Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





бап Шетелдіктердің құқықтарын қорғау



18-бап Шетелдіктердің құқықтарын қорғау

Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау үшiн сотқа және басқа мемлекеттiк органдарға өтiнiш жасауға құқылы.
Шетелдiктер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, сотта Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей процессуалдық құқықтарды пайдаланады.

19-бап Сайлау құқығындағы шектеулер

Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өкiлдi және басқа сайланбалы мемлекеттiк органдарға және қызметке сайлай да, сайлана да алмайды, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатыса алмайды.

20-бап Әскери мiндеттiлiкке қатыстылығы

Әскери мiндеттiлiк Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге қолданылмайды.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

III бөлiм. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасына келуi және Қазақстан Республикасынан кетуi

21-бап Қазақстан Республикасына келудiң, Қазақстан Республикасынан кетудiң, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтудiң ережелерiн белгiлеу

Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасына келуiнiң, олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтуiнiң ережелерiн осы Заң және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де актiлерi белгiлейдi.

22-бап Қазақстан Республикасына келу

Егер Қазақстан Республикасының тиiстi тараппен келiсiмiнде өзгеше тәртiп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, шетелдiктер жарамды шетелдік паспорттар немесе оны алмастыратын құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының келу визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келе алады.
Шетелдіктің Қазақстан Республикасына келуіне:
1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты тудырса;
5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
6) егер ұлттық қауіпсіздік органдарында оның экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса, сондай-ақ оның әрекеттерінде сот қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныса;
7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қолданылған жазаны өтемеген болса;
8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпесе;
9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
10) егер ол келу туралы өтiнiшхат жолдаған кезде өзi жөнiнде жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде;
12) егер ол бұрын «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса, тыйым салынады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген шетелдiктерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Қабылдаушы тұлғалардың шетелдіктерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде қабылдаушы тұлғалар көшіп келушілерді уақтылы тіркеу, олардың Қазақстан Республикасында болу құқығына құжаттарды ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданбағаны үшін жауаптылыққа тартылған болса, қаралмайды.
Қазақстан Республикасына келген кезде шетелдiктерге көшi-қон карточкалары берiледi. Көші-қон карточкаларының нысанын және оларды беру қағидаларын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекітеді.
Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi және консулдық мекемелерi немесе жекелеген жағдайларда бұған арнайы уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының өкiлдерi бередi.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тұлғалардың шақырулары немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының рұқсаты виза беру үшiн негiз болып табылады.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.11.2014 № 244-V (02.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.