Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





І бөлім. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚҚА КІРІСПЕ



І бөлім. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚҚА КІРІСПЕ

1-тақырып. ҚАЗІРГІ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ЖАҒДАЙЛАРДАҒЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ РӨЛІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1.1. Замануи мәдениеттегі білім берудің орны мен рөлі.Жаһандану үрдістерінің ықпалымен XXI ғасырға адамзат үлкен ғылыми-техникалық жетістіктерімен жетіп отырғаны баршамызға мәлім. Жоғары дамыған электрондық техника, ақпараттық және өндірістік технологиялар, медицина мен генетикалық инженериядағы ашылып жатқан жаңалықтар, физика, кибернетика т.б. салалардағы ғылыми жетістіктер адамзат қоғамының өркендеуіне, ілгері дамуына, адамдардың қол еңбектерін жеңілдетуге көп септігін тигізуде. Дегенмен, әлемдік деңгейде ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар, адамдардың арасында рухани жұтаңданудың көріністері, әлеуметтік қауіпті құбылыстар (ланкестілік, техногендік, социогенді қатерлер, т.б.) алаңдатушылық тудыра бастады. Неліктен қоғам өркендеген сайын мұндай жағымсыз әлеуметтік құбылыстар азая түспейді? Осындай қарама-қайшылықтардың себептері неде?

Бұл парадокстың басты себептері-адамдардың құндылықтық бағдарларының өзгеруі, рухани-адамгершілік қағидаларының әлсірей бастауы, соның салдарынан азаматтық сана-сезім мен әлеуметтік жауапкершіліктің жеткіліксіз деңгейде дамуы. Сондықтан ХХІ ғасырда өндірістік, әлеуметтік қатынастардың күрделенуіне қатысты адами ресурс сапасын жақсарту мәселесі өзектеніп, білім беру ұғымына деген көзқарас әлемдік деңгейде өзгере бастады, себебі:

- білім беру - мемлекеттің өркендеуінің маңызды қозғаушы күші;

- білім беру - мемлекет бәсекелестігін сақтаудағы басымдықтардың бірі;

- білім беру - мемлекеттің адами капиталын қалыптастырудың іргетасы;

- білім беру - әр тұлға үшін де, қоғам үшін де баға жетпес құндылық;

- білім беру - адамның тұлғалық және кәсіби дамуының басты факторы.

Әр мемлекеттің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы оның жер асты байлығымен, қарулы күштерімен, экономикасының жетістіктерімен ғана өлшенбеуі тиіс, мемлекеттің дамуындағы негізгі көрсеткіштердің бірі-адами капиталдың даму деңгейі, адами құндылықтар сапасы.Бүгінге дейін педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі ретінде саналып келе жатқан «білім беру» ұғымын қазіргі таңда кең мағынадағы әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырады. 

Білім беру мәселесімен тек педагогика ғылымы ғана айналыспайды. Білім беру үдерісін философия, әлеуметтану, психология, экономика, мәдениеттану, саясаттану, т.б. басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар өз тұрғысынан зерттеп қарастырады.

«Білім беру» ұғымы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардан бастап ғылыми айналымға еніп (Д.Локк, И.Г.Песталоцци), бүгінде педагогиканың жетекші категорияларының бірі болып отыр.

Қазіргіқоғам дамуындағы саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер білім беру саласына тікелей әсерін тигізіп, оның маңыздылығын арттыра түсті.«Білім беру»  ұғымы мазмұны жағынан да өзгерістерге ұшырап, жан-жақты кеңейе түсті. Педагогика ғылымында білім берудің бірнеше анықтамалары кездеседі. Солардың көп тараған анықтамаларына тоқталып өтсек: 

- Кең мағынадағы білім беру - жеке тұлғаның өз өмірлік жолын құзырлы таңдау мүмкіншіліктерін кеңейтуге және өзін-өзі дамытуға бағытталған үдеріс (А.Г.Асмолов).

