|
|||
ылмыстық жазалардың ұғымы, белгілері, жүйесі мен түрлері8.6 Қылмыстық жазалардың ұғымы, белгілері, жүйесі мен түрлері ҚР Қылмыстық кодексінің 39 бабы бойынша жаза дегенiмiз сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Қылмыстық жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар қолданылады: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) қоғамдық жұмыстарға тарту; 4) қамауға алу Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) бас бостандығын шектеу; 4) бас бостандығынан айыру; 5) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар: 1) мүлкін тәркілеу; 2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; 3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; 4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды ҚР шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу 8.7 Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға ҚР Қылмыстық кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және ҚР Қылмыстық кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн Қылмыстық кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер Қылмыстық кодекстiң 55 бабында айқындалады. 3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар 1) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау; 2) кінәлі адамның кәмелетке толмауы; 3) жүктілік; 4) кінәлі адамның жас балаларының болуы; 5) медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету; 6) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру; 7) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 8) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 9) қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың, жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру кезінде құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 10) жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы; 11) шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге белсенді түрде ықпал ету. 2. ҚР Қылмыстық кодексте көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн. 3. Егер жеңiлдететiн мән-жай Қылмыстық кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар: 1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы; 2) қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтiру; 3) қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау; 4) қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсендi рөл атқару; 5) кінәлі адамға психикасының бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi көрінеу белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту; 6) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшiн кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 7) кінәлі адамға жүктiлiк жағдайда екені көрінеу белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 8) адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 9) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 10) қару, оқ-дәрiлер, жарылғыш заттар, жарылыс немесе оларды имитациялайтын құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттар пайдаланып, сондай-ақ күштеп немесе психикалық мәжбүрлеуді қолданып не жалпы қауiптi тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 11) төтенше жағдай, төтенше ахуал кезінде, сондай-ақ жаппай тәртiпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 12) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы; 13) адамның өзi берген сертін немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы; 14) кінәлі адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 15) билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау; 16) құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы. 2. Егер Қылмыстық кодексте көрсетiлген мән-жай осы Қылмыстық кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайтадан ескерілмеуі мүмкін. 3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмайды.
|
|||
|