Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





I 5 страница



«...Қайсаға ти дедім – тимедің. Байың неміс қатынын асы- рап əлі жүр...».

– Апа! – үйге ентіге кіріп келген Мағрипа өңі өрт сөндір- гендей. – Қоңыр бұзау қорада жоқ қой.

– Жоғалған да.

– Қақпас, өзің жоғал! – Мағрипа шешесін тұңғыш рет тілдеді.

– Астына сарып жатқан мен шешіп жіберді деп тұрмы- сың? Қайтеді-ай, апшысын қуырып. Ұрлап кеткен де. «...Қай- саға ти дегенде...».

– Құдай-ай, көп көргенің жалғыз торпақ па? Ендігі ба- йым да, балам да, бар уайымым да сол еді. Аштан өліп, көш- тен қалмассың, бар ермегім, ынтызар көңілдің медет тұтар ықтасыны еді...

Мағрипа үйден жылап шығып кетті.

Кемпір əлі күбірлеп жатыр: «...о несі... Қайсаға ти десем, тимей...».

Мағрипа қоңыр бұзауды ертеден қара кешке дейін іздеп таба алмады. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Əркімдер- ден сұрастырып еді: «Көрмедік, жүрген шығар», – деп бас- тарын шайқасты. Қорықшы Қайдар егінге түскен соң малды


қамап қойды ма деп, одан да сұрап көріп еді: «Көрсем – кө- зім шықсын», – деді шекірейіп. Жер жұтқандай жым-жылас боп кеткен бұзауды табанын тоздырып адақтамаған жері қалмады. «Əйтеуір, бар қырсық сенің ар жағыңнан бастал- маушы ма еді» дегендей Қоңыртөбеге беттеген.

Қоңыртөбе бүгін Мағрипаға əлдеқайда биіктеп, заңғар тартып кеткендей болды. Əлде екі қара саны талып шалды- ғып қалғандықтан ба, əлде сандалып сарсаңға салынғанда не нəрсенің болсын бұлдырап сағымдай жортып кететінді- гінен бе, төбенің қыр басына үш рет демалып əрең шықты. Шықты да кеудесін кере қатты бір күрсініп, жүресінен отыра кетті. Ауыл жаққа қарады. Жаңаүлгі үстінен қарағанда, қы- зық пошымға енеді екен. Жетім баланың бүк түсіп ұйықтап жатқаны секілді. Мағрипаның басынан күншығысты бетке алып, бір топ үйрек ұшып өтті. Қанат қағысының сусылда- ған үніне дейін естіліп, тым аласа ұшты. «Құс екеш құс та басынып алды ғой», – деді Мағрипа жаулығын қайта тар- тып. Жаулығын көзіне түсіре тартса да, самай шашы аппақ болып, бұйраланып шығып тұр. Айнамкөлдей суала баста- ған айнамкөзін енді Қоңыртөбенің түстік етегіне жүгірткен. Бұл тұста қалың егін болушы еді. Əбден пісуі жетіп, сың- си ырғалып тұрған масақ арасында омыраулай жүзіп жүр- ген малдың қарасы шалынды. Əуел баста қоңыр бұзау болар деп, солай қарай құстай ұшты Мағрипа. Жығылып-сүрініп жетіп келсе, қорықшы Қайдардың қасқа бұзауы:

– Қандай ғана қазақтың тасы өрге домалайды екен осы, – деп ыңқ еткізіп ішінен бір тепті де, кері бұрылып кетті. Мағ- рипа үйге жеткенше ботасы өлген аруанадай боздады.

Ол ең соңғы ермегінен айрылған еді... Теріс қарап иленіп жатқан кемпір:


– Кет, албасты, көзіңнің жасын көрсетпе. Қайсаға тисең, қоңыр бұзау жоғалар ма еді... Түсімде əлгі қаны басқа қатын алып, қайтпай қалған ынжық күйеуің кіріп жүр... Ыржия- ды, – деді кеудесі сырылдап. – Менен бұрын сен өлесің...

