|
|||
14 тақырып. МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТІНДЕГІ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
14.1. Педагогикалық технология туралы түсінік.Технология ұғымы соңғы жүзжылдықта маңызды ғылыми ұғымдардың бiрiне айналуда. Философиялық көзқарас тұрғысынан технология теория мен практиканың арақатынасын байланыстыратын негізгі тетіктердің бірі.Теория мен практика ұғымдары мәнi жағынан ажыратылғанымен, олар әрқашан өзара тәуелді, өзара тығыз байланыста болып келеді.Бұл әрекеттестiктiң өзгешелiгiн К.Поппер теория мен практиканың бiрлiгiн ажыратпау, екеуінің тұтастығын сақтау деген идеясымен негіздеп көрсетедi. Көп жағдайларда теорияның практикадан ажыратылып кетуінің негiзгi себептерінің бiрi - нақты қолданбалы технология-лардың жоқтығы болып табылады. Өндiрiс саласында ғана емес, педагогикалық теория мен прак-тикада да тұрақты қолданысқа ие болып келе жатқан «технология» ұғымының шығу тарихына (этимологиясына) қысқаша тоқталып өту маңызды. Технология сөзi (techne-өнер, шығармашылық, logos-iлiм) грек тiлiнен аударылғанда: а) өндiрiс үдерісінде шикiзат, материал немесе жартылай фабрикаттың формасын, қасиеттерiн, жағдайын өңдеу, дайындау, өзгерту әдiстерiнiң жиынтығын, мысалы металлдарды өңдеу техноло-гиясы, химиялық технология, құрылыстық жұмыстар технологиясы; ә) өндiрiстiң сәйкес келетiн құралдарымен шикiзат, материал немесе жартылай фабрикатқа әсер ететiн тәсiлдер туралы ғылым деген мағынаны бiлдiредi. Ғылым мен техниканың дамуына қарай педагогика саласында технологиялық оқыту тәсілі жақсы өріс ала бастады. Қазіргі ақпарат-тық технологиялар заманында бiлiм берудi технологияландыруға кө-шудiң қажеттiлiгiмен келiспеу мүмкiн емес, себебi әр оқушының жеке тұлғасының дамуы, бiлiм берудi саралау және барлық бiлiм беру жүйесiн iзгiлендiру және демократияландыру үрдістері техноло-гиялық тәсіл арқылы жүзеге асырылмақ. Сондықтан педагогикалық үдерісті технологияландыру мәселесі бiлiм берушi мен бiлiм алушы тұлғасын өздiгiнен дамытып, олардың ішкі әлеуеттерін барынша толығырақ ашқызу үшін оқыту мен тәр-биелеудi субъектiлiк негiзге ауыстыратын тетік ретінде зерттелуде. Білім беру саласындағы шоғырланып қалған көкейкесті мәселелердің шешімдерін табуда педагогикалық технологиялардың ықпалы зор, себебі жаңа технологиялардың негізгі өзегі – оқушы тұлғасы, оның ішкі интеллектуалдық әлеуетін жан-жақты дамыту. Көптеген зерттеушiлер жаңа педагогикалық технологияларға терең қызығушылық танытып, бiлiм берудегi технологиялық тәсiлдi дәстүрлi оқыту әдістерінен анағұрлым тиiмдірек деп есептейдi. Технология ұғымына Б.Т. Лихачев, В.П. Беспалько, В.В. Сериков, В.М. Монахов, М.В. Кларин, И.Я. Лернер, П.И. Пидкасистый, В.В.Гузеев, Н.Д.Хмель, Ғ.М.Құсайынов, Ж.А.Қараев, Ж.У.Кобдикова, М.М.Жампеисова т.б. ғалымдар мен зерттеушiлер жан-жақты түсiнiктемелер бере отырып, олардың практикалық тиімділігі туралы құнды пікірлер мен нақты ұсыныстар айтқан. Педагогика ғылымында «технология» ұғымының зерттелу аясы кеңейіп, әр тұрғыдан анықталуы, оның түрлерiнiң, тұжырымдамалық негiздерi мен сипаттамаларының көптiгi бұл феноменнiң мазмұнын жан-жақты теориялық тұрғыдан талдауға баса назар аударуды қажет етедi. Педагогикалық лексикадағы теория, әдiстер, әдiстеме, тех-нология, оқыту технологиясы, педагогикалық технология ұғым-дарының арақатынасын дұрыс ажырата білу және практикада дұрыс қолдана білу әр мұғалімнің технологиялық құзыреттілігінің басты көрсеткіші. Практикада кейде «технология» ұғымы «әдiстеме» немесе оқытуды ұйымдастырудың «формасы» ұғымының синонимi ретiнде қолданылып кететіні байқалады. Аталған ұғымдардың барлығы оқыту үдерісінде қолданылатын болғандықтан мақсатты түрде олардың мағыналық ерекшеліктерін салыстыра отырып қарастыру қажет. Теория ұғымы біркелкі немесе біртұтас құбылыстар және оның