Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ 12 страница




мүбәда, қасқыр түйенің үстінен секіріп кетсе, хайуан қайтып тұра алмай шойырылып қалады екен. Бұл жердің қоналқы болуға ыңғайсыз екенін сезген ол сары інгенге қайта мініп, ілгері тартты. Жол ұзақ еді. Дала кең еді.

Үшінші түннің таңы құланиектене бала қоржындаған Жандос Қоғалы көлге келіп жетті. Көл жағасында жайрап жатқан калың ел ызым-қайым баяғыда-ақ көшіп кетсе керек. Сарғайыңқырап жұрты ғана қалыпты. Әр жерде шашылып, қоқыр-соқыр, малдың қиы жатыр. Жандос түйені шөгеріп тастап, ұзақ сәйірледі жұртты. Тұңғыш рет қарны ашқанын сезді. Бір үйдің орнынан қатып-семіп қарала-торала боп жатқан құрт тауып талмады. мұрнына қымыз, бүлк-бүлк қайнаған ет иісі келгендей болды. Өздері үй тіккен орынға барып отырды. Көңілі босап алғаш рет көзіне жас алған. Қоғалы көлді қыстап қалатын бірер шүрегей жүзіп жүр. Бұл жердің қожасы тек дарақы қарғалар ғана секілді. Өңір құлазып, мұңлы күй жайлаған. Неше күн бойы аузына нәр салмай өзін де, екі сәбиді де түйенің сүтімен асырап келе жатқан Жандос жалғыздық зарын енді ғана шеккендей. Жылы үй, шым-шым сорпа... Шыдай алмайды-ау. Жер бауырлап өксіп-өксіп ұзақ жылады. Бұған не болды дегендей маңқайып қараған аруанадан өзге жанашырсыз жатқан қара бала жердің ыстықтығын, сол қара жерде көшіп- қонып тірлік еткен елдің қымбаттылығын зерделеді. Ол мынау кең даланың пәтуасы жоқ пәлелігін, басқа тиер гүрзісін көкейге түйді. адамды уақыт емес, уақиға қартайтатынын білді.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: тағдырдың, сол тағ- дырдың мұрнын тескен тайлақша елпектеп құлы болып жүрген адамдардың бір-біріне қатыгездігін; қарашаның күнінен түні, түнінен күнінің қатал, әрі суықтығын; пенде дегенің өлмеген соң сең соққандай сенделектеп жүре беретінін; ал анау жер мен көкте сүйретіліп сықап жатқан бұлттың көктем бұлтына әсте оқшамайтын сұрқайлығын; мынау дарақы қарғалардың әрі жексұрын, әрі көмпіс қара-байырлығын; аққу-қаздан айрылған көлде ешбір сән-салтанат, ешбір көсілген көркемдік болмай жетімсіреп калатынын әмбе осы мұңды көл мен өзінің қазіргі хал-қадірі тым ұқсас екенін бағамдады.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: ит арқасы қиян – анта-


