Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Алдыңғы ми . Аралық ми



Алдыңғы ми  

Омыртқалылар эволюциясында алдыңғы мидың, prosencephalon, дамуына басты екі жағдай: 1) сезімталдықтың жетілуі (алдымен ішкі ағзалық және иіс сезу, кейін көру, есту және т.б.) – бұл организмнің сыртқы ортамен байланысының жақсара түсуін қамтамасыз етті және  2) омыртқалылардың құрғаққа шығуында үлкен маңызға ие болатын шартты рефлекстердің   дамуы әсер етті. Құрлықтағы омыртқалылардың алдыңғы миының морфологиялық - қызметтік күрделенуі нәтижесінде ол: аралық  және соңғы миларға  бөлінеді.

 

 

Аралық ми

Аралық мидың, diencephalon, келесі бөліктерін: таламустық миды, thalamencephalon, таламусасты аймағын, hypothalamus, және аралық мидың қуысы - ІІІ қарыншаны, ventriculus tertius, ажыратады ( 20 – сурет ).

20 – сурет. Мидың бөліктері.

1 – соңғы ми; 2 – аралық ми; 3 – ортаңғы ми; 4 – көпір; 5 – мишық; 6 – сопақша ми.

 

 

Таламустық миға, thalamencephalon: 1) таламус немесе көру төмпесі, thalamus; 2) таламусүсті, epithalamus және 3) таламусарты, metathalamus, жатады ( 21 – сурет ).

Таламус немесе көру төмпесі, thalamus, сұр заттан түзілген, қыртысастылық сезім орталығы болып табылады да, пішіні жұмыртқаға  ұқсас келеді. Оның бүйір қарынша қуысына қараған жоғарғы беті - латералды жағынан шекаралық жолақ, stria terminalis, арқылы құйрықты ядродан бөлініп тұрады. Оның алдыңғы төмпешігі, tuberculum anterius thalami, және артқы кеңейген жастық, pulvinar,деп аталатын екі бөлігі бар. Екі таламустың медиалды беттерінің ортасындағы саңылау түріндегі қуыс - III қарынша деп аталады, бұл қуыста таламустарды байланыстыратын таламусаралық дәнекер, adhesio intertalamica,орналасады.Таламус пен гипоталамустың шекарасында горизонталды гипоталамустық жүлге, sulcus hypotalamicus, өтеді. Бұл жүлге алдынғы жағында қарыншааралық тесіктен басталып, артқы жағында ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінде аяқталады. Таламустың алдыңғы, латералды, төменгі және артқы беттерінің барлығы дерлік (жастықтан басқалары) көрші аймақтардың милық затымен бітісіп кетеді.Жоғарғы және медиалды беттердің шекарасында таламустың милық жолағы, stria medullaris thalami, өтеді. Ол артқы жағында кеңейіп жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді.Таламуста 40-қа жуық ядролар бар, олардың ішінде алдыңғы,артқы, медиалды, латералды ядролар (nuclei anteriores,posteriores,mediales et laterales) , және т.б. ядролар  ажыратылады. Таламуста жоғарылаған сезімтал (температура және ауырсыну, саналы проприцептивтік және т.б.) жолдар үзіледі де, мидың қыртысына барып аяқталады.

Таламустың ядроларының көбі соңғы мимен екі жақты байланысады. Жастықтың,  латералды иінді дененің және ортаңғы мидың жоғарғы төбешігінің ядролары көрудің қыртысастылық орталықтары болып табылады. Сонымен, таламус организмнің сыртқы және ішкі ортадан алатын барлық дерлік афферентті импулстерінің қыртысастылық орталығы қызметін атқарады.

21 – сурет. Ми діңі. 1 – таламус; 2 – таламусаралық дәнекер; 3 – ІІІ қарынша; 4 – милық жолақ; 5 – жүгеншік үшбұрышы; 6 – эпифиз (томпақ дене) ; 7 – ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төбешігі; 8 – медиалды иінді дене; 9 – ортаңғы мидың төменгі төбешігі; 10 – мишықтың ортаңғы аяқшасы; 11 – сопақша ми; 12 – ми аяқшасы, 13 – шекарлық жолақ; 14 – күмбез бағана; 15 – құйрықты ядро

Таламусарты аймағы немесе метаталамус, metathalamus, кішкене медиалды және латералды иінді денелерден тұрады. Медиалды иінді дене, corpus geniculatum mediale, таламус жастығының астында орналасып, ортаңғы мидың төменгі төбешігінің ядросымен бірге естудің қыртысастылық орталығы болып табылады. Латералды иінді дене, corpus geniculatum laterale, жастықтың төменгі-бүйір бетінде, көру жолының латералды будасының бойында орналасып, таламус жастығы ядросымен және жоғарғы төбешікпен бірге қыртысастылық көру орталықтары болып табылады. Сонымен, екі иінді дене ортаңғы ми төбешіктермен байланысады ( «ортаңғы миды» қараңыз).

Таламусүсті аймағына (эпиталамус),epithalamus, томпақ дене (эпифиз), жүгеншік және жүгеншік үшбұрышы жатады.