элементтерi мен қызметтерiнiң жиынтығын сипаттайтын заңдар, категориялар, ұғымдар, тұжырымдамалар, қағидалар жүйесi ретiнде қарастырылады. Теория өздігінен ешнәрсенi өзгерте алмайды, бірақ адамның практикалық әрекеттерiн реттеуші рөлін атқарады. Теория адамдардың санасы арқылы қабылданады және сол теорияны ақиқатқа айналдыру үшін белгілі дәрежедегі күш пен энергияны жұмсаған жағдайда ғана материалдана алады. Теория үшiн оның ережелерiне кiретiн дәлелдемелер, негiздемелер мiндеттi болып табылады: егер негiздеме болмаса, онда теория да жоқ. Кез келген теорияның көздейтін соңғы мақсаты – оның практикада жүзеге асырылып, сол арқылы оның құндылығының бағалануы. Оқыту теориясы – оқыту үдерісінің заңдары мен заңдылықтарын зерттейтiн, оқытудың мақсатын, міндеттері мен мазмұнын ашып көрсететiн, оқытуды ұйымдастыру формаларын және әдiстерiн, қағидаларын сипаттайтын педагогиканың құрамдасбөлiгi. Педагогика ғылымында оқыту теориясы «дидактика» ұғымының синонимi ретiнде қолданылады. Әдiс кең мағынада тұлға әрекетiнiң түрлі формадағы тәсiлдер жиынтығы, бiр нәрсеге жетудiң жолы деп анықталады. Кез келген ғылыми әдiс оның қажеттi алғышарты ретiнде қатысатын, белгiлi бiр теория негiзiнде зерттеледi. Әдiстiң негiзгi қызметi – iс-әрекеттi реттеу және бағдарлау. Әдіс – мақсатқа қол жеткізу тәсілдері. Оқыту әдiстерi - педагогикалық үдеріске қатысушылардың білімді меңгеруге бағытталған бiрлескен әрекеттерiн ұйымдастырудың тәсiлдер жүйесі. Оқыту әдістері сөздік, көрнекілік, тәжірибелік, бақылау және өзіндік бақылау әдістеріне жіктелген. Әдiстеме ұғымы нақты бір іс-әрекетті орындау үшін қолданылатын әдістер мен тәсілдер жиынтығы деп түсіндіріледі. Әдістеме бір істі атқарудағы әдiстер мен тәсiлдердiң кешенiн пайдалану тәртiбiн бiлдiредi. Оқыту әдiстемесi – пәндi оқытудың ғылыми дәлелденген әдiстер, ережелер, тәсiлдер жүйесi және оқыту теориясын қолдану құралы болып табылады. Мысалы, «интеграл» ұғымын қалыптастыру әдiстемесi математикалық ұғымдарды қалыптастыру теориясының та-лаптарын және «интеграл» ұғымының өзiндiк ерекшелiгiн ескере оты-рып, жете зерттеледi. Сондықтан әдiстемелердiң мақсаты теориялық ережелердi нақты құбылыстар тұрғысына қарай алмастырумен анықталады. Әр педагог оқыту теориясын және оқытудың әдіс-тәсілдер кешенін әртүрлі пайдалануына байланысты, әрқайсысының оқыту әдістемелері әртүрлі сипатта болады. Оқыту технологиясы – оқыту үдерісінің диагностикалы қойыл-ған мақсаттарына қол жеткізу құралдары, алдын-ала жоспарланған оқыту үдерісінің практикалық түрде жүйелiлiк пен бiрiздiлiк негізінде іске асырылуы. Оқыту технологиялары оқыту үдерісінің байланыстарын реттеуге, оның барлық кезеңдері мен өт-кізілу шарттарын оқушылардың нақты мүмкіндіктеріне сәйкестен-діруге бағытталған. Сонымен, жоғарыда қарастырылып отырған ұғымдарды тұжы-рымдайтын болсақ, И.Г.Саранцевтiң пiкiрiнше,оқыту теориясы пәнгеоқытудың әдiстемелiк жүйесiн басқару заңдылықтарын ашып бередi, әдiстемеоны қолдануды қарастырады, ал технологиябұл жүйенiң моделін жүзеге асыру тәсiлдерiн жете зерттейдi. Осы тұрғыда техно-логиялардың рөлi оқыту мақсаттарын диагностикалауға және оқыту шарттарын айқындауға (әдiстер, формалар, құралдар, тәуелдiлiктер), яғни белгiленген мақсатқа жетуге мүмкiндiк беретін үдерісті жобалауға саяды. Сондықтан технология теория мен әдiстемелерге негізделеді, олардың даму деңгейiне қарай тиімділігі анықталады. Кез-келген оқы-ту технологиясының негiзгi мақсаты соңғы күтілетін нәтиженi анықтау және оның табыстылығын бақылау болып табылады. Педагогика ғылымында және білім беру ұйымдары тәжірибесінде педагогикалық технологиялар ұғымы жиі қолданылады. В.П. Беспальконың пікірінше педагогикалық технология - белгіленген бiлiм беру мақсаттарын табысты жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн тәрбие мен оқыту үдерісін жаңарудың теориялық тұрғыдан негiзделген құралдар мен әдiстер жиынтығы. В.