Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





зен жүйесінің ерекшелігі



Дәріс 10.

Өзендер.

 

Өзен — өзінің табиғи арнасымен ағып жататын ағынды су. Өзеннің негізгі бөліктері – бастауы (басталар жері) және атырауы (көлге, теңізге құяр жері). Ірі өзендердің жоғарғы, орта және төмен ағысы болады. Тікелей көлдерге, теңіздерге құятын немесе құмдар мен батпақтарға сіңетін өзендер – негізгі және оларға келіп қосылатын өзендер алғашқының салалары деп аталады. Негізгі өзен өзінің салаларымен бірігіп өзен жүйесін құрайды. Өзен жүйесі мен су жиналатын алаптан өзен алабы құралады. Екі өзен алабы суайырық арқылы ажыратылады. Өзен негізінен жер бедерінің созыңқы ойыс жерлері – өзен аңғары бойымен (неғұрлым төменірек бөлігі – арна, тасқын сулар ғана жететін жері – жайылма) ағады. Өзен қар суы, жаңбыр, мұздық және жер асты суларының есебінен толығып отырады. Жергілікті жер бедеріне байланысты тау өзені және жазық-дала өзені болып бөлінеді. Өзен торының жиілігі және ағысының бағыты табиғат жағдайларына байланысты. Экваторлық белдеуде және қоңыржай белдеудің таулы аудандарында суы мол өзен торы жиі орналасқан. Шөлді аймақтарда қар суы мен қатты нөсер әсерінен уақытша өзендер пайда болады. Дүние жүзіндегі ірі өзендер: Амазона, Ніл, Миссисипи, Янцзы, т.б. Қазақстан жерінде 85 мыңнан астам өзен мен жылға бар. Оның 8 мыңға жуығының ұзындығы 10 км-ден, 155-і 100 км-ден, 4-нің (Ертіс, Сырдария, Жайық, Есіл) ұзындығы 1000 км-ден асады. Барлық өзендердің су қоры 110 млрд. м3, олардың ағын мөлшері 3460 м³/с. СЭС салуға болатын 2174 өзеннің жылдық су-энергетикасының жалпы қоры – 170,6 млрд. кВт/сағ. Ірі СЭС-тер Ертіс (Бұқтырма, Өскемен), Іле (Қапшағай), Сырдария (Шардара) өзендері бойында салынған. Республикадағы ірі өзендерде жолаушы, жүк тасымалданады. Су жолының жалпы ұзындығы 6000 км.Өзен – арзан энергия көзі, бағалы балық қоймасы, жайылмасы – құнарлы топырақты шалғын.

 Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады. Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі. Солтүстік Мұзды мұхит алабы өзендерінің су ағыны тұрақты келеді. Бұл алқапқа жататын өзен Ертіс (Есіл және Тобыл салаларымен).Республика өзендерінің едәуір бөлігі ішкі тұйық алапқа жатады. Ішкі тұйық алап ірі көлдерге құятын өзендер жүйесімен келесі сатыдағы кіші алапқа бөлінеді. Бұл көлдердің ірілері — Каспий, Арал теңіздері және Балқаш көлі. Ішкі тұйық алапқа ұсақ көлдерге құятын, құмға барып сіңіп кететін, сондай-ақ уақытша ағатын өзендер де жатады.Каспий теңізі алабы Батыс Қазақстан өзендерін қамтиды. Оларға Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Сары өзен, Қара өзен және т.б. жатады.Арал теңізі алабына Оңтүстік және Орталық Қазақстанның оңтүстік бөлігінің өзендері жатады. Өзендер шөл зонасында орналасқан және өзен желісі сирек. Басты өзендері Сырдария, Арыс саласы мен Шу, Сарысу, Торғай, Ырғыз, Талас өзендері. Бұлардың ішінде Сырдариядан басқасы Арал теңізіне жетпей құмға сіңіп кетеді. Балқаш-Алакөл көлдер жүйесіне Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы өзендер кіреді. Олар: Қаратал, Лeпci, Ақсу, Іле, Тентек, Сарқан, Басқан және т.б.

Өзен жүйесінің ерекшелігі

Қазақстан өзендерінің бірінші ерекшелігі жасы әр түрлі. Жазық бөлігінің өзен жүйелері ескі, өзінің даму сатысының соңғы кезеңінен өтуде. Сондықтан жазықтардағы өзендердің аңғарлары жақсы түзілген әрі кең болып кетеді. Бұл өзендерде тереңдік шаю әрекеті (эрозиясы) баяу, ал бүйірлік шаю күшті болады. Таулы аймақтардың өзендері геологиялық тарихы жағынан жас, өз дамуының бастапқы кезеңінен өтуде. Бұлардың бойлық қимасы тік, құламалы келеді, яғни қалыптасып бітпеген. Өзендердің тереңдік шаю әрекеті жылдам да, бүйірлік шаюы баяу.Қазақстан өзендерінің екінші ерекшелігі оның әркелкі таралуы. Жазықтарда өзен жүйесінің (торының) жиілігі солтүстіктен оңтүстікке қарай кеми береді. Жауын-шашын көбірек түсетін орманды дала және дала зоналары өзенге бай. Республиканың солтүстігінде өзен жүйесінің жиілігі әрбір 100 км2-ге орта есеппен 4-6 км-ден, ал оңтүстік шөл зонасында 0,5 км-ден келеді. Қазақстанның биік таулы аймақтарында өзен көп. Алтай, Жетісу Алатауы және ТяньШань тауларына жауын-шашын мол түседі. Өзен жүйесінің жиілігі тау бөктерлерінде әрбір 100 км2-де 4-6 км-ге, таудың орта бөлігінде 10-12 км-ге, биік тауларда 16-18 км-ге дейін жетеді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.