лаған жау, абалаған ит ортасынан шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, түн демей, күн демей безектеп, қойнына жасырып ала қашып бара жатқан Бөкенші-Борсақ құдай сақтап аман- есен өсе қалса кімді жарылқар; біле-білсе, дұшпанның қанды шеңгелінен алып шыққан Жандос ағасының төбесін көкке жеткізбес пе... осылар ержетіп, еліне қорған болса қандай мерей; Жандостың еңбегі ақталғаны ғой; мүмкін жат бауыр, қатыгез болып кетер... оның бетін ары қылсын... онда Бөкенші-Борсақты Жандос өз қолымен бауыздайды – осыны бағамдады.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: «туған жерден айрылып, босып бара жатқан өскен елдің ертеңгі тағдыры не күйде, барар жері баянды болса ғой; көзін алартар дұшпан ол жақтан табылмас па; садағаң кетейін қазақтың жалпақ даласы-ай, жас баланың жөргегіндей сарғайып жатқан сықпытың мынау – кім-кімдердің табанын жалап, несібесіне айналар екенсің; жауыңның бәрі жоңғарша қаһарын төгіп, қаптай-шаппай, дос болып мүсіркеп, ішіне қанжарын байлай келсе қайтер едің; әй, бәрібір жас балаша қызарғанға, күле қарағанға мәз болып, салқар құшағыңды ашар едің, салқар құшағыңды аша-аша аш қаларсың; «қонағым артыңа қарай отыр» деген сөз шықпайды сенің аузыңнан; сенің жомарттығыңда шет-шек жоқ; ал, жомарттың қолын байлап, жолын тарылтар – дарақылық; садағаң кетейін қазақтың байтақ даласы-ай, сарғая тосып, көз жасын жылап тауысқан ананың қол орамалындай қан жұтып жатқан түрің мынау, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» да күндердің күні ұмытып, бодауы ада капысыз тірлікке көшер ме екенсің... сені ылғи да анау қалбақтай беретін қарғаларға балай беретінім қалай? қарға жиылып, қасқыр алғанын көрдің бе?... мен кінәлімін туған жер, мен сенің бар қасиетіңе көзжұмбайлық жасаған шығармын; садағаң кетейін қазақтың қойдай жуас даласы-ай, сен менің көз алдыма құсбегінің қолындағы жемтікті елестетесің; сондығы болар, ит-құс саған әуес қой... мен сенің тағдырыңды ойласам өлімге бас тіккім келеді; тіпті, өлейінші, өлейінші құдай!» – Өлген жоқ. Өйткені, ол дәл осылай ойлаған жоқ. Ойлай алатын ой-өре де жоқ. Ең аяныштысы сол еді...


Төртінші күнде аппақ қар жауды. Қар жауғанын Жандос алғашында сезбей қалған. Сары інгенді шөгеріп тастап бір сәт мызғып еді. Түйенің сүтіне үйреніп алған екі сәби де тырайып жатыр. Кеше ғана алкүреңденіп тұрған адырлар ақ кебінге оранып маужырайды. Тым-тырыс салқын да сазды күйде жатқан дала осы бір таң ала жауған ақша қарды бұрыннан-ақ сағынғандай, сарғая күткендей бойкүйез. азанда жауған ақша қар мәрмәр ұнтағындай таза, күннің көзі түсіп еді сынапша жылтылдап, жабырқау тартқан өңірдің бойына қан жүгіртті. Карауытып қайғылы мұнар басқан бел-белестердің күңгірт түсі ғайып болған; көз қарықтырар шаңқан, қылау түспеген қыздың арындай кіршіксіз-тін. Неше күнгі ызың-ызың желден, сүреңсіз күз жауынынан мезі болған, қажыған даланың казіргі дидары айпара-ананың жайнамазындай еді. Сол қыбыр еткен мал-жансыз ақтымық дүниенің арғы бір аспанмен әдіптелген шетінен қос ноқат болжанады. Қос ноқат алғашында қоңыздай ғана еді, бірте-бірте ұлғайып жақындай түсті. Олар да сонадайдан қарауытқанды көздері шалып солай қарай беттеген. аппақ даланың дәл ортасында шөгіп жатқан түйе екеш түйенің екі өркешінде бір сауысқан, бір қарға қонып отыр. Жемтігінен айырған қос аттыға ауызға келгенін айтып, таңдайын қағып таңырқап, наразы болғандай ұшып кетті. албасты басқандай аласұрған табиғатпен қоса арпалысқан түйе «жеткен жерім осы, ей жетімек. Енді менде хал жоқ, өзіңе сен» дегендей аса шаршаспен шөксе керек: төбеден салып қалғандай тұмсығын жерге тіреп ұп-ұзын болып сүйретіліп жатыр. Бір қызығы, түйе беттеп бара жатқан жағы күншығысқа артын беріп, басын құбылаға қарата шөгіпті. мұнысы күншығысқа емес, ақтық демдерің таусылғанша құбылаға беттеңдер деген ишарасы секілді... Үстін жұп-жұмсақ қар басқан аруананың қос жанарынан аққан жас әлі суып та болмаған жып-жылы. Түйе өлгенге ұқсайды. Бірақ не кереметпен тыраң етіп, қабырғалай құламай шөкелеген қалпы тізесінен аумай жатқанына қайран қалды жүргіншілер. Жүргіншілер Жандосты іздеттіріп жібер- ген айпара-ананың кісілері екен. Олар екі баланы қолына алғанда шырқырап жылады-ай дерсің. Жандос ессіз ұйқыда. Жұлқылап әрең дегенде оятып алды. Ояна келген Жандос