М. Монаховтың пайымдауынша педагогикалық технология – мұғалiм мен оқушы үшiн жағымды жағдайды қамтамасыз ететiн оқу үдерісін жобалау, ұйымдастыру және өткiзуде барлық бөлшегiне дейiн ойластырылған бiрлескен педагогикалық iс-әрекет үлгiсi. Педагогикалық мiндеттерiн түсiндiре отырып, педагогикалық технологияны жобалаудағы жетекшi қағида – оқушының бiлiмдi меңгеруге iштей дәлелденген, қалыптасқан өзiндiк белсендiлiгi, қызығушылығы мен iскерлiгi, бiлiктiлiгi болуы керек. Г.К.Селевконың негіздеуінше,педагогикалық технология – көздеген мақсаттарға қол жеткізетін, уақыты мен кеңістік тұрғысынан бағдарламаланған, ғылыми негізде құрылған педагогикалық үрдістің барлық компоненттерінің әрекет ету жүйесі. Педагогикалық технологияларға алуан тұрғыдан берiлген анықтамаларды талдау нәтижесi көрсеткендей, олардың көпшiлiгiнiң жалпылама түрде берiлгенiн, педагог әрекетiнiң салыстырмалы түрде кейбiр жақтары ғана ашылатынын, бала тұлғасын тұтастай қалыптастыру мәселесi толығымен қарастырылмайтыны байқалуда. Педагогикалық технологиялар әрбiр баланың даму үдерісін алдын-ала байқауға және болжауға бағытталуы тиiс. Диагностика нәтижесi бойынша педагогикалық үдерістің әрбiр бөлiгiнде дамыту үрдістері жобаланады. Сондықтан керi байланыс мәліметтерін алу және оларды зерттеу - диагностика мен болжауды байланыстыратын үздiксiз үдеріс болып табылады. Бұл үдеріс ғылымда мониторинг деп аталады, оны ағылшын тiлiнен аударғанда, «үздiксiз қадағалау» дегендi бiлдiредi. Педагогикалық мониторинг педагог пен оқушыны педагогикалық үдерісті үздiксiз және ұзақ байқау мен басқару арқылы қажеттi ақпараттармен қамтамасыз етедi. Педагогикалық технологиялар –оқушылар мен ұстаздардың субъект-субъектілі қарым-қатынастарына негізделген, олардың өз-өз-дерін өзектендіруге, өздерін дамытуға бағытталған, диагностикалық қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі тиімді әдістер мен құралдар жиынтығының үйлесімді әрекеті. Технологиялардаүдерістік (іс-әрекеттік), сандық және есептiк компоненттер көбiрек ұсынылады. Әдiстемеде мақсаттық, мазмұндық, сапалық және вариативтi-бағдарлық жақтарына басымы-рақ мән беріледі. Оқыту әдiстемесiне қарағанда педагогикалық техно-логия өзiнiң басқа мұғалімдердің қолдануға ыңғайлылығымен, нәти-желерінің тұрақтылығымен ерекшеленеді (А.М. Кушнир). Оқыту әдiстемесi тәрбиелеу мен оқытудың әртүрлi әдiстерiн қамтиды, бiрақ оларды белгiлi бiр логикалық тiзбек ретінде құрылым-дамайды. Ал технология болса, әрқашан тәсiлдердiң белгiлi бiр алго-ритмiн, логикасын, бiрiздiлiгiн ұсынып, содан күтілетін нәтижені болжай алады. Ал педагогикалық технология мен оқыту технологиясын са-лыстыратын болсақ, педагогикалық технологияның мазмұны кеңірек, себебі оқыту технологиясы тек оқыту үдерісіне бағытталған болса, пе-дагогикалық технология оқыту, тәрбиелеу, оқушыны әлеуметтен-діру, оны тұлға ретінде қалыптастыру мәселелерін толығымен қамтиды. Сондықтан оқыту мен тәрбиенің егіз ұғымдар екенін ескере отырып, кәсіби тәжірибеде «педагогикалық технологиялар» ұғымын кеңірек пайдаланған жөн. Мағынасы жағынан ғылыми негiзделген технология әдiстемеге қарағанда кеңірек. Педагогикалық технология педагогикалық үдеріске қатысушылардың субъект-субъектiлi өзара әрекетi арқылы оқытуға, тәрбиелеуге, дамытуға, өзiн-өзi белсендендiруге бағытталған. Оқыту әдiстемесi педагогтың тәжiрибесiне сүйенедi, ол оның шығармашы-лығына, әртiстiлiгiне жақынырақ. Бұл тұрғыда В.Зайцевтiң көзқарасы қызығушылық тудырады: «Педагогикалық технология - әдiстеме емес. Бұл кеңiрек ұғым. Педагогикалық технология 4 құрамды бөліктен тұрады: күтілетін нәтижені бағалау, диагностика (негiзгi факторды бө-лiп көрсету ретiнде), әдiстеме (диагностика нәтижесiн ескерiп құрас-тырылған), оқытуды қарқынды жүргізу құралы».
