|
|||
зін-өзі бақылауға арналған сұрақтарӨзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар 1. Кәсіби іс-әрекет пен педагогикалық іс әрекеттің айырмашылығы неде? 2. Кәсіп және мамандық ұғымдарының айырмашылығы қандай? 3. Мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттеріне қандай қасиеттер жатады? 4. Педагогикалық іс-әрекеттегі рефлексивтік іскерлігін қалай түсінесіз? 5. Педагогикалық іс-әрекет стильдері қалай сипатталады?
3-тақырып. ПЕДАГОГ ТҰЛҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢКӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ
3.1. Жеке тұлғаның психологиялық-педагогикалық сипаттамасы, жеке тұлға компоненттері.Адам мен қоғамның өзара қатынастарының нәтижесінде жеке тұлға ұғымы ерекше мағынаны иеленеді. Тұлғаның негізгі міндеттерінің бірі–қоғамдық тәжірибені шығармашылықпен игеріп, қоғамдық қатынастар жүйесіне еркін ене алуы. Аталған міндетті шешу барысында тұлға өзінің іс-әрекеті мен қарым-қатынас нәтижелері арқылы әлеуметтік ортада өзін-өзі таныта алады. Осыдан жеке тұлғаның негізгі сипаты болып табылатын оның әлеуметтік мәні айқындала түспек. Психологиялық-педагогиялықәдебиеттерде К.К.Платонов, Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Б.Г. Ананьев т.б. ғалымдар еңбектерінде жеке тұлға ұғымына түрлі зерттеулер жүргізіліп, анықтамалар берілген. Тұлға мәселесін зерттеуде Б.Г.Ананьев «іс-әрекет субъектісі» деген ұғымды пайдаланады. «Іс-әрекет субъектісі» деген ұғым өзінің мазмұны бойынша «индивид» және «тұлға» ұғымдарын байланыстырып тұр. Субъектілік адамды оның психикалық дамудың ең жоғары сатысы болып табылатын санасы арқылы басқа тіршілік иелерінен ажырататын басты белгісі. Өзінің саналы іс-әрекеті арқылы адам қоршаған ортаны өзгерте алады. Сондықтан, субъект дегеніміз іс-әрекет ете алу қабілеті бар саналы жеке тұлға. Тұлға– қоғамдық қатынастардың субъектісі, яғни, оның қоғамға әсер ете алуы, оның әлеуметтік іс-әрекеті мен белсенділігі. Сонымен қатар, тұлға қоғамдық қатынастардың объектісі де бола алады, яғни, тұлға қоғамның әсерлі ықпалы нәтижесінде әлеуметтенеді, тәрбиеленеді, білім алады. Жеке тұлға-қоғамдық өмірдегі күрделі, көпжақты құбылыс, қоғамдық қатынастар жүйесінің бір бөлігі. Психология ғылымында жеке тұлға деп белгілі бір іс-әрекет түрімен айналысатын, қоршаған ортамен өзіндік қатынасын түсінетін, психологиялық ерекшеліктері бар нақты бір қоғамның, ұлттың, ұжымның өкілін атайды. Жеке тұлға–қоғамдық мәні бар адам. Кез келген адам өмірге индивид болып келіп, тек қоғамдық қатынастар жүйесі мен еңбек іс-әрекеттері арқылы ғана жеке тұлғаға айналады. Жеке тұлға–индивидтің әлеуметтік маңызды сапалар жүйесі, оның әлеуметтік құндылықтарды меңгеруі және сол құндылықтарды іске асыра алу қабілеттері. Адам жеке тұлға ретінде өзінің санасының даму деңгейімен, өз санасын қоғамдық санамен сәйкестендіруімен сипатталады. Жеке тұлғалық қасиеттері арқылы адам қоғамдық қатынастарға қатысады. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде жеке тұлға туралы тұрақты пікірлер қалыптасқан: - әр адам жеке тұлға бола алады. - жеке тұлға адамды жануарлардан ажыратып тұрады, жануарларға қатысты тұлға ұғымы қолданылмайды. - жеке тұлға – тарихи дамудың нәтижесі. - тұлғалық қасиеттері арқылы адам басқа адамдардан ерекшеленеді. - жеке тұлға - іс-әрекет объектісі және субъектісі. Жеке тұлғаның өзіндік белгілеріне оның: саналылығы, жауапкершілігі,жеке «Мен» жүйесінің болуы, белсенділігі (өзінің іс-әрекет саласын кеңейтуге құлшынысы); бағыттылығы (ынта, қызығушылықтар, қажеттіліктер, сенімдер жүйесі); адамиқадір-қасиеттері, әлеуметтік топтармен, ұжымдармен өзара әрекеттестігі жатады. Педагогикалық сөздіктерде жеке тұлға ұғымы-әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырылады. Жеке тұлға өзін мынандай үш бағытта көрсете алады:іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынасы, өзіне деген қатынасы арқылы. Белгілі психолог К.К. Платонов жеке тұлғаның сапаларын жүйелеп, оның иерархиялыққұрылымын анықтаған. Оның пайымдауынша, жеке тұлғаның құрылымында туа біткен (биологиялық, тұқымқуалаушылық) және жүре біткен (әлеуметтік) құрамды бөліктері болады. Солардың қатынастары бойынша жеке тұлғаның құрылымы 4 сатыға немесе төменнен жоғарыға қарай қарастырылатын иерархиялық деңгейлерге жіктелген: - төменгі 4-ші деңгей - тұлғаның биологиялық құрылымы, оған адамның темпераменті, физиологиялық, жас және жыныстық ерекшеліктері жатады, бұл құрылымда ешқандай әлеуметтік қасиеттері ескерілмейді; - 3-ші құрылымдық деңгейде биологиялық нышандар негізінде жаттығулар арқылы қалыптасқан психологиялық үдерістердің жеке (сезім, қабылдау, қиял, зейін, есте сақтау, ойлау, ерік, эмоция) ерекшеліктері жатады; - 2-ші тәжірибелік деңгейгеоқыту үрдісі арқылы қалыптасқан тұлғаның білім, білік, дағдылары, әдеттері жатады; - 1-ші жоғарғы, тәрбие арқылы қалыптасатын деңгейге тұлғаның дүниетанымы, сенімі, идеялары, көзқарастары, қызығушылықтары, тілектері, мақсаттары, әлеуметтік ұстанымдары, құндылық бағдары, моральдық принциптері сияқты әлеуметтік бағыттылықтары жатады. Бұл бағыттылықтар адамның қоршаған әлемге қатынасын көрсетеді. Тәрбиенің негізгі мақсаты – жан-жақты үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылғандықтан, қазіргі білім беру саласында негізгі басымдық жеке тұлғаға бағдарланутұғырынаберіледі.
3.2. Педагогтық кәсіпке деген қызығушылық, оның қоғамдағы рөлін түсіну-болашақ мұғалімнің кәсіби жолын таңдауы мен кәсіби өзін-өзі жетілдіру негізі.Ұлттың интеллектуалық әлеуетін дамытудың іргетасы - білім беру саласы және сапалы даярланған педагог мамандар. Осыған орай педагогикалық парадигмалардың жаңару жағдайында болашақ педагогтарды даярлау саласына көптеген өзгерістер енгізілуде. Педагог кәсібінің өзінде көптеген мамандықтар пайда болып, кәсіби педагогикалық білім беру саласында болашақ мамандарға дұрыс кәсіби бағыт-бағдар беру мәселесі өзектенуде. Мысалы, әлемдік білім беру кеңістігінде мынандай жаңа мамандықтар пайда болып отыр: коуч, тьютор, тренер, мастер, фасилитатор, модератор, білім берудің онлайн-платформасының координаторы, ментор, майнд-фитнес (жеке когнитивтік қабілеттерді дамытушы), т.б. Қоғамда алуан түрлі мамандықтар бар, бірақ оның бәріне адам қабілеті сай келе бермейтіндіктен, мамандықты дұрыс таңдай білу –маманның болашаққа деген ең маңызды қадамы. Студенттің мұғалімдік кәсіпті дұрыс таңдауы және болашақ мамандығының әлеуметтік маңызын түсінуі – кәсіби жетістікке жетудің алғышарты. Болашақ кәсіпті таңдау – адам өміріндегі ең күрделі шешімдердің бірі. Адамның өзіне ұнайтын, өмір бойы айналысатын кәсібін дұрыс таңдай білуі үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Дұрыс таңдалған кәсіп адам өмірінің мәнін, табыстылығын анықтайды. Кәсіпті таңдауда адам өзінің