Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ 24 страница



ЖаННа:

Көшіп келгелі екі жылдан асса да қаланың ызың-шу, сән- салтанатына көндігіп бойым үйренбей ту шығыстағы момақан ғана бұйығы ауылымды сағына бердім: өйткені онда Балағаз бар ғой. мына біз тұрған бес этажды зәулім үй, сонау шамы самаладай кинотеатр – бір де бірі менің жұпыны ағаш үйіме, жарбиған отын сарайыма иіндесіп, қызықтыра алған жоқ: өйткені онда тұңғыш махаббатым шешек атты ғой. Өрістен мал қайтып, сиыры еміп қойған апаларым байбалам салып, байғызы шақырып жататын дырдулы ауыл кеші, сентябрьден бастап- ақ кебінге оранатын аяулы алтайдың аруананың өркешіндей сүлбелері, Күркіременің өзімнің күлкім реуешті сылдыры қамкөңіл күйге түсе бастаған жаныма қуат нұрын құйып, көңілімді әрі қуанышты, әрі мұңлы күйге бөлейді. Ойласам болды, себепсіз жылағым кеп, көңілім әлденеге жасығандай болады, шексіз де дәйексіз сезім сергелдеңіне түсемін, әрі қажимын, әрі қуанамын. Өмірде жамандық, қайғы-қасірет, бақытсыздық бар дегенге сенбейтін ізгі әмісе мейірбанды шағым күн өткен сайын кеміктеніп, Балағазға деген күмәнсіз сүйіспеншілігім алакөлеңкелене бастағанын сезіп жүрдім. аса шошынып та жүрдім. Ондай сәттерде альбомды қолға аламын: өйткені онда сыртына «Өмірлік жансерігім Жаннаға Балағазыңнан» деп жазылған. Оның суреті бар ғой. Суретті қолыма аламын да телміріп ұзақ үңілемін. Еліктей секіріп төсекке шығамын. Төсіме жансыз бейнені басқан күйі тәтті ұйқыға берілемін. Түсіме Балағаз кіреді. Бірақ оны қабағын түйген ренжулі, жауар бұлттан сұсты күйде көріп жүрдім. Күндіз лекцияға бару, құрбы қыздармен әзілдесумен уақыт өтеді. Күн еңкейсе болды екі қолым алдыма сыймай дел-сал


шарасыздыққа жолығатын едім. Балағазының атын көрінген жерге шимайлап жаза беріп, тіпті осы бір қаракетім әдетке айналып кетті. Тағы бөлмеге келемін, тағы сенделу басталады. мелшиген төрт қабырға, еш нәрсеге зауқым жоқ. Қолыма не іліксе соны жұмарлап, үн-түнсіз алқымыма өксік кептеліп, бұйығы қалыппен бір нүктеге қадаламын. Енді бірде орнымнан атып тұрып:

– Балағаз деймін, неге келмейсің?! Неге мені жападан жалғыз тастап, қинайсың?! Шыдамым бітті ғой!!» деп айқай саламын. Бөлме бір өзіме тар соғып, ауасы жетпей деміккен күйі терезені ашып тастаймын. Бәрі бір қапас, зұлматты әрі қорқынышты бөлме. Жатақханаға неге тұрмадым екен.

«И.и ..ш» деп дүниенің бәрінен жиренемін де етпеттей түсіп, толассыз солқылдап және де ессіз жылаймын. Балағаздың хаттары да медеу болудан қалды. Құлазыған көңіл қайдағы сұмдық тұлан-тұтқан шарапатсыз ойға итермелеп:

– Хаттарың қаныңмен жазылса да өзіңдей болмайды.

«Жаным» деген сөзің жар бола ма, өзің, кәдуелгі өзімнің Балағазым керек қазір. Терезеден түнгі аспанға телмірем. Көк төсіне қағып-қағып қойған күміс шегедей жапырлаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. аспан алыстап кеткендей.

