мишық сыңарында – тістәрізді ядро, nucl. dentatus,оның медиалды жағындағы құртшада – тығынтәрізді ядро, nucl. emboliformis, дөңгелек (шартәрізді) ядро, nucl. globosus, және шатыр ядросы, nucl. fastigii, орналасады (16 - сурет). Мишық орталық нерв жүйесінің көрші орналасқан бөліктерімен үш жұп аяқшалары арқылы байланысады.

                     16 – сурет. Мишықтың көлденең кесіндісі

1 – төртінші қарынша; 2 – мишықтың жоғарғы аяқшасы; 3 – шатыр ядросы; 4 – дөңгелек (шартәрізді) ядро; 5 - тығынтәрізді ядро; 6 –тістәрізді ядро; 7 – мишық қыртысы.

Мишықтың төменгі аяқшалары, pedunculi cerebellarеs inferiores, мишықты сопақша мимен байланыстырады. Олардың құрамында жұлын-мишықтық артқы жол, олива-мишықтық жол, кіреберіс-мишықтық және т.б. жолдар өтеді.

Мишықтың жоғарғы аяқшалары, pedunculi cerebellares superiores, мишықты ортаңғы мимен байланыстырады. Олардың құрамында жұлын-мишықтық алдыңғы; мишық-таламустық және мишық-қызыл ядролық жолдар өтеді.

Мишықтың ортаңғы аяқшалары, pedunculi cerebellares medii, – арқылы көпір ядросынан мишық қыртысына баратын көптеген талшықтар өтеді. Бұл талшықтар үлкен ми қыртысының мишықпен байланысының екінші бөлігі болып табылады (сүтқоректілер эволюциясында мишық сыңарының үдемелі дамуы үлкен ми қыртысының және көпірдің алдыңғы бөлігінің дамуымен үйлесімді жүреді).

Мишықтың жұлын және мимен нервтік байланыстары, дененің қозғалысы кезіндегі бұлшықеттердің үйлесімді қызметін, яғни дененің тепе – теңдігін қамтамасыз етеді. Мишықтың бұл қызметі жоғары омыртқалылардың эволюциялық дамуы барысындағы қимыл түрлерінің жетілуінде шешуші орын алады. Сонымен қатар, мишықта вегетативтік нерв жүйесінің орталықтары орналасады.

 

Төртінші қарынша

Төртінші қарынша, ventriculus quartus , (13 - сурет) ромбтәрізді мидың қуысы болып табылады, ол алдыңғы жағынан көпір мен сопақша мидың, артқы жағынан мишықтың арасында орналасқан. Пішіні түбі мен төбесі бар шатыртәрізді болып келеді. Төбесінің жоғарғы және төменгі қабырғалары дорсалды және бүйір жақтарында, латералды қалталарды, recessus lateralis, түзеді.

Төртінші қарыншаның түбі - ромбтәрізді шұңқыр, fossa rhomboidea, деп аталады (17 - сурет). Оны  көпір мен сопақша мидың артқы беттері құрайды. Ол бүйір жақтарынан мишықтың жоғарғы және төменгі аяқшаларымен шектелген. Шұңқырды орталық сызық бойымен бөлетін орталық жүлгенің, sulcus medianus, екі жағында медиалды дөңес, eminentia medialis, орналасқан. Әр дөңесті латералды жағында шекаралық сызық, sulcus limitans, шектейді. Жүлге жоғарғы және төменгі шеттерінде жоғарғы және төменгі шұңқыршаларға жалғасады. Жоғарғы шұңқыршадан латералды және сәл жоғары, түсі пигментті жасушаларға байланысты болатын кішігірім, көгілдір түсті жер, locus caeruleus,орналасады . Дөңестің жоғарғы бөлігінде бет нервінің төбешігі, colliculus facialis, көрінеді, ол әкететін нерв ядросын иін түрінде қоршай орналасатын бет нервінің талшықтарынан түзілген. Медиалды дөңес төмен қарай біртіндеп тарылып, тіласты нерві үшбұрышына, trigonum n.hypogllossi, ауысады. Оның латералды жағында кезбе нерв үшбұрышы, trigonum n.vagi, орналасады.

