Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 15 страница




көмген картоп жеп, әкемнің ескі ерінің айылымен белін буыпты; сонда мені кенеп жөргекке орап, әкемнің қаңсыған ыңыршағын төңкеріп соған бөлеген екен. атымды ырымдап Жеңісхан қойыпты. мен Жеңіс ала келген екенмін. мені осы ауыл асықтырар.

Егер ауылды сағынсам – көз алдыма бір бұрымдап өрген шашын омырауына тастап бұрала басып, су әкеле жатқан, күн қызарып батарда өрістен қайтқан малды тосуға шыққан немесе ала сиырдың астынан өткен-кеткенге сығалай қарап, сиыр сауып отырған қыз-келіншектер елес беріп өтер.

мен ауылды сағынсам – сонау қырық деген қырғынды жылда жігітпен кыдырудың не екенін білмей қыршын қиылған апаларым түсіме кіріп, ағыл-тегіл көз жасы таңдайыма тамып кеткендей әсерде болармын. Әкемнің төрт қарындасы болған, үшеуі жар құшағын көре алмады, жарық дүниеден мезгілсіз аттанды. Қыз үшін – бұдан аянышты өлім бар ма?! мен әмәндә өз құрбыларымды асыл азаматтың қолтығынан, қырмызы теріп қырда жүрген шаттықты шақта көргім келеді. арманда кеткен апаларым үшін солар – бүгінгі қыздар сезінсе екен жастықтың салтанатын деймін. Жақсы сөзден жаңылған жар болса – жылап тұрып кешіремін, жылап тұрып осы сұмдықтың өзінен апалар бақытын көрермін, апалардың ерте үзілген күміс күлкісін естірмін. Бейбіт, жылқының жусағанындай әдемі шақта жалтаң тартып, жазым басқан қисық табан, жалаң төс жастар-ау, осынау бейуақ мамыр мезгілге еркелеп жүрсіңдер- ау. мен сендерді кешірер едім...

ауыл өзгермейді. Өзгерген мен ғана. ата жұртыма келген сайын ауыл ақсақалдары «оу, бір шаңырақтың жалғызы едің, қаланың жалбызы болып кетіпсің ғой. Әкең болса кетеуі кеткен шаруасын реттей алмай азып-тозып жүр, сен болсаң орға жығар құрмет-атақтың садағасында босып жүрсің. Есің барда еліңді тап, шырағым», – дер еді. Әйелдер айтатын: «Туу, алтай қыс шанаға жеккендей арығаныңды-ай, неге жүдеусің, бетіңде қан жоқ қой, қан». Құрбыларым әзілдейді: «немене, етегіңе намаз оқып жүрсің бе, бес жыл болды шыр еткенің жоқ. Өзіміздің қатын бесіншіні лақтырып жіберді». ал, мен үндемей күлімсіреген, жүдеген күйі тыңдап тұратынмын.


ауылдастарым осындай аталы акылын, әзіл-оспағын айта берсе екен деп тілеймін.

мен ауылға оралған сайын бәрінен де бұрын он жыл табан тоздырып білім алған қара шаңыраққа соқпай, тозған табалдырығынан аттап, сығырайған терезесінен ақбас алтай- ға, кең дүниеге көз тастамай, қоңыраудың сылдырын естіп, осынау сылдырды бәйгеден ат күткендей тағатсыз тосып отыр- ған оқушыларға есендеспей, сабаққа үнемі ішіп келетін да- нышпан ағайға – әдебиетші ағайға тағзым етпей қия баспай- мын. Сосын мен мектеп ауласынан сытыла ұзап, Күркіременің сайлауымен Бозталға тартамын. Сіз білесіз бе, Күркіременің мойыл қуалай өскен терең сайы мектептің дәл іргесінен басталып, Бозталға тұмсық тірейтін. Осы өзекті қуалай сұп- суық мөлдір бұлақ ағатын. Бәрі бәз қалпында, тек осы сайдың жиегіне ағаштан қиып монша салыпты. Бұрын он рет өртеніп қара күйе болып тұратын жапырайған жер тапа жоқ. мен соны сағындым. Күркіременің суы баяғыдан гөрі суалыңкырапты. ана жылы қар қалың жауып, Бозталдың көп тал-қайыңын малға жығып берген. Қазір ырсия сиреген. Күркіреме Бұқтырмаға кұяды. Оның дәл құяр айлағында айгөлек қайың қоршаған алаңқай бар. Бұл – менің махаббат мекенім. Ең ұзақ аялдап, бір-біріне жосылып келіп қосылған судың ақкөбік иіріміне телміріп, мелшиемін-ай. мен сонда шындап күрсінер едім. Көзімнен болымсыз жас шығатын. астымнан сыз өтетін. Бәрі бір отыра беремін. мен оны сонда ғана есіме алатынмын. Оның жұмбақ бейнесін алыс-жұлыс тірлік, азынаған уақыт, мазасыз жұмыстан жалқы сәтке әрең ашып алатынмын. Көз алдымда ол ылғи да жылап тұрар, ылғи да кінәлап, бар пейілімен құлай жақсы көріп кешірім жасап тұрар.

