Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Дипломдық жұмысы 1 страница



М А З М Ұ Н Ы

 

Кіріспе

 

I. Қылмыстық процестік заңнама бойынша маманның құқықтық мәртебесі.

1.1 Қылмыстық процесте қолданылатын арнайы білімдер мазмұнының түсінігі.

 

1.2. Маманның тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қатысуының құқықтық, ұйымдастырушылық және тактикалық негіздері.

 

ІІ Қылмыстарды ашу және тергеп-тексеруде жедел-криминалистикалық бөліністердің рөлі.

 

2.1. Маман-криминалистің қарап-тексеру тергеу әрекетіне қатысуы.

 

2.2. Қарап-тексеру ситуациясын ескере отырып оқиға болған жерді қарап-тексеруге маман-криминалистің қатысу ерекшеліктері.

 

Қорытынды

 

Қолданылған әдебиеттер

 

 

 

К І Р І С П Е

        

  Қазақстан Республикасы өзінің құқықтық тәуелсіз және өркендеуші мемлекет ретінде даму жолында құқықтық реформаларды жүзеге асыруға қоғамдық қатынастарды жалпы жан - жақты кеңістікте дамытуға күш жұмсауда. Осы дамудың негізгі бағыттарының бірі болып заң шығарушы базаны күшейту табылады.

Осы негіздердің ерекше бір бағыты, қылмысқа қарсы күресті күшейту мен болған қылмысты тез арада және толық ашу үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асырушы органдардың жұмысын ұтымды ұйымдастыру қажет. Ендеше, қылмысты ашу, қылмыскерді әшкерелеу және оның кінәлі екендігін дәлелдеу үшін, қылмыстық процессуалдық заң нормалары мен жүргізілетін тергеулік әрекеттерді тергеуші мен маман-криминалист жетік меңгеруі тиіс.

Казіргі жағдайда дәлелдеу процесі кезінде қылмыстың болғандығы немесе болмағандығы, егер қылмыс жасалған болса, кім және қалай жасалғандығы, оқиға болған жерде оның қылмыс жасағандығы жөнінде қандай іздер қалтырылды және басқа да мәселелерді міндетті түрде айқындалуы керек. Осы мән – жайларды айқындау адамгершілік тұрғыдан ақиқатқа жетуге деген талпынысты аңғартады.

Оқиға болған жерді қарап-тексеру барысындағы маман-криминалисттің  қатысуы атты дипломдық жұмыста алдын- ала тергеу барысында тергеу қарап-тексерулерінің кейбір жағдайларына оның ішінде оқиға болған жерді қарап-тексерудің кейбір мәселелеріне ерекше тоқталып жан–жақты сипаттау көзделініп отыр десек деймін. Атап айтқанда сотқа дейінгі тергеп-тесеру барысында жіберілетін кейбір кемшіліктер мен қателіктерге ерекше тоқталып маман-криминалисттің оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында жүргізілетін әдіс тәсілдері мен ұйымдастыру шараларын жан жақты қарастыру. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тергеу қарап-тексерулері көп жүргізілетін тергеу әрекеттерінің бірі болып табылады.

1997 жылы қабылданған Қылмыстық процесстіқ кодексі Қазақстан Республикасындағы қылмыстық сот өндірісін күшейтуге бағытталған. Осы Қылмыстық процесстіқ Кодексінің шығуына байланысты оның әр тарауында көрсетілген тергеулік әрекеттерге де олардың  жүргізілуіне едәуір өзгерістерге әкеп соқты. Алдын - ала тергеу барысында тергеу әрекеттерінің маңызы зор. Сондықтан да олардың жүргізілуінің өзіндік тәртібі бар. Осы белгілі бір белгіленген тәртіп арқылы тергеу әрекеттерінің жүргізілуі арқылы тергеудің толық объективтілігі айқындалады.

 Дипломдық жұмыстың нормативтік негізін отандық және халқаралық заңдылықтар құрайды. Жұмысты жазу барысында криминалистика және қылмыстық процесс, қылмыстық құқық бойынша және басқа да тергеу қарап-тексеруіне бағытталған қазақстандық әдебиеттер мен нормативтік құқықтық актілер қолданылды. 

Осы жұмысты жазудағы негізгі мақсат–қылмыстық іс бойынша қарап-тексеру тергеу әрекетін оның ішінде оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында маман-криминалисттің ұйымдастыру әрекеті жөнінде мәселелерді кеңінен қарастыра отырып қылмысты тергеуге және ашуға бағытталған әдіс тәсілдер мен тәжрибенің құқықтық базасын жетілдіру болып табылады.

