Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





тақырып. МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТІНДЕГІ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ 3 страница



Технологиялардың жіктелуін нақтылауда қазiргi уақытта макро-технология мен микротехнологияларды бөлiп қарастырады. Макротех-нологияға көптеген авторлар педагогикалық үдеріс стратегиясы мен даумын анықтайтын, ұжымдық шығармашылық iс-әрекет, ынтымақ-тастық, дамыта оқыту, тұтас педагогикалық үдерісті жүзеге асыру технологияларын жатқызады. Микротехнологияға педагогикалық әрекеттестiк тактикасы, нақты тәсiлдерi ретiнде қарастырылатын ойын технологиясын, пресс-конференция, диспут т.б. жатқызады. Сонымен қатар кейбiр ғылымдар (Д.Г. Левитес және т.б.) педагогикалық технологияны пәндiк-бағдарлық жәнетұлғалық-бағдарлық деп жiктеудi ұсынады.

Г.К.Селевко педагогикалық технологиялардың өзiндiк жiктеуiн ұсынады:

1) Педагогикалық қарым-қатынасты iзгiлендiру мен демок-ратияландыруға негiзделген технологиялар (ынтымақтастық техно-логиясы, Ш.А.Амоношвилидiң iзгiлiктi-тұлғалық технологиясы, Е.Н. Ильинның әдебиеттi адам қалыптастыру пәнi ретiнде оқыту жүйесi, т.б.);

2) Оқушылардың iс-әрекетiн белсендiру мен күшейтуге негiзделген технологиялар (ойын технологиясы, проблемалық оқыту технологиясы, В.Ф.Шаталовтың тiрек белгiлерi негiзiнде оқыту техно-логиясы, Е.И.Пассовтың коммуникативтi қарым-қатынас негiзiнде оқыту технологиясы, т.б.);

3) Оқыту үдерістің тиiмдi ұйымдастыру мен басқару негiзiндегi технологиялары (бағдарламалық оқыту, саралап оқыту технологиясы (В.В. Фирсов, Н.П. Гузик), оқытуды жекелендiру технологиясы (А.С. Границкая, Инге Унт, В.Д. Шадриков), тiрек нұсқаларын пайдалана отырып, түсiндiрiп басқарудағы алдын-ала оқыту (С.Н. Лысенкова), оқытудың топтық және ұжымдық тәсiлi (И.Д.Ривин, В.К.Дъяченко), компьютерлік (ақпараттық) технологиялар және т.б.

4) Оқу материалын әдiстемелiк жетiлдiру және дидак-тикалық қайта құру негiзiндегi технологиялар (П.М. Эрдниевтiң дидактикалық бiрлiктердi iрiлендiру, В.С. Библер мен С.Ю. Кургановтың «Мәдениеттер диалогы» Л.В.Тарасовтың «Экология және диалектика» жүйесi және т.б.);

5) Баланың табиғи дамуына сүйенетiн, халық педагоги-касының әдiстерiн пайдаланатын табиғи үйлесiмдiлiк: Л.Н. Толстой бойынша оқыту; А.Кушнир бойынша сауаттылыққа тәрбиелеу, М.Монтессоридiң өздiгiнен дамыту технологиясы және т.б.;

6) Альтернативті технологиялар: Р.Штейнердiң Вальдорф педагогикасы, С.Френенiң еркiн еңбек технологиясы және т.б.;

7) Кешендi технологиялар: А.М. Тубельскийдiң өзiн-өзi анықтау мектебi, И.Ф. Гончаровтың «Орыс мектебi», Е.А. Ямбургтың «Бәрi үшiн арналған мектебi», М.Балабанның «Парк мектебi» т.б.

 

14.5. Педагогикалық технологиялардың түрлерi және сипат-тамалары.

1)Тұлғалық-бағдарлық білім беру технологиялары гуманизм идеясына негізделген және тұлғаны басты құндылық ретінде бағалай-тын технологиялар. Педагогикалық теорияда барлық технологиялар оқушы тұлғасын дамытуға бағытталған, дегенмен тұлғалық-бағдарлық технологиялардың негізгі ерекшелігі мұғалім мен оқушы тұлғаларының ізгілік қатынасқа негізделуінде, оқушының оқу ортасын ізгілендіруде.

Педагогикадағы бұл бағыттың өкілдері Ш.А.Амонашвили, В.В.Сериков, Ю.И.Турчанинов, И.С.Якиманская, А.А.Бейсенбаева т.б.