17-сурет.  Ромбтәрізді шұңқыр мен ми діңінің құрылымдары. 1 - таламус; 2 – ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төбешігі; 3 - шығыршық нерв; 4 - мишықтың жоғарғы аяқшасы; 5 – мишықтың ортаңғы аяқшасы; 6 – медиалды дөңес; 7 – орталық сызық; 8 – милық жолақтар; 9 – кіреберістік алаң; 10 – тіласты нервінің үшбұрышы; 11 – кезбе нервтің үшбұрышы; 12 – сынатәрізді ядроның төмпешігі; 13 – жіңішке ядроның төмпешігі; 14 – артқы орталық жүлге; 15 – жіңішке буда; 16 – сынатәрізді буда; 17 – артқы латериалды жүлге; 18 – бүйір жіпше;19 – ысырма; 20 – мишықтың төменгі аяқшасы; 21 – шекаралық жүлге; 22 – жоғарғы ми желкені; 23 – ортаңғы ми төбесінің төменгі төбешігі; 24 - эпифиз; 25 – III қарынша.  

 

 

Төртінші қарыншаның латералды қалтасы аймағында, ромбтәрізді шұңқырда вестибулярлық алаңды, area vestibularis, ажыратады. Осы алаңнан көлденең бағытта милық жолақтар, striae medullares, өтеді. Олар көпір мен сопақша мидың арасындағы дорсалды шекара болып табылады және есту жолдарына жатады.

 Ромбтәрізді шұңқыр аймағында: үштік, әкететін, бет, кіреберіс-ұлу және тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша, тіласты бассүйек нервтерінің ядролары орналасады.

Төртінші қарынша төбеснің, tegmen ventriculi quarti, жоғарғы және төменгі қабырғаларын ажыратады. Жоғарғы қабырғасын тақ жоғарғы ми желкені, velum medullare superius, және мишықтың жоғарғы аяқшаларының  медиалды бөлігі құрайды. Мишықтың жоғарғы аяқшаларының арасында тартылып тұратын, қалыңдығы 0,5 мм-дей болатын ми табақшасы - жоғарғы ми желкені деп аталады. Оның ішінде жұлын-мишықтық алдыңғы жол талшықтарының қиылысы өтеді. Төртінші қарынша төбесінің төменгі қабырғасын төменгі ми желкені түзеді. Төменгі ми желкені, velum medullare inferius, эмбриогенездік артқы ми көпіршігінің қалдығы - жұқа ми табақшасынан тұрады. Бұл табақша ішкі жағымен IV қарыншаның тамырлық негізін, tela choroidea ventriculi quarti, түзетін мидың жұмсақ қабығымен тығыз бітіседі. Тамырлық негіз IV қарыншаның қуысына қараған жағын жауып жатқан эпителийлік табақшамен бірігіп – IV қарыншаның тамырлық өрімін, plexus choroideus ventriculi quatri, түзеді. Бұл өрім ми-жұлын сұйықтығын өндіреді.Сонымен қатар ми-жұлын сұйықтығы IV қарыншаға ми-суқұбыры арқылы үшінші қарыншадан келеді. IV  қарыншаның төменгі қабырғасында үш тесік: орталық тесік, apertura mediana (Можанди тесігі, foramen Мagendi) және жұп латералды тесік, aperturа lateralis (Люшка тесігі, aperturа Luschka) ажыратылады. Бұл тесіктер арқылы IV қарынша қуысы мидың торлы қабықастылық кеңістігімен жалғасады, яғни ми – жұлын сұйықтығы IV қарыншадан торлы қабықастылық кеңістікке (мишық – ми цистернасына) өтеді. IV қарынша қуысы жоғарғы жағында – ортаңғы мидың суқұбырына, ал төменгі жағында – жұлынның орталық өзегіне жалғасады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.