Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ



3. ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ

3.1 Туған жер, атамекенге арналған нақыл сөздерінің тәрбиелік мәні

Қазақ патриотизімін, отаншылдығын қалыптастыруда жыраулар поэзиясының алатын орны ерекше. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай ой түйеді: «Халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау сияқты бұл дәуірдегі ұлттың шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды» [1,275]. Жыраулық поэзия – бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнеріміздің асыл мұрасы, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік белгісі.

Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған әйгілі халық батырларының ерліктерін де жыр еткен.

 Сонымен, халқымыздың ауыз әдебиеті ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Ақын-жыраулардың поэзиясы, олардың ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ. Елбасымыздың “Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетіміздің ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынандай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» [1,267]. Сондықтан жыраулардың бай мұраларын қазіргі жастардың пайдаланатын тәлімдік құралы етіп, оларды елін, жерін сүюге, құрметтеуге баулып, адамгершілік қағидаларының басты ұстанымы екендігін жастар санасына сіңіру қажет. Ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан жыраулар мұрасы өз мәнділігін жоғалтпақ емес және ақын-жыраулар толғаған жырлар арқылы олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруымыз қажет.

Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Ақын-жыраулар – қазақ халқының мәңгiлiк тұтас ұлт болып тұтасуын толғап жырлағандар. Олар – қазақ халқының мәңгiлiк ұлы тарих жолында сақталуын, ұрпақтарының аман-есен өсiп-өркендеуiн тiлеген романтикалық асқақ арман иелерi. Қазақ халқының ата-бабаларынан кейiнгi ұрпақтарына дейiн үздiксiз жалғасқан жақсылығын да, жамандығын да сыншыл тiлмен баяндайтын, ханды да, батырды да айыптайтын, түбi бiр түркi халықтарының ауызбiрлiгiн ойлайтын – бәрiн де қайраткерлiк – көсемдiк толғаммен байыптайтын абыз тұлға дүниетанымын толығымен танимыз.

   Қазақ әдебиетіндегі ұлт бірлігі жайындағы шығармалар дегенде – біз қазақ ақын-жырауларының өз заманындағы тарихи өзгерістерге, қоршаған ортаға, адам болмысына, елінің бүгіні мен ертеңіне байланысты ой-толғамдарын, берген бағасын, дүниетанымдарын айтуымызға болады.

Қазақ философиясының көсем тұлғасы Асан Қайғының қазақтың қоныстары туралы айтқан бағалаулары өзiмен замандас адамдардың да, болашақ ұрпақтардың да қамын ойлаған нағыз қайраткер дананың, абыз– жыраудың тұлғасын бүкiл болмысымен даралай танытады. Жыраулар, ел ішінің бірлігін сақтау, билеген жұртына қысастық жасамау секілді келелі мәселелерге қатысты жайларда да халық өкілі-жырау, ақындар ханға қарсы келуден тайсақтамаған, шындықты бетке батыл түрде айтып отырған. Ел еркесі жыраулар ел билеушісінің қасында жүріп әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, қоғамдық деңгейдегі мәселелерді шешуге ат салысты. Бұл жерде жыраулар тек сөз арнаушы ғана емес, әрі философ, әрі қоғам қайраткері ретінде де көрінеді. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен сүйіспеншілік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын-жырауларымыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинауға зор көмек беретін толыққанды адам тәрбиесінің бастау бұлағы. Ендеше, егеменді еліміздің ертеңі жас ұрпақты иманды, әдепті, адамгершілігі жоғары болып өссін десек, халқымыздың рухани байлығы - ақын-жыраулар поэзиясының жақсы дәстүрін олардың санасына сіңіріп, бүгінгі күн талабымен ұштастыра білсек, жыраулық поэзиядағы ұлттық тәрбиенің берері көп.

Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер (афоризмдер) мен толғау-жырлар қазақ халқының орта ғасырдағы тарихи-қоғамдық, рухани тілегімен байланысты.

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтып жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен,

Жалған айтып суыспа.

Ашу-дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің,

Түбі терең, қуысқа...

