Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 10 страница



Бүгінгі маужыр түннің жұмсақтығы соншалық,  айлы

сағымға оранып, кілкіген аппақ тылсым дүниенің тұңғиығына шым батып, жүре бергің, жүре бергің келеді. Жүре берген сайын өмірге деген құштарлығың артып, алдында ақсақ киіктей қашып бара жатқан сағым арманына ұмтыла түсесің. Ол сені әзәзілдей қол бұлғап шақыратын. айлы түнде жалғыз


жолға шықсаң жым-жырт боп сұлаған дала – жылаған дала ырқыңнан тыс көнімпаз күйге бөлеп, өлім тыныштығындай мәңгі тұнжыр иірімге салып, шырқ айналдырып, мең-зең, дел-сал шапағатқа бөлейтін. айлы түн астында маңып бара жатқанында сонадайдан мүлги салбыраған көгілжім мұнар жақындаған сайын кашаң тартып, сайтандай елбектеп тұрар. Жандостың есіне қатты жауған нөсерден соң пайда болар қызылды-жасылды кемпірқосақ түсті. Кемпірқосақ қол созым жерде уықтай иіліп тұрар еді. Тамам баламен бірге жүгіріп жетіп, ұстап алмақшы болатын. Сонда әлгі шұғыла, арғы төбеге секіріп шығып кетер еді. мұның өзі де мынау елдің тірлігіне ұқсайтынын Жандос қайдан сезсін. ата-бабасының сағым қуып, саңдалып өткенін қайдан білсін. Өзі іспетті сол сағым тірліктің, сағым бірліктің ағайындарына да еңку-еңку жылдар бойына ұстатпайтынын, ұстаймын деп жүріп азып-тозып жер қойнына кіретінін қайдан білсін. ақ сәулеге оранып, қол ұстасып, қыр асқан ана мен бала қаранасыр даланың ең соңғы үмітін, ең соңғы базарын арқалап бара жатқандай еді.

айпара-ана ұлының бетінен сүйген жоқ. Кең бітімді маңдайынан бір иіскеді де: – ал, балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң өлтіріп кет, – деді. Жандос үнсіз басын изеді. Сосын жүз қадамдай артына қайырылмастан атын жетелеп жөнеле берді де жалт бұрылып: – Хош! – деді. Енді ана үнсіз тұрған еді. айпараның қош айтқысы келмеді. Оның есен-сау оралатынына сенген. Сенбесе жіберер ме. Ол Жандос қыр асып көзден ғайып болғанша үнсіз, ұзақ тұрды соңынан қарап. Сырттан қараған адам айпара-ананың бұл тұрысын анау қауіпті сапарға аттанған баланың жарылқаушысы, мынау ақ селеу даланың сақшысы дері рас. Ұлының соңынан қарап қалған айпара-ана алғаш рет өзін сергек, бұрынғыдай емес жеңіл сезінген. Олжай- еріне айтпай өзі біліп істеген ұрлық ісінің алғашқысы осы-тын. Әйткенмен, көңілінде лоблудан гөрі, жұқалаң ғана қуаныштың хабаршы сәулесі кезіп жүргендей еді. Көптен бері зіл болып басқан ежігей мұңнан шым-шымдап сейілткендей болған да, әлгі, тұңғыш өз көкірегін шабақтаған қуаныш сәулелері еді. Білмеген адам айпара-ана шоласыз ғұмыр кешіп келедіге


жорып, он сегіз мың ғаламда бұл кісіге тең келетін ақылды әйел жоқ деп топшылар. Бірақ, олар айпара-ананың қайғысы: айпара-ананың қасіреті һәмма халықтың зар-запыранынан әлдеқайда мол, көл-көсір екенін қайдан білсін.

Өзін тұңғыш рет тәуір сезінгендей болған ана сағымға шомылып, қаннен-қаперсіз жусап жатқан далада тұрып, қауіпті жол – қан кешуге аттандырған ұлына арнап бата берді. Әлгінде Жандостың көзінше ақ батасын бағыштамағаны – көңілі борпылдақ жас баланы босатып алам ба дегені.

айпара-ана: айпара-ана құбылаға бетін бұрды да: «О, алла тағала! менің күнәһарларға жападан-жалғыз аттанған ұлыма рахманың түсіп, жортқанда жолын қыла көр. Құдыреті күшті жарылқаушы ием, сенің қолыңнан келмейтін іс жоқ. Құлынымның жолын оңғарту үшін ешбір рәуәяттің себі тимейді.