қызығушылықтарын, қабілеттерін, ерік-жігерін, бейімділіктерін, икемділігін ескеруі керек. Кәсіптік қабілеттіліктерді дамыту ешқашан да кеш болмайды, тек дер кезінде адам өзінің кәсіби қажеттіліктерін, даму бағдарын дұрыс анықтап, соған қол жеткізуді дұрыс жоспарлай білуі керек. Адам өмірінің маңызды құралдарының бірі –еңбек. Еңбек арқылы адам өзінің ішкі әлеуетін іске асырады, отбасының, қоғамның, Отанының дамып өркендеуіне өз үлесін қосады. Өзіне ұнайтын еңбек түрін дұрыс таңдай білу - адамның бақытқа жету жолдарының бірі. Мамандықты таңдауда адам өзінің күш жігерін, бейімділіктерін бағалап, еңбектің қандай саласында көп пайда келтіре алатынын анықтап және сол бағытта өзінің қабілеттерін дамыту жолдарын іздестіреді.Таңдаған мамандығы арқылы әрбір адам өз бойында қалыпасқан дағдылар, іскерліктер негізінде әлеуметтік ортаға, қоғамдық іс-әрекеттер жүйесіне қатыса алады. Кәсіп әр тұлға үшін өзінің даралығын, қайталанбастығын көрсетуге мүмкіндік беретін, өмірімен үйлесімді өріліп кететін, маңызды іс-әрекет түрі. Педагогикалық мамандық «адам-адам» жүйесіне қатысты, себебі ол «ұстаз -оқушы» қарым-қатынастық жүйесіне негізделеді. Әр адам үшін ең алдымен осы салалардың қайсысына бейім екенін анықтап алғаны абзал. Қай мамандыққа адамның қабілеттері жеткілікті, қай мамандыққа бейімділігі басым екендігін анықтау үшін психология және педагогика ғылымдарында түрлі диагностикалық әдістемелер мен тестер жеткілікті. Педагогикалық бейімділік – тұлғаның педагогикалық кәсіпке деген сезімдік талғамының арта түсуі, құлшынысының, ынтасының жоғары деңгейде танылуы. Педагогикалық бейімділіктің негізі мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке деген және өзіне деген құндылықтық қатынастар жүйесі.Педагогикалық бейімділік – адамныңпедагогикалық іс-әрекеттерге деген қабілеттер жүйесінің даму және қалыптасу деңгейі. Педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің нақты оқыту немесе тәрбиелік іс-әрекетке қатысу кезінде айқындалады. Сонымен, педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің теориялық және практикалық педагогикалық тәжірибе жинақтап, өзінің педагогикалық қабілеттерін бағалай алу негізінде қалыптасады. Мұғалімнің негізгі кәсіби маңызды қасиеттері ретінде педагогикалық парыз, педагогикалық жауапкершілік, педагогикалық ұстаным ұғымдарын атап өтуге болады. Педагог тұлғасының құрылымында оның кәсіби-педагогикалық бағыттылығы маңызды рөл атқарады. Мұғалімнің кәсіби-педагогикалық бағыттылығы оның негізгі кәсіби маңызды қасиеттерінен құралады. Осы қасиеттердің ішінде мұғалімдік кәсіпке деген қызығушылық, кәсіби-педагогикалық қабілеттер ерекше мәнге ие. Мұғалім мамандығына деген қызығушылық балаларға, олардың ата-аналарына, жалпы педагогикалық іс-әрекет түрлеріне деген жағымды эмоциялық қатынаспен және педагогикалық білім мен іскерлікті меңгеруге деген құштарлықпен сипатталады. Педагогикалық қабілеттілік - тұлғаның педагогикалық іс-әре-кетті орындауда жоғары деңгейде көрінетін жеке қасиеттері. Психологиялық сөздіктерде педагогикалық қабілеттер - мұғалімнің педаготтік қызметте жоғары нәтижелерге жетуін қамтамасыз ететіндей даралық-психологиялық ерекшеліктері мен кәсіптік тұрғыдан маңызды қасиеттерінің жалпылама жиынтығы ретінде анықталады. Мұғалімнің педагогикалық қабілеттері негізінде оның оқушылар мен әріптестері алдында абыройы жоғарылай түседі. Педагогикада педагог абыройы деген сөз тіркесі педагог авторитеті деген ұғыммен синонимі болып қолданылады.