Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Асан Қайғының толғаулары



2.2 Асан Қайғының толғаулары

   Жыраудың ең сүйікті жанры - толғау. Толғау - осы сөздің өзінен де көрінетіндей, толғану, толғаныс деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді. Ой толғауларда жырау - ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздердің көбі мақал мәтелге айналып кеткен. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді. Сол сияқты, әлем, болмыс, тіршілікте, табиғатта болып жататын өзгерістер, оның мән- мағынасы жайындағы түсініктерін де білдіруі мүмкін.

    Ал сыр толғаулардағы негізгі жүкті көтеретін – сезім, эмоция. Бұл топтағы шығармаларда жалпы жырау поэзиясына тән үгіт, насихат, дидактика мүлде дерлік ұшыраспайды. Жырау ел басына түскен ауыртпалыққа, немесе басқадай белгілі бір оқиғаларға өзінің реакциясын білдіреді. Мұндай толғаулардан жыраудың өзіндік «мені» де бой көрсетеді.

Жыраулар мұраларындағы әлеуметтік мәселелер басты тақырып болса, оны жырлауда жырауларға тән ерекшеліктер болды. Табиғатынан ойшыл жыраулар әлеуметтік мәселені күн тәртібіне қойғанда сөз салмағына ат үсті қарамай, оның тереңдігіне, шындығына, қоғамдық қажеттілігіне т.б. жақтарына назар аударғанын байқаймыз.      

 Кейінгі ұрпақ танып, аты аңызға айналған, Ш. Уәлиханов «Көшпенділер философы» атаған Асан қайғы XV ғасырда өмір сүрген, өз заманының үлкен ойшылы болған. Ел қамын көп ойлап, көп толғанған қарт жырау өзінің толғау жырларында не жақсы, не жаман, не ғаріп деген мәселелер төңірегінде ой толғап замана жайында философиялық ой - пікірлерін сарапқа салады. Жырау халық мақалында айтылатын «Тыңдаушысыз сөз ғаріп», «Замандассыз қария ғаріп» деген ой - пікірлерді термелей келеді де:

         Мүритін тауып алмаса              Өз қолында болмаса

         Азғын болса пір ғаріп...            Қанша жақсы болса да,

         Ата жұрты бұқара                      Қайратты туған ер ғаріп [6, 25 б.].

деп ел басқарар көсемнің азғын болмай, әділ болуын, қол бастаған батырдың соңынан ертер сарбазы халқы болуын қалайды.

Жырау адамды кішіпейіл, жомарт, шыншыл болуға шақырады.

           Арғымаққа міндім деп              Ғылымым жұрттан асты деп

           Артқы топтан адаспа                 Кеңессіз сөз бастама

           Күнінде өзім болдым деп,         Жеңемін деп біреуді

           Кең пейілге таласпа                   Өтірік сөзбен қостама [6, 25 б.].

 Ұлық болсаң күшік бол, Көптен қол үзбе, асып таспа, қандай іс қылсаң да көппен кеңес деген пікірді уағыздайды. Ел қорғаушы азаматтың бойында қандай адамгершілік қсаиеттердің болуын қалаған Асан Қайғы:

            Ешкімменен ұрыспа                  Алдыңа келіп қалған соң,

            Жолдасыңа жау тисе                 Қол қусырып болған соң,

            Ердің құны болса да                  Бұрынғыны қуыспа [6, 26 б.], -

деп көпшіл бол, достықты бағалай біл деген үгіт насихат айтады. Бұл пікір халық педогогикасының түйіні мақал мәтелдерде айтылатын: Жауға жаныңды берсең де, жолдасыңды берме, Жақсыда жаттық жоқ, Ашу дұшпан, ақыл дос ақылыңа ақыл қос деген қағидалармен қабысып жатыр. Жатса тұрса қамын жеген,халықты берекелі бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, терең ойды топшылап өткен Асан Қайғы:

              Таза мінсіз асыл сөз,                  

              Ой түбінде жатады...                  

              Ой түбінде жатқан сөз

              Шер толқытса шығады [6, 24 б. ],-

деп көңілдегі көрікті ойдың адам сезімімен, көңіл күйімен байланысты туатынына пәлсапалық топшылау жасайды. Халық қамын жеуді, әзәзіл сөзіне ермеуді, адамгершіліктің үлкен парызы деп ұғады. Атаның баласы болма, адамның баласы бол, Көпке қызмет ет, халық қамын ойлар азамат бол деген ұлағатты өсиетті насихаттайды. Кісіге қарап сөзін алма, сөзіне қарап өзін ал, болмашы нәрсе үшін түс шайқасып жақсы достан айрылсаң өкінішке душар боласың деп ақыл айтады. Асан Қайғының ашуға ақылды жеңгіз, көпшіл бол деген өнегелі өсиетке құрылған арнауы бүгінгі күнге дейін жастар үшін мән мағынасы жойылмаған дидактикалық қасиеті күшті кеңес екені даусыз.

Сөйтіп, Асан Қайғының толғаулары бастан аяқ ойлы кеңеске құрылады. Жырау сол дәуірдегі қазақ қоғамының тұйыққа тірелу себебін, сол тұйықтан құтылудың жолдары мен келешегін көре алмады. Алайда адамгершіл асқақ арман иесі, болашақ жарқын өмір тілекшісі ата жырау қалдырған асыл мұра кейінгі ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды роль атқарады.