14.2 .Педагогикалық технологиялардың өлшемдері мен атқа-ратын қызметтерi. Кез келген педагогикалық технология ғылыми-әдiснамалық тұжырымдама негiзiнде құрылады. Педагогикалық технологиялардың көпшiлiгi оқушылардың тұлғасын ең жо-ғары құндылық ретiнде бағалауға, оларды қарым-қатынастың тең құқылы субъектісі ретінде қабылдауға және ізгілікті оқу-тәрбиелік ортада әлеуметтендіруге бағытталған. Педагогикалық технологиялардың тұжырымдамалық негіздері-не білім беру саласындағы тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, аксиоло-гиялық, жүйелілік, акмеологиялық тұрғыдан оқыту сынды теориялар жатады, себебі аталып отырған теориялардың барлығы білім алушы-лардың қабілеттерін жан-жақты дамытуды, оқу-танымдық үдерісі мен тәрбие үдерісін тығыз ұштастыра отырып жүргізуді көздейді. Қазіргі таңда аталған өлшемдерге сәйкес келетін педагогикалық технологиялардың көптеген түрлері ғылыми тұрғыдан зерттеліп, практика жүзінде іске асырылып, тиімді нәтижелер көрсетіп келеді. С.С.Кашлев педагогикалық технологиялардың төмендегідей қызметтерiн топтастырып қарастырады: 1) Педагогикалық технологияның ұйымдастырушылық-iс-әрекеттiк қызметiне: - педагогтың педагогикалық үдерістің әрбiр бөлiгiнде нақты немен айналысуын анықтайтын ұйымдастырушылық iс-әрекетi; - оқушының педагогикалық үдерістіңәрбiр кезеңінде не iстеу керектiгiн нақтылайтын педагогтың ұйымдастырушылық iс-әрекетi; - педагог пен оқушының бiрлескен әрекетiнiң өзара ұйымдас-тырылуы; - баланың өзiндiк белсендiлiгiн дамытатын өзiнiң iс-әрекеттерi ұйымдастырылуы жатады. 2) Педагогикалық технологияның жобалау (болжау) қызметiне: - педагогикалық үдерістің шынайы жағдайын диагностикалауы; - педагогикалық үдеріске қатысушылардан күтілетін нәтижеле-рiн болжай алуы; - педагогикалық әрекеттестiктi модельдеуі; - педагогикалық технологияны жүзеге асыру үдерісінде бала мен педагогтың даму деңгейiн болжау үдерістері жатады. 3) Педагогикалық технологияның коммуникативтік қызметiне: - мұғалiм мен оқушының қарым-қатынастық мүмкiндiктерiн дамытуы; - педагогикалық үдеріске қатысушылардың, мұғалiм мен оқушының арасында ақпарат алмастыруы; - педагог пен тәрбиеленушiнiң өзара түсiнiстік жағдайын жасауы; - балалар арасындағы интерактивтi қатынас үшiн қолайлы жағдайды қамтамасыз етуі; - педагогтар мен ата-аналардың коммуникативтік iс-әрекеттерінің тиімділігін арттыруы жатады . 4) Педагогикалық технологияның рефлексиялық қызметiне: - педагог пен баланың өзiндік тұлғалық өсулерiн жете түсiнулерi; - педагогикалық әрекеттестiк нәтижесiн объективтi бағалау мүмкіндігі; - педагогикалық үдеріске қатысушылардың өзара әрекеттестiк тәжiрибесiн саналы түсiнулерi мен меңгерулерi; - педагог пен оқушылардың iс-әрекеттерiн өзiндiк талдау, өзiндiк бағалау; - тұлғалық даму себептерi мен жағдайын белгiлеу жатады. 5) Педагогикалық технологияның дамытушылық қызметiне: - бала мен педагогтың дамуына қажеттi жағдай жасауы; - оқушы мен мұғалiмнiң өзiн-өзi дамыту құралдарын қамтамасыз етуі; - әрбiр баланың әлеуметінің дамуын қамтамасыз ету; - педагогтың кәсіби шеберлігінің дамытуы жатады. Білім беру тәжірибесінде педагогикалық технологиялардың атқаратын қызметтерінің аясына байланысты Г.К.Селевко олардың қолданылуының өзара тәуелді үш деңгейін атап көрсетеді: 1) Жалпы педагогикалық(жалпыдидактикалық) деңгей: бұл деңгейдегі технология бір өңірдегі, оқу орнындағы, нақты бір оқыту сатысындағы тұтас білім беру үрдісімен сипатталады. Бұл жерде педагогикалық технология педагогикалық жүйе ретінде қарастыры-лады. 2) Жеке әдістемелік (пәндік) деңгей: бұл деңгейдегі техно-логия «жеке пәндер әдістемесі» немесе бір пән, сынып көлеміндегі оқыту мазмұнын жүзеге асырудың әдіс-тәсілдер жиынтығы ретінде қолданылады. 