сасқалақтай пышағына жармасты. Өз елінің адамдары екенін танып, бас салып көрісті. Ол көпке дейін өксігін баса алмай солқылдап жылап тұрды. Төрт күн жан жолдас; жан серік болып, төрт күн ит-құсқа жегізбей қас-дұшпанның қанды шеңгелінен алып қашқан түйені өлдіге қимай, екі азаматқа тұрғызыңдар деп әмір берді. Екеуі келіп өркештен тартып қалғанда сылқ етіп аунап түсті... аруананың өлімін Жандос қатты азалады. Шынында да өте аянышты, әрі таңғажайып тамаша өлім еді! Ол хайуанның ауырмай, ашықпай не себептен жантәсілім бергенін түсіне алмады, неге жорырын да білмеді. мүмкін, сағыныштан шейіт болған шығар. Бар қолынан келген қайраны «ит-құсқа жем қылмай қайта айналып келіп көміп тасталық» деді.

аруананың топырағы торқа болары сөзсіз: өз ботасынан айрылып жүрген бейшара, адамдардың бейбастақ қылығынан қаншама жиреніп, жерісе де сол қанағатсыз пенделердің құлы екенін мәңгі мойындап, карызын өтеді; канышер қатыгездерге өкпелеп, қорғансыз мұңлықтарды өлімге қиғысы жоқ; ол – аналық, аруаналық борышын өтеді; сол игілігі мол, жасампаз іс жолында құрбандыққа шалды өзін. Қандай салтанатты өлім десеңізші!

аруананың топырағы торқа болары рас: басын құбылаға беріп жан қинап, мандырамай көз жұмған хайуан бүкіл бір ұрпақтың бабасын арқалап келгенін сезсе ғой шіркін; Жандос пен Бөкенші-Борсақтың кейінгі өмірі не болды, қандай ұрпақ тарады, олар айрандай ұйып тірлік кешті ме, оны білгіңіз келсе ұлы жазушымыз мұхаңның «абайын» оқыңыз; қайран сары інген, сен «абай жолын» бастап берген екенсің-ау. Не деген салтанатты өлім десеңізші!

аруананың топырағы торқа болатыны рас: күншығысты беттей жосылып кеткен уақ-шуақ салқар көштің ең ақыры болып, маңыған сары інген сол бір ерқашты қылған ырғақ пәтуасыз кезбеліктің түбінің қайыры жоқ каңғып өтер қайран тірлік екенін күні ілгері болжағандай ерте аттанды бұл дүниеден; ерте аттанғанымен өз қажыр-қайратын сарқып берді; ол болашағына, анау көшті қуып жеткенде көрер мамырстан күндеріне сенбеді білем: ақ тілегіндей, адал еңбегіндей аппақ қарды ең соңғы рет көрді де, демі таусылды; ол енді қайтып


оянбайтын мәңгі ұйқыға аттанарда өлген ботасын іздеп, ұзақ боздаған; бірақ бұл үнге Жандос оянбап еді; ұзақ боздап жатып ағыл-тегіл жылаған, қор болып жылаған; сонда да тұяқ серпіп қиналмады, төрт аяғын серпіместен бүгілген қалпы жатты; жылдар бойғы шеменделген кесепаты мол ашудан түйілген сары даланың жұмылған жұдырығындай еді. Не деген ардақты өлім десеңізші!