- Білім беру - жеке тұлғаның әлеуметтік жетілуі мен жеке өсуі қамтылатын, оның қабілеттері мен мінез-құлқын жетілдіру үдерісі және нәтижесі (ЮНЕСКО) .

- Білім беру - жеке тұлға мен қоғам мүддесі үшін жүргізілетін педагогикалық тұрғыдан ұйымдастырылған әлеуметтендіру үдерісі. (Педагогикалық энциклопедия).

- Білім беру - адам, қоғам, мемлекет мүддесіне, мақсатына бағытталған тәрбие және оқыту үдерісі (В.А.Сластенин).

Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты – білім алушыға тек академиялық білім беріп, білік пен дағдыларды қалыптастыру емес, сонымен қатар жеке тұлғаның бойында әлеуметтік құнды іс-әрекеттерге қатыса алуы үшін өзіне де, қоғамға да қажетті қабілеттерін дамыту. Осы тұрғыдан қарағанда білім берудің білім, білік пен дағдыларды қалыптастыру міндеттері арқылы жеке тұлғаның үйлесімді түрде эмоционалды, ақыл-ой, адамгершілік, рухани-құндылық, еріктік, физикалық қабілеттері жағынан толыққанды тұлға ретінде дамуы маңызды.

 

1.2 .«Білім беру» ұғымының мағынасы. «Білім беру»  ұғымының ауқымы кеңейген сайын, оның мазмұны да жан-жақты зерттеле бастады. Білім берудің әлеуметтік мәнін ашуда «білім беру философиясы» деген ұғым  ғылыми деңгейде  талқылануда.

Философия ғылымының заңдары көптеген құбылыстарды зерттеуде, оларды танып білуде, түсіндіруде кеңінен қолданылады. Осыған байланысты білім беру саласындағы көптеген мәселелерді философиялық тұрғыдан түсіндіру көзқарастары ерекше жүйе ретінде қалыптасқан. Шығыстың атақты философы, ғұлама ғалымы Әбу Насыр Әл-Фараби жалпы педагогика ғылымының өзін тәжірибелік философия немесе қолданбалы философия ретінде қарастырған.

Білім беру философиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар В.В.Краевский, Б.Л.Вульфсон, В.В.Кумарин, Б.С. Гершунский т.б. болған.

Бұл ғалымдардың зерттеуінше білім беру философиясы үш тұрғыдан қарастырылады:

1) білім беру философиясы – қолданбалы философия ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан білім беру саласының даму заңдылықтарын негіздеу үшін жалпы философиялық қағидаларды қолдану жеткілікті деп есептелінеді.

2) білім беру философиясының мазмұны педагогика ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерімен сәйкестендіріледі.

3) білім беру философиясы дербес ғылыми білімдер саласы, оның негізін тек білім беруге қатысты жалпы философиялық ілімдер ғана емес, білім берудің барлық қызметтерін қамтитын жеке шынайы даму заңдылықтары құрайды.

Білім беру философиясының біртұтас нысаны (объектісі)-барлық құндылықтық, жүйелілік, іс-әрекеттік, нәтижелік сипаттағы білім беру үдерісі. Білім беру философиясының зерттеу пәні-білім беруге қатысты пәнаралық теориялар, заңдар, заңдылықтар, категориялар, ұғымдар, терминдер, принциптер, постулаттар, ережелер, әдістер, болжамдар, идеялар, фактілер.

Б.С. Гершунскийдің пайымдауынша,  «білім беру философиясының мәні – білім беруге бетбұрыс алған философия», немесе «білім беру іс-әрекетінің барлық қырларының өзіндік ғылыми парадигмасы».

Сонымен,білім беру философиясының мәні-адам өмірінің түрлі кезеңдеріндегі оқыту, тәрбиелеу және дамытудағы құндылық-бағдарлық, мазмұндық-үдерістік, нәтижелік компоненттері жайлы ғылым аралық білімдер жүйесі.