Жұмыстың нормативтік-құқықтық және ғылыми негіздері. Қылмыстық- процессуалдық дәлелдеу этикасының ұғымы мен пәні, дәлелдеу этикасына байланысты сұрақтарды келесі ғалымдардың Аубакирова А., Азаров В.А., Арыстанбеков М. А., Белкин Р.С., Бычкова С. Ф., Быков В. М., Гинзбург А.Я., Нургалиев Б. М., Шейфер С. Д. және т.б. авторлардың еңбектерінде кездестіруге болады.Ұсынылып отырған дипломдық жұмыста қарап-тексеру тергеу әрекетіне байланысты сұрақтарды қарастыра отырып ол қылмысты ашуға және әшкерлеуге бағытталған әрекеттер жөнінде зерттеулер қарастырылған.

Тәжірибелік маңыздылығын қарастырып теориялық ережелерді тәжірибеде үйлесімді қолдану үшін Қарағанды қаласының тергеу және криминалисика органдарының материалдары қолданылды және зерттелінді. Құқық қорғау органдары қызметтерін одан әрі жетілдіру - криминалистика ғылымының дәлелдемелер жинау, зерттеу, баға беру және пайдалану заңдылықтарын оқып білу арқылы әдістер мен құралдарды білуді, қылмыстың алдын-алу, тергеу және әшкерлеу әрекеттерінің теориялық негіздерін талдаудан өткізуді талап етеді. Мұндай мәселені шешу үшін үздік ғылыми және тәжіребиелік жетістіктерді ескере отырып, ғалым - криминалистер оқу - әдістемелік құралдар мен нұсқауларын тиімді пайдалану болып табылады.

Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты ретінде, қарап-тексеру тергеу әрекетіне бағытталған қайнар көздерінің жалпы ұғымын жүйелі қарастырып, оның ішінде оқиға болған жерді қарап-тексерудің мәніне тереңірек үңіліп мазмұндау және қайсыбір мәселелерді қондырмалы түрде қалыптасқан жүйенің негізінде шешу міндетті тұрады.

 

 

1. Қылмыстық процестік заңнама бойынша маманның құқықтық мәртебесі.

1.1 Қылмыстық процесте қолданылатын арнайы білімдер мазмұнының түсінігі.

Қылмыстылықпен күрес тəжірибесі қылмыстарды ашу жəне тергеу бойынша құқық қорғау органдары қызметінің жоғарғы нəтижесінің қолданылатын құралдар мен əдістерге жəне арнайы білімдерге тікелей байланысты екенін көрсетіп беріп отыр. Іздерді жəне із түзуші мəліметтерді талдау арқылы қылмыс оқиғасын ретроспективті қайта қалпына келтіру мəселесін ғылым, техника жəне қолөнердің əр түрлі салалары мамандарының білімдерін қолданбай іс жүзінде шешу мүмкін емес. Заманауи жағдайда қылмыстарды ашу жəне тергеу барысында арнайы білімдерді қолдану қажеттілігі барынша арта түсуде. Ол, бір жағынан, қылмыстарды жасаудың бұрын белгілі болмаған, жаңа жолдарының пайда болуымен, қылмыстық топтардың бірігуінің арта түсуімен, сонымен қатар қылмыстарды тергеуге қарсы əрекет белсенділігімен айқын байқалатын, қылмыстылықтың сапалы өзгеруімен түсіндірілсе, басқа жағынан, қылмыстарды ашу жəне тергеу процестерінің объективтілігіне қойылатын талаптардың күн санап арта түсуімен байланыстырылады. В.Н. Махов «арнайы білімдердің құндылығы заңда көзделген тəртіппен, қылмыстарды тергеудің барысында ғылым мен техниканың жетістіктерін шексіз қолдануға мүмкіндік ашатындығында» деп əділ түрде көрсетті. Сондықтан арнайы білім институтын қылмыстық процесс жəне криминалистиканың ажырамас жəне маңызды бөлімі ретінде қарастыруға негіз бар. Қылмыстық сот өндірісіндегі арнайы білімдерді анық түсіну процестік қызметте оларды тиімді қолдану үшін үлкен маңызы бар деген Л. Г. Шапироның ұстанымын қолдаймыз. Ол қолданылатын білім саласын дұрыс анықтауға, тергеу əрекетіне қатысатын тиісті маманды тартуға жəне басқа да сұрақтарды шешуге мүмкіндік береді. Сонымен, қылмыстарды ашу жəне тергеуде арнайы білімдердің алатын орны ерекше, сондықтан бұл ұғымның анықтамасы тек теориялық қана емес, практикалық маңызға да ие.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінде (ҚР ҚПК) «арнаулы білім — адам кəсiптік оқудың не практикалық қызметтің барысында алған, қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн шешу үшiн пайдаланылатын, қылмыстық процесте жалпыға бірдей белгiлi емес бiлiм» (ҚР ҚПК 7-б. 5-т.) деп анықталса, «арнаулы ғылыми білім мазмұны — сот-сараптамалық зерттеулердің əдістемелерінде іске асырылған ғылыми білім құрайтын арнаулы білім саласы» (ҚР ҚПК 7-б. 6-т.) деп көрсетілген. Арнаулы ғылыми білім түсінігінің дəл осы анықтамасы «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» 2010 жылғы 20 қаңтардағы № 240-IV Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 1-тармағында да берілген. Аталған ұғымдардың мағынасын дұрыс түсіне білу сараптамалық міндеттерді табысты шешуде қалай қажет болса, арнайы білімдерді əр түрлі нысанда тиімді қолдана білу үшін де дəл солай керек. Қылмыстық сот өндірісінде мұндай білімдерді нəтижелі қолдану олардың мəнін толық анықтаумен тікелей байланысты. Осы мақсатта бірқатар ғалымдардың пікірлеріне назар сала отырып, өз көзқарасымызды қалыптастыруға тырыстық.