аруананың топырағы торқа болмайтыны және рас: шығысқа жосыған қалың көш қайта қайырылып, түйенің өлімтігіне келе алмады; алакөз боп қызғанысқан қасқырлар, қанға карқ болған карға-сауысқандар жүрді шырғалап; қарға мен сауысқан өзара кетісіп те қалды; өлексені алғаш иемденген қарға олжасын саудалай бастады; қарға айтты: түйенің бір жақ көзі қ-ы-рық сом; сауысқан айтты: тым-тым қымбат екен, тым-тым қымбат екен; касқыр айтты: былжырамаңдар, сендерге дым да жоқ, өзім арғы беттегі ұрым-жұрағатымды көшіріп әкелемін; сөйтіп сары інген бөліске түсті. Бұл не деген опасы жоқ өлім десеңізші!

айпара-ана: «Кейінгі ұрпақ сендерден түңілген едім. Оным бекер екен. Сендердің қажыр-қайраттарыңда шек жоқ екен. Оны Жандос дәлелдеді. Ұлым менің, жігіт екенсің, сен енді жігітсің... жігіт-ақсың.

Бөкенші мен Борсақты жат қолына тастамай, өгіздей өрге сүйреп келдің. Ол да бір алла-тағаланың жар болғаны, көз жасымызды көргені шығар. мен ойлаушы едім, осы жаман немелер барған сайын жатбауыр болып азып барады, бір- біріне сәлем бермей қара басының қамымен кетер-ау деп. мен ойлайтынмын: әркім өзі шығар тауының биіктігін көксеп, кім ертсе соның жетегінде, итаршысында кетер-ау деп. Құдай таупиық бергенде оның беті ары болатын секілді. менің ұрпақтарым намысын қолдан бермейтін, ожданы таза, діні берік күйде баз кешпек. менің ұрпақтарым бірер сүрініп барып, үшінші рет жігер отын жағар. мен болашаққа әсте сенбеуші едім. Оным да бекер екен. Ұрпағымның көзі, ей алла, бұдан жүз жыл кейін ашылар, мың жыл кейін ашылар... Әйтеуір ашылар... ашылар. Тый көз жасыңды, ей еңіреген ел, ата-баба қонысын жоңғарға бермей, тас-талқан етер ұлың бар. Жаралы екеніңді


білемін. Батыр ел әмсе жаралы болмақ. Шалқайғанға шалқай

– пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей – құдайдың құлы емеспісің. Жеріңді тастама – жетім қалар. ашыққан арыстанның шөп жегенін көрдің бе? арғымақ мінген азаматы бар елдің ақыретсіз қалғанын көрдің бе? Сол кезең туған да шығар. Көз жасыңды сен де тый, сайын дала, құдайға шүкір, Жандостай ұлың тұрғанда туырлықтай мүшеңді бермейді жауға. Ей, қазанат, жал-құйрығыңды шаң басып, сүмірейме, әне Жандос келе жатыр, қолтығыңды жазарсың. Құлағыңнан садақтың ызыңы емес, самал жел еседі. Жыламаңдар! мен-ақ жылайын. мен қуаныштан жылайын. Жандос есен-сау оралды. Уа, қаңсып қалған жанарым шылансын бір. ал, мен жыладым... жыладым... жыладым...»

 

Сонсоң айпара-ана ботасын жоғалтқан аруанадай алғаш рет боздап тұрып, құбылаға қарап қолын жайып, мына бәйітті айтты «Ей алла’ Барша ғаламның арманына жеткені сияқты, ақ ниетті күнәсіз елдің мүскінін есіркеп, біздей пақырлардың арманына рахымыңыз түсе берсін, уа, ұрпағымыз қарам пиғыл- істен, пәле-жаладан аман болғай. О дүние, бұ дүниенің иесіне әмин!»