(Жазуым осы тұсқа келгенде әйеліме қарадым. Ол терең

күрсініп барып, іргеге аунай жатты. Балауыз шам өлімсірей сәуле шашады.)

мені судың ар жағында тұратын кәрі жездем қонаққа шақырды. Әкем кер биесін ерттеп берді де, әпкемнің ұлын артыма мінгестіріп суға дейін шығарып салды. Өткелде тұрып:

– Құлын адасып қалмасын, су тасып кетпей қайтып оралыңдар,

– деді. ақшам жамырай жездемнің үйіне жеттік. Жездем


қожанасыр адам ғой, ауылды айнала зыр жүгіріп, ісек тауып әкелді. мүйіз сапты пышақты жалаңдатып алдыма қойды да

«ал, ықылас істе» – деді.

Жездем арақ ішкенін қойған екен. маған еріп ауыз тигені болмаса көбінесе мені қыстаңқырап «ал, кеттік екі жылда бір келесің, жаман жездеңе өкпелеп жүрмісің», – деп алдап іштіріп, өзі сақ отыр. Он екі бала өсіру оңай болып па, бұрынғыдан әлдеқайда қартайып, шашын қылау шалыпты. Тіршілікке біржола мойынсұнып, көмпістену байқалады. менің көңілімді аулағаны ма өлең айтты, оның бір-ақ әні бар:

Біздің ауыл ақшиде, Сіз жолаушы бұл үйде. Кімге жолдас болады, Опасы жоқ сұм дүние.

Ол осы әнді сан рет қайталап, ақырын «аспанның асты қуыс, дүние – боқ, ер жігітке қайда барса таң атар?» – деп, аһ ұрып аяқтайтын. мен жездемнің өзегін өртеген бір өкініші барын, ал сол өкініштің өзі ғұмыр бойы сыртқа шықпай іштей мүжіліп, іштей таусылып жүргенін, бірақ сол өкініш не және не үшін қажет болғанын, тіпті, сол бір өкініштің өзінде тіршілігінің демеушісіне айналған құдіретті бір сиқырлы күш барын аңғардым ба, әйтеуір жездем осы әнді айтқан сайын мені де белгісіз мұң басып, тәубеге келетінмін. Ішіп жүрген кезінде солқылдап жылар еді. Жездем жұдырықтай ғана домалақ адам. мас болып туласа, апайым тырп еткізбей тақымына басып отыратын. ал, кешігіп үйге келмей қалса, «қайда жүр екен қаңғылестеп, әлдекім бір бүктеп қыстырып кетті ме» деп екі көзі төрт болып мың кіріп, мың шығады. Қалай болғанда да, он екі баланы асырап-сақтаған қаршығадай жездемнің алдында бас иіп, осы он екі бала ержетіп, төбесін көкке жеткізер күнді аңсайтынмын. Бірақ жездем аңсамайтын. Ол айтар еді: мен оларды асырау үшін дүниеге әкелдім. ал олардың жарылқауы міндет емес. менің таң-тамаша қалатыным, отыз жыл; шәй деспеген апа-жездем о баста бір-бірін сүйіп қосылды ма, біз құсап «дружить» етті ме, сұңғақ бойлы, он екі құрсақ көтерсе де өңін бермеген әпкем жездемді қалай менсінді. Бәрі де жұмбақ, мүмкін осы жұмбақтың шешімін таппағаным жақсы шығар.


