бап Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар
2-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар
Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiк азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адамдар Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер болып танылады. Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар болып танылады.
3-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайының принциптерi
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген мiндеттердiң бәрi жүктеледi. Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында қарастырылған жағдайлар бұған жатпайды. Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, шұғылданатын қызметi мен оның сипатына қарамастан заңның алдында бiрдей болады. Шетелдiктердiң өздерiнiң құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделерiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мiндеттерiн орындауынан бөлiп алуға болмайды.
4-бап Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген шетелдiктер
Тұрақты тұруға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен рұқсат және тұрақты тұру құқығына құжат алған шетелдiктер Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп танылады. Этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туылған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудің міндетті шарты мұндай рұқсатты алуға үміткер адамның Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде өзінің төлем қабілеттілігін растауы болып табылады. Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негізде жүрген, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша жәбірленуші, куә, күдікті немесе айыпталушы деп танылған шетелдіктер соттың үкімі күшіне енгенге дейін немесе уәкілетті органдар өзге процестік шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында уақытша болатындар деп есептеледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнінен бастап күнтізбелік бес күннен астам Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктердің, егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасаған келісімінде немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен өзгеше тәртіп белгіленбесе, уақытша тұруға (тіркелуге) рұқсаты болуға және олар тіркеу мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті. Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 05.12.2013 N 152-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
|