Көш күншығысқа беттеп барады. Жол ұзақ. Дала кең.

1968 жыл



Екінші бөлім

әңгімЕ-хикаяТТаР


 

АНА ҚУАНЫШЫ

Есіктен атыла шыққан Жеңіс табалдырықта жатқан аламойнақтың аяғын басып кетті. ауырсынып қалған ит жасынан бірге өскен иесіне бір рет қаңқ ете түскеннен басқа шағым айта алмай қала берді. Жеңістің аялдауға мұршасы болған жоқ. Жүгірген бойы Бұқтырма өзенін жағалап кете берді.

артта ашық қалған есіктен тек ашулы ана сөздері естіліп жатты.

– Тоқтай тұр, келерсің. Үйбай-ау, он жыл бойы табанынан таусылып оқып, оқып алып, енді жұмыс істемейтіні не. Жасынан жұмысқа салып қойса білер едің сонда, оқудың не екенін. Жарайды, әкесі жас кезінде оқу-тоқудың не екенін де білмеді. Әйтеуір Совет өкіметі орнап көзі ашылды. Оның есесіне сені оқытып, жеткізді емес пе. Енді болса істеп жүргенің мынау. Былтыр өзің сияқты ана Есімбайдың баласы мектепті бітірісімен-ақ оқуға кетіп қалды ғой. Тайқақтағанды көрсетермін, әкең келсін, – деп сөйлеп жүр Жеңістің анасы Қалима.

Шынында да Жеңіс әкесін өте сыйлаушы еді. айтқанынан шықпайтын. Бірақ Жеңістің әкесі қытымыр кісі емес, ауыр мінезді, өткір сөзді адам. Жеңістің әкемдей болсам, әкемдей сөйлесем деп арман етуі де осыдан.

Бұлқан-тақан болып отырған Қалиманы бір жағынан ашуландырған қызы Әлиманың сөзі болды. Әлима Жеңістің арасына түсіп жүр.

– Есімбайдың ұлы дейсің, ол оқуға түсе алмай қайтып келгені қайда. Қалада жүр ғой сандалып. Жеңіске әкем тіпті де ұрыспайды. Әнекүнгі өзіңнің көзіңше не деп еді?

– Сен де қырық жылғыны ұмытпайды екенсің, – деп ашуланып айтқанымен де, қызының сөзі оны ойландырып тастады. Оны сезген Әлима батылдана сөйледі.


– Ұмыта қалдың ба. Жеңіс ойлан. Бір-екі жыл менімен жылқы бақ. Оқу қайда кетер дейсің демеп пе еді. ал онжылдықты бітірген соң мен де екі жыл жұмыс істеймін.

Су жағалап келе жатқан Жеңіс анасының сөзін өзінше салмақтаумен болды. Оның көз алдына бесікке салып тербетіп отырған ана бейнесі келді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай он жеті жыл бойы тәрбиелеген анасының сөздерін қайтіп аттап кетпек. Әй, ана-ай түсінбейсің-ау, деп Жеңіс ауыр күрсініп, жар жиегіне отыра кетті.

Енді бір сәт оның көз алдына класс жиналысы келді. Өзінің ең бірінші болып туған ауылында қалып жұмыс істеймін деп комсомолдық сенім бергені ана сөзін қалқалай берді. Жұмысқа қаламын деп алып, қалмауым ұят іс. Достарымның, оның бер жағында мұғалімдердің алдында масқаралық емес пе. Қой не болса да жұмысқа қалдым, деп ішінен нық түйді. анам қанша ашуланар дейсің. Ендігі райынан қайтып та қалған шығар. Жеңіс анасының түнерері болса да, жауары жоғын білетін.