Педагогтың авторитеті – оқушыларға деген қатынасын анықтайтын, маңызды шешімдерді қабылдауға құқылы, басқаларды бағалай алатын, оларға кеңес бере алатын мұғалімнің ерекше кәсіби позициясы. Шынайы мұғалімдік авторитет оның жасының үлкендігі мен лауазымына емес, оның жеке тұлғалық, адами қадір-қасиеттеріне қарай анықталады. Абыройлы ұстазға оқушылар сенеді, оны ұстаз ретінде мойындайды, оның идеяларын қолдайды. Педагогикалық авторитеттің құрылымы 4 компоненттен құралады: - кәсіби компонент (білімі, әдістемесі, құзыреттілігі, танымының тереңдігі, т.б.). - тұлғалық компонент (көзқарастары, өмірлік ұстанымы, құндылық бағдары, мінезі, мәдениеттілігі, т.б.). - әлеуметтік компонент (кәсібінің әлеуметтік мәнін түсінуі, кәсіби табыстылығы, т.б.). - рөлдік компонент (лауазымы, қызметтік рөлдері, құқықтары мен кәсіби міндеттері, т.б.). Педагог кәсібімен айналысатын адам үнемі көпшілік бақылауында болады. Олар оқушылар ұжымының, ата-аналар қауымының, әріптестерінің тікелей болмаса да жанама түрдегі назарында болатыны анық. Мұғалімдікті таңдаған адам басқаларға үнемі үлгі-өнеге көрсете алуы керек, себебі бұрыннан бері халық арасында ұстаз беделі, ұстаз абыройы жоғары бағаланған. Оның білімімен, ақылдылығымен қатар сөйлеген сөзі, киген киімі, жүріс-тұрысы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы барынша үйлесімді, жарасымды болуы шарт. Кәсіби-педагогикалық қабілеттердің жоғары деңгейде дамуы педагог беделінің қалыптасу негізі. Педагогтық кәсіпті таңдау бейімділікке, қабілеттілікке негізделгенімен, кейбір зерттеушілердің пікірінше, педагог мамандығын таңдаудың басқа да мотивтері кездеседі: саяси, экономикалық ақыл-ой, қоғамдық және жеке мақсат. Оларды екі түрге ажыратуға болады: 1) айқын анықталған белгілі мотивтер (яғни бір нәрсені жақсы көру, оған деген ұмтылыс); 2) анық емес мотивтер (яғни мұнда негізгі себепті табу қиын). Е.А.Климов жастардың кәсіби таңдауларын анықтайтын мынандай 8 негізгі факторларды атап көрсетеді: отбасының, үлкендердің пікірлері; құрдастарының пікірлері; мектептегі педагогикалық ұжымның пікірі (мұғалімдер, сынып жетекшісі т.б.); жеке кәсіби және өмірлік жоспарлары; қабілеттері және олардың байқалуы; қоғамдық құрметке иеленуге талпыныс; кәсіби іс-әрекет жайлы хабардар болуы; бейімділіктер. Көптеген психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде студенттердің педагогикалық кәсіпті таңдау мотивтерін жан-жақты зерттеу мақсатында түрлі әдістемелер құрастырылған. Мысалы, И.П.Ильина студенттердің жоғары оқу орындарында оқу мотивтерін анықтау әдістемесі бойынша олардың оқуға келулерінің үш шкаласын анықтайды: - «білімді меңгеру» шкаласы (нақты бір пәнге деген қызығушылықтың басым болуы, білімдерді игеруге деген құлшыныс, білім алуға деген талпыныс); - «кәсіпті, мамандықты меңгеру» шкаласы (кәсіптік білімдерді меңгеруге құлшыныс, кәсіптік маңызды сапаларды қалыптастыру); - «диплом алу» шкаласы (білімдерді үстіртін меңгеріп диплом алуға тырысу, емтихандар мен сынақтарды өтуде жеңіл жолдарды іздестіруге ұмтылу). Сондықтан да мектеп қабырғасындағы мұғалімдердің барлығының дипломдары біркелкі болса да, олардың кәсіби шеберліктерінің деңгейлері әр түрлі. Бұлай болуы заңды да шығар, өйткені педагогикалық жоғары оқу орнының дипломы –үлкен де күрделі іске кірісуге жас маманның құқығы бар екенін білдіретін құжат қана.