3) Локальды (модульдік) деңгейдегі технология оқу-тәрбие үдерісінің жеке бөліктерінің дидактикалық немесе тәрбиелік міндет-терін (өздік жұмысты ұйымдастыру технологиясы, жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру технологиясы, білімнің меңгерілуін тексеру технологиясы, т.с.с.) шешуімен сипатталады. Жалпы алғанда, педагогикалық технологиялардың негiзгi қыз-метi педагогикалық үрдіске қатысушылардың iс-әрекеттерiн белсен-дендіру мен жетілдірудің жүйелi құралы ретiнде тұлғаның даму мiндеттерiн нәтижелi шешу, оқыту мен тәрбие үрдістерінің сапасын жоғарлату болып табылады. Оқушылардың субъектілік белсенділігін арттыру қазiргi еңбек нарығының негізгі талабы, себебі ақпараттық қоғам жастардың ерекше бағыныштылық әрекеттерiне қанағаттана алмайды. Оқушылардың болашақта жауапкершiлiктері жоғары, өз әлеуеттерін өздері iске асыра алатын, бәсекеге қабiлеттi, әлеуметтік белсендiлiктері жоғары тұлға ретінде тәрбиеленіп шығулары бүгінгі уақыт талабы. Оқушы 11-12 жыл бойы мектеп қабырғасында өзін-өзі дамытуға дағдылану үшін мектептегі оқу-тәрбие үрдісінің мақсаты, ұйымдас-тыру формалары, субъектілердің қарым-қатынас стильдері, бағалау формалары дұрыс таңдалуы керек. Сонымен педагогикалық технологияның негізгі ерекшелігі білім алудағы оқушы тұлғасының ерекше сипатқа ие болуында. Егер дәстүрлі оқыту жүйесінде оқушы іс-әрекеті репродуктивті сипатта болса (қайта жаңғыртып айтып беру, алгоритм бойынша тапсырмаларды орындау), педагогикалық технологияларды қолдануда оның іс-әрекеті продуктивті (өнімді) болуы керек, яғни шығармашылық белсенділігі талап етіледі.
14.3. Тұтас педагогикалық үрдіс теориясы - педагогикалық технологияларды қолданудың әдіснамалық негізі.Педагогикалық кәсіпте мұғалімдерге білім беру міндетімен қатар тәрбиелеушілік міндеті те жүктелген. Ұстаз тұлғасы - әрі тәрбиеші, әрі оқытушы, әрі кеңесші бол-ғанымен, кез келген педагог бұл міндеттерді кез келген жағдайда толық атқара алады деп айту қиын, себебі педагогикалық үрдістің құрамдас жүйе-лерінің көптігі, олардың қызметтерінің әртүрлі факторлардың әсерінен әртүрлі бағытта өзгеру ықтималдығы осы үрдістің теориясының және жүзеге асыру технологиясының ерекшеліктерімен таныс болуды қажет етеді. Педагогикалық үрдістің тұтастығын ажыратпай біртұтас құбылыс ретінде қарастыруды талап еткен ғалымдар педагогика тарихында аз емес. Оқыту мен тәрбиенің бірлігінде тәрбиенің маңыздырақ екенін атап көрсеткен әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі» - деген сөздері тәрбиенің адам өмірінің рухани негізі мен оның бүкіл тағдырына әсер ететінін фактор екенін көрсетеді. Сол сияқты XIX ғ. педагогтары да ғылыми тұрғыда оқыту мен тәрбиенің бірлестігінің ұтымдылығын дәлелдеуге тырысқан. Ғылыми педагогиканың негізін қалаушылардың бірі, неміс педагогы И.Ф. Гербарт алғашқылардың бірі болып «тәрбиелейтін оқыту үрдісі» деген ұғымды ғылыми айналымға енгізеді. Оның «Мен тәрбиені оқыту үрді-сінсіз көз алдыма елестете алмаймын, және керісінше, тәрбиелік ық-палы жоқ оқытуды да оқыту деп мойындамаймын» - деп айтқан сөз-дерінің астарында адамның әр іс-әрекетінің адамгершілік қағидала-рына негізделу қажеттілігі өзектендіріледі. Оқушының жан-жақты дамыған тұлғасын қалыптастырудағы тәрбие мен оқытудың ара қатынасының ерекшелігін зерттеуде Ресей ғалымдары К.