|
|||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
Бауыр ауруларына тән зерханалық көрсеткіштерБауыр ауруларына тән зерханалық көрсеткіштер
Холецистит Холецистит - өт қабының қабынуы. Холецистит пайда болуы мен дамуында тұқым қуалаушылыққа бейімділіктің маңызы бар. Оның пайда болуында көптеген себепкер ықпалдардың ішінде бактериялар мен өт іркілуінің маңызы ерекше. Микроорганизмдер өт қабына тікелей онекелішектен немесе қан және лимфамен организмдегі сүлде қабыну ошақтарынан (тіс жегісі, пародонтит, тонзиллит, отит, гайморит т.с.с.) түседі. Өт қабында өттің іркіліп тұруы холецистит дамуына қолайлы ықпал етеді. Онда өт іркілуіне гиподинамия, өт жолдарының қимылдық әрекеттерінің бұзылуы (дискинезиясы), олардың қыспақтарының жүйкелік реттелулерінің бұзылыстары, өт қабы өзегінің бұралып қалуы, өт өзектерін бітейтін бұрын пайда болған тас т.с.с. әкеледі. Өт қабы қабынуында өт құрамында физикалық-химиялық өзгерістер (дисхолия) пайда болады. Холестериннің өт ішінде шашырап қалқып жүруін өт қышқылдары мен лецитин қамтамасыз етеді. Өт қышқылдары мен холестериннің және лецитин мен холестериннің ара қатынастары төмендеуі өтте тас құрылуының негізгі тетіктерінің бірі болып есептеледі. Өтте өт қышқылдарының азаюы: √ қабынған өт қабының қабырғаларымен өт қышқылдарының артық сіңірілуінен; √ бауырда өт қышқылдарының түзілуі азаюынан; √ ішек дисбактериозы нәтижесінде өт қышқылдарының ішектен кері сіңірілуі бұзылудан - байқалады. Өт қабында іркілген өтте өт қышқылдары азаюынан өттің бактерия жойғы әсері әлсірейді. Содан қабынудың ары қарай дамуына қолайлы жағдай пайда болады. Бұл кезде өттің реакциясы рН қышқылдық жаққа (ацидозға) ығысуынан тұздардың еруі азаяды, холестерин мен тұздар, өт пигменттері тұнбаға ауысады, ыдыраған жасушалардың нәруыздары ұйыйды. Осылай өт жолдарында тас байланады. Қорыта келгенде, көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, тас байланбаған холецистит калкулездік холециститтің бастамасы болады. Сүлде гепатит, панкреатит, дуоденит дерттерінің болуы өт жолдарының қимылдық әрекеттерін және өттің физикалық-химиялық қасиеттерін бұзып холецистит дамуына қауіп төндіреді. Өттің іркілуі өт қабында қысымды көтеріп оның керілуіне, қабығының ісінуіне, қан тамырларының қысылуына және микроциркуляцияның бұзылыстарына әкеледі. Содан қабыну күшейіп өт қабының қабырғасында инфаркт және гангрена дамуы мүмкін. - сурет. Өт қабының шемендігі. - сурет. Өт қабының қабырғасында тастан пайда болған ойылыстар стрелкамен көрсетілген.
- сурет. Өт қабындағы тастар. Өт қабында майда тастардың болуынан олардың қозғалыстары кезінде шырышты қабықтың бүліністерінің нәтижесінде қабыну үрдісі өрши береді және өттің ішекке шығарылуы бұзылады. Ірі тастар өт қабының шырышты қабығында ойылған жаралар пайда болуына, артынан оның пішіні өзгерістеріне және өттің ішекке шығарылуы бұзылыстарына әкеледі. Сонымен қатар бұл тастарда бактериялар жиналады. Холецистит дамуына ұйқыбезден ферменттердің өт қабына лықсып түсуі де әкеледі. Осыдан дамыған холециститті ферменттік холецистит дейді. Ол өте қарқынды түрде өтеді және өт қабы қабырғасының бұзылысынсыз-ақ өттік перитонит дамытады. Жіті холецистит кезінде оңжақ бүйірде қабырға астында аяқ астынан, ұстамалы түрде қатты ауыру сезімі пайда болады. Ол белге, оң иыққа, және жауырынға, мойын мен беттің оң жағына тарайды. Бұндай ауыру өзегі таспен, қабынулық ісінумен немесе тыртықтық өзгерістермен бітелген өт қабының қатты сіресіп жиырылуларымен түсіндіріледі. Ауыру жүрек айнуымен, және құсумен, кейде жүрек аритмиясымен, брадикардиямен және дене қызымы көтерілуімен қабаттасады. Ауыру сезімі сондай қатты болуынан кейде науқас есінен танып қалады. Ол бірнеше күннен 1-2 аптаға дейін созылуы ықтимал. Артынан ауыру сезімі әлсірейді, бірақ мезгіл-мезгіл күшейетін тұрақты ауыруға айналады. Дұрыс қоректенбеу, физикалық немесе жан-дүниелік ауыртпалықтар холециститтің ұстамасын туындатуы мүмкін. Өт қабында қабынудың үдеуі кезінде дененің қалтырауы, қызымы көтерілуі байқалады, науқастың жалпы жағдайы нашарлайды, әлсіздік т.