Жездем мені есік алдына ертіп шықты да: «Биыл қаз- тауықтың өсімі жақсы. Қыс түсе екеу-үшеуін сойып саған саламын. адресіңді айтып кет. Әне бір қоңыр ала қазды... Калай, көңілің көнши ме?» – «Әрине ғой, әрине, жезде».

(мен бағанағы әйелім әзірлеген кеспені есіме алдым. Оны жездем жолдаған қаздың етіне пісірген едік. Ол – ұйқыда. Балауыз ери жанып тұр).

Үш күн еру боп, кешке қарай атқа қондық. Жездем тағы бір түнеңдер деп жығыла жабысты. Түндегі жаңбырдан кейін Бұқтырмада тасу болған соң көпір айналып өтуге тура келді.

Кер биенің жүрісі жайлы. ықыластана аяңдағанда сабасаң да бүлк етіп желмейтін. Болатжан жаурады білем, арқама жабыса түсті. Сентябрьдің ортасы, бұл өңірге қыс шақырып күн еңкейсе болды суытып, күндізгі қойбатпақ қара қатқаққа айналатын. Биылғы күз жауынды, жел аз. Сондығы ма ойпаң- ойпаңның шөбі әлі көк қалпында жатыр. ағаштың жапырақтары да өлімсіреп тұрғаны болмаса, жаппай сусып түсе қойған жоқ. Болатжан қалғи бастаған соң, құлап кетпес үшін екі борбайын қанжығамен байлап таңып тастадым. Кер бие зірк-зірк аяңдап келеді. Бірсін-бірсін жұлдыздар шыға бастады. арт жақтан салт атты екеу қуып жетіп, бетімізге бағжая қарады да, басып оза жөнелді. мен жым-жырт іңірде, жалғыз аяқ тоң соқпақпен үнсіз, мұңлы да сиқырлы ойдың құшағында сапар шектім. Сапардың, әсіресе, мынау оңаша қияли сапардың әйтеуір аяқталарына, ал аяқталса тіршілікке қош-қош айтып арманда аттанудың растығына көзің жетер. Іңірде жолға шығыңызшы, құдай-ау, қандай ғажап: бір-біріне иек артқан таулар талықсиды, шымшыма ызғар бар жел қарсыдан соғар, қарсыдан соққаны жақсы, артымда аға тұтып арқаланған бала бар ғой, жас өкпе- сіне суық өтер. Болатжанның балағы жиырылып, жіліншігі ашық қалған екен, ұстап едім мұздай; өзі пыс-пыс етіп ұйықтап отыр. Басымыздан бір топ тырналар ұшып өтті, мүмкін балапанын кеш шығарып, соны ұшуға жаттықтырумен аялдап қалған ең ақырғы тырналар шығар; басымыздан қос шүрегей кері ұшып өтті, мүмкін қыстауға қалған шығар; қыр жақтан ат кісінеді – ымыртқа оранып көрінбей қалса, «құру-құру» деп


шақырып тосып алуға мәжбүрсің. мен өз-өзімнен жуасып, томаға-тұйық отырмын. мүмкін өткенімді есіме алғаным шығар. анау арғы бетте жарқырап жатқан – Өрнек деген ауыл. Біз соңыра көпірден өтіп барып, сол ауылды жанай өтеміз. Сол ауылда қазір мен ойлап келе жатқан қыздың үйі тұрады. Ол менің ең алғашкы қыдырып, ең алғашқы рет сүйіскен, ең алғашқы рет бозбалалық жасап жылатқан қызым. Ол менің

