Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Маманың тергеу барысындағы қатысу әрекеттері» 2 страница



Белгілі бір таным қызметіндегі кəсіби теориялық білімдер мен кəсіби тəжірибенің ажырамас қоспасынан тұратын арнайы білімдердің қылмыстық сот өндірісіндегі маңызы өте зор. Осы жерде Е.П. Гришинаның пайымдауын келтіре кеткенді жөн деп ойлаймыз: «Хабардар деп аталатын тұлғаларды қылмыстық іс бойынша өндіріс процесіне тартудың айрықша маңыздылығы кем дегенде үш жағдаймен анықталады. Біріншіден, сарапшылардың, мамандардың жəне басқа да хабардар тұлғалардың ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін өз уақытында игеріп алуымен. Екіншіден, анық дəлелдемелерді алу үшін жəне, ақыр аяғында, қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауда өздігінен шексіз мүмкіншілік беретін осы білімдерді мақсатты бағытта жəне жоғары кəсіптік қолдану қабілеттілігімен. Үшіншіден, осы білім иелерінің мəліметтік жағынан қалай болса, процессуалдық жағынан солай ауыстырылмайтындығымен».

Теориялық жəне практикалық компоненттермен қамтылған, арнайы оқыту барысында алынатын арнайы білімдер үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отыруы қажет, өйткені олай болмаған жағдайда ғылыми-техникалық дамудың заманауи деңгейіне сай болмай қалады. Сондықтан бұл білімдер күнделікті жəне қолжетімділер қатарына жатқызылмайды, себебі оларды алу үшін арнайы дайындық жəне қайта даярлау қажет. Шын мəнінде, арнайы білімдер тиісті субъектілердің ғылым, техника, өнер жəне қолөнердің заманауи жетістіктерін үздіксіз меңгеру нəтижесінде алынатын өнім болып табылады.

Қылмыстық сот өндірісінде қолданылатын арнайы білімдердің мазмұнына тек кəсіби білім беру барысында алынатын белгілі бір оқиғалар, құбылыстар, материалдық жəне басқа да объектілер туралы мəліметтер жиынтығы ғана емес, сонымен бірге оларды қолданудың тиісті ғылыми əдістемесі де кіреді. Мұндай əдістемелік білімсіз ешқандай кəсіби тəжірибе қылмыстық іс бойынша сенімді (мысалы, сарапшы қорытындысы секілді) дəлелдемелер құрастыруда көмек бере алмайды.

Қылмыстық сот өндірісіндегі арнайы білімдердің тағы бір белгілерінің бірі, алдын ала тергеу органдары мен соттың құзыреттілігіне жататын, құқықтық білімдерден оларды шектеумен байланысты. Бүгінгі күнге дейін бұған қатысты заңгерлер арасында ортақ пікір қалыптаспаған. Ғалымдардың бір тобы қылмыстық процесте қолданылатын, заң (құқықтық) білімдерді арнайы білімдердің бір түрі ретінде санап, құқықтық (заңдық) сараптама тағайындау қажеттілігін негіздейді. Олар қылмыстық іс жүргізу заңында құқықтық сараптама өндірісіне тыйым салынбағандығына сілтеме жасап, немесе заңдылықтардың күрделенуінен оған деген қажеттіліктің туындауын желеу етіп, құқықтық сараптама өндірісіне рұқсат береді. Мысалы, Е.Р. Россинская өзі зерттеген күрделі қылмыстық жəне азаматтық істер бойынша, жоғары білікті заңгерлердің жай пайымдаулары, пікірлері ғана емес, сонымен бірге хабардар тұлғалардың арнайы заң білімдерінің негізіндегі нормативтік актілердің зерттеу, талдау нəтижелері мазмұндалған, мамандардың қорытындысын құжат-дəлелдемелер ретінде іс материалдарына қоса тігіп отырғандығын айтады. Бұл оның құқықтық (немесе заңдық) сараптамаларды, олардың міндеттерін, объектілерін, əдістерін жəне зерттеу əдістемелерін заңдастыру қажеттілігі туралы қорытындыға келуіне түрткі болған.