Осы бағыт бойынша оқыту үдерісі мен оқушының өздігінен оқу үдерісі ажыратылып қарастырылады, яғни, оқушының оқу арқылы тұл-ғалық қасиеттерін дамытуға баса назар аударылып, оның жеке дара-лығына, темпераментіне, мінезіне, өзіндік қарым-қатынас жасау стиліне, қайталанбастығына, оқыту үдерісін оқушыға барынша қолайлы етіп бейімдеуге басымдық беріледі.

Тұлғалық-бағдарлық оқыту технологиялары мынандай тұжы-рымдамаларға негізделеді:

1) білім алу арқылы адам өзін-өзі қалыптастыру, өзінің қай-таланбас жан екенін сезіну, өзінің болашағына өзі жауапты екенін түсіндіру;

2)  мұғалім тарапынан оқушыға қамқорлық, құрмет пен сый-ластық танытылып, олардың өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі таныту, өзін-өзі тәрбиелеу тетіктерін қалыптастыру;

3) гуманизм идеялары негізінде оқушылардың қоғам, мәде-ниет, әлеуметтік ортаның белсенді мүшесі ретінде құндылықтық бағдарларын қалыптастыру;

4) оқушының интеллектуалдық әлеуетін ашуға, шығармашы-лық қабілеттерін дамытуға, қажеттіліктер жүйесін дұрыс анықтай білуге үйрету;

5) тұлғалық-бағдарлық технологияларды қолдануда түсіндіру-ден түсінуге, монологтан диалогқа, сырттай бақылаудан өзіндік бақылауға, сырттай бағалаудан өзін-өзі бағалауға, сырттай басқарудан өзін-өзі басқаруға ауысудың талап етілуі;

6)  оқушылардың өз бетінше шешім қабылдауға, өздігінен оқу траекториясын анықтауға мүмкіндіктер және еркіндіктің берілуін қада-ғалау;

7) субъект-субъектілі қарым-қатынас негізінде әр оқушының табысты іс-әрекет етуіне, оқу жетістіктерімен қатар адами құнды қасиеттерді қалыптастыру.

Тұлғалық-бағдарлық білім беру технологиялары макротехноло-гиялар санатында болып есептеледі, сондықтан басқа да көптеген технологиялардың табысты қызмет етуіне негіз бола алады. Осы тех-нологиялар топтамасына Ш.А.Амонашвилидің ізгілік-тұлғалық техно-логиясы, дамыта оқыту технологиясы, ынтымақтастық технологиясы, т.б. жатады.

2) Ұжымдық-танымдық іс-әрекет технологиялары.Оқы-тудың ұжымдық түрлері ертеден қалыптасқанымен, оның ерекше-ліктерінің арнайы зерттелуі А.Г.Ривин, В.К.Дьяченко еңбектерінде қарастырылады. Бұл технологияның түйінді идеялары оқыту үдерісінде кездесетін төмендегідей қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталған:

- мұғалімнің белсенді оқыту әрекеті мен оқушылардың сыл-бырт бақылаушылық әрекеттері арасындағы қарама-қайшылық;

- оқытудың ұжымдық түрін пайдалана отырып оқушылардың өзара қарым-қатынастарына қатаң шектеу қою арасындағы қарама-қайшылық.

Аталған қарама-қайшылықтарды шешу мақсатында ұжымдық-танымдық іс-әрекет технологиясы топтық, шағын топтық, жеке, жұп-тық оқыту түрлерін, жұптар мен шағын топтар құрамының ауыспалы болуын, оқушылардың өзара бірін-бірі оқытуларын, өзара бірін-бірі бақылау мен бағалауларын, өзара көмек көрсету қағидаларын басшы-лыққа алады.

Оқушының оқу-танымдық үдерісіне қолайлы ортаны колабора-тивті орта деп атайды. Коллаборация, немесе ынтымақтастық – кез келген салада бір немесе бір топ адамдардың ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін өзара білім мен тәжірибе алмасу, өзара оқыту мен ке-лісімге келу бойынша бірлескен іс-әрекет үрдісі. Осыған байланысты әлемдік білім беру кеңістігінде коллаборативті оқыту (collaborative learning) ұғымы кеңінен қолданылады. Коллаборативті оқыту – оқушылардың өзара бірлесіп, немесе мұғалімдермен бірге жаңа білімді іздестіру, талдау және түсіну бойынша ынтымақтастық әрекеттестікке негізделген оқыту. Бұл теория оқытудың әлеуметтік сипатына көбі-рек мән беріп, оның нәтижелілігін оқушылардың өзара бірлескен қа-рым-қатынастарының нәтижесі арқылы бағалайды. 

