Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ 16 страница



(Әйелім күбір-күбір сөйлеп, енді бері аунап жатты. Тоңазыды ма, қол-аяғын бауырына алып бір уыс болып бүрісіп жатыр. Балауыз шырақ ылжырай еріп жанып тұр. мен әйелім- нің үстіне пальтомды әкеп жаптым.)

Бақыт, сен тоңазыған соң, педжагімді шешіп, иығыңа жаптым. Сен маған тақалып қойныма тығыла түстің, мен де. Біріміздің ішімізге біріміз кіріп кетердей халде отырмыз. Бозталда түнеуге бел байладық. Біз отырған жерге ай жарығы толық түспейді, жапырақ-жапырақтың ара-арасын сығалап алашабырланып тұр. мен сені алғаш рет сүйдім. Қарсылық білдірмесең де, жүрегің өрекпіп дірілдеп отырдың. Ендігі сәтте екеуміз де жиі-жиі дем алып, ыстықтап кеттік. Қолым балтырыңа тиіп кеткен мезетте селк етіп шошынып қаламыз. Бірақ бізге осы таза ынтықты сүйістен өзгенің қажеті де жоқ еді. Бағана аздап қызыл арақ ішкенбіз, соның буы ма жердің сызын, өзеннен ескен салқынды елеп-ескермей отыра бердік қой. Есіңде болар, Бақыт, таңға жуық ұйқымыз келе бастады. Сонда  да  көзіміз  ілінген  жоқ.  Сонда  да  біз  бір-бірімізге

«сен мені сүйесің бе?» деп сұрағанымыз жоқ. Балтырыңды

ұстадым  –  сұп-суық  екен.  Сипап  жылытқансымақ  болдым

– үндеген жоқсың. Саныңды ұстадым, жатқанда көйлегің түріліп ашық қалған екен, сұп-суық – үндеген жоқсың. Бетіңді


бетіме бастым сұп-суық – үндеген жоксың. Тек демің ғана ып-ыстық. Сенің көзің жұмулы, көңілің мас. Бұл күй маған да ортақ. Біз талып жатқандай едік. Біз ұлы бір шайқастан кейін тыныс алғандай, ұлы бір шайқасқа аттанар алдындағы дайындыққа әзірленгендей едік. Сенің бетіңе ар жағынан айдың нұры кұйылған қайыңның жапырақтары көрініс беріп, осы сырмақтың оюындай суреттер өн бойыңды шұбарлап, шыпырлап тұр; көзіңдегі теңгедей жарық қамасқан кірпігіңді көтеріп қалған сайын, саулап жанарыңа құйылатындай; көзіңді ашқанда ай нұрымен шағылысқан қарашығыңнан от көретінмін, осы оттың сөнбеуін іштей тіледім де; міне, енді сен шалқаңнан жатырсың; үстіңде ақ көйлек, үстіңдегі ақ көйлек салқын ауамен дымқылданып тәніңе жабысса, сол ақ көйлек- тің етегі томпайған етті тізеңнен жоғары түріліп, тек бірыңғай жұп-жұмыр саныңды, өр серпіген кеудеңді ғана далдалаған; қолыңда бір сабақ бидайық, аузыңа салып ерніңмен талмап, сосын бетіңе үңілген бетімді қытықтайсың, мен сенің кеудеңе басымды қойып, талайға дейін қимылсыз, жүрегінің дүрс-дүрс соққанын тыңдадым емес пе; сосын сен басыңды көтеріп, екі аяғыңды созып жіберіп отырдың; енді менің басым сенің тізеңде жатты; мен шалқамнан, анау қара көк аспан, жарқыра- ған жұлдызға қарадым; шашың сусып түсіп, мойныма оралған; сен менің шық-шық шашымды сұп-суық, сүп-сүйір саусағың- мен салалап, жоғарыдан төмен қарап отырдың; енді мен тек сенің жанарыңды, ақ-құба тартқан дидарыңды ғана көрдім; оң жақ қолымды беліңе орап барып, өзіме қарай қатты қыстым; оң жақ қолымды ту сыртыңнан өрлетіп апарып мойныңа салдым, сосын басыңды өзіме еңкейттім; «мені сен бір сүйші» дедім; ұялдың, шалқайып кеттің; мен әлгі қылықты тағы қайталадым; сен айттың: «ұяламын көзіңді жұм» дедің; көзімді жұмып көп тостым – келмедің... келмедің; шыдай алмай көзімді ашып жібердім; еңкейіп келіп, бірақ жүрегің дауаламай, дел- сал отыр екенсің; көзімді қайта жұмдым, ерніме әрі суық, әрі ыстық ерінің тиді; бетіме бір тамшы ып-ыстық жас ағып түсті; бұдан соң сұлық құладың; бұдан соң мен сені есім танғанша аймалағанымды, аймалап жүріп аузыңды таппағанымды


білемін; бұдан соң миым емес, қолым жұмыс істегенін білемін; бұдан соң өлтірсең де ештеңе білмеймін...