Асан - халқына жақсы қоныс іздеуші қамқор және елінің сол күнгі халі мен келешегін толғаған ақылгөй жырау. Сондықтан да Асан атынан айтылатын сөздер мен нақылдар біреуден біреуге тарап, жатталып, ел аузында берік сақталып, бізге жеткен.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

   Асан Қайғы жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлылық пен төзімділік-біздің бәріміздің ата-бабаларымызды қандай қиын сыннан да алып шыққан түркілік қанымызда бар қасиеттер. Асан Қайғы мұрасы ертеңгі зиялы азамат ретінде елінің шын патриоты болып өсуімізге ықпалы зор, сондықтан Асан атаның нақыл сөздерін әр жастағы адам өзінше оқиды, өзіне керегін алып, өмірлік тәжірибеде қолданады. Осы болмысымыз бен дүниетанымызды келер ұрпақтарымыз да мәңгілікке жалғастырып, адамзат өркениетінің тарихында лайықты орнымызды иелену үшін біз Асан ата мұрасын зейін қоя оқып, өзімізден кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге етуіміз қажет. Асан Қайғы ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер ғана емес, түркілік дүниетанымның мәйегін жасап кеткен ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өз орны бар философ-гуманист айтты деген мақалдар мен нақыл сөздердің өзінің мәнін жоймағандығы соншалық, оның кейбірі әлі күнге дейін қазіргі қазақ өмірінде қолданылып келеді.

    Оны ХҮ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген қазақ даласының ұлы ойшылы, халықымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік ой-пікірлерінің көне басшысы бола білген Асан Қайғы шығармашылығынан байқауға болады. Асан қайғы – қазақ даласынан шыққан ойшыл-философ, аты аңызға айналған, ел қамын ойлаған данышпан ақын. Алтын Орда құлағаннан кейін, халық аңызы бойынша, мемлекеттің ыдырағанын көріп, «халыққа ыңғайлы, уайым-қайғысы жоқ, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйықты» іздеп желмаямен қазақ жерін аралайды. Талай жақсы жерлерді де, шөл даланы да көреді, бәріне тиісті бағасын береді. Бірақ «Жерұйықты» таба алмай қайғырады. Содан ел оны «Асан Қайғы» деп атаған. Әрине, қазақ жерінде кең жазықты, көк майса шалғынды, орманды-таулы жерлер де, өзен-көлдер де бар, бірақ іздегені әлеуметтік өмір мен рахат өмір болатын. Оны философтар қазақ жерінен шыққан алғашқы әлеуметтік утопист деп атайды.
Халқының сол замандағы хал-ахуалы мен келешегін тебірене сөз еткен Асан Қайғы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов айтқандай, халық мұңын арман етіп, алысты меңзеген, өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген ел қамқоры. Асан Қайғы қазақ қоғамының болашағы үшін барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жасауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан Қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, қазақ жерінің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады. Асан Қайғы адамның бойындағы адамгершілік қасиетті жоғары бағалай келіп, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген адами қасиетті, кішіпейілділікті жастардың бойында жағымды мінез-құлық қасиеттерін тәрбиелеуге және қалыптастыруға ақыл-кеңес береді.
Ел басқарған көсемнің, қол бастаған батырдың әділеттіліктің, адамгершіліктің туын жоғары ұстауы қажеттігін айта келіп,

Асан Қайғы:
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама,-деп ақыл-кеңес береді. Асан Қайғының көрегендікпен айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ.

 Қазақ жырауларының қай-қайсысын алсақ та, жыр-толғауларында айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз Отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін жырлай отырып, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық ерекше. Бүгін де тәрбие жұмысында кеңінен пайдалануға болады.

Ұсыныстар:

· Қазақ үшін Асан ата – халықтың қамқоршысы, батагөйі, данышпаны, елдің бірлігін, қамын,тыныштығын ойлаған қайраткер екенін мақтан тұту;

·  Асан ата – тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі халқының қастерлеп жүрген ұлы тұлғасы екенін тану;

· Әлі күнге дейін жиналмай келе жатқан әулие мұраларды толық жинақтау біздің және келер ұрпақтың парызы;

· Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің алтын қоры деп танып, олардың өсиетті сөздерін есімізде сақтау- біздің мақсатымыз.

· Жыраулар қазақ халқына тән туған ел мен ата жұрт мүдделерін қорғау, қоғамға тән теріс қылықтардан арылу жолдарын ұрпақ бойында қалыптастырып отыруға үндеді.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.

2.Әуезов М. Әдебиет тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.

3.Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматиялық оқу құралы / Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған А.Қыраубаева. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 280 б.

4.ХҮ-ХҮШ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. - Алматы: Ғылым, 1982. – 320 б.

5.Байтұрсынов А. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

6.Бес ғасыр жырлайды. Том 1. - Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.

7.Сүйіншәлиев X. Қазақ әдебиетінің тарихы. - Алматы: Санат, 1997. -928 б.

8.Алдаспан/ Құрастырған М. Мағауин. – Алматы: Жазушы, 1971. - 278 б.

9. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. - Алматы: Ана тілі, 1993. – 176 б.                                                

10. Мұқашев Т. Жыраулар поэзиясындағы әлеуметтік – философиялық сарын. – Алматы. Фил. Ғыл. Канд. Авторефераты. 2007. – 28 б.

 

 

  

 

Жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз.Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" – деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі.

 

 

 

Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарынжырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді.

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.