Ал ғалымдардың басқа бір тобы құқықтық білімдердің арнайы білімдерге жатпайтындығын айтып, құқықтық сараптама тағайындау жəне өндірісі туралы идеяны қабыл алмайды. Солардың бірі Ю.Г. Корухов «заң, соның ішінде құқықтық таным, сөзсіз, ол да арнайы, бірақ бұл арнайы танымдарды барлық тергеушілер, прокурорлар, соттар, алдын ала тергеу мен соттық талқылауды жүзеге асыратындардың барлығы да міндетті түрде игеруі қажет. Құқық саласындағы сараптама, қылмыстық процесте емес, тек практикада РФ Конституциялық сотында ғана болуы мүмкін. Құқық нормаларын өз бетінше дұрыс түсіндіру жəне қолдану тергеушілердің, прокурорлардың, соттардың қызметінің маңызды бөлігін құрайды» деп санайды.

Дегенмен, құқықтану, кез келген ғылымдар секілді, білімдердің интеграциялану жəне дифференциялану үрдістеріне ұшырағыш келеді. Ол құқықтың əрқайсысы үнемі жетілдіріліп, дамып отыратын, əр түрлі салаларын біріктіреді. Тергеуші немесе сотқа, мысалы, түрлі нормалардың əр түрлі уақыт аралығындағы əрекетімен байланысты сұрақтарға жауап беруі кейде қиындыққа соғады, мұндай жағдайда олар құқықтың тар саласы бойынша мамандарға жүгінуіне тура келеді. Осыған сəйкес, тергеушілер мен соттардың кəсіби білімдерін есептемегендегі, құқықтық білімдерді «арнайы білімдер» қатарына жатқызуды ұсынған В.Н. Маховтың пікірімен келісеміз: «...Тергеушінің (судьяның) кəсіби білімдері — құқықтық білімдер. Бірақ барлығы емес, тек қылмыстық құқық, қылмыстық процесс, криминалистика білімдері ғана. Жоғары оқу орнында шаруашылық, еңбек, халықаралық құқық жəне кейбір басқа да салалық құқықтық ғылымдарды оқып білгендіктен, тергеушілер тиісті құқық саласындағы қиын емес заңдық сұрақтарға өздері-ақ жауап бере алады. Бірақ заңгерлер арасында да мамандандыру бар. Сондықтан тергеуші тарапынан, оның кəсіби қызметі шегінен шығатын, құқықтық қызметтің қандай да бір тар саласы бойынша маманданған заңгерлердің терең танымдарын ескермеу дұрыс болып табылмайды». Осындай ғалымдардың ойлары практикадағы қызметкерлер тарапынан қолдау тауып, «құқықтық сараптама» да заманауи қылмыстық процестен орын табуы мүмкін.

Сонымен, көтеріп отырған мəселе арнасындағы ғалымдардың пікірлерін талқылай отырып, келесідей қорытынды жасауға болады:

1. арнайы білімдердің мəніне қатысты сұраққа бүгінге дейін бірыңғай көзқарас қалыптаспаған;

2. «жалпыға мəлім» түсінігін арнайы білімдер анықтамасына кіргізбеген дұрыс, себебі ол заңдылықтармен байланысты емес, субъективті (бағаламалы) сипатқа ие;

3. арнайы білімдер ғылым, техника, өнер жəне қолөнердің əр түрлі салаларына қатысты;

4. арнайы білімдер қылмыстық сот өндірісінің мақсаттарына жету үшін қолданылады;

5. арнайы білімдердің қолданылуы білім жəне (немесе) дайындықпен, сонымен бірге кəсіби тəжірибемен анықталатын, кəсіби құзыреттіліктің деңгейімен байланысты;

6. қылмыстық істердің фактілік мəн-жайларын қылмыстық-құқықтық бағалаумен байланысты білімдерді қоспағандағы құқықтық білімдер арнайы болып табылады.

Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық процестік заңнамасында жеке тергеу әрекет ретінде қарап-тексеру қарастырылған. Тергеу қарап-тексеру түсінігі негізінен бірнеше түсініктер жиынтығынан құрылады. Ол өзіне  бірнеше қарап-тексеру түрлерін біріктіреді. Олар: оқиға болған жерді қарап-тексеру, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, адам мәйітін қарап-тексеру жатады. Сондықтан тергеу қарап-тексеруі туралы сөз болғанда жоғарыда көрсетілген тергеу қарап-тексерудің бір түрін айтуға болады.

