Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Организм реактивтілігінің дерттанудағы маңызы



Организм реактивтілігінің дерттанудағы маңызы

Реактивтілік латынша rе-қарсы, aсtіо-әсер деген сөздерінеи құралған. Қазіргі күні бұл түсініктен кең мағынада қолданылады. Реактивтілікке көптеген анықтамалар берілген. Н. Н. Сиротонин: «Реактивтілік - сыртқы ортаның әсерлеріне организмнің белгілі жолмен жауап қайтару қасиеті» - деп анықтаған. Ал, А. Д. Адо: «Реактивтілік - сыртқы орта ықпалдарының әсерлеріне тұтас организмнің тіршілігін өзгертуімен жауап қайтару қасиеті»-дейді. Шын мәнінде ол: сыртқы орта ықпалдарының әсерлеріне тұтас организмнің, оның жекелеген ағзалары мен жүйелерінің тіршілігін өзгертіп жауап қайтару қасиеті немесе қабілеті. Ол барлық тірі жан-жануарларға тән қасиет. Қарапайым жануарлар сыртқы ортаның әсерлеріне зат алмасу үрдістерін өзгерту арқылы, кеуіп қалудан сақтанады, сыртқы ортадағы оттегі мен температураның өзгерістеріне төзімді болады. Суық қанды жануарларда қабыну үрдісі қалыптасып, қабыну кезінде қан-тамырларының өзгерістері және фагоцитоз пайда болады. Жылы қанды жануарларда иммунитет басталып, сүтпен қоректенетін жануарларда аллергиялық серпілістер қосылады.

Сонымен жануарлардың организмдері күрделілене түскен сайын, олардың реактивтілігі де күрделіленеді. Бұл организмдегі зат алмасу үрдістерінің күрделіленуімен және реттеуші жүйкелік-эндокриндік, иммундық жүйелердің жақсы дамуымен байланысты. Жоғары дамыған жануарларда қоршаған орта ықпалдарына (гипоксияға, микробтарға, улы заттарга т. с. с.) сезімталдық жоғары болады. Сонымен бірге оларда әртүрлі бүліндіргіш әсерлерге қарсы қорғану-икемделу мүмкіншіліктері де артады. Тұтас организмнің реактивтілігі жан-жақты көптеген құбылыстардың (қабыну, фагоцитоз, антиденелер мен сезімталдығы көтерілген лимфоциттердің өндірілуі, иммунитет, аллергия, анафилаксия, регенерация, зат алмасуларының өзгерістері, қызба т.с.с..) жиынтығымен көрінеді. Реактивтілік организмнің әртүрлі деңгейлерінде байқалады. Мәселен, молекулалық деңгейде реактивтіліктің мысалы ретінде орақ тәріздес жасушалық анемия кезіндегі S-гемоглобин (НвS) молекуласының оттегінің аздығына гемолиз дамуымен жауап қайтаруын атауға болады. Жасуша деңгейінде реактивтіліктің түріне лейкоциттердің фагоцитоз кезіндегі жағдайын келтіруте болады. Ағза деңгейінде организмнен аластанған ағзалардың әртүрлі қоздырғыштарға жауап ретінде тіршілігін өзгерту қасиетін көрсеткен жөн. Мәселен, жасанды жағдайда қызмет атқаратын жүрек гипоксияға, адреналинге, пилокарпинге т. б. қоздырғыштарға өзінің қызметін және зат алмасуын өзгерту арқылы жауап қайтарады. Бірақ тұтас организмде бұлардың барлығы біріккен, белгілі тәртіппен реттелінген түрде болады. Реактивтіліктің жағдайы жалпылама қаралмай бір немесе бірнеше ұқсас қоздырғыштарға жекеленіп қаралуы керек. Өйткені кейбір қоздырғыштарға организмнің реактивтілігі жоғарыласа, басқаларына төмендеуі мүмкін. Мәселен, қояншық ауруының ұстамасы кезінде жануарлардың терісіне люизит тамызғанда терінің бүлінуі, сау жануарларға қарағанда, әлсіздеу болады.

Реактивтілік көріну түрлеріне қарай екі топқа бөлінеді: 

● нормергия, 

● патергия.

Ол өзалдына: 

♣гиперергия,

♣ гипергия,

♣ анергия,

♣ дизергия - болып ажыратылады. 