3.3. Мұғалімнің кәсіби-педагогикалық мәдениеті.Жеке тұлға өзінің саналылығы, ақылдылығы, белсенді іс-әрекеті негізінде қоршаған ортаның дайын заттарын пайдаланып қана қоймай, сонымен қатар оның өзгеруіне, қоғамның дамуына зор ықпал ете алады. Адамзаттың қоғамдық тарихи даму үдерісінде қалыптасқан материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы мәдениет ұғымымен анықталады. Тұлға мәдениеті зерттеуші-ғалымдардың пікірінше мынандай бағыттарды қамтиды: - ғылымның жаңа жетістіктерін пайдалана білу; - материалдық құндылықтардың рухани құндылықтарды жоғары бағалай білу; - жан-жақты дамыған, қызығушылықтары кең, рухани қажеттіліктеріне сай ұстанымдарын қалыптастыру; - өз Отанының, туған өлкенің даму тарихын, халық салт-дәстүрлерін, ауыз әдебиетін, халық өнерін біліп бағалау; - мәдениеттің барлық саласынан хабардар болып, ондағы шығармашылықты бағалай білуі (музыка, сәулет өнері, театр, дизайн, би т.б.); - әр маманның өзін-өзі ұйымдастыру, өздігінен даму мәдениетін меңгеруі. Адамзат қоғамына қатысты мәдениет түрлі қызметтер атқарады: адамды калыптастыру, мұрагерлік, танымдық, реттеу, коммуникативтік, қарым-қатынастық, т.б. қызметтері бар. Жоғарыда аталып отырған қызметтер арасында мәдениеттің қарым-қатынастық қызметінің ерекше көрініс табуының бірден бір себебі-адамдардың әлеуметтік қатынастар субъектісі ретіндегі өзектілігі. Жеке тұлға бір жағынан,мәдениет туындысы болса, екінші жағынан,мәдениетті жасаушы, өңдеуші, түрлендіруші, қалыптастырушы ретінде қарастырылады. Мәдениетті меңгеру арқылы жеке тұлғаның рухани құндылықтары қалыптасады (ақыл, сенім, дүниетаным, сезім, ерік, т.с.с.). Мәдениет кеңістігінде әр жеке тұлғаның өмірге деген қатынасы арқылы оның рухани құндылықтары, өмірлік ұстанымдары айқын көрініс тауып, өзінің құндылықтық бағдары мен қабілеттеріне сай бір кәсіби саланы таңдайды. Осыдан кез келген кәсіптің өзіндік құрылымы бар екенін аңғаруға болады:кәсіби іс-әрекет пәні, құралы, нәтижесі. Әр кәсіби іс-әрекет өзіндік мақсаты, міндеттері, мазмұны, құндылығы, әдістер мен әдістемелерімен ерекшеленеді. Бір кәсіп төңірегінде қызығушылықтары, бейімділіктері ұқсас адамдар, бір кәсіпті таңдап, бір кәсіби топ мүшелері атанады. Кәсіби мәдениет белгілі бір кәсіби топ мүшелерінің арнайы кәсіби міндеттерді шешудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, тәжірибе жүзінде қолдана алу дәрежесімен анықталады. Мұғалімдік іс-әрекеттің ерекшеліктеріне байланысты жалпы мәдениеттің маңызды бір бөлігі - педагогикалық мәдениет. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер негізінде кәсіби-педагогикалық мәдениеттің құрылымына аксиологиялық, технологиялық және жеке тұлғалық-шығармашылық компоненттер кіреді. Кәсіби-педагогикалық мәдениеттің аксиологиялық компонентіне сан ғасырлар бойы қалыптасқан құнды тәлім-тәрбиелік идеялар мен гуманистік тұжырымдамалар, педагогикалық құндылықтар жиынтығы жатады. Аксиология (грек тілінің «axia» - құндылық және «logos» - ілім) – құндылықтардың табиғаты жайлы және дүниедегі құндылықтар жүйесі туралы философиялық ілім. Психологияда құндылықтар қоғамдағы моральдық қатынастардың формасы ретінде қарастырылады. Біріншіден, құндылық–жеке тұлғаның (немесе әлеуметік топтың, ұжымның) адамгершілік мәні, абыройы және қоғамдық институттардың (отбасы, мектеп, бала бақша, қоғамдық ұйымдар, университеттер т.с.с.) адамгершілік сипаттары болып қарастырылса, екіншіден, моральдық санаға қатысты көзқарастар: моральдық нормалар, принциптер, жақсылық пен жамандық, адалдық, бақыт туралы түсініктер ретінде қабылданады. Жалпы педагог іс-әрекетіне байланысты құндылықтарды В.А.Сластенин төмендегідей жүйелейді: - тұлғаның әлеуметтік және кәсіби ортадағы өзінің рөлін анықтауымен байланысты құндылықтар (педагог еңбегінің әлеуметтік мәні, педагогикалық іс-әрекеттің жоғары бағалануы, т.