Қылмыс ізін, өзге материалдық объектілерді анықтау, сондай - ақ іс үшін маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеуші мен маман-криминалист оқиға болған жерді, үй - жайларды, заттарды, құжаттарды, адамдарды, мәйітті тексереді. (ҚПК-нің 219 бабы).

Ал енді қарап-тексеруге нақты түсінік беретін болсақ, қарап-тексеру тергеу әрекеті дегеніміз - ол қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуде  маңызы бар объектілерді (олардың белгілері, қасиеттері, жағдайы, өзара орналасуы) тергеушінің және маман-криминалисттің тікелей көру, бекіту, және зерттеуімен айқындалатын процессуалдық іс - әрекет.

Жоғарыда айтып кеткендей  қарап-тексеру объектілері ретінде оқиға болған жер және оқиға болған орынға жатпайтын аула мен бөлмелер, сондай - ақ бөлек  заттар, құжаттар, адамдар, мәйіт  жатады. Тергеулік  қарап-тексерудің маңызы өте зор. Оның себебі қылмыстың жасалу жағдайын көрсететін  көптеген  қажетті іздердің бөлігі  осы әрекетті  жүргізу  барысында  табылады  және  зерттеледі.

Сонымен қоса қарап-тексеру (танушы әдіс ретінде) басқа тергеу әрекеттерінің  құрамды  бөлігі  ретінде болуы мүмкін. Оларға мысал ретінде мына  тергеулік әрекеттерді көрсетуге болады: тінту және алу, тергеу  эксперименті, жауап алу, тағы басқалары  жатады. Күдіктіні ұстаған кезде оның киімі қаралады, онда болған заттар, сонымен қоса жеке тінту кезінде алынған заттар қаралады. Тінту кезінде  қарап-тексеруға мыналар жатады: қылмыстың  құралын табу, заттар мен бағалы  құндылықтар, қылмыстық жолмен табылған басқа да заттар табылады, сонымен қатар іске маңызы бар басқа заттар мен құжаттар табылады. Ал алу кезінде алынатын заттар қаралады. Оған : заттар, құжаттар, бағалы заттар тағы басқа жатады.

Қарап-тексеру жеке өзіндік тергеу әрекеті ретінде қарастырылғандықтан, өзіне тән келесідей негізгі белгілермен сипатталады. Олар :

1. Ол қарап-тексерулерді жүргізу арнайы заңмен белгіленген өкілеттік берілген органдар қызметкерлерімен, тергеушімен, анықтаушымен, маман-криминалистпен және прокурормен жүргізіледі.

2. Бұл тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде міндетті түрде екі куәгер қатысады.

3. Адам мәйітін қарап-тексеру кезінде міндетті түрде сот-медицина саласындағы мамандар немесе басқа дәрігер маман шақырылады.

4. Қарап-тексеру өндірісінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлға қатысушыларды қатыстырады, (мамандарды қатыстыруы мүмкін, сонымен қоса күдіктіні, айыпталуышыны, жәбірленушіні, куәгерлерді) қатыстыруы мүмкін.

5. Қарап-тексеру тергеу әрекетінің мақсаты фактілік мәліметтерді анықтау, осы анықталған мәліметтерді, дәлелдемелерді негізге ала отырып сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлға қоғамға қауіпті әрекеттің бар, жоғын анықтайды. Ал жеке  жағдайда тұлғаның  кінәлі не кінәлі еместігін анықтап, кінәлі  болған жағдайда  тиісті шараларды қолданып, процессуалдық  шешім қабылдайды. Сонымен қоса іске маңызы бар басқа да жағдайлар мен мәліметтерді анықтау болып табылады.

6. Қарап-тексеру тергеу әрекеті барысында фактілік мәліметтер тергеушімен және маман-криминалистпен табылады, оған тиісті зерттеу жүргізіліп, соңында оған оң немесе теріс баға беріледі.

7. Осы аталған тергеулік әрекеттердің нәтижелері Қылмыстық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес хаттамамен міндетті түрде бекітілуі тиіс.

