Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Клиникалық көріністері



Клиникалық көріністері

Жіті гепатит 4 кезеңде өтеді:

● әйгіленімсіз (инкубациялық) кезеңі;

● хабаршы (продромалық) немесе сарғыштану алды кезеңі;

● сарғыштанулық немесе айқындалу кезеңі;

● сауығу кезеңі.

Бірінші кезеңі А гепатитінде 3 аптадан 6 аптаға дейін, В гепатитінде – 9-26 аптадан астам созылады.

Хабаршы кезеңі (ұзақтығы 1-2 апта) жиі тұмауға ұқсап дене қызуы көтерілуімен, буындардың ауыруымен, жөтел және мұрын бітуімен, кейде жүрек айнуымен, құсумен, іш өтуімен және құрсақтың оң жағында ауыру сезімі болумен көрінеді. Шырышты қабықтардың қабынуы, артралгия немесе құздама тәрізді синдром, әртүрлі аллергиялық серпілістер, қан кетулер байқалуы мүмкін. Қанда аланинаминотрансфераза, аспартатаминотрансфераза, γ-глутамилтранс-пептидаза т.б. ферменттердің мөлшері көбейеді, ферментемия дамиды. Бұл кезеңнің соңында гипербилирубинемия (негізінен тура билирубиннің есебінен), уробилинурия байқалады.

Сарғыштану кезеңінің ұзақтығы 1 айдан аспайды. Бауыр жасушаларының қызметтері бұзылыстарынан дамитын сарғыштану үдемелі түрде дамиды, тура билирубиннің несеппен шығарылуынан науқастың несебі қою қоңыр, үлкен дәреті бозғылтым түсті болады, терісі қышиды, бауырының көлемі ұлғайып, ауырусынады, жиі көкбауырының, лимфалық түйіндерінің көлемі үлкейеді, брадикардия және артериалық гипотензия байқалады. Ұйқыбездің, ішек-қарын жолдарының, жүйке жүйесінің қызметтері бұзылады. Науқаста селқостық, көңіл-күйінің тұнжырауы, қызбалық, өз жағдайын бағалай алмайтын зйфория, ауыр жағдайларда – ұйқы басу немесе психомоторлық қозу, эндокринопатиялар дамиды.

Науқаста гипербилирубинемия, билирубинурия, гипопротеинемия дамиды, альфа-липопротеидтердің қатты азаюынан бета-липопротеидтердің мөлшері басым болады. Қанда протромбиннің, фибриногеннің т.б. қан ұю факторлары-ның деңгейі төмендейді, қан ұюының барлық сатыларында өзгерістер байқа-лады. Онда әлдолаза, аминотрансфераза т.б. бауыр жасушаларына тән фермент-тердің белсенділігі көтеріледі, барлық зат алмасуларының өзгерістері байқалады. Бауырдың зәрнәсіл түзу қабілеті бұзылады.

Сауығу кезеңінде дерттің клиникалық көріністері біртіндеп жоғалады, науқастың тәбеті оңалады, бауыр кішірейіп орнына келеді. Бұл кезеңнің ұзақтығы әдетте 7-15 тәулік, кейде 2-3 айдан астам болуы мүмкін.

Өту қарқынына қарай жіті гепатиттің жеңіл, орташа дәрежелі, ауыр түрлерін ажыратады. Оның ауыр түрінде бауырда қарқынды некроздар дамуынан жіті немесе жітілеу атрофия дамуы немесе вирустық гепатиттің қатерлі өту қауіпі туындайды. Вирустық гепатит дененің қарқынды сарғыштануы, қызымы көтерілуі, қатты ауыру синдромы, тахикардия, қанауға бейімділік, асцит және ісіну дамуы, бауыр көлемінің кішіреюі, басқа ағзалардың (жүректің, бүйректің т.б.) қызметтері бұзылыстары айқын жүйкелік-психикалық бұзылыстармен (селқостық немесе қызбалық, ұйқы басу немесе ұйқы қашу, тамаққа қарай алмау, адинамия т.с.с.) қабаттасуы оның қатерлі түрде өтуін көрсетеді. Бұндай жағдайларда бауырдың атрофиясы және кома дамуы науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Кейбір науқастардың сауығуы да ықтимал. Оларда жиі сүлде гепатит, бауыр циррозы даму қауіпі сақталады.

50% жағдайда вирустық гепатит дененің сарғыштануынсыз өтеді. Бұндай жағдайларда қанда билирубиннің өзгерістері айқын болмайды. Гепатиттің хабаршы сатысының соңында ғана қысқа мерзімде несеп түсінің қарауытуы және нәжістің бозаруы байқалады. Бірақ бауыр жасушаларының бүліністері жиі ауқымды болады. Гепатиттің бұл түрін адамның індетті гепатитпен сырқаттанған науқаспен қарым-қатынаста болуы мен қанында ферменттердің көбеюінен аңғарады. Дененің сарғыштануынсыз өтетін гепатит сарғыштанып өтетін гепатиттің барлық зардаптарына әкеледі және бұндай науқастың айналасындағы адамдарға дертті жұқтыру қауіпі өте жоғары деңгейде болады.

Холестаздық вирустық гепатит кезінде дерт механикалық сарғыштанудың белгілерімен көрінеді. Бұл кезде өт бауыр ішінде өт жолдарында іркіліп тұрып қалады. Оны бауыр сыртылық сарғыштанудан ажырату өте қиын болады. Бұндай дерт әйелдерде жиірек кездеседі. Сарғыштану алды сатысында қызба, артралгия, теріде майда бөртпелер пайда болуымен байқалады. Дененің сарғыштануы қарқынды түрде 2-4 айға дейін сақталады. Үлкен дәреттің түсі бозарған немесе толығынан ақ топырақ тәрізді болады. Несепте уробилиноген болмайды, тері қатты қышиды, бауырдың көлемі шамалы ғана ұлғаяды, қанда сілтілік фосфатаза, холестерин, фосфолипидтер көбейеді. Бұл дерттің өтуі онша ауыр болмайды, бірақ кейде билиарлық бауыр циррозы дамуына әкелуі мүмкін.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.