|
|||
Сарғыштану. Механикалық сарғыштануСарғыштану Даму жолдарына қарай сарғыштықтың үш түрін ажыратады: ● бауырлық немесе ұлпалық сарғыштану, бұл кезде өт өндірілуі мен оның ішекке шығарылуының бұзылыстары: √ бауыр жасушаларының біріншілік бүліністерінен; √ өт ұзақ мерзім бауырда іркіліп тұрып қалуынан; √ өт өндірілуіне қажетті ферменттердің гендік ақауларынан немесе химиялық улы заттардың әсерлерінен олардың белсенділігі төмендеуінен - дамиды; ● механикалық немесе бауыр астылық сарғыштану: √ жалпы өт өзегі ішінен бітеліп қалуынан; √ ол сыртынан қысылып қалуынан - дамиды; ● гемолиздік немесе бауыр үстілік сарғыштану - эритроциттердің артық ыдырауынан өт нілдерінң түзілуі көбеюден - дамиды.
Механикалық сарғыштану Өттің жалпы өзегі сыртынан өспемен қысылып немесе ішінен таспен, құрттармен, қою өтпен бітеліп қалғанда өт ішекке түспейді, ол өзінің жолдарында іркіліп, оның қысымы 2,7 кПа (270 мм Н2О) астам көтеріледі, өт қылтамырлары керіліп, жыртылады. Содан өт қанға тікелей немесе лимфамен түседі. Осыдан қанда тура билирубиннің мөлшері (қалыпты мөлшері 6-15 мкмоль/л) көтеріледі, адамның терісі мен шырышты қабықтары сарғыштанады; сонымен бірге қанда өт қышқылы (қалыпты деңгейі 8-80 мкмоль/л), холестериннің мөлшері (қалыпты деңгейі 150-250 мг%) көбейеді, зәрмен билирубин және өт қышқылы шығарыла бастайды. Сондықтан зәрдің түсі қою қоңыр болады. Өт қышқылдарының қанға түсуіне байланысты холемиялық синдромдамиды. Бұл кезде өт қышқылдары: ● кезбе жүйкенің рецепторлары мен орталығын қоздырады, жүректің синустық торабын тежейді, қан тамырларының межеқуатын әлсіретеді. Сондықтан артериялық қан қысымы төмендейді, брадикардия дамиды; ● орталық жүйке жүйесіне уытты әсер етеді. Осыдан организмнің жалпы әлсіздігі, қызбалығы, артынан көңіл-күйдің тұнжырауы, түнде ұйқы қашып, күндіз ұйқы басуы, бас ауыруы және адамның тез қалжырауы байқалады; ● терідегі сезімтал жүйкелердің аяқшаларын қоздырып, қатты қышыну сезімін туындатады; ● эритроциттердің, лейкоциттердің ыдырауына, қан ұюының әлсіреуіне әкеледі; ● түйіскен жерінде жасуша мембраналарының өткізгіштігін жоғарылатып, тіндердің бүліністерін туындатады. Сондықтан өт қышқылдарының тікелей бүліндіргіш әсерлерінен бауырдың біріншілік билиарлық (өттік) гепатиті, циррозы дамиды. Бұл кезде қанда антимитохондриялық антиденелер пайда болады, ІgМ көбейеді. Өт тікелей іш қуысына түсуінен іш пердесінің қабынуы (перитонит) , ұйқы безіне түсуінен оның жіті қабынуы (панкреатит) дамиды. Өттің ішекке мүлде түспеуінен ахолиялық(грек. а - жоқ, chole - өт) синдромдамиды. Бұл кезде ішектерде ас қорытылуы бұзылады. Ішектерде өт қышқылы болмауынан липаза ферменті әсерленбейді, майлардың эмульсиясы болмайды, өт қьппқылдарының май қышқылдарымен еритін кешендері құрылмайды. Осыдан тағаммен түскен майлардың 60-70%-ы қорытылмай үлкен дәретпен сыртқа шығарылады. Бұны стеаторея(лат. stear, atos - май, rheo - ағу -май ағу) дейді. Бұл кезде майлардың сіңірілмеуінен майда еритін витаминдердің сіңірілуі бұзылады. Сондықтан А, Д, Е, К витаминдерінің жеткіліксіздіктері дамиды. А-витаминінің жеткіліксіздігінен теріде, шырышты қабықтарда (көзде т.б.ағзаларда) қабынулық өзгерістер байқалады; Е-витамині жеткіліксіздігінен организмде табиғи антиоксиданттық жүйенің тапшылығы пайда болады. Содан организмде липидтердің асқын тотығуы бақылаудан шығып кетіп, ішкі ағза жасушаларының мембраналарын бүліндіреді; Д-витаминінің жеткіліксіздігінде адамның қаңқа сүйектерінде кальций жиналуы азайып, остеопороз, остеомаляция дамиды; К-витаминінің жеткіліксіздігінде бауырда протромбиннің т.б. қан ұю факторларының түзілуі бұзылады да, қан кетулерге әкелетін қанағыштыққа бейімділіктер байқалады. Ахолияның нәтижесінде: ● трипсин мен амилаза ферменттерінің белсенділігі төмендеп, нәруыздар мен көмірсуларының ішектерде ыдыратылуы бұзылады; ● ішектердің межеқуаты мен қимылдық әрекеттері әлсірейді. Содан іш қатуы байқалады. Бірақ, артынан өттің бактерияларды жоятын әсері болмауынан ішектерде тамақтың іріп-шіруі артып, қатты іш өтулер пайда болады; ● стеркобилиноген ішектерде құрылмауынан нәжістің түсі ақ топырақ түстес болады да, зәрде уробилиноген жоғалады.
|
|||
|