Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Луиза 7 страница



Шофер сүзеген бұқадай түксие қарады да: – Кет! Кет! – деп айғай салды қазақша. Сосын: – Я тебя ненавижу, – деп жаман орысшасымен былдырлады. луиза «ах-ах» деп бетін басқан күйі өңі құп-қу болып шегіне берді: Қожақ тағы айғайлады.

– Ты, именно ты, во всем виновата. а ну-ка скажи, не добитый фашист, кто убил моего отца?! – Кабинадан қарғып түсті де, көзі жасқа толып, сілейіп тұрған қызды қолындағы «22-ші» номерлі кілтпен қақ маңдайдан салып қалды. машинасына қайта қарғып мінді де, әлі орылып үлгірмеген күнбағысты жапыра, қос сызық тастап құйындата жөнелді батысқа... Колхозшылар күркетауықтай шуласып барып, үзілді... Нұрланның көңіліндегі


сұлулықтың көк күмбезі быт-шыт болып сынған еді! аттан домалап түсіп, күнбағыстың үстінде құлап жатқан қызға жүгірді: өңі аппақ екен... талықсып ұйықтап кеткендей... ал, маңдайынан, аппақ маңдайынан жылып қан аққан... қан... қып- қызыл қан аққан аппақ маңдайынан... Нұрлан луизаны емес, сонау 1943 жылы қамшы тиіп жараланған шешесін көргендей өкіріп барып бас салды. Одан арғысын білмейді, есінде жоқ. ақкеңсіріккке қарғып мініп, Қожақтың машинасын ұзақ қуыпты, бірақ қуып жете алмаған екен, ата-бабасынан түсіп балағаттаған екен... жылаған, өксіп көп жылаған... әскерден тірі оралсам Қожақтан кек алам деп ант еткен, жүрегіне еріместей болып, жұдырықтай мұз қатқан... ерімейтін болып... сұлулап соққан күмбезі мәңгіге сынған, күл болып уатыла сынған... быт-шыт... быт-шыт... быт-шыт...

Ертеңінде анна апасының үйіне барды. луиза төсек үстінде басы таңулы жатыр екен. Нұрланды көріп, күшпен жымиған болды. Өзін-өзі ұстай алмады, бұған дейін бұғып келген ынжық мінездің басына бір тепті де, ғашығын құшақтап солқылдап жылады.

Неміс қызы жас жігіттің шашынан сипап уатты.

Қыздың көзінде де күнәсіз мөп-мөлдір жас бар еді. Осы кезде үйге колхоздың бастығы және ауылсовет ауданнан ертіп келген бір милициясы бар кіріп келді.

– Как здоровье дочка, голова не болит? – деді бастық. агроном қыз көзін жұмып, басын изеді.

– Қожақ итті ұстап түрмеге қаматтық. Ол енді ешкімге де қол көтере алмайды, – деді ауыл советтің бастығы. луиза таңулы басын оқыс көтеріп алды да, ауырсынып қайта құлады. Содан соң аналарға естірте:

– Сейчас же отпустите его! Немедленно отпустите его!..

Он, он не виноват, он ни в чем не виноват..., – деді. милиционер жігіт аң-таң. Бұдан соң неміс қызы ұзын

кірпігін қайта көтеріп, төбеге тесіле қарап жатты. Тағы да: – Отпустите его, пожалуйста, прошу вас, верните ему свободу... он ни в чем не виноват! – деді.

Келгендер «мына қыз жынданған шығар» деп сарт-сұрт шыға жөнелді. Олар кеткен соң луиза Нұрланды ымдап қасына шақырды, бетінен сипап, қолын қысты. алақаны ып-ыстық екен.


– Нурланчик, поцелуй меня, не стесняйся, прошу тебя, поцелуй, – деді көзін жұмып. Не істерін білмей толқып қалған Нұрланға анна апасы: – Ұялма, сүйе ғой ұлым, сүйе ғой, – деді жанарына ұялаған жасты жаулығының ұшымен сүртіп. Нұрлан неміс қызын алғаш та, ақырғы рет сүйді. луиза: – Спасибо!