Арнайы білімдер түсінігі көптеген жылдар бойы процессуалист жəне криминалист-ғалымдармен зерттеліп келеді, оның мазмұнына қатысты бірыңғай көзқарас болмауына байланысты əлі де пікір талас туғызуда.

Алғашқылардың бірі болып «арнайы білім» түсінігінің анықтамасын берген А.А. Эйсман, оның «жалпыға мəлім емес, жалпының бірдей қолы жетпейтін ... шектеулі мамандар ауқымына ғана тиесілі» екендігін айтып, арнайы білімдердің тергеушінің кəсіби білімдері мен оның тəжірибесінен бөлектігін көрсетеді. Осындай мазмұнға ұқсас бұл түсініктің анықтамасын басқа ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады. Атап айтқанда, Ю. К. Орлов «жалпы білім дайындығы барысында жəне күнделікті тұрмыстағы қалыптасатын білімнен бөлек білімді арнайы білімдер» деп атаса, В.И. Шиканов та «арнайы танымдар» терминінің «жалпыға белгілі, яғни азаматтардың жалпы білім беру дайындығына кіретіндерді қоспағандағы кез келген білімдердің (практикалық тəжірибе, дағдылардың) мүмкін болатын жиынтығын белгілеу үшін қолданатындығына» назар аударады. Бұл анықтамалардан арнайы білімдердің басты белгісі анықталғанмен, жалпыға мəлім емес жəне жалпыға белгілі білімдердің арақатынасына байланысты сұрақтар туындайды.

