Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Мұхиттар мен теңіздер гидрологиясы. Әлемдік мұхит суы және оның бөліктері теңіз суының құрамы.



Дәріс-5

Мұхиттар мен теңіздер гидрологиясы. Әлемдік мұхит суы және оның бөліктері теңіз суының құрамы.

 

    Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км2, көлемі 1340,74 млн. км3, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік Мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр. Мұхиттық жарты шардағы судың мөлшері 91%-ды және құрлықтық жарты шардағы мөлшері 53%-ды құрайды. Гидрология режимінде Дүниежүзілік Мұхит жеке мұхиттарға, теңіздерге, шығанақтарға, қойнаулар мен бұғаздарға ажыратылады; сыртқы шекарасы құрлықтың жағалық сызықтарымен айқын кескінделіп, ішкі шекарасы теңіздермен және оның бөліктерімен бөлінеді. Кейбір зерттеушілер Дүниежүзілік Мұхитты Бес Мұхитқа бөледі. Оның шекарасы субтропиктік және субантарктикалық конвергенция сызығы бойымен немесе Ортамұхиттық жоталардың ендік бөлігі бойынша өтеді.Дүние жүзілік су қоры,1360 млн.км3.Мұхиттар 1322000000 км3, мұз жамылғысы мен мұздықтар 29200000км3, еспе су 8673000 км3, өзен мен көл суы 23250 км3, су булары 13000 км3.

    Мұхит түбі бедері және геологиялық құрылысы.

    Мұхит түбі ауданының басым бөлігі (73,8%-ы) 3 000 – 6 000 м тереңдікте орналасқан. Ол Мұхит қайраңы (шельфі), беткейі, етегі, Мұхит түбі, Мұхит шұңғымасына ажыратылады. Қайраң Мұхиттардың шетін бойлай құрлықтың су астындағы жалғасы ретінде 200 м тереңдікке дейін созылып жатады, ені ондаған метрден бірнеше жүздеген км-ге жетеді. Ол Мұхитқа қарай тік кемер жасап континенттік беткейді құрайды. Қайраң құрлық тұғырының төменгі шегі ретінде 2 000 – 2 400 м тереңдікке дейін таралады. Беткей етегінен абиссаль қазаншұңқырларға қарай ені 200 – 300 км болатын континентті етек жалғасады. Мұхиттардың орта тұсынан әдетте Ортамұхиттық жоталар өтеді. Олардың беткейлері абиссальды Мұхит қазаншұңқырларына ауысады. Ортамұхиттық жоталар ұзындығы 60 000 км болатын біртұтас жүйені құрайды. Жоталардың ені 1 000 км, абиссальды қазаншұңқырлардан 2,5 – 3 км жоғары тұрады. Олардың қырқасы су бетінен орта есеппен 2700 м тереңдікте өтеді. Жоталардың осьтік бөлігінде тереңдігі 1,5 км, ені 20 – 30 км болатын рифті аңғарлар байқалады. Абиссальды қазаншұңқырлардың ені 1000 км-ге жуық, тереңдігі 5 – 6 км болады. Пассивті шеткі белдем Жер қабығының континентті және мұхиттық шекарасын бойлай жатады; ол сейсмикалығы мен жанартаулық процестердің жоқтығымен сипатталады, континенттен әкелінген өте қалың (5 – 7 км) шөгінді қабаттардан тұрады. Активті шеттердің сейсмикалығы жоғары. Оған Мұхит табанын жанартаулық аралдық доғадан бөліп тұратын терең шұңғымалар (тереңд. 7 – 8 км) ұштасқан. Мұхит түбін негізгі екі геологиялық кешен құрайды: беті шөгінді қаптамамен жабылған базальтті және оған жақын магмалық жыныстардан тұратын іргетас жатыр. Мұхиттың геологиялық тарихын зерттеушілер Мұхитты бастапқы, өтпелі және қазіргі даму кезеңдеріне ажыратады. Геологияға дейінгі кезеңді (3,5 млрд. жыл бұрын) қамтыған гипотетик. бастапқы сатысында жер қойнауынан негізгі су массасының шығуы, қышқыл өнімдердің газсыздануы және мұхит түбі жыныстарымен іс-әрекетке түсіп бейтараптануымен байланысты. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 2 млрд. жылды құрайды (3,5 – 1,7 млрд. жыл бұрын). Бұл кезеңде өмір пайда болып дамыды; фотосинтез нәтижесінде оттек бөлініп, мөлшері ұлғайды. Мұхит суының құрамы тұрақталып, тұздылығы шамалы ғана өзгеріске ұшырады. Қазіргі кезең бұдан 1,7 млрд. жыл бұрын басталып, әлі жалғасуда.

    Мұхиттардың негізгі гидрологиялық сипаттамасына температура, тұздылық және ағыстың жылдамдығы жатады. Мұхит өте көп мөлшерде күн жылуы мен ылғалды жинақтаушы орасан зор аккумулятор. Мұхит бетінің 1 см қалыңдықтағы суына күн энергиясының 94% жұтылады. Осының нәтижесінде Жер бетіндегі температурасының шұғыл ауытқуы бәсеңдейді және шалғай жатқан аудандар ылғалданып, тіршіліктің дамуына қолайлы жағдай туады.

    Теңіз суы, мұхит суы - мұхит пен теңіздегі натрий, кальций және магний сульфаттары басым әр түрлі тұздардың ерітіңділерінен тұратын сулар. Теңіз суының 96,5%-ын су, 3,5%-ын тұздар құрайды. Теңіз суында еріген тұздардың 85%-ы натрий хлориді (ас тұзы), едәуір бөлігі магний хлориді, магний және кальций сульфаты, натрий бромиді болады. Еріген тұздардың концентрациясы немесе тұздылығы (әдетте, промиллемен %о өлшенеді) 50° о.е. беткі суларда 33,99%о-ге дейін, 5° с.е. 35,79%0-ге дейін болады. Теңіз суының тығыздығы температура мен тұздылығына байланысты өзгереді. Тұщы және тұзды суларға қарағанда Теңіз суы ең үлкен тығыздық температурасында (-1,9°С) қатады. Теңіз суынан натрий, магний хлоридтері, бром және т.б. алынады.

    Әлем Мұхиты бетінің жылдық орташа теңіз тұздылығы. Ақ парат Әлем Мұхиты Атласынан

 


                                                                   Дәріс № 6



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.