– деді. Сонсоң бұларға түсініксіз тілде:

– Их лиепте зи... – деді. Неміс қызының осы ауылға келгелі тұңғыш рет өз тілінде сөйлеген сөзі еді бұл.

 

міне, осымен 1955 жылдың жазында болған оқиғаны аяқтаймын. Бұдан соң не болды дейсіздер ғой, бұдан соң бұл ауылда пәлендей өзгеріс, не жаңалық болған жоқ. Қарадаланың бетіне сары ала кілем болып төселген күнбағыс орылып, орнында дән терген қарғалар ғана қалған... Неміс қызы тәуірленіп, әл жинаған соң Шыңғыстайдан мәңгілікке кеткен – мүлдем кеткен. Колхозшылар: әйтеуір бір күні, бір жылы қайтып оралатын шығар деп дәмеленіп жүр. Соғыстан қалған жарақаты жазылмаған қорықшы Әкім дүние салды. Оның ұлы Нұрлан әскерлік үш жылын өтеп бүгін қайтып оралды туған ауылына. Жаз шыға қайтып оралған Нұрлан туған жерінің бір пұшпағына табаны тие бере мұқым Қарадалада,қала берді әр қазақ үйінің бақшасында, ауласында Күнге қол созған сансыз күнбағысты көрді... ал, ашық аспанда неміс қызы аманатқа қалдырып кеткен алып күнбағыс- тай, айналайын Күн тұр... күлімдеп!

Бірақ, Нұрланның мынау аппақ дүниеге... орната бастаған

сұлулық күмбезі құлаған қалпында қалды... быт-шыт. мынау аппақ дүние...

 

Переделкино, 1977 ж.


ӨЛІАРА

Қайсыбір жылдың қоңыр күзі.

алтайдың қара суығы әлі түсе қойған жоқ еді. алтайдың қызық шақтары болады. Сыпыра тауды жиектей батысқа жылыстар күн сәулесі қызусыз болса да, сүйек балқытар қуаты бар – өз-өзіңнен маужырап өң мен түстің арасында есеңгіреп жүресің. Не ыстық, не жылы емес дүбара жылымық күнді шуақтап, киіз үйдің іргесінде отыра бергің келеді. Кейде жыланша ирелеңдеген жалғыз аяқ сүрлеумен бүлк-бүлк желіп кележатқан жолаушы көрінермедеп, көзталдыра ұзаққарайсың; кейде жалғыз аяқ ирелеңдеген соқпаққа түсіп жапырақтары әлі сарғаймай, сары жасылданып тұрған орманға беттегің келеді. аспанға қарайсың: көкпеңбек болып тұнып тұр. Сол тұнып тұрған аспанның төсінде таспиық – қайтуға беттеген тырналар тізбегі. «Құс биыл жай қайтты. Қыс ерте түспейді», – дейді ақсақалдар. ақсақалдар айтады: «Биыл астық шығымы жақсы, пішенді де ерте бастан маялап алдық, табиғат жарықтыққа өкпеміз қане». ақсақалдар айтады: «Өлара ашық қой әзірше. Қазан айы биыл тыныш өтер». Тағы да ақсақалдар айтады:

«Құдайдың құдіреті, өкімет орнағанына да біраз болып қалған екен-ау; зымырап бара жатқан заман-ай десеңші; бұрыңғы кезде шалдар күнім өтіп барады деп жылаушы еді, ендігі жас күнім өтпейді деп жылап жүр. Қарқынымыз қатты, қайда барар екенбіз?!». ақсақалдарды тыңдай бергің келеді, бір-ақ олар осы күні аз сөйлеп, тақыстанып алған, кәрі қойдай тартқыншақ. Көңілі шаппаса, жаратпай кіржіңдейді-ай. Бұрынғыдай «Тәйт әрі, тек отыр» деп зекуге батылы бармайды. Осы күнгі шалдар біртүрлі қызық, әрі барған сайын жұмбақтанып, барған сайын, қазымырланып барады; барған сайын, азайып барады. Олар барған сайын, дүниені дүр сілкіндер әр жаңалықтан іштей сескеніп, бүгінім тынышты өтсе екен деп тілейді. Ие, олар көп дүние тілемейді де, тыныштық тілейді болғаны.

