Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Гастриттердің патогенезі



Гастриттердің патогенезі

Гастрит – асқазанның шырышты қабығының тұтасынан немесе белгілі бір бөлігінің қабынуы. Өту қарқынына байланысты жіті және сүлде гастриттерді ажыратады.

Жіті гастрит

Этиологиясы. Жіті гастрит кейбір дәрі-дәрмектер мен улы заттардың (бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілер, ішімдік, күшті қышқылдар мен сілтілер, формальдегид, үшнитрофенол т.б.) әсерлерінен ең жиі пайда болады. Бейстероидтық қабынуға қарсы әсер ететін салицилаттар асқазан қуысындағы шырыштың қорғаныстық қызметтерін әлсіретіп, пепсин мен протондардың асқазан сөлінен оның шырышты қабығына өтіп кетуін арттырады (толығырақ төменнен қараңыз). Химиялық улы заттар асқазан қабырғасында некроздық өзгерістер туындатып, қабыну дамытады.

Ауыр жарақаттар мен дене күйіктерінің жіті кезеңдерінде қатты ауыру сезімі қанайналымның орталықтануын туындатып, асқазан қабырғасында қан, қылтамырларға түспей, ірі тамырлармен өтіп кетуінен онда микроциркуляцияның бұзылуы да гастрит дамуына әкеледі.

Кейде асқазан қабырғасына бактериялардың еніп кетуінен флегмоналық гастрит дамиды. Бұл бактериялардың ішінде стрептококктар бірінші орында тұрады. Стафилококктар, Escherichia coli және тұрпайы жәндіктердің кейбір түрлері сирек те болса гастрит пайда болуына әкелуі ықтимал.

Жіті гастритпен сырқаттанған науқастарды 30%-да ғана қарын үсті аймағында қызу, ауыру, жүрек айнуы, құсу сияқты әйгіленімдер байқалады. Кейбір науқастарда біріншілік бүліністердің және қабынудан асқазан тамырларының өзгерістері нәтижесінде қанау болады (қанағыш жалақ жаралы гастрит).

Эндоскопиялық зерттеу кезінде жіті гастритпен ауыратын сырқаттарда асқазанның шырышты қабығында нүктелі қанталаулар, ісіну, беткейлік жараларға дейін әртүрлі құрылымдық бүліністер байқалады.

Жіті гастритті емдеудің патогенездік негіздері:

● 12-24 сағатқа тамақ ішуді тыю, кей жағдайларда спазмолитиктер (Но-шпа, папаверин) және әсерленген көмір ұнтақтары тағайындалады;

● шырышты қабықтың қорғаныстық қабілетін азайтатын ықпалдарды (бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілерді, ішімдікті қабылдауды) тоқтатуға немесе асқазан қабырғасына тікелей бүліндіргіш әсер ететін заттарды жоюға (күшті қышқылмен уланғанда асқазанды сілтілік ерітінділермен шаю т.с.с.);

● асқазан сөлінің қышқылдығын (Н2-гистаминдік рецепторлардың тежегішін т.б. қолдану арқылы) азайтуға – бағытталады.

Қанағыш гастрит кезінде қанауды тоқтату және қансыраудың орнын толтыру үшін қан құюға мәжбүрлік болады. Бұл кезде асқазан қабырғасы қанауын тоқтату үшін оның қуысындағы рН 3,5-тен жоғары болуын қадағалау қажет. Кейде хирургиялық операция жасап қанауды тоқтатады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.