Ондық шамның жағар майы бітуге айналған-ау, өлімсіреп болар-болмас сəуле шашып тұр.

Қоңыртөбе бұрынғыдан əлдеқайда аласарып, шау болып шөгіп кеткен секілді. Мағрипаны көп шаршатқан жоқ. Бү- гін оның ұшар басы сағымдай, бұлдырап алыстан қол бұл- ғаған да, көңілге қаяу салып, жаныңды жаралар қорқынышы да білінген жоқ. Бүгін осынау ал күрең тарта бастаған төбе Мағрипаның ең бір ата қоныс ыстық жеріндей, Бозтайлақ- пен бірге түтін түтеткен ошақ отындай қымбат сезілді. Ол төбе басына етпеттей құлады да, тас аралас қара топырағын қарш-қарш шайнап, ері соғысқа аттанған күннен бері мұз боп қатқан көңілі тұңғыш рет жібіп, тұңғыш рет еркін əрі рақаттана күлді. Бозтайлақпен ғана қауышқан қатыгез һəм киелі құшағымен екінші рет Қоңыртөбені құшты. Аузы-ба- сы топырақ-топырақ ақ шашы қара жерге дудырай шашы- лып жатқан əйелдің ес-түссіз есеңгіреген күлкісі үлкен бір күрсініспен бітіп, аса қатты өксікке, еңірей езілген жылас- қа ұласқан. Бірақ Қоңыртөбе де, үстінде шарадай төңкеріліп тұрған ала төс аспан да міз бағып, əйел күйзелісін, əйел күл- кісіне, əйел көз жасына ортақтаса алған жоқ.

Неге күлгенін, неге жылағанын мынау мақау дүниені қо- йып, Мағрипаның өзі де сезбеген. Əйтеуір, бір дүлей тыл- сым күш қолынан жетелеп, Қоңыртөбенің басына дырыл- датып шықты да, бар сезім-түйсігін рəсуалап, қытықтап қинап ойнаған. Ол мынау алып төбені Бозтайлақтың қабірі деп бір ойласа, іші кеуіп теңкиіп жатқан қара сиыр деп жəне


сезінген. Бірақ бұл Бозтайлақ та, қара сиыр да емес, өзі үшін қайғы төбесі – Қоңыртөбе екенін білген жоқ. Білетін ақыл да жоқ еді.

Мағрипаның көз жасына топырақ жабысып, беті-аузы қара ала, торы ала.

Желкесіне сусып түсіп кеткен қап-қара жаулығын шешіп алды да, батысқа қарап...

«Бозтайлақ-ау, бері кел, жаным, бері к...е...ел», деп қолын бұлғап айғай салды. Осы сөзді əлденеше рет қайталап, қып- қызыл боп ұясына кіріп бара жатқан күн шапағын қап-қара орамалымен оңды-солды кескілей кеп шақырды Бозтайлақ- ты. «Келмесең ғой, – деді ернін қыз кезіндегідей бұртитып, – келмесең ғой».

Түстіктен самал есіп еді, Мағрипаның аппақ шашын жел- піп ойнай бастады. Мағрипа көйлегінің етегін дар еткізіп бір айырып алды да, сопақтау келген тасты жас балаша орап, алдына өңгеріп уата бастады. Өз басында бұрын-соңды бол- маған аналық сезім, аналық мекіреніспен:

 

Əлди-əлди абайым, Атқа тоқым жабайын, Сенің əкең қыдырмаш Қайдан іздеп табайын, –

 

деп əнге салып, мұңдық күйде күйзеліп отыр. Жас нəресте- нің не екенін біліп, жөргек иісін иіскемеген əйел қаншама қатты болғанымен, күндердің күнінде аналық ардақ сезімді, ақ тілеу, ақ бесікті аңсап, ағыл-тегіл жылайтыны рас. Қара тасты иітіп, інгенді исіндірген күйшінің күйі, домбыраның сазы емес, аналық ақ жүректің запыранды аңсары мен сазды