– Ей, қуақы жұлдыздар, неге жетісесіңдер. Әлде мазақ еткенің бе?» – деп күңіренемін. Терезені мықтап жауып, Бала- ғаздың суретін көкірегіме қысқан күйі ықылық атып, өксіп жатып көзім ілініп кетеді.

Бұлай ұзақ төзуге шыдамым жетпейтін еді. мұнымды Балағазға айтып хат жаздым. Ол келесі күзде келіп, бір жола алып қайтамын депті. Қысылып тарыққанда ақыл-кеңес берер, жабыққанда көңіліңді аулар ақылдасың болса қандай жақсы. Курстас рахима деген жолдасым бар. маған жиі келіп, қонып кетіп тұрады. Күлекеш, асау қыз. Киноға, паркке бірге барамыз. Соңғы кезде кеш әлетінде қыдыратын болдым. Әлгі бір азаптан құтылу үшін еді бұл. рахиманың өзі іспетті ұшып-қонып жүретін жігіті бар-ды. Жолдассыз жігіт болмайтыны белгілі. Жанына Қасен атты досын ерте келеді. Төртеу боп қыдырамыз. Көңілді. Көбінде рахималар бөлініп, Қасен екеуіміз оңаша қалушы едік. Өз тарапымнан ләм деп тіл қатпаймын, қойған


сұрақтары жауапсыз қалмайды. Өзі биязы, ыржиып күліп қана тұратын, бейбастақтығы жоқ, майда жігіт секілді. Қызығы сол, ол қайда апарса сонда бара бердім. Кет дегенім жоқ. арамызда пәлендей мәнді сезім, маңызды сөз қозғалмады. Бәз-баяғы досжар адамдардай жүретін едік.

Бірде ол:

– Жігітің бар ма? – деді. Бұл сұрақты әдейі қойғанын сезіп те тұрмын. рахиманың сырттай таныстырып қойғаны бесенеден белгілі.

– Бар.

– Кім?

– Танымайсың.

– Танымағаным тәуір. мен үшін бар-жоғы бірдей, – деген сөзді елеусіз, бүгін күн ашық екен деп тұрғандай айта салды. мені қинайтын да оның осы салқын қанды мінезі ғой.

Ия. біз дәйім осылай қыдырыс жасай бердік. Бұл жүріс, қай жүріс екенін, неге соқтыратынын, ол маған неге келеді, мен неге кет демеймін бұл жағы мен үшін бимәлім. Белгісіз бір жіпсіз байлау, иектеп алған Қасенге мені шаңдыды да күнделікті өмір ағысына, сауық сайранына ілестіріп алып кетті. Сонда ойласамшы: қазіргі ақыл парасатқа, сонымен қатар орны талмас өмірлік өкінішке толы ойларымды.

Қасен әскерге аттанатын болды. Кетер күні кешке вечер жасады. Бәріміз бардық. Екеу ара сөз байласып, уәде беріскен түгіміз болмады. Дегенмен бірер күнгі қуаныштың желігі ме әлде үйренісіп қалдық па, қимайтын секілдімін. Қасеннің достары кеу-кеулеп, айналып, үйіріліп жүр. Бабымды табу үшін бәйек болып, шырғалып алды. Қасенге қайтсе де телу сыңайлары бар. мен неге болса да үнсіз қалыппен көне бердім. аздап іштім де. Бұл жансыз күйге қалай душар болып, өзгеге бар еркімді неге тапсырдым, күні бүгін білсемші . Иә, білмеймін. мүмкін суға кетіп бара жатқанда да қол үшін беретін, жұба- ныш тұтар, жанымда тұңғыш махаббатыма тілеулес адамның табылмағаны шығар. Әлде рахиманың «Пәлен жерде алтыным бар деп қол қусырып жүремісің. Өміріміз өтіп барады емес пе. Қойшы әрі, сол екі жылда бір келмеген өгізіңді» деген әзәзіл сөзі жүрегімді құм етіп, жасытты ма?.. Сол кезде кім де болсын


бет әлпетімнен: түгін түсініп, түгін ұғып жүргенім жоқ. Түк айтарым да, түк қарсылығым жоқ» деген сөзді аңғарар еді.