8. Қарап-тексеру қылмыстық процестік заңнамасында көрсетілген басқа тергеулік әрекеттер сияқты толық, жан - жақты және объективті болуы шарт. Сондықтан бұл белгілерден шығатын қорытынды қарап-тексеру тергеу әрекетін былайша түсінуімізге болады. Бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғамен жүргізілетін процессуалдық әрекет, оның барысында заңда көрсітілген тұлғалардың қатысуымен іс бойынша шындықты анықтау үшін материалдық объектілердің белгілерін және құрылымын зерттейді, баға береді және оны бекітеді, фактілік мәліметтерді анықтау мақсатында дәлелдемелер жинайды.

Көптеген әдебиеттерде қарап-тексеру тергеу әрекетінің түсінігіне әртүрлі сипаттама берілген. Мысалы алатын болсақ; Е. Ф. Коновалов қарап-тексеру деп, - қылмысты ашу үшін, кінәліні анықтау мақсатында іске маңызы бар материалдық мәліметтерді анықтауға бағытталған тергеу әрекеті"-деп көрсеткен [1, 10].

Бұл көрсетілген  анықтамада біз мынаны айқын көруімізге болады. Мұнда қарап-тексерудің мақсаты қылмысты және кінәліні анықтау болып отыр. Мен бұл ғалымның көзқарасымен толығымен келіспеймін. Келіспеуімнің себебі, өйткені кез - келген тергеу әрекетінің мақсаты қылмысты ашу мен кінәліні анықтауға бағытталған, бірақ осы қылмысты ашу үшін қарап-тексеру арқылы маңызы бар объектілерді, олардың белгілерін, қасиеттерін, жағдайын зерттеуіміз керек емес пе, ал енді кінәліні анықтауға келсек, кінәліні анықтау деген сөздің өзі кең мағынада айтылған деп ойлаймын. Кінәліні анықтау үшін біріншіден қарап-тексеру тергеу әрекеті арқылы, оның ішінде нақтырақ айтсақ, затты қарап-тексеру, оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында алынған іздер, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру арқылы, ол іздердің кімге жататындығын тіркеулер арқылы табуымызға болады. Ал екіншіден, қарап-тексеру тергеу әрекеті барысында маңызы бар объектілерді зерттеп, оған баға беріп, оған қандай да бір нәтиже шығару арқылы қылмыскерді анықтап, оны ұстап белгілі бір процессуалдық шешім шығаруымыз керек деп ойлаймын.

Ал енді осы аталып кеткен түсінік пен белгілерге  сәйкес қарап-тексерудің өзіне тән қағидалары қалыптасады. Олар келесідей қағидалар:

Біріншіден: заңдылық қағидасы, яғни Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 10 - бабында көрсетіліп кеткендей анықтамасында көрсетілгендей  сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлға қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Кодекс, осы Кодекстің 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. [ 2, 7 ]

Екінші қағида: шыңайылық, толықтылық және жан-жақтылық. Бұл қағиданы біз ең басты қағидалардың бірі және оны жадымызда ұстаған жөн деп ойлаймын. Тергеу әрекетін жүргізу кезінде жан-жақты, мұқият, толық жүргізсек қандайда бір нәтижеге жетеріміз сөзсіз.

Үшінші қағида: ол мақсаттылық, қарап-тексеру тергеу әрекетінің мақсаты іске маңызы бар заттарды, құжаттарды, заттай дәлелдемелерді табу, оны зерттеу және де оған сәйкес дұрыс, жеткілікті баға беру, қылмысты дер кезінде ашу болып табылады.

Төртінші қағида: ғылыми - техникалық құралдар мен маман-криминалисттің көмегін пайдалану. Біз ғылыми - техникалық құралдардың көмегімен белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз. Сонымен қоса маман-криминалисттің көмегін  пайдалану біздің жұмысымызды жетілдіріп, шыңдата түседі.

Бесінші қағида: қарап-тексерудегі табылған объектілер мен жұмыс жасауда криминалистикалық ережелерді сақтау. Осы криминалистикалық ережелердің сақталмауы дәлелдемелердің жарамсыздығына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан бұл қағиданы сақтау арқылы дәлелдемелердің жарамдығын қамтамасыз етеміз. Осы қағидаларды маман-кримналист қарап-тексеру тергеу әрекетінде сақтаса оның жинаған, зерттеген заттарының, құжаттарының, іске маңызы бар материалдары­ның бір сөзбен айтқанда дәлелдемелердің жарамсыздығынан сақтау кепілі деп айтуға болады.