Оқушылармен топтық жұмыс ұйымдастырудың өзі үлкен пе-дагогикалық шеберлікті және шығармашылықты қажет етеді. Әуелі оқушылармен бірігіп топтық жұмыс ережелерін құрастырып алған абзал. Бір сабақты минут-минутына дейін ойластырып, балалардың топтық жұмыстарын жоспарлап, коллаборативті ортаны қалыптастыру - мұғалімнің кәсіби құзіреттілігінің көрсеткіші. Осындай сабақ жоспарын құрудың өзі қызықты шығармашылық үдеріске айналады.

Топтық жұмыс ережелерін құрастыру және оны оқушылар үшін тартымды қылып көрсету маңызды. Құрастырылған ережелер барлы-ғына бірдей көрінетіндей, оқылатындай және суреттермен бейнеленіп тұрғаны дұрыс. Балалар өз пікірлерінің бағалы екенін сезініп, өз күштеріне деген сенімдері арта түседі. Топтық жұмыс ережелерін балалардың өздеріне құрастырту мұғалім үшін өте ұтымды қадам, себебі олар өздері ұсынған ережеге қарсы шыға алмайды.

Қазіргі кезде топтық жұмыстарды жүргізуде топтық бағалау формалары да көп қолданылады. Сондықтан ережелердің өзін сабақ үстіндегі объективті өзара бағалауға, жауап беру тәртібіне, уақытты ұтымды пайдалануға, сөйлеу әдебіне, тыңдау мәдениетіне қатысты бекітіп алуға болады. Бағалауға қатысты оқушылармен бірлесе отырып бағалау критерийлерін анықтап алу бағалау тиімділігін арттырады.

Дәл осылай сыныптағы оқушылардың топтарға бөлінуін, топта әрқайсысына жеке рөлдердің бөлініп берілуін алдын-ала ойластырып алған жөн. Топтық жұмыста әр оқушыға рөлдерді таратып беру әдіс-темесі жақсы нәтижелер көрсетуде. Мысалы, сыныпта 30 оқушы бол-са, оларды 6 адамнан 5 топқа бөлу қажет дейік. Топтарға бөлудің өзі сан-алуан түрлері белгілі. Ең қарапайым әдісі ретінде балаларға 1-ден 5-ке дейін санату. 1-ші нөмірдегілер - бірінші топқа,... 5-ші нөмірдегілер - бесінші топқа топтасады. Енді әр топ орналасқан партаға (спикер, репортер, комментатор оптимист, скептик, координатор, т.б.) рөлдері жазылған карточкалар қойылады. Әр топ мүшелері рөлдерді кездейсоқ суырып алып отырып, сол рөл бойынша қызмет атқарады. Бұл рөлдердің әр балаға ауысып келіп отыруы оларды әр қырынан танытуға бағытталып әзірленген. Мұғалім өз шығармашылығына, оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін дамыту қажеттілігне байланысты басқа да рөлдерді ұсына алады.

Осылайша рөлдерді үлестіру арқылы әр оқушының оқу белсенділігін арттыру, үнемі жауапқа дайын болып отыру, оларды әр тақырып мазмұнын талқылау ағымында ұстап отыруға болды. Топтық жұмыстың маңызды ерекшелігі – топтағы әр адамның жеке қасиеттерін, көшбасшылық қабілеттерін аша білу мүмкіндігі. Осы рөлдерге байланысты тапсырмаларды да түрлендіріп отыруға болады. Мысалы тақырыпты топтық талқылағаннан кейін әр топтан «опти-мисттері» мен «скептиктерін» шығарып «Оптимисттер» және «Скептиктер» тіресін өткізуге болады. Ол үшін тақта алдында әр топтың оптимисттері бір қатарға, скептиктері қарама-қарсы екінші қатарға бөлініп тұрады. Әр топ өз пікірлерінің қарсыластарының пікірінен маңыздырақ екенін мысалдармен дәлелдеп шығуға тырысады. Оптимисттер тақырыптың практикалық құндылығы, ұтымды, жағымды, пайдалы жақтарын ашып көрсетсе, скептиктер керісінше, олардың айтқанына күмән тудырып, кедергілерді көрсетіп, жауаптарын жоққа шығаруға тырысады. Егер жауап беру қиындап бара жатса, әр топтан спикерлер шығып сөйлеулеріне болады.