Қасен түстен кейін аттанбақшы болды да маған өзінің өмірлік өтінішін қымсына білдірді. Әрмен қарай рахима пісіріп, түсіріп әкетті... Тағы да есімнен айрылдым. Көзім бақырайып не «бар», не «жоқ» деместен үнсіз көне беріппін ғой.

Біз загске барыппыз. Некеге отырыппыз. Қасенді шығарып салған екенбіз. Ол мені барша жұрттың көзінше қайта-қайта сүйіп қоштасқан екен. Бірін сезсемші. адамда осындай сәттер болады-ау. Көз алдымда болып жатқан уақиғаны көрмедім, ұқпадым, естімедім; алды-артымды жиып, жөні қайсы, жөнсізі қайсы, ақылдысы қайсы, ессізі қайсы екенін ажыратпастан дүниеден өзімді тұл ұстап, мас кісіше бездер мен сезімге ерік берген екенмін. амал не. Бұған дейін өткен жағдаятты түсім деп, алдаңқырансам да тағдырымның жат адамға байланғанын, Балағазы- ның жуықта келетіні есіме түсіп, сұмдық шошындым да бөлмемді тарс кілттеп, жан азабын жалғыз шектім.

Қасенді сүйем бе осы? Деген сұрақ есіме бір келсеші.

Шынында да осы махаббат па? Жоқ, бұл байқаусыз болған сезім болар. аяулы алтын махаббатым Балағазбен ғана баянды емес пе еді. махаббат деген бар ма, бар болса нешеу өзі? Сүю деген не? Қасенмен арадағы не пәле?

Бұл сұраққа Балағаз, сен ғана жауап бере аласың! мен оны

– Балағазды жан-тәніммен беріле сүйетінімді сол күні кешке

– Қасенді шығарып салған күннің кешінде, дақ шалмаған арымдай таза паспортымның артқы ақ бетіне түскен белгіні көргенде білдім. Кеш еді. Тұйыққа тірелдім, жас жаным жапа шегіп, күндіз-түні жылаудан көз ашпадым. Обал жоқ.

Телеграмма алдым. Ертең Балағаз келеді. Кешірер ме екен ол мені. Көзсіз көбелектей отқа құштар әттең қыздар-ай, осы. Сезімді ерттеп, жаманын жатсынбай әлдекімнің әзәзіл сөзін қамшы ғып, беталды лағып кететініміз бар-ау.

Балағазым менің, айналайын! Неке-махаббат дәнекері емес. Бір ауыз жылы сөзің болса соңыңнан еріп, етегіңнен ұстап кетуге әзірмін.


Тағы Да мЕН:

Самолеттен түскенімде иығына бұйралана төгілген қою қара шашы өзгеше жарасылымдық тапқан, тұнық қара көзі кеугімденіп, жүзінде аса бір азаптың бозқырауы бар қыз маған оқыс ұмтыла берді. Бұл – Жанна. Именбестен ашылған құшақ қауышты. ыстық сағыныштың лап еткен жалыны шарпып, бетіме қан ойнап шықты.

– Өзгермепсің, Жанна!

– Өзгердім, өзгердім ғой, Балағаз!

Жаннаның кешірім тілей қараған жүзі, өз-өзінен кібіртіктеп, діріл қаққан әнтек ерні, қолға түскен қоянның көжегіндей жапақтаған көзі, бәрі де тиексіз сезімге итермелесе де қапелімде ешнәрсе сұрағаным жоқ.

Такси ұстадық. мені Жанна бөлмесіне апарды. Әр тұсқа жүйесіз қойыла салған заттар нендей бір көңілсіз һәм ауыр мұң сездіреді. Стол үстінде тұрған менің суретім көп ұстағандікі ме, кір шалып, тозайын депті. Көз шарасына симай шіпілдеген жасын жасыруға шамасы жетпеген Жанна солқылдап жылап жіберді.