б.); - қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыратын құндылықтар және оның шеңберінің кеңейе түсуі (балалармен сүйіспеншілік қарым-қатынас, әріптестерімен, ұжыммен үйлесімді қарым-қатынастары, рухани құндылықтармен алмасу т.б.); - дербес шығармашылықты дамытуға бағыттайтын құндылықтар (кәсіби-шығармашылық іскерліктерді дамыту мүмкіншілігі, әлемдік мәдениетке қызығуы, өзін үнемі жетілдіруі т.б.); - өзін-өзі іске асыра алуға мүмкіндік беретін құндылықтар (педагог еңбегінің көп қырлылығы, әлеуметтік жағдайы нашар балаларға көмек көрсете алуы, т.б); - жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін құндылықтар (қызметіне қарай мемлекет тарапынан еңбек ақысын алуы, жазғы демалыс ұзақтылығы, қызмет бойынша өсуі т.б.). Кәсіби-педагогикалық мәдениеттің технологиялық компонентіне мұғалім іс-әрекетінің әдіс-тәсілдері, педагогикалық міндеттерді тиімді шеше алу іскерліктері, теориялық білімдерін практикамен ұштастыра алу қабілеттері кіреді. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл мұғалімнің барлық педагогикалық әдіс-тәсілдерді тұтастай меңгере алуы негізінде жан-жақты педагогикалық талдау жасай алуы, нақты мақсаттарды белгілей алуы, дұрыс жүйелі жоспарлар құра білуі, ұйымдастыра білуі, бағалау және түзету әрекеттерін ұтымды жүргізе алуы. Кәсіби білім беру барысында іс-әрекеттік бағытқа көп көңіл бөлініп, қазіргі кезде «табысты іс-әрекет», «іс-әрекет табыстылығы», «табысты кәсіби іс-әрекет» ұғымдары терең зерттелуде. Себебі кез келген іс-әрекет нәтижесі табысты да, табыссыз да болуы мүмкін. Білім алушылардың табысты кәсіби іс-әрекетке даярлықтарын қалып-тастыру-бүгінгі кәсіби педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі. Технологиялық компонентің айырықша ерекшелігі–мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінде жаңа әдіс-тәсілдерді, технологияларды, компьютерлік техниканы, ондағы жаңадан ашылып жатқан бағдарла-маларды ұтымды қолдана отырып, тәжірибе жүзінде нақты жетістіктер көрсете алуы. Кәсіби-педагогикалық мәдениеттіңжеке тұлғалық-шығармашылық компоненті мұғалімнің құндылықтық бағдары бойынша өзінің шығармашылық әлеуетін дамыту ерекшеліктерімен айқындалады. Педагогикалық энциклопедияда шығармашылық–адамның белсенді іс-әрекетінің жоғарғы формасы ретінде түсіндіріліп, өзінің әлеуметтік маңыздылығымен және жаңашылдығымен бағаланады. Мысалы, қазіргі кездегі ғылымның, техниканың жетістіктеріне (компьютер, Интернет, ұялы телефон, медицинадағы ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар, лазер сәулелері арқылы емдеу, т.б.) көптеген ізденуші ғалымдардың шығармашылық іс-әрекеттері арқылы ғана қол жеткізіп отырғанымыз анық. Шығармашылықпен айналысуда адамның тек ақыл-ойы ғана емес, сонымен қатар оның табандылығы, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алуы, ойдың еркіндігі мен батылдығы, болжам жасай алуы, өз күшіне деген сенімділігі сияқты тұлғалық қасиеттері өте маңызды. Людвиг Фейербахтың: «Адам тек... өз күшіне сенген жағдайда ғана дегеніне жете алады»-деген сөздері тұлғаның дамуының ішкі фак-торларының маңыздылығын меңзейді. Яғни, шығармашылық адамның тұлғалық қасиетіне жатады, сондықтан мұндай қабілетті әр адам жас кезінен өз бойында дамытқаны жөн. «Шығармашылық» ұғымына қатысты қазіргі психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік ғылымдар саласында шығармашылық ойлау, шығармашылық қиял, шығармашылық іс-әрекет, шығармашылық ойын, шығармашылық қабілет сияқты терминдер жиі қолданылуда. Қазіргі кезде адамдардың іс-әрекеттерінің сипатына байланысты шығармашылықтың мынандай түрлері ажыратылады: - ғылыми шығармашылық (бұрынғы ғылыми білімдерге қарағанда артықшылығымен бағалы жаңа білімдер жүйесі); - көркем шығармашылық (жаңа көркем әдебиет туындылары); - техникалық шығармашылық (жаңа техникалық құралдар мен жаңа технологиялар); - педагогикалық шығармашылық (жаңа мазмұн, педагогикалық әдістер, қағидалар, педагогикалық жүйелер т.