Ұжымдық-танымдық іс-әрекет технологиясының мақсаты – оқушылар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жақсарту. Ал қарым-қатынастар тек жақсылық жасау арқылы жақсарады, сондықтан топ ішінде өзара көмек, өзара сыйластық, өзара қолдау, өзара түсіністік сияқты ізгі әрекеттердің көп орындалуы ынтымақтастық ортаны қалыптастырудың кепілі. Бұл қатынастарды дұрыс басқара алу үшін мұғалім оқушылар ұжымының құрылымын, даму сатылары мен ерекшеліктерін терең зерттеп, олардың темперамент типтерін (меланхолик, сангвинник, холерик, флегматик) жетік білгені абзал.

3) Проблемалық оқыту технологиясы.Проблемалық оқыту идеясыоқушылардың ақыл-ойын дамытуда оқуды қызықты танымдық үдеріске айналдыруға байланысты пайда болған. Бұл идеялар Я.А.Коменскийдің, И.Г.Песталоццидің, Ф.А.Дистервегтің, К.Д.Ушинскийдің және т.б. педагогтардың еңбектеріндегі зерттеу өзегіне айналған. Сонымен қатар ХХ ғасырда шетелдік педагогикада проблемалық оқыту идеясы американдық психолог Дж.Дьюидің еңбек-терінде оқушыларды белсенді оқу іс-әрекетіне қатыстыру, оқу пробле-маларының шешімдерін өздігінен іздеткізу тұрғысынан зерттеліп дами түсті.

ТМД елдерінде проблемалық оқыту технологиясының зерттелуі М.А.Данилов, В.П.Есипов, И.Я.Лернер, А.В.Брушлинский, М.И.Махмутов, А.М.Матюшкин т.б. ғалымдар еңбектерінде зерттел-ген. Бұл зерттеулердің нәтижесінде оқушыларға білімді дайын күйінде бере салмай, керісінше, сол білімге өздерінің ізденістері арқылы, алдарына қойылған проблемалық ситуацияларды шешу арқылы жет-кізудің маңыздылығы негізделді. Дәстүрлі оқытуда балалардың ізденіс жұмыстарының айқын көрінбейтіні алаңдатушылық туғызады. «Білім – инемен құдық қазғандай» балаларды ізденіске, шығармашылыққа, тапқырлыққа ой еңбегіне деген қызығушылықтарын оятып, ынталан-дыра алатын болуы керек.

Проблемалық оқытудың негізгі элементі - проблемалық ситуа-ция. Проблемалық оқу ситуациясын шешу арқылы балалар өз қателік-терінің себептерін түсінетін болады, табылған тәсілдердің тиімділігін бағалайды, өз шешімдерін басқа балалар шешімдерімен салыстыра отырып, ең дұрыс шешімдерді таңдауға үйренеді.

Осындай ізденіс үстінде оқушылар өз пікірлерін негіздеу үшін фактілер мен аргументтерді келтіріп, өз пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеуге үйренеді. Сонда ғана қол жеткізген білімдері нақты сенім-деріне айналып, білім берік естерінде сақталады. Осылайша білім берудегі үстірттілік пен формализмнен біртіндеп арылуға болатыны анық.

Проблемалық оқыту технологиясының сипаттары:

1)  оқушылардың дүниетанымдарын кеңейту.

2) оқушылардың білімдерінің олардың сенімдеріне айналдыру.

3) оқытуүдерісініңоқушылардың өмірлік тәжірибесімен, шынайы өмірмен байланысын нығайту.

4) оқушыларды өздігінен жұмыс істеуге дағдыландыру.

5) оқу-танымдық ізденісіте жоғары эмоционалды белсенділікті қалыптастыру.

Проблемалық оқыту технологиясының жалпы міндеттері мен қызметтері:

1) оқушылардың білімдер жүйесін және іс-әрекет тәсілдерін меңгерту.

2) оқушылардың интеллекттерін дамытуға ықпал жасау.

3) логикалық ойлауды дамытуға ықпал жасау.

4) білімді шығармашылықпен меңгеру және қолдану дағды-ларын қалыптастыру.

5) шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін жинақтау.