Гиперергия - реактивтіліктің жоғарылауы; бұл кезде ауру туындататын әсерлерге байланысты дене қызымы қатты көтеріледі, қабыну қарқынды болып, қабынулық сіңбенің тосқауылдық қызметі ұлғаяды, фагоцитоз және антиденелер өндірілуі артады, жараның бітуі тездейді. Гипергия - организм реактивтілігінің төмендеуі; бұл кезде қабыну сылбыр өтеді, дене қызымы қатты көтерілмейді, жараның бітуі баяулайды. Анергия - реактивтіліктің мүлде болмауы; Ол шала туған нөрестелер мен қарт адамдарда байқалады. Сонымен бірге, кейбір адамдар өздері ауырмай микробтардың тасымалдаушылары болады. Терең кома, сілейме (шок), наркоз жағдайларында организм ешбір қоздырғышқа жауап қайтармайды. Дизергия - оның қалыптан тыс, бұрмаланып сапалы өзгеруі. Оған мысал ретінде: тербелістік (вибрациялық) ауру кезінде температуралық әсерлерге қан тамырларының реакциялары қалыптан тыс бұрмаланып, ыстыққа тарылып, суыққа кеңеюін келтіруге болады. Кекселену (климакс) кезінде, дербес (вегетативтік) жүйке жүйесінің қызметтері бұзылудан, болымсыз жағдайлардан жүрек қағуы, қан тамырларының суық температураға кеңеюі, бұрқ етіп тер шығуы байқалады. Реактивтілік төзімділік (резистенттік) деген ұғымга жақын тұрады. Төзімділік немесе резистенттік (лат. геsіstео - қарсы тұру) - ауру туындататын ықпалдарға организмнің тұрақтылығы. Төзімділік арнайыланған (спецификалық) және бейнақты (бейспецификалық), олар өз алдына ұрпақтан-ұрпаққа көшетін туа біткен және жүре пайда болған болып бөлінеді. Соңғылары өз алдына белсенді және енжар болып ажыратылады (- сызбанұсқа). Арнайыланған (спецификалық) туа біткен төзімділікке мысал ретінде адамдарда ірі қара малдың обасына, құстарда күйдіргі ауруына туа біткен иммунитетті келтіруге болады. Ал оның жүре пайда болған түріне иммунитеттің басқа түрлерін жатқызады. Олар өз алдына белсенді және енжар болып бөлінеді. Жүре пайда болған төзімділіктің белсенді табиғи түрі жұқпалы аурулармен ауырғаннан кейінгі организмнің иммунитеті болса, жасанды түрі — алдын ала әлсіздендірілген микробтармен егу (вакцинация) кездеріндегі иммунитеті. Бұл кезде енгізілген екпелерге организмнің өзі антиденелер өндіреді. Ал, жүре пайда болған төзімділіктің енжар түрі ауруға қарсы, дайын антиденелері бар, емдік сарысуларды организмге енгізгенде дамиды. Бұны серотерапия деп атайды.

Бейнақты (бейспецификалық) туа біткен төзімділік белсенді және енжар – деп ажыратылады. Оның белсенді түріне организмнің ауру туындататын ықпалдарға жаратылыстан қалыптасқан күрделі бейімделу жолдарымен белсенді түрде жауап қайтаруы жатады. Мәселен, сыртқы ортада О2 жетіспеуіне организм тыныс алуын, жүрек соғуын жиілетіп, қан айналым жылдамдығын арттырып, шеткері қанда эритроциттердің санын көбейтіп т.с. с. жауап қайтарады Бейнақты туа біткен төзімділіктің енжар түрінің мысалына организмдегі биологиялық тосқауылдар (тері, шырышты қабықтар, гематоэнцефалиялық, гистогематикалық тосқауылдар, шартсыз рефлекстер (жөтел, түшкіру), жануарлардың қатты қабаттары т.с.с.) арқылы қоздырғыштарға енжар түрде қарсы тұруды келтіруге болады. Бейнақты жүре пайда болған төзімділік организмді физикалық жүктемелерге жаттықтыру, температуралық ықпалдарға шынықтыру, гипоксияға бейімдеу, бейдәстүрлік емдеу тәсілдерін (ине салу, қан алу, дене нүктелерін

Спецификалық

Туа біткен

Туа біткен иммунитет

Жүре пайда болған

Бейспецификалық

Жүре пайда болған

Белсенді Енжар (емдік сарысу енгізу)

 