– Жанна, неге жылайсың? айтсайшы? Сен бұрынғы Жанна емес бөтен секілдісің. Жүрегім алабұртып, сезгендей еді. Кісі өлімін де естіртер болар. айт, жаным, айта сал.

– мен... мен... айта алатын, айта... Жоқ... Ол еңіреген күйі редикулінің ішінен паспортын алды да соңғы бетін көр деп ұсына берді. аң-таң болған қалпым паспортын аштым. Жанна төсегіне сұлық құлап, үнсіз қалды. Талықсып кетті ме...

Ол некеге тіркеліпті !!

Өз көзіме өзім сенбей Жаннаға жетіп бардым.

– рас па ?!

Бұлаудай боп сорғалаған жас бетін айғыздап, моншақтап тұр. Үнсіз басын изеді. Көзіме қан құйылып қалш-қалш етемін. Қарысып қалған жағымды әрең ашып, барымша жиіркене:

– Опасыз!! – дедім. Қамаудағы қасқырша алақ-жұлақ бір сәт қарап тұр едім, бұрыштағы нан кесетін пышаққа көзім түсті. Тұра ұмтылдым. Тап бердім Жаннаға! Ол сескенбеді. Қайта өлтірсең арманым не дегендей жұтына қарады маған. Оның бет әлпетінде «Сені қалтқысыз сүйемін! Қателеспейтін адам жоқ.


Өзің біл» деген жазу бар еді. мен осыны оқыдым. Пышақты лақтырып тастап, еденге етпеттей құладым, ышқынып жылап жатырмын. Тісімді қайрап, құрыстана бүгілемін. Тобанаяқ болып қалғандаймын. Еш жазықсыз еденді ұрамын келіп, тебемін келіп... Жанна жаныма келді.Басымды құшақтап ол да жылады. Ие, біз осылайша көп жыластық. Өз-өзімізге ымырт үйірілгенше келе алғамыз жоқ, құшақтасқан күйі солқылдадық та отырдық. апыр-ай, бәрінен де жүректің жылағаны қиын болады екен.

маған тіл бітті.

– Жанна, сенен мұны күтпеген едім. Өткен іске өкінгенмен, өкіргенмен бола ма. Бәріне өзім кінәлі секілдімін. Ерте ашылған гүл ерте солады деуші еді. Ерте көктеген махаббат та, ерте қурайды екен ғой.

– Біздің махаббатымыз солған жоқ, Балағаз.

– Енді не қалды. Табыса алмаймыз. Тау еркесі аршадай қысы-жазы жасарып, жасыл күйде тұратын махаббат төзімі болмайды екен. арша екеш арша да күні өткен сайын тозығы жетіп, тозады ғой. Бәрін түсіндім. Төзімім жетпеді. Сондықтан да кінәламаймын сені. айып менен шығар. Қолмен істегенді, мойынмен көтерген лазым. Ендігі тілерім – махаббатымның қуанышы, сүйгенімнің бақытты болуы. Бақытты болыңдар! Ол да табанынан сыз өтіп, кірпік ілместен сені ойлап тұрған шығар шекарада. Қамыққанда немесе талыққанда қуат беретіні де сенсің, Жанна! Ол сенің де, мына менің де махаббатымыз- ды күзетіп тұр. аяймын, қатты аяймын оны. Қасенмен сотта- сып, документтерді қайта бүлдіріп жүрсек екеуіміздің беті- мізге бірдей шіркеу. Күштеген жоқ, өз ықыласыңмен некелес- тің ғой. адал тос. Тек, ауылыңды, алғашқы махаббатыңды ұмытпа, жаным. Үйді-баранды болғанда сәбилеріңді ертіп біздікіне – баламекеніңе келерсің. мен мұны сені сүйгендіктен айтып отырмын. Өмірде өзіңді мендей – Балағазыңдай ешкім сүймейді деп біл. Үйткені олар сені неше мәртебе сүйсе, мен олардан сонша мәрте артық сүйемін, Жанна! Басқа не айтайын. Жүрегім шаршады ғой.

Ол да көзінің жасын тиып, өксігін басты.