алтайдың ежелгі самал желі жылып аққан өзен бетіне шиыр сияқты ұсақ толқындарды төсеп жатыр. Өзінің туған жерінің көрікті де сұлу табиғатына сүйсіне қызықтап қараумен Жеңіс үйіне қайтты. Тағы да ұрсады-ау деген сезікті оймен ол есікті ептеп ашып, үйге кірді. Бірақ анасының ашуы басылып қалған екен.

– Тамағыңды ішпей қайда жүрсің, – деп сабырмен қарсы алды анасы. Әкесі де жылқыдан келген екен. Талқыға өзінің енді түсерін білген Жеңіс бір шыны шайды әрең тауысты.

Жеңіс жұлдызды жігіт болды. Бағына әкесі үй ішінде болған жағдаймен танысып үлгеріпті. Ол өткір көзін жапқан қалың қабағын кере түсті де, баласына:

– Үй іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, оқасы жоқ оның. Ойың дұрыс балам. Өз еңбегіңнің де дәмін татып көр. менімен бірге бірер жыл жылқы бақ, – деді салмақпен сөйлеп.

Шын ба! Дегендей Жеңіс жаутаңдап әкесіне бір, анасына бір қарады.

– Әкең болса қартайып қалды. Серік болып бағам десең, бақ. Бұл ойыңа мен де қарсы емеспін, түсіндім. Кейін сырттан оқуға барарсың...


мұндай сөзді күтпеген Жеңіс қуанғанынан анасын қапсыра құшып сүйе берді, сүйе берді...

Жеңіс әкесімен бірге жылқы баққанына дәл бір ай болды. Ол бүгін өте көңілді келе жатыр үйіне. Жүрегі лүпілдеп үйге тез жетуге асық. Оны қуантқан тұңғыш еңбек ақысы еді.

Өмірдің дәмін енді ғана татқандай. Жас балаша қуанышпен жүгірген бойы үйге енді. анасының қолына сексен сомды ұстата беріп:

– міне, ана менің адал еңбегімнің нәтижесі, – деді. анасы Қалима оның күлімдеген жүзіне қарап:

– Балам, қайырымен болсын, ержеткеніңді енді білдірдің. азамат болдың, – деп мейірлене ұлының басынан сипады. Осы сәтте ана жүрегінің балаға деген қуанышы шексіз еді...

 

1961 ж.


ТЕРІСАҚҚАН

Қазақ туралы жыр

 

ағарыстың басқа өзендерден пәлендей айырмашылығы жоқ. Күн шығыстан суыртпақтала бастау алып, құбыланы маңдайға бере сан-сан ирек жасап, жер жарықтықтың жон арқасын қанқұрттай жеп, желе жортып ағар еді. Өзен болған соң, ол да табиғат ананың бел баласы және сол табиғат ананың ырқында, бірде тоғайып, бірде азайып, құбылмалы дәуреннің сан-сапалағын бастан кешті. ағарыс қашан жаратылғанын, тегінде, қай өзеннің қорек қосар саласы, не ағар арнасы болып, тегінде де, дәл бүгінгідей ерке-шолжаң телегейлі әрі шайқы- бұрқы тентек болып па еді – әсте сезіп-білген емес. Күні ертең танабы кеуіп, тасы қаңсып қалса, әмбе құдіретті аспаннан ізгі нөсер бір тамбай сауынсыз қысыр қалса, не лаж – мұны және де ойлаған емес. Қазір көктем ғой, ең дәуірлеген, шанағынан асып, шалықтаған шағы осы; Қыстай сіресіп жатқан күпсе қар, көк тайғақмұз еріп, сай-сала, жылға жылғаны қуалап, ағарыста табысатын; ағарыстың арыны баяғыдан әлдеқайда тегеуірін- ді, өз қынарын – өз сағасын ырып-жырып тепсінетін; бір кез- дегі саф таза мөлдірлігінен жұрдай болғанымен, осынау ақбұла сықпытына аса мәз; мәз болмай қайтсін – бұрынды-соңды өз болмысында жоқ көл-кесір дәулетке ие, оны енді еш тосқауыл, еш құдірет тоғандап, бұғалық тастай алмаса керек. Бұл өзен жылда мамырды орталап барып тасушы еді, биыл көкек айынан-ақ кәрі жынын шақырған, әсіресе, түн баласында дүние жалқы сәт беймезгіл рақатқа кешіп, түні бойғы ию-қиюдан шалдыққандай мызғыған мезетте, әумесер толқындарын көкпарға салып долданып, өз қуатына, өз қылығына өзі сүйсініп, жарылқаушысы – Күн нұрына сиынбай, қайта сол нұрдың жоқтығына мәре-сәре қуанып, бар тіршілікті мазақтап сақ-сақ күліп, әйтеуір, бір көзсіз ерлікті, бас жарар бұзақылық-