Осы сұраққа қатысты А.А. Эйсман «Көпшілікке қолжетімді жəне арнайы білімдердің шекарасы біршама анық емес, жылжымалы, оны бағалау көбіне субъективті сипатта болатындығы белгілі. Жалпыға мəлім жəне арнайы мəліметтердің ара шегінің тарихи жылжымалылығына кезінде И.Я. Фойницкий де көрсеткен болатын. Кейбір арнайы мəліметтердің, мысалы, белгілі физикалық, химиялық заңдылықтардың немесе қандай да бір аспаптардың əсері жария болып, көпшілікке мəлім болып отырса, сол екі арада жаңа техникалық құралдар пайда болып, арнайы танымдар ауқымын үздіксіз толықтырып отырады. Біздің елде байқалатын тұрғындар мəдениетінің, оның ішінде ғылыми жəне техникалық мəдениеттің жалпы жоғарылауы «жалпыға мəлім» шекарасының кеңеюіне мүмкіндік береді» деп жазған болатын. Осы көзқарасты қолдай отырып, Е.Р. Россинская жалпыға белгілі таным» түсінігін «жалпы білім беретін дайындық» термині секілді субъективті бағалау сипатында болады деп санайды. «Арнайы жəне жалпыға белгілі танымдардың арақатынасы табиғаты бойынша өзгермелі, қоғамның даму деңгейіне жəне ғылыми білімдердің адамның күнделікті өмірімен ұштасу дəрежесімен байланысты. ...Білімдерді жалпыға мəлім, үйреншікті, көпшілікке қолжетімді қатарына жатқызу елеулі түрде нақты субъектінің білім жəне интеллектуалды деңгейіне, оның өмірлік жəне кəсіби тəжірибесіне байланысты». Т.В. Сахнованың пікірінше, арнайы білімдер анықтамасы «бағалау сипатты, сондықтан табиғаты бойынша өзгермелі, қоғамдық қатынастардың даму деңгейі мен ғылыми білімдерді адамның күнделікті тəжірибесіне бейімдеуімен байланысты». Осы айтылғандарға сəйкес, əрбір нақты жағдайда талап етілетін білімдердің сипатын талқылап, олардың арнайы білімдерге жататын-жатпайтындығын шешу қажет. «Тергеуде білімдерді көпшілікке қолжетімділер қатарына жатқызуда шешуші сөз — нақты іс бойынша тергеушіге, ал сот өндірісінің келесі сатыларында сотқа тиесілі».

Г.Г. Зуйков арнайы білімдерді «дəлелдемелерді табу, бекіту мен зерттеуді қамтамасыз ететін, ең алдымен, теорияға негізделген жəне практикамен нығайтылған криминалистикалық техниканың тəсілдері мен құралдарына қатысты, терең жəне əр түрлі білімдер» ретінде қарастырады.

«Осы мағынада қолданылуы қылмыстарды толық, жан-жақты жəне əділ тергеуге қажетті соттық медицинадағы, соттық химиядағы, физикадағы, өрт сөндіру қызметіндегі танымдарды жəне сонымен қатар басқа да (педагогикалық, лингвистикалық, математикалық жəне т.б.) танымдарды арнайы білімдерге жатқызады». Бұл анықтамада нақты білім салалары жəне қолданылу мақсаты көрсетілген. Дегенмен əр түрлі жəне терең білімдер нақтылауды қажет етеді.

Арнайы білімдер сөз тіркесі бірқатар тұжырымдамаларда тар жəне кең мағынада түсіндіріледі. Арнайы білімдер ретінде, кəсіби дайындық нəтижесінде алынған, иегеріне қандай да бір саладағы сұрақтарды шешуге мүмкіншілік жасайтын, мəліметтер жиынтығын түсіну керек, деп жазады З.М. Соколовский. Осылайша автор анықтама пəнін тым шектеулі қабылдайды. Ал, Г.Е. Морозов болса, арнайы білімдер есебінде, химия немесе биология, математика немесе физика, жаратылыстану немесе энергетика, педагогика немесе лингвистиканың нақты саласын меңгерген тұлғаның білімін түсінеді. Мұндай нұсқада арнайы білімдер түсінігінің кең мағынада берілуі жəне бірінші анықтамадағы секілді қылмыстық процесте қолданылу қажеттілігінің көрсетілмеуі, олардың кемшін тұстары ретінде Б.М. Бишмановтың сынына ұшырағанын айта кету керек.

Қылмыстарды тергеуде қолданылатын арнайы білімдердің белгілерінің бірі, көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, бұл олардың қолдану саласы мен мақсаты. Мысалы, В.И. Шиканов өзінің беріп отырған анықтамасында сөз болып отырған білімдердің тек қылмыстық процесте қажет болатын білімдерге ғана қатысты екені туралы нақтылайды: «Қылмыстық іс бойынша дəлелдеу пəніне кіретін мəн-жайларды жан-жақты, толық жəне əділ анықтауға қажетті болып табылатын білім мен практикалық тəжірибені қылмыстық сот өндірісінде арнайы танымдар деп атау қабылданған. Істің нақты мəн-жайларына байланысты арнайы танымдар жаратылысты жəне техникалық ғылымдардың əр алуан салаларына, өнер мен қолөнердің əр түрлі түрлеріне қатысты болуы мүмкін».