– Сен де Жаннадай өзіңді ешкім сүймейді деп біл. Кінәлама.

Қайтейін. Тәнім өзгенікі болғанымен жүрегім сендік.

Бұдан кейін біз жыламадық. Көрер таң көзбен атты. Бөлме ішінде жетім сәулелер қылаң ұрып жүр.

– Жүр, Жанна, терезені ашайық. Көрейікші күннің қай тұстан шығатынын. Таң атты. Бұл біздің таң – махаббат таңымыз, әмбесінде бірге өткізген соңғы таңымыз.

Сібірлеп таң келеді. арайлы. рауанды. Сезе білген адамға қаладан қарсы алған таң да даладағыдай сұлу екені. Біле білген адамға, әр таң ескіні қымтап, алдыңнан соны өмір сырын ашады екен. Көре білген адамға, осынау таң ғажап сиқырлы, дүнияуді нұрымен түртіп оятқан толайым табиғаттың нұр шашқан отты көзі іспетті, немесе Данконың жүрегіндей жұрттың жолын жарыққа бөлейтін тірліктің тірегі екен. Сөйтіп, жаңа таңды қарсы алдық. Үнсіз тұрған Жаннаның мұңлы көзі күн сәулесімен шағылысып, бұрынғыдан да әдемі, бұрынғыдан да ақылды болып көрінді.

– Сонау, күн шыққан тұста біздің ауыл бар, ия, Балағаз?

– Ия, біздің ауыл бар.

Біздер таң шұғыласына шомылып алдық. Тазамыз. Ертеңінде Жанна мені шығарып салды. Жылаған да,

сықтаған да жоқ, бекемдік бар өңінде. Сол бір кездегі, сол бір күздегі өзімдей қапсыра құшақтап, қатты құшып сүйіп: «Қош, Балағазым!» деді.

Жұрттың бәрі тарап, аэропортта жалғыз Жанна самолет биіктеген сайын қарауытып, ноқатқа айнала берді. Енді бір сәтте көзден ғайып болды. мен бәрібір Жаннаны көріп келемін.

Сөйтіп, тұңғыш әрі кенже махаббатыммен қоштасып, ауылыма қайттым.

Қош, махаббатым!!

Содан бермен талай адамдармен жүздесіп, көп қыздармен таныстым. Әйелім, балам бар. Сүйемін өздерін. Олар да мені сол бір қыздан кем сүйіп, сыйламайды. Бірақ, адал әрі аңқау риясыз тұңғыш махаббатым салып кеткен жүрегімдегі терең із әлі де қаз-қалпында.

1965 ж.


ЖЫЛҚЫШЫ ЖІГІТ

Жаз. Жайлау. Таң. Сызылып ататын сырлы таң. Елең- алаңнан тұрған мен желіп келемін. Неге? Самашты көріп, кездесуге. Ел мақтаған тәтті қымызы да алға тартады.

Самаш! мені осы жігітпен танысуға жетелеген оның адал ісі, ерен еңбегі, ел мақтауы еді. Бейтаныс замандасымның осынау өмірдегі кең тынысын сезіп, айғақты табысын, асыл арманын білуге асығу да орынды ғой.

менің бар ойым, кешегі бүкіл пішеншілер тамсана айтқан, жүз биеден жүз құлын өсірген Самашта.

Ия, Самаш Әбілкәсенов жүз биеден жүз құлын өсіріпті.

Бәрі дін аман. Бірегей табыс.

Әне, киіз үйдің төбесі де көрінді. Самаш құлын байлап жүр екен. менімен асығыс амандасты да тығыршықтай ойнақтаған құлындарды ұстай берді. Епті де көз ілеспейтін шапшаң екен. Құлынның құйрығы немесе сирағы тисін сап ете түседі. Әлеуетті қолға тиген семіз құлын, құтыла алмасын сезеді білем дір-дір етіп тұра қалады. Самаш әр-берінің ішінде қырық құлынды желілеп жіберді. Бұл кезде күн жаңа ғана тау-таудың басын шала бастаған. Күн сәулесі тиген соң, тау тіршілігі де керіле бастаған еді. Түндік те ашылып, осы өңірдің тіршілік туы секілді көк түтін будақтай көтерілді.