Д.Ушинскийдің, П.Ф. Каптеревтің, С.Т.Шацкийдің, П.П.Блонскийдің, М.М. Рубинштейннің, А.С. Макаренконың үлестері зор болды. Белгілі педагог П.Ф.Каптерев («Педагогикалық үрдіс», 1905ж.) педагогикалық үрдісті тұлғаны жетілдіру үрдісі ретінде сипаттай келе оның шығармашылық мәніне баса назар аударуды талап етеді. Осы идеяға негізделе отырып, ғалым педагогты оқушының өзін-өзі дамыту үрдісінде көмек көрсететін қызметшісі болуы керек деп тұжырым-дайды. Осыдан педагогикалық үрдісте оқушының өзіндік дамуына, оның санасының табиғи еркін жетілуіне кедергі келтірмей, қысым жа-самай, тек дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп отыратындай ізгілік қатынас-тың орнатылуының маңызы түсіндіреді. 1970 жылдардан бастап Ю.К.Бабанский, М.А.Данилов, В.С.Ильин, В.М.Коротов, В.В.Краевский, Б.Т.Лихачев сынды ғалымдар педагогикалық үдерістің тұтастығын қамтамасыз ететін білім беру тетіктерін іздестіру, оның құрамдас бөліктерінің өзара үйлесімді қызметтерін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты көптеген ғылыми зерттеулер жүргізді. 1980ж. Ю.К.Бабанский жоғары оқу орындарын-да оқытылатын оқулықтар мазмұнына осы тұтас педагогикалық үдерістің ұғымын енгізеді. Ал кеңес одағынан кейінгі кезеңде осы мәселенің зерттелуі В.А.Сластениннің ғылым мектебінде жалғасын тапты. Қазақстандық педагог Н.Д.Хмель тұтас педагогикалық үрдістің заңдарын, заңдылықтарын, принциптерін жүйелей келе, үдерістіңоның құрамдас компоненттерінің өзара байланыстылығын мұғалім мен оқушының қарым-қатынас жүйесі арқылы модельдейді. Мұғалiмдердiң педагогикалық технологияны тиiмдi қолдана алуы олардың кәсiби iс-әрекет объектiсi болып табылатын тұтас педагогикалық үдерістің заңдары мен заңдылықтарын, қозғаушы күшi мен тетіктерін терең бiлу және меңгеру деңгейлеріне тiкелей байланысты. Педагогикалық үдерістегі«педагогтар-оқушылар», «оқушылар-оқушылар»,«пән мұғалiмi – оқушылар» және т.б. ішкі жүйелердің тығыз өзара әрекеттестігін қамтамасыз ету арқылы оқушылардың өзін-өздері таныта алулары және басқаларды тани алулары жүзеге асырылмақ. Мұғалiм тұтас педагогикалық үдерістің теориясын жүзеге асыру технологиясын меңгеру арқылы оқушылардың ғана емес, сонымен қатар бүкіл сыныптың iс-әрекет пен қарым-қатынастарын, өзара әре-кеттестiктерін ұйымдастыра алатын болады. Ал басқа педагогикалық технологиялардың мұғалiмдер осы негізгі технология арқы-лы тиімді құрастыра алатыны анық, өйткені тұтас педагогикалық үдерістіңкомпоненттерін, олардың арасындағы кездесетін қарама-қай-шылықтар жүйесін, қосымша жүйелерінің өзара тәуелділігін жақсылап меңгеріп алу арқылы басқа оқыту технологияларын қолдану жеңілірек болады. Сонымен, тұтас педагогикалық үдерістіңтеориясын жүзеге асы-ру технологиясы мегатехнология санатында қарастырылуы керек. Н.Д.Хмель бұл технологияның мәнін төмендегідей логикалық тізбек-теме арқылы негіздейді: 1) Тұтас педагогикалықүдерісініңтеориясын білу (мұғалім іс-әрекетінің объектісінің идеалды моделін); 2) Нақты оқу-тәрбие ұйымдарындағы педагогикалық үдерістің нақты жағдайын диагностикалау әдістемесін меңгеру; 3) Педагогикалық үрдістің нақты жағдайын өзгертуді модель-деу, (болжау) үшін тұтас педагогикалық үдерістеориясын қолдану; 4) Кәсіби міндеттерді шешу үшін педагогтар мен оқушылардың іс-әрекеттерінің ретін, алгоритмін анықтау. Осы талаптардың барлығы оқушының білімді меңгерудегі өз бетінше оқу әрекетімен айналысып, танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған.