Томпақ дене ,corpus pineale, көлемі кішігірім томпақ пішінді, жоғарғы төбешіктердің арасындағы ұңғылда жатады. Ол қызметі бойынша эндокриндік бездерге жатады. Томпақ дененің алдынан екі жіңішке –жүгеншелер, habenulae, шығады. Олардың томпақ дененің алдыңғы шетінде бір - бірімен қосылатын жері жүгеншік дәнекері, commissura habenularum, деп аталады. Жүгеншелердің алдыңғы шеттері кеңейіп, әр жағынан жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Жүгеншік үшбұрышы алдыңғы шетінде көру төмпелерінің жоғарғы және медиалды беттерінің шекарасы болып табылатын  милық жолаққа, stria medullaris thalami, жалғасады.

Эпиталамустық (артқы) дәнекер,commissura epithalamica (posterior), көлденең бағытта бір ми сыңарынан екіншісіне баратын, эпифиздің алдында және төмен жағында орналасқан нерв талшықтарының жіңішке (1 мм-ге дейін) сабағы. Ол ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінің үстінде, үшінші қарыншаның артқы қабырғасында орналасады. Жүгеншік дәнекері мен эпиталамустық дәнекердің аралығында томпақ дене ұңғылы, recessus pinealis, жатады.

 

                                            Таламусасты аймағы            

 

Таламусасты аймағына (гипоталамус), hypothalamus, жұп емізіктәрізді денелер, сұр төмпе, құйғыш, гипофиз, көру жолы мен оның қиылысы жатады.

Емізіктәрізді дене, corpus mamillare, – артқы тесіктелген зат пен сұр төмпенің арасында орналасқан, жартылай шартәрізді жұп құрылым. Ол иіс сезудің қыртысастылық орталығы болып табылады.

Сұр төмпе, tuber cinereum, – алдынан сhiasma opticum және артынан емізіктәрізді денелер арасында жатады. Төменгі жағында қабырғасы жұқа, қуысты құрылым құйғышқа,infundibulum, жалғасады. Құйғыш жіңішкеріп барып гипофизге, hypophysis,өтеді. Гипофиз қызметі бойынша маңызды эндокриндік без болып табылады. Сұр төмпе қуысы жоғарғы жағында үшінші қарынша қуысына жалғасады. Сұр төмпенің алдында көру қиылысы, chiasma opticum, жатады. Қиылыстың алдыңғы және жоғарғы жағында фронталды бағытта жұқа, шекаралық табақша, lamina terminalis, өтеді. Көру қиылысы, көру жолына, tractus opticus, жалғасады. Шекаралық табақшаға артынан – алдыңғы дәнекер,  comissura anterior,  жанасып  жатады.

Гипоталамус вегетативтік нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерінің қызметтерін үйлестіретін орталық  болып табылады.

 

Үшінші қарынша

 

Үшінші қарынша, ventriculus tertius, екі таламустың ортасында орналасқан жіңішке саңылау. Үшінші қарынша артынан ортаңғы мидың суқұбырымен, ал алдынан жұп қарыншааралық тесіктер арқылы оң және сол бүйір қарыншалармен байланысады. Үшінші қарыншаның алты қабырғасын ажыратады. Бүйір қабырғалары таламустардың медиалды беттерінен және меншікті гипоталамустан түзілген. Оларды бір-бірінен таламусастылық жүлге, sulcus hypothalamiscus, бөліп тұрады. Меншікті гипоталамусқа ортаңғы мидың жамылғысы жалғасады. Алдыңғы қабырғасы шекаралық табақша, алдыңғы дәнекер және күмбез бағаналарынан түзілген. Күмбез бағанасы мен таламустың алдыңғы төмпешігінің арасында қарыншааралық тесік (Монрой тесігі), foramen interventriculare, орналасады. Бұл тесік арқылы ми - жұлын сұйықтығы бүйір қарыншадан III қарыншаға өтеді. Артқы қабырғасы жүген дәнекерінен, артқы дәнекерден, оның астындағы ортаңғы ми суқұбырынан түзіледі. Жоғарыда аталғандай, жүген дәнекері мен артқы (эпиталамустық) дәнекердің аралығында, эпифизге енетін кішкене томпақтық ұңғыл, recessus pinealis, жатады. Үшінші қарыншаның түбін chiasma opticum, tuber cinereum мен infundibulum, corpora mamillaria, substantia perforata posterior, жартылай pedunculi cerebri, түзеді.Үшінші қарыншаның түбінде екі ұңғыл: көру қиылысы мен шекаралық табақшаның аралығында – көру ұңғылы, recessus opticus, және құйғышта –

 құйғыш ұңғылы, recessus infundibuli, орналасады. Жоғарғы қабырғасы үшінші қарыншаның тамырлы негізімен, tela choroidea ventriculi tertii, түзілген. Тамырлық негіздің құрамына мидың көлденең саңылауы арқылы сүйелді дене мен күмбездің астынан енетін, мидың жұмсақ қабығы және оның астында орналасқан эпителийлік табақша кіреді. Олардың ішінде тамырлы өрім,plexus choroideus ventriculi tertiі, жатады. Бұл өрім ми-жұлын сұйықтығын өндіреді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.