Т.В. Сахнова «арнайы білімдер іс жүргізулік категориясы ретінде олардың заңдық мақсатта белгілі бір процессуалдық нысанда қолданылуын талап етеді. Бұл нақтылау аса маңызды жəне сот төрелігі мазмұнының ерекшелігін сипаттайтын, оның мəнді элементі ретіндегі процессуалдық нысанның табиғатымен қамтамасыз етіледі» деп əділ түрде ерекше көңіл аударады. Ю.Г. Корухов та қылмыстық іс бойынша дəлелдемелер алуда арнайы білімдерді қолданудың аса маңыздылығын атап өтеді: «Білікті мамандардың қатысуы, арнайы танымдарды қажет еткен жағдайларда, тиісті дəлелдемелерді алудың үлкен кепілдемесі болып табылады. Бұл жағдайда маман өзінің əрекетімен дəлелдемелер санын көбейтуге, олардың аясын кеңейтуге, тергеушінің арнайы сұрақтарды білмеуі салдарынан жіберіп алғандарын дəлелдемелер қатарына енгізуге қабілетті». Кейбір ғалымдар қылмыстық процестегі арнайы білімдерді қолдану аясын орынсыз ұлғайтады.

Мысалы, И.Н. Сорокотягин өзінің берген анықтамасында: «Қылмыстық-процессуалдық мағынасындағы арнайы білімдер — ол арнайы дайындық немесе кəсіби тəжірибе нəтижесінде алынған жəне қылмыстарды ашу жəне тергеу үшін қажетті дəлелдемелік, жедел-іздестіру жəне басқа да мəліметтерді алу үшін қолданылатын ғылым, техника, өнер жəне қолөнердегі білімдер жиынтығы» деп жазады. Дербес сипатты, өзінің мақсаты мен міндеттері бар жедел-іздестіру қызметі барысында арнайы білімдер қолданылатын жағдайлар болуы мүмкін, ал кейбір кезде арнайы білімдерді қолданбай болмайтын жағдайлар да кездесуі мүмкін, бірақ бұл арнайы білімдер қылмыстық процестен тыс қалады. Мұндай көзқарас В.Н. Махов, Т.В. Сахнова тараптарынан да айтылған болатын. Т.В. Сахнова «арнайы білімдерді процессуалдық ережелерден тыс іс жүзінде қолданудың ешқандай заңдық салдары болуы мүмкін емес, өйткені кез келген қоғамдық қатынас іс жүргізуде тек қана құқықтық нысанда болады» деп есептейді. Сонымен, арнайы білімдердің басты белгісі ретіндегі олардың қылмыстық сот өндірісі мақсаттарына қол жеткізу үшін қолданатындығы көптеген ғалымдардың анықтамаларында көрініс тапқан.

Қарастырылып отырған түсініктің толық анықтамаларының бірін С.Ф. Бычкова береді: «Арнайы білімдер ретінде адам кəсіби оқудың не белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істеудің нəтижесінде алған, қылмыстық сот өндірісі міндеттерін шешу үшін пайдаланылатын, қылмыстық іс жүргізудегі жалпыға мəлім емес білім түсініледі». А.А. Исаевтың пікірі бойынша, «арнайы сарапшылық танымдар сараптама өндірісінің əдістемесінде жүзеге асырылатын, пəндік ғылымдардың белгілі бір кешенді теориялық білімдері мен практикалық дағдылар жəне практикалық тəжірибе жиынтығымен қамтамасыз етілетін кəсіби білім болып табылады». Басқа да ғалымдардың осы мазмұндас анықтамаларынан арнайы білімдердің тағы бір белгісін бөліп шығаруға болады — ол белгілі бір еңбек қызметіне дайындық үрдісі кезінде жəне практикалық жұмыс істеу барысында алынатын, білімдер мен дағдылар. Арнайы білімдердің заңдық түсінігін қарастыра отырып, Т.В. Сахнова мазмұнының жалпы белгісіне, арнайы оқыту барысында алынатын, ғылыми, кəсіби білімдерді жатқызады. А.В.Шмонин, Ю.К. Орловтарда арнайы білімдерді қолданудың кəсіби оқу жəне (немесе) дайындықтың белгілі бір дəрежесімен жəне сонымен қатар кəсіби тəжірибе, дағдылармен байланыстылығына ерекше көңіл аударады.