Болайын деп бола алмай болдырып жүргеніміз – сенің кәрің емес, ақыл-таразысына тартып карасақ – басқа біткен бағымызды өзіміз шайқап жүрсек керек. Дарқан өміріміздің қызығы кетіп, шыжығын қалдырмаймын десең, алла тағалам, мынау қойдай өріп, жылқыдай жусап жүрген халқыма анау киелі сапарға аттанған кенжеме – қара қылды қақ жарған әділдікті, бір-бірін оққа байлап бермейтін қимастықты, шүленсіп өтер кең пейілді, бабасының күнәсін баласы жуар намысты бергейсің. Білемін, бұл пәниде ешкім қалған ба. мен де өлемін. Сен қаласың тек, сен қаласың... Сонда бізден тараған  ұрпаққа

– басына қайғы-қасірет түсіп, одан құтылар шамасы сарқылып сандалып отырған шағыңда, құдыретіңе басын игіз де, тәубесін есіне түсір. Тәубесін есіне түсіргенің – тас жұтатын тәуекелшіл, әрі өз тағдырын өзгеге қолжаулық қылып, рәсуәләтпай- тын кекшіл қылғайсың. Егер менің халқым қай пайғамбардың үмбетіне бағынарын білмей тығырыққа тірелсе, егер менің халқым жер ортасы көктөбеде қаңырап қалса... тезге салатын да өзіңсің... Шариғаттың шарты бойынша, әр адам өз өмірін сақтауға міндетті, ендеше мен он екіде бір гүлі ашылмаған кенже ұлымның тілеуін – өзімді құрбандыққа шалып тілеуге әзірмін. О жасаған ием, білесің ғой, мен сенен бес уақыт намазымда құбылаға қарап басымды сәждеге тигізем де үш ұлымның тату-


тәтті ғұмыр кешуіне шарапатың тиюін жалбарына сұраушы едім-ау. Сонда менің көкейімнен аңыздарда айтылатын: туған екі ағасына жақсылық жасап, бірақ сол жақсылығы өзіне жәбір-жапа шектіріп, құрдымға кеткелі тұрған кенже ұл иттен жақсылық көріп, соның арқасында байығаны, өзі жетіп алған соң екі ағасын торға қамап, әлгі итке лағыл тастың тоғызын тізіп, қарғыбау таққаны, алдына алтын табаққа кұйып ас қойғаны, иттен қайтқан қалдықты екі ағасына бергені әсте кетпейтін. мен өз-өзімнен тітіреніп шошынатынмын. Сонда менің қан жұтқан жұртым көз алдыма алып қара нардай, мынау есінеп- құсынап жатқан сайын дала сол кара нарды сойып, сыпырып алып шелдеп тастаған терісіндей елестейтін. Уа, жаратушы жақсы ием, ұлым ғазиз істің жолында шейіт болса арман не, елімді сойқан соғыстан, дұшпанға таба қылар жаманаттан аулақ қыла гөр. Көз жасын көр қазақтың, әумин!»

 

* * *

Дала. Дала. Дала. Үш қайтара айтқан сәлемдей. Бала. Бала. Бала. Үш қайтара жолдаған сәлемдей. Дала һәм бала. Егіздің бір-бір сыңары тәрізді; дүр қыздың, хас сұлудың қос бұрымы секілді; жалғызын қайтпас сапарға шығарып салып тұрған әзиз ананың қос жанары секілді; аруананың қос өркеші секілді; көк төсінен сусыңдай ұшқан қос аққу секілді. Бәр-бәрі де егізден, егіз ұғымды білдіреді. Бәр-бәрінің де бір-бірінсіз күні жоқ. Балталаса да айрылмас қосарлар. Егер осы қосақтарды айыршы, ғұмыр бойы арылмайтын күнәға батарсың. Ондай күнәға батқандар аз ба. Ондай күнәһарлардың халық лағнетіне, халық кәріне ұшырағандары аз ба. Дүние, жалғанда сыңарынан айрылғаннан қасірет бар ма?!