б.). Психологиялық-педагогикалық ғылымдар саласында шығармашылық іс-әрекет ерекшеліктерін зерттеумен айналысқандар Л.С.Выготский, С.Д.Рубинштейн, А.В.Брушлинский, О.К.Тихомиров, Т.А.Маслоу, Б.Г.Ананьев т.б. болған. Педагогикалық іс-әрекеттер ерекшеліктеріне байланысты педагогикалық шығармашылықұғымы кеңінен қолданылады. В.А.Сластениннің еңбектерінде педагогикалық шығармашылық педагог тұлғасының жеке, психологиялық, интеллектуалдық күштері мен қабілеттерін іске асыру үдерісі ретінде қарастырылады. Педагогикалық шығармашылық - өзінің жаңашылдығымен, қайталанбастығымен ерекшеленетін шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған педагогикалық іс-әрекет. Шығармашыл мұғалімдердің өзінің ішкі жан дүниесінде, көңіл-күйінде, балалармен қарым-қатынасында үйлесімділік байқалып тұрады. Олар әр сабақты бір шығармашылықты шыңдау лабораториясына айналдырып жібереді. Педагогикалық міндетті шешудің өзі шығармашылықты қажет етеді. Педагогикалық практикада кездесетін ең қиын міндеттер шығармашыл педагогтың қолында оңай шешімін таба алады. Педагогикалық шығармашылық бірнешекезеңдерден құралады: 1) Шығармашылдық педагогикалық міндеттерді анықтау. 2) Педагогикалық ықпал ету әдістерін жобалау. 3) Балалармен тікелей әрекеттесу арқылы белгіленген жоспарды жүзеге асыру. 4) Қол жеткізген педагогикалық нәтижелерді талдау. Педагогикалық шығармашылық өз еңбегінің әлеуметтік құндылығын бағалай отырып, кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіру үшін басқалардың озық тәжірибесін зерттеп отыратын мұғалімдер жұмыстарына тән ерекшелік. Педагогикалық тәжірибе озық және көпшіліктік болып бөлінеді. Көпшіліктік педагогикалық тәжірибе - оқыту, тәрбиелеу практикасының жеткен деңгейімен сипатталатын білім беру мекемелерінің және жеке педагогтардың жұмыс тәжірибесі. Озат педагогикалық тәжірибе деп басқаларға үлгі тұтатын педагогтың асқан шеберлігін атайды. Ал егер педагог тәжірибесінде шығармашылық ізденіс, өте тиімді нәтиже беретін жаңашылдық, бір қайталанбас ерекшелік қамтылған болса, онда оны жаңашыл педагог деп атауға болады. Озат педагогикалық тәжірибенің теориялық негіздерін меңгеріп оны практикада қолдану ерекшеліктері қазақстандық педагог-ғалым Ш.Т.Таубаеваның еңбектеріндеозат педагогикалық тәжірибені зерттеу, жалпылау, қолдану мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетінің құрамды бөлігі ретінде қарастырылады. Мұғалімдердің озат педагогикалық тәжірибесі - көп жылдар бойы жинақталған, ұтымды, тиімді нәтиже беретін шығармашылық іс-әрекеті. Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, И.П.Волков, Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенкова, Қ.Н.Нұрғалиев, А.М.Ысқақов, Қ.Айтқалиев, Қ.Бітібаева, Е.А.Очкур сынды жаңашыл-педагогтардың тәжірибелері практика жүзінде қолданылып жоғары сапалы нәтиже бергені белгілі. Сондықтан осындай құнды идеяларды кәсіби іс-әрекетте қолдана алу үшін болашақ мұғалімдердің аталған жаңашыл-педагогтардың еңбектерімен тереңірек танысулары олардың шығармашылық әлеуеттерін жетілдіруге негіз болмақ. Сонымен, кәсіби-педагогикалық мәдениеті компоненттерін қысқаша мынандай ұғымдар тізбегі ретінде түйіндеуге болады: педагогикалық іс-әрекет мәдениеті, педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті, мұғалімнің тұлғалық мәдениеті. Осы ұғымдардың өзара үйлесімді ұштаса отырып, олардың мазмұнының жүзеге асырылуы кәсіби-педагогикалық мәдениеттің жоғары дәрежедегі моделі болып табылады.
