Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Жалпы патогенез. Аурудың патогенезіндегі кері айналып соғу шеңбері.



Жалпы патогенез

Патогенез (гр. раtһоs — бүліну, ауру, gеnеsіs — даму) аурудың даму жолдарының жалпы заңдылықтарын, оның өтуі мен салдарларын зерттейтін ілім.Ол аурудың этиологиясымен өте тығыз байланысты. Бұл кезде дене мүшелерінің кез-келген бөлшектерінде организмнің себепкер ықпалмен өзара әсерлері нәтижесінде алғашқы бүліністер пайда болады. Қандай да болмасын дерттің негізінде белгілі құрылымдық өзгерістер жатады. Бұл бүліністерге организм жағынан жауап ретінде қорғану-икемделу үрдістері дамиды. Аурудың даму кезінде бүліну және қалпына келу үрдістері тығыз байланыста және өзара әсер етуде болады.

Себепкер ықпалдың қарқыны тым қатты болғанда немесе олар ұзақ мерзімде әсер еткенде организмнің қорғану-икемделу жолдары жеткіліксіз болады. Қорғану-икемделу жолдары ауруға организмді азды-көпті бейімдеп тұрғанда аурудың теңгерілген сатысыболса, кейін олардың жеткіліксіздігі кезінде аурудың теңгерілмеген (декомпенсациялық) сатысыдамиды.

Патогенездің негізгі және ең жалпы зандылығы — өзін-өзі дамыту, өзін-өзі реттеу заңдылығы болып табылады. Демек, дерт бір кезде пайда болып, содан ары қарай тізбектеліп өтетінін көрсетеді. Мәселен, басталған сыздауық немесе теріскен барлық сатыларынан өтпей аяқталмайды.

Аурудың патогенезіндегі кері айналып соғу шеңбері.

Аурудың өзін-өзі дамыту және өзін-өзі реттеу жолдарындағы себеп-салдарлық арақатынастарда кері айналып соғу шеңбері қалыптасуының маңызы үлкен. Кері айналып соғу шеңбері (грек. – Circulus vitiosus) – деп аурудың себеп-салдарлық арақатынастарындағы бір салдардың, кері айналып келіп, бастапқы бір себепті одан сайын күшейтуін айтады.Мәселен, жарақаттық сілейме даму жолдарында артериалық қысым төмендеуінен дамитын гипоксия жүрек етінде заттардың алмасуын бұзып, оның атқаратын міндеттемесін өзгертеді. Содан артериалық қысымның төмендеуі және майда қан айналымның бұзылыстары одан сайын күшейеді. Осындай жағдай мидың гипоксиясынан қан тамырларының қимылдық орталығының тежелуі күшейіп, артериалық қысымның деңгейін одан сайын төмендетеді. Ол өз алдына гипоксия дамуын ары қарай күшейтеді.

Кері айналып соғу шеңберлерін жасуша деңгейінде де байқауға болады. Оған мысал ретінде жасуша мембранасының насостық қызметі бұзылуын келтіруге болады. Содан жасуша ішінде Са2+ иондарының жиналып қалуынан, бұл артық иондарды митохондрийлар сорып алады. Сол себепті митохондрийларда тотығулық фосфорлану бұзылып, кесек молекулалы фосфорлық қосындылардың (АТФ, креатинфосфат) түзілуі азаяды, энергия тапшылықты жағдай дамиды. Бұл өз алдына, кері айналып соғып, жасуша мембраналарының насостық қызметін одан сайын күшейтеді.

Аурудың патогенезіндегі негізгі тізбек.

Аурудың даму жолдарындағы себеп-салдарлық арақатынастардың ішіндегі ең маңызды тізбегін патогенездің негізгі тізбегі дейді. Мәселен, жоғарыда келтірілген жарақаттық сілейменің (шоктың) негізгі тізбегі болып ауыру сезімі есептеледі. Сол себептен ол дертті емдеу үшін ауыру сезімін басатын дәрілер қолданылады. Сол жақ жүрекше-қарынша аралық тесіктің тарылуы көптеген бұзылыстардың тізбегіне әкеледі. Бұл кезде сол жүрекшенің қуысы кеңиді, қан кіші қанайналым шеңберіне жиналып қалады, оң қарыншаның қызметі бұзылады. Артынан қан үлкен қанайналым шеңберінде жиналады, оттегінің тасымалдануы бұзылады, гипоксия дамиды, ентігу т. с. с. пайда болады. Бұл көрсетілгендердің ішінде осы ауру дамуындағы негізгі тізбек болып, сол жақ жүрекше-қарынша аралық тесіктің тарылуы есептеледі. Осыдан митралдық қақпақшаны кеңіту (комиссуротомия жасау) арқылы дерттің барлық көріністерін жоғалтады. Қантты диабеттің негізгі тізбегі болып инсулиннің жеткіліксіздігі, Аддисон ауруының негізгі тізбегі - бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатының гормондары өндірілмеуі немесе тым аз өндірілуі болады. Сондықтан бұл аурулар кездерінде инсулин немесе кортикостероидтық гормондар енгізу оларға тән барлық әйгіленімдердің жоғалуына әкеледі.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.