6) оқуға деген ынтаны жоғарылату.

Проблемалық оқыту технологиясының негізгі кезеңдері:

1) проблемалық ситуацияны туғызу.

2) қарама-қайшылықтарды сезіндіру.

3) өзіндік түрлі болжамдарды келтірту.

4) проблемалық ситуацияның шешімін тапқызу.

5) табылған шешімді іске асыру, тәжірибеде қолдануға бағыт-тау.

Проблемалық оқыту технологиясын пайдаланудағы оқушы-лардың белсенділік деңгейлері:

1) оқушылар белсенділігінің төменгі деңгейі.

2) оқушылардың жартылай өзіндік белсенділік деңгейі.

3) оқушылардың өзіндік белсенділік деңгейі.

4) оқушылардың шығармашылық белсенділік деңгейі.

Проблемалық оқыту технологиясын ұтымды пайдалану үшін әуелі мұғалім өзі беретін пәні бойынша қызықты проблемалық ситуа-циялар, қарама-қайшылықтар, жұмбақ-мысалдар, ойландыратын бол-жамдар, эвристикалық әңгімелер, ізденісті қажет ететін шығармашы-лық тапсырмалар, интелектуалдық ойындар, шағын ғылыми жобалар, эксперименттік тапсырмалар, пікірталастар мен пікірсайыстар сияқты оқуға ынталандыратын, оқушылардың қызығушылықтарын арттыра-тын тәсілдер жүйесін құра білуі маңызды.

4) Оқытудың жобалау технологиясы. Бұл технологияның негізін американдық педагог Дж.Дьюи қалаған деп есептеледі. Жоба-лау технологиясы проблемалық оқыту технологиясының идеяларымен үндеседі, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар. Оның басты айырмашылығы балаларға тапсырмалар берудің өзгешелігінде. Оқушыларға берілетін тапсырмалар олардың теориялық білімдерді нақты өмірлік тәжірибеде қолдана алуларына бағыттайды. Оқушылар өзіндік ізденіс үдерісінде алдарына қойылған мәселенің немесе тапсырманың шешімін тауып, оның дұрыстығын дәлелдеп қорғап шығулары талап етіледі.

Мұғалім бұл технология бойынша тек бағдар беруші рөлін ұстанады: оқушыларға әдебиет көздерін оқуды, өз беттерінше жұмыс істеу тәсілдерімен таныстырып отырады. Ең ұтымды жағы - оқушылардың танымдық әрекетке қызығушылығының артуы. Оқушылар алған академиялық білімдерінің нақты өмірлік тәжірибедегі құндылығын, болашақта қажеттілігін осы жобалық тапсырмаларды орындау арқылы жақсы түсінетін болады.

Жобалау технологиясы бойынша оқушылардың өздік жұмыстарын орындау түрлері төмендегідей жіктелуі мүмкін: жеке іс-әрекет; жұптық іс-әрекет; топтық іс-әрекет. Жобаны орындау үшін нақты бір уақыт мерзімі бекітіледі. Осы уақыт ішінде жобаны орындаушылар өздерінің меңгерген теориялық білімдерімен қатар, жеке тәжірибесі негізінде түрлі салалардағы жинақтаған білімдерін жүйелейді. Орындалған жобаның нәтижесі нақты және практикада қолданылатын болуы керек.

Жобалау технологиясы мына талаптарға сай жүргізілуі тиіс:

- берілген тапсырманың шығармашылық тұрғыдан қызықты болуы, жан-жақты ізденіс әрекетін талап етуі;

- күтілетін нәтижелердің практикалық, теориялық, танымдық құндылығының жоғары болуы;

- жоба (жеке, жұптық, топтық) міндетті түрде өзіндік орындалатын іс-әрекет болуы керек;

- жобаның мазмұнының нәтижелерге жету кезеңдері бойынша құрылымдануы;

- зерттеу әдістерінің қолданылуы: зерттеу проблемасын, мін-деттерін, болжамын анықтау, жинақталған мәліметтерді талдау, ста-тистикалық әдістерді қолдану;

- жоба тапсырмасын орындауда пәнаралық байланыс негізінде білім интеграциясының болуы ;

- орындалған жоба нәтижесінің қорытынды формасының мате-риалдық сипатта өткізілуі: бейнефильм, альбом, презентация,сайт, мақала, т.с.с.;

- жобаның көпшілік алдында талқылануы, қорғалуы, құнды-лығының дәлелденуі.