3.4. Кәсіби педагогикалық құзыреттілік және педагогикалық шеберлік. Адамзат қоғамының бүгінгі даму қарқыны бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігінде өзара ынтымақтастықта болу, өзара озық тәжірибемен бөлісуді талап етеді. XХI ғасырдағы білім беру мәселелері бойынша халықалықаралық комиссияда «Образование: сокрытое сокровище (Білім беру:ашылмаған асыл қазына)» (1996ж.) тақырыбында жасаған баяндамасында Жак Делор білім беруге негіз болатын адамның жалпы негізгі құзыреттіліктері ретінде төрт тұғырнаманы атап өтеді: танып білуге үйрену, жұмыс істеуге үйрену, бірігіп өмір сүруге үйрену, ризалықпен өмір сүруге үйрену. Қазіргі ғылыми психологиялық-педагогикалық әдебиеттердебілім берудегі құзыреттілік мәселелері жан-жақты талқылануда. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында қарастырылып жоғарғы оқу орындарын бітіруші жас мамандардың білімділік деңгейлеріне байланысты қойылатын талаптар ретінде: 1) жалпы білімділіктеріне қойылатын талаптар. 2) әлеуметтік-этикалық құзыреттеріне қойылатын талаптар. 3) кәсіби құзыреттеріне қойылатын талаптар. 4) өзгермелілік пен белгісіздіктің кең таралуы жағдайында әлеуметтік, экономикалық, кәсіби рөльдерді ауыстыра алу даярлығына, географиялық және әлеуметтік ұтқырлығына қойылатын талаптар. 5) оқу пәндерінің негізгі циклдары бойынша білімділіктеріне қойылатын талаптар. 6) жеке пәндер бойынша білімділіктеріне қойылатын талаптар анықталған. «Құзырет», «құзыреттілік» ұғымдары бүгінгі педагогика саласындағы ғылыми айналымға салыстырмалы түрде жаңадан енген, терең зерттелу үстіндегі ұғымдар болғандықтан олардың анықтамасы да әр зерттеушімен әртүрлі берілуде. Дегенмен, көптеген анықтамаларды салыстырып талдау негізінде «құзыреттілік» ұғымына байланысты зерттеушілердің көзқарастарында бір ортақ пікірлер байқалады. Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында құзырет ұғымы (лат. сompetentia – жетемін, лайықпын) екі мағынада түсіндіріледі:заңмен, жарғымен немесе өзге құжатпен берілген өкілеттіліктер шеңбері. Белгілі бір саладағы білім, тәжірибе, біліктілік. Жаңа педагогикалық парадигма бойынша қазіргі стандарттардың өзінде «білім, білік, дағды» ретінде қарастырылған білім беру нәтижелерінің орнына құзыреттілікті қалыптастыру өмір талабына сай тұлғаның әлеуметтенуін, өзін-өзі іске асыруын қамтамасыз ететін білім беру жүйесінен күтілетін нәтиже ретінде қарастырылуда. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында ұлттық деңгейдегі басты мақсаты - өркендеп келе жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне белсенді араласуға дайын тұратын құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анықталған. Қазақстандық жалпы орта білім беру стандартында (2007ж.) «құзыреттілік» және «құзырет» деген екі ұғымды ажырата қарастырып, оларға мынандай анықтамалар беріледі. Құзырет – тұлғаның табысты іс-әрекетке даярлығы, қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы ресурстарын тиімді жұмсай алу қабілеті. Құзыреттілік - оқушылардың әр түрлі іс-әрекеттер түрлерін меңгеруімен анықталатын білім беру нәтижесі. Ш.Т.Таубаева жоғары кәсіби білім берудің мемлекеттік стандарттардың құзыреттілік форматында жасалуын зерттеу барысында құзыреттілік ұғымының мазмұнын ашуда оның үш түсініктемесін атап көрсетеді: 1)өзінің ішкі әлеуетін іске асыруға қабілеті (даярлығы) мен ынталылығы (мотивациялық аспект); 2)табысты шығармашылық іс-әрекет үшін практика жүзінде байқалған өзінің білім, іскерлі
|
|||
|