– мынау жолдарды жазуға мәжбүрлеген жарылқаушым, мені жанындай жақсы көрген ақ тілекшім. Білесіз бе, әй білмейсіз ғой, оның есімі – Бақыт. арада алты жыл өтіпті – бір-бірімізді көргеніміз жоқ; арада алты жыл өтті – хат-хабар алысқанымыз жоқ; елден естуім бойынша – институтты биыл бітіріп келіп; ауылында мұғалім болып істеп жүр екен. мен Бақытпен өткізген інжіл шақтарды еске алдым. мен оған оқуға түсе алмай кеп, совхозда трактор айдап жүргенімде сөз айттым, сөз айту есіме де келмеген. ақпанның ақ түтек боранында шанамен ағызып келе жатқанмын. астыма басқан бір қапшық ұн бар. Осы іспетті екі кештің арасы-тын. алдымнан жалғыз жаяу көрінді. Қуып жетіп, озып барып тоқтадым. Оныншы класс оқушысы Бақыт деген қыз екен. Демалыста үйіне барып, қайтып келе жатқан беті. Шанаға отырғызып алдым... мұғалімнің көзіне шалынбай ептеп қыдыру, ептеп хат жазысу осы түннен басталған. Бұрын байқамайды екенсің, күндер өткен сайын әдеміленіп, ыстық тарта берді. Көктем туа біз өзгеше жақындасып, қимастай боп табысқанбыз. Ол интернатта тұратын. ауыл ұйқыға бас қоя түнгі жорыққа аттанатын едік. Біз үшеуміз – амантай, Шыңғыс деген екі досым бар. Үркер тас төбеге тырмысқанда еңбектеп жатақхананың терезесіне барамыз. Үш қыз осы терезе түбінде қатар жататын. Ұзын солқылдақ шыбық алып түртіп оятар едік. Олар терезенің желдеткішін әман ашық ұстап, өте сақ ұйықтайтын. Сосын басқа қыздарға біліндірмей киініп, сытылып тысқа шығар (мүмкін дос қыздары сезіп жүрген болар). Қол ұстасып жүгіріп, Күркіременің сайлауына түсіп, Бозталға дейін құлдап кетер едік. Барар жер, басар тау жастық салтанатымыздың шығар өрісі, арман ағысымыз ағар арна, құяр саласы біреу. Ол – Бозтал. Бозтал! Дүниеде біз үшін


одан қымбат, одан ардақты ештеңе жоқ. Өйткені сол Бозтал түн жамылған тірлігімізді көлденең көзден қалқалар тұрағымыз. Есіңде ме айнам, екеуміз қол ұстасып қатар келе жатқанда, қарсы алдымыздан мектеп директоры шықты ғой. Сілеусін көргендей сілейіп тұрдық.

Ол үндеген жоқ. Бар айтқаны: «Шырағым куәлік алмай тұрып босанып қалма»,– деді. Бірақ сен үшін (мен үшін де) осы сөзден ауыр, осы сөзден сұрқия, әрі арсыз не бар еді. Жазығымыз өзіміз де сезіп біле бермейтін жастық кешуін бастан өткеріп, ғұмыры қайталанбайтын сиқырлы түндердің куәсі болғанымыз, әрі таза, әрі күнәсіз сезімнің жетегінде салтанат құрғанымыз ба, әлде ерніміз әлі жақындамаған, тек жүрегіміздің дүрсілін ғана тыңдап босқа бошалаған бір- бірімізді тек түсімізде немесе қиялымызда ғана құшып, осы ерлікті өңімізде жасауға батылымыз жетпей жүрген мең-зең хал-қадірімізді қызғанды ма; иә, біз таң қылаң бере Бозталдан шығып, суға малшынған көкорайды тобықтан кеше ілби басып кері қайтар едік; сосын есікті ашып ептеп үйге кіріп, қой күзетіп келгендей сұлай жығылар едік төсекке; сонда таң әлетінде тықырлатып есікті ашып жатқанымда қораның арғы бұрышында атын ерттеп тұрған әкем мені көрмеген болып, теріс қарап, күйбеңдер еді; сонда аяғымның ұшынан басып төсекке жетіп сыбдыр-сыбдыр шешініп жатқанда шешем басын көтеріп: қайда жүрсің, құлыным-ау, деген сөзін естігенде... біз бірден ұйықтап көрмеген шығармыз – бағанағы таңғажайып сапарымызды, тағы бір ойдан өткеріп, біз үшін әзірше беймәлім ертеңді, ертеңгі кездесуді тағатсыз аңсар едік; өстіп балаң қиял бізді бірте-бірте талықсытып ұйқының құшағына апарып тапсыратын; біз түсімізде және де ұшырасып, жұмаққа аттанып бара жатыр едік; мен сені үнемі жоғалтып алып шошып оянып жүрдім; бақсам осының бәрі-бәрі де жастық- жалт етпе лыпыған сезім түйсіктері екен. Ертеңінде сені педсоветке, мені совхоз комсомол комитетінің мәжілісіне шақырды. Сен енді қайтып маған жоламасқа комсомолдық антыңды беріп, ал мен... мен өзіңе айтып едім ғой, әкемнің кенже карындасы қатты сырқаттанып жатқан күні кешке үш рет