Таудың қара суығы түспеген соң, қыс қыстауларына мінбеле- мей, күземде отыр қойшылар. Келер қыстан олар да жақсылық, кең пейіл дәмелі. Қойшы атына міне салып, шауып қыстағына


барады. Есік терезесін айқыш-ұйқыш тақтаймен шегелеп тастаған иесіз үйді айналып шығады. Түтіні сөнген мұржаға қонып отырған сауысқанға тас дәлдеп ұшырып жібереді де, жүрегі сазып ауыр күрсінеді. Оның есіне, соғыс кезінде талай тамның дәл осылай иесіз қаңырап қалғаны түседі. Сосын қыстағынан күз күземіне бет түзеген қойшы көп нәрсе жайында ойлайды. Биыл үш баласының бірдей мектепке баруы керек, олардың қағаз-қарындашы мен киімін сайлау – жеке шаруа. Бәріне де үлгеру керек. Соңғы күндері әйелінің аяғы ауырлап жүр. Қыстаққа көше алмай босанып қалса, ол – бір әуре. Ол күбірлеп ұзақ ойға батып отырып, қосына қалай жеткенін сезбей де қалатын. Оны бәрінен бұрын ала мойнақ қарсы алады. Сосын бес баласы, бес баласының екеуі егіз, бауырын жаңа көтерген, сосын әйелі шығады үйінен. Бағанадан бергі ауыр ойдан серпіліп, көңіліне жылу тарағандай болады. Бес бала әкелеп тізгініне оралады. Сол сәтте барып қойны- қонышын қарманады. Қойны-қонышын қарманып барып, ауылдан ала шыққан кәмпит, ойыншықтарын үлестіреді-ай рақаттанып. Енді әлгінде ғана әкелеп бас салған балаларының қуана жүгіріп, алақайлап, аларын шын алған соң, бірте-бірте суси жылыстап, ал әйелі шелекті даңғыр еткізіп, суға кетіп бара жатар, шай қайнатып берем дегені. Құрт салған шайды бұлар қарама-қарсы отырып, ұзақ ішісетін, ләм деспей, әрқайсысы өз ойымен болып, оңаза ішілетін.

Таудың қара суығы хабар-ошарсыз жатқан соң, арқаны кеңге сала бастайтындардаың бірі – Қойшы. Қар жауғанша біртіндеп, жел өтпестей етіп қамсаулап алармын қыстақты деп ойлағаны ғой. Ұзын арқан , кең тұсаумен жүріп, талай-талай қапы қалып, сан соққаны есінде, ылайым ертеңін бүгіннен ойлау қадетінде онша жоқ та еді. Дегенмен, осы жылы әр нәрсеге асығыс, бір түрлі құлқында жоқ бөтен құнттылық аңғарылған. Ежелден жайбасар, саспас адамның жоқтан өзгеге қоқшаңдап, қалайда, осы қылығы өзіне аққа қара басқандай үйлеспей тұратын. Дәл биыл даболған бөлекшемінездің салдарын табаалмай сандалған әйелі «ес кірейін дегені шығар, байғұсқа» деп жорыды. Бірақ ерінің есі бұрыннан барын, ежелден ақылды, бірақ сол ақылды ағыл-тегіл рәсуаламай, тізгіндеп ұстарын он жыл отасса да сезген емес. Әлгінде шайды сораптап ұзақ ішкені ындыны кеуіп шөлдегені емес, бағана ат үстінде мазалаған ойдың ұшығын әлі де таба алмай мыж-мыж болып бас қатырған. Күн қағып,