Білім беру ұғымының күрделілігі оны жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Білім беру философиясының белгілі теоретигі Б.С. Гершунский білім беру ұғымын 4 қырынан  қарастыруға болатынын атап көрсетеді:білім беру құндылық ретінде;білім беру жүйе ретінде; білім беру үдеріс және іс-әрекетретінде; білім беру нәтиже ретінде(Сурет 1).

Нәтиже
Білім беру
Құндылық
Жүйе  
Үдеріс және іс-әрекет

 


Сурет 1. – Білім беру ұғымының 4 негізгі аспектілері

Білім беруді неліктен құндылықретінде қарастыру қажет? Құндылық – кез келген индивид, топ, ұжым, этнос, т.б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысандар. Құндылықтар әр ұлт үшін немесе жалпы адамзат үшін маңыздылығына байланысты ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар деп ажыратылып қарастырылады. Әр ұлт үшін не құнды? Әрине, ол ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлт тарихы, т.б. Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде адам санасында жалпыадамзаттық құндылықтарға деген қатынастары қалыптасады. Олардың қатарына ұлттық және нәсілдік айырмашылықтарына қарамастан барлық адамдарға ортақ маңызды болып есептелетін құнды нысандар жатады. Мысалы: адамның өмірі, денсаулығы, бас бостандығы, адамгершілігі, қадір-қасиеттері, білімі, т.б. Адам санасында аталған құндылықтарға деген көз-қарас білім беру жүйесі арқылы қалыптасатыны анық. Білім беру ұйымдарында алған білімдері мен тәрбиесі арқылы әр адам әлеуметтік қа-тынастарға бейімделіп, қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік алады. Сондықтан білім беру немесе әр жеке тұлға үшін білім алу үлкен құндылық болып есептеледі.

Білім берудің құндылықтық сипаты үш тұрғыдан қарастырылады: білім беру мемлекетік құндылық; білім беру қоғамдық құнды-лық; білім беру жеке тұлғалық құндылық.

Неліктен білім беру мемлекеттік құндылық болып саналады? Себебі кез келген мемлекеттің экономикасы, ғылыми-техникалық прогресі, ұлттық саясаты, экономикалық, мәдени, интеллектуалдық, адамгершілік әлеуеті білім беру саласының нақты жағдайына және оның ілгері даму мүмкіндігіне байланысты бағаланады. Осы тұрғыдан әрбір өркениетті дамып келе жатқан мемлекет үшін білім беруді қарқынды дамыту-оның басты стратегиялық міндеттерінің бірі.

Неліктен білім беру қоғамдық құндылық болып саналады? Мемлекет пен қоғам тең мағыналы ұғымдар емес, олардың өзара қатынасы өте күрделі болып келеді. Білім беруді дамытуда олардың мақсат, мүдделері сәйкес келе бермейді. Дамыған қоғам мемлекет тарапынан қабылданған қаулылардың орындалуын талап етеді, білім беру заңын талқылап өзгертулер енгізе алады. Қоғам мүшелері өзекті білім беру мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрады және қозғалыстар ұйымдастырады.

Неліктен білім беру жеке тұлғалыққұндылық болып саналады? Б.С.Гершунскийдің пікірі бойынша білім беруді дамыту саясаты әр жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта жүргізілуі керек.

Құндылықтық негізде жүргізілетін білім беру барысында ғана әр тұлғаның жан-жақты дамуына, теориялық білімдерді меңгеруімен қатар өз бойында қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін. 

Білім беру жүйе ретінде.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесі ретінде өзара бірлесе іс-әрекет ететін:

1) білім берудің деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен оқу бағдарламала-рының жиынтығы;

2) білім беру бағдарламаларын типтеріне, түрлеріне, меншіктік формаларына қарамастан іске асыратын білім беру ұйымдарының жиынтығы;

3) білім беру сапасының мониторингін жүргізетін ғылыми ұйымдар мен оқу-әдістемелік қамтамасыздандыратын білім беруді басқару органдарының және оған сәйкес инфрақұрылымдарының жиынтығы қарастырылады.