ты аңсағандай, арқырап-сарқырап ағады. Кәперсіз өзеннің шәлкем-шалыс мінезі мен аз күнгі сауық-сайранға есірген ессіздігін табиғат ана кешірсе керек; бірақ күндердің күні басы ауырып, балтыры сыздағанда, бағы тайып, талайсыз тағдыр тапалағанда, тәубеге келіп, ақылы кірер дегені шығар; еңку- еңку жылдар өтіп, замана заңғар тартқанда, талай өзен суалып, талай ағаш қуарарын – ал осы суалу мен қуару тіршілікгің айнымас заңы екенін ағарыс зерделеген жоқ. Жазғытұрым- ның аз базарына еркелеп, дүниенің бар тізгіні ырқына кешкен- дей масаттанды-ай... Шын назар аударып, құлық қойған адам ағарыстың өзге өзендерден әжептәуір айырмашылығын бол- жар еді. ағарыстың ені қозыкөш, арнасы ауқымды, жағасына қонған ел-жұрттың кенезесін кептірмес мол сулы, жағасы жаз шыға жап-жасыл нуға бөленіп, қып-қызып қырмызы гүлдермен жұрымдалып жатыр. Ернеуіндегі иін тірескен қалың жыңғыл- ды көпсіигендей, әрі осы көрік беріп көмкеріп тұрар күйдіргі мен шаған өсімдігіне берер ас-сусынын қызғанғандай – тасы- ған сайын жайпап, отап, өз денесін өзі жалаңаштайтын. Басқа өзендерден тағы бір ерекшелігі – ағарыстың арнасы терең емес, әпербақан толқынымен екі жақ езуін жыра-жыра жайпақ- талып, уақыт өткен сайын, қайраңға айналып тайыздалып барады; сосын бейбіт жатқан жер екеш жерді де тынышын кетіріп, жұмыр жонын сойғылап, тыртықтап тастайтын... Оның қайнар көзін құрар білдей-білдей ұш саласы бар, үш саласы тарамдалып, тамырланып, ұсақ бұлақтардан қорек алады. Бірақ ең қызығы – көктем туа байыған бұлақтар, тіпті әлгі үш сала- ның өзі де пышырап, құяр арнасынан сырғақси тұс-тұсқа қашар еді; жылғаны қуалап, жылғаны сағалап, бет-бетімен лағар еді; көктем суына масайған жас бұлақтар көгі жаңа тебіндей бастаған жерді аққұла суымен лат қылып, бір қабат құйқасын сыпыра қызыл тастап, лайсаң етер. Тынышсыз ұлдарының орынсыз тұштақайлығына абзал аналар қанша кейігенімен, іштен шыққан шұбар жылан ғой дегендей, көп-көп дарақы қылығына кешірім жасап, іштей тынар болар. Бірақ ардақ ананың дарқан жүрегін, шыншыл әрі ізгі пейілін жыға танымаған жетесіз ұл туған шешесін күйік отына тастап, ұлылығын, кір шалмас махаббатын рәсуа етері әмбе рас.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.