алты қанатты киіз үй кең екен. Көшіп қонуға арналған жинақы жүк. Қақ төрдегі радиоқабылдағыш тек қазақ гимнін ойнап жатыр. Керегеге кеңірдектен байлап қойған саба ірк-ірк етіп, тиіп кетсең атып кеткелі ашуланып тұр.

Енді бір сәтте төрт сүйретпе қымызды екі атқа артып Самаштың інісі ауылға тартып отырды. Сағат 11-лер шамасында 200 литр қымыз жетіп, жұмысшы сусынын да қандырады, – деді Самаш сырлы тегенедегі үйірілген сары қымызды сапыра отырып. Бие сауыны болғанша сары қымыз әңгіменің ұйтқысы бола білді.


Самаш көп сөйлемейтін тұйық жігіт екен. Көп түрткіден кейін ғана өз өмір жолын қысқаша шолып, соңғы кездегі қол жеткен табыстарын сараң айтты.

Өмір жолы серуен емес қой. адам өз даму жолында өмірдің не бір тар соқпақтарынан, қия, құздарынан өтеді.

Он екі жасында әкесі Әбілкәсен ауырып еңбектен қол үзеді. Ұлы Самашты өз өнері ұсталыққа баули алмай арманда қалған әке, төрт-ақ класты бітірген Самашты өзіме сүйеу болсын деп жылқышы інісі Кәсенуалидің артына мінгестіріп жібереді.

Он екі жасар бала өз анасының қолынан шығып, еңбек ананың тәрбиесіне осылай ерте келген еді.

Содан бері он алты жыл өтіпті. Он екі жасар қара сирақ бала, 28 жастағы зіңгіттей жігіт ағасы болды. Еңбек ширатады, өмір үйретеді деген емес пе. Самаштың бойы да ойы да өсті. Еңбек зейнетіне бөленіп, биік арманға қол созды. асыл жары Сақышпен де жастай табысып, жарқын өмір кешіп келеді. Сақыш та шілденің ыстығы мен ақпанның боранында жылқышы өмірінің небір қатерлі сәттерін Самашпен ортақтасып, бірге көтеріп келеді.

Қазір Самаш бес баланың әкесі. Тұңғышын биыл бірінші класқа бермек. Самаш Әбілкәсенов соңғы үш жылда ұдайы 100 биеден 96 құлыннан алып келген еді. Биыл еңбегі жанып, жүзінен 98 алып отыр. Бұл әншейін кездейсоқ нәрсе емес, жігіттің бейнетті еңбегінің зейнеті. аудан көлеміндегі еңселі табыс.

– Қазір 40 бие байлап отырмыз, – дейді Самаш, – ауылға күніне 200 литр қымыз жөнелтемін. Бұл – совхозға күніне 70 сом пайда келтіру деген сөз. «Биік таудың басы болмасақ та, баурайындағы тасымыз» депті ғой атамыз қазақ. Сол секілді осынау дархан өмірдің ұлы үлескері болмасақ та, қатардағы күрескеріміз.

Жігіт күнделікті жаңалықтармен де үзбей танысып отыра- ды екен.

– Газет-журнал оқуға, жаңалық естуге жаным құмар-ақ. Әдеби кітаптарды да оқимын. Т.Әлімқұловтың «ақбоз аты» қатты ұнады. Әттең сол газет-журнал, кітап дегендер жайлауға сирек келеді-ау. Шындықты айту керек, міне күз де жақындап


қалды ғой, ала жаздай бірде-бір «Қызыл отау» меңгерушісінің төбесін көргеміз жоқ. Газет-журналды өзіміз әкелеміз. Осыны реттеуге болады ғой.