14.4. Қазіргі педагогикалық технологиялардың әр түрлі тұр-ғыдан жіктелуі.Педагогика ғылымы мен практикасында педагоги-калық технологиялардың алуан түрлi нұсқалары кездеседі. Техноло-гиялардың көптүрлілігі және көлемдiлiгi оны жүйелеуді және топтас-тыруды қажет етедi. Бұл мәселемен А.Я. Савельев, В.Безрукова, Г.Ю.Ксензова, Г.К.Селевко, В.В. Юдин, Ғ.М.Құсайынов және басқа ғалымдар айналысқан. Қазiргi уақыттағы технологиялар екi үлкен түр-ге жiктеледi: өзiнiң мақсаттық бағдарына қарай өнеркәсiптiк (өндiрiс-тiк) және әлеуметтiк-тұлғалық технологиялар. Өнеркәсiптiк тех-нологиялар алдын ала берiлген параметрлер бойынша материалдарды өңдеумен және өндiрiспен байланысты. Ал әлеуметтiк-тұлғалық техно-логияның объектiсi адам болып табылады. Технологиялардың жіктелуін нақтылауда қазiргi уақытта макро-технология мен микротехнологияларды бөлiп қарастырады. Макротех-нологияға көптеген авторлар педагогикалық үдеріс стратегиясы мен даумын анықтайтын, ұжымдық шығармашылық iс-әрекет, ынтымақ-тастық, дамыта оқыту, тұтас педагогикалық үдерісті жүзеге асыру технологияларын жатқызады. Микротехнологияға педагогикалық әрекеттестiк тактикасы, нақты тәсiлдерi ретiнде қарастырылатын ойын технологиясын, пресс-конференция, диспут т.б. жатқызады. Сонымен қатар кейбiр ғылымдар (Д.Г. Левитес және т.б.) педагогикалық технологияны пәндiк-бағдарлық жәнетұлғалық-бағдарлық деп жiктеудi ұсынады. Г.К.Селевко педагогикалық технологиялардың өзiндiк жiктеуiн ұсынады: 1) Педагогикалық қарым-қатынасты iзгiлендiру мен демок-ратияландыруға негiзделген технологиялар (ынтымақтастық техно-логиясы, Ш.А.Амоношвилидiң iзгiлiктi-тұлғалық технологиясы, Е.Н. Ильинның әдебиеттi адам қалыптастыру пәнi ретiнде оқыту жүйесi, т.б.); 2) Оқушылардың iс-әрекетiн белсендiру мен күшейтуге негiзделген технологиялар (ойын технологиясы, проблемалық оқыту технологиясы, В.Ф.Шаталовтың тiрек белгiлерi негiзiнде оқыту техно-логиясы, Е.И.Пассовтың коммуникативтi қарым-қатынас негiзiнде оқыту технологиясы, т.б.); 3) Оқыту үдерістің тиiмдi ұйымдастыру мен басқару негiзiндегi технологиялары (бағдарламалық оқыту, саралап оқыту технологиясы (В.В. Фирсов, Н.П. Гузик), оқытуды жекелендiру технологиясы (А.С. Границкая, Инге Унт, В.Д. Шадриков), тiрек нұсқаларын пайдалана отырып, түсiндiрiп басқарудағы алдын-ала оқыту (С.Н. Лысенкова), оқытудың топтық және ұжымдық тәсiлi (И.Д.Ривин, В.К.Дъяченко), компьютерлік (ақпараттық) технологиялар және т.б. 4) Оқу материалын әдiстемелiк жетiлдiру және дидак-тикалық қайта құру негiзiндегi технологиялар (П.М. Эрдниевтiң дидактикалық бiрлiктердi iрiлендiру, В.С. Библер мен С.Ю. Кургановтың «Мәдениеттер диалогы» Л.В.Тарасовтың «Экология және диалектика» жүйесi және т.б.); 5) Баланың табиғи дамуына сүйенетiн, халық педагоги-касының әдiстерiн пайдаланатын табиғи үйлесiмдiлiк: Л.Н. Толстой бойынша оқыту; А.Кушнир бойынша сауаттылыққа тәрбиелеу, М.Монтессоридiң өздiгiнен дамыту технологиясы және т.б.; 6) Альтернативті технологиялар: Р.Штейнердiң Вальдорф педагогикасы, С.Френенiң еркiн еңбек технологиясы және т.б.; 7) Кешендi технологиялар: А.М. Тубельскийдiң өзiн-өзi анықтау мектебi, И.Ф. Гончаровтың «Орыс мектебi», Е.А. Ямбургтың «Бәрi үшiн арналған мектебi», М.Балабанның «Парк мектебi» т.б.