Сонымен, біріншіден, білім беру жүйесі тарихи қалыптасқан бірі-бірімен сабақтасқан және біртіндеп бірі-біріне ауысатын білім беру парадигмаларынан туындайды. Екіншіден, білім беру жүйесінің нәтижелері болашақта көрініс береді, себебі білім беру ұйымдарының түлектері өздері білім алған жағдайлардан өзгеше, жаңа жағдайда өмір сүріп іс-әректпен шұғылданады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының баптарына сәйкес білім беру деңгейлері әр түрлі типті мекемелерде жүзеге асырылады.

1) Мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады (30-бап).

2) Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерi жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады (31-бап).

3) Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады (32-бап).

4) Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары колледждерде және жоғары колледждерде іске асырылады (33-бап).

5) Жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерiне ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жатады ( 35-бап).

6) Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады (36-бап).

Білім беру-үдеріс және іс-әрекет ретінде.Білім берудің мәні- мақсаттан нәтижеге қарай жылжуүдерісі. Үдеріс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда (processus-қозғалу, жылжу) - бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп өзгеруі; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-қимылдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.

Білім беру – педагог пен оқушы арасындағы қарым-қатынас үдерісі. Бұл үдеріс барысында оқушы немесе студент оқу, тәрбие, даму үдерістеріне белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық үдеріс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видеоқұралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т.б.) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.

Білім беру үдерісі үнемі мақсатқа және күтілетін нәтижелерге бағытталған. Осы тұрғыдан білім беру үдерісін технологияландырылған үдеріс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан мақсаттарға жетудің нақты қадамдары, кезеңдері, сатылары анықталады. Білім беру үдерісі-мұғалімнен балаға оқу ақпараттарын жеткізу арнасы. Сондықтан  да қазіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар да өте кең таралуда.

Білім беру үдерісіндегі көптеген мәселелер шешімдерінің табыстылығы педагогтың іс-әрекетіне тікелей тәуелді. Тіпті әрбір сабақтың өтілуі де мұғалімнің кәсіби-шығармашылық деңгейіне, талпынысына, әдістемелік шеберлігіне байланысты түрлі нәтиже көрсетеді. Ол балалармен үнемі ынтымақтастықта әрекет жасайды. Осы бірлескен белсенді танымдық іс-әрекет барысында білім алушыларды табысқа жетуге бейімдей алу педагогикалық маңызы зор мәселе, себебі көп жағдайларда сабаққа қатысып отырған қаншама оқушылар арасында кейбіреулері ғана жетістіктерге қол жеткізулері мүмкін.

Білім беруді үдерісжәне іс-әрекет ретінде жекеше қарастырудың себебі оның көздеген мақсаты мен күтілетін нәтижелерінің арасындағы қадамдардың қаншалықты белсенді, қаншалықты қозғаушы күш екендігімен байланысты анықталмақ.

Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық-білімділік-кәсіби кұзыреттілік-мәдениет-діл (менталитет).Білім берудіңнәтиже ретінде қарастырылуы оның мазмұнын кеңейте түспек. Оқу-танымдық үдеріс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Мысалы, бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты – оған  барлық адамдардың қол жеткізе алуында.

Адамдардың белгілі білім беру ұйымдарында  алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар, орта білімді, жоғары білімді адам деп аталатынын көп естиміз. Білімділік – қажетті максимумға дейін жеткізілген қоғамдық және тұлғалық сауаттылық.

Кәсіби құзыреттілік. Бүгінгі  ақпараттық қоғамда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, ішкі әлеуетіне қарай бір мамандықты немесе кәсіпті дұрыс таңдауы маңызды. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттілік ұғымы кеңінен талқылануда, себебі қоғам кәсіби құзыреттері, практика сұранысына жауап бере алатын мамандарды талап етуде. 

Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «құзыреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында қарастырылып келеді. Алдымен «құзыреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «compete» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.

Педагогикалық терминологиялық сөздікте құзыреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:1) құзыреттілік - нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге қатыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері; 2) құзыреттілік - танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі.

«Кәсіби құзыреттілік» ұғымы ең бірінші жеке тұлғаның кәсіби білімінің деңгейімен, жеке қабілеттерімен, өзін-өзі үздіксіз жетілдіру іскерлігімен, өз ісіне деген шығармашылығымен, жауапкершілігімен, теориялық білімдерін практикада тиімді қолдана алуымен анықталады.

Мамандардың біліктіліктері, кәсіби құзыреттіліктері адамның жалпы мәдениетке қатынасын анықтайтын қажетті компонент болып табылады. Мәдениеттің маңызды ерекшеліктері болып жеке тұлғаның өткен ғасырлар мұрасына терең, саналы түрде қастерлі қатынаста болуы, шығармашылықпен қабылдай алу іскерлігі, кез келген іс-әрекеттер немесе қарым-қатынастар саласындағы шынайылықты түсінуі және жағымды тұрғыда өзгертуге ұмтылысы жатады. Мәдениет – адам білімділігі мен кәсіби құзыреттілігінің жоғарғы көрінісі. Мәдениет - адам жанын да, қоғамды да, табиғи ортаны да ізгілікке баулитын пәрменді ерекше құрал.

Білім берудің ең жоғарғы құндылығы және мақсаты – жеке тұлғаның және әлеуметтің ділін қалыптастыру. Діл ұғымы адамның мінез-құлқының, дүниетанымының, дүниені қабылдауының ғылыми  негіздерін қамтиды.

Діл (менталитет) – тұлғаның, адамдар тобының немесе белгілі бір әлеумет дүниетанымының, дүниеге көзқарастарының және мінез-құлқының  тарихи  жатқан негіздері болып табылатын мәдениеттің мазмұны. Діл-адамның санасына терең сіңісіп қалған рухани құбылыс. Діл қай халықтың болмасын мәдениетінен, дінінен, өмірлік тұрмысынан, философиялық идеяларынан және білім беру жүйесінен туындап қалыптасады.

Сонымен білім берудің нәтижелілігін мынандай тізбек ретінде қарастыруға болады: сауаттылық – білімділік – кәсіби құзыреттілік- мәдениет-діл. Білім берудің нәтижелілік тізбегінде діл ең жоғарғы сатысында тұрады, және ол тізбектегі басқа бөліктердің жалпы мазмұнын анықтайды.

 

1.3.Қазіргі білім беру парадигмасының нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы.Білім беру саласының әрбір даму кезеңдеріне тән заманауи үлгі, модель ретінде қабылданатын өзіндік теориялық, әдіснамалық тұғырнамалары болады. Бұл жалпы педагогикалық қауымдастықтың қабылдаған даму бағыттарының жиынтығы ғылыми тілде парадигмадеп аталады. Парадигма ұғымын ең бірінші болып ғылыми пәндердің дамуының түрлі кезеңдерін зерттеген американдық тарихшы Т.Кун болған. Оның пайымдауынша әр ғылымның дамуында мынандай кезеңдер бар: парадигманың орнығуына дейінгі кезең, парадигманың қалыптасуы, орнығуы; ғылым саласындағы дағдарыс, ғылыми революция парадигмалардың ауысуы.