Белсенді (қорғануикемделу тетіктерінің қатысуымен

Табиғи иммунитет

Жасанды иммунитет

Енжар: - биологиялық тосқауылдар, - қорғаныстық рефлекстер

- дене шынықтыру, - суық суға жаттықтыру, - гипоксияға бейімдеу, - бейдәстүрлік емдеу тәсілдерікүйдіріп емдеу т.с.с.) қолдану кездерінде байқалады. Сонымен реактивтілік организмнің төзімділігі емес, ол төзімділіктің белсенді түрімен жақын келетін түсінік. Кей жағдайларда реактивтілік төмен болғанда төзімділік жоғары болуы мүмкін. Мәселен, жануарлардың қысқы ұйқысы кезінде орталық жүйке жүйесі тежелген, зат алмасу үрдістері азайған, дене қызымы төмендеген, осының бәрі реактивтіліктің төмендегенін көрсетеді. Ал, бұл кезде оттегі жетіспеуіне, жұқпаларға, уыттарға организмнің төзімділігі жоғары болады. Реактивтілікті түрлік, топтық, даралық деп ажыратады Түрлік реактивтілік. Түрлік реактивтіліктің мысалы ретінде кейбір жануарлардың қыс мезгілінде ұйқыға жатуын, құстар мен балықтардың жыл маусымына қарай орын ауыстыруларын т.с.с. келтіруге болады. Бұл реактивтілік жануарлардың жалпы түрін және жеке бастарын сақтап қалуға, олардың жаңа ұрпақтарын жалғастыруға бағытталған. Сонымен бірге адам жануарлардың кейбір жұқпалы дерттерімен ауырмайды. Мәселен, адам ірі қара малдың немесе иттердің обасымен ауырмайды, осыған сәйкес құстар қалыпты жағдайда күйдіргі ауруымен ауырмайды. Топтық реактивтілік. Жалпы адамзат бірнеше топтарға бөлінген. Әрбір ұлттың мыңдаған ғасырлар қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, қоректену ерекшеліктері, өркендеу сатылары адам организмінің реактивтілігіне әсер етпей қоймайды. Мәселен, тамаққа ас түзын көп пайдаланатын ұлттардың арасында артериалық гипертензия жиірек кездесетіні белгілі. Қиыр шығыс және солтүстік аймақтардың тұрғындарының реактивтілігі, оңтүстік аймақтардың тұрғындарына қарағанда, ерекше. Таулы жердің тұрғындарының реактивтілігі жазық жерлерде тұратындардан өзгеше болады. Экологиялық апатты аймақтардың тұрғындарының реактивтілігі, басқа адамдарға қарағанда, біршама өзгерген. Сол себептен дерттердің осы топтардың арасында тарауы да әртүрлі. Сонымен бірге, адамзат қан топтары, тіндік үйлесімдігінің антигендері, дене бітімдік ерекшеліктері, жынысы, жасы бойынша бірнеше топтарға бөлінеді. Бұл топтардың реактивтілік ерекшеліктеріне әсер ететіні белгілі.

 Даралық реактивтілік - деп жеке тұлғалардың реактивтілігін айтады. Әр адам қайталанбайтын тұлға. Даралық реактивтілікке мысал ретінде мыналарды келтіруге болады. Кейбір адамдардың сүтке төзімділігі төмендеген болса, кейбір адамдардың араққа тез құнығып кетуі байқалады. Кейбір сау адамдардың арасында олардың эритроциттерінде ферменттердің жеткіліксіздігі нәтижесінде көптеген дәрілерге (амидопирин, аспирин т. б.) гемолиз тез дамиды. Кейбір адамдарға хлороформ бергенде жүрек қарыншаларының жыпылық аритмиясы дамып, олар тез жан тапсыруы мүмкін. Хлороформ жүрек етінің катехоламиндерге сезімталдығын көтереді. Даралық реактивтілік арнайыланған (спецификалық) және бейнақты (бейспецификалық) болып, олар өз алдына физиологиялық, патологиялық болып бөлінеді. Физиологиялық арнайыланған даралық реактивтілікке иммунитет жатса, патологиялық түріне аллергия мен иммундық тапшылықты жағдайлар жатады. Бейнақты реактивтіліктің физиологиялық түрі сыртқы ортаның әртүрлі ықпалдарының әсерлеріне болады. Оның дерттік (патологиялық) түрі организмге көптеген бейнақты бүліндіргіш ықпалдардың (иондағыш сәулелер, улы заттар, ыстық немесе суық температуралар т. с. с.) әсерлерінен дамиды. Сонымен бірге адамда бұрыннан дамыған созылмалы аурулар (атеросклероз, гипертониялық ауру, гепатит, туберкулез, ішек-қарынның аурулары, қантты диабет т. б.) организмнің реактивтілігінің дерттік өзгерістеріне әкеледі. Даралық реактивтілік — адамның тұқым қуалаайтын тектік және дене бітімдік ерекшеліктеріне, жүйкелік, эндокриндік, иммундық жүйелердің жағдайларына, оның қоректенуіне, қоршаған (әлеуметтік) орта жағдайларына, тұлғаның жас мөлшері мен жынысына т.с.с. көптеген жағдайларға байланысты.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.