айнам, есіңде ме сен көп жыладың, мен міз баққан жоқпын. Жеңіске жеткендігімді сезіп, әжептәуір тәжірибе жинағандай тояттап қалыппын. мен тіпті сені бұрынғыдай жақсы көрмейтін секілдімін... Екеуміз жар жағасында қатар тіземізге иегімізді қойып, атар таңды қарсы алдық. атар таңды әлгіндегі қылықтан бұрын қарсы алғанымыз кандай жақсы еді. рас, атар таңды пәк қарсы алмаған едік. Күншығыс жақ бірсін-бірсін сөгіліп ақбозданды; әлдекім от алып өткендей болды; сол оттың жап-жарық сілемі қалып қойғандай болды; енді бір сәтте сарғайып, сыбызғыланып таң келді. Жүзіңе қарадым, атқан таңдай боп-боз екен; боп-боз ертеңгі шақ шапақтанып, күн бояуын қып-қызыл ғып жағынып алды, бірақ сенің жүзің бәрібір ақбоз жүдеу қалпында қалды. Білем, күн шыққанда терең күрсіндің (үлкендер айтушы еді, күн шығарда күрсінуге, жылауға ұрсысуға болмайды деп), ұялдың ба, мені тоспастан қарғып тұрып, ілби басып жүріп кеттің. Әне... сенің шашың дудырап, туфлиіңді қолыңа шешіп алып, жалаң аяқ, жалаң бас шық кешіп барасың; күнге қарсы жүрмей құбылаға беттедің; күннің қып-қызыл нұры аппақ көйлегіңе түсіп, қандап бара жатты, мен саған ере алмадым, еруге хақым да жоқ еді; сонда ту сыртыңнан қарап отырып, әрі қимасымдай жақсы, әрі тояттағандай жек көрдім; әне... сен ілби басып шық кешіп барасың, жүзіп бара жатқан секілдісің; мүмкін көзіңде жас бар да; әлде ұяттың оты өртеді ме екен; сақ-сақ күлгім, ботадай боздап жылағым келді; неге жүгірмедім, неге ермедім соңынан; әне... Бақыт күннің алтын шұғыласына оранып жер мен көктің арасында қалқып барады... құдай-ау сол бақыт құсы болмасын, жаңа ғана менің басыма қонған секілді еді ғой, үркітіп жібердім-ау; енді бұл қайтып айналмас, мүмкін мәңгілікке жоғалтып алған шығармын, мүмкін мәңгілікке сорлатып алған шығармын.

Тоқта!

(Дауысым қатты шығып кетсе керек әйелім оянып кетті.

Көзін жыпылықтатып біразға дейін аң-таң жатты да:


– Неғып отырсың? – деді.

– Жазып, жазып отырмын.

– Үй суық қой жатсаңшы. – Сосын ол үнсіз қалды).

«Өй, мынау кім?» – деген дауыстан шошып есімді жидым. Кер бие әлдекімнің ауласына тұмсық тіреп тұр.  «Кімсіз?»

– деді әлгіндегі жіңішке дауыс. Зілдей боп басқан ауыр ойдан арыла алмай зеңіп отырған мен: «Жеңісханмын», – деппін;

«Жеңісхан... қайдағы?..» есімді жидым. ағаш қашаның ар жағында бір қыз тұр. Жалма-жан арқамды сипалап едім, басы салбырап Болатжан әлі ұйықтап отыр екен. Салпақ-салпақ жүріс әбден өтіп, шаршаған құлын тырайып жата кетсе керек. Кер бие мүлгіп тұр. «мынау кімнің үйі?» «менің үйім», «менің кім?» «Бақыт», «а... а, Бақыт!.. Қайдағы?» «Екеуміз де ұмытқан екенбіз».