Заманның өзгеруіне байланысты парадигмалардың ауысып отыруы заңды құбылыс. Оны философиялық заңдар да дәлелдейді. Ал педагогикалық парадигма дегеніміз нақты педагогикалық міндеттерді шешудегі үлгі, стандарт, өлшемдер, модель ретінде ұстанатын, қалыптасып қалған негізгі ғылыми жетістіктер, әдістер, теориялар, көзқарастар жүйесі. Жаңа парадигмалар келешектегі ғылыми зерттеулердің бағыттарын анықтайды, оларға негіз болады. Мысалы, қазіргі отандық педагогикада мынандай парадигмалардың ауысуы байқалады: «білімді адам» парадигмасының орнына «өмірге бейімделген, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, және өзін-өзі адамгершілік, ақыл-ой жағынан дамытуға қабілетті адам» парадигмасына  ауысуы айқын көрінеді. Яғни, бұрынғы көзқарастар бойынша адамға білім, білік, дағдылар жүйесін меңгерту жеткілікті деп есептелінген болса, қазір ол жеткіліксіз. Себебі адам тек дайын білімдерді меңгерген болса, бірақ оны шығармашылықпен практикада қолдана алмаса, өзін-өзі жетілдіріп отыруға бейімделмеген болса, онда бұндай адам қоғам талабына жауап бере алмайды. 

Сондықтан қазіргі білім беру саласында жаңа педагогикалық парадигма қалыптасуда. Білім беру жүйесі педагогикалық жаңашыл идеяларды енгізуге дайын, ашық салаға айналып келеді. Осыған байланысты білім беру парадигмасыда өзгереді: адамның еркіндігін шектейтін білім берудің қатаң жүйесінің орнына өзінің қызығушылықтарына, қабілеттеріне сәйкес жеке білім алу жолын (траекториясын) саналы түрде таңдай алатын адам парадигмасы дүниеге келді.

Білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлардан шығудың басты тетіктерінің бірі – педагогикалық парадигманың өзгеруін талап етіп отырған білім берудің нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы. Бұл бағыттардағы зерттеулердің барлығы өз алдына жеке-жеке педагогикалық теорияларға айналуда.

Білім берудегі жеке тұлғаға бағдарланутұғыры (тұлғалық-бағдарлық бағыт) оқыту мен тәрбиелеуүдерісіндегі әр оқушы тұлғасын ең жоғарғы құндылық ретінде қабылдауды көздейді. Педагогикалық сөздіктерде тәрбие барысындағы жеке тұлғаға бағдарлану тұғыры деппедагогтардың оқушыны тәрбиелік ықпалдың саналы, жауапты субъектісі ретінде қабылдайтын бірізді қатынасын атайды. Педагогика саласында бұл теория тәрбиенің субъект-субъектіліүдерісретінде анықталуына байланысты ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қалыптаса бастады. Оның әр түрлі философиялық, психологиялық-педагогикалық қырларын Б.Г.Ананьев, А.Г.Асмолов, М.С.Каган, В.В.Сериков, И.С.Якиманская т.б. көптеген ғалымдар зерттеген.

Бұл теория бойынша педагог әрбір балаға объект ретінде емес, керісінше, оны белсенді позицияға қойып оқушы тұлғасын субъект ретінде қабылдауы қажет. Яғни әрбір баланың жеке дара тұлға екені ескеріліп, оның құндылығын басты мәселе ретінде қарастырған абзал. Бұл идеяның негізгі мақсаты - балаға құрмет көрсете отырып оның өзін-өзі жеке тұлға ретінде сезінуіне жағдай жасау, өзіндік санасын, өзін-өзі іске асыра алу, өз күшіне деген сенімділікті арттыру сияқты әлеуетідамыту.Білім беру үдерісінің тұлғаны дамытуға бағ-дарлануы оқушылардың білімді меңгеру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізе алатындығын басты назарға алады.

Барлық дамыған мемлекеттер білім беруге инвестиция жасаудың ұтымдылығын бағалай отырып,оның нәтижелілігін негізгі басымдық ретінде қарастыруда. Сондықтан білімнің практикалық құндылығын арттыру мақсатында оқушылар бойында қажетті сапаларды қалыптастыру үшін олардың функционалдық сауаттылығын дамыту қажеттілігі заман талабына айналды. Кең мағынадағы функционалдық сауаттылық білім беру үдерісінің адамдардың көп жоспарлы қызметімен байланысын кіріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Функционалдық сауаттылықтың маңыздылығы адамның қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынасқа тез бейімделіп, өз білімдерін өмірлік тәжірибеде тиімді пайдалана алуында.