шабарман жіберіп жиналысқа шақырды. алты-жеті адам отыр. Төрде директор, оның қасында класс жетекшілерің. Түстері кісі өлтіргендей суық. маған отыр деп ешбір ишара жасамаса да, дәл директордың жанына жалп еттім. мен үшін бәрібір-тін. Көп көргені төрт доңғалақты «Беларусь» болса, қызығымнан садаға, онсыз да кетеуі кеткен итаяқ.

– ал, Жеңісхан, – деді комсомол комитетінің секретары,

– сөйле. мектеп саған өкпелі. – ләм дегенім жок. Директор сөз алды:

– Бұл кеше ғана осы мектептен тәрбие алып, мына біздің қолымыздан шыққан бала еді. Бүгін міне, бетімізге қара күйе жағып отыр. Шырағым, ауылдың қызы жетпегендей, мектепке азу басқаның не? Үнемі аңдып, қолыма түсіре алмай жүр едім, құдай айдап алдымнан өздерің шықтыңдар. Ұятсыз, безер екенсің. Ертең сол қыз жүкті болып қалса, сенің емес, мына менің басым кетер.

(мен Бақытты әлі сүйе де алмағаныма өкіндім). Класс жетекшісі айтты:

– Түн жамылып ауыл торып, қыз аңду - феодализмнің қалдығы, бұл бүкіл мұғалімдер коллективін қорлап отыр.

Секретарь ақырғы сөгіс берді. мен бұл талқыда бір-ақ сөз айттым:

– маған десе қуырып жеңдер, маған Бақыт ұнайды.

мен жиналыстан шығып үйге жақындай бергенімде, ше- шемнің зарлаған ащы дауысы естілді. Тотықұс өліп қалған екен...

Иә, Тотыкұс! Тотықұс отыз жасында қайтыс болды. Бұл әкемнің төртінші – ең кіші қарындасы. Сандуғаш ең үлкені еді, Бұқтырмаға ағып өлді. Қарлығаштың өлімі тіпті аянышты. Соғыс кезінде шөп шауып жүріп, күндізгі еңсені езген жұмыстан әбден қажи ма, тамам қызды жиып, ән айтып алтыбақан тебеді екен. Ән айтып алтыбақан теберде қарағайдың түбіне от жағып, сол от сөнгенше майданда жүрген ер-азаматтарды еске алады екен. Ән айтып, алтыбақан теуіп отырғанда, қарағай кұлап қазаға ұшырады. Екеуі де бір-бірінен өткен сұлу деп естимін. Екеуі де соғыс кезінде шейіт болған. Көріп-білгендер айтады:


обал-ақ, бойжете бастағанда, соғыс деген суық сөз естілді, ер- азаматтан айрылып соның орнын басты. Еңбекті ер етті; жазған қыздар еркек кіндіктің бетіне күле қарап жар дегеннің не екенін біле алмады-ау; қызықтың дәмін татпай қыршындары қиылған қыздарға алтыннан дара бір ескерткіш орнату керек. Тотықұс, сен не көрдің. рас, сенің артыңда тұяқ калды, үй-ішімізбен күні бүгінге дейін ол кімнің баласы, әкесі бар ма, бар болса қайда жүр, білген бе екенбіз. рас, сен жасыңнан ауруға шалдыктың, қол-аяғың суалып мүгедек болып қалдың; сен де қалыңдықтың қасиетті суын іше алған жоқсың; құдай қосқан қосағыңмен тар төсекте табысып, емін-еркін жаттың ба? Жоқ! мүмкін сен сол бір қарадомалақ ұлды дүниеге әкелерде, қос апайыңнын қолы жетпеген арманды еншілеген боларсың, бәлкім қос апайың әм өзің үшін ең алғашқы, рас ең ақырғы ұрлыққа барып, тал бойыңдағы асылды нәпсінің құлы – мен білмейтін «жездеге» сыйға тартқан да шығарсың. Иә, біз мынау артымда мінгесіп келе жатқан ұлдың әкесін мәңгі-бақи таба алмаймыз. Оның әкесі

– Сандуғаш, Қарлығаш және өзіңсің. Үшеуіңнің – мұң-зарың,

адал да аңқау іңкәр сезімің, демдерің үзіліп, мынау миғұла дәуірмен қоштасардағы қалдырған аманаттарың. Үшеуіңнің әкемнің үйінде ілулі тұрған суреттеріңе қараған сайын ет жүрегім қан жылап, аруақтарыңның алдында басымды иемін.

Құдай-ау, айналайын құдайым, осы әпкелерімнің тәлкек тағдырын, сойқан соғыстың зар-запыранын, кеше туған жас қызға бермей-ақ қойшы. Олар онсыз да... онсыз да...

Есіңде болар, айнам, мен сенің ұлы сезіміңе ие болдым. Сен маған имандай сендің. Сенетін жөнің де бар-тын. Өйткені мен ол кезде азанда жауған ақша қардай таза едім ғой. Комсомолдық антыңды бұздың. Көпке дейін тілсіз хат арқылы сөйлесіп жүрдік. мемлекеттік емтиханды аяқтап қоштасу кешін жасаған күні өз еркің өзіңе тиген соң, мені де шакырдың. Сол күні сенен бақытты жан болмаған шығар. Екі бетің бал-бұл жайнап, әдеттегіден әлдеқайда сөзшең, ұшқалақ болдың. Сол кештегі күлкің қандай керемет еді; әлде сен рахаттанып мұңсыз-қамсыз жер басып, сақ-сақ күліп жүре берем деп ойладың ба; әлде сен жігіттерге бар діліңмен сене берем, соңына ере берем деп


пе едің, әлде сен өмірдің тәттілігі, жастық дәуреннің қызығы таусылмас деп ойладың ба? – Бұл – ақырғы күлкі, ақырғы сенім, ақырғы алаңсыз қызық еді. Білем, сен күлдің, сендің, қы- зықтадың, – бәрі бір баяғыдай емес. Елегізесің. Шошынасың. Күрсінесің. Өйткені ол – ғұмыры қайталанбас, қайта айналып келмес кеш болатын.

Екеумізді достарымыз Бозталға дейін ұзатып салған болатын. Біз Бозталға Күркіременің сайымен бұқпантайлап бармаған едік. Сыпыра қырмен алшаң-алшаң аттап жүрдік. мен сенің қолтығыңнан емес, қолыңнан емес, құшақтап бардым. Сол түні ай қандай жарық еді десеңізші... сол түні қандай жылы еді десеңізші... сол түні құстар қандай көп сайрады... сол түні Бұқтырма тасыды... сол түні күлдің, сол түні жыладың, көп жыладың...

(Әйелім күбір-күбір сөйлеп, енді бері аунап жатты. Тоңазыды ма, қол-аяғын бауырына алып бір уыс болып бүрісіп жатыр. Балауыз шырақ ылжырай еріп жанып тұр. мен әйелім- нің үстіне пальтомды әкеп жаптым.)