Сонымен қоса жоғарыда  айтылып кеткен тергеу әрекеттің қағидалары, басында қарап-тексеру тергеу әрекетіне түсінік берген кезде бұл қағидалар түсінікте қамтылмаған. Олар:шыңайлылық, толықтылық және жан-жақтылық қағидалары болып табылады.

Көптеген жол оқиғалары және автокөлікті тасымалдау кезінде болатын жол апаттарына қатысты оқиға болған жерді қарап-тексеру бұл оқиға да қылмыстың құрамы бар не жоқ екендігін айқындайды. (мысалы: өзін-өзі өлтіру, кездейсоқ жағдайдан қаза болу). Қарап-тексеру басқа тергеу әрекеттері сияқты шектелмеген. Мысалы алу, тінту, сараптамалар және тағы басқасы.

Осы мәселеге байланысты П. И Тарасов және Л.Д Родиновтың айтуы бойынша қарап-тексеру тергеу әрекеті дәлелдемелердің ең маңыздысы болып табылады деген. Бұнда қарап-тексерудің нақты түсінігі берілмеген. Ал В.М Николайчиктің көзқарасы бойынша «қарап-тексеру объектінің материалдық белгілерін зерттеу » болып табылады деген. Мұнда да қарап-тексерудің нақты түсінігі берілмеген. [3, 8]

Сонымен қоса, криминалистика ғылымының негізін қалаушылардың бірі М.С. Строгович қарап-тексеру тергеу әрекетіне былайша өз көз қарасын береді. Қарап-тексеру - бұл процессуалдық әрекет, ол іс үшін маңызы бар жағдайды анықтау және де әртүрлі заттардың қасиеттерін, белгілерін табу және бекіту деп атап өткен. Бірақ бұл анықтамада да қарап-тексерудің спецификалық шағылысуы жеткіліксіз және басқа тергеу әрекеттерінен айырмашылығы көрсетілмеген. [4, 290]

Осыған байланысты Н. В. Терзиев деген ғалым былай деп неғұрлым нақты тұжырым берген. Оның ойынша қарап-тексеру тергеу әрекетіндегі материалдық объектілермен танысу және зерттеу тергеушімен және маман-криминалистпен жүргізіледі деген.[ 5, 44]

Тергеушінің және маман-криминалисттің материалдық объектілерді зерттеуі қарап-тексерудің белсенді танымдық тергеу әрекеті екендігін көрсетеді. Бірақта бұл қарап-тексеру түсінігінде объектіні анықтау және бекіту белгілері қамтылмай кеткен. Қазіргі уақытта көптеген авторлардың ойлары бойынша қарап-тексеру дегеніміз - материалдық объектінің жағдайын, белгілеріне талдау және синтез жасау делінген. Егерде қарап-тексеруді тек ғана сырттай көру және тексеру деп түсінсек, онда қарап-тексеру эмперикалық тану болады.

Қазіргі таңда тәжірибеде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалар және басқа да тергеу әрекетіне қатысушылар қарап-тексеруді тек ғана сырттай жүргізеді. Олар объектіні  терең, жан-жақты, толық талдау жасамайды, нақты жағдайды оқиға болған жерде бағаламайды. Объектінің жағдайын және белгілерін зерттемейді, олардың арасындағы қарым-қатынасқа көңіл бөлмейді. [6, 26]

Қазіргі таңда көптеген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалар және басқа да тергеу әрекетіне қатысушылар қарап-тексеруге салақтық пен ұқыпсыздықпен қарағандықтан біріншіден, көптеген  қылмыстар  ашылмай қалады, сонымен қатар кінәлі адамдар жауапкершіліктен босатылып жатады. Ал екіншіден жиналған дәлелдемелердің дәлелдемелік күші болмай, дәлелдемелік күшін жойып жарамсыз болып қала береді.