тотыққан қара күрең жағы пышақ жанығандай етсіз қудай. Әуреге түсіретін сақал-мұрты жоқ, тықыр көсе еді; иегінің әр жерінен бес-алты тал қыл сепсейе қалса, өсіріп барып жұлып тастайтын; ол құрғырды дәл осылай ауыр ойға шомғанда, ширатып, үлкен ермек етуші еді, қазір де бір-бірлеп жұлып отыр. Ерінің ауылдан онша олжалы оралмағанына жыны ұстап кеседегі шайын тауыспастан жерошаққа шаша салып еді әйелі, бұрқ етіп күлі аспанға көтерілді:

– Ерінбей-ақ бір қап ұн ала келер едің ғой, бейшара. Иегіңдегі бес-алты қылыңмен алыс та отыр солай омпиып, – деді де, ызылдап тұрған самаурынды бұлан-талан ала жөнеліп, суын сар еткізіп шелекке құйды да, шоғын қағып бақанның басына іле салды. Қойшы шүңірек көзінің қырымен міз бақпай қадала қарады. Тағы да бір-екі кесе ішкісі бар-ды, бірақ үндеген жоқ, үндесе үдетіп алатынын ойлады; ал әйелі барып тұрған көк пері екенін біледі; ал әйелі шынында бір ашуға мініп долданса

, айын аспаннан келтіріп, бала-шағасымен қоса бықпырт тигендей айдап шығарына кәнік-ті, бастан талай-талай өткен сыралғы оқиғалар. Ол ләм деместен орнынан тұрды, іргеде жатқан қамшысын алып қостан шығып кетті. Дастарқанның кеспірі тым жайсыз қадаушабыр болған соң, көп айналмай, бағана ойнап кетіп еді балалар. атқа қона берген әкесіне тұра ұмтылысып: «Қайда баласың, тағы да ауылға баласың ба, кәмпит әкелесің бе?» – десіп қалды.

– Әкеледі ғой, әкеледі, – деді босағаға сүйеніп, көзі шатынап тұрған әйелі, әйтсе де, ұрты солбырап атқа мініп жатқан күйеуін аяп. Қойшы ең кішкенесін жерден көтеріп, бауырына басып, маңдайынан сүйді. Сосын еппен жерге қойып: «Жоқ шырақтарым, қойды болжаймын», деді де, шолақ торысын сауырлай бір салып, бүлкең-бүлкең желе жөнелді. артынан ала мойнақ ерді. Босағаға әлі де мұңая сүйеніп тұрған әйелі: «Құдай- ай, қой соңында сандалтып қойған. Қандай ғана қазақтың тасы өрге домалап, үлде мен бүлдеге оранып отырады. Қандай ғана қатындар қарағайдай күйеу тауып алады, сорым-ай, сорым-ай»,

– деп, тұлан тұтып жылап отыра кетті. Бірақ бұл сөзді абиыр болғанда күйеуі естіген жоқ-ты.

аспан айнадай таза, кірбеңсіз-бұлтсыз. Жомарт күздің балдырап, бабында тұрған шағы еді. Әне, бір топ тырналар жылы мекендеріне ұшып барады, ұшы қиырсыз тізбек, таусылар емес. Егер құс болса, Қойшының әйелі баяғыда-ақ безіп кетер


еді-ау жылы жаққа. Жазған қос қанат бермей, даңғарадай бас пен шұбатылған қол-аяқ беріп қойған соң, не лаж...