Біз үйге кірдік. Болатжан ұйқысын сонда да ашқан жоқ. Былқ-сылқ еткізіп төсекке жатқыздық. алты жыл көрмеген Бақытты адасып жүріп тапқаныма қайран қалдым. Санадағы сан-сапалақ елес мұрындық боп, бар ой-қиялым қолыма тарап, билеп-төстеп бұл үйге аттың басын бұрып әкелген көзім емес, көкірегім екен. Кер биенің үстінде қалғып ақыл-ессіз отырсам да, ырықтан тыс тылсым күш бастап, Бақыттың жұртын жаңғыртып тұр. Түйсік алжастырмаса керек.

Бақыт көп өзгермепті. мені кәдімгі кәнікті қожайын ретінде, ескі танысындай салмақты жүзбенен қарсы алды. Бет- әлпеті мен қимыл-әрекетінен еш өзгеріс, толқымалы сасқалақ сезімнің ұшығын аңғара алмадым. Еркін сөйлеп, еркін әмір етеді. мен оның балалық шағын ғана білемін ғой. Онда ол бар болғаны он сегізге шыққан. Есімде тек жайсаң жауқазын шағы қалып қойса керек. мен соны қажетсініп тұрмын. ал қалай есейгеніне куә болғаным жоқ қой. алты жылдың араға салған ұра-жырасын толтыру мүмкін бе? аспаннан жұлдыз құлап кеткендей қасқағым сәт болып көрінгенмен сол жылдардың салған жырасы жоқ дейсің бе? Жымиып келіп, жылатып кетер күндердің аңсарында күстеп жүрек пен маңдайыңды тыртықтары әмбе, рас. Әйтсе де, Бақыттың әлпетінен гөрі мінез-құлқы ерте есейген-ау. Дүниенің бәріне салқын,


самарқау қарайды. Көзінде нұрдан гөрі ақыл басым; жуас мұң қабыздаған.

маған шай қойып берді. Шай құйып отырып сұрады:

– айман сау ма? Кішкентайларың бар ма? Денсаулығың түзелді ме?

– Сау. Жоқ. Түзелді, – деп жауап бердім. Неге екені белгісіз, мені де көңілсіздік басты.

Шай ішіп болған соң, карта ойнаған болдық. Суық өтіп кетсе керек, ауық-ауық жөтеліп мазам кетіп-ақ отыр. Бақыттың әке-шешесі көрші ауылға бата оқырға кетіп, сіңлісі екеуі ғана қалған екен.

Біз бір-бірімізді өте суық қабылдадық. Бөтен, мүлде жат адамдар тәріздіміз. Екеуміз де өткенді еске алғымыз келмей, ал еске алсақ болды беріштеніп қалған ескі жараның аузын тырнап, қанатып алатындаймыз. Жол-жөнекейдегі әдемі асау қиялдарым, Бақытты жалқы сәт болса да көргім келген тілем- сек тілек осыншалықты тосырқаумен аяқталар деп ойлағаным жоқ. Ол маған сурет альбомын көрсетті. Ең ғажабы альбом

– менің суретіммен басталады. мен бұдан алты жыл бұрынғы қағылез де, уыздай жас бозбаланың дидарын көріп, қазіргі Жеңісханға үш қайнаса сорпасы қосылмас айырма таптым. Өмірге алаңсыз, таза тілек, іңкәр сезіммен қарап отырмын. Қайтып қайталанбайтын бусанған уыз, жалтыраған мәр-мәр шағым да осы шығар. Бақыт өз суретін қатар жапсырыпты. Осы сурет арқылы бағана жолда есіме алған, қиялымдағы Бақытты көзге елестетуге болушы еді. «Сенің хатың сақтаулы менде», – деді Бақыт. Сосын көнелеу сарғайып кеткен кітаптың арасынан сүрленіп қалған үш-төрт хатты алдыма тастады. Сол хаттың біреуімен сіздерді таныстырайын:

«...Жаным Бақыт, мен сені кеше кешке көп күттім. Келме- дің. мүмкін, тәрбиеші аңдып жібермеген  шығар. мынау қара жердің бетінде қыбырлап жүрген пендеде махаббат деген бар болса, махаббаттың иесі екеу болса: бірі мен, бірі

– сен деп ойлаймын. мен сені шын сүйеді екенмін. Оны іспен дәлелдеймін. алдағы өмір көрсетер. Он бірінші класты қалай бітіресің, солай саған үйленемін. Сен менің ғұмыр бойы қол


ұстасып өтер жан-жарым боларсың. Егер үйленбесем – ант атсын. Осы сертіме куәлік ретінде қол қоямын... 1963 жыл, июнь».

мен тұңғыш рет екі бетім өрттей қызарып ұялдым. Бақыт сабырлы қалпын өзгерткен жоқ. аққұба жүзі ойлы әрі мұңды.