сағыныштары екен-ау. Мағрипа бұл жолы Бозтайлақты да, қара сиыр мен қоңыр бұзауды да жоқтаған жоқ. Қара тас- ты сұп-суық қып аққу төсіне басып, жалаңаш омырауына үйкелеп отыр. Қырықтан асқан əйелдің ешкім ұстап, еміп те көрмеген қос анары бар демі, ынтызар көңілімен қопарыла, қара тасты бала ғып əлдилеген зар-запыранына шыдай алма- ды білем, иіп-ақ кетті. Екі емшегінен алдындағы мұп-мұздай тасқа аналық ақ сүті тырс-тырс тамып тұрғанын сезген жоқ ол. «Көкең ертең келеді, құлыным, жылама».

«Көкең секілді сен де соғысқа барар ма екенсің...».

«Көкең батысқа кеткен... сені енді ол жаққа жібермеймін.

Мүмкін, шығысқа барармысың...».

«Көкең сені: «ұрып-соқпай еркелетіп өсір», – деп еді. –

Жылама жаным, жылама, ертең келеді».

«Сен соғысқа қоңыр бұзауға мініп барасың, көкең қара сиырға мініп кеткен... Апаң екеуміз осы Қоңыртөбенің үс- тінде көкең екеуіңді тосып аламыз. Сонда сен Қоңыртөбенің күншығыс жағынан келе жатасың, ал Бозтайлақ күнбатыс жағынан келе жатады. Түнде апаң түс көріпті: көкең еке- уіңнің астыңда да есік пен төрдей ақ боз ат екен, аман-есен еліне оралар, – дейді».

«Апаң екеуміз сендерге ақ қозының жүнінен киіз басып, үй тігіп қарсы аламыз. Ақ отаудың түңлігі қарадан болады. Одан қып-қызыл түтін шығады. Біз сендерге қап-қара теге- неге қып-қызыл қымыз құйып береміз...».

 

* * *

 

Кемпір іргеге аунап түсті. Кеудесі сырылдап, тық-тық жө- теліп алды да: «Əй, Мағрипа-ай, Қайсаға ти дедім – айтқан


тілімді алмайсың. Мұндай күйге душар болмас едің. Менен бұрын алжасып кетермісің», – деді.

 

* * *

 

Бəріне де сен кінəлі – сор соғыс!

 

II. Алтыбақан

Ақпанның алты күн қатарынан азынаған қатты бораны итше ұлып, Суықсайдың аузында отырған Сауықкеткен ауы- лының күйісін кетіріп-ақ тұр.

– Өмір оңғақ қой, – бұл күбірден соң ол үнсіз, өзегін өзі де біле бермейтін өмірлік өкініштің өрті жалағандай, жана- ры жансыз қалған. Алқымға кеп кептелген əлгі сəттегі лық- сыған мың-сан ойлар алдындағы алпамсадай жігіттің қай- мықпай қаяусыз қарап отырған жүзінен шайлықты ма, жел айдаған бұлттай пышырап кетті. Ол ұзақ сөйлегісі, ағыл- тегіл жылағысы келді. Іштегі ірімтіктеліп, өз-өзінен шығар арна іздеп, тыңдаушы иесін кеңінен қамтығысы келіп, тұлан тұтқан сыбызғы сыры бітеу жарадай сыздатып қинады.

– Өмір оңғақ қой. – Ол бұл сөзді енді бір рет қайталағанда, дидары адам шошынарлық аласапыран, əлемтапырақ күйде меңдуана жегендей əбден меңдеп алған ар алауы алқынды- рып, алқымынан алды. Құдай-ау, бұл мынау найып болуға аз-ақ қалған қаршадай кемпір кінəсіз емес пе еді; құдай-ау, ешбір нəжіс қылығы жоқ, азанда жауған ақша қардай ап- пақ еді-ау ожданы; шіркін-ай, сол қатықтай ұйыған айлы кештер-ай; маңдайы кере қарыс бозбала, сəулемен сүйіскен тентек өзеннің қылығы... əне, бозторғай шырылдады ғой,


естісеңші халайық; əне, арғы ауылдың иті үрді ғой... есті- ші, түрші құлағыңды; бойда жаның бар ма, бойда қаның бар ма, əй, сезбейсіңдер-ау, тоңмойынсыңдар, томырықсыңдар, шілденің шіліңгір ыстығында да жібімейтін тоң мінезсіңдер. Өзгені қайтейін, қайтейін өзгені – менің адал да аңқылдақ жанымды түсінбедіңдер. Не қылайын кінəлап...