Отар ұзамапты. Салық салғанның қалың күреңселі иығына бөгіп жатыр. Биыл жер отты ғой, қойлар қатты тойынып, жардай болып семірген. Семіздікті тек өздері ғана көтере алатындақтан да найқалып, ұялғаннан ғана қозғалғандай. Отардың бағдары дұрыс, қарасы түгел секілді болған соң, қиқайып Тас шоқыға қарап аяңдап еді; Шоқының қыр желкесіне шыға келгенде, алдынан керімсал есе жөнелді. Күні бойы екі иінінен зіл болып басқан сары уайым ой, қытымыр әйелдің теперіші ада болып, мына тас шоқының майда қоңыр самалы шаршаған жанын жадырата бастаған-тын. атын самырсынға байлап, қыздың жасауындай текше-текше тасқа тырмысып шыға бастады. Шоқы бұрынғыдан әлдеқайда заңғар тартып биіктеп кеткен бе, көп әуреге салып, қинап еді кеп. Бала кезінде лақтай секіріп- секіріп оңай-ақ шыға келетін. Кісі дегенің, жас ұлғайған сайын, су жүрек қорқақ, әрі қорғаншақ ат, сақ тарта берері несі екен. Иә, қартайған сайын, жан тәтті... Тас шоқының иығына шығып, сонау етекке қарағанда басы айналғандай болып, зеңіп бір сәт отырып қалды. Қайта көзін ашқанда, ойда сұлап жатқан сап-сары жөргектей даланы көрді; егінін орып әкеткен дала өзі отырған таудың етегінен басталып, барып-барып.., анау жап- жасыл орманға тұйықталар; қалың қайыңды орманының ені үш шақырымдай, ортасын қақ тіліп бұраңдай еркелеп Бұқтырма ағар, бұраңдап аққан Бұқтырма алтай арудың ұмыт қалдырған күміс шашбауы іспетті; сосын орманның ар жақ жағалауынан тағы да сары жағал дала басталады да, тағы да тауға тұмсық тірейді. Бірақ, Бұқтырманың сол жағындағы дала бірыңғай сыпыра жазаң емес, қыземшектенген дөңсең. Сол қалың шилі төбешіктердің ық-ығын қуалай, қыстақ салынған. Қойшының қыстағы тау мен шоқаттарға бай, ойлы-қырлы әрі шақпақ қой тасты теке тіресіп жатар жонды жотаның арғы бетінде. Ол жота бәрінен еңселі, қыстың қызыл желі аз тиетін дала. Сол жота қазір де қою мұнардың арасында алғашқы боп көзге шалынады. Қойшы күні ертең көшіп барар мекені – жалбиған жаппа қара үй көрінер ме деп, көз сата ұзақ қарады. Бірақ шаңқай түс, күздің келте түсі, мұнарлы келеді екен, бұлаңытып жота ғана елес бергені болмаса, қораның сүлдесі болжанбады. Тек ауыл ғана жер тағандай бытырап жатыр. ауыл бұрынғыдан әлдеқайда далиып үлкейген. Далиып үлкейген сайын, үркердей


үйірілмей қадайлана бытырап барады... біріне-бірі іргелес отырудан безгені шығар...