Әлемдік деңгейдегі функционалдық сауттылық идеясына негізделген оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламалары: (PISA - Program for International Student Assessment),TIMSS(Trends in Mathematics and Science Study), PIRLS(Progress in International Reading Literacy Study).

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңінде 12-жылдық жалпы орта білім беру негізінде жас ұрпаққа білім берудің мазмұны күрделеніп, оқушыларды болашақ кәсіптерін саналы түрде таңдай білуге бейімдеу, сол арқылы білікті және құзіретті маманы етіп қалыптастыру, ел мүддесі үшін қызмет ететін ерікті азаматтар ретінде тәрбиелеу әр мектептің жауапты міндеті.Қазіргі кезде білім беру барған сайын қоғамдық өмірдің барлық саласына еніп, жалпылық сипатты иеленіп, тұтастай қалыптасып жатқан үздіксіз білім беру жүйесінің бір маңызды бөлігіне айналуда. Бұл салада мектеп пен жоғары оқу орындарындағы сабақтастық, мектеп бітірушілердің болашақ мамандықтарын бейіндік оқыту арқылы дұрыс таңдай алулары, сол таңдаған кәсіптері арқылы әр тұлғаның толық өздерін іске асыра алулары көзделген.

 

1.4.Білім беру саласындағы өзгерістерге әсер ететін факторлар. Білім беру феномені ХХІ ғасырдағы стратегиялық басымдықтардың біріне айналу себебі оның әлеуметтік мәнінің өзектенуімен айқындалып, білім беру жүйесінде үздіксіз реформалар енгізілу үстінде. Енді осы өзгерістерді туындататын негізгі факторларды қарастырып өтейік.

1)Жаһандану үрдісі.Бүкіл дүниежүзілік деңгейде мемлекеттердің өзара ықпалдасуына әсерін тигізіп тұрған жаһандану үрдісі адамдардың планета көлемінде көрініс тауып отырған экологияның бүлінуі, су ресурстары үшін күрес, ғаламдық жылыну қаупі, мемлекеттер мен құрлықтардың экономикалық даму деңгейлеріндегі үлкен айырмашылықтар, ядролық қару зардаптары, саяси тұрақсыздық және терроризм секілді ауқымды мәселелерді шешу әлемдік қауымдастықтың бірлесе әрекеттесуін қажет етеді.

Ағылшын тілінен аударғанда «жаһандану» сөзі әлемдік, жалпы, бүтін, бәрін қамтушы мәнін білдіреді. Жаһандануды әрі дүниежүзілік кеңістікке ену, әрі әлемдік қарым-қатынасқа көпұлтты қауымдастықтардың кіруі ретінде түсіндіруге болады. Сонымен, жаһандану – қарқынды өсіп жатқан дүниежүзілік дәрежедегі факторлардың жеке мемлекеттердегі шынайы әлеуметтік жағдайларға ықпал ету үдерісі.

2)Қазіргі заманда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы негізінде адамдардың тұрғылықты жерінің аумағынан аспай-ақ алыстағы қажетті ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндіктері көбейді. Дәлірек айтсақ, бұрынғы кезде адамдар басқа елдің адамдарымен тек хат, телеграмма және т.б. арқылы қатынаса алса, қазір адамдардың қарым-қатынасы уақытпен де, кеңістікпен де еш шектелмеген. Электронды техника мен телекоммуникация желілерінің on-line форматтарының дамуы арқасында қазіргі адамға жер шарының кез келген нүктесіндегі адамдармен байланысу мүмкіндіктері кеңінен ашылған. Ақпараттандыру үдерісі әр адамды әлемдік қауымдастықтың бөлшегі екенін сезіндіріп, объективті шындық шегінің кеңейгенін ұғындырды.