Бақыт, сен тоңазыған соң, педжагімді шешіп, иығыңа жаптым. Сен маған тақалып қойныма тығыла түстің, мен де. Біріміздің ішімізге біріміз кіріп кетердей халде отырмыз. Бозталда түнеуге бел байладық. Біз отырған жерге ай жарығы толық түспейді, жапырақ-жапырақтың ара-арасын сығалап алашабырланып тұр. мен сені алғаш рет сүйдім. Қарсылық білдірмесең де, жүрегің өрекпіп дірілдеп отырдың. Ендігі сәтте екеуміз де жиі-жиі дем алып, ыстықтап кеттік. Қолым балтырыңа тиіп кеткен мезетте селк етіп шошынып қаламыз. Бірақ бізге осы таза ынтықты сүйістен өзгенің қажеті де жоқ еді. Бағана аздап қызыл арақ ішкенбіз, соның буы ма жердің сызын, өзеннен ескен салқынды елеп-ескермей отыра бердік қой. Есіңде болар, Бақыт, таңға жуық ұйқымыз келе бастады. Сонда  да  көзіміз  ілінген  жоқ.  Сонда  да  біз  бір-бірімізге

«сен мені сүйесің бе?» деп сұрағанымыз жоқ. Балтырыңды

ұстадым  –  сұп-суық  екен.  Сипап  жылытқансымақ  болдым

– үндеген жоқсың. Саныңды ұстадым, жатқанда көйлегің түріліп ашық қалған екен, сұп-суық – үндеген жоқсың. Бетіңді


бетіме бастым сұп-суық – үндеген жоксың. Тек демің ғана ып-ыстық. Сенің көзің жұмулы, көңілің мас. Бұл күй маған да ортақ. Біз талып жатқандай едік. Біз ұлы бір шайқастан кейін тыныс алғандай, ұлы бір шайқасқа аттанар алдындағы дайындыққа әзірленгендей едік. Сенің бетіңе ар жағынан айдың нұры кұйылған қайыңның жапырақтары көрініс беріп, осы сырмақтың оюындай суреттер өн бойыңды шұбарлап, шыпырлап тұр; көзіңдегі теңгедей жарық қамасқан кірпігіңді көтеріп қалған сайын, саулап жанарыңа құйылатындай; көзіңді ашқанда ай нұрымен шағылысқан қарашығыңнан от көретінмін, осы оттың сөнбеуін іштей тіледім де; міне, енді сен шалқаңнан жатырсың; үстіңде ақ көйлек, үстіңдегі ақ көйлек салқын ауамен дымқылданып тәніңе жабысса, сол ақ көйлек- тің етегі томпайған етті тізеңнен жоғары түріліп, тек бірыңғай жұп-жұмыр саныңды, өр серпіген кеудеңді ғана далдалаған; қолыңда бір сабақ бидайық, аузыңа салып ерніңмен талмап, сосын бетіңе үңілген бетімді қытықтайсың, мен сенің кеудеңе басымды қойып, талайға дейін қимылсыз, жүрегінің дүрс-дүрс соққанын тыңдадым емес пе; сосын сен басыңды көтеріп, екі аяғыңды созып жіберіп отырдың; енді менің басым сенің тізеңде жатты; мен шалқамнан, анау қара көк аспан, жарқыра- ған жұлдызға қарадым; шашың сусып түсіп, мойныма оралған; сен менің шық-шық шашымды сұп-суық, сүп-сүйір саусағың- мен салалап, жоғарыдан төмен қарап отырдың; енді мен тек сенің жанарыңды, ақ-құба тартқан дидарыңды ғана көрдім; оң жақ қолымды беліңе орап барып, өзіме қарай қатты қыстым; оң жақ қолымды ту сыртыңнан өрлетіп апарып мойныңа салдым, сосын басыңды өзіме еңкейттім; «мені сен бір сүйші» дедім; ұялдың, шалқайып кеттің; мен әлгі қылықты тағы қайталадым; сен айттың: «ұяламын көзіңді жұм» дедің; көзімді жұмып көп тостым – келмедің... келмедің; шыдай алмай көзімді ашып жібердім; еңкейіп келіп, бірақ жүрегің дауаламай, дел- сал отыр екенсің; көзімді қайта жұмдым, ерніме әрі суық, әрі ыстық ерінің тиді; бетіме бір тамшы ып-ыстық жас ағып түсті; бұдан соң сұлық құладың; бұдан соң мен сені есім танғанша аймалағанымды, аймалап жүріп аузыңды таппағанымды



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.