Қырмызы кемпірдің аузына су тамызды. Алтыбақан үн- түнсіз іштей егіліп, жаншылып жылап отыр. Əлгінде сырқат тіпті қатты қысылып, əл үстінде қалып еді, беті бері қара- ған секілді. Тек ауық-ауық сандырақтай береді. Алтыбақан шешесінің қаусап қалған қаңқа саусақтарын ұстады: мұздай екен. Тамыры лыпымай, оқта-текте жылбысқы ғана соғады. Апыр-ай, анасы бір жұмада-ақ аш аруақтай арып кеткені-ау, қандай толық еді. Қандай өңді еді. Бəріміз де тағдыр, уа- қыт дегеннің тайқазанында бұрқ-сарқ қайнап жүрген дегдар жандармыз-ау, тегі. Қайнай берсең, етің сылынып, қуарған сүйегің қалады. Кемігіңді ит мүжиді... Шешесі: «Алапес, алапес», – деп тағы бір күбір ете түскенде, Алтыбақан да əлгі мезеттегі мең-зең ойдан айыққандай болды. Есін тез жиды. Аң-таң. Анасының сөзіне аң-таң. О, несі-ай... «Алапесі не?»

– Ұшына жабысқан ғой, – деді бүкір кемпір қушық кеу- десін кере күрсініп. – Жақияр молдаға ұшықтатып, дем сал- дырмадық па?..

– Балам-ай,– сырқат бұл сөзді сау кезіндегідей саңқ еткі- зіп ашық əрі анық айтты. Қаумалап күзетте отырғандардың бəрі селк етісіп, ұрымтал үнге шошына қарасып қалған. Тіп- ті қайсыбірінің келбетінде кемпір атып тұрып тұра қашатын- дай, аса үркіс бар. – Балам-ай, осы қарағайды бекер-ақ кес- тің-ау. У!.. Киесі тие ме... – Сырқат, шынында да, серпілейін деді. Үні тарғылдықтан арылған.


Алтыбақанның есіне бұдан бір апта бұрын тауға отынға барғаны түсті. Күн боранды болатын. Суси ұйытқыған жел тау-тасты беріштеп тастаған. Алыстағы мол отарына жем- шөп тасып жүрген жерінен бір күнге сұрап келген-ді. Жү- регі өрекпіп, елегзи берген соң: «Күн болса мынау – суытып алды. Бала-шағаның күйі не болды. Сүйектері жұқарған қос кəрі шеше бар. Отын-суы таусылып, қаңырап қалған жоқ па қара шаңырақ?» – деген сықылды ой беймазалай жетелеп кетті үйіне.

Үй-іші, шынында да, жүдеп отыр екен. Отын тақа тау- сылған. Бəтима шешесі суық өтіп кеткен бе, мұрттай ұшып, төсек тартып қалыпты. Сосын бұл ауыл ағаларынан трактор алып, Суықсайға отынға шыққан. Орманшы да ере келіп, таудың теріскейіндегі ойпаңда қалқайып қашаннан тұрған қызыл қарағайға белгі сап берді. Бұл ағашты Алтыбақан жыққысы келмеді. Бірақ лаж жоқ. Жыққысы келмегені: жуан, кесуге қиын деп қашқалақтағаны емес, бала кезінде шешесі мұны сан рет ертіп кеп, осы қарағай жайлы əңгіме шертіп беретін. Шешесінің əңгімесі мұны пəлендей қызық- тырмайтындай. Құшағында, ыстық құшағында тербеліп күңгір-күңгір дауысқа мас болғандай, бойы балқып қалғып отыратын. Кейде кəдімгідей бой алдырып, маужырап, тана- уын пысылдатып ұйықтап қалатын. Шешесі сонда да əсерлі əңгімесінің желісін үзбей күбірлей беретін, күбірлей бере- тін. Кейде Алтыбақанның бетіне əлдеқандай ыстық тамшы тамып, селк етіп оянып кетер еді. «Апа, жауын жауып тұр ма?». «Жоқ, құлыным». Сонда ол шешесінің ағыл-тегіл жы- лап отырғанын көрер еді. Алтыбақан шешесінен осы саздау- ға біткен қарағайдың түбіне неге ертіп келетінін, ал ертіп келген екен – не үшін өз-өзінен қапаланып, өз-өзінен жəбір-