– Сен мені сүймейтін ең, – деді көзін бір нүктеге қадаған күйі. – Өйткені сен «сүйемін» деген сөзді көп айғайлап жібергенсің. Шын сүйсең, не кедергі болды, үйленер едің ғой. алғашында екеуміз де балалыққа басып байқамаппыз. Сен соңғы рет мен оқуға түсе алмай кеп, ауданда жұмыс істеп жүргенде бекер тиістің. Оған дейінгінің бүкілі ойыншық екен. аудандық оқу бөлімі ит арқасы қиян – Шұбарағашқа жолдама берді. Өзің білесің ғой, алтайдың арғы бетіндегі жиырма шақты үйі бар қыстаққа қыс мезгілінде тірі жан аяғын аттап басқан емес. Со жылы қар қалың жауып қыс қатты болған. мен тауға шығып кеткен соң, үйге бір жыл өткенде әрең келгенмін. Үйге келмеуімнің себебі – жолдың қиындығы, жердің шалғайлығы дейсің бе, жо-жоқ. Ниет қылған адам ұшса да жетер... – Сенімен қосылған күннен кейін өз болмысымда өзгеше өзгеріс барын сезіп, жанымды қоярға жер таппадым ғой. Есі бар адам қия баспайтын Шұбарағашқа мұғалімдікке кету себебім де осыдан. ал ондағы өткен өмірім жайлы екі түн айтып тауыса алмаспын. менің есімде қалып, тәубаға келтіре беретін – аяғым ауырлап мектепке баруым қиындағанда, тұрғылықты адамдардың жасаған адамшылығы. ауыл адамдарын Жеңісхан деген күйеуім бар. Қазір әскерде деп алдаушы едім. ал жұрт аңқау болады ғой, шын көңілдерімен иланып, жандары ашитын. Олар менің қызталақ екенімді кетер-кеткенше білген жоқ. Өмірдің ию-қиюынан қаға беріс, үркердей үйірілген Шұбарағашта сенің балаң дүниеге келді және сол кезде дүниеден қайтты. (мен тықырши бастағанда, Бақыт бәрінен де кеш қалғансың деген ишарамен қаяулы көзін төңкере бір қарады да, әңгімесін жалғай берген). Дүниеге келуі қаншалық қиын болса, дүниеден қайтуы соншалық тез. Босанбай тұрғанда сан рет өлгім келді. Өлгім келмегені сені сүйгендіктен емес, іштегі күнәсіз нәрестені қимағандықтан. Егер сол бала бүгінде жер басып жүрсе, өзіңе деген махаббатты


тірі бейнеде көрер едің, ал адамдар абстракты сезімге әсте де сенбесе керек. менің, жұмбақты махаббатымнан әке-шешем хабарсыз. мүмкін, құтты қонысқа қондырудан әлі де дәмелі шығар. мүмкін, сен де тұрмысқа неге шықпағанымды сұрағалы отырған боларсың. Ертеңгі күні қол ұстасып ғұмыр кешер жарымды алдағым келмеді. Сендерше айтсам, төрт құбылам тең, дене мүшем бүтін емес, бойымдағы барымды, бойымдағы арымды сен тонап алғансың. рас, бір жігіт қатты ұнатқан-ды. Бар сырымды ақтарып өзімнің теңі еместігімді айтқанда – маған десең бес балаң болса да үйленер едім деп ант-су ішкен. Күні ертең үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, шекісіп қалғандай болсақ «сен сондайсың» деп бетіме салық қылып көзге шұқып отырса – дүниенің қорлығы. Осыдан тайсақтадым. «мүлдем шықпайсың ба?» деп неге сұрамайсың. Шығамын тұрмысқа – әйелі өлген адамға шығамын. Соның өзі жақсы. Екі жарты бір бүтін деген... Балаңның қалай өлгенін неге сұрамайсың? Есен-сау босандым, екі ай жарық көрді. Күлді. Жылады. Шешесі барын таныды. Бірақ әке мейірімін сезген жоқ. Сезбей өліп кеткені қандай бақыт болған. Ол жеті айлық болып туды ғой. Шіркін-ау десеңші, қол басындай ғана еді әйтседе ширақ-тын. Егер Шұбарағашқа жолың түсіп бара қалсаң, Өскелең деген төбеде сол ауылдың қалың бейіті бар. Сол бейіттердің ең кішкентайы – сенің ұлыңдыкі. Құран оқыт... Жүрегіңді бұзып бармасаң – барма. Қатын – жолда, бала

– белде емес пе... Бармай-ақ қой... барма... ал, көп отырдық қой, жатайық. Болатжан Гүлжанның қасында жата берсін, саған диванға салып берейін, құлап кетпейсің бе?.. Неге үндемейсің? Қалғып отырсың ба? Жеңісхан-ау, не болды саған? Жеңіс!..