Қож-қож қына басқан жақпар тастың үстінде отыған Қойшы қарманып қалтасын қаранып еді, шылым таппады. Қаңсып қатты шөліркегендей болды. Ол ендігі сәтте не ойларын білмеді. Сырғақсып, әр нәрсенің басын бір шалып, қиялын тиянақтана алмайды. Сосын шырт түкірмек болып еді, құрғыр таңдайы таңдайына жабысып, түкірік шықсашы. Кеберсіген ернін дүрдитіп ептеп ысқырды. Бағана таман арадай анталаған мазасыз уайым-қайғы, ертеңнің қам-қарекет ойы ұшпалана ыдырап-ақ кетіпті; әредікте «балаларға кітап-сітапты қайдан табамын, қыстауды қашан қамсаулаймын, әйелім босанып қалса, қайтемін» секілді темірдің тотындай жанын жеп жүрген ойдың етегіне жармасып көрді, бәрібір тереңдей бойлап, үңги сары уайымдай алған жоқ. Қоңыр күздің маужыраңқы шуағы буын-буынды алып, ұйқы шақырған соң, қалғып кетуге болмайтын болған соң, еріксіз дел-сал мәңгірген кейіпті бастан кешеді. Қойшы қымыз ішкенде осылайша бейжай үнсіз балбырап тым ұзақ отырып алатын. ал қымыз ішпей, ақ жауын сыбыр-сыбыр тәулігімен жауып тұрса да, тонға бүркеніп алып, бұйығып күн демей, түн демей жата бергісі келер. Ол өстіп өң мен түстің арасында бұйығып жатып, алтайдың ақ жауынын іштей алқайтын-ай – қай-қайдағы қиялын тербеп, өз-өзімен оңаша қалдырғанына, мазаң дүниенің айқай-сүреңінен бір сәт болса да, қашаңқы тартып дем алдырғаны үшін алқайтын. Бүгін күн ашық, ал көп ұзамай сол ақ жауын да басталар. ақ жауын! Қойшы үстіндегі бар киімін сыпырып тастап, жалаң аяқ, жалаң бас аспан нұрының астында тұрып, ақ жауынға шомылғысы келетін. Сол секіріп, билеп тұрған әр тамшыдан баяғыда, тым ертеде жоғалтқан қайран балалық шағын іздер... бірақ нөсер әсіресе ағыл-тегіл сорғалаған көз жасын еске салатын еді... Шоқының үстінде отырған Қойшы сол ақ нөсердің иісін сезгендей болды ма, селк етіп есін жиып, жерге тас кенедей жабысып, өріп бара жатқан отарға қарады. Қаперсіз – мәңгі бақи қаперсіз қойлар.

– айналдырып келгенде, – деп ойлады ол, – осы қойлардан көп озықтығы жоқ-ау пенде дегеннің. – Ол осынау күйреуік сезімге, күйреуік пиғылға не... не итермелеп мәжбүр еткенін білген жоқ. Және ежіктей-тежіктей ақылға салғысы келмеді. Тағы да сонау ойдағы сары ала далаға естен айрыла ұзақ


қарады; бірақ қанша көз сата тесілгенімен, ештеңе көріп те отырған жоқ; әйтеуір бұлың-бұлың бірдеңелер, бұлдыр-бұлдыр дүниелер; тайғақ тағдырдың өзіндей кейуана құбылыстар; ажарын анық танытпайтын қияли сүлделер... Былтыр да, алдыңғы жылы да, тіпті бұдан он жыл бұрын не көрсе, соны көреді. ал Қойшы бала кезде, немесе алғаш шопан болып келген шақтарында анау аспан, анау дала мен тау, орман мен өзен басқаша, мүлдем басқаша секілді еді ғой. Онда бәрі-бәрі айқын, бедерлі әрі көркем көріністі, әсемсал сипатта еді. Сонда Қойшы осынау өлкенің бар бітіміне аса ынтызар көңілмен сонырқайтын. Бүкіл әлемді құшағына сыйдырардай екі қолын жая қасқая қарап тұрар еді де: «туған жер неткен ыстық едің», деп бар даусымен жар салар еді. Жар салған үнін тау-тас үздік- создық қайталап жаңғырар... жаңғырыр.., ал қазір ше, қазір неге олай емес, басқаша... ешнәрсе көре алмай отырғаны несі? Неге көзінің алдында кербез керілген дала, тәкаппар тау, ойлы орман, асау өзен көріністенбей буалдыр бірдемелер тұманыта береді... Тек қана түтін, түтін көріп отыр. Шынымен-ақ осы кәсіп, осы суреттер жалықтырғаны ма? мүмкін жер өзгеріп бара жатқан шығар, мүмкін ел өзгеріп бара жатқан шығар...