Жобалау технологиясының оқушы үшін тиімділігі:

- жоба мәселесін шешу барысында оқушы түрлі әдебиет көз-дерін өзі іздестіріп, өз білімін оқулықтан тыс материалдармен толық-тырады;

- теориялық білімнің практикалық қолданысын іздестіруге машықтанады;

- жұптық немесе топтық ізденіс жұмыс барысында комму-никативтік іскерліктерін дамытады;

- мектеп жасынан ғылыми-ізденушілік іс-әрекет дағдыларын қалыптастырады;

- сыни ойлау, жүйелі ойлау, логикалық ойлауын дамытады;

- белгіленген мерзімге дейін жобаны орындау кезеңдеріне қажетті уақытты өздері белгілеп, тайм-менеджмент негіздерімен танысады.

5)  Оқытудың ақпараттық және коммуникативтік техно-логиялары.Қазіргі ақпараттық қоғамда оқыту үдерісін ақпараттық-коммуниткативтік технологияларынсыз көз алдына елестету мүмкін емес. Интернет желісі пайда болғаннан бастап ақпараттық-коммуника-тивтік технологиялар тек оқыту құралы емес, сонымен қатар әлемдік масштабтағы қарым-қатынас алаңына айналып, олардың тұлға сана-сына, оның дүниетанымына және жалпы тәрбиесіне әсері ерекше сезі-ле бастады. Кез келген ақпараттың қолжетімділігі әр тұлғаның әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануына зор ықпал тигізуде.

Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар - түрлі ақ-парат көздерімен (электрондық, баспалық, қарым-қатынастық) жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдаланатын педагогикалық технологиялар. Ақпараттық техноло-гиялардың жедел модернизациялануына байланысты мұғалімдердің ақпараттық құзыреттіліктеріне деген талаптар жылдан-жылға кү-шею үстінде.

Мұғалімнің ақпараттық құзыреттілігіне төмендегідей іскер-ліктер мен дағдыларды меңгеруі жатады:

1) электрондық базамен жақсы жұмыс істей алуы, ком-пьютерлік сауаттылығының болуы (MS Offise Word, MS Offise Excel, MS Offise Power Point, MS Offise Publisher, т.б. бағдарламалармен жұмыс істей алуы);

2) оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында сабаққа қажетті материалдарды иллюстрациялық, анимациялық ерекшеліктерімен презентация құрастыра білуі;

3) мультимедиялық жобалардың, интерактивті тақтаның барлық мүмкіндіктерін пайдалана білуі, оқу бағдарламаларын көрсетуде қажетті деңгейде проекциялау техникасының тілін білуі;

4) оқытатын пәні бойынша электрондық-сандық ресурстар, электрондық оқулықтар, атластар, құралдар, электрондық жұмыс дәптерлері, электрондық күнделік, компьютерлік тесттермен жұмыс істей алуы;

5) жеке электрондық дидактикалық материалдарының қорын дайындау, оқушылардың электрондық портфолио банкін дайындай алуы;

6) сайттар, буклеттер жасайтын бағдарламаларды, редактор-лармен жұмыс жасай алу, электрондық кітапханалар мен веб-сайт-тарға сілтемелерді пайдалана отырып, сабақ тақырыбына қажетті қосымша материалдарды пайдалана алуы;

7) интернет желісінде блог, форумдар жүргізу, оқушылар-мен, ата-аналармен, әріптестерімен кәсіби желілік қоғамдастықтарда on-line жұмыс жасай алуы, желілік журнал, күнделіктер жүргізуі;

8) интернет кеңістігінде оқушыларды дистанциялық олим-пиада, сайыстарға, викториналарға қатыстыруы;

9) арнайы Coursera, EdX, Udacity, FutureLearn және т.б.  интернет платформаларында оn-line түрінде біліктілікті жетілдіру курстарына қатысуы.

Ақпараттық технологияның қарқынды дамуына байланысты мұғалімнің ақпараттық құзыреттілігіне қойылған талаптар жылдан-жылға жаңарып, өзгеріп отырады.

6) оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту техно-логиясы.Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясыныңавтор-лары американдық педагогтар Дж. Стил, К.Мередит, Ч.Темпл, К.Уолтер, т.б. Бұл технология мынандай қағидаға негізделеді: оқушыны күштеп үйретуге болмайды, ол тек өз ынтасы негізінде ғана үйрене алады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.