Тысқа шықтық. ай көтеріліп қалған екен. ауылдың үстін қара көк мұнар пернелейді. Ұйқыда. Әр тұстан жетім жарықтар байқалады. Бақыттың үйі терең сайдың жағасында. Біз аяңдап сол дөңнің жиегіне шықтық. Төменде буы бұрқырап Бұқтырма ағып жатыр. Сарылдаған сарыны келеді құлаққа. Сол өзенді қуалай көмкеріп өскен ағаштар қарауытады. Сол өзенді қуалай ирелеңдеп кеткен жалғыз аяқ сүрлеудің сілемі болжанады. Сол өзеннен сызды жел еседі. Желке тұста үңірейіп тау тұр. Таудың құзар басында аппақ қар бар. аппақ қар ай нұрымен аймаласып


жатыр. мен бұл дүниеге қайтадан келгендей болдым. Туған жердің сиқырлы сырын, бүкпеленіп бара жатқан құпия асылын енді ғана аңдап, шыншыл көңіл, сабыр тапқан жүрекке енді-енді ғана шым-шымдап сәуле кіріп, көп нәрсені жете ұққандаймын. мен жар жағасында салқын самалды жұтып тұрып, Бақытты тіпті де құлай сүймегенімді, егер анық жақсы көрсем әлдеқашан үйленерімді, ал үйлену үшін арамызда еш тосқауыл болмағанын зерделедім. мен өзімді аядым. мүмкін мынау жанымда жұп-жұқа көйлекпен тоңазып тұрған қыз шын бақытым ба, бірақ бәрі кеш... Ендігінің реті тұманды. мен оның үстіне пенжагымды жауып, кеудесіне басымды қоя алмаймын, жүрегінің дүрсілін тыңдап, қолаң шашынан иіскей алмаймын. Өйтуге хақым жоқ. Біз мүлде бөтен адамдармыз. Өкінетінім – Бақыттың өзіме арнаған асыл пейілін аяқ асты етіппін. «Тоңдың ғой, үйге қайтайық», – деді әлі де қимайтын тәрізді, тегінде. Шыдай алмадым. мұздаған қолынан ұстап өзіме тарттым. Қапсыра құшып тұрып, ерніне ернімді тигіздім, сұп-суық екен...

«Керегі жоқ, – деді кейін шегініп, – керегі жоқ». Кер биені отқа жібердік.

Көзім ілінер емес. Кірпігім айқасар емес. Ине тіреп қойғандай. Суық өткен екен, кеудем сырылдап ұзақ жөтелдім. мен жөтелген сайын Бақыт бір аунап түседі. Ұйықтаған жоқ- ау.

Төсекті қатты сықырлатып жерге түсті. Ол менің жаныма келіп, шоқайып отырды. маңдайымды ұстады. «ыстығың көтеріліп жатыр ғой». Ол менің мандайымдағы қолын шашыма апарып сипады. «Шашың сиреп қалған екен». Ол менің шашымды баяғыша жасқана салалаған жоқ, мүсіркеп аяушылық білдіргенін сезіндім ғой. Бетіме қос тамшы, ып- ыстық жас тамып кеткенін және сездім...

(Әйелім кәперсіз ұйықтап жатыр. Балауыз орталап қалған. Жауырыным құрыстанып, тоңазыған соң, әрі-бері жүріп, бой сергіттім).

Таң кылаң бере тұрып, Бақытты ояттым. «Сен Болатжанды машина тауып салып жібер, мен Шұбарағашқа соғып қайтайын»

– оқыс байламым оны пәлендей таңдандырған жоқ. Ерте ме,


кеш пе осылай болуы керектігін сабақтаған секілді. Ол мені көпірге дейін шығарып салды. Қыр асып кеткенше ағарандап, жападан-жалғыз су жиегінде тұрғанын көріп барамын... Бұдан алты жыл бұрын осылайша мен қалып, ол кетіп еді жалғыз... Бағытым – Шұбарағаш. астымда құлынды бие, үстінде құйрық- жалсыз мен келемін. Баласы болса – мал да озық екен... Жол бізді жетелеп барады...