леніп, қорғасындай ауыр мұңға бататынын сұраған емес, ше- шесі айтқан да емес.

Бəтима күңірене күрсініп барып, тық-тық жөтеліп кетті.

«Қу жаным-ай, аллам-ай!» – деген ыңқылды сөздер бұрын- ғыдай шыңыраудан шықпай, жақыннан оқшау, қатқыл естіл- ді. Отырған жұрт сырқаттың үздікпей, ащырақ шыққан ың- қылына да елеңдей, үміт арта құлақ түрісті. Басы салбырап, томаға-тұйық отырған Алтыбақан көзі бақырайып, бауыры- на тығылған ұлының маңдайынан сипап, алқымынан иіске- ді. Соқталанып, тал бойынан бой жетудің белді-белді бедер- лері айқындалып, көзге ұра бастаған қызы да əкесінің ірге жағында жүдеп-жадап ойға батып тұрған-ды. Əжесі ыңы- ранған сайын, қарлығаштың қанатындай қастары иіліп, дір ете түскендей болады. Əлгінде, əжесі қатты қысылып, əкесі жылағанда, бұл да ернін тістелеп, көзіне жас алып еді. Өз шешесі қабағын түйіп: «Қой, Бақыт» деген соң, іштей бу- лыққан-ды.

Бəтима ымдап шамды өшір дегендей ишара жасады. Ке- ліні: «О, несі қараңғы үйде отырамыз ба?» дегендей дел-сал қалып аңғартқан. Алтыбақан ұмтылып барып, сөндіргішті төмен баса салды. Əзіргі сəтте көзді жеп шақырайып тұрған электр шамы желп етіп сөніп, үйді көрдей қараңғылық би- леп, қорқыныш қоңсылады. Алтыбақан терезелердің пер- десін ашып-ашып қалғанда ғана, жұқалаң майда сəулелер бұрыш-бұрышты тіміскілеп кезіп кеткен. Үй қара барқын. Терезеден он бес жаңасы болып, толықсыған айдың сəуле- сі төгіліп тұрды. Адамдардың көңірсіген көңілі меңдеп бара жатқан ауыр қайғыдан арылғандай дүр сілкініп, нұрлы да сиқырлы дүниенің құшағына енгендей əсерде болды. Бірде- бірі сезбепті ғой, байқамапты ғой осыған дейін: терезеден