Ал жыраудың өз басы халқы үшін жаны бір тыныштық көрмегенін әрдайым ескертеді. Еліне жайлы қоныс іздеу, оның қауіпсіздігін ойлау Асан өмірінің мұраты сияқты.

Алты атанға қос артып,

 Алты жыл қоныс қарадым.

                                            Қыранда деп қызығы,

                                            Ойында деп табаны,

                                            Нуында деп ықтыны,

                                            Суында деп балығы,

Бұл жерді өзім қаладым...

 Айтқанымды сірә тыңдамай,

 Көңілімді жаман қалдырдың [6, 24 б. ], -

деуіне қарағанда, Жәнібектің саясатын жырау қолдай бермеген. Оған әрдайым сын көзімен қарап, ел мүддесін көздеп, ақыл беріп отырған.

 Профессор Б. Кенжебаев өзінің 1942 жылы жазған мақаласында, Асан Қайғыны халықтың ойдан шығарған қиял жемісі деушілер пікіріне қарсы шығып: «Асан Қайғы тарихта болған адам, болғанда, Жәнібек ханның тұсында жасаған, соның ақыны, ақылгөйі болған сияқты», дейді. Осы пікірлерін айта келіп зерттеуші Асанның Жәнібекке айтқан толғауларына жоғары баға береді [7, 10 б. ]. Асанның Жәнібекке айтқаны деп аталып жүрген толғауларында негізінен мемлекеттік, елдік мәселелер, қоғамдық ойлар қозғалып, халық пен хан арасындағы қарым - қатынас сөз болады. Бұған қарағанда Асан жай ақыннан гөрі әлеуметтік сыры терең, ойлы толғаулар тудырған жырауға ұқсайды. Қоғамдық сын тұрғысында жыр толғап, өзінің жіті көзін қиырға, алысты болжауға тіккен, күнделікті қоғам өмірі жайында сезіп түйгендерінен өзінше тұжырым жасаған ойшыл. Қазақ тарихын жақсы білген Ш. Уәлихановтың пікірлері де Асанның осындай ақыл иесі, өз кезінің қоғам қайраткері болғанын дәлелдей түседі.

    Қазақтың сол кездегі мекен еткен жеріне, жайылым, қонысына көңілі толмай Ойыл мен Жем бойын тастап, керуенін теріс бетке бастап көшірген Жәнібектің саясатына қарт жырау қарсы.

                                           Қырында киік жайлаған,

                                           Суында балық ойнаған,

                                           Оймауыттай тоғай елімнің

                                           Ойына келген асын жейтұғын

                                           Жемде кеңес қылмадың.

                                           Жемнен де елді көшірдің!

                                           Ойыл - деген ойынды.

                                           Отын тапсаң тойынды

                                           Ойыл көздің жасы еді.

                                           Ойылдан елді көшірдің! [8, 60 б. ].

 Асан Қайғының жыры бойынша, Әз Жәнібек хандығын күшейткен соң, бұрынғы аталары билеп төстеген қыпшақ даласын түгел өзіне қаратпақшы болады, бірақ Асан Қайғы оны қостамайды, ханды тежеп, оның қатерлі жоспарларын сынайды. Елге баянды тұрақ керек екенін ескертеді.

                                            Елбең - елбең жүгірген,

                                            Ебелек отқа семірген.

                                            Екі семсер қолға алып,

                                            Ерлер жортып күн көрген.

                                            Еділ деген қияға,

                                            Еңкейіп келдің тар жерге? [6, 23 б. ]. Асан жаңа ұйымдасқан жас хандықты торыған жау бар, оны естен шығарма, болымсыз іспен әуре болма деп тежейді.

                                              Құладын - құстың құлы еді

                                              Тышқан жеп жүнін түледі.

                                           Аққу - құстың төресі,

                                           Ен жайлап көлді жүр еді.

                                           Аңдып жүрген көп дұшпан

                                            Елге жайлау боп келеді [6, 24 б. ], - деп, Жәнібекті сақтандырып отырады. Өз алдына ел болуға талпынған қазақ қауымына қамқоршы болған жыраудың қиын жағдайды сезіп, ханға ақыл айтуы көрегендікті аңғартады. Бірақ Асан ел басына төніп келе жатқан ауыр жағдайдан құтылудың тиянақты жолын ұсына алмай, торығып, көшу, қоныс аудару қажет дегеннен басқа өнімді пікір ұсына алмайды. Жыраудың ойынша, жайлы қоныс халық басындағы барлық қайшылықтарды шешетін сияқты. Толғау жанрындағы болжалды заман сипатынан бөлек қарастыруға мүлдем болмайды. Өйткені заманның қандай болмағын жыраулар болжал арқылы айтып кетті. Заман сипаты, оның өзгерісі мен қалыпты жағдайы жыраулар поэзиясының негізгі арқауы.

     Қарт жырау Асан Қайғының ханға қояр талабы - бейбіт өмірді қамтамасыз ету. Ел жұрттың татулығы, жауласып, өзара қырқысуға тыйым салу. Жәнібекке берер ақылы да сол:

                                               Еділ бол да Жайық бол,

                                               Ешкімменен ұрыспа.

                                               Жолдасыңа жау тисе,

                                               Жаныңды аяп тұрыспа! [6, 26 б. ].

 Ел жұрттың бірлігі, достығы берік болып, ағайыншылықпен тату - тәтті өмір сүріп барша мұратқа жету - жыраудың ежелгі армандары.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.