Шұбарағашта Өскелең деген жота бар, сол жотаның үстіндегі ең кішкентай қабір – менің ұлымның мүрдесі. Бір уыс топырақ қана алып қайттым. Орамалға түюлі, сандықтың түбінде сақталған. Егер күндердің күні көзім жұмыла қалса, сол түйіншекті шешіп, ішіндегі топырақты қабірімнің үстіне шашып жіберіңдер. Ұлымнан бір уыс топырақ бұйырсын.

(Әйелім терең күрсініп ұйқысырады. Балауыз жанып бітуге тақаған. Таңнан хабар сезіледі. мен осымен жазуымды аяқтаймын. ал махаббат атты мәңгі-бақи таусылмас жырдың қалғанын кеше туған жас сәби, сендер жалғарсыңдар. Хайыр!

Ұйқым келер емес).


 

 

АСПИРАНТ ҚЫЗДЫҢ ТРАКТОРШЫ ЖІГІТІ

міне мен осы бөлмеде жападан-жалғыз тұрамын,– деді Қалқаш ұядай бөлменің есігін аша беріп.

Тап-тұйнактай етіп жиналған шағын бөлмеде көлденең жатқан шөп жоқ, кішкентай қыздың қуыршақ ойнағаны секілді екен. Иіс майдың ба, опаның ба, әлде Қалқаштың қыз иісі ме, әйтеуір, өзгеше жағымды жұпар аңқиды. Иін тірескен жасауы жок жеңіл жиналған әр мүлік жарасымын тапқан. Қымбат заттардан, тек бір жақ қабырғада пианино ғана тұр. Үй иесінің көгілдір түске әуес екенін сездіретін терезенің пердесі сонау жалқы төсектің жапқышы мен жастықтың тысына дейін көкпеңбек. Үлкен шар айна, қыздың «қару-жарағы» бір бұрышқа үйілген де, қарсы қабырғада кітап сөресі орналасқан. Онда жоғарғы математика, кибернетика, техникаға байланысты кітаптар сеңдей сіресіп тұр. ал сөренін үстінде уыздай жас жігіттің сәл күлімсіреп бір қырындай түскен бейкүнә суреті қойылған. Ол әдеттегідей, қараған адамға қоса тесірейіп қарайтын қалыпқа кұя салған сурет емес, ешкімге, ешнәрсеге назар аудармай, өз ойымен оңаша отыр. Қызық, адамдардың дәл осылайша суретке түсетінін тұңғыш рет көріп тұрмын.

Бұл кім, бауырыңыз ба? – деп сұрап едім, Қалқаш басын шайқады.

– мен сізге шай қайнатып берейін, – деді ол ас бөлмесінде жүріп дауыстап. Сонсоң шәугімге сарылдай кұйылған судың үні естілді.

...Қалқашпен танысқаныма көп болған жоқ. Диссертация қорғаған таныстың ғылыми атағын жуу кешінде қатар отырып қалдық. Қатар отырған соң, табақ, тамақ әперіп қолғабыс тигіздім. Сұқпаттаса келе аты-жөнімізді, қайда істейтінімізді айтыстық. Осы кеште ол өзін ете сергек сезініп көңілді отырды. ғылыми атағы өскен жас жігітке бағышталған небір сүбе


майы кереқарыс сөздер әркімнің аузынан кертіліп-кертіліп шығып, жас ғалымның санасын кептеп-ақ жатыр. Келбетті де, кербез жігіт осыншалық зор мадақтауларға малтып қалса да, жұлығынан келтірмей әдейі кердеңдейді. Оның оң иығын ала қона қалған келіншегі де керемет сөздерге кеңірдектеп қалды. ал, жігіт Қалқаш екеуміздің жарасқан жайымызға әлденеше рет көз қырымен қарап өткен. Бірақ Қалқаш болса оның бұл ортада бар-жоғын парықтамай, маңайындағы жұртка еркін еркелеп отыр. Ұзак ішіс, қызды-қыздымен біраз сырды ашып өткен қызыл сөздердің ақыры «сен сондайсың», «сенің кім екеніңді білеміз», «пәленнің кұйыршығысың» деген сықылды өртке ұласа бастаған соң, қайтуға ыңғайландым. Сонсоң жалғыз өзім оқтау жұтқандай мелшиіп ішпей отырған соң ба, қызып алған жұрт мені мас деп ойлады.

– Ендеше мен де қайтамын, сіз шығарып саласыз ба? – деді

Қалқаш өте бір қылықты назбен.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.