14.5. Педагогикалық технологиялардың түрлерi және сипат-тамалары. 1)Тұлғалық-бағдарлық білім беру технологиялары гуманизм идеясына негізделген және тұлғаны басты құндылық ретінде бағалай-тын технологиялар. Педагогикалық теорияда барлық технологиялар оқушы тұлғасын дамытуға бағытталған, дегенмен тұлғалық-бағдарлық технологиялардың негізгі ерекшелігі мұғалім мен оқушы тұлғаларының ізгілік қатынасқа негізделуінде, оқушының оқу ортасын ізгілендіруде. Педагогикадағы бұл бағыттың өкілдері Ш.А.Амонашвили, В.В.Сериков, Ю.И.Турчанинов, И.С.Якиманская, А.А.Бейсенбаева т.б. Осы бағыт бойынша оқыту үдерісі мен оқушының өздігінен оқу үдерісі ажыратылып қарастырылады, яғни, оқушының оқу арқылы тұл-ғалық қасиеттерін дамытуға баса назар аударылып, оның жеке дара-лығына, темпераментіне, мінезіне, өзіндік қарым-қатынас жасау стиліне, қайталанбастығына, оқыту үдерісін оқушыға барынша қолайлы етіп бейімдеуге басымдық беріледі. Тұлғалық-бағдарлық оқыту технологиялары мынандай тұжы-рымдамаларға негізделеді: 1) білім алу арқылы адам өзін-өзі қалыптастыру, өзінің қай-таланбас жан екенін сезіну, өзінің болашағына өзі жауапты екенін түсіндіру; 2) мұғалім тарапынан оқушыға қамқорлық, құрмет пен сый-ластық танытылып, олардың өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі таныту, өзін-өзі тәрбиелеу тетіктерін қалыптастыру; 3) гуманизм идеялары негізінде оқушылардың қоғам, мәде-ниет, әлеуметтік ортаның белсенді мүшесі ретінде құндылықтық бағдарларын қалыптастыру; 4) оқушының интеллектуалдық әлеуетін ашуға, шығармашы-лық қабілеттерін дамытуға, қажеттіліктер жүйесін дұрыс анықтай білуге үйрету; 5) тұлғалық-бағдарлық технологияларды қолдануда түсіндіру-ден түсінуге, монологтан диалогқа, сырттай бақылаудан өзіндік бақылауға, сырттай бағалаудан өзін-өзі бағалауға, сырттай басқарудан өзін-өзі басқаруға ауысудың талап етілуі; 6) оқушылардың өз бетінше шешім қабылдауға, өздігінен оқу траекториясын анықтауға мүмкіндіктер және еркіндіктің берілуін қада-ғалау; 7) субъект-субъектілі қарым-қатынас негізінде әр оқушының табысты іс-әрекет етуіне, оқу жетістіктерімен қатар адами құнды қасиеттерді қалыптастыру. Тұлғалық-бағдарлық білім беру технологиялары макротехноло-гиялар санатында болып есептеледі, сондықтан басқа да көптеген технологиялардың табысты қызмет етуіне негіз бола алады. Осы тех-нологиялар топтамасына Ш.А.Амонашвилидің ізгілік-тұлғалық техно-логиясы, дамыта оқыту технологиясы, ынтымақтастық технологиясы, т.б. жатады. 2) Ұжымдық-танымдық іс-әрекет технологиялары.Оқы-тудың ұжымдық түрлері ертеден қалыптасқанымен, оның ерекше-ліктерінің арнайы зерттелуі А.Г.Ривин, В.К.Дьяченко еңбектерінде қарастырылады. Бұл технологияның түйінді идеялары оқыту үдерісінде кездесетін төмендегідей қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталған: - мұғалімнің белсенді оқыту әрекеті мен оқушылардың сыл-бырт бақылаушылық әрекеттері арасындағы қарама-қайшылық; - оқытудың ұжымдық түрін пайдалана отырып оқушылардың өзара қарым-қатынастарына қатаң шектеу қою арасындағы қарама-қайшылық. Аталған қарама-қайшылықтарды шешу мақсатында ұжымдық-танымдық іс-әрекет технологиясы топтық, шағын топтық, жеке, жұп-тық оқыту түрлерін, жұптар мен шағын топтар құрамының ауыспалы болуын, оқушылардың өзара бірін-бірі оқытуларын, өзара бірін-бірі бақылау мен бағалауларын, өзара көмек көрсету қағидаларын басшы-лыққа алады. Оқушының оқу-танымдық үдерісіне қолайлы ортаны колабора-тивті орта деп атайды. Коллаборация, немесе ынтымақтастық – кез келген салада бір немесе бір топ адамдардың ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін өзара білім мен тәжірибе алмасу, өзара оқыту мен ке-лісімге келу бойынша бірлескен іс-әрекет үрдісі. Осыған байла
|
|||
|