Жандос Терісақкан өзеніне иек артқанда таңнан хабар сезіліп еді. Түнгі таусылмастай боп көрінген жалпақ дала сары жонданып, қылтима-қылтима қыраттарға ұласа баста- ған. Сыпыра ақ селеу жамылған жердің өңі біртіндеп қызылкүреңденіп, биылғы күздің әдеміленген бір бабында тұрғанын аңғартқан мұқым өңір жолақ-жолақ ақбоз кейіптен шаңқан ағарыңқы түске ойысқан сайын киік жонданған адырлардың құз жаққан алакүрең бояуы көзге ұра бастады.


аспан таза, пейілді де ашық еді. Сол таза аспанды азан-қазан етіп мың сан қарғалар ұшады. Қара шегірткедей қаптаған қарғалардың қарқылы мынау ұйқысынан енді-енді ғана оянып талықсыған күйінен серги бастаған даланы уақсыз-уақ мазалағандай еді. Таң шығы мал баспаған қуарыңқы шөптің басын там-тұмдап қана дымдағаны болмаса, малшынған суға шомылдыра алмаса керек. Неше күннен бері қабағы жадыраңқы тұрған ауа райы уағы жетіп әбден піскен пішенді қаңсытып тастаған сияқты. Белінен морт-морт сына бастаған қурайлар да күзгі шақтың созалаңдап алатын ізгі ақ жауынын сағынғандай; ертеңгілікте майда самал үп етсе болды – сырнайлап қалатын. Тұрақ таппай ауада қалқып жүрген мизамдар да биылғы күздің аса жайлылығын білдіреді.

Есік пен төрдей тұрықты қара қасқаның үстіне қонып отырған кара бала түні бойғы ұйқыға жеңдіре бастады білем, екі беті жүдеу тартып, қайта-қайта есінеп-құсынап келеді. Оның дидары бір-ақ күнде есейіп, бір-ақ күнде кіржиіп салқын тартып кеткендей еді. Кеше шешесінің меселдесін қайтармай, ет қызуымен шығып бүгін жалғыздықтың, жол соқтының азабы алдынан дәміл-дәміл кес-кестей бастағанда ендігі сапарынан іштей іркіліңкіреп келе жатқан. Екі түменмен ала алмаған жоңғардан екі бірдей баланы ұрлап алып шығу, көзді жұмып көлге секірумен бірдей. алып шыққанның өзінде ит арқасы қиянға ұзап кеткен көшті қуып жете ала ма. Қуып жеткен күнде емшектегі егіз ұлдың аман-есендігіне, кірпігін қимылдатып өлтірмей жеткізетініне кепілдік бере ме. Бәрі де тұманды, бұлыңғыр дүниелер. Дәл осы іс қолынан келсе – көзсіз ерлік емес пе?

Жандос қара қасқаның басын тежеді. Созалаңдай аттан түсіп еді, өне бойы салдырап ұйып қалған екен. аяғын түзу баса алмады. Екі қара саны сыздап удай ашыды. Қара-қасқаны отқа жіберді. Өзі үйдің орнындай қына басқан жалпақ қара тастың үстіне сұлай кетті. аспанға қарады. Көкпеңбек түпсіз тұңғиық мұхит іспетті шексіз де шетсіз екен. Таңдайы кеуіп шөліркегенін сезді. Жанторсығын шешіп әкеп сусын жұтсам ба деп әлденеше рет оқталды, мойны жар бермеді. Қатты шаршаған екен. Көзін жұмып көріп еді ашыды-ай. Сосын көк күмбезін тесіп жіберердей тым-тым ұзақ телміріп жата берді.


Ол аспанда қарқ-қарқ ұшқан қарғадан өзге еш нәрсе болжай алмады. Осы өңірдің қожасы тек қарғалар секілді. Тым болмаса жемтік аңдыған қарақұс та шалынбады-ау көзге. Жандос шешесін ойлады. Шешесін ойлап еді: ұлым қайтарыңда адасып калма, барар жолында әр жерге тас үйіп белгі жасап отыр, біз де бір-бір уық шанша көшерміз,– деген сөзі түсті. атып тұрды да қожыр-қожыр қой тастарды жия бастады жан- дәрмен. Қарасүмек болып терледі-ай, сонсоң қара қасқаның ер-тоқымын сыпырып алды да, шідерлеп қойды. Енді бір сәтте көзіне ұйқы тығылып мызғып кетіп еді...