Күн нұры кең жайлауды емін-еркін билей бастаған. Жылқылар самарқау үйездеп, сауыны болса керек, желіндері шертіп тұр. Самаш тыста тұр. Жаңа шыққан күннің алқызыл сәулесімен шағылысқан Самаштың үлкен қара көзі жалт-жұлт етеді. анықтап қараған адам жігіт көзінен кішкентай күн көрер еді.

 

1965 ж.


ЖҰМБАҚ ШАЛ

– мына шал бүгін тағы да келді.

– Е, құдай берді десеңші, бағана мұрным қышып еді, осыған көрінген екен ғой.

– Келген шалдың бәрі мынау секілді бес сомнан ақша беріп кететін болса...

– Әй, осы сендерді сыраға ырағып жүрген шал емес, мына мен екенімді мойындасаңдар деймін. Жылпостықпен-ақ иітіп жүрмін ғой шалдың шандыр көңілін.

– ал сөзді доғардық, естіп қалар. Бастадық. Твис. ресторандағы сайдың тасындай жаланған төрт музыкант

беті сиырдың құйқасы секілді быж-быж ақ бас шал есіктен кіре бергенде ол хақында осындай сөз қозғап үлгерді. Бірақ олардың күпіршілікке толы күңкілін сезген жоқ еді ол. Тіпті мынау мыжырайған түріне, жаңағы күйіне қарағанда құлағына келіп қақсасаң да елең етпейтін сыңайы бар.

Ол өзінің «меншікті» орнына – музыканттардың іргесіндегі столдың бос орындығына отырды да даяшыны шақырды.

– Сізге үш жүз грамм коньяк пен кебір ірімшік керек шығар, – деді даяшы қыз оның не жеп, не ішетінін айтпай- ақ түсініп. Шал қалтасынан шылымын алды. Оны абайлап, өзгеше бір баяу сырбаздықпен тұтатты. Оң қолының үстінде инемен жазылған «анна» деген сөз бар. анық оқылмайды, оңа бастапты. Коньяктан жүз грамм құйып алды да, бадырақ көз барабаншыны ымдап шақырды. Сілеусіндей атылған барабаншы аса бір жағымпаз зымиян пішінмен қылмия күлімсіреп:

– Не бұйырасыз? – деді. Шал ләм деген жоқ. Төс қалтасынан бір сомдық ақшаны суырып алды да умаштаған күйі ұстата берді оған. Не бұйырғанын түсінген музыкант достарына беттеді. Дәл осы сәтте барабаншының бет-әлпетіне шындап үңілген пенде болса, оның сол жақ бетінің жыбыр ете түскенін,


жұтқыншағы бүлкілдеп, әріптестеріне көз қысқанын сезер еді. Әттең, ондай адам болмады. Бәрі өз-өзімен, шұлғиды.

ақбас шалға да, музыканттарға да ешкім мән берген жоқ. Тек шалмен көрші бір столда сыра ішіп отырған үш жігіт қана оқта-текте көз қырын тастап отыр еді. Бірақ олар да бей-жай, әуесқойланған жоқ-ты.

музыка тартылды. Орыс халқының ескілеу бұл әні ойнау- шысын таппағанына өкінді ме, қысыла, булығып шықты. музыканың мазмұнына емес, әуенінің жетегінде кеткен ойнау- шылар дүрсілдетіп, шиқылдатып желдіртпелете жөнелді. Осы сәтте олардың ойында тек осы бір жомарт шалдың көңілін қимағандық, қимағандық деймін-ау, әлгі тарамысты шал қолынан жұмарланып шыққан бір теңгенің есесін қайтарудан туған амал ғана бар еді. Екпіндетіп келді де шорт қайырды. Дем алуға келесі бөлмеге шығып кетті... Әлде қашан ескіріп, ұмытыла бастаған әнді неліктен ойнағанына жұртшылық риза емес секілді. Не істейді. Заказдың аты – заказ. Шал музыканың әп-сәтте бітіп қалғанына сенгісі келмегендей әнтек шошынып қалды да коньякты тартып жіберді. Дел-сал шылымын будақтатып, зілдей ауыр тұңғиық мұңға берілді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.