Ал, енді қарап-тексерудің маңызына қысқаша тоқтала кететін болсақ, қарап-тексеру тергеу әрекеті дәлелдемелерді жинаудың қайнар көзі болып табылғандықтан және де алдын-ала тергеу сатысында кідіртілмейтін тергеу әрекеттеріне жататындықтан оның маңызы ерекше және алатын орны ұшаң теңіз деуге әбден болады. Оның маңыздылығы соншалық, бұл тергеу әрекеті арқылы біз қылмыс ізін  суытпай алынған немесе табылған заттарды, құжаттарды қарап-тексеру арқылы оған баға беріп тиісті процессуалдық шешім  қабылдаймыз.      

қарап-тексеру тергеу әрекетінің маңызы қылмыстық істі ашуға бағытталған орны ерекше болғандықтан, оның басқа тергеу әрекеттерінен де айырмашылығы да көптеп кездеседі. Оның ерекшеліктерінің біріне мына төмендегі белгілерден көруге болады:

1. Қарап-тексеру тергеу әрекеті қылмыстық іс қозғалғанға дейінгі жүргізілетін тергеу әрекеттің біріне жатады.

2. Қарап-тексеру тергеу әрекеті дәлелдемелерді жинаудың басты қайнар көзі болып табылады.

3. Бұл тергеу әрекеті кідіртілмей жүргізілетін тергеу әрекеттерінің бірі болып саналады.

4. Алдын-ала тергеу сатысының бастапқы сатысы болып табылады.

Жасалған қылмысты тез арада ашып, қылмыс жасаған адамдарға тиісті жаза тағайындау, қылмысқа қарсы күресудің нәтижесін арттырады. Сондықтан қарап-тексеру тергеу әрекетінің ерекшелігі қарап-тексеруді мұқият, жан-жақты, толық жүргізу нәтижесінде ғана құқық қорғау органдары, оның ішінде  маман -криминалисттің немесе тергеушінің нәтижесін көруімізге болады.

Бұл тармақшада ерекшелік туралы сөз болғанда әрине қарап-тексерудің басқа тергеу әрекеттерінен айырмашылығын айтпасқа болмайды. Оған мынандай тергеу әрекеттерін алуымызға болады. Мысалы: оқиға болған жерді қарап-тексеру мен жауап алу тергеу әрекеті. Оқиға болған жерді қарап-тексеру кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлға, біріншіден қылмыстық іс қозғалмай тұрып жүргізе алады, екіншіден оқиға болған жерде қалған іздерді, оқиға болған жерден табылған айғақ заттарды салыстырып талдау, тексеру арқылы қылмыстың қалай жасалғанын анықтап, оның механизімін болжап біледі. Әрине жасалған қылмысты өз көзімен көруі мүмкін емес. Бірақ болған оқиғаны жан - жақты және объективті түрде анықтау үшін өткен оқиғаны дұрыс болжап, жасалған қылмыс әрекетінің механизмін оқиға болған жерді қарап-тексеру арқылы ойымен модельдеу мүмкін.

Сонымен қоса бұл қарап-тексерудің тағы бір ерекшелігі осы тергеу әрекеті арқылы алғашқы  айғақ  заттарды тауып, оларды зерттеп оған тиісті баға беріледі.

Ал жауап алу тергеу әрекеті, тергеу әрекетін жүргізу  барысында оның да қарап-тексеру тергеу әрекетімен мақсаты бір болғанымен, яғни мақсаттары дәлелдемелер жинау болса, бұл тергеу әрекетінде бірінші кезекте жәбірленушіден, куәдан, күдіктіден, айыпталушыдан жауап алынады, содан кейін барып ғана жауапты оқиға болған жерде тексеру кезінде тексеріс жүргізіледі.

Бұл тергеу әрекетінде екі тергеу әрекетінің жиынтығын айқын көрумізге болады. Ол тергеу әрекеттерінің біріншісі жауап алу болса, екіншісі осы жауапты оқиға болған жерде тексереміз. Сонымен қатар, оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттеліп отырған  оқиғаның жай - жапсары мен мән - жайларын оқиға болған жерде жаңғыртуы, іс үшін маңызы бар заттарды құжаттарды, іздерді тауып көрсетуі белгілі бір іс - қимылды белгілеп көрсетуі, оқиға болған орынның өзгеруіне назар аудартуы, өзінің бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады [7, 105]



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.