 

* * *

Жандос көзін ашқанда бас терісін сыпырып алып қаңқасын қалдырған қу бастың өзіне қарап ырсиып тұрғанын көрді. Қайта талықсыды. Енді ол көзін мүлдем ашпауға бекінген. Дегенмен сау көз қаншама тас қылып жұмсаң да түбі бір ашылмай қоймайтынын білді. Тістенген күйі, тәуекел деп, тағы да айқасқан кірпігін көтеріп еді, тағы да тісі ақсиған ку басты көрді. Жандос өзін мүңкір-Нәңкірде жатқандай сезінген. алғаш есі кіресіл-шығасыл жатқанда осының бәрін түсіне жорыған. Оның көз алдына күллі әлем сап-сары болып, қуарып қалғандай, тіпті әке-шешесі де осы сарғыш түске боялып, есекті теріс ерттеп мініп, бұған мойын бұрмастан өкпелей тартып барады ғой. Құлағы шыңылдады. «Қай құлағым шақырды?»

«Сол құлағым». «Жамандаған кім екен?» «Шешең». «Жоқ- жоқ, ол емес, ол өлтірер, бір-ақ туған баласын ғайбаттамайды». Әлдекімдердің қарқ-қарқ күлген дауыстары, жылқының кісінегені естілді. «Құдай-ау мынау қара қасқаның кісінесі ғой. И-и, жануар-ай, ашығып қалғанын. Қой, бүйтіп қара басып жата бергенім әбестік, аттанайын. Әлі ұзақ жол бар алда. Қос інім бар. артымда ақ батасын беріп қалған анам бар... тұрайын. Ту, көзім неге ашылмайды? Тағы да карқ-қарқ күлкі естілді.

Ол көзін ашты. ашпағаны жақсы еді. Көзін ашып еді: Қазықтың ұшына қу бас шаншып, үңірейіп тұрған төрт жоңғарлықты көрді. Олар Жандос есін жиып, көзін ашқан сайын әлгі бас сүйекті көрсете қояды екен. Жандос жаудың тұтқынына түскенін аңғарды.


Жоңғарлықтар жас баланы ермек қылып ұзақ ойнады. Өздері де мұндай «ойындарға» еті өліп, көнікті болып алса керек. Еңгезердей-еңгезердей төрт жоңғар торт таған жасап тұр. Ортада лаулатып жаққан от бар. Бірі баланың қос білегінен мықтап ұстап алады да, айналдырып-айналдырып әкеп, оттың ар жақ шетінде тұрған екінші жоңғарға шырқатады. Ол үшіншіге, үшінші төртіншіге... Жандос от жалынын кесіп өткен сайын жан даусын шығара айқайлайды. Сонда оның аузына кұдайдың емес, тек қана айпара-ананың есімі оралушы еді.

...Жандос енді бір рет көзін ашқанда қап-қара боп шүйлігіп, түнеріп тұрған аспанды, сол аспанда қарқылдай ұшқан мың- мың карғаларды көрді. Қарғалар мол еді. аспан жақындап кеткен. Ендігі сәтте найзағай ойнап, күн жарқылдады. Әлде не жарқ ете қалды да, көз алды аппақ болып, ізінше дүнияуидің бәрі қасқыр түске айналды. Тыныштық. мәңгі тыныштық. Әлгіндегі жарқ еткен жайдың оты ма, жаудың оты ма – онысын айырған жоқ. Әйтеуір, өзі лапылдаған қып-қызыл шоқтың ортасында жатыр. Әйтеуір өзі тірідей тозақ отына – жау отына өртенді. Құрым киізге оралған жас баланы жоңғарлар отқа тастаса керек.

Дала бей-берекет. Тағы да күркілдеп, найзағай ойнады, қарғалар қоналқы тапқан секілді. Жел тұрды да, танадай- танадай тамшылар төпелей жөнелді. Жандос жанған отқа телміріп, ағаш тастап отырған төрт жоңғар қайқы қылыштарын салпылдатып, құйын-берен шаба жөнелді қостарына.

Дүниені сел қылып жаңбыр жауды. Барша әлем «ей, бала, өртенгенің де, өртенерің де жалғыз бұл емес» деп күліп тұрғандай.