Буалдыр дүние, маужыраған тыныштық. Әне: дала, ауыл, өзен, орман; тау, күреңсе, қой, өзінің жарбиған қосы. Былтыр да сол, ертең де сол. Сосын қыс келеді қылышын сүйретіп,

ағаштар қуарып, орман жалаңаш қалады; өзен су алып, көк мұздың астында ыңырсиды; тау ақ сұр бұлттың, аппақ қардың астында іштей егіледі; ақ дала ақ тонды айқара жамылады да өлі ұйқыға кетеді; іштей тынып Қойшы жүреді күйбеңдеп. Оның есіне өткен қыстың қалай өткені түседі.

Осы жылдың қысында:

– Қар қалың түскен жоқ. Бірақ қар суығы қатты болды. Әсіресе, ақпан айының ортасынан бастап құбыладан сұп-суық жел соқты да тұрды. Сыпыра таудың желкесінен піспек бойы биіктей ғана батысқа жылжитын күн жансыз, өлімсіреген сәуле шашады. Кейде сықастырып қара сұр бұлт торласа, сол қара сұр бұлттың астында қалған күннің қашан шығып, қашан батқанын ажырату қиын-ақ. Өңі құлазып, тоң болып қатып, шыт-шыт айырылып кеткен жер салқын сазарады. ал қойлар болса, сол мелшиген жерді жұқана жапқан қырбақ қардың әр тұсынан қылтанақтанған сояудың басын шалып, салдақы желмен итінген шидің түбін жұлқылап талмау жасар. Киіктің


жонындай тұрықты дөңнің ықтасынында отырған Қойшының қыстағы анау көп тобырлы ауылдан адасып қалған жалғыз үй дейтін. Немесе бір кезде тобынан көз жазып қалып, енді жеуге, енді көруге бар ділімен құштар болған азаматтың туған жер, өскен еліне асығуындайтын; немесе ер азаматтың ел жұртына бір жола көңілі қалып, қамықты жүрек, құрдымды тілекпен жалғыз тірлік, жалғыз түтін жалғыз мақсұтты таңдап, соны кешуіндей-тін. Қалай десек те, шақшадай басы шарадай болып жүрер Қойшыға сиымды еді. Ол өзі шындығында да осы саяқ тірлікті ол бастан қалап алған. Қалап алғанда: үлкен бір арман жолына түскені, құрмет атаққа ие болайын дегені ме, жо-жоқ, өзінің пешенесіне тек қойшы болу ғана жазылғанын көргендіктен түсініп, қой бақпаса арам қататындай, уайымшыл сезімде жүретін.

Қойшы өмір жолын мүлдем басқаша бастағысы келген. Табиғат сараңдық жасапты. Табиғаттың берген там-тұм дарыны жоқ емес те еді. амал не, ерте жоғалтты, машықтай алмай ерте... тым-тым ерте рәсуалады. Көмескі болса да, әлі есінде, мектепте оқып жүрген шағында тәмам баладан мұның алабөтен ерекшелігі – байқағыштығы еді. Әр нәрсені тез аңғарып, көрген сезгенін ұмытпай жадына түйетін. Бертін келе сурет салуға әуестенді. Қолына не түссе, сонымен әр жерді сызғылап, көп заттың нобайын шимайлай беретін. Жоғары класқа келгенде әжептәуір талабы бар танымал суретші болды. мектептің бүкіл әлем-жәлем қағазы өз қолынан өтіп жүрді. Қабырға газетінің редакторы болып сайланды.Бір күні әдебиеттен сабақ беретін мұғалім балаларға «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Қойшы сонда бас қатырып, көп ойланбай-ақ қолына қалам алып еді, бірақ не жазарын білмеді. ақ парақтың басын «Суретші болам» деп жазды да, жарты сағат ойланып отырды. Бұл – бір-ақ сөз, ал шығармаға кемінде үш-төрт парақ жазу керек. Тек мұғалім: «Жазып болсаңдар тапсырыңдар»,



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.