Осы мағынадағы толық мазмұнды анықтаманы Р.С. Белкин жəне оның оқушысы саналатын Т.В. Аверьянованың бергенін де айта кеткен жөн. Мысалы, Т.В. Аверьянова: «Нақты істерді тергеу мен сотта қарау кезінде туындайтын сұрақтарды шешу үшін қолданылатын, тиісті білім саласындағы ғылыми зерттемелерді білуге негізделген, оқу барысында жəне ғылым, техника, өнер, қолөнерде практикалық жұмыс істеу кезінде субъектінің алған білімі арнайы болып табылады» деп санайды. Арнайы білімдер құрылымында əдістемені игеру сияқты элементті бөліп шығару, ең алдымен, сарапшының арнайы білімдеріне қатысты болу керек, себебі мұны қылмыстық- процессуалдық заң ережелері талап етеді (ҚР ҚПК 79-б. 1-т). Арнайы танымдардың осы белгісін Е.В. Селина кеңірек қарастырады. Ол арнайы танымдар құрылымына «білім, ойлау мүмкіншілігі, ғылыми көрегендік, айқын емес мəселелерді қою біліктілігі, туа біткен қабілеттілік, қоршаған ортаны тиісті қабылдауға бейімділік, біліктілік, дағдыларды» енгізуді ұсынады. Сонымен, кəсіби білімдер, біліктілік, дағдылар, тəжірибе, көптеген ғалымдардың пікіріне сай, арнайы білімдердің белгілері болып табылады.

Арнайы білімдер үнемі жаңарып, тереңдетіліп, жетілдіріліп отыруы қажет, өйткені ғылым жəне техника əрқашан серпінді даму үстінде, бұл өз кезегінде арнайы білімдер ауқымын кеңейтіп, олардың да тиісті дамуын талап етеді. Бұл кəсіби білімдердің арнайы болып қалуы үшін аталған салалардың заманауи күйіне сəйкесті болуын білдіреді.

Арнайы білімдердің мазмұнына тек кəсіби қызметтің белгілі салалары бойынша тұрақты мəліметтер ғана кірмейді, сонымен бірге бұл білімдерді иеленушілердің тиісті объектілер мен құбылыстарды зерттеп тануда дұрыс пайдаланып, қолдану қабілеттілігі де кіреді. Мұндай қабілеттілік қолда бар арнайы білімдерді кəсіби қолданудың тиісті біліктілігі мен дағдыларының болуымен көрінеді. Сондықтан кəсіби тəжірибеге алып келетін, аталған біліктілік пен дағдылар арнайы білімдерді тиісінше қолдануға мүмкіндік береді. Тəжірибе — бұл арнайы теориялық білімдерді ұзақ уақыт практикада қолдану арқылы қалыптасқан, анық фактілік мəліметтерді тексерудің қайнар көзі ретінде қолдануға болатын нақты нəтижеге қол жеткізетін қабілеттілік.

Заң əдебиеттерінде арнайы білімдердің мазмұнына адамдардың тəжірибесін кірістіру мүмкіншілігіне қатысты басқа пікірлерді кездестіруге болады. Мысалы, «арнайы білімдердің бірыңғай құрылымы туралы айтуға келмейді, өйткені олардың мазмұнына, мысалы, математика жəне кейбір басқа ғылымдардың салаларындағы сияқты теориялық білімдер ғана кіреді. Тұлғаның арнайы білімдерге қатысты практикалық тəжірибесі туралы тек оның қылмыстық сот өндірісінде маман ретінде қатысуына байланысты ғана айтуға болады. Сондықтан бірқатар білім салалары үшін практикалық тəжірибе факультативтік белгі болып табылады. Барлық арнайы білімдер шартты түрде екі топқа бөлінеді: а) таза теориялық; б) теориялық жəне практикалық элементтері бар білім, яғни кəсіби білім алу, сонымен қатар теориялық білімдерді пайдаланумен байланысты практикалық жұмыс істеу нəтижесінде алынған тəжірибе, дағдыларды, біліктілікті қамтитын білім» деп көрсетілген.

Арнайы білімдерді таза теориялық жəне ғылыми-практикалық деп бөлуді орынсыз санаймыз, себебі қылмыстық іс жүргізу бұл теориялық білімдерін міндетті түрде белгілі бір практикалық мақсатта қолданатын субъектілердің практикалық қызметі болып табылады. Жалаң теорияландыру мұнда өзінің қолданылу аясын табуға қабілетті емес. Тіпті математика, физика, химия секілді нақты ғылымдардың білімдері алдын ала тергеу мен соттық қарауда тек дəлелдеуде пайдаланылуы жəне белгілі бір нəтиже алу мақсатында ғана қолданылуы мүмкін.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.