Жандос: «...Есіңде ме ана, өзің айтып отырушы едің ғой, бүкіл жаһанды тапалап өткен Шыңғысханды шешесі жіліктің майын беріп асыраған. Сен мені жілік сорғызып асыраған жоқ едің. ақ сүтіңді беріп асырадың. Сенің алдыңдағы бақыл- дығымнан, бала-ау деп қомсынбай, бір түмен қолмен келіп әкете алмаған жоңғар сынды ата жауыңа жұмсағаның құтқар- майды... құтқармайды. Сен әулиесің анашым, мен осындай екіталай кезеңге тап болып, кіріптар болып жатқан күйімді әлдеқашан болжай білген шығарсың. апырай, сол жылғы қыс


қандай қатты болып еді, сәуір айында тізеден жауып қалған қардан қараспанда пайда болған зауалдай шошысып, ұлардай шулаған жұртқа кеңес айтып, камқор болған өзің едің. Осындай алапат жұт болатынын күздің қара басында-ақ бағамдасаң керек. Күздің қара басында: толайым әлеуметке биылғы қыс аса қатты боларын, ырымы жаман; жылылап шарбақтан қора жасап алуды сабақ еттің. Қолын бір сілтеп кеткендер де болды. Сонда қалың Тобықтының қақ жартысы шыбықтан бес қабат шарбақ тоқып, қойын соның ішіне қамап баққан. ашыққан қой сәуірде жауған омбы қарда далаға шықпай сол шыбықты кеміріп жан сақтағаны әлі есімде. Иә, мен сонда шаруа малы үшін әкемнің наркескені мен егеулі найзасының түкке қажеті жоқ екенін зердеге түйгенмін, сосын білесің бе, ана, неше күн сұлап ызғарын шашып ысылдап жатып алған қарлы боранға қарғыс айтып улап-шулаған ел өзіңе жүгініп еді ғой. Сонда сен маң-маң басып тысқа шығатынсың. Тысқа шығатынсың да, құбылаға қарап үнсіз тұрушы едің. Біраз тұрдың да көкжиек пен аспанды түгелдей жіті шолып өттің. Жүзіңді ызғарлы желге тосып: желдің өті сыныпты, жылынайын дегені, аспан тым-тым шымқай көк екен, көкжиек алыстап кеткен тәрізді,

– дедің. Дедің де: қара қасқа азбанды алдырдың; жылқының

алды-артына жіті қарап шықтың да, қысырақтың үйіріне салуды әмір еттің. Қысырақтың үйіріне араласқан азбан бір мезгіл иіскелеп, қоқиланып жүрді де, шырқ иіріп алдына сап айдап қырға тартқан. Үйірдің артынан қарап тұрып-тұрып көзің жайнап:

– ал, халайық, қазірден бастап қырға көшіңдер. Ой мен ойпаңда, сай мен сайлауда бірде-бір мал-жан қалмасын. Ертең түсте сел болады. Топан су қаптар, – дедің. айтқаның айнымай келген. Жұрт тегіс төбе басына шықты. Ертеңінде түстен кейін күн тас төбеге тырмыса шығып, шыжығанда ақ көрпені айкара жамылып міз бақпай жатқан дала әп-сәтте терлеп-тепшіп ағыл-тегіл сел қаптады. Пұшпақ-пұшпағынан тер сорғалаған дала күн екіндіге таянғанда түгелдей қарайып болды. Кешқұрым қырда тұрып кеше қоныс болған жұртымызға көз тастағанымызда қоқыр-соқыр, сынған науа, шолақ уық,


қаңсыған шаңырақ, көтерем малды іліп алып андыздата айдап буырқанып жатқан қар суын көргенбіз. Таудан көшкі түсіп, Олжай өзені таң атқанша күркіреп-сарқырап жатқан. Сонда сенің піріңе табынған қайран ел, жағасын ұстап, кейбірі шошынған, кейбірі шын адал көңілімен көзіне жас алған. Құдай-ау, сол бір аласапыран қым-қуыты мол, саба пісіп, тай үйретуден басқа ермек жоқ жылдар жылжып-жылжып артта