жасқанып, жатсынбай сығалаған ай келбеті неткен ғажап еді. Ілкіде ғана ғарасат майданын кешіп, өлім мен өмірдің тең ортасында құлын да құлыны шығып жанталасқан ауру жан да мынау қоңырқай үйдің əйнегінен құйылған қаятты нұр- дан шипаланғандай жанын жая ұмтылды сəулеге. Бір үйді жан өмірдің дəмін қайта таусап, кермек тати бастаған ау- зын аша өзгеше ынтығыспен қарбыды ауаны, өзгеше тыныс алды. Жым-жырт. Қандай жақсы. Тіпті бəрі де қалжыраған сұрқай халді талақ тастап, жалқы сəт тылсым алған тəрізді. Тыныштық рақатының алтын бесігінде құндақталып қалған секілді. Бəрі де осы күйді – айлы түнді бұрын-соңды көрме- гендей, бірақ ертеден-ақ аңсап-сағынғандай, көз талдырып күткендей ме?.. Бұл не деген дел-сал балбыраған мамырстан түн еді. Қараңызшы, қараңызшы, қоңыр салқын... қоңыр салқын үйде, қоңырқай күйде тобық жұтқандай томпайып, жым-жырт, тым-тырыс отырған жұрттың кіреукесіз дида- рына: сонда сіз мынау жалпақ жаһаннан баз кешкен жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да күндердің күні – осындай бір қысылтаяң сəтте – өз-өздерінен есеп алып, өз-өздерінен салқын да сазды мұңның ақ мамығына оранып, қалжа жеген- дей маужырап отыратынын мұғдарлар ма едің. Мақшар сəті ме бұл? Сол іспетті бұлаңытқан бұлың-бұлың бұла дүние...

– Е-е, жасаған! Тіршіліктен – тірі тышқаннан айналдым. – Бұл – келмеске кетем бе деп жатқан кемпірдің сөзі. Неге еке- ні беймағлұм, осы сөзді үн-түнсіз отырғандардың бəрі іштен мінəжаттай қайталағысы келді. Мүбəдə ақирет үшін де бір игілікті іс істеп кетуімен озық қой бұл халық.

Алтыбақан құдды осындай айлы түнді тағы бірде, бая- ғыда шығар, көрген, сезінген секілді. Шешесі мұны қалай тапты – білмейді, қалай өсіргенін біледі тек. Ел не көрме-


ді – бəрін. Бірақ бұлар сол елден бір мысқал артық тартқан сияқты тауқымет қамытын. Ал тəлкек қылған тағдыр емес, осы елдің өзі ғой. Биікке де шығарды, күйікке де қалдыр- ды. Итсіңдер деді, адамсыңдар деді. Егер алапестей аластап беттеріне түкірсе, бір айналып кеп, сол беттен сүйетін – осы елің ғой, ел ғой... Ал енді кінəлап көр. Сен сондайсың деп көр, айта алмайсың.

Иə, онда айлы түн еді ғой. Шешесі мұны əлгі дəу қара- ғайдың түбіне ертіп барған. Қолын қарағайға тіреп тұрып, Алтыбақанды білегіне шығарған. Сонда бұл анасының бі- легін басып тұрып, қарағайдың шайырын армансыз алып еді. Сонда мұны жалғыз қолына қондырып, былқ еткізбей ұстап тұрған анасының қажыр-қайраты таң қалдырған. Сон- да анасы өзі жоқ, түбірі қалған бес қарағайдың томарын нұсқап: «Сен білмейсің ғой. Осы жерде бұрын қатар өскен алты қарағай болушы еді. Бесеуін кейін келе отынға жығып əкетіп, мынау жалғыз қалды. Кім білсін, мұны қашан сұла- тып салатынын. Біздің ауыл ол кезде осы Суықсайда отыра- тын. Əйтеуір, үркердей үйірілген шағын ауылдың өз қызығы өзінде, көңілді еді ғой. Осындай айлы кештерде улап-шулап, кəрі-құртаңдарға маза бермей, алты қарағайға алтыбақан құратынбыз. Сен сол бір қызығы мол, қызулы шақта тудың да, атыңды ерсі болса да, Алтыбақан қойып едік. Алтыба- қан сонда: «Əкем де бар ма еді?» – деп сұрағысы келген. Бі- рақ сұраған жоқ. Сосын не болып еді. Е-е...е... анасы екеуі енді қайтуға ыңғайлана бергенде, алдарынан көршілес тұра- тын бүкір қатынның күйеуі шыққан екен ғой. Алпамсадай денесін екі аяғы əрең көтеріп жүретін дəу қара əдейі іздеп келгендей-ақ, бұларға оқыс ұмтыла беріп еді. Бəтима Алты- бақанды бауырына жасырып, сескене ығысқанда, дəу қара:


– Аялдашы, Бəтимаш, қасқыр емеспін ғой жеп қоятын. Мен ертең аттанайын деп жатырмын, – деген абдырап. Со- дан кейін не болып еді... Е-е...е, дəу қара мен шешесі күбір- күбір ұзақ сөйлескен. Айтқандайын, дəу қара Бəтиманы қап- сыра құшақтап сүймеп пе еді. Шешесі де кет арысыз ынтыға ұмтылып, қауышқан. Алтыбақан бір сəт ұмытылғандай боп, анасының бүкір қатынның күйеуімен бұлайша жоғын тап- қандай аймаласуының байыбына бара алмай, аңтарылып тұрған. Дəу қара ожар еді-ау. Бəтиманы тастай беріп, мұны да шөпілдете сүйген-ді. Бет-аузын тырмалап, тырбың-тыр- бың қарсылық көрсеткен боп еді, елең етер түрі жоқ. «Ал- ташым, Алтыбақаным» дей береді. Масқара ғой, оның қай екі туып бір қалғаны. Мұрты қандай қатты еді, бет-аузымды жыбырлатып жіберді. Онда бұлаңытқан ертек іспетті: қызық түн еді ғой. Жер-көк ақ бозданып талаурап мызғып жататын. Бүкір қатынның күйеуі бұлардан жыртылып айырылып, айлы түнде ағараң қағып, мəрғау асып бара жатқандай, ұзай берген. Мұңлы мұнарға бөккен таудың қойнауына сіңіп бара жатқан дəу қара ертегінің алып батырына ұқсап кетіп еді. Соғыс деген пəлекетті Алтыбақан түсінде көрген. Дүние-ау, үйді өрт жалап, жайпап жатқан сықылды еді ғой. Дүние-ау, үй ұлар-шу, қым-қуыт, азан-қазан: əйтеуір, бір қырдың ба, қалың жиделі тоғайдың ба, бəлкім, құрақты шалқар айна көлдің бе, ар жағынан жылап-сықтаған дауыс шығып, үздік- үздік талып жететін. Күн батып бара жатқан. Күн өзгеше халде, тосындау райда еді ғой. Күн Алтыбақанға бірде отқа қыздырған жез табаққа ұқсаса, бірде сол сор маңдай Күнді əлдекім бауыздап жібергендей қызыл-жоса қан еді ғой. Тіпті Күн ғана ма, – толайым табиғат таңғажайып құбылыста. – Дір-дір еткен қанға ұйып мең-зең есеңгіреп жатпады ма?


Əлгі қан нұрлы күннің шапағы Терісаққанның жалбызды жұлмалаған жал-жал толқындарын бас салып аймалағанда, о да қан қызыл түске боянып, Алтыбақанның көзіне: таудың құзар басынан əлдеқандай бейбақ мал бауыздап жатқандай сарқыраған қанды бұлақты елестеткен-ді. Содан соң қызыл- жоса күннің бетінен не көріп еді? Е-е... ұбап-шұбаған ұзын сонар түйелі көш, шылауышы қанға боялған кемпірлер, са- қалдарынан сорасы аққан шалдар, қан қызыл боп өртеніп, күйіп, бажылдап-барқырап бара жатқан өзіндей балалар күн- нің бетінде кино кадрындай көлеңдеп тұрып алмап па еді... Сонда əлемнің əйнегі быт-шыт шыққандай аза бойыңды қаза ететін жаңғырық естіліп, сосын құлаққа ұрған танадай өлі тыныштыққа бой ұсынған. Иə, сөйткен – өлім тынышты- ғындай мылқау тыныштық басқан. Алтыбақан бар даусымен айқайласа да, үні шықпай, жағалауда қалған балықтай, бе- керден-бекер аузын ашқан. Дүние енді қызыл жалқынға бөк- пей, шұғылалы, мəңгі жасыл нұрға шомып, балбырап, кең тыныстап, кербез керіліп жатқан. Бірақ Алтыбақанның үні сонда шықпай қойып еді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.