б. организмнің уыттану белгілері пайда болады. Жіті холецистит кезінде өттің жалпы өзегі таспен бітелуінен, холецистопанкреатит кезінде ісінген ұйқыбездің бас жағымен қысылып қалуынан, холангит дамуынан немесе гепатит ушығуынан дененің сарғыштануы болуы мүмкін. Қабыну үрдісінің түріне қарай холециститтің өтуі әртүрлі болады. Мәселен, жіті шырышты холецистит жеңілірек өтеді, ауыру сезімі тез жоғалады, дене температурасы қалпына келеді. Кейде шырышты қабыну іріңді қабынуға ауысып кетуі мүмкін. Бұл кезде науқастың жағдайы ауырлайды, науқастың температурасы қатты көтеріледі, ауыру сезімі ұзаққа созылады. Жіті холециститтің ауыр түрі болып шірік холецистит есептеледі. Шірік холецистит кезінде өт қабының қабырғасында некроздық құбылыстар болуынан ауыруды сезетін рецепторлар жоғалуынан ауыру сезімі болмауы ықтимал. Бұл кезде холециститтің әйгіленімдерінің ішінде жалпы уыттану белгілері алдыңғы қатарға шығады және өт іш қуысына шығып, перитонит дамиды. Ферменттік холецистит бауыр шаншуымен басталып, артынан тез арада организмнің уыттануының белгілері артады, ауыру сезімі күшейеді және іш пердесі тітіркенуінің орныққан әйгіленімдері (өт қабы аймағында құрсақ қабырғасының қимылдауы азаюы, құрсақ бұлшықеттерінің қорғаныстық ширығуы) пайда болады. Артынан бұл құбылыстар құрсақтың басқа аумақтарына да тарайды. Жіті холецистит өт қабының іріңдеуімен, өттік перитонит, панкреатит, холангит дамуларымен асқынады. Қарттарда жиі кәлкулездік холецистит дамиды және ол айқын әйгіленбей өтеді. Жасы ұлғайған адамдарда ол ас қорыту жолдарының басқа ауруларымен, қантты диабетпен, жүрек-қан тамырлар жүйесінің дерттерімен қабаттасып өтеді. Бауыр ауруларынан сақтандыру және емдеу негіздері. А және В гепатиттеріне қарсы екпелер жасау арқылы олардан алдын-ала сақтандыруға болады. Індетті гепатиттен сақтандыруда жеке бастың гигиенасын сақтаудың маңызы зор. Бауырға уытты әсер ететін заттардан және ішімдіктен сақтандыру қажет. Жіті гепатит кезінде организмнің уыттануын азайту үшін әртүрлі сұйықтар (глюкоза, физиологиялық ерітінді т.с.с.), зат алмасулары бұзылыстарын ретке келтіру үшін витаминдер (тиамин, пиридоксин, рибофлавин, аскорбин қышқылы т.б.), орот, пангамин қышқылдары пайдаланылады. Бауыр жасушаларын қалпына келтіретін дәрілер ( галстена, тыквеол, эссенциале т.б.) қолданылады. Тері қышынуын азайту мақсатында холестирамин тағайындалады. Ауыр гепатит кезінде басқа емшаралардан нәтиже байқалмағанда, кома алды жағдайындағы науқасқа, холестаздық гепатит кезінде глюкокортикостероидтық гормондар (преднизолон, гидрокортизон) қолдануға болады. Бауыр қызметінің жеткіліксіздігін жөнге келтіру үшін қышқылдық-сілтілік үйлесімділікті, онкотикалық қысымды, гипоксияны, қанның ұйғыштығын, электролиттерді т.б. қалпына келтіруге бағытталған емшаралар қолданылуы қажет. Вирустық гепатиттерді емдеу шаралары вирусқа қарсы дәрілер (альфа-интерферон, ламивудин, рибавирин, тилорон) тағайындауға бағытталады. Кома алды жағдайында глутамин қышқылы мен глюкокортикоидтық гормондарды жоғарыда көрсетілгендермен бірге тағайындау нәтижелі болады. Бұндай жағдайларда плазмаферез қолданылып, көктамырға 2л. жаңадан мұздатылған қан плазмасын құю маңызды. Қан ұюын қалпына келтіру үшін 2-3 күннен астам күн сайын 1-2 л. жаңа мұздатылған плазма құю қажет. Асцитті емдеу мақсатында альдактон тиазидтік зәрайдатқылармен алмастырып енгізу, қанға нәруыздық дәрілер енгізу, тағаммен тұздардың түсуін шектеу сияқты емшаралар пайдаланылады. Өңештің көктамырларынан қан кеткенде қанауды тоқтатын емшаралар, өңешке арнайы баллон енгізіп қанауды тоқтатуға талпыныс жасау, нәтижелі болмағанда хирургиялық әрекеттер қолданылады. Көкбауырдың көлемі үлкен болса стероидтық гормондар, пентоксил, лейкоциттер және тромбоциттер массасын құю нәтижелі болады. Сүлде гепатиттің бастапқы сатыларында, оның үдемелі белсенді түрінде, бауыр ішінде өт іркілгенде, бауыр циррозының ісінулік-асциттік сатысында преднизолон мен гидрокортизонды анаболизмдік стероидтармен, цитостатиктермен -азатриопринмен, циклофосфамидпен, антилимфоциттік глобулинмен алмастырып енгізу пайдалы. Холециститті емдеу үшін өт қабында қабынудың түріне қарай (флегмона, гангрена) және перитониттің белгілері болғанда шұғыл хирургиялық әрекеттер қолданылуы қажет. Шырышты холецистит кезінде дәрі-дәрмектермен емдеу тәсілдерін пайдалануға болады. Ол үшін науқасты ауруханаға жатқызып, 1-2 күн ашықтыру, артынан өте нәзік емдәм тағайындау керек. Сонымен бірге антибиотиктер, сульфаниламидтер, спазмолитиктер, көңіл-күйін және ауыруды басатын дәрілер қолданылады. Бұл емшаралардан науқастың жағдайы оңалмаса 24-72 сағаттан кейін холециститэктомия жасауға мәжбүрлік пайда болады.
|
|||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|