– көзден таса, көңілден шет болып, бұлдырап қалған екен-ау. Сол жылдардың ең кереметі – туған жер, өскен елдің суын ішіп, жер ошаққа өз шаңырағымыздың түтінін түтету екен-ау. Шешемнің оң қалтасында Олжай өзектің шытқа түйген бір уыс топырағы әлі жүр емес пе. Біз қайда көшіп бара жатқанымызды және ол жердің қаншалықты құйқалығы беймәлім, жерсінеміз бе, әлде құндыздай шұбап қайтып келеміз бе; мүмкін, әкемдер айта беретін Ұлытауға тартамыз ба? Шығар күнді маңдайға алып, жосылып бара жатқан көш, бәлкім сендер сол жұмбақты жерұйыққа менсіз-ақ барарсыңдар. мен енді жоқпын сендерге... Өзіме де сол керек, қара басып қалғып кетіппін ғой. атаңа нәлет қу жоңғар, қайдан ғана тіміскелеп жүр едің сол маңды. менің есімде тек жалпақ көк тастың үстінде жатқаным, сосын түсімде тамам балалармен Олжай өзектің ар жағынан жидек тергенім ғана қалыпты. Үйбай-ау, мен неге өртеніп кетпей жатырмын. Жүрегім соғып тұр... бірдеме тырсылдайды, аузыма құйылған не?... Қан шығар... Құдай-ау, неге өртенбеймін мен...»

Нөсер шелектеп құйып тұрғандай.

Жоңғар жаққан от пысылдап бағана өшіп қалған. Жандос тірі жатыр.

 

* * *

Қаршадай бала қып-қызыл боп ажал бүрке лапылдап жанған оттың ортасына түскен мезетте жарық дүниені қайта көріп, бұл бәтуәсіз пәнидің ыстық-суық кешуін аза бойын қаза етіп, сан рет бастан өткерерін қайдан білген. Ол осы бір әлекедей жаланған ажал атты тажалдан енді құтыла алмайтынын, көктей орылғанын, жанбай сөнгенін, тіпті де бажайлаған емес; бар болғаны, бар қолынан келгені осынау қиямет-қайымға үнсіз, өз


болмысында жоқ, тылсым бір ырықпен мойынсұнған. Құрым киізге орап-орап отқа тастап, қазақтың қайсар қара ұлының қалай үйтілгенін, қалай өртенерін қызық етпек боп дәмеленген жоңғарлардың үміті садаға кетті. Киіздің екі қабаты жанғанша ләм деп үн шығармай, шыдап жатқанында табиғат ана бұрқ-сарқ долданды да, мынау өзі жаратқан пенделердің біріне-бірі жасар жауыздығына шыдай алмай ағыл-тегіл жылады-ай. аспанның ағыл-тегіл жылаған көз жасынан от сөніп, жарқылдаған найзағайдан шошынған жоңғарлар баспанасына зытып еді. Бірақ Жандос мұндай кездейсоқ сәттілікті, тіпті де табиғаттың құдыретіне сайған жоқ, өз шешесінің піріне жорыған. Өз шешесін әулие санайтын ол шырқырап отқа қақталып жатқанымды сезді де, аллаға жалбарынып мені құтқарды деп ойлады. Кім білсін, солай шығар, әйтеуір сезімтал айпара-ана Жандостың қатты қысылғанын құмалақ ашып білгені рас!

Осы күні кешке дейін жауын болды. Осы күні  жоңғарлар

шатырларынан шықпады. Осы күні қасы, саусағының әр жерін күйік шалған Жандос кірпігі қимылдап әлсіреп жатты. Күн ұясына қонып, апақ-сапақ уақ туғанда үстіндегі күймей қалған киіздің орауын жазып, тірідей киген кебіннен сытылып шыққан. Басы айналып, көпке дейін есін жия алмай отыр. Башпайлары удай ашиды. Башпайларының удай ашығаны есіне шешесі тапсырған аманат түскенде сап болып, шыбын шаққан құрлы болмай атып тұрып еді. Ол өлмей қалғанына қайран қалған жоқ. Ел-жұрты, ақ сүтін емізген анасы алдындағы борышын өтеу үшін әлі де сан рет тірі калатынына, әлі де сан рет жағасына жармасқан жауын кеудесінен теуіп, жұлқысатынына имандай сенетін. Әлгінде ғана оттан шыққан Жандос енді бойын суық ұстап, жаурағанын сезді. Бойын суық ұстап тоңазығанын сезбес те еді, түстіктен салқын жел тұрып, жауыннан соңғы күзгі аңғар құлази бастаған. Бұл жақта күзді күнгі түн сойқанды өтетін. Қабағын қарс жауып түнерген аспаннан таң атқанша сырғақ жауып, итше ұлыған жетім желі болушы еді. Кейде сырғақтың арты қарға айналатыны бар, қар күн көтерілсе жылбысқалана еріп, ылжырап жатар. Бүгінгі түннің сыңайы сол түні бойы асау  аттай мөңкіп өтер алапатын аңғартты.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.