3)Әлемдік өркениеттің дамуында гуманистік қағидалардың өзектенуі. Дүниежүзі бойынша байқалып отырған экономикалық дағдарыстар мен қатар адамдар арасындағы рухани-адамгершілік дағдарыстың белең алуы қоғамды ізгілендіру мәселесін күшейте түсті. Бұл мәселе адамдардың білімділігімен, олардың кәсіби құзыреттілігімен, адами құндылықтарымен тығыз байланыста қарастырылуда. Қоғамның бәсекеге қабілеттілігі оның адами капиталының сапасына тікелей байланысты.

4) Интеллектуалды әлеуетті дамыту маңызы.Адамның интеллектуалдық әлеуетін дамыту - заманымыздың ең қажетті талаптарының бірі. Барлық дамыған мемлекеттердің ұтымды басымдықтарының бірі ретінде қоғамның интеллектуалды әлеуетін дамыту мәселесімен байланыстырады. Интеллектуалды әлеуетті дамытудың іргетасы–білім беру саласы. Сапалы білім беру арқылы мамандар мемлекеттің экономикасын, ғылымы мен мәдениетін дамытатын негізгі қозғаушы күшке айналады.

Осындай ауқымды факторлардың ықпалынандүниежүзлік білім беру жүйесінің негізгі даму бағыттары айқындала түсті:

1) Білім беру–ХХІ ғасырдағы стратегиялық басымдылық. Дүниежүзілік деңгейде білім беру мемлекет дамуының негізгі басымдықтарына ауысуда. Әр мемлекет өз азаматтары үшін білім беруді сапалы етуге тырысады, себебі онсыз қоғам дамуында көп қиындықтар туындауы мүмкін. Барлық азаматтар білім алуға құқылы және білімдерін жетілдіру арқылы ғылымның, экономиканың, өндірістік саланың, техниканың дамуына өз үлестерін қоса алады.

2)  Білім беру үдерісінің  жалпы әлемдік стандарттарға сәйкестендірілуі. Қазақстан Республикасы орталық Азиядағы Болон үдерісінің бірінші мүше болған мемлекет болып табылады. 2010 жылы Қазақстан Республикасы тұңғыш рет әлемнің 47 елдерімен қатар жоғары бiлiмнің Болондық үдерісіне қатысушы елдердің министрлері комитетінің шешімімен Болон декларациясына қол қойылған күн және жоғары бiлiмнiң Еуропалық кеңiстiгiнiң толық құқықты қатысушысы болып табылды. Болон үдерісінеқатысудағы мақсат-еуропалық бiлiмге бару жолын кеңейту, оның сапасын одан әрi жоғарылату, білім берудің несиелік жүйесін қолдану, студенттер мен оқытушылық құрамның ұтқырлығын жоғарылату және де Қазақстандық ЖОО-ның бітіруші түлектерiне Еуропа аралық білім стандартына сай диплом беру болып табылады.

3) Жаһандану әсерінен отандық білім беру жүйелерінің әлемдік білім беру кеңістігіне кіріктірілуі. Әлемдік білім беру кеңістігін не құрайды? Оның құрамына мақсаттары, міндеттері, мәдени салт-дәстүрлері, философиялық негіздері бойынша ерекшеленетін ұлттық білім беру жүйелері кіреді. Осындай әр түрлі білім беру жүйелерінің өзара байланыстары, әрекеттестіктері әр адамның дүниетанымының кеңеюіне, рухани тұрғыдан баюына, мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізіп, өздерін әлемдік білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде сезіне алуларына мүм-кіндік тудырады.

4) Үздіксіз білім беру үдерісі. Білім шексіз, білім алу бір қысқа мерзімді үдеріс емес, керісінше, адам өмір бойы білімін жетілдіріп, танымын терең<



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.